Агломерацияларды дамыту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 1 қаңтардағы № 181-VII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ


      Осы Заң Қазақстан Республикасында агломерацияларды қалыптастыру, дамыту және олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайларды жасауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) агломерация – астанадан немесе республикалық маңызы бар қаладан, немесе облыстық маңызы бар қаладан және олардың айналасында орналасқан, осы Заңда айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келетін елді мекендерден тұратын жергілікті жүйе;

      2) агломерация аумағы – астананың, республикалық маңызы бар қаланың, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын облыстық маңызы бар қаланың және олардың қала маңындағы аймақтарының шекараларындағы (шегіндегі) жерлер мен су объектілері;

      3) агломерация құрамы – агломерация аумағында орналасқан елді мекендердің тізбесі;

      4) агломерацияны дамытудың кешенді жоспары – агломерацияны орнықты әлеуметтік-экономикалық дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған ережелерді қамтитын құжат;

      5) агломерация орталығы – астана немесе республикалық маңызы бар қала, немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын облыстық маңызы бар қала;

      6) уәкілетті орган – агломерацияларды дамыту саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының агломерацияларды дамыту туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының агломерацияларды дамыту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Агломерацияларды дамыту саласындағы қатынастарды реттеу қағидаттары

      Агломерацияларды дамыту саласындағы қатынастарды реттеу қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) экономикалық негізділік қағидаты: мемлекеттің агломерацияларды қалыптастыру, дамыту және олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайларды, оның ішінде бастамаларды ынталандыруды және инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ететін экономикалық негізделген шешімдерді қабылдауы;

      2) келісушілік қағидаты: жергілікті атқарушы органдардың агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша келісілген шешімдерді қабылдауы арқылы ұлттық және жергілікті мүдделер ескеріле отырып, теңгерімді өңірлік саясаттың іске асырылуы;

      3) әділдік қағидаты: агломерацияға кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктер мүдделерінің сақталуы.

4-бап. Елді мекендерді агломерацияға жатқызу

      1. Елді мекендерді агломерацияға жатқызу өлшемшарттары мыналар болып табылады:

      1) агломерация орталығымен күнделікті еңбек байланысының, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және өзге де байланыстардың болуы;

      2) агломерация орталығымен аумақтық бірігу үрдісі.

      2. Елді мекендерді агломерацияға жатқызу оларды агломерация құрамына қосу арқылы жүзеге асырылады, оны қалыптастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Елді мекендерді агломерация құрамына қосуды уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) агломерацияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) агломерациялардың тізбесі мен құрамын бекітеді;

      3) агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын бекітеді;

      4) агломерациялар жөніндегі кеңес туралы ережені бекітеді;

      5) агломерациялар жөніндегі кеңестің құрамын бекітеді;

      6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) агломерацияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырады;

      2) агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және жергілікті агломерациялар кеңестерінің қызметін үйлестіреді;

      3) агломерацияларды қалыптастыруды, дамытуды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған мақсаттар мен міндеттерді айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;

      4) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың жергілікті атқарушы органдарына агломерацияларды дамыту мәселелері бөлігінде жәрдем көрсетеді;

      5) агломерациялардың тізбесі мен құрамын әзірлейді;

      6) агломерациялар жөніндегі кеңес туралы ережені әзірлейді;

      7) жергілікті агломерация кеңесі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      8) агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды;

      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, елді мекендері агломерацияға кіретін облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың (агломерациялар орталықтарының), елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті өкілді органдарының өкілеттіктері

      Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, елді мекендері агломерацияға кіретін облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың (агломерациялар орталықтарының), елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті өкілді органдары:

      1) мыналардың:

      астана немесе республикалық маңызы бар қала мен елді мекендері агломерацияға кіретін облыс арасындағы;

      облыстық маңызы бар қала (агломерация орталығы) мен елді мекендері агломерацияға кіретін аудандар арасындағы агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімдердің жобаларын келіседі;

      2) жергілікті агломерация кеңесіне ұсыныстар енгізеді;

      3) жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы ұсынған агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын келіседі;

      4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

8-бап. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың жергілікті атқарушы органдарының өкілеттіктері

      1. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың жергілікті атқарушы органдары:

      1) агломерацияға кіретін елді мекендердің жергілікті маңызы бар мәселелерін бірлесіп шешуге қатысады;

      2) астана немесе республикалық маңызы бар қала мен елді мекендері агломерацияға кіретін облыс арасындағы агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады;

      3) жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне қатысады;

      4) елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті атқарушы органдарына агломерацияны дамыту мәселелерін шешуде жәрдем көрсетеді;

      5) агломерацияның бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыру жөніндегі шараларды қабылдайды;

      6) агломерацияны дамытудың кешенді жоспарына қосу үшін жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығына ұсыныстар жібереді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асырады.

      2. Астананың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген өкілеттіктермен қатар өз құзыреті шегінде:

      1) астананың және республикалық маңызы бар қаланың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарын, астананың және республикалық маңызы бар қаланың қала маңындағы аймағына жатқызылған аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді;

      2) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және олардың қала маңындағы аймақтарының бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады;

      3) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және олардың қала маңындағы аймақтарының аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларын (мемлекеттік нормативтік құжаттарды) келіседі.

      3. Елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың жергілікті атқарушы органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген өкілеттіктермен қатар өз құзыреті шегінде агломерация брендін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды өткізу жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауды және астана немесе республикалық маңызы бар қала әкімдігінің қарауына енгізуді және осы іс-шараларды іске асыруды жүзеге асырады.

9-бап. Облыстық маңызы бар қаланың (агломерация орталығының) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті атқарушы органдарының өкілеттіктері

      Облыстық маңызы бар қаланың (агломерация орталығының) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті атқарушы органдары:

      1) агломерацияға кіретін елді мекендердің жергілікті маңызы бар мәселелерін бірлесіп шешуге қатысады;

      2) облыстық маңызы бар қала (агломерация орталығы) мен елді мекендері агломерацияға кіретін аудандар арасындағы агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады;

      3) жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне қатысады;

      4) агломерацияны дамытудың кешенді жоспарына қосу үшін жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығына ұсыныстар жібереді;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асырады.

10-бап. Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім

      1. Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім уәкілетті орган белгілеген және осы Заңда белгіленген талаптар ескеріле отырып жасалады.

      2. Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімді дайындау және жасасу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.

      3. Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімге агломерацияға кіретін жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары қол қояды.

11-бап. Агломерациялар жөніндегі кеңес

      1. Агломерациялар жөніндегі кеңес агломерацияларды дамыту мәселелерін ведомствоаралық үйлестіру, сондай-ақ агломерацияларды дамытуды ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдамалық қолдау мәселелерін шешу мақсатында құрылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Агломерациялар жөніндегі кеңестің шешімдері Агломерациялар жөніндегі кеңес құрамының көпшілік даусымен қабылданады.

      3. Агломерациялар жөніндегі кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібі Агломерациялар жөніндегі кеңес туралы ережеде белгіленеді.

12-бап. Жергілікті агломерация кеңесі

      1. Жергілікті агломерация кеңесі агломерацияны дамыту мәселелерін ведомствоаралық үйлестіру, сондай-ақ агломерацияны дамытуды ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдамалық қолдау мәселелерін шешу мақсатында агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім негізінде астананың немесе республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (агломерация орталығының) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті атқарушы органдарының бірлескен шешімімен құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Жергілікті агломерация кеңесінің құрамына мемлекеттік органдардың, астананың немесе республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (агломерация орталығының) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және агломерацияға кіретін елді мекендердің аумағында жұмыс істейтін және тіркелген өзге де ұйымдардың өкілдері кіре алады.

      3. Жергілікті агломерация кеңесінің құрамы астанада немесе республикалық маңызы бар қалада және елді мекендері агломерацияға кіретін облыста, облыстық маңызы бар қалада (агломерация орталығында) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандарда тұратын халық санына қарамастан, олардан өкілдіктің тең санына сәйкес астананың немесе республикалық маңызы бар қаланың және елді мекендері агломерацияға кіретін облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (агломерация орталығының) және елді мекендері агломерацияға кіретін аудандардың жергілікті атқарушы органдарының бірлескен шешімімен бекітіледі.

      4. Жергілікті агломерация кеңесінің құрамына кандидатураларды іріктеу мәселелерін қоса алғанда, жергілікті агломерация кеңесі мүшелерінің саны, оны қалыптастыру тәртібі осы баптың талаптары ескеріле отырып, агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімде айқындалады.

      5. Жергілікті агломерация кеңесінің өкілеттіктеріне:

      1) агломерацияны қалыптастыруды, дамытуды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған мақсаттар мен міндеттерді айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;

      2) жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы әзірлеген агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын келісу;

      3) агломерацияны дамыту туралы жыл сайынғы есепті жасау және интернет-ресурстарда жариялау;

      4) жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығын айқындау;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.

      6. Жергілікті агломерация кеңесінің отырысында жергілікті агломерация кеңесінің құрамынан оның төрағасы сайланады.

      7. Жергілікті агломерация кеңесінің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      8. Жергілікті агломерация кеңесінің отырыстарындағы шешімдер жергілікті агломерация кеңесі құрамының көпшілік даусымен қабылданады. Егер жергілікті агломерация кеңесі белгілі бір мәселе бойынша шешімді қатарынан екі рет қабылдамаса, онда осы мәселе бойынша шешімді агломерациялар жөніндегі кеңес қабылдайды.

      9. Жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы мынадай функцияларды орындайды:

      1) жергілікті агломерация кеңесі қабылдаған жобалар мен шешімдерді іске асыру кезінде жәрдемдесу;

      2) жергілікті агломерация кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын мониторингтеу;

      3) агломерация бойынша деректер мен ақпаратты жинау және жергілікті агломерация кеңесіне беру;

      4) агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын дайындау.

13-бап. Агломерацияны дамытудың кешенді жоспары

      1. Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары, бас жоспарлар (немесе оларды алмастыратын, саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемалары) ескеріледі және мынадай ережелер қамтылады:

      1) агломерацияға кіретін елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жай-күйін бағалау;

      2) қалалық және кеңістіктік жоспарлау, агломерацияның коммуналдық, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту проблемалары;

      3) агломерацияны дамытудың, оның ішінде коммуналдық, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау және сақтау, өнеркәсіпті дамыту, тұтынушылық нарықты дамыту, агломерация аумағындағы көші-қонды реттеу салаларындағы, сондай-ақ өзге де әлеуметтік-экономикалық даму салаларындағы мақсаттары мен міндеттері;

      4) агломерацияны дамытудың мақсаттары мен міндеттерін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер мен индикаторлар;

      5) қаржыландыру көздері, көлемі, іс-шараларды іске асыру мерзімдері және жауапты орындаушылар көрсетілген, агломерацияны дамыту міндеттері бойынша топтастырылған іс-шаралар кешені;

      6) агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалау.

      2. Жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы бес жылдық кезеңге агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлейді.

      3. Жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын дайындау және мүдделі жеке және заңды тұлғалардан ұсыныстар қабылдау туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      4. Жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын әзірлейді және агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының жобасы бойынша жария тыңдауларды жергілікті агломерация кеңесі айқындайтын тәртіпке сәйкес қамтамасыз етеді.

      5. Жергілікті агломерация кеңесінің хатшылығы агломерацияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына шығару үшін уәкілетті органға жібереді.

      6. Жергілікті атқарушы органдар агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын орындау жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға және бас жоспарлардың (немесе оларды алмастыратын, саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемаларының), бюджеттердің және басқа да құжаттардың өздерімен келісілуін қамтамасыз етуге тиіс.

14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады