"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 6 ақпандағы № 196-VII ҚРЗ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларлар енгізілсін:

      1. 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі):

      1) 25-бап 11) тармақшасындағы "жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органдармен және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен" деген сөздер "жүзеге асыратын" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "11-1) цифрлық активтер саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органдармен және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен;";

      2) 26-бап мынадай мазмұндағы 26 және 27-тармақтармен толықтырылсын:

      "26. Цифрлық майнингтік пул уәкілетті органға цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар арасында өзі бөлген цифрлық активтер туралы мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша, осындай мәліметтерді ұсынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.

      27. Цифрлық активтер биржалары, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының өзге де қатысушылары Қазақстан Республикасының резиденттері цифрлық активтер биржаларында жүргізген операциялар және цифрлық активтерге байланысты қызметті жүзеге асырудан резиденттер мен бейрезиденттерге төленген сыйақылар туралы мәліметтерді уәкілетті органға есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей, уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес ұсынады.";

      3) 115-баптың 1-тармағы екінші бөлігі 2) тармақшасының төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөміріне қысқа мәтіндік хабар жөнелтіле отырып, "электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне хабарлама жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.";

      4) 28-тарау мынадай мазмұндағы 227-1-баппен толықтырылсын:

      "227-1-бап. Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаның, цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының кірісі

      1. Тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісі цифрлық майнингтік пул оған бөлген, өз қызметі нәтижесінде туындаған цифрлық активтер санының және осы баптың 4-тармағына сәйкес айқындалған олардың құнының көбейтіндісі ретінде айқындалады.

      2. Тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісіне цифрлық майнингтік пул комиссия ретінде ұстап қалған цифрлық активтердің құны жатқызылмайды.

      3. Цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының цифрлық активтер түрінде алған кірісі осы баптың 4-тармағына сәйкес айқындалған құн бойынша есептеледі.

      4. Осы баптың мақсаттарында цифрлық активтердің құнын және олардың түрлерінің тізбесін айқындау, жариялау тәртібі "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен уәкілетті органның бірлескен актісінде бекітіледі.";

      5) 241-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "11-1) кірісі осы Кодекстің 227-1-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген цифрлық активтерді өткізуден түскен кіріс;";

      6) 264-бап мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында тіркелген цифрлық активтер биржасынан тыс өткізілген цифрлық активтерді алуға (сатып алуға) арналған шығыстар және (немесе) алуға (сатып алуға) байланысты шығыстар;

      1-2) цифрлық майнингтік пул көрсететін қызметтер бойынша цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаның шығыстары;";

      7) 305-бап мынадай мазмұндағы 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:

      "8. Осы баптың 2, 4 және 5-тармақтарының нормалары цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.

      9. Цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер декларацияға дейінгі және одан кейінгі аванстық төлемдердің сомасын ағымдағы салықтық кезең үшін корпоративтік табыс салығының болжамды сомасын негізге ала отырып есептейді.";

      8) 315-баптың 3-тармағындағы "1 және 2-тармақтарына" деген сөздер "1, 2 және 2-1-тармақтарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 331-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) эмитенттері Қазақстан Республикасында тіркелген цифрлық активтер, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда), Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері.";

      10) 341-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 56) тармақшамен толықтырылсын:

      "56) кірісі осы Кодекстің 681-бабының 2-1-тармағына сәйкес есептелген цифрлық активтерді өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс.";

      11) 363-баптың 3-тармағындағы "2-тармағында" деген сөздер "2 және 2-1-тармақтарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      12) 372-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы 39) тармақшамен толықтырылсын:

      "39) цифрлық майнингтік пулдың цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар арасында цифрлық активтерді бөлуі.";

      13) 554-баптың 4-тармағындағы кесте мынадай мазмұндағы 1.86. және 1.87-жолдармен толықтырылсын:

      "

1.86.

І кіші түр – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы бар цифрлық майнердің цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруы

2 000

1.87.

ІІ кіші түр – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы жоқ және цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығында орналастырылған, өзіне меншік құқығында тиесілі цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдалана отырып, цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнердің цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруы

5

  ".

      14) 606-3-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "Электр энергиясын" деген сөздер "Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия, электр энергиясын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      15) 609-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы алып тасталсын;

      16) 612 және 618-баптар алып тасталсын;

      17) 623-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшалары алып тасталсын;

      18) 681-бапта:

      2-тармақтың бірінші абзацындағы "Осы баптың" деген сөздер "Егер осы баптың 2-1-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы баптың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаның кірісі осы Кодекстің 227-1-бабында көзделген тәртіппен айқындалады.";

      19) 683-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы он үшінші абзацындағы "қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы." деген сөздер "қызметті;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы он төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған І кіші түр лицензиясы бойынша цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.".

      2. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 33-баптың 2) тармақшасында:

      мынадай мазмұндағы бес жүз алпыс тоғызыншы абзацпен толықтырылсын:

      "56) кірісі осы Кодекстің 681-бабының 2-1-тармағына сәйкес есептелген цифрлық активтерді өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс.";

      сегіз жүз қырық төртінші абзацтағы "2-тармағында" деген сөздер "2 және 2-1-тармақтарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) мынадай мазмұндағы 57-15-баппен толықтырылсын:

      "57-15-бап. 550-бапта:

      1) 1-тармақтың қолданысы 2023 жылғы 1 сәуірден 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "1. Салық органдары, жергілікті атқарушы органдар және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар:

      1) тіркеу іс-әрекеттерін;

      2) цифрлық майнерлерге берілетін рұқсат беру құжаттарын қоспағанда, рұқсат беру құжаттарын немесе олардың телнұсқаларын беру жөніндегі әрекеттерді жасаған кезде алатын бюджетке төленетін біржолғы төлемдер алымдар болып табылады.

      Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін рұқсат беру құжаттары деп қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган беретін келісімдер және салық органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда беретін, "Астана" халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті болып табылатын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның резиденттігін растайтын, рұқсаттарға жатпайтын құжат түсініледі.";

      2) 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелеріне қарамастан, 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында берілетін цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиялар бергені үшін алым лицензия алған жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін осы Кодекстің 554-баптың 4-тармағында көзделген мөлшерде төленеді.

      Алым мөлшерлемесі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және лицензиялық алым төленген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерінде айқындалады.";

      3) мынадай мазмұндағы 57-16-баппен толықтырылсын:

      "57-16-бап. Салық кодексінің 552-бабы 1-тармағының қолданысы 2023 жылғы 1 сәуірден 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "1. Алымдар сомасы белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеледі және алымдарды төлеушінің орналасқан жері бойынша, осы Кодекстің 550-бабының 3-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті құжаттар уәкілетті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға берілгенге дейін немесе рұқсат беру құжаттарын алғанға дейін төленеді.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 4), 5), 6), 8), 10), 11), 12) және 18) тармақшаларын, 2-тармағын;

      2) 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 15), 16) және 17) тармақшаларын қоспағанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады