Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 10 ақпандағы № 163-VIII ҚРЗ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "15-1) тәлімгерлік жөніндегі ұйым – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы, он жасқа толған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының аумағында өтеусіз негізде жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;";

      2) 28-2-бапта:

      2-тармақ "ұйымдарындағы" деген сөзден кейін "он жасқа толған" деген сөздермен толықтырылсын;

      3-тармақ 13) тармақшасындағы "қоспағанда) тәлімгер бола алмайды." деген сөздер "қоспағанда);" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:

      "14) тәлімгерлік бойынша оқытудан өтпеген адам.";

      4-тармақтың 1) тармақшасындағы "жетім балаларға" деген сөздер "тәлімгерлік туралы шартта айқындалған талаптармен, жетім балаларға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7, 8, 9 және 10-тармақтармен толықтырылсын:

      "7. Тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды тәлімгерлік жөніндегі ұйымдар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары аталған ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      Оқыту бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды ұйымдастыру тәртібін және осындай оқытудан өткені туралы сертификат нысанын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.

      8. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган тәлімгерлік жөніндегі ұйыммен тәлімгерлік туралы шарт жасасады.

      9. Тәлімгерлік жөніндегі ұйым:

      1) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындаған көлемде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпаратты олардың заңды өкілдерінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алуға;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      10. Тәлімгерлік жөніндегі ұйым:

      1) тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарға консультациялық көмек көрсетуге;

      2) тәлімгер болуға ниет білдірген адамдарды оқытуды жүзеге асыруға;

      3) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы он жасқа толған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлерді іріктеуді жүзеге асыруға;

      4) тәлімгерлерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге;

      5) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға қызметі туралы тоқсан сайынғы есепті беруге;

      6) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы он жасқа толған жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ тәлімгерлердің дербес деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      7) бала орналасқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымын, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органды, ішкі істер органдарын тәлімгерлік жүзеге асырылатын баланың қайтыс болу, оған қатыгездікпен қарау, оның ішінде балаға қатысты күштеп немесе психикалық зорлық-зомбылықты жүзеге асыру, сондай-ақ баланың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу фактісі анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде хабардар етуге;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді сақтауға міндетті.".

      2. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      3-2), 3-3), 3-4), 3-5) және 3-6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-2) қазақ тілінің үлкен тілдік моделі – қазақ тіліндегі мәтіндерді кейіннен өңдеу, генерациялау және талдау үшін мәтіндік деректердің үлкен көлемінде оқытылған жасанды нейрондық желі;

      3-3) қазақ тілінің сөздік қоры – тіл нормасына сәйкес келетін, лексикалық-орфографиялық, терминологиялық, ономастикалық және басқа да сөздіктерде, анықтамалықтарда, Қазақ тілінің ұлттық корпусында қамтылған сөздердің, терминдер мен сөз тіркестерінің жиынтығы, тілді мәдени құндылық ретінде сақтау құралы;

      3-4) Қазақ тілінің ұлттық корпусы – қазақ тілінің барлық стилі мен жанрындағы мәтіндерді қамтитын, іздеу жүйесімен және мәтінмен жұмыс істеудің басқа да құралдарымен жарақтандырылған ақпараттық-анықтамалық жүйе;

      3-5) Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры – қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділік беретін және ондағы ақпараттың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы өңделуін қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      3-6) қоғамдық маңызы бар әдебиет – қоғамның рухани-білім және зияткерлік-мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті шығармалар;";

      мынадай мазмұндағы 3-7), 3-8), 3-9) және 3-10) тармақшалармен толықтырылсын:

      "3-7) қоюшы (қоюшы режиссер, қоюшы балетмейстер, қоюшы суретші) (бұдан әрі – қоюшы) – дербес көркемдік шешім негізінде театр, цирк немесе өзге де өнер туындыларының қойылымын жүзеге асыратын жеке тұлға;

      3-8) материалдық емес мәдени мұраны қорғау – материалдық емес мәдени мұраның сәйкестендірілуін, құжаттандырылуын, зерттелуін, сақталуын, қорғалуын, танымал етілуін, рөлiнің артуын, сондай-ақ жаңғыртылуын қоса алғанда, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдау;

      3-9) Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасының мәдени құндылықтар тізбесі;

      3-10) мәдени-бұқаралық іс-шара – халыққа музыкалық-эстетикалық тәрбие беруге, оның рухани және эстетикалық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған мәдени іс-шара;";

      2) мынадай мазмұндағы 24-4-баппен толықтырылсын:

      "24-4-бап. Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры және Қазақ тілінің ұлттық корпусы

      1. Қазақ тілін мәдени құндылық ретінде сақтау, қорғау және дамыту, сондай-ақ мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құрудың мақсаттары болып табылады.

      2. Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады, оны пайдалану ерікті және өтеусіз негіздерде және тиісті рұқсаттарсыз жүзеге асырылады.

      3. Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры қазақ тілінің үлкен тілдік моделін әзірлеу және дамыту үшін дереккөз болып табылады.

      4. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітеді және Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын қолдап отыру мен дамытуға жауапты заңды тұлғаны айқындайды.

      5. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган Қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітеді.";

      1) 32-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) қазақ тілінің сөздік қоры;".

      3.  "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Білім беру саласындағы уәкілетті орган мынадай өкілеттіктерді орындайды:

      1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады;

      2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

      3) азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      4) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізеді және өз құзыреті шегінде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы халықаралық шарттар (келісімдер) мен бағдарламаларға қол қояды, білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидаларын белгілейді және осы жұмысты үйлестіреді;

      5) білім беру саласында жергiлiктi атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді және оған әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;

      6) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім берудің даму жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашық деректерінің интернет-порталында орналастырылатын ашық деректердің бірыңғай тізбесіне сәйкес ақпаратты ашық қолжетімділікте орналастыру арқылы қоғам мен мемлекетті мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру жүйесінің жай-күйі және оның қызметінің тиімділігі туралы объективті ақпаратпен қамтамасыз етеді;

      7) білім беру сапасын басқаруды, білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің сапасын әдістемелік және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      8) білім беруді басқару жүйесіне білім беру мониторингін және оны ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын, сондай-ақ білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      9) мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылықты жүзеге асырады және оның жүргізілуін үйлестіреді, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      10) білім беру сапасына халықаралық салыстырмалы зерттеулер жүргізуді үйлестіруді және білім беруді дамытудың жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама дайындауды, сондай-ақ "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесін қалыптастыруды, қолдап отыруды, оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, интеграциялауды және оның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаны айқындайды;

      11) "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесін қалыптастыру, қолдап отыру, оған жүйелік-техникалық қызмет көрсету, интеграциялау және оның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төмен талаптарды әзірлейді және бекітеді;

      13) электрондық өнеркәсіп саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, арнаулы, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін компьютерлік және интерактивті жабдыққа қойылатын ең төмен талаптарды әзірлейді және бекітеді;

      14) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоспағанда, барлық деңгейдегі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

      15) баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді;

      16) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгілейді;

      17) "Үздік педагог" атағын беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      18) оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу мерзімдерін айқындайды;

      19) мынадай:

      бастауыш білім беру;

      негізгі орта білім беру;

      жалпы орта білім беру;

      білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген мамандықтар бойынша, әскерилер, арнаулы оқу орындары үшін мамандықтар топтары бойынша техникалық және кәсіптік білім беру;

      білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген мамандықтар бойынша, әскерилер, арнаулы оқу орындары үшін мамандықтар топтары бойынша орта білімнен кейінгі білім беру;

      рухани білім беру;

      кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсыну үшін білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымша береді;

      20) орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;

      21) балаларға арналған мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту және қосымша білім беру бойынша қызметтi жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдауды жүзеге асырады;

      22) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алушылардың білімін бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      23) балаларға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және қосымша білім беру бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді;

      24) жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін, сондай-ақ республикалық орта білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын әзірлейді және бекiтедi;

      25) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге қажеттілігін болжау әдістемесін бекітеді;

      26) мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      27) республикалық орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес шетелдік мектептерде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;

      28) жеңімпаздары, жүлдегерлері және оларды дайындаған педагогтер бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақымен көтермеленетін жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      29) жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтерге берілетін біржолғы сыйақының мөлшерлерін бекітеді;

      30) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      31) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекітеді;

      32) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына білім беру гранты беріле отырып қабылданатын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың тізбесі мен оларды іріктеу өлшемшарттарын бекітеді;

      33) жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша Президенттік олимпиаданы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын, орындаушылардың республикалық конкурстарын және кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      34) экстернат нысанында оқыту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      35) мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына бекітіп берілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      36) білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қызметі жұмысының қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      37) бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      38) "Өркен" грантын беру қағидаларын және оның мөлшерлерін, сондай-ақ оның құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      39) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінің үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;

      40) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жалпы білім беретін пәндер циклінің немесе модулінің үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;

      41) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларына, үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жасау және оларды сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      42) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және ендіру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      43) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидаларын, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және одан шығару негіздерін әзірлейді және бекітеді;

      44) мүдделі орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын әзірлейді және бекітеді;

      45) мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша сырттай, кешкі оқу, онлайн-оқу, сондай-ақ экстернат нысандарында білім алуға жол берілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мамандықтары мен біліктіліктерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      46) негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнаулы оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      47) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      48) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларында орындарды бөлу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      49) еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      50) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар мен педагогтердің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      51) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушыларға арналған өтемақыны төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      52) бейіндер бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің оқу-әдістемелік бірлестіктерін құрады және олардың қызметі туралы ережелерді бекітеді;

      53) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде кәсіпорындарды (ұйымдарды) айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      54) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      55) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтаманың нысанын әзірлейді және бекітеді;

      56) "Алтын белгі" белгісі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      57) Қазақстан Республикасының аумағында танылатын орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      58) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою рәсімін жүзеге асырады;

      59) "Орта бiлiм беретін үздiк ұйым", "Техникалық және кәсіптік, орта бiлiмнен кейінгі білім беретін үздiк ұйым" гранттарының мөлшерін және оларды беру тәртiбiн белгiлей отырып, осы гранттарды беруге арналған конкурстарды өткiзу қағидаларын әзірлейді және бекiтедi;

      60) халықтың тығыздығына және елді мекендердің шалғайлығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін әзірлейді және бекітеді;

      61) денсаулық сақтау саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттік аттестаттауды жүргізеді;

      62) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      63) бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      64) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      65) балалар музыка мектептерінің, балалар көркемөнер мектептерінің және балалар өнер мектептерінің үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;

      66) білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      67) орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды, орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптама жасау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларды, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді, орта білім беру ұйымдарына арналған жекелеген пәндер бойынша оқулықтар мен базалық оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін, оның ішінде электрондық нысанда қалыптастырады және бекітеді, сондай-ақ мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      68) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, тиісті типтердегі және түрлердегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      69) психологиялық қолдау орталықтары қызметінің қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      70) білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      71) орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын, кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;

      72) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары мен бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;

      73) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      74) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын әзірлейді және бекітеді;

      75) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі мен қағидаларын, сондай-ақ жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру іске асырылатын мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      76) тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;

      77) білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіптік стандарттарды әзірлейді және бекітеді;

      78) мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      79) еңбек жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      80) білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары қызметінің тиімділігі рейтингін жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      81) педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын, сондай-ақ педагог қызметін курстан кейін қолдауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын, біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік жүйесінің әдістемесін, мемлекеттік білім беру ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын білім беру ұйымдары педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ педагогтерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      82) тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекітеді;

      83) аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану талаптары мен қағидаларын әзірлейді және бекітеді, танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізілімін, сондай-ақ оларды оған енгізу, оны тоқтата тұру және одан шығару негіздерін қалыптастырады және бекітеді;

      84) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      85) меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуын, білім беруді басқару органдарын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдарда бюджеттік және қаржылық тәртіпті мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;

      86) білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын нұсқамада белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар береді;

      87) бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттардың бланкiлерiне тапсырыс берудi ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу мен беру және негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта бiлiмнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты бiлiм беру ұйымдарын олармен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекiтедi, олардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

      88) білім беру қызметінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысандарын әзірлейді және бекітеді және мектепке дейінгі ұйымдардың және жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарының, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекітеді;

      89) мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекітеді;

      90) мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      91) мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді және (немесе) тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;

      92) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындауды және лауазымынан босатуды келіседі;

      93) мектепке дейiнгi, орта, техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейінгі бiлiм беру ұйымдарын, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын әзірлейді және бекiтедi;

      94) мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған орта білім беру ұйымдарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанына қайта ұйымдастыруға арналған өлшемшарттарды бекітеді;

      95) салалық көтермелеу жүйесін бекітеді;

      96) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      97) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Білім беру саласындағы уәкілетті органның осы баптың бірінші бөлігінің 8), 9), 20), 32), 34), 35), 36), 38), 39), 44), 47), 48), 53), 56), 63), 68), 71), 72), 73), 75), 78), 80), 81), 94) және 95) тармақшаларында көзделген өкілеттіктері әскери, арнаулы оқу орындарына қолданылмайды.";

      2) 26-бапта:

      3-тармақтың екінші бөлігі "халықаралық олимпиадалардың" деген сөздерден кейін ", ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Тізбесін Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және орындаушылардың халықаралық конкурстарының бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдарымен соңғы үш жылда марапатталған Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша жетекші шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жоғары білім алу үшін таңдаған мамандықтарының олимпиаданың немесе конкурстың пәніне сәйкес келуі және академиялық оқытуға сөзсіз қабылдану шартымен (қаржылық талаптарды қоспағанда), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жас шектеулері ескеріле отырып, конкурстық негізде "Болашақ" халықаралық стипендиясын алуға құқығы бар.".

      4. "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" 2011 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      12-1-баптың 6-тармағының екінші бөлігі "мөлшерін" деген сөзден кейін ", сондай-ақ оның құнын айқындау әдістемесін" деген сөздермен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын;

      2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 1) тармақшасының жиырма тоғызыншы абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады