Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 28 қаңтардағы № 161-VIII ҚРЗ.

      2013 жылғы 27 маусымда Марракеште жасалған Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шарты ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ. Тоқаев

  Бейресми аударма
Жоба

Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шарты*

МАЗМҰНЫ

      Преамбула

      1-бап: Басқа конвенцияларға және шарттарға қатысы

      2-бап: Анықтамалар

      3-бап: Бенефициарлар

      4-бап: Ұлттық заңнамада қолжетімді форматтағы даналарға қатысты көзделген шектеулер мен ерекшеліктер

      5-бап: Қолжетімді форматтағы даналармен трансшекаралық алмасу

      6-бап: Қолжетімді форматтағы даналарды импорттау

      7-бап. Техникалық шараларға қатысты міндеттемелер

      8-бап: Жеке өмірге қолсұғылмаушылық

      9-бап: Трансшекаралық алмасуды жеңілдету мақсатындағы ынтымақтастық

      10-бап: Қолданудың жалпы қағидаттары

      11-бап: Шектеулер мен ерекшеліктерге қатысты жалпы міндеттемелер

      12-бап: Басқа да шектеулер мен ерекшеліктер

      13-бап: Ассамблея

      14-бап: Халықаралық бюро

      15-бап: Шартқа қатысу құқығы

      16-бап: Шарт бойынша құқықтар мен міндеттемелер

      17-бап: Шартқа қол қою

      18-бап: Шарттың күшіне енуі

      19-бап: Шартқа қатысу басталатын күн

      20-бап: Шарттың күшін жою

      21-бап: Шарт тілі

      22-бап: Депозитарий

      ____________________________

      *

      Осы Шартты Көру қабілеті бұзылған адамдардың және баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы шарт жасасу жөніндегі дипломатиялық конференция 2013 жылғы 27 маусымда қабылдады

Преамбула

      Уағдаласушы тараптар

      Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясында жария етілген кемсітпеушілік, тең мүмкіндіктер, қолжетімділік және қоғамға толықтай және тиімді түрде тарту және оған қосылу қағидаттарына сілтеме жасай отырып,

      көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың ақпаратты және кез келген түрдегі идеяларды өз таңдауы бойынша коммуникацияның барлық нысаны арқылы басқалармен тең дәрежеде іздеу, алу және тарату бостандығын қоса алғанда, олардың өз еркін білдіру бостандығын, олардың білім алу құқығын іске асыру және ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігін шектейтін жан-жақты дамуына нұқсан келтіретін проблемалар туралы еске ала отырып,

      әрбір адам үшін, оның ішінде көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдар үшін әдеби және көркем шығармашылыққа ынталандыру және осындай шығармашылығы үшін сыйақы ретінде авторлық-құқықтық қорғаудың және қоғамның мәдени өміріне қатысу, өнерден ләззат алу және ғылыми прогрестің нәтижелері мен игіліктерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын атап көрсете отырып,

      қоғамда тең мүмкіндіктерді іске асыру үшін көру қабілеті бұзылған және баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуіне бөгет болатын кедергілерді және қолжетімді форматтағы туындылардың санын ұлғайтудың да, әрі осындай туындылардың айналымын жақсартудың да қажеттігін ұғына отырып,

      көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың көбі дамушы және анағұрлым аз дамыған елдерде тұратынын ескере отырып,

      ұлттық заңнамадағы авторлық құқық саласындағы айырмашылықтарға қарамастан, нормативтік құқықтық базаны халықаралық деңгейде нығайту жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың өміріне оң әсерін күшейту мүмкін екендігін мойындай отырып,

      көптеген мүше мемлекеттердің көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдар үшін авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнамасында шектеулер мен ерекшеліктерді белгілегенін, алайда бұл ретте осындай адамдар үшін қолда бар туындылардың қолжетімді форматтағы даналарының әлі де жетіспейтіні байқалатынын, осы адамдар үшін туындыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі олардың күш-жігері едәуір ресурстарды талап ететінін және қолжетімді форматтардағы даналармен трансшекаралық алмасу үшін мүмкіндіктердің болмауы сол күш-жігерді қайталау қажеттілігіне алып келетінін мойындай отырып,

      құқық иеленушілердің көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдар үшін өз туындыларының қолжетімділігін қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын да, әрі осы адамдар үшін, әсіресе нарық мұндай қолжетімділікті қамтамасыз ете алмай отырған жағдайда туындылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шектеулер мен ерекшеліктерді белгілеудің маңыздылығын да мойындай отырып,

      авторлардың құқықтарын тиімді қорғау мен қалың жұртшылықтың мүдделері арасындағы, әсіресе білім беру, ғылыми зерттеулер және ақпаратқа қол жеткізу саласындағы теңгерімді қолдау қажеттігін және мұндай теңгерімнің көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың мүддесіне орай туындыларға тиімді әрі уақтылы қол жеткізуге ықпал етуге тиіс екенін мойындай отырып,

      Уағдаласушы тараптардың авторлық құқықты қорғау туралы қолданыстағы халықаралық шарттар бойынша міндеттемелері мен Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясының 9(2) бабында және басқа да халықаралық құжаттарда көзделген шектеулер мен ерекшеліктерге қатысты үш сатылы тексерудің маңыздылығы мен икемділігін растай отырып,

      Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас Ассамблеясы 2007 жылы қабылдаған және даму пайымының Ұйым қызметінің ажырамас бөлігі болуын қамтамасыз етуге бағытталған Даму саласындағы күн тәртібінің ұсынымдарының маңыздылығы туралы еске сала отырып,

      авторлық құқықтың халықаралық жүйесінің маңыздылығын мойындай отырып және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдар үшін туындыларға қол жеткізуді жеңілдету және оларды пайдалану мақсатында шектеулер мен ерекшеліктерді үйлестіруге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Басқа конвенциялар мен шарттарға қатысы

      Осы Шарттағы ештеңе Уағдаласушы тараптардың кез келген басқа шарттарға сәйкес бір-біріне қатысты қандай да бір міндеттемелерін төмендетпейді және Уағдаласушы тараптардың кез келген басқа шарттарға сәйкес қандай да бір құқықтарына нұқсан келтірмейді.

2-бап

Анықтамалар

      Осы Шарттың мақсаттары үшін:

      (a) "туындылар" - бұл кез келген ақпарат құралдарының көмегімен жарияланған немесе көпшіліктің назарына өзгеше түрде жеткізілген, Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясының 2(1) бабының мағынасы бойынша мәтін, ноталық жазба және/немесе олармен байланысты иллюстрациялар нысанындағы әдеби және көркем туындылар1;

      (b) "қолжетімді форматтағы дана" туындының баламалы түрдегі немесе нысандағы данасын білдіреді, ол бенефициардың туындыға қол жеткізуін қамтамасыз етеді, оның ішінде оған көру қабілеті бұзылмаған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелмеген адам сияқты осындай нақты да қолайлы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қолжетімді форматтағы дананы тек қана бенефициарлар пайдаланады және ол туындыны баламалы форматта қолжетімді ету үшін қажетті өзгерістерді және бенефициарлардың қолжетімділікке қатысты қажеттіліктерін тиісті түрде ескере отырып, түпнұсқа туындының тұтастығын сақтауға тиіс;

      (c) "уәкілетті орган" бенефициарларға коммерциялық емес негізде білім беру, кәсіптік оқыту, бейімді оқу немесе ақпаратқа қол жеткізу саласында көрсетілетін қызметтер ұсынатын орган ретінде үкімет уәкілеттік берген немесе оны таныған органды білдіреді. Ол өз қызметінің немесе институционалдық міндеттемелерінің негізгі бір түрі ретінде бенефициарларға осыған ұқсас көрсетілетін қызметтер ұсынумен айналысатын үкіметтік мекемені немесе коммерциялық емес ұйымды да қамтиды2.

      _________________________

      12(a) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Осы Шарттың мақсаттары үшін осы анықтама аудиокітаптар сияқты аудионысандағы туындыларды қамтиды деп түсініледі.

      Уәкілетті орган:

      (i) өзі қызмет көрсететін тұлғалар бенефициарлар болып табылатынын анықтау үшін;

      (ii) қолжетімді форматтағы даналарды бенефициарлардың және/немесе уәкілетті органдардың таратуын және ұсынуын шектеу үшін;

      (iii) санкцияланбаған даналарды қайта шығаруға, таратуға және ұсынуға кедергі жасау үшін; және

      (iv) туындылардың даналарымен жұмыс істеу кезінде тиісті қамқорлық көрсету және есепке алуды жүргізу үшін және бұл ретте 8-бапқа сәйкес бенефициарлардың жеке өміріне қолсұғылмаушылықты қамтамасыз ету үшін айқындайды және өзінің жеке практикасында ұстанады.

3-бап

Бенефициарлар

      Бенефициар - бұл кез келген басқа да кемшіліктерге қарамастан:

      (a) зағип болып табылатын;

      (b) көру функциясының осындай кемістігі жоқ немесе қабілеті осылайша шектелмеген және осыған орай кемістігі жоқ немесе қабілеті шектелмеген адам сияқты дәрежеде баспа туындыларын белгілі бір шамада оқи алмайтын адамның көру функциясына белгілі бір шамада тең болатындай етіп түзетуге келмейтіндей көру қабілеті бұзылған не қабылдау немесе оқу қабілеті шектелген; немесе3

      (c) басқа да себептерге байланысты физикалық кемістігіне орай кітапты қолмен ұстауға немесе оны пайдалануға не оған назар салуға немесе әдетте оқу үшін қолайлы болатындай дәрежеде көз жүгіртуге қабілеті жоқ адам.

      ___________________________________

      22(c) бапқа катысты келісілген мәлімдеме: Осы Шарттың мақсаттары үшін үкімет таныған органдар коммерциялық емес негізде бенефициарлардың мүддесінде білім беруді, кәсіптік оқытуды, бейімді оқуды немесе ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатына үкіметтен қаржылай қолдау алатын органдарды қамтуы мүмкін деп түсініледі.

      33(b) бапқа катысты келісілген мәлімдеме: Осы тұжырымда ештеңе де "түзетуге келмейтін" деген сөз тіркесі барлық мүмкін болатын медициналық диагностикалық ем-шаралар мен емдеу әдістерін пайдалану туралы талапты білдіреді деп түсінілмейді.

4-бап

Ұлттық заңнамада қолжетімді форматтағы даналарға қатысты көзделген шектеулер мен ерекшеліктер

      1. (а) Уағдаласушы тараптар авторлық құқық саласындағы өзінің ұлттық заңнамасында ДЗМҰ-ның Авторлық құқық жөніндегі шартында (АҚжШ) көзделгендей бенефициарлар үшін туындылардың қолжетімді форматтағы даналарының болуын қамтамасыз етуге ықпал ету мақсатында қайта шығару құқығына, тарату құқығына және жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығына қатысты шектеуді немесе ерекшелікті көздейді. Ұлттық заңнамада көзделген шектеу немесе ерекшелік туындының баламалы форматта қолжетімді болуы үшін қажетті өзгерістер енгізуге рұқсат етуге тиіс.

      (b) Уағдаласушы тараптар бенефициарлар үшін туындыға қол жеткізуді жеңілдету үшін көпшілік алдында орындау құқығына қатысты шектеуді немесе ерекшелікті көздеуі де мүмкін.

      2. Уағдаласушы тарап өзінің авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнамасында мынадай шектеуді немесе ерекшелікті көздей отырып, 4(1) баптың ережелерін онда аталған барлық құқыққа қатысты орындай алады:

      (a) уәкілетті органдарға авторлық құқықтарды иеленушінің келісімінсіз туындылардың қолжетімді форматтағы даналарын дайындауға, басқа уәкілетті органнан қолжетімді форматтағы дананы алуға және коммерциялық емес прокаттауды немесе сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен электрондық хабарламаны қоса алғанда, осы даналарды бенефициарларға кез келген тәсілмен беруге және егер төменде тізбеленген:

      (i) көрсетілген қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген уәкілетті орган осы туындыға немесе осы туындының данасына заңды түрде қол жеткізе алады;

      (ii) туынды қолжетімді форматтағы дана болып қайта жасалады, бұл ақпаратты қолжетімді форматта көру үшін қажетті кез келген құралдарды қамтуы мүмкін, бірақ туындының бенефициарға қолжетімді болуы үшін қажетті өзгерістерден бөлек өзгерістерді енгізумен байланысты болмайды;

      (iii) қолжетімді форматтағы мұндай даналар тек қана бенефициарлардың пайдалануы үшін ұсынылады; және

      (iv) бұл қызмет коммерциялық емес негізде жүзеге асырылады деген барлық талап сақталса, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін кез келген аралық шараларды қабылдауға рұқсат етіледі;

      және

      (b) бенефициар немесе негізгі қорғаншыны немесе күтімді жүзеге асыратын адамды қоса алғанда, оның атынан әрекет ететін өзге адам бенефициардың жеке пайдалануы үшін туындылардың қолжетімді форматтағы даналарын жасай алады немесе егер бенефициардың осы туындыға немесе осы туындының данасына заңды рұқсаты бар болса, бенефициарға қолжетімді форматтағы даналарды жасауға және пайдалануға өзгеше түрде жәрдем көрсете алады.

      3. Уағдаласушы тарап өзінің авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнамасында 10 және 11-баптарға4 сәйкес басқа шектеулерді немесе ерекшеліктерді көздей отырып, 4(1) баптың талаптарын орындай алады.

      4. Уағдаласушы тараптар осы нарықта бенефициарлар үшін ақылға қонымды талаптармен белгілі бір қолжетімді форматта коммерциялық жолмен алуға болмайтын туындылардың осы бапта көзделген шектеулері мен ерекшеліктерінің қолданылуын шектеуі мүмкін. Осы мүмкіндікті пайдаланған кез келген Уағдаласушы тарап осы Шарт қабылданған, оны ратификациялаған немесе оған қосылған кезде немесе бұдан кейінгі кез келген уақытта ДЗМҰ-ның Бас директорына сақтауға тапсырылатын хабарламада осы жөнінде мәлімдейді5.

      5. Осы бапта көзделген шектеулер немесе ерекшеліктер қолданылған жағдайда сыйақы төлеу қажеттігі ұлттық заңнамада айқындалады.

      ________________________

      44(3) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте осы тармақ көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдарға қатысты аудару құқығына қатысты Берн конвенциясына сәйкес рұқсат етілген шектеулер мен ерекшеліктерді қолдану аясын тарылтпайды және кеңейтпейді деп түсініледі.

      54(4) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте коммерциялық жолмен алу мүмкіндігінің болуына катысты талап шектеу немесе ерекшелік осы бапқа сәйкес үш сатылы тексеруге сай болуы немесе сай болмауы туралы мәселені алдын ала шешпейді деп түсініледі.

5-бап

Қолжетімді форматтағы даналармен трансшекаралық алмасу

      1. Уағдаласушы тараптар, егер қолжетімді форматтағы дана шектеуге немесе ерекшелікке сәйкес не заңның қолданылуына орай дайындалған болса, онда уәкілетті орган қолжетімді форматтағы осы дананы тарата немесе бенефициарға немесе екінші Уағдаласушы тараптағы уәкілетті органға ұсына алады деп көздейді6.

      2. Уағдаласушы тарап өзінің авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнамасында таратылғанға немесе берілгенге дейін бастапқы уәкілетті орган қолжетімді форматтағы дананың бенефициарлардың мүддесінде пайдаланылмайтынын білмеген немесе білуге ақылға қонымды негіздері болмаған жағдайда7мынадай:

      (a) уәкілетті органдарға құқық иеленушінің келісімінсіз қолжетімді форматтағы даналарды таратуға немесе екінші Уағдаласушы тараптағы уәкілетті органға бенефициарлардың айрықша пайдалануы үшін беруге рұқсат етіледі; және

      (b) 2(c) бапқа сәйкес уәкілетті органдарға құқық иеленушінің келісімінсіз екінші Уағдаласушы тараптағы бенефициарларға қолжетімді форматтағы даналарды таратуға немесе беруге рұқсат етіледі деген шектеуді немесе ерекшелікті көздей отырып, 5(1) баптың талаптарын орындай алады.

      3. Уағдаласушы тарап өзінің авторлық құқық саласындағы ұлттық заңнамасында 5(4), 10 және 11-баптарға сәйкес басқа да шектеулерді немесе ерекшеліктерді көздей отырып, 5(1) баптың талаптарын орындай алады.

      4. (а) Егер Уағдаласушы тараптың уәкілетті органы қолжетімді форматтағы даналарды 5(1) бапқа сәйкес алатын болса және осы Уағдаласушы тарап Берн конвенциясының 9-бабы бойынша міндеттемелерді көтермейтін болса, онда ол өзінің құқықтық жүйесі мен практикасына сәйкес осы Уағдаласушы тараптың юрисдикциясы шегінде тек бенефициарлардың мүддесіне орай қолжетімді форматтағы даналардың қайта шығарылуын, таратылуын немесе берілуін қамтамасыз етеді.

      (b) Қолжетімді форматтағы даналарды уәкілетті органның 5(1) бапқа сәйкес таратуы және беруі, егер осы Уағдаласушы тарап ДЗМҰ-ның Авторлық құқық жөніндегі шартына қатысушы болып табылмаса немесе туындыны қалыпты түрде пайдалануға залал келтірмейтін және құқық иеленушінің заңды мүдделеріне негізсіз түрде нұқсан келтірмейтін белгілі бір ерекше жағдайларда тарату құқығына және көпшілік назарына жеткізу құқығына қатысты осы Шартты қолдану кезінде шектеулер мен ерекшеліктердің қолданысын өзге де жолмен шектемейтін болса ғана, Уағдаласушы тараптың юрисдикциясы шегінде шектеледі8,9.

      (c) Осы бапта ештеңе тарату актісі немесе қалың жұртшылыққа ұсыну актісі не болып табылатынын айқындау қозғалмайды.

      5. Осы Шартта ештеңе құқықтардың аяқталуы туралы мәселені шешу мақсаттары үшін пайдаланылмауға тиіс.

      _________________________

      6 5 (1) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте бұдан әрі осы Шартта ештеңе де кез келген басқа шартта көзделген айрықша құқықтардың қолданылу аясын тарылтпайды және кеңейтпейді деп түсініледі.

      75(2) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте екінші Уағдаласушы тараптағы тікелей бенефициарға қолжетімді форматтағы даналарды тарату немесе беру үшін уәкілетті органға өзі қызмет көрсететін тұлғаның бенефициар болып табылатынын растау үшін қосымша шараларды қабылдау және 2(c) бапта сипатталғандай өзінің жеке практикасын ұстану орынды болар еді деп түсініледі.

6-бап

Қолжетімді форматтағы даналарды импорттау

      Егер Уағдаласушы тараптың ұлттық заңнамасында бенефициарға, оның атынан әрекет ететін адамға немесе уәкілетті органға туындының қолжетімді форматтағы даналарын дайындауға рұқсат берілсе, онда осы Уағдаласушы тараптың ұлттық заңнамасында оларға құқық иеленушінің келісімінсіз бенефициарлардың мүддесінде қолжетімді форматтағы даналарды импорттауға да рұқсат беріледі10.

      ______________________________

      8 5 (4)(b) бапқа қатысты келісілген өтініш: Бұл ретте осы Шартта ештеңе Уағдаласушы тараптың осы Шарт немесе басқа да халықаралық шарттар бойынша өз міндеттемелерінің шеңберінен тыс үш сатылы тексеруді қабылдауын немесе қолдануын талап етпейтіні және көздемейтіні түсініледі.

      95 (4)(b) бапқа қатысты келісілген өтініш: Бұл ретте осы Шартта ештеңе Уағдаласушы тарап үшін АҚжШ-ны ратификациялау немесе оған қосылу немесе оның қандай да бір ережелерін сақтау үшін ешқандай міндеттемелер тудырмайтыны және осы Шартта ештеңе АҚжШ-да көзделген ешқандай құқықтарды, шектеулер мен ерекшеліктерді қозғамайтыны түсініледі.

7-бап

Техникалық шараларға қатысты міндеттемелер

      Уағдаласушы тараптар қажет болған кезде барабар құқықтық қорғауды және тиімді техникалық шараларды елемеуден құқықтық қорғаудың тиімді құралдарын көздеген жағдайларда, бұл құқықтық қорғау бенефициарларға осы Шартта көзделген шектеулер мен ерекшеліктерді пайдалануға кедергі келтірмеуді қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды11.

8-бап

Жеке өмірге қолсұғылмаушылық

      Осы Шартта көзделген осындай шектеулер мен ерекшеліктерді қолдану кезінде Уағдаласушы тараптар бенефициарлардың жеке өміріне қолсұғылмаушылықты басқалармен тең негізде қорғау үшін күш-жігерін жұмсайды.

9-бап

Трансшекаралық алмасуды жеңілдету мақсатындағы ынтымақтастық

      1. Уағдаласушы тараптар уәкілетті органдарға бір-бірін сәйкестендіруге көмек көрсету мақсатында ақпаратпен ерікті алмасуды көтермелеу арқылы қолжетімді форматтағы даналармен трансшекаралық алмасуға жәрдемдесу үшін күш салады. Осы мақсатта ДЗМҰ Халықаралық бюросы ақпаратқа қол жеткізу пунктін құрады.

      2. Уағдаласушы тараптар қызметін 5-бапқа сәйкес жүзеге асыратын өз уәкілетті органдарына олардың 2(c) бапта көзделген функцияларды іс жүзінде орындауына қатысты ақпарат беру мақсатында уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу жолымен де, өзінің саясаты мен практикасы туралы, оның ішінде қолжетімді форматтағы даналармен трансшекаралық алмасуға қатысты ақпарат беру жолымен де, мән-жайларға байланысты, мүдделі тараптарға және көпшілікке жәрдем көрсетуге міндеттенеді.

      3. Егер осы Шарттың жұмыс істеуі туралы ақпарат бар болса, мұндай ақпаратты ДЗМҰ-ның Халықаралық бюросына беріп отыру ұсынылады.

      4. Уағдаласушы тараптар осы Шарттың мақсаты мен міндеттерін іске асыру бойынша ұлттық күш-жігерді қолдауда халықаралық ынтымақтастықтың және оны дамытудың маңыздылығын мойындайды12.

      _________________________________

      106-бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте Уағдаласушы тараптар 6-бапқа сәйкес өз міндеттемелерін орындау кезінде 4-бапта көзделген бірдей икемді мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді деп түсініледі.

      117-бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте уәкілетті органдар әртүрлі мән-жайларда қолжетімді форматтағы даналарды дайындау, тарату және беру кезінде техникалық шараларды қолдана алады және егер ол ұлттық заңнамаға сәйкес келсе, осы Шартта ештеңе мұндай практикаға кедергі келтірмейді деп түсініледі.

10-бап

Қолданудың жалпы қағидаттары

      1. Уағдаласушы тараптар осы Шарттың қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

      2. Уағдаласушы тараптарға өздерінің құқықтық жүйелері мен практикасында осы Шарттың ережелерін қолданудың тиісті әдісін айқындауға ештеңе кедергі келтірмейді13.

      3. Уағдаласушы тараптар осы Шарт бойынша өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін бенефициарлардың мүддесіне орай нақты шектеулер немесе ерекшеліктер, өздерінің ұлттық құқықтық жүйесі мен практикасы шеңберінде басқа шектеулер немесе ерекшеліктер не олардың үйлесуі арқылы жүзеге асыра алады. Олар Уағдаласушы тараптардың Берн конвенциясы, басқа да халықаралық шарттар және 11-бап бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес бенефициарлардың мүддесінде олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін адал практикаға, адал мәмілелерге немесе адал пайдалануға қатысты сот қаулыларын, әкімшілік немесе нормативтік қаулыларды қамтуы мүмкін.

      _____________________

      129-бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте 9-бапта уәкілетті органдарды міндетті тіркеу көзделмейді және осы Шартта көзделген қызметке уәкілетті органдардың қатысуын негіздемейді деп түсініледі; сонымен бірге, ол қолжетімді форматтағы даналармен трансшекаралық алмасуға жәрдемдесу мақсатында ақпарат алмасу мүмкіндігін көздейді.

      1310(2) бапқа қатысты келісілген мәлімдеме: Бұл ретте, егер туынды 2-бапқа сәйкес аудио нысанындағы осындай туындыларды қоса алғанда, туындының анықтамасына жататын болса, осы Шартта көзделген шектеулер мен ерекшеліктер аралас құқықтарға қатысты mutatis mutandis қолжетімді форматтағы дананы дайындау, оны тарату және бенефициарларға беру үшін ол қажетті дәрежеде қолданылады деп түсініледі.

11-бап

Шектеулер мен ерекшеліктерге қатысты жалпы міндеттемелер

      Осы Шарттың қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдау кезінде Уағдаласушы тарап:

      (a) Берн конвенциясының 9(2)-бабына сәйкес мұндай қайта шығару туындыны қалыпты түрде пайдалануға залал келтірмеген және автордың заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмеген жағдайда, Уағдаласушы тарап белгілі бір ерекше жағдайларда туындыларды қайта шығаруға рұқсат бере алатындай;

      (b) Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімнің 13-бабына сәйкес Уағдаласушы тарап айрықша құқықтарға қатысты шектеулердің немесе ерекшеліктердің қолданылуын туындыны қалыпты түрде пайдалануға залал келтірмейтін және құқық иеленушінің заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмейтін белгілі бір ерекше жағдайларға біріктіретіндей;

      (c) ДЗМҰ-ның Авторлық құқық жөніндегі шартының 10(1) бабына сәйкес Уағдаласушы Тарап туындыны қалыпты түрде пайдалануға залал келтірмейтін және автордың заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмейтін белгілі бір ерекше жағдайларда АҚжШ бойынша авторларға берілетін құқықтардан шектеулерді немесе ерекшеліктерді көздей алатындай;

      (d) ДЗМҰ-ның Авторлық құқық жөніндегі шартының 10(2) бабына сәйкес Уағдаласушы тарап туындыны қалыпты түрде пайдалануға залал келтірмейтін және автордың заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмейтін белгілі бір ерекше жағдайларда Берн конвенциясын қолдану кезінде құқықтардан қандай да бір шектеулерді немесе ерекшеліктерді белгілейтіндей етіп оларды түсіндіру туралы келісімдерді қоса алғанда, Берн конвенциясына, Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге және АҚжШ-ға сәйкес осы Уағдаласушы тарап құқықтарды жүзеге асыруы мүмкін және міндеттемелерді орындайды.

12-бап

Басқа да шектеулер мен ерекшеліктер

      1. Уағдаласушы тараптар Уағдаласушы тараптың халықаралық құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес осы Уағдаласушы тараптың экономикалық жағдайы мен әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін ескере отырып, ал анағұрлым нашар дамыған ел жағдайында оның ерекше қажеттіліктерін және ерекше халықаралық құқықтары мен міндеттемелерін, сондай-ақ олардан туындайтын икемді мүмкіндіктерін ескере отырып, осы Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасында бенефициарлардың мүддесіне орай авторлық құқыққа қатысты осы Шартта көзделгеннен өзге де шектеулер мен ерекшеліктерді белгілей алатынын мойындайды.

      2. Осы Шарт бұзушылықтары бар адамдардың мүддесіне орай ұлттық заңнамада көзделген басқа да шектеулер мен ерекшеліктерге нұқсан келтірмейді.

13-бап

Ассамблея

      1. (а) Уағдаласушы тараптар Ассамблея құрады.

      (b) Әрбір Уағдаласушы тарап Ассамблеяға бір делегатты ұсынады, оның орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары болуы мүмкін.

      (c) Әрбір делегацияның шығыстарын оны тағайындаған Уағдаласушы тарап көтереді. Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы белгілеген практикаға сәйкес дамушы елдер ретінде қаралатын немесе нарықтық экономикаға көшу процесіндегі елдер болып табылатын Уағдаласушы тараптар делегацияларының қатысуына ықпал ету үшін ДЗМҰ-дан қаржылай көмек көрсетуді сұрай алады.

      2. (а) Ассамблея осы Шартты қолдауға, дамытуға, қолдануға және оның жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді қарайды.

      (b) Ассамблея 15-бап бойынша кейбір үкіметаралық ұйымдардың осы Шартқа қатысуына рұқсат беруге қатысты өзіне жүктелген функцияны жүзеге асырады.

      (c) Ассамблея осы Шартты қайта қарау үшін кез келген дипломатиялық конференцияны шақыру туралы шешім қабылдайды және ДЗМҰ-ның Бас директорына осындай дипломатиялық конференцияны дайындау бойынша қажетті нұсқаулар береді.

      3. (а) Мемлекет болып табылатын әрбір Уағдаласушы тарап бір дауысқа ие болады және тек өз атынан ғана дауыс береді.

      (b) Үкіметаралық ұйым болып табылатын кез келген Уағдаласушы тарап осы Шарттың тараптары болып табылатын осындай ұйымға мүше мемлекеттердің санына тең дауыс санымен осындай ұйымға мүше мемлекеттердің орнына дауыс беруге қатыса алады. Егер оған мүше кез келген мемлекет өзінің дауыс беру құқығын пайдаланса, мұндай үкіметаралық ұйым дауыс беруге қатыспайды және керісінше.

      4. Ассамблея кезекті сессияға ДЗМҰ-ның Бас Ассамблеясы сияқты Бас директордың шақыруымен және айрықша мән-жайлар болмаған кезде сол мерзімде және сол жерде жиналады.

      5. Ассамблея өз шешімдерін консенсус негізінде қабылдауға талпынады және өзінің рәсім қағидаларын, оның ішінде кезектен тыс сессияларды шақыруға, кворум талаптарына және осы Шарттың ережелерін ескере отырып, әртүрлі шешімдер қабылдау үшін талап етілетін көпшілікке қатысты қағидаларды белгілейді.

14-бап

Халықаралық бюро

      Осы Шартқа қатысты әкімшілік функцияларды ДЗМҰ-ның Халықаралық бюросы орындайды.

15-бап

Шартқа қатысу құқығы

      1. ДЗМҰ-ға мүше кез келген мемлекет осы Шартқа қатысушы бола алады.

      2. Ассамблея өзінің құзыреті және осы Шартта реттелетін мәселелер бойынша осындай ұйымға мүше барлық мемлекет үшін міндетті жеке нормативтік базасы бар екенін және ол өзінің ішкі рәсімдеріне сәйкес осы Шартқа қатысушы болуға тиісінше уәкілетті екенін мәлімдейтін кез келген үкіметаралық ұйымға осы Шартқа қатысуға рұқсат беру туралы шешім қабылдай алады.

      3. Еуропалық Одақ осы Шартты қабылдаған Дипломатиялық конференцияда алдыңғы тармақта аталған мәлімдемені жасап, осы Шартқа қатысушы бола алады.

16-бап

Шарт бойынша құқықтар мен міндеттемелер

      Егер осы Шартта өзге туралы қандай да бір ерекше ережелер қамтылмаса, әрбір Уағдаласушы тарап осы Шарт бойынша барлық құқықты пайдаланады және барлық міндеттемені өзіне қабылдайды.

17-бап

Шартқа қол қою

      Осы Шарт оны қабылдағаннан кейін Марракештегі Дипломатиялық конференцияда, содан кейін бір жыл ішінде ДЗМҰ-ның штаб-пәтерінде кез келген құқылы тараптың қол қоюы үшін ашық болады.

18-бап

Шарттың күшіне енуі

      Осы Шарт 15-бапта аталған 20 құқылы тарап өзінің ратификациялау немесе қосылу туралы құжаттарын сақтауға тапсырғаннан кейін үш айдан соң күшіне енеді.

19-бап

Шартқа қатысу басталатын күн

      Осы Шарт:

      a) 18-бапта аталған 20 құқылы тарап үшін осы Шарт күшіне енген күннен бастап;

      b) 15-бапта аталған әрбір басқа құқылы тарап үшін ДЗМҰ-ның Бас директорына ол өзінің ратификациялау немесе қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан соң міндетті болады.

20-бап

Шарттың күшін жою

      Кез келген Уағдаласушы тарап ДЗМҰ-ның Бас директорына жіберілген хабар лама арқылы осы Шарттың күшін жоя алады. Кез келген күшін жою ДЗМҰ-ның Бас директоры хабарламаны алған күннен бастап бір жылдан соң күшіне енеді.

21-бап

Шарт тілі

      1. Осы Шартқа орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде бір данада қол қойылады, бұл ретте осы тілдердегі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      2. (1) тармақта көрсетілген тілдерден басқа кез келген тілдегі ресми мәтінді ДЗМҰ-ның Бас директоры барлық мүдделі тараппен консультациялардан кейін мүдделі тараптың өтініші бойынша бекітеді. Осы тармақтың мақсаттары үшін "мүдделі тарап" ресми тілі немесе ресми тілдерінің бірі өтініш нысанасы болып табылатын ДЗМҰ-ға қатысушы кез келген мемлекетті, сондай-ақ Еуропалық Одақты және егер ресми тілдерінің бірі өтініш нысанасы болып табылса, осы Шартқа қатысушы бола алатын кез келген басқа да үкіметаралық ұйымды білдіреді.

22-бап

Депозитарий

      ДЗМҰ-ның Бас директоры осы Шарттың депозитарийі болып табылады.


      2013 жылғы маусым айының жиырма жетінші күні Марракеште жасалды.

      Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартының қазақ тіліндегі жобасы мәтінінің аудармасы орыс тіліндегі телнұсқасының мәтініне сәйкес келеді.

      Қазақстан Республикасы
Әділет вице-министрі
Б. Жақселекова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады