Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 23 қарашадағы № 139-VIII ҚРЗ

      2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте жасалған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми ayдapмa

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы

ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Шартқа қатысушы мемлекеттер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің 2022 жылғы 14 қазандағы шешімімен бекітілген Орыс тілін қолдау және ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйымды құру тұжырымдамасын негізге ала отырып,

      достық, тату көршілік, ұлтаралық келісім, сенім және өзара түсіністік қағидаттары негізінде орыс тілін мемлекетаралық қарым-қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде қолдау және ілгерілету мәселелері бойынша жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жағдай жасау мақсатына сүйене отырып,

      дүниежүзіндегі білім беру, ғылым, мәдениет және коммуникация мәселелері бойынша халықаралық қызметтің маңыздылығын атап өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның және осы салаларда жұмыс істейтін басқа да халықаралық ұйымдардың рөлін құптай отырып,

      орыс тілінің Біріккен Ұлттар Ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Еуразиялық экономикалық одақтың, Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми және/немесе жұмыс тілі ретіндегі және әртүрлі мемлекеттердің халықтары үшін ұлтаралық коммуникацияның негізгі құралы ретіндегі рөлін атап көрсете отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды (бұдан әрі - Ұйым) құрады және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын оның жарғысын бекітеді.

      Ұйым халықаралық құқық субъектілігі бар халықаралық үкіметаралық ұйым болып табылады және өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді.

2-бап

      Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарлама депозитарийге тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Шарт тиісті хабарламалар депозитарийге тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамалармен ресімделеді.

3-бап

      Осы Шарт оған осы Шарттан туындайтын міндеттемелерді өзіне қабылдауға дайын басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.

      Қосылу депозитарийге тиісті нота жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      Қосылу туралы шешімді Министрлік конференциясы қабылдайды.

      Осы Шарт қосылған мемлекет үшін Министрлік конференциясы қосылу туралы оң шешім қабылдаған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

4-бап

      Ұйымның Хатшылығы қалыптасқанға дейін ұйымның жұмыс органының функцияларын Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі орындайды.

5-бап

      Ұйым қызметінің мәселелері бойынша ынтымақтастыққа мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Ұйым жанынан Байқаушы мәртебесін ала алады.

      Ұйым жанындағы Байқаушы мәртебесін алу тәртібі Министрлік конференциясының шешімімен бекітілетін тиісті Ережеде айқындалады.

6-бап

      Осы Шарттың ережелерін қолдануға және/немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мен келіспеушіліктер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

7-бап

      Осы Шарт шектелмеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Шарттан шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Шарттың қолданысы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шыға алады.

      2023 жылғы 13 қазанда Бішкек қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Шарттың депозитарийі болып табылатын Ұйымның Хатшылығы қалыптасқанға дейін осы Шарттың депозитарийінің функцияларын Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі орындайды, ол осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Ұйым Хатшылығы қалыптасқаннан кейін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі осы Шарттың төлнұсқа данасын Ұйымның Хатшылығына береді.

      Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін

  2023 жылғы 13 қазандағы
Орыс тілі жөніндегі
халықаралық ұйымды құру
туралы шартпен
БЕКІТІЛГЕН

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымның
ЖАРҒЫСЫ

1-бап

      Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) сәйкес құрылған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым (бұдан әрі - Ұйым) халықаралық құқықтық субъектілігі бар халықаралық үкіметаралық ұйым болып табылады және өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді.

2-бап

      Ұйым өз қызметінде халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, Шартты, Ұйым Хатшылығы орналасқан мемлекеттің заңнамасын, Ұйымның жарғылық қызметі жүзеге асырылатын мемлекеттердің заңнамасын және осы Жарғыны басшылыққа алады.

3-бап

      Ұйым өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарымен және ұйымдарымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, басқа мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай алады.

4-бап

      Ұйымның мақсаттары:

      Шарт Тараптары арасындағы достық, тату көршілік, өзара түсіністік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын дамыту және нығайту;

      достық, тату көршілік, ұлтаралық келісім, сенім мен түсіністік қағидаттары негізінде орыс тілін мемлекетаралық қарым-қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде қолдау және ілгерілету мәселелері бойынша қатысушы мемлекеттердің жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту;

      орыс тілін барлық мүмкін нысандарда, оның ішінде мәдениет, әдебиет, тарих саласындағы әлемдік білім мен деректер базасына қол жеткізу құралы ретінде пайдалану мәселелері бойынша мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;

      орыс тілінің халықаралық және өңірлік үкіметаралық ұйымдар мен құрылымдардың ресми және/немесе жұмыс тілі ретіндегі мәртебесін нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.

5-бап

      Ұйымның міндеттері:

      орыс тілін мемлекетаралық қарым-қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде сақтау мақсатында орыс тілінде сапалы білім беруді қолдау, "орыс тілі мен әдебиеті" және "орыс тілі шет тілі ретінде" бағыттары бойынша педагог және ғылыми кадрларды даярлауға және орыс тілін оқыту саласындағы мамандардың кадрлық резервін қалыптастыруға жәрдемдесу;

      Шарт Тараптарының білім беру, мәдени, ғылыми ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасау;

      орыс тілі саласындағы білім беру процесінің, ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жәрдемдесу;

      Шарт Тараптарының классикалық және қазіргі заманғы авторларының әдеби шығармаларын орыс тіліне және орыс тілінен Шарт Тараптары халықтарының тілдеріне аударуды ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      орыс тілін зерделеу мен оқытудың перспективалары мен бағыттарын талқылау бойынша халықаралық ғылыми конференциялар өткізу;

      орыс тілі бойынша халықаралық кітап көрмелерін, халықаралық диктанттарды, шешендік өнер конкурсын өткізу;

      "Орыс тілі" және "Орыс әдебиеті" оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу құралдарына сараптама жүргізу бойынша тәжірибе алмасуды ұйымдастыру;

      орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде қолдау және көпшілікке тарату мақсатында шығармашылық жобаларды іске асыру үшін гранттар алуға конкурстар тағайындау болып табылады.

6-бап

      Ұйымның жоғары органы Министрлік конференциясы (бұдан әрі - Конференция) болып табылады, оның құрамына Шарт Тараптарының бейінді министрліктерінің (ведомстволарының) басшылары немесе Шарт Тарапы уәкілеттік берген, мәртебесі министрден төмен емес өзге де тұлға кіреді.

      Басқарушы кеңес Ұйымның атқарушы органы болып табылады, оған Шарт Тараптарымен тағайындалатын өкілетті өкілдер кіреді.

      Ұйымның Бас хатшысы басқаратын және депозитарий функцияларын да орындайтын Хатшылық Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органы болып табылады.

      Ұйымның Бас хатшысы мен Ұйымның Хатшылығы конференцияға есеп береді.

7-бап

      Конференция мен Ұйымның Басқарушы кеңесінің шешімдері консенсус арқылы қабылданады.

      Шарттың кез келген Тарапы қандай да бір мәселеге қатысты өзінің мүдделі емес екені немесе ерекше пікірі туралы мәлімдей алады, бұл шешім қабылдау үшін кедергі ретінде қарастырылмайды.

      Шешімге қол қоймаған Шарт Тарапы қабылданған шешімнің салдары үшін жауапты болмайды.

8-бап

      Конференция жылына кемінде бір реттен сиретпей тұрақты негізде шақырылады. Конференция Төрағасы оның қатысушыларының арасынан көпшілік дауыспен сайланады. Конференцияның кезектен тыс сессиялары Ұйым Шартының басқа Тараптарының кемінде үштен екісі қолдаған Шарттың кез келген Тарапының бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.

      Конференция шешімдері оларға қол қойған Шарттың барлық Тараптары, Басқарушы кеңес, Ұйым Хатшылығы және Ұйымның Бас хатшысы үшін міндетті болып табылады.

      Конференцияның өкілеттіктеріне:

      а) Ұйымның жалпы саясатын айқындау және қызметіне басшылық жасау;

      б) Ұйым қызметінің қағидатты мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;

      в) Ұйым органдарының рәсімі қағидаларын қабылдау;

      г) Ұйым қызметінің бағдарламаларын (іс-шараларын) және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту;

      д) басқа мемлекеттердің Шартқа қосылуы, басқа мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға Ұйым жанындағы Байқаушы мәртебесін беру туралы шешімдер қабылдау;

      е) Шарт Тараптарының Ұйым Хатшылығының қызметін қамтамасыз ету үшін Ұйым бюджетіне төлейтін үлестік жарналарының мөлшерін (шкаласын) бекіту;

      ж) Ұйым бюджетін, Ұйым бюджетінің, атқарылуы туралы жылдық есепті, Ұйым бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережені бекіту;

      з) Ұйымның Хатшылығы туралы ережені бекіту;

      и) Ұйым Хатшылығының қаржы-шаруашылық қызметін тексеру және оның Ұйым қызметінің бағдарламаларын (іс-шараларын) іске асыруы туралы ережені бекіту, тексеру нәтижелерін қарау;

      к) Ұйымның Бас хатшысын тағайындау;

      л) Ұйым Хатшылығы қызметкерлерінің шекті санын айқындау;

      м) Ұйым Хатшылығы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібін айқындау жатады.

      "г", "е - и", "л" және "м" тармақшаларында қамтылған мәселелер бойынша шешімдерді Шарт Тараптары үкіметтерімен келісу бойынша Конференция қабылдайды.

9-бап

      Басқарушы кеңес өз мүшелерінің қатарынан Төрағаны көпшілік дауыспен сайлайды.

      Басқарушы кеңес жылына кемінде екі рет жиналады. Басқарушы кеңестің кезектен тыс отырыстары Басқарушы кеңестің басқа мүшелерінің кемінде үштен бірі қолдаған оның кез келген мүшесінің бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.

      Басқарушы кеңестің құрамына кеңесші дауыс құқығымен Ұйымның Бас хатшысы кіреді.

      Басқарушы кеңес Конференцияға есеп береді, оған өз баяндамаларын ұсынады.

      Басқарушы кеңестің шешімдері оларға қол қойған оның мүшелері мен Ұйымның Хатшылығы үшін міндетті болып табылады.

      Басқарушы кеңестің өкілеттіктері:

      а) Ұйым қызметінің мәселелері бойынша Конференция шешімдерінің іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру;

      б) Ұйымның Бас хатшысы лауазымына кандидатураны Конференцияның қарауына енгізу;

      в) Конференция оған жүктеген өзге де міндеттерді орындау.

      Конференцияның және Басқарушы кеңестің отырыстарын өткізуге байланысты шығыстарды Конференцияның Төрағасы болып табылатын, белгіленген қызмет аясында өкілеттіктерді іске асыратын Шарт Тарапының мемлекеттік органы көтереді.

      Конференцияға қатысушылардың, Басқарушы кеңес мүшелерінің және шақырылған адамдардың қатысуын қамтамасыз етуге және іссапарына байланысты шығыстарды Шарт Тараптарының жіберуші органдары мен Ұйымдары дербес көтереді.

10-бап

      Ұйымның Хатшылығы мынадай функцияларды орындайды:

      а) Конференция мен Басқарушы кеңестің шешімдерін практикалық тұрғыдан іске асыруды жүзеге асыру;

      б) Ұйым қызметінің (іс-шараларының) бағдарламаларын әзірлеу және олардың орындалуы туралы есептер дайындау;

      в) Конференцияның және Басқарушы кеңестің отырыстарын дайындау;

      г) құжаттарды сақтау (депозитарий).

      Хатшылықты Ұйымның Бас хатшысы басқарады.

      Хатшылықтың мәртебесі, міндеттері, өкілеттіктері мен жұмыс тәртібі Конференция шешімімен бекітілетін Ұйым Хатшылығы туралы ережеде айқындалады.

      Ұйым Хатшылығының орналасқан жері - Сочи қаласы, Ресей Федерациясы.

11-бап

      Конференция Ұйымның Бас хатшысын Басқарушы кеңестің ұсынысы бойынша Шарт Тараптарының азаматтары қатарынан төрт жыл мерзімге тағайындайды.

      Конференция шешімімен ұйымның Бас хатшысы лауазымындағы адамның өкілеттігі бір мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Ұйымның Бас хатшысының бір орынбасары болады. Ұйымның Бас хатшысы және оның орынбасары бір мемлекеттің өкілдері болмауға тиіс.

      Ұйымның Бас Хатшысы өз өкілеттіктерін Ұйымның және оның органдарының мақсаттары мен міндеттеріне қатаң сәйкестікте жүзеге асырады.

      Ұйымның Бас хатшысының өкілеттіктері:

      Ұйым хатшылығының қызметіне басшылық жасау, міндеттерді жоспарлау мен іске асыру және оларды үйлестіру;

      Ұйымның мақсаттарына қол жеткізу үшін оның практикалық қызметі мәселелері бойынша Басқарушы кеңеске ұсыныстар енгізу;

      Конференция мен Басқарушы кеңестің қабылдаған шешімдерін іске асыру мақсатында Шарт Тараптарымен, білім беру, ғылыми, мәдени, қоғамдық ұйымдармен және бірлестіктермен, қорлармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және өзге де мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      Конференцияның және Басқарушы кеңестің қабылданған шешімдеріне сәйкес Ұйымның атынан халықаралық деңгейде өкілдік ету;

      Конференция мен Басқарушы кеңес өзіне жүктеген өзге де функцияларды орындау.

      Ұйымның Бас хатшысы Ұйым Хатшылығы қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге, Ұйымның қаржысы мен мүлкіне дербес жауаптылықта болады.

      Ұйымның Бас хатшысының орынбасарын Басқарушы кеңес Шарт Тараптарының азаматтары арасынан үш жыл мерзімге тағайындайды.

12-бап

      Ұйым заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады, өзінің бюджеті, мөрі, мөртабандары және өз атауы бар бланкілері болады.

      Ұйым өз мақсаттарын іске асыру үшін:

      банк шоттарын ашуға;

      оқшауланған мүлікке ие болуға, өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді алуға;

      шарттар жасасуға;

      соттарда талапкер және жауапкер ретінде әрекет етуге құқылы.

      Орыс тілі Ұйымның ресми және жұмыс тілі болып табылады.

      Ұйым Хатшылығы орналасқан мемлекеттің аумағында оның болу шарттары, Ұйым Хатшылығының және оның қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттері Ұйым Хатшылығы орналасқан мемлекетімен жасасқан жеке халықаралық шартта айқындалады.

13-бап

      Ұйымның мүлкі:

      өкілдері Конференцияға қатысушылар болып табылатын, белгіленген қызмет саласында өкілеттіктерді іске асыратын Шартқа қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік органдары төлеуді жүзеге асыратын Ұйым Хатшылығының қызметін қамтамасыз ету үшін Ұйым бюджетіне төленетін Шарт Тараптарының үлестік жарналары;

      Шарт Тараптарының ерікті жарналары, заңды және жеке тұлғалардың Ұйым қызметінің (іс-шараларының) бағдарламаларын іске асыруға арналған ерікті жарналарын;

      Шарт Тараптарының заңнамасында тыйым салынбаған Ұйым қызметінің (іс-шараларының) бағдарламаларын іске асыруға арналған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Осы мәтін Бішкек қаласында 2023 жылғы 13 қазанда қол қойылған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы Шарттың орыс тіліндегі толық және дәл көшірмесі екенін растаймын.

      Келісімге қол қойғандар:

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Президенті С.Н.Жапаров;

      Ресей Федерациясы үшін — Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин;

      Тәжікстан Республикасы үшін – Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Ш.Рахмон;

      Өзбекстан Республикасы үшін – Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М.Мирзиеев.

      Шарттың төлнұсқа данасы Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымның Хатшылығы құрылғанға дейін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінде сақталады.

      Ресей Федерациясының
Сыртқы істер министрлігі
Құқықтық департаментінің директоры
М.Мусихин

      2024 жылғы 19 қаңтар

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады