"Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы 2023 жылғы 12 шiлдедегi № 22-VIII ҚРЗ.

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Сотының 11.07.2023 № 20 нормативтік қаулысын қараңыз.

      1-бап. "Прокуратура туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 5-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, оған бағынысты ведомстволар, білім беру ұйымы, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралар прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Прокуратураның ведомстволарын, мекемелерін, білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың мәртебесі мен құзыретін айқындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.";

      2) 6-бапта:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару жөніндегі қызметті (бұдан әрі – активтерді қайтару);";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) қылмыстық-құқықтық салада халықаралық ынтымақтастықты, шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын, оның ішінде активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талап қоюды шетелдік соттарға беру жөніндегі мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіруді, халықаралық шарттар жасасуды, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісуді;";

      3) 7-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіреді, халықаралық шарттар жасасады, қылмыстық-құқықтық саладағы және активтерді қайтару саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келіседі;";

      4) 9-баптың 5) және 13) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратура органдары ведомстволарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсынулар енгізеді;";

      "13) ведомстволардың, білім беру ұйымының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың, сондай-ақ прокуратура органдары жүйесіне кіретін мемлекеттік мекемелер мен өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымдарын бекітеді;";

      5) 10-баптың 1-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді, активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг пен талдауды жүргізуге;";

      27) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "27) активтерді қайтару мақсатында халықаралық-құқықтық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіруге және жүзеге асыруға;";

      28) тармақша "істер бойынша" деген сөздерден кейін ", активтерді қайтару туралы істер бойынша," деген сөздермен толықтырылсын;

      29) тармақша "қудалау" деген сөзден кейін ", активтерді қайтару" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 11-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы";

      1-тармақтың бірінші абзацы "органдарының" деген сөзден кейін "мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақтағы "Ведомствоның" деген сөз "Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) мынадай мазмұндағы 11-1-баппен толықтырылсын:

      "11-1-бап. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы

      1. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы осы Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты қоса алғанда, активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан және оның мүддесі үшін жүзеге асырады.

      2. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы жүргізетін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру оның басшысының шешімі бойынша "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Активтерді қайтару жөніндегі ведомствоның құрылымын Бас Прокурор бекітеді.

      4. Активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асырудың құқықтық негізі мен қағидаттары осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалады.";

      8) 18-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы жүргізетін заңдылықтың сақталуын тексеру осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектерде ведомство мен оның аумақтық және оларға теңестірілген органдары басшыларының шешімі бойынша жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы жүргізетін активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге қолданылмайды.";

      9) 24-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы мен оның аумақтық және оларға теңестірілген органдары жолданымдарды осы Конституциялық заңның 11-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген құзырет шеңберінде қарайды.";

      9-тармақ "салаларындағы заңнамасында" деген сөздерден кейін ", Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) 25-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Осы баптың талаптары "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген шағымдарға қолданылмайды.";

      11) 26-баптың 11-тармағындағы "ведомство және оның аумақтық органдары" деген сөздер "прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы, прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы мен оның аумақтық және оларға теңестірілген органдары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      12) 29-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Прокуратура органдарының шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде, сондай-ақ активтерді қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс қайтару мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіру шеңберінде жүзеге асырылады.";

      13) 43-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы мен оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.";

      14) 45-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосын қаржылық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.";

      15) 47-баптың 1-тармағындағы "ведомствосының басшысына" деген сөздер "ведомстволарының бірінші басшыларына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-бап. Осы Конституциялық заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 5) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 7) тармақшасының төртінші абзацын, 8) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады