Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 6 мамырдағы № 79-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      27-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) және 4-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "3-1) құзыреті шегінде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;";

      "4-6) құзыреті шегінде ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін жағдайлар жасайды;".

      2. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 26-бапта:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметін өткеру аяқталғаннан кейін алдағы оқу жылына арналған жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға білім беру гранты "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 50-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуға даярлығы расталған кезде осы баптың 8-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес квота шегінде конкурстық негізде беріледі.";

      8-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін;";

      2) 52-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ғылыми-педагогикалық қызметін жүзеге асыратын педагогтерге тиісті дипломы немесе білім туралы құжатты тану туралы куәлігі болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:

      философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;

      философия докторы (PhD) дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы; бейіні бойынша доктор дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін айлық есептік көрсеткіштің 42 еселенген мөлшерінде;

      философия докторы (PhD) дәрежесі және профессор ғылыми атағы; бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы; ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы белгіленеді.".

      3. "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      4-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1) ғылыми әдеп – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұстанатын әдеп қағидаттарының, қағидаларының және нормаларының жиынтығы;";

      мынадай мазмұндағы 4-2) және 23-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-2) ғылыми бағыттар сыныптауышы – ғылымның бағыттарын сыныптауды және кодтауды белгілейтін құжат;";

      "23-2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының гранттық қаржыландыру нысанында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған шарт негізінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тапсырысы;";

      2) 4-бапта:

      2-1) тармақша "мемлекеттік бюджеттен" деген сөздерден кейін "және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысынан" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-1) мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын мемлекеттік есепке алу қағидаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және бекіту;";

      5-3) тармақша алып тасталсын;

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) салалық уәкілетті органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде жүзеге асыратын жұмысын үйлестіру;";

      мынадай мазмұндағы 17-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "17-2) ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      3) 2-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:

      "5-1-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының ғылым саласындағы құзыреті

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы ғылым саласында:

      1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге қатысады;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді және олардың іске асырылуын ұйымдастырады;

      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде орындалған қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша есептерді бекітеді;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша қаржыландыру мен есептерді бекіту тәртібі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет пен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларына сәйкес айқындалады.";

      4) 12-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Базалық қаржыландыру және іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру шеңберінде немесе гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша бекітілген сомалар шегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын ғылыми қызметкерлерге тиісті дипломы немесе білім туралы құжатты тану туралы куәлігі болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:

      философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;

      философия докторы (PhD) дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы; бейіні бойынша доктор дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін айлық есептік көрсеткіштің 42 еселенген мөлшерінде;

      философия докторы (PhD) дәрежесі және профессор ғылыми атағы; бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы; ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы белгіленеді.";

      5) 13-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рецензияланатын баспаларда (журналдарда) ғылыми еңбектерді дайындау мен жариялауды қоса алғанда, ғылыми және ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың осы ұйымда кемінде бес жылды құрайтын үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған кезде ұйымның өз қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыс алуға құқығы бар. Шығармашылық демалыс он жылда бір реттен көп берілмейді. Шығармашылық демалыс аяқталғаннан кейін жетекші ғалым осы ұйымда үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.

      Жетекші ғалым шығармашылық демалыс кезеңінде өзге де жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырған жағдайда шығармашылық демалыс күшін жояды.

      Шығармашылық демалыс беру, сондай-ақ жұмыспен өтеу немесе шығыстардың орнын толтыру тәртібі мен шарттары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында айқындалады.";

      6) 15-баптың 3-тармағындағы "жұмыскерлерді және ұйымдарды" деген сөздер "қызметкерлерді, қырық жасқа дейінгілерді қоса алғанда талантты жас ғалымдарды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 17-баптың 1-тармағы 5) тармақшасындағы "органдар жүзеге асырады." деген сөздер "органдар;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.";

      8) 19-баптың 4-тармағындағы "және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді" деген сөздер алып тасталсын;

      9) 21-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөлік "Мемлекеттiк бюджеттен" деген сөздерден кейін "және (немесе) кәсіпкерлік субъектілерінің қаражатынан" деген сөздермен толықтырылсын;

      екінші бөлік "іріктеу" деген сөзден кейін "қаралатын өтінімге үлестестігі болмаған кезде" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) 22-бапта:

      тақырып "ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды" деген сөздерден кейін ", ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақта:

      "мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды" деген сөздер "мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары және олардың орындалуы жөніндегі есептер құпия ақпаратты және коммерциялық құпияны ашпайтын нысанда ұсынылады.";

      5-тармақтағы "Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды" деген сөздер "Мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 26-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін гранттық қаржыландыруды жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:

      "9. Ғылыми жобаның мақсаттарын өзгерту құқығынсыз оның тиімді орындалуын және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жобаның ғылыми жетекшісінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет пен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларына сәйкес күнтізбелік жылға бекітілген жалпы көлем шеңберінде шығын баптары арасында қаражатты қайта бөлуге құқығы бар.";

      12) 27-бапта:

      11-тармақ "гуманитарлық ғылымдар," деген сөздерден кейін "атом энергиясын пайдалану," деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 12-тармақпен толықтырылсын:

      "12. Жобаның тиімді орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жобаның ғылыми жетекшісінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет пен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларына сәйкес күнтізбелік жылға бекітілген жалпы көлем шеңберінде шығын баптары арасында қаражатты қайта бөлуге құқығы бар.";

      13) 27-1-баптың 1-тармағы "саласында" деген сөзден кейін "және уәкілетті орган айқындайтын өзге де салаларда" деген сөздермен толықтырылсын.

      4. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      148-баптың 1-тармағында:

      бірінші бөліктегі "Денсаулық сақтау және білім беру" деген сөздер "Денсаулық сақтау, білім беру және ғылым" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөліктегі "Білім беру және денсаулық сақтау" деген сөздер "Білім беру, ғылым және денсаулық сақтау" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      мынадай мазмұндағы 50-1-баппен толықтырылсын:

      "50-1-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызмет міндеттерін атқаруы кезіндегі кепілдіктер

      Мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасы азаматтарының:

      1) уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларына сәйкес мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу негізінде мерзімді әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына түсуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген квоталар шегінде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларына сәйкес мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу негізінде медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білімнің білім беру бағдарламаларын қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге;

      3) мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқудың бірінші жылында жатақханадан орынды басымдықпен алуға құқығы бар.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 2) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын, 9) тармақшасының екінші абзацын, 10) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші абзацтарын;

      2) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 3-тармағы 1) тармақшасының алтыншы абзацын, 2) тармақшасының екінші, алтыншы және жетінші абзацтарын, 3) және 7) тармақшаларын, 11) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады