Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 15 сәуірдегі № 72-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 24-1) және 29-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "24-1) мемлекеттік отбасы саясаты саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      "29-1) отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі "111" байланыс орталығы (бұдан әрі – "111" байланыс орталығы) – ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, психологиялық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;";

      2) 2-баптың 2-тармағы 8) тармақшасындағы "қолдау қағидаттарына негізделеді." деген сөздер "қолдау;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:

      "9) неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету;

      10) балаларды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында адамгершілік және рухани жағынан тәрбиелеуді қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.";

      3) 1-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:

      "5-1-бап. Отбасын қолдау орталықтары

      1. Отбасын қолдау орталықтары халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан аудандарда және қалалардағы аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылады және (немесе) ұйымдастырылады.

      2. Отбасын қолдау орталықтары мыналарды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру;

      2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдаумен, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамтуы жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      3) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу;

      4) тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету;

      5) мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы;

      6) мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлермен, консультативтік-кеңесші органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      7) мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингтеу және талдау;

      8) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды іске асыру.

      3. Отбасын қолдау орталықтары өз қызметін мемлекеттік отбасы саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

      4. Отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіруді және оған әдістемелік басшылықты мемлекеттік отбасы саясаты саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      5. Отбасын қолдау орталықтары бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылады.";

      4) 10-тарау мынадай мазмұндағы 67-1-баппен толықтырылсын:

      "67-1-бап. "111" байланыс орталығы

      1. "111" байланыс орталығы отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық консультация береді, ұйымдастырушылық, психологиялық көмек көрсетеді, орталық мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды келіп түскен жолданымдар бойынша хабардар етеді және азаматтарға жолданымдардың орындалу мәртебесі туралы ақпарат береді.

      2. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган:

      1) "111" байланыс орталығының қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      2) "111" байланыс орталығы қызметінің және оның орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлейді және бекітеді.

      3. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды және "111" байланыс орталығына жолданымдарды қараудың қорытындылары бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат береді.";

      5) 70-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі "қамтамасыз ету" деген сөздерден кейін ", заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыру" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:

      1) 3-бапта:

      мынадай мазмұндағы 18-1) тармақпен толықтырылсын:

      "18-1) кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар – осы Кодекстің 99-бабы екінші бөлігінің 14) тармағында, үшінші бөлігінде, 105-бабының үшінші бөлігінде, 106-бабы екінші бөлігінің 11) тармағында және үшінші бөлігінде (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 107-бабы екінші бөлігінің 8) тармағында, 108-1-бабы екінші бөлігінің 8) тармағында, 110-бабы екінші бөлігінің 1) тармағында (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 116-бабы екінші бөлігінің 2) тармағында және үшінші бөлігінде (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 119-бабының екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде (қылмыстар кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 125-бабы екінші бөлігінің 5) тармағында және үшінші бөлігінде (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 126-бабы екінші бөлігінің 5) тармағында және үшінші бөлігінде (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда), 127-бабы екінші бөлігінің 3) тармағында, 133-бабының үшінші бөлігінде (қылмыс күш қолдана отырып жасалған жағдайда), 135 және 146-баптарында (қылмыс кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда) көзделген іс-әрекеттер;";

      42) тармақтағы "124 (жас балаларды азғындық жолға түсіру)" деген сөздер "124 (он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 45-баптың бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған не ауыстырылған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан оқшаулауды білдіреді.";

      "3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдерге, жас баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға тағайындалмайды және жазаны ауыстыру ретінде қолданылмайды.";

      3) 55-баптың сегізінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінің ережелері, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайды қоспағанда, мұндай қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды.";

      4) 68-баптың төртінші бөлігінде:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақпен толықтырылсын:

      "2-1) кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайды қоспағанда, мұндай қылмыстар;";

      7) тармақтағы "жасаған адамдарға қолданылмайды" деген сөздер алып тасталсын;

      8) тармақтағы "қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды." деген сөздер "қасақана қылмыс;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақпен толықтырылсын:

      "9) бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін осы Кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде осы Кодекстің 108-1 және 109-1-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылмайды.";

      5) 83-баптың бірінші бөлігінің екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәмелетке толмаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде оған тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.";

      6) 7-бөлім мынадай мазмұндағы 98-3-баппен толықтырылсын:

      "98-3-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілеу

      1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған адамға жаза тағайындау кезінде не оны қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату кезінде сот өз бастамасы бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтінішхаты бойынша оның жүріс-тұрысына үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге ерекше талаптар белгілеуі мүмкін, онда психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ:

      1) жәбірленушінің кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелерін қоса алғанда, жәбірленушінің еркіне қарамастан, оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға;

      2) атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға;

      3) алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салу көзделеді.

      2. Қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгіленген кезде жәбірленуші мен оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін сот айрықша жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамға тұрғын үйде жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салу түрінде құқықтық ықпал ету шарасын отыз тәулікке дейінгі мерзімге қолдануға құқылы.

      3. Сотталған адамның не өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына орай тоқтатылған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келіп тұру міндеттері жүктелуі мүмкін.

      4. Осы Кодекстің 108-1-бабының екінші бөлігі, 109-1-бабының екінші бөлігі бойынша өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына орай тоқтатылған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған сот шешімімен профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келіп тұру міндеті жүктеледі.

      5. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамға ерекше талаптар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 165-бабында айқындалған тәртіппен белгіленеді.";

      7) 99-баптың үшінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      8) 105-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "105-бап. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету

      1. Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтіруіне дейін немесе өзiн-өзi өлтіруге оқталуына дейiн жеткiзу, сол сияқты оны өзін-өзі өлтіруге көндіру не соған ықпал ету –

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      2. Мынадай:

      1) кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты;

      2) екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған;

      3) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған;

      4) телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет –

      бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер –

      бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.".

      9) 106-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      10) 107-бапта:

      бірінші бөліктің екінші абзацындағы "екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздер "екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      11) мынадай мазмұндағы 108-1 және 109-1-баптармен толықтырылсын:

      "108-1-бап. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру

      1. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру –

      екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

      2. Мынадай:

      1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;

      2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;

      3) аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған;

      4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

      5) бұзақылық ниетпен;

      6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;

      7) бірнеше рет;

      8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –

      бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      "109-1-бап. Ұрып-соғу

      1. Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау –

      сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

      2. Мынадай:

      1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;

      2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;

      3) кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған;

      4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

      5) бұзақылық ниетпен;

      6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;

      7) бірнеше рет;

      8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер –

      бір жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.";

      12) 110-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жәбірленушіні азаптау мақсатында аса қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату, егер бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге алып келмесе, –

      бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      13) 120-баптың төртінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      14) 121-баптың төртінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      15) мынадай мазмұндағы 121-1-баппен толықтырылсын:

      "121-1-бап. Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу

      Көрінеу он алты жасқа толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы ұсыныстармен, оның ішінде Интернет желісін қоса алғанда, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған ұсыныстармен немесе тиісушілікпен ұштасқан сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасау –

      белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.";

      16) 124-баптың тақырыбындағы және мәтініндегі "Жас балаларды", "Көрінеу жас балаға", "Жас балаға" деген сөздер тиісінше "Он алты жасқа толмаған адамдарды", "Көрінеу он алты жасқа толмаған адамға", "Он алты жасқа толмаған адамға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 125-бапта:

      екінші бөліктің 5) тармағы алып тасталсын;

      үшінші бөлік мынадай мазмұндағы 2-1) тармақпен толықтырылсын:

      "2-1) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса;";

      18) 126-бапта:

      екінші бөліктің 5) тармағы алып тасталсын;

      үшінші бөлік мынадай мазмұндағы 2-1) тармақпен толықтырылсын:

      "2-1) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса;";

      19) мынадай мазмұндағы 313-1-баппен толықтырылсын:

      "313-1-бап. Өзін-өзі өлтіруді насихаттау

      1. Өзін-өзі өлтіруді насихаттау, яғни осы Кодекстің 105-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері болмаған кезде шектелмеген адамдар тобында өзін-өзі өлтіруге бару шешімін қоздыру мақсатында ақпаратты кез келген нысанда қасақана тарату –

      екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жазаланады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, бір және одан да көп адамның өзін-өзі өлтіруге оқталуына алып келген іс-әрекет –

      бір жылға бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адамның өзін-өзі өлтіруіне алып келген іс-әрекет –

      үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.";

      20) 467-баптың 1-1-бөлігі "ережелері" деген сөзден кейін "осы Кодекстің 108-1 және 109-1-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты, ал" деген сөздермен толықтырылсын.

      3. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне:

      1) 32-баптың үшінші бөлігі:

      "110" деген цифрлардың алдынан "108-1 (бірінші бөлігінде), 109-1 (бірінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      "121 (бірінші бөлігінде)," деген сөздерден кейін "121-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      2) 136-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99, 106, 107, 108-1 (екінші бөлігінде), 109-1 (екінші бөлігінде), 110, 120, 121 (3-1-бөлігінде), 122, 123, 124, 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамдарға жасалған қылмыстың ауырлығы және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы уәжімен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылуы мүмкін.";

      3) 191-бапта:

      екінші бөлікте:

      "107 (бірінші бөлігінде)," деген сөздерден кейін "108-1 (екінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      "313," деген цифрлардан кейін "313-1 (екінші және үшінші бөліктерінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      он алтыншы бөлікте:

      "Қылмыстық кодексінің" деген сөздерден кейін "108-1 (бірінші бөлігінде), 109-1," деген сөздермен толықтырылсын;

      "119 (бiрiншi бөлiгiнде)," деген сөздерден кейін "121-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      "306 (бiрiншi бөлiгiнде)," деген сөздерден кейін "313-1 (бiрiншi бөлiгiнде)," деген сөздермен толықтырылсын.

      4. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 129-бапта:

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Осы Кодекстің 130-бабын, 131-бабының 1, 2, 3 және 4-тармақтарын, 131-1-бабын, 154-бабының 2-тармағын және 157-бабын қоспағанда, осы тараудың күші балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға (қызметтер көрсету басталғанға дейін және оларды көрсету кезеңінде) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылауға және қадағалауға қолданылмайды.";

      6-тармақ 3) тармақшасындағы "мемлекеттік бақылау бөлігінде шарттық қатынастарды орындауға байланысты мемлекеттік бақылауға қолданылмайды." деген сөздер "мемлекеттік бақылау;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға (қызметтер көрсету басталғанға дейін және оларды көрсету кезеңінде) мемлекеттік тапсырысты орналастыруға байланысты және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттар мен өзге де мәмілелердің орындалуын мемлекеттік бақылау бөлігінде шарттық қатынастарды орындауға байланысты мемлекеттік бақылауға қолданылмайды.";

      2) 144-бап мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:

      "8-1. Меншік түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, стационарлық үлгідегі интернаттық ұйымдарға, білім беру ұйымдарына және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін стационар, жартылай стационар жағдайларында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарға қатысты бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі жұмыс күні ішінде ұсына отырып, объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.".

      5. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      1) 97-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Жұмыс беруші жұмыскерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарда болған кезеңде жалақы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті.

      Жалақы сақталмайтын демалыс оның ұзақтығы көрсетіліп және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі ұсыныла отырып, жұмыскердің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі.";

      2) 157-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 17-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "17-1) үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-аналарға және өзге де заңды өкілдерге, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыскерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы;".

      6. 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 59-7) тармақшамен толықтырылсын:

      "59-7) әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;";

      2) 12-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 21-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "21-3) әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырады;".

      7. 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне:

      1) 1-баптың 1-тармағында:

      8) тармақшадағы "қызметтерді ұсыну" деген сөздер "қызметтерді арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған лицензия негізінде ұсыну" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 124-1) және 124-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "124-1) өмірдегі қиын жағдай – осы Кодексте көзделген негіздер бойынша адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын деп танылған, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын жағдай;

      124-2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетудің интеграцияланған моделі (бұдан әрі – интеграцияланған модель) – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында уәкілетті мемлекеттік органның үйлестіруімен мемлекеттік органдардың қатысуын көздейтін ұйымдастырушылық және функционалдық тәсіл;";

      2) 12-бап мынадай мазмұндағы 3-1), 4-1) және 9-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "3-1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған лицензияны береді;";

      "4-1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекітеді;";

      "9-1) медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асырады;";

      3) 18-бап мынадай мазмұндағы 34-1) және 34-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "34-1) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен үйлестіру;

      34-2) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу;";

      4) 19-бап мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "20-1) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіру;";

      5) 133-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждар қатарына жатпайтын адамға (отбасына), сондай-ақ әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамға сот ерекше талаптар белгілеген кезеңде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну көрсетілетін қызметтерді алушының қаражаты есебінен уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.";

      6) 12-тараудың 2-параграфы мынадай мазмұндағы 138-1-баппен толықтырылсын:

      "138-1-бап. Өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау

      Уәкілетті мемлекеттік орган өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілердің (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының) қатысуымен ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешенін үйлестіреді.".

      8. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 43-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы 9-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-3) кондоминиум объектісінде пәтер иелерінің тұруына (болуына) қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қамтамасыз етуді;";

      2) 43-1-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі мынадай мазмұндағы 8-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-3) кондоминиум объектісінде пәтер иелерінің тұруына (болуына) қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қамтамасыз етуді;".

      9. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-1) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде неке және отбасы институтын нығайту, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау, анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту;";

      2) 27-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 39) – 50) тармақшалармен толықтырылсын:

      "39) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша үкіметтік емес ұйымдармен, жеке және заңды тұлғалармен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;

      40) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді;

      41) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастырады;

      42) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау және өзге де көмек жөніндегі аумақтық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

      43) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру тиімділігінің индикаторларын әзірлейді және бекітеді;

      44) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға (отбасыларға) жан-жақты қолдау көрсетудің негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруға қатысады;

      45) аудандарда және қалалардағы аудандарда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан отбасын қолдау орталықтарын құрады және (немесе) олардың қызметін ұйымдастырады;

      46) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілер (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қатысқан кезде оларды ерте анықтау мен қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды құрады және (немесе) ұйымдастырады;

      47) аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімдерінің өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілердің (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының) әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіреді;

      48) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілер (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізеді;

      49) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтайды және есепке алуды жүргізеді, олардың статистикалық деректерін жинауды жүзеге асырады, себептерін талдауды, жүйелі мониторингтеуді жүргізеді;

      50) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың жанынан психологиялық қолдау орталықтарын құрады және (немесе) олардың қызметін ұйымдастырады.";

      3) 29-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-2) Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілін тағайындайды және қызметтен босатады;";

      4) 31-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 34) – 42) тармақшалармен толықтырылсын:

      "34) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша үкіметтік емес ұйымдармен, жеке және заңды тұлғалармен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;

      35) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастырады;

      36) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау және өзге де көмек жөніндегі аумақтық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлейді;

      37) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру тиімділігінің индикаторларын әзірлейді;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға (отбасыларға) жан-жақты қолдау көрсетудің негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруға қатысады;

      39) аудандарда және қалалардағы аудандарда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан отбасын қолдау орталықтарын құрады және (немесе) олардың қызметін ұйымдастырады;

      40) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілер (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қатысқан кезде оларды ерте анықтау мен қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды құрады және (немесе) ұйымдастырады;

      41) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау мен өзге де көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілер (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізеді;

      42) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтайды және есепке алуды жүргізеді, олардың статистикалық деректерін жинауды жүзеге асырады, себептерін талдауды, жүйелі мониторингтеуді жүргізеді.".

      10. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 12-6) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын өкілі, оған тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі функциялар жүктеледі;";

      2) 7-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) зорлық-зомбылыққа, қатыгездікпен қарауға, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ олардың көзінше жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар жасалған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;";

      3) 7-2-бапта:

      4) тармақшадағы "қорғаныс," деген сөз алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша "111" байланыс орталығының қызметін және мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылын ұйымдастыруды үйлестіреді.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қызметінің тәртібін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.";

      4) 2-тарау мынадай мазмұндағы 7-12-баппен толықтырылсын:

      "7-12-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі

      Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі:

      1) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты жолданымдарды және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;

      2) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кедергісіз іске асырылуына және олар бұзылған жағдайда қалпына келтірілуіне жәрдем көрсетеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілге енгізеді;

      4) жергілікті атқарушы органдарға және білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт жүйелерінің ұйымдарына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ұсталатын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне кедергісіз барады;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте балалардың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына сұрау салу бойынша қол жеткізуге құқылы;

      6) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді орындайды.";

      5) 52-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Білім беру ұйымдары және меншік түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, мәдениет және спорт органдары мен ұйымдары мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.";

      6) мынадай мазмұндағы 52-1-баппен толықтырылсын:

      "52-1-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдары қызметінің Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған және оны Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі және осы тексерілетін органдардың қызметіне қойылатын талаптар осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Тексеру мынадай әрекеттердің бірін жасау:

      1) мемлекеттік бақылау субъектісіне бару;

      2) тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұрату;

      3) мемлекеттік бақылау субъектісін Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауы туралы ақпаратты алу мақсатында шақыру арқылы жүргізіледі.

      4. Мемлекеттік бақылау субъектілерінің осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген талаптарды сақтауы тексеру нысанасы болып табылады.

      5. Мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды сақтау мәселелерінің кешені бойынша үш жылда бір рет жүргізіледі.

      Мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша тағайындалады.

      6. Білім беру саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен және құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жоспарлы тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін жіберілген жыл сайынғы тізбе мемлекеттік бақылау субъектісіне жоспарлы тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.

      Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жоспарлы тексерулер тізбесін жоспарлы тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде өз интернет-ресурстарына орналастырады.

      Жоспарлы тексерулер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектілері таратылған, қайта ұйымдастырылған, атаулары өзгертілген, олардың арасында өкілеттіктер қайта бөлінген жағдайларда, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралуының және соған байланысты шектеулердің пайда болуы немесе олардың пайда болу қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.

      Жоғарыда аталған жағдайлар туындаған кезде жоспарлы тексеру ұзартылуы, тоқтатыла тұруы және қайта басталуы мүмкін.

      Жоспарлы тексерулер тізбесі өзгертілген жағдайда жоспарлы тексерулердің өзгертілген тізбесі де құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.

      7. Мемлекеттік бақылау субъектілерін жоспардан тыс тексерудің негіздері мыналар болып табылады:

      1) білім беру саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының бірінші басшысының тапсырмасы;

      2) прокурор талабы немесе қылмыстық қудалау органының тапсырмасы;

      3) тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;

      4) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;

      5) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының бұзушылықтары туралы жарияланымдар мен хабарламалар.

      Жоспардан тыс тексерулер анонимдік жолданымдар түскен жағдайларда жүргізілмейді.".

      11. "Автомобиль көлiгi туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      22-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Он алты жасқа толмаған, ата-анасы және (немесе) өзінің заңды өкілі ертіп жүрмеген адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кетуге тыйым салынады.".

      12. "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:

      "12-1-бап. Білім беру ұйымдарының функциялары

      Білім беру ұйымдары мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасауы немесе осындай іс-әрекеттердің оларға қатысты жасалу фактілері, оның ішінде кәсіптік қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған білім беру ұйымдарынан тыс фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлайды;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілерге психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды көрсетеді;

      3) педагогикалық баса назар аударуды талап ететін білім алушылар мен тәрбиеленушілерді мектепішілік есепке алуды жүргізеді және оларға уақтылы қолдау көрсетеді.";

      2) 19-6-бапта:

      1-тармақ "шаралары" деген сөзден кейін ", сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қатыгездікпен қарауға және буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарға не олардың көзінше жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар жасалған кәмелетке толмағандарға психологиялық, әлеуметтік және өзге де көмек көрсету, оларды бейімдеу және оңалту бойынша үйлестіру, сол сияқты өздеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламасын іске асырудағы үйлестіру" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіруді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.".

      13. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 50-3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "50-3) психологиялық-педагогикалық қолдап отыру – білім беру ұйымдарында іске асырылатын, процесінде білім алушыларды, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде ерекше білім беруді қажет ететін адамдарды (балаларды) ойдағыдай оқыту және дамыту үшін әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасалатын жүйелі-ұйымдастырылған қызмет;";

      2) 40-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:

      "12) білім берудің білім беру-сауықтыру ұйымдары.".

      14. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 17-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қатері немесе фактілері анықталған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар мен көмек көрсету жөніндегі ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы шараларын қабылдайды.";

      2) 18-баптың 1-тармағы 3) тармақшасындағы "материалдар негіз болып табылады." деген сөздер "материалдар;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы, сондай-ақ онлайн-платформалардағы зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламалар негіз болып табылады.".

      15. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-қосымшада:

      3-жолдың 3 және 4-бағандары мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:

      "



9. Кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру көрсетілетін қызметтерін ұсыну

Иеліктен шығарылмайтын; лицензияның қолданылу мерзімі 1 жыл; 1-сынып

  ";

      мынадай мазмұндағы 88-жолмен толықтырылсын:

      "

88.

Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған лицензия

Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің барлық түрі

Иеліктен шығарылмайтын; лицензияның қолданылу мерзімі 3 жыл; 1-сынып

  ".

      2-бап. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацын, 2) тармақшасының екінші абзацын, 13-тармағының 2) тармақшасын, 15-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады