Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 27 ақпандағы № 204-VII ҚРЗ.

      2021 жылғы 22 қарашада Мәскеуде жасалған Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) ережелерін негізге ала отырып,

      Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде (бұдан әрі - Одақ) техникалық реттеу саласындағы интеграциялау процестерін тереңдету қажеттігін мойындай отырып,

      1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісімге 1А қосымшасында қамтылған Дүниежүзілік сауда ұйымының саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімінде белгіленген қағидалар мен қағидаттарды назарға ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен Одақтың техникалық регламенттерін техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімдермен өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып, Одақтың осындай елдермен халықаралық шарттар (бұдан әрі - Одақтың халықаралық шарттары) жасасуы арқылы жүзеге асырылады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегілерді білдіретін мынадай ұғымдар қолданылады:

      "сәйкестікті бағалау туралы құжаттар" - Шартқа, Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына және (немесе) Еуразиялық экономикалық комиссияның актілеріне не үшінші елдердің заңнамасына сай сәйкестікті бағалау нәтижелері бойынша ресімделетін құжаттар;

      "өзара саудадағы техникалық кедергілер" - техникалық реттеу саласындағы талаптардың, оның ішінде Одақтың техникалық регламенттерінің, Одақ шеңберінде қолданылатын стандарттардың және сәйкестікті бағалау рәсімдерінің мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасында кедергі жасайтын өнімдердің аттас түрлеріне қатысты үшінші елде қолданылатын техникалық реттеу саласындағы талаптардан, оның ішінде техникалық реттеу объектілеріне, үшінші ел аумағында қолдану үшін міндетті талаптарды регламенттейтін нормативтік-техникалық құжаттардан, стандарттар және сәйкестікті бағалау рәсімдерінен айырмашылықтары;

      "үшінші ел" - Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекет немесе мемлекеттер бірлестігі.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта айқындалған мәндерінде қолданылады.

3-бап

      Одақтың халықаралық шарттарын жасасу:

      Одақ шеңберінде айналысқа шығарылатын өнімдердің Одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету және үшінші елдің аумағында айналысқа шығарылатын өнімдердің үшінші елдің заңнамасымен белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;

      Одақ шеңберінде айналысқа шығарылатын өнімге қатысты Одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген міндетті талаптар мен үшінші елдің аумағында айналысқа шығарылатын өнімдерге қатысты үшінші елдің заңнамасында белгіленген талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін мойындау;

      үшінші елде үшінші елдің заңнамасына сәйкес құзыретті (уәкілетті) орган ретінде айқындалған және аккредиттеу саласындағы халықаралық стандарттар талаптарына сай сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуді жүзеге асыратын аккредиттеу органының болуы;

      мүше мемлекеттердің және үшінші елдің аккредиттеу жөніндегі органдарының мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің өзара салыстырмалы бағалауларын аккредиттеу саласындағы халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес жүзеге асыруы арқылы аталған рәсімдердің тең мәнділігін қамтамасыз ету;

      Одақ шеңберінде және үшінші елде жүргізілетін сәйкестікті бағалау рәсімдерінің тең мәнділігін қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттер және тиісінше үшінші ел уәкілеттік берген (тағайындаған) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар алған, техникалық реттеу объектілерінің міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін мүше мемлекеттердің және үшінші елдердің өзара мойындау (бұдан әрі - сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындау) талаптарын орындау мүмкіндігі ескеріліп жүзеге асырылады.

4-бап

      Одақтың халықаралық шарттары, әдетте:

      осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген шарттар ескеріле отырып, мүше мемлекеттердің және үшінші елдің міндеттемелерін көздейтін ережелерді;

      техникалық кедергілері жойылатын өнімдердің (өнім топтарының, түрлерінің) (бұдан әрі - техникалық кедергілері жойылатын өнімдер) тізбесін;

      техникалық кедергілер жойылатын өнімге қойылатын талаптар белгіленетін құжаттардың тізбесін;

      мүше мемлекеттердің және үшінші елдің техникалық кедергілері жойылатын өнімдерге қойылатын талаптар белгіленетін құжаттармен, сондай-ақ аталған құжаттарға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат алмасу жөніндегі міндеттемесін;

      мүше мемлекеттердің заңнамасына және үшінші елдің заңнамасына сай сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарға уәкілеттік беру (тағайындау) туралы ережелерді;

      мүше мемлекеттердің және үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органдар туралы ақпарат алмасу тәртібін айқындайтын ережелерді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің және үшінші елдің Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) аталған ақпаратты ұсыну жөніндегі міндеттемелерін;

      сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындау тәртібін көздейтін ережелерді;

      мүше мемлекеттердің және үшінші елдің аккредиттеу жөніндегі органдарының сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеудің қолданылатын рәсімдерін өзара салыстырмалы бағалауларды жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдерін көздейтін ережелерді;

      сәйкестікті бағалау нәтижелерін озара мойындау жөніндегі жұмыстың қорытындыларымен байланысты даулы мәселелерді шешу тәртібін;

      өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою мәселелеріне қатысты өзге де ережелерді қамтуға тиіс.

5-бап

      Одақтың халықаралық шарттары, әдетте, сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындауға байланысты мынадай ережелерді:

      өтінім берушінің мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің тиісті органы берген сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды (оның ішінде зерттеулер (сынақтар) немесе өлшемдер хаттамаларын не өзге құжаттарды) мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органына табыс етуін;

      мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органның өтінім беруші табыс еткен сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды қарау тәртібін;

      мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органының сәйкестікті бағалау нәтижелерін мойындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдауын;

      өнімдердің Одақтың техникалық регламенттерінде немесе үшінші елдің заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растау мақсатында техникалық кедергілері жойылатын өнімдерге мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органының қосымша зерттеулер (сынақтар) немесе өлшемдер жүргізуін;

      Одақ шеңберінде және үшінші елде қолданылатын қосымша сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүргізуді;

      сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындау жөніндегі жұмыстардың қорытындылары негізінде Комиссияның актілерінде немесе үшінші елдің заңнамасында белгіленген нысан бойынша мүше мемлекеттің немесе үшінші елдің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органының сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды беруін не беруден бас тартуын қамтиды.

6-бап

      Мүше мемлекеттердің Одақтың мүшесі болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жою Одақтың мүшелері болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен саудадағы техникалық кедергілерді жою мәселелерін реттейтін Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар және барлық мүше мемлекеттер қатысушылары болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық шарттары ескеріле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

7-бап

      1. Мүше мемлекеттер уәкілеттік берген (тағайындаған) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындауды осы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      Аталған органдардың өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда олар берген құжаттардың қолданысы мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады.

      2. Комиссия сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің және үшінші елдердің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органдарының тізілімін жүргізеді. Көрсетілген тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін Комиссия белгілейді.

      3. Мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органы болып табылмайтын сәйкестікті бағалау жөніндегі органының сәйкестікті бағалау нәтижелерін мойындау жөніндегі жұмысты жүргізуіне:

      а) мүше мемлекеттің сәйкестікті бағалау жөніндегі органын осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретінде тіркеу;

      б) мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы берген, кемінде 2 жыл қолданыста болған аккредиттеу аттестатының болуы немесе егер ол мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы берген аккредиттеу мәртебесінің болуы;

      в) сәйкестікті бағалау жөніндегі органды аккредиттеу саласында техникалық кедергілері жойылатын өнімдердің болуы;

      г) мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы берген (табыс еткен) аккредиттеу аттестатының (мәртебесінің) қолданыс мерзімі ішінде Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін техникалық кедергілері жойылатын өнімдердің Одақ шеңберінде айналысқа шығарылуына әкеп соғатын бұзушылықтардың болмауы;

      д) сәйкестікті бағалау жөніндегі органда техникалық кедергілері жойылатын өнімдерге зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізуді қамтамасыз ететін сынақ базасының болуы немесе құрамына сәйкестікті бағалау жөніндегі орган кіретін заңды тұлға құрамындағы сынақ зертханасында техникалық кедергілері жойылатын өнімдерге зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізуді қамтамасыз ететін сынақ базасының болуы шарттары сақталған кезде жол беріледі.

8-бап

      1. Мүше мемлекеттер осы Келісім күшіне енген күнге дейін мүше мемлекеттер үшінші елдермен жасасқан Одақтың техникалық регламенттерінің техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімдерге қатысты екіжақты халықаралық шарттар туралы ақпаратты, осы екіжақты халықаралық шарттардың көшірмелерін, сондай-ақ техникалық кедергілері жойылатын өнімдердің тізбелерін және сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара мойындау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының тізбелерін осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде Комиссияға ұсынады.

      2. Комиссия осы баптың 1-тармағында көрсетілген Одақтың жасалған халықаралық шарттары мен екіжақты халықаралық шарттары туралы ақпаратты (техникалық кедергілері жойылатын өнімдер туралы мәліметтерді және мүше мемлекеттердің және үшінші елдердің сәйкестікті бағалау жөніндегі уәкілетті (тағайындалған) органдарының тізбесін қоса алғанда) "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі Одақтың ресми сайтына орналастыруды қамтамасыз етеді.

9-бап

      1. Осы Келісім мүше мемлекеттердің құқықтарына қысым жасамайды және осы Келісім күшіне енгенге дейін жасалған және өздері олардың қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан, сондай-ақ олардың халықаралық ұйымдарға мүшелігінен туындайтын міндеттемелерін қозғамайды.

      2. Осы Келісім мүше мемлекеттерге осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарына қайшы келмейтін, Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдермен сауда жасауға техникалық кедергілерді жою мәселелері жөнінде халықаралық шарттар жасасуға кедергі келтірмейді.

      3. Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      4. Осы Келісімді қолдануға және (немесе) түсіндіруге байланысты даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

10-бап

      1. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

      2. Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2021 жылғы "22" қарашада Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін

      Осы арқылы аталған мәтіннің 2021 жылғы 22 қарашада Мәскеу қаласында:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Вице-премьер-министрі М.Г. Григорян;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары И.В. Петришенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Ә.А. Смайылов;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары А.О. Кожошев;

      Ресей Федерация үшін - Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары - A.JI. Оверчук қол қойған Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімнің толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссияның
Құқықтық департаментінің директоры
В. И. Тараскин

      Осымен қоса беріліп отырған мәтін Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің орынбасары
      Сауда және интеграция министрі С. Жұманғарин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады