Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 15 ақпандағы № 200-VII ҚРЗ.

      2021 жылғы 28 қазанда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы

      екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға ниет білдіре отырып,

      мынадай ережелер туралы уағдаласты:

1-бап Қолданылу аясы

      1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес өзара көмекке жүгінген кезде жолын кесу сұрау салушы Тараптың сот органдарының және қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын органдардың (бұдан әрі "құзыретті органдар" деп аталатын) юрисдикциясына жататын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген рәсімдерде бір-біріне барынша кең өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.

      2. Өзара құқықтық көмек:

      a) қылмыстық істер жөніндегі сот мекемесі қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарғанға дейін қылмыстық істердегі азаматтық талап қоюлар бойынша;

      b) жазаны орындауға немесе бұлтартпау шарасына, айыппұл өндіріп алуға немесе сот шығындарын төлеуге қатысты сот хабарламалары туралы хабардар ету үшін де көрсетіледі.

      3. Осы Шарт:

      a) адамдарды қамаққа алу және экстрадициялау туралы шешімдерді орындауға;

      b) тәркілеу шараларын орындаудан басқа, қылмыстық үкімдерді орындауға;

      c) жалпы қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтын әскери құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

2-бап Өзара көмек көрсетуге шектеулер

      1. Өзара құқықтық көмектен:

      а) егер сұрау салынатын Тараптың өзара көмек адамды жынысы, діни сенімі, ұлты, этникалық шығу тегі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы, идеологиясы немесе саяси сенімі белгісі бойынша қудалау немесе жазалау мақсатында сұратылды немесе сол адамның жағдайы осы себептердің біреуі бойынша нашарлауы мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздері болса;

      b) егер сұрау салу сұрау салынатын Тарап саяси құқық бұзушылықтар немесе сондаймен байланысты құқық бұзушылықтар деп қарастыратын құқық бұзушылықтарға қатысты болса;

      c) егер өзара көмек сұратылатын құқық бұзушылықты сұрау салынатын Тарап әскери құқық бұзушылық қана деп қарастыратын болса;

      d) егер қылмыстық қудалау немесе жаза сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өтуіне байланысты күшін жойса, бас тартылуға тиіс. Сұрау салушы Тарапта жасалатын, талап қоюдың ескіру мерзімінің үзілуіне немесе тоқтатыла тұруына алып келетін әрекеттерді сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасы мүмкіндік беретін шамада назарға алады;

      e) егер сұрау салуға қатысы бар адам сұрау салынатын Тараптың аумағында сұрау салуда көрсетілген іс-әрекеттер үшін түпкілікті сотталған, ақталған, рақымшылық жасалған немесе кешірім жасалған болса;

      f) егер сұрау салудың мақсаты мәжбүрлеу шараларын қолдануды көздейтін көмек көрсету болып табылса және ықтимал әрекеттер немесе әрекетсіздік, егер сұрау салынатын Тараптың аумағында орын алған болса, құқық бұзушылық болып табылмайтын болса, бас тартылуға тиіс. Алайда соңғысы, егер өзінің ішкі заңнамасы бұған мүмкіндік берсе, тиісті іс-әрекетті қылмыстық жазаланатын деп екіжақты тану болмаса да, көмек көрсете алады;

      g) егер сұрау салуда көрсетілген құқық бұзушылық сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес өлім жазасына немесе сұрау салынатын Тараптың жария тәртібіне қайшы келетін кез келген басқа жазаға тартылса, егер сұрау салушы Тарап осы жаза сұратылмайтындығына, ал ол шығарылған жағдайда орындалмайтындығына сұрау салынатын Тарап жеткілікті деп санаған кепілдіктерді ұсынбаса ғана;

      һ) егер күдікті адам сұрау салушы Тарапта сот ісін жүргізудің және қорғалу құқығын қорғаудың негізгі кепілдіктерін қамтамасыз етпейтін сот органы не оның нақты жағдайын қарау үшін құрылған сот органы тарапынан сотқа тартылуға тиіс болса, бас тартылуға тиіс.

      2. Өзара құқықтық көмектен:

      a) егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз елінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, жария тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе;

      b) егер сұрау салудың мақсаты тәркілеу шаралары болса, ал өтінішхат үшін негіз болған іс-әрекеттер сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес осындай тәркілеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құқық бұзушылық болып табылмаса, бас тартылуы мүмкін.

      3. Өзара құқықтық көмектен:

      a) сұрау салу сұрау салушы Тараптың заңды тұлғасының жауаптылығына алып келуі мүмкін іс-әрекеттерге немесе құқық бұзушылықтарға қатысты деген негізде ғана;

      b) сұрау салу сұрау салынатын Тарап салықтық құқық бұзушылық ретінде саралайтын құқық бұзушылыққа қатысты деген негізде ғана;

      c) сұрау салынатын Тараптың заңнамасында сұрау салушы Тараптың заңнамасындағыдай салықтардың немесе алымдардың нақ сол түрі белгіленбеген не салықтық, кедендік және валюталық реттеудің нақ сол түрі көзделмеген деген негізде бас тартуға болмайды.

      4. Сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек туралы сұрау салуға қатысты кез келген ынтымақтастықтан бас тарту үшін негіз ретінде банктік құпияға сілтеме жасай алмайды.

      5. Егер сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын Тараптың аумағында жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға кедергі келтіруі мүмкін болса, ол өзара құқықтық көмек көрсетуді кейінге қалдыра алады.

      6. Өзара көмектен бас тартпастан немесе оны көрсетуді кейінге қалдырмастан бұрын сұрау салынатын Тарап:

      a) сұрау салушы Тарапқа көмек көрсетуден бас тарту немесе көмек көрсетуді кейінге қалдыру туралы мәселені қарау үшін қолда бар негіздер туралы жедел хабар береді;

      b) сұрау салушы Тараппен өзара көмек өзі қажет деп санайтын тәртіппен және шарттарда берілу мүмкіндігін шешу үшін консультация жүргізеді.

      Егер сұрау салушы Тарап өзара көмекті b) тармақшасында жазылған тәртіппен және шарттарда қабылдаса, сұрау салушы Тарап оларды сақтауға тиіс.

      7. Егер сұрау салынатын Тарап өзара көмек туралы сұрау салуды толық немесе ішінара қанағаттандырмаса немесе оның орындалуын кейінге қалдырса, ол бұл туралы сұрау салушы Тарапқа жедел хабар береді және оған осының себептері туралы хабарлайды.

3-бап Орталық органдар

      1. Осы Шартқа сәйкес ұсынылатын өзара көмек туралы сұрау салуларды және 19-бапта көзделген қылмыстық қудалау мақсатындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды сұрау салушы Тараптың Орталық органы сұрау салынатын Тараптың Орталық органына тікелей жібереді және жауаптар осыған ұқсас түрде жіберіледі.

      2. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Француз Республикасы үшін - Әділет министрлігі Орталық орган болып табылады.

      3. Орталық органды тағайындауға қатысты кез келген өзгерістер дипломатиялық арналар арқылы басқа Тараптың назарына жеткізіледі.

      4. Сұрау салынатын Тараптың Орталық органы өзара көмек туралы сұрау салуларды жедел орындайды немесе қажет болған жағдайда оларды өзінің құзыретті органдарына орындау үшін жібереді.

4-бап Құзыретті органдар

      1. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - сот органдары және қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын органдар;

      Француз Республикасы үшін - сот органдары осы Шартты орындау жөніндегі құзыретті органдар болып табылады.

      2. Осы органдарды тағайындауға қатысты кез келген өзгерістер дипломатиялық арналар арқылы басқа Тараптың назарына жеткізіледі.

5-бап Өзара көмек туралы сұрау салулардың мазмұны мен нысаны

      1. Өзара көмек туралы сұрау салуларда мынадай мәліметтер:

      a) сұрау салуды жіберетін органның атауы және/немесе сот ісін жүргізуді жүзеге асыратын органның атауы;

      b) фактілердің жасалған күні, орны және мән-жайлары көрсетіле отырып, олардың қысқаша мазмұнын қоса алғанда, сұрау салудың мақсаты мен себебі;

      c) құқық бұзушылықтарды және олар үшін жазаны айқындайтын қолданылатын ережелердің мәтіні;

      d) мүмкіндікке қарай, талқылау жүргізілетін адамның жеке басы мен азаматтығы туралы ақпарат;

      e) қажет болған кезде алушының аты мен мекенжайы қамтылуға тиіс.

      2. Қажет болған жағдайда өзара көмек туралы сұрау салуларда мыналар да:

      a) 23-бапқа сәйкес құпиялылықты сақтау туралы кез келген талап;

      b) қолданылуы сұрау салушы Тарап үшін қалаулы кез келген нақты рәсім туралы егжей-тегжейлі ақпарат;

      c) сұрау салу орындалуға тиіс мерзім туралы ақпарат және осы мерзімнің негіздемесі;

      d) сұрау салынатын Тараптың аумағында оның рұқсатымен жасалатын әрекеттер кезінде сұрау салушы Тарап өкілдерінің қатысуы туралы өтініш жасайтын органдардың атаулары мен функциялары;

      e) сұрау салуды орындау үшін қажетті кез келген басқа құжат немесе оның орындалуын жеңілдете алатын кез келген басқа ақпарат, мысалы: қойылуы қажет сұрақтардың тізімі; іздестірілуге, алып қойылуға немесе тәркіленуге жататын мүліктің неғұрлым нақты сипаттамасы, сондай-ақ, егер белгілі болса, оның тұрған жері қамтылады.

      3. Өзара көмек туралы сұрау салулар жазбаша нысанда немесе алушы Тарапқа олардың төлнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін жағдайларда олардың жазбаша растауын алуға мүмкіндік беретін кез келген құралдардың көмегімен жасалады.

      4. Сұрау салушы Тарап сұрау салуды және барлық ілеспе құжаттарды сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне аударуды қамтамасыз етеді.

6-бап Өзара көмек туралы сұpay салуларды орындау

      1. Өзара көмек туралы сұрау салулар сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес орындалады.

      2. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап, егер осы Шартта өзгеше көзделмесе және мұндай формалдылықтар мен рәсімдер сұрау салынатын Тарап құқығының негізге алынатын қағидаттарына қайшы келмейтін жағдайда сұрау салушы Тарап нақты көрсеткен формалдылықтар мен рәсімдерді сақтайды.

      3. Егер сұрау салушы Тарап тыңдалуы сұратылатын адамдардың ант беріп жауап беруін қаласа, ол бұл өтінішті нақты баяндайды, ал сұрау салынатын Тарап, егер бұл өзінің заңнамасына қайшы келмесе, оны қанағаттандырады.

      4. Сұрау салынатын Тарап өзара көмек туралы сұрау салуды сұрау салушы Тарап көрсеткен процестік немесе өзге де мерзімдерді барынша назарға ала отырып, мүмкіндігінше ең қысқа мерзімдерде орындайды. Тиісті жағдайларда сұрау салудың орындалуын едәуір кешіктіруге алып келуі мүмкін кез келген мән-жайды сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың назарына жедел жеткізеді.

      5. Сұрау салуды ішінара немесе толық орындау мүмкін болмайтын жағдайда, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді және сұрау салу орындалуы мүмкін шарттарды көрсетеді. Кейін Тараптар көрсетілген шарттардың сақталуына қарай тиісті жағдайларда сұрау салуға қатысты кейінгі әрекеттер туралы уағдаласа алады.

      6. Егер сұрау салушы Тарап өзінің сұрау салуын орындау үшін белгілеген мерзімнің сақтала алмайтынын алдын ала болжап білуге болатын болса және егер 5-баптың 2-тармағының с) тармақшасында белгіленген себептер кез келген кідіріс сұрау салушы Тарапта жүргізілетін талқылауды едәуір қиындататынын нақты көрсетсе, сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау үшін қажет деп санайтын уақытты дереу көрсетеді. Сұрау салушы Тарап әйтсе де сұрау салудың күшінде қалатынын не күшінде қалмайтынын дереу хабарлайды. Кейін Тараптар сұрау салуға қатысты кейінгі әрекеттер туралы уағдаласа алады.

      7. Егер сұрау салушы Тарап бұл туралы тікелей сұраса, сұрау салынатын Таран оған сұрау салудың орындалу күні мен орны туралы хабар береді. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары бұған келісім берсе, сұрау салушы Тараптың билік өкілдері немесе сұрау салуда аталған адамдар сұрау салуды орындау кезінде қатыса алады. Сұрау салушы Тараптың билік өкілдері немесе сұрау салуда аталған адамдар сұрау салынатын Тараптың заңнамасында рұқсат етілген шамада куәдан немесе сарапшыдан жауап ала алады немесе жауап алудың жүргізілуін қамтамасыз eтe алады.

      8. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салушы Тараптың билік өкілдері немесе сұрау салуда аталған адамдар қатысқан жағдайда, оларға оның орындалуы туралы құжаттардың куәландырылған көшірмесі тікелей берілуі мүмкін.

      9. Сұрау салынатын Тарап сұратылған істердің немесе құжаттардың куәландырылған көшірмелерін ғана бере алады. Әйтсе де, егер сұрау салушы Тарап өзіне түпнұсқаларды беруді тікелей сұраса, бұл өтініш барынша мүмкін болатын дәрежеде қанағаттандырылады.

      10. Сұрау салынатын Тарап, егер оған сұратылатын заттар, істер немесе құжаттар жүргізіліп жатқан қылмыстық сот ісін жүргізу үшін қажеті болса, оларды беруді кейінге қалдыра алады.

      11. Өзара көмек туралы сұрау салуды орындау үшін берілген заттай дәлелдемелер, істер мен құжаттардың түпнұсқалары, егер сұрау салынатын Тарап оларды қайтаруды сұрамаса ғана, сұрау салушы Тарапта сақталады.

7-бап Қосымша сұрау салулар

      1. Егер сұрау салынатын Тарап бастапқыда жоспарланбаған немесе сұрау салуды ұсыну кезінде көрсетілуі мүмкін болмаған тергеу әрекеттерін жүргізуді орынды деп есептесе, ол сұрау салушы Тарапқа соңғысы одан әрі шаралар қабылдай алуы үшін бұл туралы дереу хабар береді.

      2. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы алдыңғы сұрау салуды толықтыратын өзара көмек туралы сұрау салса, ол бастапқы сұрау салуда бұрын берілген ақпаратты қайта хабарлауға міндетті емес. Қосымша сұрау салуда бастапқы сұрау салуды сәйкестендіру үшін қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.

      3. Егер сұрау салуды жіберген құзыретті органның өкілі сұрау салынатын Тарапта оны орындау кезінде қатысатын болса, ол қосымша сұрау салуды өзі осы Тараптың аумағында жүрген кезде тікелей сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жібере алады.

      4. Бұл жағдайда ол қосымша сұрау салудың көшірмесін сұрау салушы Тараптың Орталық органына жібереді, соңғысы оны ең қысқа мерзімдерде сұрау салынатын Тараптың Орталық органына жібереді.

8-бап

Куәның немесе сарапшының сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына келуі

      1. Егер сұрау салушы Тарап өзінін құзыретті органдарына куәның немесе сарапшының өздерінің келуі ерекше қажет деп есептесе, ол мұны шақыру қағазын тапсыру туралы сұрау салуда көрсетеді және сұрау салынатын Тарап осы куәны немесе сарапшыны көрсетілген органдарға келуге шақырады. Сұрау салынатын Тарап куәның немесе сарапшының жауабын сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

      2. 1-тармақта көзделген жағдайда сұрау салуда немесе шақыру қағазында тиесілі өтемақының, сондай-ақ өтелетін жол және іссапар шығыстарының шамамен алғандағы мөлшері көрсетіледі.

      3. Сұрау салынатын Тарап тиісті өтініш келіп түскен жағдайда куәға немесе сарапшыға аванс беруге келісуі мүмкін. Аванс сомасы шақыру қағазында көрсетіледі және оны сұрау салушы Тарап өтейді.

      4. Тапсырылуы сұратылған шақыру қағазы бойынша тиісті органдарға келмеген куә немесе сарапшы, егер шақыру қағазында тиісті нұсқамалар қамтылса да, егер ол кейіннен сұрау салушы Тараптың аумағына өз еркімен бармаса және онда шақыру қағазымен тиісті түрде қайтадан шақырылмаса ғана, ешқандай жазаға немесе мәжбүрлеу шарасына тартылмайды.

      5. Тараптардың бірі қорғауға мұқтаж куәға қатысты өзара көмек туралы сұрау салған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары тиісті адамды қорғау жөніндегі шаралар туралы уағдаласа алады.

      6. Сұрау салушы Тарап куәға немесе сарапшыға өтейтін тиесілі өтемақы, сондай-ақ жол және іссапар шығыстары оның тұратын жерінен есептеледі және іс бойынша тыңдау өткізілуге тиіс Тараптың аумағында қолданылатын нормативтік актілерде көзделгеннен төмен емес мөлшерлемелер бойынша төленеді.

9-бап Иммунитеттер

      1. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына шақыру қағазы бойынша келген бірде-бір куә немесе сарапшы өзінің азаматтығына қарамастан, сұрау салынатын Тараптың аумағынан кеткенге дейін орын алған іс-әрекеттерге немесе үкімдерге байланысты сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалануға да, қамауға алынуға да және оның жеке бостандығын қандай да бір өзге шектеуге де ұшыратылмайды.

      2. Қылмыстық талқылау жүргізілетін іс-әрекеттерге қатысты жауап алу үшін сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына шақырылған бірде-бір адам өзінің азаматтығына қарамастан, сұрау салынатын Тараптың аумағынан кеткенге дейін орын алған және шақыру қағазында көрсетілмеген іс-әрекеттерге немесе үкімдерге байланысты қылмыстық қудалануға да, қамауға алынуға да және оның жеке бостандығын қандай да бір өзге шектеуге де ұшыратылмайды.

      3. Осы бапта көзделген иммунитет, егер куә, сарапшы немесе айыпталушы сұрау салушы Тараптың аумағынан оның қатысуын бұдан былай құзыретті органдар талап етпегеннен кейін келесі он бес күн ішінде кету мүмкіндігіне ие бола отырып, соған қарамастан, осы аумақта қалса немесе одан кетіп, кері кайтып оралса, тоқтатылады.

      4. Тараптар өз заңнамасына сәйкес куәлардың, сарапшылардың немесе айыпталушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қажетті құралдар туралы уағдаласа алады. Осыған ұқсас түрде, өз ішкі заңнамасына сәйкес Тараптар олардың жеке өмірін қорғауға бағытталған басқа шаралар туралы уағдаласа алады.

10-бап Тыңдауды бейнеконференция арқылы жүргізу

      1. Егер Тараптардың бірінің аумағындағы адамды екінші Тараптың құзыретті органдары куә немесе сарапшы ретінде тыңдауға тиіс болса, соңғысы, егер өз аумағына тыңдалатын адамның өзінің келуі орынды болмаса немесе мүмкін болмаса, осы баптың ережелеріне сәйкес тыңдауды бейнеконференция арқылы жүргізуді сұрай алады.

      2. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция арқылы тыңдауға осы әдісті пайдалану өз құқығының негізге алынатын қағидаттарына қайшы келмейтін және тыңдауды жүргізу үшін өзінде техникалық құралдар болған жағдайда келіседі.

      3. Бейнеконференция арқылы тыңдауды жүргізу туралы сұрау салулар 5-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа, тыңдауда куәның немесе сарапшының өздерінің қатысуы қалаулы емес немесе мүмкін емес болу себебін және тыңдауды жүргізетін құзыретті органның атауын, адамдардың аттарын қамтуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тиісті адамды тыңдауға өзінің заңнамасында көзделген тәртіппен шақырады.

      5. Бейнеконференция арқылы жүргізілетін тыңдауларға мынадай қағидалар қолданылады:

      a) тыңдау сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуымен өтеді, ол қажет болған кезде аудармашының көмегін пайдаланады. Осы өкіл тыңдалған адамның жеке басын анықтауға және сұрау салынатын Тарап құқығының негізге алынатын қағидаттарының сақталуына жауап береді. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының өкілі тыңдау кезінде осы Тарап құқығының негізге алынатын қағидаттары сақталмайды деп есептесе, ол көрсетілген қағидаттарға сәйкес тыңдауды жалғастыруды қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды дереу қабылдайды;

      b) екі Тараптың құзыретті органдарының өкілдері қажет болған кезде тыңдалатын адамды қорғау жөніндегі шаралар туралы уағдаласады;

      c) тыңдауды сұрау салушы Тараптың құзыретті органы тікелей немесе өз басшылығымен өзінің ішкі заңнамасына сәйкес жүргізеді;

      d) сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап осы адамға қажет болған кезде аудармашының көмегін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді;

      e) тыңдалатын адам куәлік айғақтар беруден бас тарту құқығына сілтеме жасай алады, ол тыңдалатын адам үшін сұрау салынатын немесе сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша танылады.

      6. Адамдарды қорғау жөніндегі кез келген келісілген шараларға нұқсан келтірмей, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының өкілі тыңдау аяқталғаннан кейін тыңдауды өткізу күні мен орнын, тыңдалған адамның жеке басын, сұрау салынатын Тараптың тыңдауға қатысқан барлық басқа да адамдарының жеке басын және лауазымдарын, ықтимал берілген анттарды және тыңдау өткізілген кездегі техникалық жағдайларды көрсете отырып, хаттама жасайды. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бұл құжатты сұрау салушы Тараптың құзыретті органына жібереді.

      7. Бейнебайланысты орнату шығындарын, сұрау салынатын Тарапта бейнебайланысты билік етуге беруге байланысты шығындарды, ол ұсынған аудармашыларға сыйақыны және куәлар мен сарапшыларға төленетін өтемақыны, сондай-ақ олардың сұрау салынатын Тараптағы іссапар шығыстарын, сұрау салынатын Тарап осы шығыстардың барлығының немесе бір бөлігінің өтелуінен бас тартпаса ғана, сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа өтейді.

      8. Куәлар немесе сарапшылар осы бапқа сәйкес Тараптардың бірінің аумағында тыңдалып, оларды беруге міндетті бола отырып, куәлік айғақтарды беруден бас тартқан немесе жалған айғақтар берген жағдайда, Тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасының, егер тыңдау ұлттық сот ісін жүргізу шеңберінде жүргізілетіндей қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

      9. Егер олардың ішкі заңнамасы бұған мүмкіндік берсе, екі Тарап та қылмыстық тәртіппен қудаланатын адам қатысатын бейнеконференция арқылы жүргізілетін тыңдауларға да осы баптың ережелерін қолдана алады. Мұндай тыңдаулар қылмыстық тәртіппен қудаланатын адамның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін. Бейнеконференцияны жүргізу шешімі және оны жүргізу тәсілі Тараптардың құзыретті органдары арасында келісілуі және олардың ішкі заңнамасына сәйкес келуі тиіс.

11-бап Өзара көмек көрсету мақсатында күзетпен ұсталатын адамдарды уақытша беру

      1. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұсталатын, куә ретінде немесе беттестіру үшін өзінің келуі туралы сұрау салушы Тарап сұрайтын кез келген адам оның жазбаша келісімі болған және ол сұрау салынатын Тарап көрсеткен мерзімдерде қайтып оралатын жағдайда сұрау салушы Тараптың аумағына уақытша беріледі.

      2. Беруден:

      a) егер бұл адамның болуы сұрау салынатын Тараптың аумағында жүргізілетін қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде қажет болса;

      b) егер оны беру оның күзетпен ұсталуын ұзарта алса;

      c) егер оны сұрау салушы Тараптың аумағына бермеуге басқа да елеулі негіздер болса, бас тартылуы мүмкін.

12-бап Тергеу әрекетін жүргізу мақсатында күзетпен ұсталатын адамдарды уақытша беру

      Тараптар келіскен жағдайда өзінің аумағында күзетпен ұсталатын адамның қатысуын талап ететін тергеу әрекетін жүргізу туралы сұраған сұрау салушы Тарап ол адамның жазбаша келісімі болған жағдайда оны сұрау салынатын Тараптың аумағына уақытша бере алады.

13-бап 11 және 12-баптардың жалпы қағидалары

      11 және 12-баптарды қолдану үшін:

      a) Тараптар арасындағы келісім тиісті адамды уақытша беру тәртібін және ол бұрын күзетпен ұсталған Тараптың аумағына қайтарылуға тиіс мерзімді көздейді;

      b) тиісті адамның келісімі туралы өтінішті немесе оның көшірмесін осы адам аумағында күзетпен ұсталатын Тарап дереу береді;

      c) егер өзінің аумағында адамды күзетпен ұстаған Тарап оны босату туралы өтініш бермесе ғана, берілген адам ол берілетін Тараптың аумағында күзетпен ұсталып қала береді. Адам берілетін Тараптың аумағында күзетпен ұстау кезеңі тиісті адам өтеуге тиіс күзетпен ұстау мерзімінен шегеріледі;

      d) 9-баптың ережелері тиісті өзгерістермен қолданылады;

      e) екінші Тараптың аумағына берілген адам қашып кеткен жағдайда, аумағында осы адам бұрын күзетпен ұсталған Тарап осы факт бойынша қылмыстық тергеп-тексеру қозғау туралы өтініш жасай алады.

14-бап Сот және процестік құжаттарды жіберу және тапсыру

      1. Сұрау салынатын Тарап өзіне сұрау салушы Тарап осы мақсат үшін беретін процестік құжаттар мен сот шешімдерін тапсыруды жүзеге асырады. Тапсыру құжатты немесе шешімді адресатқа қарапайым беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Егер сұрау салушы Тарап бұл туралы арнайы сұраса, сұрау салынатын Тарап ұқсас хабарламалар үшін өзінің заңнамасында көзделген тәсілдердің бірімен немесе осындай заңнамамен үйлесімді ерекше тәсілмен тапсыруды жүзеге асырады.

      2. Егер құжаттың адресаты құжат жасалған тілді түсінбейді деп санауға негіздер болса, онда бұл құжат немесе, ең болмағанда, оның маңызды үзінділері екінші Тараптың тіліне аударылуға тиіс. Егер құжатты берген органға адресаттың басқа тілді ғана білетіні белгілі болса, онда құжат немесе, ен болмағанда, оның маңызды үзінділері сол тілге аударылуға тиіс.

      3. Барлық сот және процестік құжаттарға адресаттың құжатты берген органнан немесе тиісті Тараптың басқа органдарынан құжатқа қатысты өзінін құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат ала алатынын көрсететін хабарлама қоса беріледі. 2-тармақ осы хабарламаға да қолданылады.

      4. Тапсыру фактісі күні мен адресаттың қолы бар қолхатпен немесе сұрау салынатын Тараптың тапсыру фактісін, сондай-ақ тапсыру тәсілі мен күнін куәландыратын анықтамасымен расталады. Осы құжаттардың кез келгені сұрау салушы Тарапқа дереу жіберіледі. Егер тапсыруды жүзеге асыру мүмкін болмаған болса, сұрау салынатын Тарап оның себебін сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

      5. Осы баптың ережелері Тараптардың өз өкілдері немесе олар уәкілеттік берген адамдар арқылы өз азаматтарына арналған сот және процестік құжаттарды тікелей беруді қамтамасыз ету мүмкіндігін жоққа шығармайды.

      6. Келу туралы шақыру қағаздары сұрау салынатын Тарапқа келу белгіленген күнге дейін қырық күннен кешіктірмей жіберіледі. Шұғыл жағдайларда сұрау салынатын Тараптың Орталық органы сұрау салушы Тараптың Орталық органының өтініші бойынша мерзім жөнінде осы шарттан бас тарта алады.

15-бап Банк саласында ақпарат беру туралы сұрау салу

      1. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап өзінің аумағындағы кез келген банкте орналасқан, өзіне қатысты сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық тергеп-тексеру жүргізілетін жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі не ол бақылайтын шоттардың кез келген түріне қатысты барлық мәліметтерді ең қысқа мерзімдерде ұсынады.

      2. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген бір немесе бірнеше шоттар бойынша белгілі бір кезең ішінде жүргізілген банк операциялары және белгілі бір банктік шоттар туралы мәліметтерді, оның ішінде кез келген донор-шот немесе реципиент-шот туралы мәліметтерді ұсынады.

      3. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша Сұрау салынатын Таран белгілі бір кезең ішінде сұрау салуда көрсетілген бір немесе бірнеше шоттар бойынша жүргізілетін банк операцияларын қадағалайды және сұрау салушы Тарапқа тиісті нәтижелерді хабарлайды. Қадағалаудың практикалық шарттары Тараптардың құзыретті органдарымен келісіледі.

      4. 1, 2 және 3-тармақтарда көрсетілген ақпарат тіпті құрылтайшылардың немесе бенефициарлардың жеке басы белгісіз траст қорлары немесе нысаналы активтерді басқарудың кез келген басқа құралы нысанында не атынан әрекет ететін ұйымдарға тиесілі шоттар туралы сөз болса да, сұрау салушы Тарапқа беріледі.

      5. Сұрау салынатын Таран банктердің тиісті клиентке және басқа үшінші тұлғаларға осы баптың ережелеріне сәйкес ақпарат сұрау салушы Тарапқа берілгенін хабарламауын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

16-бап Тінту, алып қою және тәркілеу

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасы мүмкіндік беретін шамада сұрау салушы Тарап өзіне жіберетін тінту мен алып қою туралы сұрау салуларды, сондай-ақ сот органдары шығарған тәркілеу туралы түпкілікті шешімдерді орындайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа осындай сұрау салулардың орындалу нәтижелері туралы хабар береді.

      3. Сұрау салушы Тарап сұрау салушы Тарапқа берілетін мүлікке қатысты сұрау салынатын Тарап белгілейтін кез келген шарттарды орындайды.

17-бап Алып қойылуы және тәркіленуі мүмкін мүлік

      1. Сұрау салу негізінде сұрау салынатын Тарап алып қойылуын немесе тәркіленуін сұрау салушы Тарап сұрататын мүліктің өз юрисдикциясында болуын не болмауын анықтау үшін күш салады және сұрау салушы Тарапқа өз әрекеттерінің нәтижелері туралы хабар береді. Сұрау салушы Тарап өзінің сұрау салуында сұрау салынатын Тарапқа мұндай мүліктің оның юрисдикциясында болуы мүмкін екендігіне сенімін құраушы негіздерді хабарлайды.

      2. Егер 1-тармаққа сәйкес алып қойылуы немесе тәркіленуі сұратылатын мүлік анықталса, сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың сот органы ол бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін осы мүлікпен мәмілелерге, оны беруге немесе басқаға беруге жол бермеу мақсатында өзінің заңнамасында рұқсат етілген қажетті шараларды қабылдайды.

      3. Сұрау салынатын Тарап бірінші кезектегі тәртіппен өзінің заңнамасы мүмкіндік беретін шамада және сұрау салушы Тараптың сұрау салуы негізінде сұрау салынатын мүлікті соңғыға қайтару туралы мәселені, атап айтқанда, жәбірленушілерге өтемақы беру немесе адал үшінші тұлғалардың құқықтары сақталған кезде, осы мүлікті оның заңды иеленушісіне қайтару мақсатында қарауға тиіс.

      4. Алып қойылуы және тәркіленуі мүмкін мүлік, атап айтқанда, құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған игіліктерді немесе осындай игліктердің құнын, сондай-ақ құқық бұзушылық жасау үшін пайдаланылған қаруларды қамтиды.

      5. Егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса ғана, сұрау салынатын Тарап қажет болған кезде, осы бапқа сәйкес тәркіленген мүлікті қайтаруға немесе оған билік етуге алып келген тергеп-тексеруге, қылмыстық қудалауға немесе сот талқылауына байланысты келтірілген шығыстарды қисынды көлемде шегере алады.

      6. Тараптар әрбір жекелеген жағдайда тәркіленген мүлікке түпкілікті билік етуге немесе осындай мүлікті сатудан түскен кірістерді бөлуге қатысты өзара қолайлы келісімдер немесе уағдаластықтар жасасу туралы шешім қабылдай алады. Егер өндіріліп алынған сомалар елеулі болып табылмаса, сұрау салушы Тарал бірінші кезектегі тәртіппен оларды сұрау салынатын Тараптың билігінде қалдыру туралы мәселені қарайды.

      7. Тараптар арасында келісім немесе уағдаластық болмаған кезде мынадай қағидалар қолданылады:

      a) Тараптардың бірінің аумағында екінші Тарап қабылдаған тәркілеу туралы шешімнің орындалуы тәркіленген мүлікке меншік құқығын сұрау салынатын Тарапқа беруге алып келеді;

      b) осылайша тәркіленген мүлік сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес сатылуы мүмкін;

      c) тәркілеу туралы шешім мүліктің құнын бағалау негізінде тәркілеуді көздейтін жағдайда, осы шешімнің орындалуы сұрау салынатын Тарапты тиісті ақша сомасын төлеу міндеттемесіне қатысты кредитор етеді;

      d) тәркілеу туралы шешімді орындау жөніндегі шығыстар өндіріп алынған қаражаттың жалпы сомасынан шегеріледі;

      e) өндіріліп алынған ақша сомалары мен тәркіленген мүлікті сатудан түскен кірістер, мұны орындау бойынша шығыстар шегеріле отырып, жартысы сұрау салынатын Тарапқа және жартысы сұрау салушы Тарапқа өтеді.

18-бап Телекоммуникацияларды ұстап алу туралы сұрау салулар

      1. Қандай да бір Тараптың құзыретті органы қылмыстық тергеп-тексеру мақсаттары үшін телекоммуникацияларды ұстап алу және оларды сұрау салушы Тарапқа дереу беру туралы немесе телекоммуникацияларды ұстап алу, оларды жазу және кейіннен сұрау салушы Тарапқа беру туралы сұрау салу жібере алады.

      2. Осы сұрау салулар:

      a) ұстап алу объектісі хабарламаларды ұстап алу мүмкіндігіне ие болу үшін сұрау салынатын Тараптың техникалық көмегіне мұқтаж сұрау салушы Тараптың аумағында болған кезде;

      b) ұстап алу объектісі сұрау салынатын Тараптың аумағында болған кезде және объектінің хабарламалары осы аумақта ұстап алынуы мүмкін кезде ұсынылуы мүмкін.

      3. 5-бапта көрсетілген ақпараттан басқа, телекоммуникацияларды ұстап алу туралы сұрау салулар мынадай мәліметтерді:

      a) ұстап алу объектісінің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты;

      b) ұстап алудың қалаулы ұзақтығын және, егер мүмкін болса, телекоммуникацияларды ұстап алу туралы сұрау салуды өңдеу үшін мүмкіндікті қамтамасыз ету мақсатында жеткілікті техникалық деректерді, атап айтқанда, желілік қосылудың тиісті нөмірін қамтуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Тарап 2-тармақтың а) тармақшасына сәйкес ұсынылған сұрау салулар бойынша 3-тармақта көрсетілген ақпарат алынғаннан кейін көмек көрсетеді.

      5. Сұрау салынатын Тарап 2-тармақтың b) тармақшасына сәйкес ұсынылған сұрау салуларды, егер өз еліндегі ұқсас іс бойынша телефон хабарламаларын ұстап алу туралы өкім берілуі мүмкін болса, 3-тармақта көрсетілген ақпарат алынғаннан кейін қанағаттандырады.

      6. Егер Сұрау салушы Тарап телекоммуникациялық хабарламаларды жазу мақсатында оларды ұстап алу туралы сұрау салса, сұрау салушы Тарап жазбаның стенограммасын да сұрай алады.

19-бап Қылмыстық қудалау мақсатында құқық бұзушылықтар туралы хабар беру

      1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа оның аумағында тиісті адамдарды қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алу үшін соңғысының юрисдикциясына жататын қылмыстық құқық бұзушылық болуы мүмкін фактілер туралы хабарлай алады.

      2. Сұрау салынатын Тарап осы хабарламадан кейін қабылданған шаралар туралы хабардар етеді және егер шешім қабылданған болса, оның көшірмесін береді.

      3. Қылмыстық қудалау мақсатындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарлама жазбаша нысанда немесе алушы Тарапқа оның төлнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін жағдайларда оның жазбаша растауын алуға мүмкіндік беретін кез келген құралдардың көмегімен жасалады.

      4. Егер қылмыстық қудалау мақсатында құқық бұзушылықтар туралы хабарламадан тиісті фактілер туралы хабардар болған Тарап қандай да бір адамды қылмыстық қудаласа, осы Тараптың құзыретті органдары кінәлі адам үшін өлім жазасын немесе қатыгез және адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасты талап ете алмайды, ал егер жазаның немесе қарым-қатынастың мұндай түрлері тағайындалған болса, олар орындалмайды.

20-бап Бастамашылықпен ақпарат алмасу

      1. Өзінің ұлттық заңнамасы шегінде екі Тараптың құзыретті органдары ақпарат беру кезінде олар үшін жазалау немесе оларды қарау адресат органның құзыретіне жататын қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерге қатысты ақпарат беруді немесе алмасуды тиісті сұрау салусыз жүзеге асыра алады.

      2. Ақпарат беретін орган өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес адресат органның оны пайдалануы үшін белгілі бір шарттар белгілей алады.

      3. Адресат орган, егер ол ақпараттың сипаты туралы алдын ала хабардар етіле отырып, оны қабылдауға келіссе, осы шарттарды сақтауға міндетті.

      4. Бастамашылықпен ақпарат алмасу 5-баптың 3-тармағының ережелеріне сәйкес бір Тараптан екінші Тарапқа жүргізіледі және жүзеге асырылады.

21-бап Соттылық туралы анықтамалар

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің құзыретті органдары осындай жағдайда мұндай мәліметтерді өздері ала алатындай шамада және 2-баптың ережелері сақталған жағдайда қылмыстық істің мақсаттары үшін сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары өзінен сұрататын соттылық туралы анықтамаларды және барлық осыған байланысты мәліметтерді ұсынады.

      2. 1-тармақта көзделмеген басқа жағдайларда сұрау салушы Тараптың сұрау салуы сұрау салынатын Тараптың заңнамасында, нормативтік актілерінде немесе практикасында көзделген шарттарға сәйкес қанағаттандырылады.

      3. Қазақстан Республикасы атынан Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құзыретті қызмет болып табылады. Француз Республикасы атынан Сот тіркеуінің ұлттық тізілімі құзыретті қызмет болып табылады. Әрбір Тарап екінші Тарапты құзыретті қызметтің кез келген өзгерісі туралы хабардар етеді.

      4. Сұрау салуларды сұрау салушы Тараптың құзыретті қызметі 5-баптың 3 және 4-тармақтарының ережелеріне сәйкес сұрау салынатын Тараптың құзыретті қызметіне жібереді.

22-бап Сотталу туралы хабарламалармен алмасу

      1. Өз заңнамасына сәйкес Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа сот тіркеуінің тізіліміне енгізілген және өзінің тиісті сот органдары екінші Тараптың азаматтарына қатысты шығарған қылмыстық істер бойынша түпкілікті айыптау үкімдері туралы хабарламалар жібереді. Бұдан басқа, ол осы үкімдерге қатысты кейінгі шаралар туралы хабарламалар жібереді.

      2. Қазақстан Республикасы атынан Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құзыретті қызмет болып табылады. Француз Республикасы атынан Сот тіркеуінің ұлттық тізілімі құзыретті қызмет болып табылады. Әрбір Тарап екінші Тарапқа құзыретті қызметтің кез келген өзгерісі туралы хабар береді.

      3. Бұл хабарламалар кемінде 6 айда бір рет құзыретті қызмет арқылы жіберіледі.

      4. Осы хабарламалар алдын ала аударылуға жатпайды.

23-бап Құпиялылық және өзіндік ерекшелік

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасында көзделген шарттарға сәйкес сұрау салудың және оның мазмұнының құпия сипатын сақтайды. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол соған қарамастан оны орындау керектігі немесе керек еместігі туралы шешім қабылдайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап осы Шартқа сәйкес берілген ақпараттың немесе дәлелдемелердің құпия болып қалуын не ашылуын немесе өзі айқындаған ережелер мен талаптарға сәйкес қана пайдаланылуын талап ете алады. Сұрау салынатын Тарап осы шарттарды пайдалануға ниет білдірген жағдайда, ол бұл туралы сұрау салушы Тарапқа алдын ала хабар береді. Егер сұрау салушы Тарап осы ережелермен және талаптармен келіссе, сұрау салушы Тарап оларды сақтауға міндетті. Олай болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап өзара көмек көрсетуден бас тарта алады.

      3. Сұрау салушы Тарап осы Шартқа сәйкес ұсынылған немесе алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді сұрау салынатын Тараптың алдын ала келісімінсіз сұрау салуда көрсетілгеннен өзге мақсаттарда аша алмайды немесе пайдалана алмайды.

      4. Егер 20-баптың 2-тармағына сәйкес ақпаратты немесе дәлелдемелерді пайдалануға қатысты талаптар белгіленсе, бұл талаптардың күші осы баптың ережелеріне қарағанда басым болады. Мұндай талаптар болмаған кезде осы баптың ережелері қолданылады.

24-бап Дербес деректерді қорғау

      1. Осы Шартқа сәйкес әзірленген сұрау салуға байланысты бір Тарап екінші Тарапқа берген дербес деректерді олар берілген Тарап мынадай мақсаттарда ғана:

      a) осы Шарт қолданылатын талқылаулар үшін;

      b) а) тармақшасында көрсетілген талқылауларға тікелей байланысты басқа да сот және әкімшілік талқылаулар үшін;

      c) қоғамдық қауіпсіздікке кенеттен және елеулі қатерді болғызбау үшін пайдалана алады.

      2. Бұл деректер басқа мақсаттарда, оның ішінде кейіннен үшінші мемлекетке немесе халықаралық ұйымға беру үшін, егер бұған осы деректерді бастапқыда берген Тараптың келісімі және қажет болған кезде тиісті адамның келісімі алдын ала берілген болса ғана пайдаланылуы мүмкін.

      3. Дербес деректері осы Шартқа сәйкес берілетін кез келген адамның осы деректер бұзылған жағдайда құқықтық қорғалу құралдарына құқығы бар.

      4. Әрбір Тарап осы Шартқа сәйкес берілетін деректердің қауіпсіздігін сақтау үшін және атап айтқанда, олардың бұрмалануын, бүлінуін немесе оларға үшінші тұлғалардың рұқсатсыз қол жеткізуін болғызбау үшін барлық қажетті сақтық шараларын қабылдайды.

25-бап Заңдастырудан босату

      Осы Шартқа сәйкес берілетін материалдар мен құжаттар заңдастырумен байланысты кез келген формалдылықтан босатылады.

26-бап Шығыстар

      1. 8-баптың 6-тармағының және 10-баптың 7-тармағының ережелері сақталған жағдайда өзара көмек туралы сұрау салуларды орындау сұрау салынатын Тараптың аумағында сарапшыларды тартуға және 11, 12-баптарға сәйкес жүзеге асырылатын күзетпен ұсталатын адамдарды беруге байланысты шығыстарды қоспағанда, ешқандай шығыстарды өтеуге алып келмейді.

      2. Егер сұрау салуды орындау кезінде оны қанағаттандыру үшін күтпеген сипаттағы шығыстар талап етілетіні анықталса, Тараптар оны орындау жалғасуы мүмкін болатын тәртіп пен шарттарды белгілеу үшін консультациялар жүргізеді.

27-бап Басқа халықаралық шарттармен немесе келісімдермен арақатынасы

      Осы Шарт Тараптардың біреуі немесе екі Тарап та қатысушылары болып табылатын кез келген басқа шарттардан, конвенциялардан немесе келісімдерден туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

28-бап Консультациялар

      Осы Шартты түсіндіру және қолдану мәселелері бойынша Тараптар консультацияларды дипломатиялық арналар арқылы жүргізеді.

29-бап Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Шартты орындауға немесе түсіндіруге байланысты туындауы мүмкін келіспеушіліктер Тараптар арасындағы тікелей келіссөздер арқылы жазбаша нысанда және дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

30-бап Уақыт тұрғысынан қолдану

      Осы Шарт күшіне енгеннен кейін ұсынылған қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы кез келген сұрау салуға, тіпті өзара көмек сұратылатын құқық бұзушылық бұрын жасалған болса да, қолданылады.

31-бап Өзгерістер

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Өзгерістер Шарттың күшіне енуіне қатысты 32-баптың ережелеріне сәйкес күшіне енеді.

32-бап Қорытынды ережелер

      1. Тараптардың әрқайсысы осы Шарттың күшіне енуі үшін өзінің ішкі заңнамасымен талап етілетін рәсімдердің орындалуы туралы екінші Тарапты хабардар етеді.

      2. Осы Шарт соңғы хабарлама алынған күннен бастап екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

      3. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы күшін жою туралы хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта осы Шарттың күшін жоя алады. Күшін жою көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап алтыншы айдың бірінші күні күшіне енеді. Соған қарамастан осы Шарттың күшін жою күшіне енген күнге дейін алынған қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы сұрау салулар оның ережелеріне сәйкес қаралады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН екі Тараптың уәкілеттік берілген өкілдері осы Шартқа қол қойды.

      2021 жылғы 28 қазанда Нұр-Сұлтанда қазақ және француз тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫ
      ҮШІН ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады