Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 12 наурыздағы № 170-VIII ҚРЗ.

      2023 жылғы 9 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

      Қазақстан Республикасы біртұтас энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі - Қазақстан БЭЖ-і) және Ресей Федерациясы біртұтас энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі - Ресей БЭЖ-і) қатарлас жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өте отырып,

      электр энергетикасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген мүдделілікті негізге ала отырып,

      1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ынтымақтастық және отын-энергетика кешендерін дамыту туралы келісімді, 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы келісімді ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Қазақстан БЭЖ-і мен Ресей БЭЖ-інің қатар жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін, мына:

      1) Ресей Федерациясынан Қазақстан БЭЖ-і арқылы беруге жоспарланатын электр энергиясының көлемдерін Тараптар мемлекеттерінің тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органдарының жыл сайын келісуі;

      2) "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы" (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) "KEGOC" акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) (бұдан әрі - KEGOC) мен "Интер РАО ЕЭС" жария акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі - Интер РАО) арасында жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу және сату көзделетін қажетті шараларды қабылдайды. Бұл ретте KEGOC пен Интер РАО арасында жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу және сату құнында:

      а) электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының диспетчерлік графикте берілгенге қарағанда, рұқсат етілетін ауытқуының орташа сағаттық шамасы шегінде:

      бір тәулік бұрын баға өтінімдерін бәсекелестік іріктеу қорытындылары бойынша айқындалған бағалар негізінде Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығында қалыптасқан электр энергиясының бағасына сәйкес келетін электр энергиясын сатып алу және сату бағасының теңдігі қамтамасыз етілетіні;

      Қазақстан Республикасы ұлттық электр желісінің және Ресей Федерациясы біртұтас ұлттық (бүкілресейлік) электр желісінің электр желілері бойынша электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектілері жүзеге асырмайтыны, көрсетілетін қызметтердің тиісті көлемі міндеттемелер көлемін айқындау кезінде ескерілмейтіні;

      Интер РАО рентабельділігі нормасының мөлшері 0,5 пайызды құрайтыны;

      б) электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының диспетчерлік графикте берілгеннен жол берілетін ауытқуының орташа сағаттық шамасынан жоғары:

      электр энергиясын сатып алу және сату бағалары Ресей Федерациясы электр энергиясы мең қуатының көтерме нарығында жасалған және жүйені теңгерімдеу үшін өтінімдерді бәсекелестік іріктеу қорытындылары бойынша электр энергиясы саудасын қамтамасыз ететін шарттар бойынша электр энергиясын сатып алу (сату) құнын негізге ала отырып айқындалатыны;

      Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілген электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосы жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін өту мақсатында Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығында жасалған шарттар бойынша қуатты сатып алу құнын, Ресей Федерациясының бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығы субъектілері үшін белгілеген бағалар (тарифтер) бойынша "Россети - Федералдық желілік компаниясы" жария акционерлік қоғамының (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі - Россети) электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерінің құнын және "Біртұтас энергетикалық жүйенің жүйелік операторы" акционерлік қоғамының (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі - БЭЖ ЖО) электр энергетикасындағы жедел-диспетчерлік басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерінің құнын негізге ала отырып айқындалатын бағалар бойынша қуатқа ақы төлеу жүзеге асырылатыны;

      KEGOC-тың электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне және оның жүйелік оператор ретінде көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу жүзеге асырылмайтыны;

      Интер РАО рентабельділігі нормасының мөлшері 2,5 пайызды құрайтыны көзделетін;

      3) Интер РАО (немесе "Интер РАО Қазақстан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Интер РАО (немесе "Интер РАО Қазақстан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) арасында жасалған шарт (келісімшарт) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдары жаппайтын электр энергиясын тұтынудың жоспарлы көлемін жабу үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілетін электр энергиясын коммерциялық негізде сатып алу;

      4) Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге Қазақстан Республикасының тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген, Қазақстан Республикасының өз тұтынушылары үшін электр энергиясын беруге арналған тарифтен аспайтын және электр энергиясын беру жүзеге асырылатын электр беру желілерінің тиісінше техникалық жай-күйін және пайдаланылуын қамтамасыз ететін тариф бойынша ақы төлеу;

      5) цифрлық майнерлердің қажеттіліктері үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына коммерциялық жеткізілімдерді жүзеге асыру бойынша, оның ішінде Қазақстан БЭЖ жүйелік операторы Қазақстан БЭЖ-індегі және (немесе) оның бөліктеріндегі электр энергиясының болжамды тапшылығын жиынтығында бір ай бұрын анықтау мәселесі бойынша консультацияны жалғастыру көзделетін қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алуға және сатуға арналған шарттар бойынша электр энергиясының құнын есептеуде пайдаланылатын электр энергиясы мен қуатының сандық және бағалау параметрлері Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылым ұйымдарының есептік құжаттарымен расталады. Бұл ретте электр энергиясының құнында Ресей Федерациясының бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф және "Нарық кеңесі КеӘ" қауымдастығы байқаушы кеңесінің шешімімен Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығы субъектілері үшін белгіленген баға бойынша Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылым ұйымдарының көрсетілетін қызметтерінің құны ескеріледі.

      3. Тараптар электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан рұқсат етілетін орташа сағаттық ауытқуының шамасынан асатын ауытқуларды энергия жүйелерінің қалыпты жұмыс режимінен ауытқу ретінде қарайды және осындай ауытқуларды барынша азайтуға бағытталған шараларды қабылдайды. Электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін сатып алу мен сатудың қаржылық нәтижесі Ресей БЭЖ-інің көрсетілген ауытқуларды физикалық тұрғыдан реттегені үшін әділ төлем болып табылады.

      4. Тараптардың уәкілетті органдары мемлекетаралық қималардағы қуат ағындары сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының технологиялық негізделген орташа сағаттық шамаларын айқындау әдістемесін келіскенге және бекіткенге дейін электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының рұқсат етілетін орташа сағаттық шамасы 150 МВт-қа (оның ішінде Ресей - Батыс Қазақстан қимасында 30 МВт-қа) тең болып белгіленеді.

      5. KEGOC алдындағы міндеттемелерді орындау мақсатында біртұтас ұлттық (бүкілресейлік) электр желісін басқару ұйымының электр энергиясын беру бойынша Интер РАО-ға көрсеткен қызметтерінің көлемі Интер РАО алдындағы KEGOC міндеттемелерін қалыптастыру үшін осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көзделген қағидалар бойынша айқындалады.

2-бап

      1. Тараптардың мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне Тараптар мынадай:

      KEGOC, Россети және БЭЖ ЖО арасындағы қатар жұмыс істеу туралы;

      KEGOC пен Россети арасындағы Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөнінде қызметтер көрсету туралы;

      KEGOC пен Интер РАО арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы электр энергиясын беру кезінде туындайтын электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін өтеу үшін электр энергиясын сатып алу және сату туралы;

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы берілетін электр энергиясының мөлшерін сағаттық есептеу және KEGOC пен Россети арасындағы электр энергиясын есепке алудың сағаттық деректерін күн сайын алмасу мен келісуді ұйымдастыру тәртібі туралы шарттарды (келісімшарттарды) бір мезгілде жасасуға жәрдемдеседі.

      2. Тараптар консультациялар өткізеді, олардың барысында Солтүстік Қазақстан - Ресей және Батыс Қазақстан - Ресей қималарында электр энергиясының нақты ағындарының ауытқуларын бірыңғай қимада есепке алудың орындылығы не орынсыздығы мәселесі бойынша кейіннен шешім қабылдауға арналған техникалық-экономикалық негіздемені де келіседі.

3-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды Тараптардың мынадай құзыретті органдары жүзеге асырады:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      Ресей тарапынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.

      Көрсетілген құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді

4-бап

      Осы Келісімде көзделген өз міндеттемелерін Тараптардың бірінің орындауына кедергілер туғызатын мән-жайлар, не осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары көрсетілген мән-жайларды, не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.

      Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілмеуі мүмкін келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

5-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.

6-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді және 2022 жылғы 1 қарашадан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны оның қолданылуы тоқтатылатын болжамды күнге дейін кемінде 6 ай бұрын, бірақ осы Келісім күшіне енген күннен бастап кемінде 3 жыл өткен соң жіберу арқылы оның қолданысын тоқтата алады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылуы кезеңіне осы Келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      Осы Келісім оған қол қойылған күннен бастап 15 күн өткен соң уақытша қолданылады. Осы Келісімді уақытша қолдану басталған күннен бастап 2009 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді (бұдан әрі - 2009 жылғы 20 қарашадағы келісім) уақытша қолдану тоқтатылады.

      2009 жылғы 20 қарашадағы келісімді уақытша қолдануды тоқтату оны уақытша қолдану кезеңінде 2009 жылғы 20 қарашадағы келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      2023 жылғы "9" қараша Астана қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады