Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 15 наурыздағы № 211-VII ҚРЗ.

      2022 жылғы 19 сәуірде Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты және 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,

      Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде экономикалық интеграцияны дамытудың қажеттілігін мойындай отырып,

      мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдарды ұйымдастыру кезінде заманауи техникалық және технологиялық шешімдерді пайдалануды кеңейтуге, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік және мемлекеттік бақылаудың өзге де түріндегі шараларды қолдануды барынша азайтуға ұмтыла отырып,

      Одақтың ішкі нарығында тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "навигациялық пломбаны іске қосу" - салынған навигациялық пломбаны ұлттық оператордың ақпараттық жүйесінде бақылауға қою және қадағалау объектісін бақылауды бастау;

      "навигациялық пломбаны істен шығару" - салынған навигациялық пломбаны ұлттық оператордың ақпараттық жүйесіндегі бақылаудан алу және қадағалау объектісін бақылауды аяқтау;

      "навигациялық пломбаны пломбалау элементінің тұйықталуы" - навигациялық пломбаны пломбалау элементінің тұтастығын бақылау жүйесін қашықтықтан да, арнайы құрылғыны пайдалана отырып та жүзеге асыруға болатын ұлттық оператордың ақпараттық жүйесі мүмкіндіктерін пайдалана отырып қосу;

      "бақылаушы орган" - функциясына осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру кіретін мүше мемлекеттің мемлекеттік органы (ұйымы);

      "қадағалау объектісін бақылау" - навигациялық пломбадан түсетін ақпаратты (штаттан тыс жағдайлар және (немесе) санкцияланбаған әрекеттер туралы ақпаратты қоса алғанда) қабылдау және өңдеу процесі;

      "навигациялық пломба" - навигациялық спутниктік жүйелер технологиялары негізінде жұмыс істейтін және қадағалау объектісіне қатысы бар ақпаратты беруді қамтамасыз ететін пломбалау элементінен және электрондық блоктан тұратын техникалық құрылғы;

      "навигациялық пломбаны салу" - навигациялық пломбаны қадағалау объектілері орналасқан көлік құралының (контейнердің) жүк орынжайларының (бөліктерінің) және есіктерінің және жабу жүйелерінің бекіту құрылғыларына не көлік құралының өзге орнына (көлік құралы түрінің және тасымалдау технологиясының ерекшеліктерін ескере отырып), не қадағалау объектісінің өзіне және пломбалау элементінің тұйықталуына физикалық түрде ілу процесі;

      "ұлттық оператор" - навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, қадағалау объектілерінің тасымалдарын қадағалауды қамтамасыз ететін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес Ұлттық оператор ретінде айқындалған осы мемлекеттің заңды тұлғасы;

      "қадағалау объектісі" - тауарлар (өнімдер), көлік құралдары;

      "тасымалдауды қадағалау" - навигациялық пломбаны іске қосуды, қадағалау объектісін бақылауды, навигациялық пломбаны істен шығаруды және қадағалау объектісін бақылау процесінде алынған деректерді беруді қамтитын процесс;

      "навигациялық пломбаның пломбалау элементін ажырату" - қашықтықтан да, сондай-ақ арнайы құрылғыны пайдалана отырып жүзеге асыруға болатын навигациялық пломбаны пломбалау элементінің тұтастығын бақылау жүйесін ұлттық оператордың ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып ажырату;

      "навигациялық пломбаны алу" - навигациялық пломбаның пломбалау элементін ажыратуды және оны қадағалау объектілері орналасқан көлік құралының (контейнердің) жүк орынжайларының (бөліктерінің) есіктері мен жабу жүйелерінің бекіту құрылғыларынан не көлік құралының өзге де орнынан (көлік құралы түрінің және тасымалдау технологиясының ерекшеліктерін ескере отырып) не қадағалау объектісінің өзінен физикалық түрде алуды қамтитын процесс.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда қолданылады.

2-бап

      1. Осы Келісім екі және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін қадағалау объектілерінің тасымалдауын қадағалау (бұдан әрі - мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдарды қадағалау) үшін Одақта навигациялық пломбаларды қолдануды реттеу негіздерін және осындай қадағалауды жүзеге асыруды ұйымдастыру тетігін айқындайды.

      2. Осы Келісімнің ережелері мынадай:

      бір мүше мемлекеттің аумағында басталып, екінші мүше мемлекеттің аумағында аяқталатын;

      мүше мемлекеттің аумағында басталып, екі және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүзеге асырылатын және олар басталған мүше мемлекеттің аумағында аяқталатын;

      Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде басталып, екі және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүзеге асырылатын және мүше мемлекеттердің бірінің аумағында аяқталатын;

      бір мүше мемлекеттің аумағында басталып, екі және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүзеге асырылатын және Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде аяқталатын;

      Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде басталып, екі және одан да көп мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүзеге асырылатын және Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде аяқталатын тасымалдауларды қадағалауға қатысты қолданылады.

      3. Осы Келісімнің ережелері Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) айқындайтын өзге де міндеттерді шешу кезінде қолданылуы мүмкін.

      4. Тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану кезінде кедендік және мемлекеттік бақылаудың өзге де түрлерінің нысандарын, сондай-ақ осындай бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шаралар мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы қадағалау объектілерін тасымалдау процесінде осындай нысандар мен шаралардың іріктемелік қағидатын негізге ала отырып айқындалған жағдайларда, оның ішінде көлік құралдарының жүк сыйымдылықтарының ішіндегісін жете тексеріп қарауды (қарап тексеруді) азайту мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып бақылаушы органның шешімі бойынша қолданылады.

      Бұл ретте:

      Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауарлар номенклатурасының (бұдан әрі - ЕАЭО СЭҚ ТН) 2203 00, 2204, 2205, 2206 00, 2207 және 2208 тауар позицияларында жіктелетін алкоголь өнімдерін, ЕАЭО СЭҚ ТН 2401, 2402 және 2403 тауар позицияларында жіктелетін темекі, темекі өнімдерін;

      бір немесе бірнеше мүше мемлекет оларға қатысты арнайы экономикалық шаралар қолданатын тауарларды;

      оларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері 500 мың АҚШ долларына баламалы сомадан асатын тауарларды тасымалдауды қадағалау жағдайларын қоспағанда, кедендік алып жүруді навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, бір мезгілде қолдануға жол берілмейді.

      Тасымалдарды қадағалау кезінде алынатын ақпарат кедендік және өзге де бақылаушы органдар тарапынан бақылау шараларын барынша азайту мақсатында пайдаланылады.

      Навигациялық пломбаларды қолдана отырып, осы Келісімге сәйкес мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалданатын тауарларға (өнімдерге) қатысты мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүргізуді мониторингтеу мақсатында бақылаушы органдар арасында тасымалдау процесінде қабылданған шаралар мен бақылау нысандары туралы ақпарат алмасу тәртібін Комиссия айқындайды.

3-бап

      1. Одақта навигациялық пломбалар осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көрсетілген мынадай қадағалау объектілерін:

      1) автомобиль және (немесе) темір жол көлігі түрлерімен кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды;

      2) көрсетілген арнайы экономикалық шаралар қолданылатын мүше мемлекеттің аумағы арқылы өтетін осындай тасымалдар жүзеге асырылмайтын жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты бір немесе бірнеше мүше мемлекеттер арнайы экономикалық шаралар қолданатын (экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, сондай-ақ өзара сауда шеңберінде мүше мемлекеттер арасында өткізілетін), автомобиль және (немесе) теміржол көлігі түрлерімен тасымалданатын тауарларды;

      3) экспорттың кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін немесе өзара саудасы шеңберінде мүше мемлекеттер арасында автомобиль және (немесе) теміржол көлігі түрлерімен өткізілетін ЕАЭО СЭҚ ТН 2203 00, 2204, 2205, 2206 00, 2207 және 2208 тауар позицияларында жіктелетін алкоголь өнімдерін, 2401, 2402 және 2403 тауар позицияларында жіктелетін темекі, темекі өнімдерін;

      4) Комиссия айқындайтын автомобиль және (немесе) темір жол көлігі түрлерімен тасымалданатын өзге де қадағалау объектілерін тасымалдауды қадағалау үшін қолданылады.

      2. Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар не Комиссия:

      1) тауарларды және (немесе) тауарлардың санаттарын, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау навигациялық пломбаларды қолдана отырып қадағалауға жатпайтын жағдайлар және (немесе) шарттар;

      2) навигациялық пломбалар осы баптың 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген немесе осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Комиссия айқындаған қадағалау объектілерін осы тармақшаларда көрсетілген көлік түрлеріне қарағанда көліктің өзге де түрлерімен жүзеге асырылатын тасымалдау кезінде оларды қадағалау үшін қолданылатын жағдайларды;

      3) қадағалау объектісін навигациялық пломбалардың қажетті санымен (оның ішінде қадағалау объектілеріне немесе олар тасымалданатын көлік түрлеріне байланысты) қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды;

      4) мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау және (немесе) бақылаушы органдардың осындай қадағалау нәтижелерін пайдалану шарттарын айқындауы мүмкін.

      3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген қадағалау объектілерінің тасымалдауын қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық шараларды қолданатын мүше мемлекеттер Комиссияға осындай қадағалау объектілері туралы ақпарат береді.

      Комиссия осындай ақпарат келіп түскен күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей оның Одақтың ресми сайтында тізілім түрінде орналастырылуын қамтамасыз етеді. Тізілімінің нысанын, мүше мемлекеттердің оларға қатысты арнайы экономикалық шаралар қолданылатын тауарлар туралы ақпаратты ұсыну құрамы мен тәртібін Комиссия айқындайды.

4-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, ұлттық операторлар қамтамасыз етеді.

      2. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына (ұйымдарына) жүктелуі мүмкін. Бұл жағдайда осы Келісімнің ұлттық операторларға қатысты ережелері осындай мемлекеттік органдарға (ұйымдарға) қолданылады.

      3. Мүше мемлекет осы мемлекеттің бақылаушы органдарымен және екінші мүше мемлекеттердің уәкілетті операторларымен (органдарымен) өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті ұлттық операторды немесе мүше мемлекеттің атқарушы билік органын (бұдан әрі - уәкілетті оператор (орган)) айқындайды және олар туралы Комиссияны хабардар етеді.

      Комиссия осындай ақпаратты алған күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде оны мүше мемлекеттердің назарына жеткізеді.

      4. Мүше мемлекетте ұлттық операторлар мен осы мүше мемлекеттің уәкілетті операторы (органы) арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ олар алмасатын мәліметтердің құрамы осы Келісімнің 12-бабы 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.

5-бап

      1. Ұлттық оператор тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы тұрақты негізде мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдарды қадағалау үшін қолданылатын ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз етеді.

      Көрсетілген міндетті орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін ұлттық оператор ол ұлттық оператор ретінде айқындалған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

      2. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін қолданылатын ұлттық операторлардың ақпараттық жүйелері мыналарды:

      тасымалдаудың бірегей нөмірін қалыптастыруды;

      навигациялық пломбадан оның жай-күйі және орналасқан жерінің географиялық координаттары туралы ақпаратты қабылдауды және өңдеуді;

      мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін әрбір қадағаланатын тасымалдау бойынша Комиссия айқындайтын осындай тасымалдауға жататын мәліметтерді (оның ішінде навигациялық пломбаны іске қосу және белсенділігін жою фактілері туралы мәліметтер), сондай-ақ навигациялық пломбадан және ақпараттық жүйеде өңделген ақпаратты есепке алуды және сақтауды;

      аумағында ұлттық оператор қызметін жүзеге асыратын уәкілетті оператордың (органның) ақпараттық жүйесімен өзара ақпараттық іс-қимыл жасау және осы Келісімнің 4-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалған мәліметтерді оның ақпараттық жүйесіне (егер мүше мемлекетте ұлттық оператор және уәкілетті оператор (орган) әртүрлі тұлғалар болған жағдайда) нақты уақыт режимінде беру;

      нақты уақыт режимінде аумағы арқылы өтетін қадағалау объектілері тасымалданатын (тасымалдау) мүше мемлекеттің уәкілетті операторының (органының) ақпараттық жүйесіне осы Келісімнің 12-бабының 2-тармағының екінші абзацына сәйкес Комиссия айқындаған мәліметтерді беруді (егер мүше мемлекетте ұлттық оператор және уәкілетті оператор (орган) бір тұлға болған жағдайда);

      басқа да мүше мемлекеттердің уәкілетті операторларының (органдарының) ақпараттық жүйелерімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау (егер мүше мемлекетте ұлттық оператор және уәкілетті оператор (орган) бір тұлға болған жағдайда);

      аумағында ұлттық оператор қызметін жүзеге асыратын мүше мемлекеттің бақылаушы органдарының ақпараттық жүйелерімен нақты уақыт режимінде ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды (егер мүше мемлекетте ұлттық оператор және уәкілетті оператор (орган) бір тұлға болған жағдайда) қамтамасыз етілуі тиіс.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасында ұлттық операторлардың ақпараттық жүйелеріне, оның ішінде олардың ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағының төртінші абзацында көрсетілген мәліметтер мен ақпарат кемінде 3 жыл не мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген неғұрлым ұзақ мерзім ішінде сақталады. Көрсетілген сақтау мерзімі нақты тасымалдауды қадағалау кезінде пайдаланылған навигациялық пломбаның белсенділігін жою күнінен кейінгі күннен бастап есептеледі.

6-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін Комиссия айқындайтын талаптарға жауап беретін навигациялық пломбалар қолданылады.

      2. Мүше мемлекеттердің ұлттық операторларының ақпараттық жүйелерінде тіркелген навигациялық пломбалар қандай мүше мемлекеттің ұлттық операторы тасымалдауды қадағалауды жүзеге асыратынына қарамастан, барлық мүше мемлекеттердің аумақтарында қолданылуы мүмкін.

      3. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін пайдаланылатын навигациялық пломбалардың саны не қадағалау объектілері орналасқан көлік құралының (контейнердің) жүк тиейтін орынжайларының (бөліктерінің) саны және (немесе) конструктивтік ерекшеліктері, не егер олар тікелей осындай объектілерге салынатын болса, қадағалау объектілерінің саны негізге алына отырып айқындалады.

      4. Навигациялық пломбаларды бақылаушы органдар Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес қадағалау объектілерін немесе қадағалау объектілері орналасқан көлік құралының (контейнердің) жүк орынжайларын (бөліктерін) сәйкестендіру мақсатында, оларды көлік құралының (контейнердің) пломбаланған жүк орынжайларынан (бөліктерінен) шығарып алуға немесе оларды көрінетін із қалдырмай ашып, осындай жүк орынжайларына (бөліктерге) салуға жол бермеу үшін пайдалануы мүмкін.

7-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін пайдаланылатын навигациялық пломбада мынадай мәліметтер:

      навигациялық пломбаның бірегей сәйкестендіру нөмірі;

      өзі ақпараттық жүйеде тіркелген ұлттық оператор туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      2. Нақты тасымалдауды қадағалау кезеңінде навигациялық пломба мыналар:

      осы Келісімнің 9-бабына сәйкес тасымалдауды қадағалауды жүзеге асыратын ұлттық оператордың ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған тасымалдаудың бірегей нөмірі;

      транзиттік декларацияның тіркеу нөмірі (кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты), тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірі (кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты) немесе көліктік (тасымалдау) құжаттарының нөмірі (нөмірлері) (мүше мемлекеттердің өзара саудасы шеңберінде Одақ тауарларын тасымалдау кезінде);

      кедендік декларациядан алынған мәліметтер (бар болған кезде);

      тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарлар мен халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына қатысты кедендік бақылауды жүргізу туралы ақпаратты, сондай-ақ инспекциялық-тексеріп қарау кешенін (бар болған кезде) пайдалана отырып, кедендік бақылауды жүргізу кезінде алынған суреттерді және кедендік жете тексеріп қарау актілерін (бар болған кезде) қоса алғанда, оны жүргізу нәтижелері бойынша ресімделген электрондық құжаттар;

      тауарларды тасымалдауға ілеспе электрондық құжаттарды (мәліметтер) (кедендік декларация (бар болған кезде), көліктік (тасымалдау) құжаттар, инвойс-шот, көлік құралын (тартқышты және тіркемені) тіркеу туралы куәлік);

      Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексінің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын электрондық құжаттарды (мәліметтер) қамтуы тиіс.

      3. Комиссия навигациялық пломбаларды қолдану мақсаттарына және қадағалау объектілері тасымалданатын көлік түріне қарай нақты тасымалдауды қадағалау кезеңіне навигациялық пломба қамтуы тиіс өзге де электрондық құжаттарды (мәліметтерді) айқындауы мүмкін.

      4. Комиссия:

      тасымалдаудың бірегей нөмірінің құрылымын және нақты тасымалдауды қадағалау кезеңіне навигациялық пломбада қамтылған электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардан алынған мәліметтерді сақтауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды;

      электрондық құжаттардан және (немесе) осы баптың 2-тармағының бесінші, алтыншы (кедендік декларацияны қоспағанда) және жетінші абзацтарында көрсетілген және (немесе) осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалған құжаттардан алынған мәліметтердің құрамын;

      осы баптың 2-тармағының бесінші, алтыншы (кедендік декларацияны қоспағанда) және жетінші абзацтарында көрсетілген және (немесе) осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалған құжаттардан алынған электрондық құжаттардың және (немесе) мәліметтердің құрылымы мен форматтарын;

      навигациялық пломбада қамтылған ақпаратты қорғаудың бірыңғай шараларын айқындайды.

8-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін пайдаланылатын навигациялық пломбалар Одақтың кедендік аумағында, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерде салынады және алынады.

      Одақтың кедендік аумағында навигациялық пломбаларды салу және алу орындарын, навигациялық пломбаларды салатын (алатын) және осындай салу (алу) кезінде болатын тұлғаларды, Одақтың кедендік аумағында навигациялық пломбалар салу (алу) жөніндегі операцияларды және осы Келісімнің 7-бабының 2-тармағында көрсетілген және (немесе) осы 7-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалған құжаттарды (мәліметтерді) беру тәртібін, осындай құжаттарды (мәліметтерді) сақтау тәртібін қоса алғанда, оларды жасау тәртібін, сондай-ақ бұрын жазылған ақпаратты жою (өшіру) тәртібін Комиссия не Комиссиямен көздеген жағдайларда мүше мемлекеттердің заңнамасы айқындайды.

      2. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін ұлттық операторлардың ақпараттық жүйелерінде тіркелген және осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағына сәйкес Комиссия айқындайтын талаптарға сай келетін Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде салынған навигациялық пломбалар қолданылуы мүмкін.

      3. Қадағалау объектісіне қатысты бір навигациялық пломба мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы мүше мемлекеттердің бірінің аумағындағы жеткізу орнына дейін (осы Келісімнің 2-бабы 2-тармағының екінші-төртінші абзацтарында көрсетілген тасымалдар кезінде) немесе Одақтың кедендік аумағынан қадағалау объектісін әкету орнына дейін (осы Келісімнің 2-бабы 2-тармағының бесінші және алтыншы абзацтарында көрсетілген тасымалдар кезінде) оның бүкіл жүру (тасымалдау) жолында пайдаланылады.

      4. Навигациялық пломбаны активтендіруді және деактивтендіруді ұлттық оператор, ал егер мұндай навигациялық пломба бақылаушы органның шешімі бойынша қолданылған жағдайда - осындай бақылаушы органның рұқсатымен жүзеге асырады.

      Егер мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін аумағында осындай тасымалдауды қадағалау басталатын мүше мемлекеттен өзге мүше мемлекеттің ұлттық операторының ақпараттық жүйесінде тіркелген навигациялық пломба пайдаланылған жағдайда, бақылаушы органдар мен ұлттық операторлардың навигациялық пломбаны іске қосу және белсенділігін жою үшін қажетті іс-қимылдарын және оларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.

9-бап

      1. Қадағалау объектілерінің барлық жүру (тасымалдау) жолында мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды аумағында осындай қадағалау басталатын мүше мемлекеттің ұлттық операторы (бұдан әрі - мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды бақылайтын ұлттық оператор) жүзеге асырады.

      2. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалайтын ұлттық оператор, егер мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау үшін басқа да мүше мемлекеттің ұлттық операторының ақпараттық жүйесінде тіркелген навигациялық пломба қолданылған жағдайда, көрсетілген ұлттық оператордың ақпараттық жүйесімен навигациялық пломбаны іске қосу және істен шығару мүмкіндігін және оның ақпараттық жүйесіне ақпаратты осындай бағыттауды қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешен, ал егер оны Комиссия айқындаған болса, сондай-ақ мұндай ақпаратты уәкілетті операторлардың (органдардың) ақпараттық жүйелеріне бағыттауда пайдаланылады.

      3. Ұлттық операторы мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің уәкілетті операторы (органы), егер Комиссия өзгеше айқындамаса, нақты уақыт режимінде аумақтары арқылы өтетін қадағалау объектілері тасымалданатын басқа да мүше мемлекеттердің уәкілетті операторларына (органдарына) Комиссия айқындаған мәліметтерді осы Келісімнің 12-бабы 2-тармағының екінші абзацына сәйкес нақты уақыт режимінде беруге міндетті.

      4. Аумақтар арқылы өтетін қадағалау объектілері тасымалданатын мүше мемлекеттердің уәкілетті операторлары (органдары) осындай тасымалдау туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді, беруді (өз мүше мемлекеттің бақылаушы органдарына ақпарат беруді қоса алғанда) және осы баптың 3-тармағына сәйкес алынған мәліметтер негізінде өз мүше мемлекетінің аумағы арқылы оны қадағалап отыруды қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады.

10-бап

      1. Навигациялық пломба Комиссия айқындайтын жағдайларда қадағалау объектісін бақылауды тоқтатпай, мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүру (тасымалдау) жолында алынуы мүмкін.

      2. Қадағалау объектісін бақылауды тоқтатпай мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүру (тасымалдау) жолында навигациялық пломбаларды алу және оларды кейіннен салу жөніндегі операцияларды, осындай алу кезінде тартылған ұлттық операторлардың, уәкілетті операторлардың (органдардың) және бақылаушы органдардың іс-қимылдарын және оларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.

      3. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы қадағалау объектісінің жүру (тасымалдау) жолында навигациялық пломбаны ауыстыруға жол берілетін жағдайларды, навигациялық пломбаны ауыстыру жөніндегі операцияларды, осындай ауыстыру кезінде тартылған ұлттық операторлардың, уәкілетті операторлардың (органдардың) және бақылаушы органдардың іс-қимылдарын және оларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.

11-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүру (тасымалдау) жолында туындаған және штаттан тыс оқиғаларға жататын жағдайларды Комиссия айқындайды.

      2. Пломбалау элементінің ашылуы ол тіркелген ұлттық оператордың ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін пайдаланбай не осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған жүру (тасымалдау) жолында навигациялық пломбаны алу жөніндегі операцияларды жасау тәртібін бұза отырып, қадағалау объектісіне бақылауды тоқтатпай навигациялық пломбаны алу мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы жүру (тасымалдау) жолындағы санкцияланбаған әрекет болып табылады.

      3. Штаттан тыс жағдай туындаған және (немесе) санкцияланбаған әрекет жүзеге асырылған кезде мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалайтын ұлттық оператордың, штаттан тыс жағдайдың туындауы және (немесе) санкцияланбаған әрекеттің жүзеге асырылуы туралы ақпарат берілген басқа мүше мемлекеттердің ұлттық операторларының, уәкілетті операторларының (органдарының), бақылаушы органдардың олар тиісті ақпаратты алған кездегі іс-қимылын және оларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.

12-бап

      1. Уәкілетті операторлар (органдар) арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

      2. Комиссия:

      уәкілетті операторлар (органдар) алмасатын әрбір қадағаланатын тасымал бойынша мәліметтерді;

      уәкілетті операторлар (органдар) арасындағы ақпараттық, оның ішінде осы Келісімнің 8-бабы 4-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайда, сондай-ақ штаттан тыс жағдай туындаған және (немесе) санкцияланбаған әрекет жүзеге асырылған, жүру (тасымалдау) жолында навигациялық пломбаларды ауыстырған немесе алып тастаған кезде навигациялық пломбаларды іске қосу және істен шығару кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібін;

      жалпы процесті іске асыру қағидаларын және уәкілетті операторлар (органдар) арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды регламенттейтін технологиялық құжаттарды айқындайды.

13-бап

      1. Мүше мемлекеттің бақылаушы органдары мен осы мемлекеттің уәкілетті операторы (органы) арасындағы өзара іс-қимыл шеңберінде:

      уәкілетті оператор (орган) өзінің мүше мемлекетінің бақылаушы органдарына өзінің ақпараттық жүйесіне қол жеткізуді ұсынуды қамтамасыз етеді;

      уәкілетті оператор (орган) өз мүше мемлекетінің бақылаушы органына осы мемлекеттің заңнамасында айқындалған, оның ішінде қадағалау объектісі туралы, штаттан тыс жағдайдың туындағаны және (немесе) санкцияланбаған әрекеттің жүзеге асырылуы туралы мәліметтерді жеткізеді.

      2. Мүше мемлекеттің бақылаушы органдары мен осы мемлекеттің уәкілетті операторы (органы) арасында, оның ішінде осы Келісімнің 8-бабы 4-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайда, штаттан тыс жағдай туындаған және (немесе) санкцияланбаған әрекет жүзеге асырылған, жүру (тасымалдау) жолында навигациялық пломбаларды ауыстырған немесе алып тастаған кезде навигациялық пломбаларды іске қосу және белсенділігін жою кезінде өзара іс-қимылды (ақпаратты қоса алғанда) жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ уәкілетті оператор (орган) және бақылаушы органдар алмасатын мәліметтер құрамы мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

      3. Мүше мемлекеттердің заңнамасында бақылаушы органдардың уәкілетті операторлар (органдар) болып табылмайтын өз мүше мемлекетінің ұлттық операторларымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі айқындалуы мүмкін.

14-бап

      Тасымалдануы осы Келісімге сәйкес қадағаланатын қадағалау объектілеріне қатысты бақылаушы органдардың мемлекетаралық өзара ақпараттық іс-қимылы Комиссия айқындайтын тәртіппен Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

15-бап

      Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалайтын ұлттық оператор қадағалау объектісін навигациялық пломбалармен қамтамасыз етуге жауапты адамдар оның ақпараттық жүйесінде қамтылған қадағаланатын тасымалдау туралы мәліметтерді жеткізеді.

      Ұлттық оператор қадағалау объектісін навигациялық пломбалармен қамтамасыз етуге жауапты тұлғаға беретін мәліметтердің құрамы ұлттық операторы тасымалдауды қадағалауды қамтамасыз ететін мүше мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.

16-бап

      1. Ұлттық оператордың көрсетілетін қызметтеріне бағалар (тарифтер) (навигациялық пломбаларды салу (алу), мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалауды қамтамасыз ету, ақпарат беру, қадағалау объектісін навигациялық пломбалардың қажетті санымен қамтамасыз ету, комиссия айқындайтын өзге де қызметтер) осындай ұлттық оператор айқындалған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады. Ұлттық оператордың көрсетілетін қызметтеріне бағалар (тарифтер) экономикалық негізделген болуы тиіс.

      Мүше мемлекеттердің аумақтарында ұлттық операторлардың монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарының жолын кесуді мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады.

      2. Ұлттық операторлар арасындағы, оның ішінде тасымалдауды қадағалау үшін мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалайтын ұлттық оператордан өзге ұлттық оператордың ақпараттық жүйесінде тіркелген навигациялық пломбаларды пайдалану және осындай пайдалану кезінде шығындарды өтеу кезіндегі өзара қарым-қатынастар ұлттық операторлар арасындағы шарттық қатынастармен реттеледі.

17-бап

      1. Бағдарламалық-аппараттық кешен құрылғанға және қолданысқа енгізілгенге дейін осы Келісімнің 9-бабының 2-тармағын іске асыру Комиссия айқындайтын талаптарға сәйкес ұлттық операторлардың қатысуымен уәкілетті операторлар (органдар) қабылдайтын уақытша интеграциялық техникалық шешімдерді іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      2. Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, уәкілетті операторлар (органдар) арасында мәліметтер алмасуды қамтамасыз ететін Одақ шеңберінде жалпы процесті қолданысқа енгізу туралы Комиссия актісі күшіне енгенге дейін уәкілетті операторлар (органдар) арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл осы Келісімнің 12-бабы 2-тармағының екінші және үшінші абзацтарына сәйкес Комиссия айқындайтын талаптарды негізге ала отырып, ұлттық операторлардың қатысуымен уәкілетті операторлар (органдар) қабылдаған уақытша интеграциялық техникалық шешімдерді іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

18-бап

      1. Комиссия осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 180 күн ішінде осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында және 3-тармағында, 5-бабы 2-тармағының төртінші абзацында, 6-бабының 1-тармағында, 7-бабының 4-тармағында, 8-бабының 1 және 4-тармақтарында, 10-бабында, 11-бабының 1 және 3-тармақтарында, 12-бабы 2-тармағының екінші және үшінші абзацтарында және 17-бабының 1-тармағында көзделген Комиссияның өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз етеді.

      2. Мүше мемлекеттер осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде осы Келісімнің 4-бабы 3-тармағының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      3. Уәкілетті операторлар (органдар) осы Келісімнің 17-бабында көзделген уақытша интеграциялық технологиялық шешімдерді әзірлеуді осы Келісімнің 12-бабы 2-тармағының екінші және үшінші абзацтарында және 17-бабының 1-тармағында көзделген Комиссия актілері күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде қамтамасыз етеді.

      4. Мүше мемлекеттер өзінің уәкілетті операторынан (органынан) осындай ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде өзінің уәкілетті операторының (органының) осы Келісімнің 17-бабында көзделген уақытша интеграциялық техникалық шешімдерді қабылдауға дайындығы туралы Комиссияны хабардар етеді.

      5. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау осы Келісімге сәйкес осы баптың 1 - 4-тармақтарында көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін осы баптың 6-тармағында көзделген мерзімде немесе осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Комиссия айқындаған қадағалау объектілеріне қатысты Комиссия көздеген мерзімде кезең-кезеңімен қабылданатын Комиссияның шешімімен енгізіледі.

      6. Мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін тасымалдауды қадағалау:

      1) осы баптың 5-тармағында көзделген Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатындарға қатысты (осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес навигациялық пломбаларды қолдана отырып қадағалауға жатпайтындарды қоспағанда):

      автомобиль және (немесе) теміржол көлігімен, оларға қатысты бір немесе бірнеше мүше мемлекет арнайы экономикалық шаралар қолданатын тауарлар (көрсетілген арнайы экономикалық шаралар қолданылатын мүше мемлекеттің аумағы бойынша мұндай тасымалдар жүзеге асырылмайтын жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ ЕАЭО СЭҚ ТН 2203 00, 2204, 2205, 2206 00, 2207 және 2208 тауар позицияларында жіктелетін алкоголь өнімі, ЕАЭО СЭҚ ТН 2401, 2402 және 2403 тауар позицияларында жіктелетін темекі, темекі өнімдеріне;

      автомобиль көлігімен ЕАЭО СЭҚ ТН 4303, 6101 - 6106, 6110, 6401 - 6405, 8517, 8519, 8521, 8525, 8526 - 8528 тауар позицияларында жіктелетін тауарларға;

      2) осы баптың 5-тармағында көзделген Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң, осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қадағалау объектілеріне қатысты;

      3) осы баптың 5-тармағында көзделген Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң автомобиль көлігімен кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілгеннен өзге де тауарларға қатысты (осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес навигациялық пломбаларды қолдана отырып қадағалауға жатпайтындарды қоспағанда);

      4) осы баптың 5-тармағында көзделген Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң теміржол көлігімен кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлық позицияларында жіктелетін тауарларға қатысты ЕАЭО СЭҚ ТН 4303, 6101-6106, 6110, 6401-6405, 8517, 8519, 8521, 8525, 8526 - 8528, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге де тауарларға қатысты;

      5) Комиссияның осы баптың 5-тармағында көзделген шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 480 күн өткен соң, осы тармақтың 4-тармақшасында көрсетілгендерге қарағанда темір жол көлігімен кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын өзге де тауарларға қатысты (осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес навигациялық пломбаларды қолдана отырып қадағалауға жатпайтындарды қоспағанда) жүзеге асырыла бастайды.

      7. Мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес біржақты тәртіппен:

      осы баптың 6-тармағына сәйкес айқындалған, осы Келісімге сәйкес осындай қадағалау объектілерін тасымалдауды қадағалауды бастау күніне дейін - осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген қадағалау объектілеріне;

      осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес осындай қадағалау объектілерін айқындау кезінде Комиссия белгілеген, осы Келісімге сәйкес осындай қадағалау объектілерін тасымалдауды қадағалау басталған күнге дейін, бірақ осы баптың 5-тармағында көзделген Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 480 күннен кешіктірмей - өзге де қадағалау объектілеріне қатысты тасымалдарды қадағалауға жол беріледі.

19-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

20-бап

      Осы Келісімге ескертпелерге жол берілмейді.

21-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

22-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

23-бап

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2022 жылғы "19" сәуірде Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін

      Осы мәтін 2022 жылғы 19 сәуірде Мәскеу қаласында қол қойылған, Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімнің толық және дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын куәландырамын:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В.Пашинян;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті A.Г. Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаров;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті B.В. Путин.

      Еуразиялық экономикалық комиссияның
Құқықтық департаментінің директоры
В.И. Тараскин

      Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі тең түпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы Вице-министрі
Д.М. Кеңбеил_________________

  2022 ж. "__"___________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады