Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 17 қаңтардағы Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 412-І Заңымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР 13.07.1999 N 412-І Заңымен.

1 тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы заң актілері

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары шаруашылық дауларын "Қазақстан Республикасының арбитраждық соты туралы" Қазақстан Республикасы Заңына және осы Заңға сәйкес шешеді. Даулардың жекелеген түрлерін шешу ерекшеліктері Қазақстан Республикасы заң актілерімен белгіленуі мүмкін.

2-бап. Қазақстан Республикасы арбитраждық соттарына өтініш жасау құқығы

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарына олар үшін белгіленген ведомстволық бағыныштылыққа сәйкес өздерінің бұзылған немесе даулы болып отырған хұқықтарын не заңды мүдделерін қорғау үшін кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар, оның ішінде колхоздар, Қазақстан Республикасы мен басқа елдердің заңды ұйымдар болып табылатын дербес, бірлескен кәсіпорындары мен халықаралық бірлестіктері өтініш беруге хақылы.

      Қазақсан Республикасының арбитраждық соттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде мемлекеттік және өзге де органдар, басқа жақтар өтініш беруге хақылы.

3-бап. Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарында іс қозғау

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары: мүдделі ұйымдардың; Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде мемлекеттік және өзге де органдардың; ұйымдардың мүдделеріне орай Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотына өтініш жасаған Қазақстан Республикасы Бас прокурорының немесе оның орынбасарының; тиісінше облыстың, қаланың арбитраждық соттарына өтініш жасаған облыс, қала прокурорларының не олардың орынбасарларының арыздары бойынша іс қозғайды.

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары жалпымемлекеттік мүдделерге залал келтірілген реттерде өз инициативасы бойынша іс қозғауға хақылы.

4-бап. Арбитраждық соттың дауларды шешуі

      Дауларды шешуді Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Дауларды шешу жөніндегі арбитраждық алқаның бір немесе үш судьясы құрамында жүргізеді. Арбитраждық соттың сан құрамын Дауларды шешу жөніндегі арбитраждық алқаның төрағасы белгілейді.

      Облыстардың және Алматы қаласы арбитраждық соттарының дауларды шешуін судьялар жеке-дара жүзеге асырады. Күрделі дауларды шешу үшін арбитраждық соттың төрағасы немесе арбитраждық сот төрағасының орынбасары жазбаша өкіммен сот құрамына қосымша екі судьяны енгізіп, үш судьяның біреуін мәжілісте төрағалық етуші етіп тағайындай алады.

5-бап. Арбитраждау

      Арбитраждық сот тараптар арасындағы келісімге қол жетуіне жәрдемдеседі және осы келісімге сәйкес шешім қабылдайды. Егер тараптар арасындағы келісім заңдарға, іс жүзіндегі жағдайға және іс материалдарына қайшы келетін болса, арбитраждық сот шешім қабылдау кезінде мұндай келісімді басшылыққа алмайды.

6-бап. Судьялардың тәуелсіздігі және олардың тек қана заңға бағынуы

      Дауларды шешу және сот әділдігін жүзеге асыру кезінде судьялар тәуелсіз және тек заңға ғана бағынады.

7-бап. Тараптар теңдігі

      Арбитраждық сотта дауларды шешу ұйымдардың бағыныштылығына, тұрған жеріне, меншік түрлеріне және басқа жағдайларға қарамастан, олардың Заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылады.

8-бап. Дауларды шешудің жариялылығы

      Арбитраждық сотта дауларды шешу, бұл мемлекеттік немесе коммерциялық құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келетін реттерді қоспағанда, ашық жүргізіледі.

9-бап. Арбитраждық іс жүргізілетін тіл

      Қазақстан Республикасында арбитраждық соттарда іс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін іске қатысушы адамға іс материалдарымен танысу, аудармашы арқылы арбитраждық соттың іс-әрекетіне қатысу хұқығы, арбитраждық сотта ана тілінде сөйлеу хұқығы қамтамасыз етіледі.

10-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігі

      Арбитраждық соттың шешімі заңды және негізделген болуға тиіс.

11-бап. Дауларды шешу кезінде қолданылатын заңдар

      Қазақстан Республикасының төрелік соттары дауларды Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының басқа да заңдары, халықаралық шарттар негізінде шешеді, ал заңдарда не халықаралық келісімде белгіленген реттерде басқа мемлекеттердің заңдарын қолдануы мүмкін.

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соты дауды шешумен байланысты мемлекеттік басқару органы актілерінің, жергілікті өкілетті органның, оның атқарушы және өкімші органының өздерінің өкілеттігі шегінде шығарған шешімдерінің Қазақстан Республикасы Конституциясына, республика заңдарына сәйкес келмейтіндігін анықтай отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясы, республика заңдары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік өкіметінің жоғары органдарының басқа да актілері негізінде шешім қабылдайды.

      Даулы қатынастарды реттеуші заңдар болмаған кезде арбитраждық сот ұқсас қатынастарды реттейтін заңдарды қолданады, ал мұндай заң болмаған кезде сот қолданылып жүрген заңдардың жалпы негіздері мен мәнін негізге алады.

      Қазақстан Республикасының Төрелік Соты қолданылуға жататын Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді деп таныса, оны қолдануға қақысы жоқ. Мұндай жағдайда іс жүргізу тоқтатылып, Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына бұл Заңды конституциялық емес деп тану туралы ұсыныс жібереді.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

12-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру және шешімді қайта қарау

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты арбитраждық соттардың сот қызметін қадағалауды жүзеге асырады.

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру және шешімді қайта құру осы Заңда көзделген жағдайларда жүргізіледі.

13-бап. Шешімнің күшіне енуі және оның міндеттілігі

      Арбитраждық соттың шешімі (шешім, қаулы, ұйғарым) қабылдана салысымен дереу күшіне енеді. Шешімді барлық ұйымдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде орындауға тиіс.

II тарау. ІСТЕРДІҢ ВЕДОМСТВОЛЫҚ ҚАРАЛУҒА ЖАТАТЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ СОТТЫҢ ҚАРАУЫНА ЖАТАТЫНДЫҒЫ

14-бап. Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары қарайтын істер

      Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары меншік түрлеріне, қай ведомствоның қарауына жататындығына қарамастан, оның ішінде: мемлекеттік басқару, халық депутаттары жергілікті Кеңестері органдарының, банкілердің, бірлескен кәсіпорындардың, шетелдік заңды ұйымдардың, колхоздардың, салық инспекцияларының, басқа да органдардың қатысуымен ұйымдар арасындағы даулар бойынша істерді қарайды.

      Арбитраждық соттар сондай-ақ өкімет пен бақылау органдарының, жоғары тұрған ұйымдар органдарының өз құзыретіне сәйкес келмейтін не заңдарды бұза отырып шығарылған, ұйымдардың хұқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын актілерін толығымен немесе ішінара күші жоқ деп тану туралы мәлімдемелерін қарайды.

      Арбитраждық соттар республика заңдарымен немесе халықаралық келісімдермен олардың құзыретіне жатқызылған басқа да дауларды қарайды.

      Арбитраждық соттардың қарауына мынадай даулар жатпайды:

      1) егер заңдармен немесе тараптардың келісімімен өзгеше бір мәселе арнайы көзделмеген болса, екі жақ үшін міндетті тапсырмаға негізделмеген шарттарды жасасқан кезде туған даулар;

      2) стандарттарды және техникалық шарттарды келістіру кезінде туған даулар;

      3) өнімге бағаны, сондай-ақ көрсетілген қызмет (атқарылатын жұмыс) үшін тарифтерді белгілеу туралы даулар;

      4) басқа сот органдары құзыретіне жатқызылған өзге де даулар.

15-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының қарауына жататын даулар

      Қазақстан Республикасының Жоғары Төрелік Соты өз құзіреті шегінде мемлекеттік басқару органдарының және республикалық маңызы бар басқа да органдардың (концерндердің, қауымдастықтардың, холдинг компаниялардың) актілерін толық немесе ішінара жарамсыз деп тану туралы арыздарды қарайды.

      Қазақстан Республикасының Жоғары Төрелік Соты даулардың республика төрелік соты органдарына бағыныштылығы шегінде кез келген дауды өзінің іс жүргізуіне қабылдап, шешуге құқылы.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

16-бап. Облыстар және Алматы қаласы арбитраждық соттарының қарауына жататын даулар

      Облыстардың және Алматы қаласының, арбитраждық соттары Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының қарауына жатқызылғаннан басқа барлық дауды қарайды.

      Облыстың, Алматы қаласының арбитраждық соты арбитраждық соттың қарауына берілген даулар шегінде өз инициативасы бойынша іс қозғауға хақылы.

17-бап. Арбитраждық соттардың территорияға орай қарауына жататын даулар

      Арбитраждық соттардың қарауына жататын, шаруашылық шарттарын жасасу, өзгерту және бұзу кезінде туған дауларды арбитраждық сот өнім жеткізіп беруші ұйымның, мердігердің немесе қызмет көрсетушінің (жұмысты орындаушының) тұрған жері бойынша шешеді. Шаруашылық шарттарын орындау кезінде және басқа да негіздер бойынша туған даулар жауапкердің тұрған жеpi бойынша қаралады.

      Іске ұйымның құрылымдық бір бунағы қатысқан ретте даулардың территорияға орай қаралуы осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес, ұйымның емес, құрылымдық бунақтың орналасқан жеріне байланысты анықталады. Егер іске түрлі республикалардың, облыстардың, Алматы облысы мен қаласының территориясында тұратын жауапкерлер қатысса, дауды талапкердің таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрған жері бойынша арбитраждық сот қарайды.

18-бап. Істердің ерекше бір ведомстволық қаралуға жататындығы

      Сапасы ойдағыдай емес немесе комплектісі толық емес өнім берумен байланысты, бірнеше жауапкер қатынасатын дауларды өнімді дайындаушы жауапкердің тұрған жері бойынша, ал егер жеткізіп берілген өнімді бірнеше дайындаушы өндірсе, жеткізіп беруші жауапкердің тұрған жері бойынша арбитраждық сот қарайды.

      Өнімнің кем шығуымен байланысты, бірнеше жауапкер қатысатын дауларды өнімді жіберушінің тұрған жері бойынша арбитраждық сот қарайды. Дайындаушының ыдыстары мен қораптары ашылмай өнім жіберуші қайта жіберген өнімнін кем шығуына байланысты даулар дайындаушының тұрған жері бойынша, ал бірнеше дайындаушы өндірген өнім қайта жіберілген реттерде өнімі алынған жіберушінің тұрған жері бойынша қаралады.

      Жауапкерлердің бірі транспорт органы болып табылатын тасымалдау шарттарынан туған дауларды транспорт органының тұрған жері бойынша арбитраждық сот қарайды.

      Ұйымдарға шеккен зияндарды олардың республикалық бағыныстағы жоғары тұрған органдарының өтеуі туралы дауларды Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты, ал жергілікті бағыныстағы жоғары тұрған органдардың зияндарды өтеуі туралы дауларды тиісінше облыстың, Алматы қаласының арбитраждық соты қарайды. Мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының, жоғары тұрған органдардың актілерін толығымен немесе ішінара күші жоқ деп тану туралы арыздар осындай тәртіппен қаралады.

19-бап. Дауларды аралық соттардың шешуіне беру

      Заңмен немесе халықаралық шартпен көзделген ретте шаруашылық хұқық қатынастарынан туған даулар тараптардың, келісімі бойынша аралық соттың шешуіне берілуі мумкін.

20-бап. Арбитраждық істердің сотта қаралуға жататындығы және оларды бір соттан екінші сотқа беру тәртібі

      Істердің арбитраждық соттарда қаралуға жататындығы осы Заңның 15, 16, 17, 18-баптарымен анықталады.

      Сотта қаралуға жататындығы туралы ережелерді сақтай отырып соттың өз жүргізуіне алынған іс, тіпті егер ол одан әрі басқа соттың қарауына берілсе де, шын мәнінде арбитраждық сот арқылы шешілуге тиіс.

      Арбитраждық сот істі басқа соттың қарауына:

      1) егер іс соттың қарауына жату ережелері бұзыла отырып іс жүргізуге жаңсақ қабылданса;

      2) егер бір немесе бірнеше судья қарсылық білдіргеннен кейін бұл сотта оларды алмастыру мүмкін болмаса;

      3) Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының өкімі бойынша береді.

      Істі басқа соттың карауына беру туралы ұйғарымға жалпы тәртіппен шағым айтылуы мүмкін.

      Істі Қазақстан Республикасы арбитраждық сотының бірінен екіншісіне беру ұйғарымға қарсы шағым мерзімі біткенде, ал наразылық білдірілген немесе ұйғарымның заңдылығын тексеру туралы өтініш жасалған ретте, оларды қанағаттандыра алмайтындығы туралы шешім енгізілгеннен кейін жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасының, арбитраждық соттары арасында сотта қаралуға жататындық туралы дауларға жол берілмейді.

III тарау. АРБИТРАЖДЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР

21-бап. Іске қатысушы адамдардың құрамы

      Тараптар, үшінші жақтар, прокурор, мемлекеттік және өздеріне жүктелген міндеттерге қарай процеске қатысатын өзге де органдар өкілдері, сондай-ақ актілердің күші жоқ деп тану туралы істер бойынша арыз берушілер іске қатысушы адамдар деп танылады.

22-бап. Арбитраждық процестегі тараптар

      Меншік түріне қарамастан заңды ұйымдар ретінде танылатын ұйымдар, сондай-ақ олардың жоғары тұрған органдары және шаруашылық дауларын шешетін органдарда Қазақстан Республикасының заң актілері негізінде өз хұқықтары мен мүдделерін қорғай алатын басқа да адамдар арбитраждық процестегі тараптар іс қозғайтын талапкер немесе жауапкер бола алады.

      Талап қойып отырған немесе мүдделер үшін талап қойылған ұйымдар талапкерлер болып табылады.

      Өздеріне айыптау талабы қойылған ұйымдар мен органдар жауапкерлер болып табылады.

      Заңдарда көзделген реттерде ұйымның құрылымдық бунақтары даудағы тараптар бола алады.

      Арбитраждық сотта дауларды қараған кезде тараптардың әрқайсысы өзара тең іс жүргізу хұқықтарын пайдаланады.

23-бап. Іске қатысушы адамдардың хұқықтары мен міндеттері

      Іске қатысушы адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға, көшірмесін түсіруге, дәлелдемелер тапсыруға, дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға, арбитраждық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, өтініштер айтуға, арбитраждық сотка ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге, арбитраждық процесс барысында туындайтын барлық мәселе бойынша өз дәлелдері мен пікірлерін тапсыруға, іске қатысушы басқа адамдардың өтініштеріне, дәлелдері мен пікірлеріне қарсылық білдіруге, арбитраждық сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арызбен өтініш жасауға және өздеріне осы Заң беретін басқа да іс жүргізу хұқықтарын пайдалануға хақысы бар.

      Іс бойынша тараптар судьяларға қарсылық білдіру туралы арыз беруге хақылы.

      Іске қатысушы адамдар өздеріне тиесілі барлық іс жүргізу құқықтарын дұрыс пайдалануға міндетті.

24-бап. Іске бірнеше талапкердің немесе жауапкердің қатысуы

      Талап бірнеше талапкер тарапынан бірлесіп қойылуы немесе бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талапкердің немесе жауапкерлердің әрқайсысы процеске екінші тарап орайында өз алдына дербес қатысады.

      Іске бірлесіп қатысушылар істі жүргізуді бірлесіп қатысушылардың біреуіне тапсыра алады.

25-бап. Арбитраждық процеске ұйымның құрылымдық бунағының қатысуы

      Ұйымның құрылымдық бунағы арбитраждық процеске:

      өзіне заңдар және ұйым берген хұқықтар шегінде осы бунақ шаруашылық шарттарын жасасқан кезде, сондай-ақ ондай шарттарды өзгерту, бұзу және орындау кезінде туған даулар бойынша ұйым атынан қатыса алады. Бұл реттерде ұйым арбитраждық процестегі тарап болып табылады;

      өзіне ұйым берген хұқыққа сәйкес құрылымдық бунақ шаруашылық шарттарын жасасқан кезде, сондай-ақ мұндай шарттарды өзгерту, бұзу және орындау кезінде туған даулар бойынша өз атынан қатыса алады. Бұл орайда құрылымдық бунақ арбитраждық процестегі тарап болып табылады.

      Ұйымның арбитраждық процеске қатысушы құрылымдық бунағы тиісті тараптың хұқықтарын пайдаланады және оның міндеттерін атқарады.

26-бап. Іске катысуға басқа талапкерді немесе жауапкерді тарту

      Арбитраждық сот дау бойынша шешім қабылданғанға дейін тараптың өтінішімен немесе өз инициативасымен тиісті ұйымды басқа талапкер немесе жауапкер ретінде іске қатысуға тартуға хақылы.

      Жауапкерді іске тарту туралы өтініш осы жауапкермен қарым-қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар колданылатын болса, канағаттандырылады. Жауапкерді арбитраждық соттың не іске қатысушы прокурордың инициативасы бойынша іске тарту ондай шаралардың қолданылуына қарамастан жүргізілуі мүмкін.

      Іске қатысуға талапкерді немесе жауапкерді тарту туралы ұйғарым шығарылады.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

27-бап. Іс жүргізу хұқығын қабылдаушылық

      Қайта құрудың не таратудың салдарынан даулы немесе арбитраждық соттың шешімімен белгіленген хұқық қатынастары тараптардың, бірі істен шығып қалған ретте арбитраждық сот бұл тарапты оның хұқық қабылдаушысымен ауыстырып, бұл туралы шешімде немесе ұйғарымда көрсетеді. Арбитраждық процестің кез келген сатысында хұқық қабылдаушылық жүзеге асырылуы мүмкін.

28-бап. Талаптың негізін немесе талаптың өзін өзгерту, айыптау талаптарының көлемін өзгерту, талаптан бас тарту, талапты мойындау, бітімдік келісім

      Талапкер іс бойынша шешім қабылданғанға дейін талаптың негізін немесе талаптың өзін өзгертуге, осы бөліктегі қарым-қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар қолданылатын жағдайда айыптау талаптарының көлемін ұлғайтуға хақылы. Арбитраждық сот өз инициативасы бойынша осы бөліктегі қарым-қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар қолдану-қолданбауына қарамастан талапкердің келісімімен талаптың негізін немесе талаптың өзін өзгертуге хақылы.

      Талапкер талаптан бас тартуға немесе айыптау талаптарының көлемін азайтуға хақылы. Жауапкер таланты толық немесе ішінара мойындауға хақылы. Тараптар істі бітімдік келісіммен аяқтай алады.

      Арбитраждық, сот талаптан бас тартуды немесе талапты мойындауды, бітімдік келісім заңдарға қайшы келетін болса, қабылдамайды және бітімдік келісімді бекітпейді.

29-бап. Тараптар өкілдері

      Ұйымдардың, басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың арбитраждық процеске қатысатын құрылымдық бунақтарының басшылары және басшыларының орынбасарлары арбитраждық сотта тараптар өкілдері болып табылады. Аталған адамдардың өкілеттігі олардың қызметтік жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.

      Басқа адамдар да осылай тараптар өкілдері болуы мүмкін; бұл адамдардың өкілеттігі ресімделген сенімхатпен расталады.

30-бап. Даулы мәселеге дербес талаптар қоятын үшінші жақтар

      Даулы мәселе жөнінде дербес талаптар қоятын үшінші жақтар іске арбитраждық сот шешімін шығарғанға дейін кірісе алады. Олар тараптардың барлық хұқығын пайдаланады және барлық міндетін атқарады.

31-бап. Даулы мәселеге дербес талаптар қоймайтын үшінші жақтар

      Даулы мәселеге дербес талаптар қоймайтын үшінші жақтар, іс бойынша шешім тараптардың біріне қатысты олардың хұқықтарына немесе міндеттеріне әсер ететін болса, арбитраждық сот шешім қабылдағанға дейін талапкерді немесе жауапкерді жақтап іске кірісе алады. Олар сондай-ақ тараптардың, прокурордың өтініші бойынша немесе арбитраждық соттың инициативасы бойынша іске қатысуға тартылуы мүмкін. Дербес талаптар қоймайтын үшінші жақтар тараптардың іс жүргізу хұқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін атқарады, талаптың негізін және талаптың өзін өзгерту, айыптау талаптарының көлемін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талаптан бас тарту, талапты мойындау немесе келісімге қол жеткізу, шешімді күштеп орындатуға талап ету хұқығын пайдаланбайды. Даулы мәселеге дербес талаптар қоятын да, қоймайтын да үшінші жақтардың іске кірісуі туралы төрелік соттың ұйғарымы шығарылады, ол іс бойынша тараптарға жіберіледі

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

32-бап. Прокурордың арбитраждық процеске қатысуы

      Прокурор арбитраждық процеске өзі немесе оның орынбасары ұйым мүддесі үшін арыз талабын жолдаған және арбитраждық соттың шешіміне наразылық білдірген, не оның қатысуы қажет деп сот таныған ретте қатысады. Егер ұйымдардың хұқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қажет болса, прокурор арбитраждық процеске ұйымдар қойған талаптар бойынша оның кез келген сатысында қатысуға хақылы. Прокурордың өзіне мәлімденген талаптан бас тартуы, айыптау талаптарының көлемін азайту, талаптың негізін немесе талаптың өзін өзгерту талапкерді айыптау талаптарының бастапқы түрінде қолдау хұқығынан айырмайды.

33-бап. Мемлекеттік немесе басқа адамдардың хұқықтарын қорғайтын мемлекеттік және өзге де органдардың арбитраждық процеске қатысуы

      Заң актілерінде көзделген реттерде мемлекеттік және өзге де органдар заңды ұйымдардың немесе мемлекеттік хұқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін талап қоя алады. Олар қойған талаптан аталған органдардың бас тартуы мүддесін қорғау үшін талап қойылған адамды істің мәнін қарауды талап ету хұкығынан айырмайды.

      Мемлекеттік және өзге де органдарды заңда белгіленген реттерде сот іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуға тартуы мүмкін.

34-бап. Қоғамдық бірлестіктер мен еңбек коллективтері өкілдерінің дауларды қарауға қатысуы

      Арбитраждық дауды қарауға қатысуға өздеріне уәкілеттік берген бірлестіктер мен ұжымдардың қаралып жатқан іс жайындағы пікірлерін арбитраждық сотқа баяндау үшін іс бойынша тараптар болып табылатын қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың еңбек ұжымдарының өкілдерін жібереді. Қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының өкілдері іс материалдарымен танысуға, дәлелдемелерді қарау мен зерттеуге қатысуға (бұл мемлекеттік немесе коммерциялық құпияны сақтау мүдделеріне қайшы келетін реттерді қоспағанда), дәлелдемелер табыс етуге, дауларды қарау кезінде туындаған барлық мәселе бойынша өзінің дәлелдерін келтіруге, сондай-ақ экономикалық қатынастарда заңдылықтың бұзылу себептерін анықтауға қатысуға хұқығы бар, олар өздеріне берілген іс жүргізу хұқықтарын қалтқысыз түрде заңға сәйкес пайдалануға міндетті. Қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдары өкілдерінің өкілеттігі қоғамдық бірлестіктің еңбек ұжымының сайланбалы органы қабылдаған шешімнен үзінді арқылы куәландырылады.

IV тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР

35-бап. Дәлелдемелер ұғымы және олардың түрлері

      Тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын заңда белгіленген тәртіп бойынша анықтағанда арбитраждық сот негізге алатын іс жүзіндегі деректердің кез келгені, сондай-ақ дауларды дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайлар іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

      Бұл деректер мынадай тәсілмен: жазба дәлелдемелермен және айғақтық заттармен, тараптар өкілдерінің және арбитраждық процеске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерімен, сондай-ақ сарапшылардың қорытындыларымен анықталады.

36-бап. Дәлелдеу және дәлелдемелер тапсыру міндеттілігі

      Тараптардың әрқайсысы өзінің талаптары мен қарсы пікірлеріне негіз етіп көрсетіп отырған мән-жайларды дәлелдеп беруге тиіс.

      Дәлелдемелерді тараптар және арбитраждық процестің басқа да қатысушылары тапсырады. Егер тапсырылған дәлелдемелер жеткілікті болмаса, сот тараптарға және іске қатысушы басқа да адамдарға қосымша дәлелдемелер тапсыруды ұсынады, не оларды өз инициативасы бойынша жинауға хақылы.

37-бап. Дәлелдемелердің салыстырмалылығы

      Арбитраждық сот іс үшін маңызы бар дәлелдемелерді ғана қабылдайды.

38-бап. Дәлелдемелердің іске жататындығы

      Заң бойынша белгілі бір тәсілдермен расталатын істің мән-жайы тек осы тәсілдермен тиянақталуға тиіс.

39-бап. Дәлелдеуден босатуға болатын негіздер

      Арбитраждық сот жалпы мәлім деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.

      Бір дауды шешу кезінде арбитраждық соттың шешімі бойынша анықталған фактілер нақ сол тараптар қатысуымен басқа дауларды шешу кезінде тағы қайтадан дәлелдеуге жатпайды.

      Дауларды шешетін арбитраждық сотқа қылмыстық іс бойынша соттың заңды күшіне енген үкімі белгілі бір әрекеттердің болған-болмағаны және оларды кімнің жасағаны жөніндегі мәселелер бойынша ғана міндетті болады.

      Азаматтық іс бойынша соттың заңды күшіне енген шешімі сот анықтаған және іс үшін маңызы бар фактілер туралы мәселелер жөніндегі дауларды шешетін арбитраждық сот үшін міндетті.

40-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету

      Өздеріне қажетті дәлелдемелерді тапсыру кейін мүмкін болмай қалады немесе қиынға соғады деп күдіктенуге негізі бар тараптар арбитраждық соттан бұл дәлелдемелерді қамтамасыз етуді сұрай алады.

      Дәлелдемелерді қамтамасыз ету ұйымдардан олардың іске қатысы бар-жоқтығына қарамастан құжаттар, мәліметтер мен қорытындылар беруді талап ету, сараптама жүргізу, тұрған орнында қарап шығу жолымен және басқа да тәсілдермен жүргізіледі.

41-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз

      Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етілуге қажетті дәлелдемелер; бұл дәлелдемелер бойынша расталуға тиісті мән-жайлар; өтініш берушінің қамтамасыз етуді сұрау себептері, сондай-ақ бұл дәлелдемелер қажет болып отырған іс көрсетілуі тиіс.

      Арыз істі қарайтын арбитраждық сотқа беріледі. Істі қарайтын сот, дәлелдемелерді басқа жерде жинау қажет болған ретте тиісті сотқа сот тапсырмасы ретінде белгілі бір іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыруды тапсырады.

      Сот тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралып жатқан істің мәні қысқаша баяндалады, анықталуға, дәлелденуге тиіс мән-жайлар көрсетіледі, оларды тапсырманы орындайтын сот жинауға тиіс. Бұл ұйғарым ол жіберілген сот үшін міндетті және ұйғарымда белгіленген мерзімде орындалуға тиіс.

42-бап. Дәлелдемелерді тұрған орнында қарау және зерттеу

      Арбитраждық сот тараптардың арызы бойынша не өз бастамасы бойынша дәлелдемелерді қамтамасыз ету мақсатында дәлелдемелерді олардың тұрған орнында қарау мен зерттеу жүргізуге хақылы.

      Дәлелдемелерді қарау мен зерттеу нәтижелері бойынша протокол жасалып, оған дәлелдемелерді қарау мен зерттеуге қатысқан судья және тараптардың өкілдері қол қояды. Протокол іске тіркеледі.

43-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі

      Дәлелдемелерді осы заңда белгіленген тәртіппен арбитраждық сот қамтамасыз етеді.

      Дәлелдемелерді қамтамасыз етудің уақыты және орыны туралы арыз иесіне және іске қатысушы басқа да адамдарға хабарланады, алайда бұл адамдардың келмей қалуы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызды қарауға кедергі бола алмайды.

      Дәледемелерді қамтамасыз ету ретінде жиналған барлық материал істі қарайтын арбитраждық сотқа жіберіледі.

44-бап. Жазба дәлелдемелер

      Дауды дұрыс шешу үшін маңызды мән-жайлар туралы мәліметтері бар актілер, хаттар, өзге де құжаттар мен материалдар жазба дәлелдемелер болып табылады.

      Жазба дәлелдемелер түпнұсқасы түрінде не куәландырылған көшірмесі түрінде беріледі. Егер дауды шешу үшін құжаттың бір бөлігі ғана маңызды болса, оның куәландырылған үзіндісі беріледі.

      Түпнұсқа құжаттар істің мән-жайы заңдарға сәйкес тек осындай құжаттармен куәландырылуға тиіс болған кезде, сондай-ақ арбитраждық соттың талап етуі бойынша өзге де қажетті реттерде беріледі.

      Жазба дәлелдемелерді табыс етуші немесе оны сұратып алуды тілек етуші тараптар іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың осы дәлелдемемен анықталуы мүмкін екенін көрсетуге міндетті.

45-бап. Айғақтық заттар

      Іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау құралы бола алатын заттар айғақтық заттар болып табылады.

      Айғақтық затты тапсырушы немесе оны сұратып алуды тілек етуші тараптар бұл дәлелдемемен іс үшін маңызы бар қандай мән-жайларды анықтауға болатынын көрсетуге міндетті.

46-бап. Айғақтық заттарды сақтау

      Айғақтық заттар істе сақталады немесе тізбеленіп, арбитраждық соттың кеңсесіне өткізіледі.

      Сотқа жеткізуге мүмкін болмайтын заттар олардың тұрған жерінде сақталады. Бұл заттар толық сипатталып жазылуға, ол қажет болған ретте суретке түсіріліп, сүргі соғылуға тиіс.

47-бап. Дәлелдемелерді сұратып алу және іске қатыспайтын адамдардың дәлелдемелерді табыс етуге міндеттілігі

      Егер тараптар тапсырған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, арбитраждық сот тараптар арыздары болғанда не өз инициативасы бойынша ұйымдардың іске қатысуы бар-жоғына қарамастан олардан дауды шешу үшін қажетті құжаттарды, мәліметтер мен қорытындыларды тапсыруды талап етуге; ондай материалдармен тікелей олардың тұрған жерінде танысуға хақылы. Арбитраждық сот бір тарапқа ұйымдардың іске қатысы бар-жоғына қарамастан олардан ондай дәлелдемелерді алуға уәкілдік бере алады.

      Ұйымдардың арбитраждық сотқа қажетті жазба дәлелдемелерді немесе айғақтық заттарды белгіленген мерзімде тапсыруға мүмкіндігі болмаған ретте олар бұл туралы себептерін көрсетіп сотқа хабарлауға міндетті.

      Сұратып отырған дәлелдемелерді тапсырудан арбитраждық сот дәлелсіз деп тапқан себептер бойынша ұйымдар жалтарған ретте, кінәлі лауазымды адамдарға 500 сомға дейін айыппұл салынады.

      Айыппұл салынуы тиісті лауазымды адамдарды сот талап еткен дәлелдемелерді тапсыру міндетінен босатпайды.

48-бап. Жазба дәлелдемелер мен айғақтық заттарды қайтару

      Істе бар түпнұсқа құжаттар ұйымдардың өтініші бойынша оларға дау шешілгеннен кейін қажет болған жағдайда бұл кұжаттардың куәландырылған көшірмелері берілісімен қайтарылады.

      Арбитраждық соттағы айғақтық заттар дау шешілгеннен кейін алынған ұйымдарына қайтарылады немесе арбитраждық сот бұл заттарды иеленуге хұқығы бар деп таныған ұйымдарға беріледі. Қайтарып беруді дауды қараған сот жүргізеді.

49-бап. Ұйымдардың лауазымды адамдарының және өзге де қызметкерлерінің түсініктемелері

      Өздері дау мәнісі бойынша түсініктеме беру үшін шақырылған кезде ұйымдардың лауазымды адамдары және өзге қызметкерлері арбитраждық процеске қатыса алады. Бұл адамдар арбитраждық соттың шақыруы бойынша оған келуге, іс бойынша өздеріне белгілі мәліметтер мен мән-жайларды хабарлауға, арбитраждық соттың талап етуі бойынша жазбаша түрде түсініктеме беруге, судьяның, арбитраждық процеске қатысатын адамдардың сұрақтарына жауап қайтаруға міндетті.

50-бап. Сараптама тағайындау және оны жүргізу

      Арбитраждық сот шаруашылық дауын шешу кезінде туындаған, арнаулы танымдарды қажет ететін мәселелерді түсіндіру үшін сараптама тағайындайды.

      Арбитраждық процеске қатысушылар арбитраждық сотқа сұрақтар беруге хақылы, оларды сарапшы түсіндіруге тиіс. Сарапшының қорытындысын қажет ететін сұрақтар ауқымы арбитраждық сот ұйғарымында түпкілікті белгіленеді. Іске қатысушы адамдар ұсынған сұрақтарды қабыл алмағанын сот дәлелдеуге міндетті.

      Сараптама жүргізу құзыретті ұйымдарға немесе осы үшін қажетті танымдарға ие мамандарға тікелей тапсырылуға тиіс. Сараптама жүргізетін адамдардың іс материалдарымен танысуға және арбитраждық процеске қатысушылардан қосымша материалдар сұрауға хұқығы бар. Қажет болған жағдайда сараптама тараптардың өкілдері қатыстырыла отырып жүргізіледі.

51-бап. Сарапшы қорытындысы

      Сарапшы мен мамандар қорытындысында жүргізілген зерттеулер, олардың нәтижелері бойынша жасалған қорытындылар және арбитраждық соттың қойған сұрақтарына қайтарылған дәлелді жауаптар толық жазылуға тиіс. Қорытынды арбитраждық сотқа жазбаша түрде беріледі және тараптарға көшірме түрінде жіберіледі.

      Егер сараптаманы жүргізу кезінде арбитраждық сот сауалдар қоймаған, бірақ шаруашылық дауын дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлар анықталса, қорытындыда сарапшы бұл мән-жайлар жөніндегі тұжырымдарын да баяндайды.

      Сарапшы қорытындысы жеткілікті түрде анық болмаған немесе толық болмаған реттерде арбитраждық сот қосымша сараптама тағайындай алады.

      Сарапшы қорытындысымен келіспеген кезде арбитраждық сот екінші рет сараптама тағайындай отырып, оны жүргізуді басқа сарапшыға немесе сараптау комиссиясына тапсыра алады.

52-бап. Дәлелдемелерді бағалау

      Арбитраждық сот барлық дәлелдемені істің барша мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалай отырып, бұл орайда заңдарды басшылыққа алады.

      Арбитраждық сот үшін ешқандай дәлелдемелердің күндері белгіленген күші болмайды.

      Бір тарап өздерінің талаптарын немесе қарсылықтарын негіздейтін нақты деректер мен мән-жайларды екінші тараптың мойындауы арбитраждық сот үшін міндетті болып табылмайды.

      Сарапшы қорытындысы арбитраждық сот мәжілісінде талқыланып, іс бойынша барлық басқа дәлелдемелермен қоса бағаланады.

      Сарапшы қорытындысын арбитраждық сот қабылдамай тастауы мүмкін, бұл орайда шешімде қабылдамай тастаудың себептері көрсетіледі.

V тарау. АРБИТРАЖ ШЫҒЫНДАРЫ

53-бап. Арбитраж шығындарының құрамы

      Арбитраж шығындары мемлекеттік баж салығынан және істі қарауға байланысты басқа да шығындардан тұрады.

54-бап. Мемлекеттік баж салығы

      Талап арыздарына, мемлекеттік және өзге де органдардың актілеріне дау айту туралы арыздарға, арбитраждық сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздарға мемлекеттік баж салығы төленеді, бұған заңда көзделген реттер жатпайды.

      Ұйғарымға дау айту туралы, өтінішті қабылдамау туралы, іс жүргізуді тоқтата тұру туралы, істі тыңдап кейінге қалдыру туралы, тұтқынға алу туралы арыздар және судьялардың басқа да іс жүргізу әрекеттері мемлекеттік баж төлеуге жатпайды.

      Мемлекеттік баж салығы талаптың бағасы негізге алынып есептеліп шығарылады немесе мүліктік емес сипаттағы талаптар үшін тұрақты нарықтар бойынша төленеді.

      Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

55-бап. Мемлекеттік баж салығын төлеу

      Мемлекеттік баж салығы республикалық бюджеттің кірісіне осы Заңда белгіленген мөлшерде төленеді не өндіріліп алынады.

      Осы Заңда белгіленген тәртіппен айыптау талаптарының көлемі ұлғайған кезде жетпей қалған сома талаптың арттырылған бағасына сәйкес қосымша төленеді не өндіріліп алынады.

      Арбитраждық сот ерекше реттерде талапкердің, өтініш берушінің материалдық жағдайына қарай талап арызды мемлекеттік баж салығын төлетпей-ақ қарау үшін қабылдауға хақылы, бұл ретте мемлекеттік баж салығы дау шешілген кезде өндіріліп алынады.

      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

56-бап. Мемлекеттік баж салығының мөлшері

      Мүліктік сипаттағы талап арыздарынан талап сомасының 10 проценті, бірақ кем дегенде 50 сом төленеді.

      Мүліктік емес сипаттағы талап арыздарынан, оның ішінде жоғары тұрған органдар немесе басқару органдары актілерінің күші жоқ деп тану туралы арыздардан - 500 сом.

      Шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезінде туатын даулар бойынша талап арыздардан - 1000 сом.

      Арбитраждық сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздардан - дауды бірінші сатыда қарау үшін арыз берген кезде төленуге тиіс нарықтың, ал мүліктік сипаттағы даулар бойынша дауға түскен сомға негізге алынып есептеліп шығарылатын нарықтың 50 проценті.

      Шетелдік валютамен есептелетін мүліктік сипаттағы талап арыздарынан мемлекеттік баж салығы талап сомасының 10 проценті мөлшерінде шетелдік валютамен төленеді.

      Шешім (ұйғарым) шығарылғаннан кейін жасалған іс жүргізу әрекеттері туралы арыздар мен өтініштерден - 1000 сом;

      Аралық соттың шешімін еріксіз орындатуға бұйрық беру туралы арыздардан - 1000 сом;

      Іске қатысқан тараптардың және басқа адамдардың өтініші бойынша істен құжаттардың көшірмесін бергені үшін - 5 сом және оған қоса әрбір беті үшін 1 сом төленеді.

      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

57-бап. Мемлекеттік баж салығын қайтару

      Мемлекеттік баж салығы заңдарда көзделген реттерде қайтарып берілуге тиіс.

      Арбитраждық соттың шешімінде, ұйғарымында, қаулысында мемлекеттік баж салығын толық немесе ішінара қайтарып беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлар көрсетіледі.

      Мемлекеттік баж салығы төленген, бірақ арбитраждық сотқа келіп түспеген не сот қайтарып жіберген арыздар бойынша мемлекеттік баж салығын қайтару анықтама негізінде жүргізіледі.

58-бап. Істі қарауға байланысты шығындар

      Арбитраждық соттың істі қарауына байланысты шығындарына мыналар жатады:

      1) қорытындылар беру үшін немесе арбитраждық процеске қатысуға тартылатын сарапшылар мен мамандарға төлеуге жататын сомалар;

      2) талап материалдарын аудару шығындары;

      3) тұрған жеріне барып дауды қарауға байланысты шығындар;

      4) арбитраждық соттың шешімін орындауға байланысты шығындар;

      5) істі қарауға байланысты өзге де шығындар.

      Осы баптың 1, 2, 3, 5-тармақтарында көзделген шығындары егер мұндай әрекеттерді жасау қажеттігі төрелік соттың ұйғарымымен танылса, өтеледі.

      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

59-бап. Шығындар мөлшерін белгілеу

      Мамандардың сараптамасы мен қорытындыларына, талап материалдарын аударуға байланысты шығындар, бұл жұмыстар ақы төленіп жүргізілгенде арбитраждық соттың шешімінде, қаулысында тиісті тәртіппен белгіленген ақы төлеу нарқы және жұмсалған уақыты ескеріле отырып айқындалады.

      Сарапшылар мен мамандарға олардың арбитраждық сотқа келуіне байланысты жол жүруіне және тұрғын жайды жалдауына кеткен шығындарының орны толтырылып, қызмет бабымен жолсапарға жіберілген қызметкерлер үшін заңда белгіленген мөлшерде тәуліктік ақша төленеді.

      Аудармашылар арбитраждық соттың тапсырмасы бойынша өздері орындаған жұмыс үшін, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттері ауқымына кірмейтін болса, ақы алады.

      Сот шешімін орындауға байланысты шығындардың орны нақты кеткен шығындар бойынша толтырылады.

60-бап. Арбитраждық шығындарды бөлу

      Мемлекеттік баж салығы:

      1)      шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезінде туатын даулар бойынша ұсыныс қабылданбаған тарапқа немесе арбитраждық сот тараптардың әрқайсысы ұсыныстарының бір бөлігін қабылдамай тастаса екі жаққа;

      2)      шарттарды орындау кезінде және басқа негіздер бойынша туған даулар бойынша тараптарға қанағаттандырылған айыптау талаптарының көлеміне сәйкес салынады.

      Егер іс тараптардың дұрыс емес әрекеттерінің (қатынастарды ерікті түрде реттеу туралы ұсыныстарды жауапсыз қалдыру, талапкердің жауапкерге қатынастарды ерікті түрде реттеу үшін сұралған құжаттарды салып жібермеуі және т. б.) салдарынан туындаса, арбитраждық сот іс нәтижесіне байланысты мемлекеттік баж салығы бойынша шығынды соларға төлеткізуге хақылы.

      Талапкер төлеуден босатылған мемлекеттік баж салығы жауапкерден, егер жауапкер салық төлеуден босатылмаған болса, бюджеттің кірісіне қанағаттандырылған айыптау талаптарының көлеміне сәйкес өндіріліп алынады.

      Шешім пайдасына шешілген тарапқа арбитраждық сот оның мемлекеттік баж салығын төлеу бойынша шығындарының орнын екінші тарап салық төлеуден босатылған болса да, соның есебінен толтырады.

      Арбитраждық сот өндіріліп алынуға тиіс соманы азайтқан немесе екі тарапты кінәсі болмағандықтан жауапкершіліктен босатқан ретте, төленген мемлекеттік, баж салығы республикалық бюджеттен қайтарылып алынады.

      Прокурордың мәлімдемесімен немесе арбитраждық соттың инициативасымен қозғалған іс бойынша шешім қабылдау кезінде мемлекеттік баж салығы бюджет кірісіне жалпы негіздерде өндіріліп алынады.

      Басқа шығындар тараптарға қанағаттандырылған айыптау талаптарының көлеміне сәйкес не арбитраждық соттың шешімі бойынша тараптардың біріне жатқызылады.

      Егер тараптардың арасындағы келісімде арбитраждық шығындарды бөлу көзделген болса, арбитраждық сот сол келісімге сәйкес шешім қабылдайды.

VI тарау. ІС ЖҮРГІЗУ МЕРЗІМДЕРІ

61-бап. Іс жүргізу мерзімдерін белгілеу және оларды есептеу

      Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады. Іс жүргізу мерзімдері заңда белгіленбеген реттерде, оларды арбитраждық сот тағайындайды.

      Іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру мерзімдері міндетті түрде болуға тиісті оқиғаны көрсете отырып, календарлық дәл күнмен немесе уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы ретте әрекет бүкіл кезең ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін іс жүргізу мерзімінің барысы календарлық күннен кейінгі немесе мерзімі басталатын болатын оқиға туғаннан кейінгі келесі күннен басталады.

62-бап. Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі

      Жылмен есептелетін мерзім оның соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Айлармен есептелетін мерзім оның тиісті айларында және соңғы айдың тиісті күнінде бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзім сол айдың соңғы күнімен бітеді.

      Мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келген реттерде, мерзімнің бітетін күні бұдан кейінгі келесі жұмыс күні болып саналады.

      Жүзеге асырылар мерзімі белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күнінде 24 сағатқа дейін орындалуы мүмкін. Егер талап арыз, талап арызға пікір, шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы, шешімді қайта қарау туралы арыз және басқа да құжаттар мерзімнің соңы күніндегі 24 сағатқа дейін почтаға немесе телеграфқа өткізілген болса, онда оның мерзімі өтпеген болып саналады.

63-бап. Іс жүргізу мерзімдерін тоқтатып қою

      Барлық аяқталмаған іс жүргізу мерзімдерінің барысы іс жүргізуді тоқтатып қоюмен бірге тоқтатылады. Іс жүргізу қайта басталған күннен бастап іс жүргізу мерзімдері одан әрі созыла береді.

64-бап. Іс жүргізу мерзімдерін қалпына келтіру және ұзарту

      Тараптардың, прокурордың өтініші бойынша немесе өз инициятивасы бойынша арбитраждық сот заңда белгіленген іс жүргізу мерзімін өткізіп алудың себептерін дәлелді деп танып, өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіреді.

      Өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы арбитраждық соттың шешімінде, ұйғарымында немесе қаулысында көрсетіледі. Мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.

      Тараптар бұл ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге хақылы. Арбитраждық сот өзі тағайындаған мерзімдерді тараптардың, прокурордың өтініші бойынша немесе өз инициативасы бойынша ұзартуы мүмкін.

65-бап. Іс жүргізу мерзімін өткізіп алудың салдары

      Іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру хұқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзім өтісімен күшін жояды.

      Іс жүргізу мерзімдері өткеннен кейін берілген шағымдар мен құжаттарды сот қарамай тастайды.

VII тарау. ӨКІМЕТ ПЕН БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ АКТІЛЕРІНІҢ КҮШІ ЖОҚ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ ТАЛАП ҚОЮ ЖӘНЕ АРЫЗ БЕРУ

66-бап. Өзара қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар қолдану

      Даулар тараптар өзара қатынастарын ерікті түрде реттеуге шаралар қолданғаннан кейін ғана арбитраждық соттың шешуіне берілуі мүмкін.

      Соттың инициативасы бойынша немесе прокурордың талабы бойынша істерді қозғау тараптардың аталған шараларды қолдануына қарамастан жүргізіледі.

      Өзара қатынастарын ерікті түрде реттеуге шаралар қабылданғанына қарамастан үшінші жақтар іске қосылады немесе іске қатысуға тартылады.

67-бап. Талап арыздың түрі мен мазмұны

      Талап арыз осы Заңмен белгіленген ведомстволық қарауға жауаптылық бойынша арбитраждық соттарға жазбаша түрде беріледі және оған ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары қол қояды. Прокурор талаптарына белгіленген ведомстволық қарауға жатушылық бойынша прокурор не оның орынбасары қол қояды.

      Талап арызда мыналар көрсетілуге тиіс:

      1) арыз берілетін соттың атауы;

      2) тараптардың атауы, олардың орналасқан жерi, қызмет көрсететiн банк көрсетiлген банктiк шоты;

      3) егер талап бағалауға жататын болса, талаптың бағасы немесе шартты жасасу, өзгерту және бұзу кезінде туған даулар бойынша шарттың сомасы;

      4) айыптау талаптары және арызда жазылған мән-жайларды қуаттайтын дәлелдемелер негізделетін мән-жайлар, өндірілетін немесе дау айтылып отырған соманың негізделген есебі немесе талапқа негіз етіп мәлімделіп отырған шарттың жағдайы;

      5) жауапкерлердің әрбірімен өзара қатынастарды арбитражға дейін реттеуге шаралар қолданғаны туралы мәліметтер;

      6) айыптау талабы, егер талап бірнеше жауапкерге мәлімденіп отырса - олардың әрқайсысына қатысты талаптар;

      7) арызға қоса тіркелген құжаттардың және басқа да дәлелдемелердің тізбесі.

      Талап арызда, егер олар дауды дұрыс шешу үшін қажет болса, басқа да мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

      Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993; 11.07.1997 N 154 Заңдарымен.

68-бап. Талап бағасы

      Талап бағасы:

      1) ақшасын өндіріп алу туралы талаптар бойынша өндіріп алынатын соманы немесе даусыз (акцептісіз) тәртіппен өндірілетін орындаушылық немесе өзге де құжат бойынша дау айтылып отырған соманы негізге ала отырып;

      2) меншік хұқығы туралы және мүлікті талап ету туралы талаптар бойынша - бұл мүліктің құны негізге алына отырып анықталады.

      Талаптың бағасына сондай-ақ талап арызында көрсетілген тұрақсыз төлем (айыппұл, өсім), ал егер олар көрсетілмесе, олардың судьялар белгілеген сомасы енгізіледі.

      Бірнеше дербес талаптан тұратын талаптың бағасы барлық талаптың сомасымен анықталады.

      Талаптың бағасы дұрыс көрсетілмеген реттерде оны судья белгілейді.

      Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

69-бап. Өкімет пен басқару органдары актілеріне дау айту туралы арыздың түрі мен мазмұны

      Өкімет пен басқару органдарының, өзге де органдардың актілеріне дау айту туралы арыздар, ұйымдардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін олардың іс-әрекеттеріне жасалған шағымдар осы Заңның 18-бабының 4-бөлігінде белгіленген соттың қарауына жатушылық бойынша арбитраждық сотқа беріледі.

      Арыздарға ұйымның бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы адам қол қояды.

70-бап. Арыз беру тәртібі

      Мемлекеттік не өзге органның актісіне дау айту туралы арыз арбитраждық сотқа актісіне не іс-әрекетіне дау айтылып отырған органға арыздың көшірмесін міндетті түрде жібере отырып, даулы мәселелерді шешуге шаралар қолдану үшін бұл органға алдын ала өтініш жасалғаннан кейін беріледі.

      Арыздарды қабылдау, одан бас тарту, қайтару, оларды қамтамасыз ету талап ісін жүргізудің жалпы ережелері бойынша жүзеге асырылады.

71-бап. Талап арызға қоса тіркелетін құжаттар

      Талап арызға:

      1) әрбір жауапкермен өзара қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар қолданылғанын;

      2) жауапкерге талап арыздың және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелері (почта квитанциясы, бағалы қағаздар тізбесі, почта жөнелтімдері тізбесінен үзінді және т. б.) жіберілгенін;

      3) белгіленген тәртіп пен көлемде мемлекеттік баж салығының төленгенін;

      4) айыптау талабы негізделетін мән-жайларды қуаттайтын құжаттар қоса тіркеледі.

      Актінің күші жоқ деп тану туралы арызға дау айтылып отырған актінің көшірмесі де қоса тіркеледі.

      Шарт жасасуға мәжбүр ету туралы арызға шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын құжаттары бар шарт жобасы қоса тіркеледі.

72-бап. Талап арызының және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелерін жіберу

      Арызданушылар талап қойған кезде, егер тараптарда талап арызы және оған қоса тіркелген құжаттар жоқ болса, тараптарға олардың көшірмесін жіберуге міндетті.

73-бап. Бірнеше айыптау талабын біріктіру және бөлу

      Пайда болу негізі немесе тапсырылған дәлелдемелері жағынан өзара байланысты болған ретте бірнеше талап бір талап арызына біріктірілуі мүмкін.

      Судья белгілі бір тараптар қатысатын бірнеше біртектес талап арыздарын немесе істерді бір іске біріктіруге хақылы, іс қозғау туралы ұйғарымда немесе шешімде бұл туралы көрсетіледі.

      Талап арызын қабылдаушы судья, егер талаптарды бөлек қарау неғұрлым орынды болады деп тапса, олардың бір немесе сабақтасқан бірнеше талабын жеке іс жүргізуге бөліп алуға хақылы.

74-бап. Талап арызына пікір

      Жауапкер іс қозғау туралы ұйғарымды алғаннан кейін бес күннен кешіктірмей:

      1) арбитраждық сотқа талап арызына пікірді және талапқа қарсылық білдіруді қуаттайтын барлық кұжатты;

      2) талапкерге, басқа да жауапкерлерге, сондай-ақ прокурорға, егер ол арбитраждық процеске қатысып отырса, пікірдің көшірмесін жібереді.

      Пікірге ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары қол қояды.

      Пікірде мыналар көрсетіледі: талапкердің атауы мен істің нөмірі; заңдарға сілтеме жасай отырып талапкер талаптарын толық немесе ішінара қабылдамай тастау себептері; мойындалған соманың есебі, сондай-ақ талап арызын қабылдамай тастауға негіз болатын дәлелдемелер; пікірге қоса тіркелген құжаттардың және басқа да дәлелдемелердің, оның ішінде пікір көшірмелерінің талапкерге, басқа да жауапкерлерге, прокурорға жіберілгені туралы тізбесі.

75-бап. Қарсы талап қою

      Жауапкер дау жөнінде шешім қабылданғанға дейін оны алғашқы қойылған талаппен бірге шешу үшін қарсы талап қоюға хақылы. Қарсы талап алғашқы қойылған талаппен байланысты болуға тиіс.

      Қарсы талап қою талаптарды қою туралы жалпы ереже бойынша жүргізіледі.

76-бап. Іс бойынша арызды қабылдау

      Арызды қабылдау туралы мәселені судьяның жеке өзі шешеді.

      Судья осы Заңның 77, 78-баптарында көзделген негіздер бойынша арызды қабылдаудан бас тартады және оны хатпен не шығарылған ұйғарыммен қосып қайтарады.

77-бап. Талап арызын қабылдаудан бас тарту

      Судья:

      1) егер арыз Қазақстан Республикасының арбитраждық соттарында шешілуге жатпайтын болса;

      2) егер тараптар бұл дауды аралық соттың шешуіне беру туралы келісім жасасқан болса;

      3) егер шаруашылық дауларын шешуші органның іс жүргізуінде осы тараптар арасындағы дау жөнінде, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша іс болса немесе бұлар жөнінде органның шешімі болса;

      4) егер талап заңдарға сәйкес мұндай дау бойынша жауапкер бола алмайтын ұйымға қойылса, талап арыздарын қабылдаудан бас тартады.

      Талап арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылып, ол арыз түскен күннен бастап бес күннен кешіктірмей тараптарға және арызданушыға жіберіледі.

      Арызданушыға жіберілетін ұйғарымға талап ету материалдары қоса тіркеледі.

      Тараптар бұл ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге хақылы. Ұйғарымның күші жойылған ретте талап арызы арбитраждық сотқа алғаш өтініш жасалған күні түскен болып есептеледі.

78-бап. Талап арызын қайтару

      Судья:

      1) егер талап арызына қол қоюға хұқығы жоқ адам не лауазымдық жағдайы көрсетілмеген адам қол қойса;

      2) егер талап арызында тараптардың атауы, олардың почталық мекен-жайы көрсетілмесе;

      3) егер белгіленген тәртіп пен мөлшерде мемлекеттік баж салығы төленгенінің дәлелдемелері табыс етілмесе;

      4) егер бір талап арызында бір немесе бірнеше жауапкерге қойылған бірнеше талап біріктірілсе, бұл талаптар туу негіздері немесе тапсырылған дәлелдемелері бойынша өзара байланысты болмаса, не бірнеше талапты біріктіру дауларды қарауды айтарлықтай қиындататын немесе ұзаққа созатын ретте;

      5) егер талап арызы мен оған қоса тіркелген құжаттар көшірмелері жауапкерге жіберілгенінің дәлелдемелері тапсырылмаса;

      6) егер екінші жақпен өзара қатынастарды ерікті түрде реттеуге шаралар қолданылғанының дәлелдемелері тапсырылмаса;

      7) заңдарға сәйкес қарыз банк арқылы алынуға тиіс болған кезде қарызды жауапкерден алу үшін банк мекемесіне өтініш жасағандығының дәлелдемелері тапсырылмаса;

      8) егер іс жөнінде іс қозғалғаны туралы ұйғарым шығарылғанға дейін талапкерден даудың реттелгені туралы мәлімдеме түссе талап арызын және оған қоса тіркелген құжаттарды қарамастан қайтарады.

      Талап арызын судья арыз түскен күннен бастап бес күннен кешіктірмей қайтарады.

      Талап арызының қайтарылуы жол берілген хұқық бұзушылық жойылғаннан кейін жалпы тәртіппен арбитраждық сотқа ондай өтінішті екінші рет жасауға кедергі келтірмейді.

VIII тарау. ІСТІ СОТТА ҚАРАУҒА ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ІС БОЙЫНША ІС ҚОЗҒАУ

79-бап. Судьяның мәжілісте істі қарауға материалдарды әзірлеу жөніндегі әрекеттері

      Шаруашылық дауларының дұрыс және дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету мақсатында судья қажетті жағдайларда мәжілісте істі қарауға материалдарды әзірлеу жөнінде мынадай әрекеттерді жүзеге асырады:

      1) тараптар ретінде талапкер көрсетпеген ұйымдарды іске қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;

      2) өзара қатынастарды ерікті түрде реттеу туралы ұсыныс жіберілмеген ұйымдарды жауапкерлер қатарынан шығарып тастайды;

      3) тараптарды, басқа да ұйымдарды және олардың лауазымды адамдарын белгілі бір әрекеттерді (есептерді тексеру, дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап көру жән т. б.) орындауға міндеттейді;

      4) дауларды шешу үшін қажетті құжаттарды, мәліметтер мен қорытындыларды тараптардан, басқа да ұйымдардан талап етеді;

      5) сараптама тағайындау туралы мәселені шешеді;

      6) жазба дәлелдемелер мен айғақ заттарды олардың тұрған жерінде қарап көріп, зерттейді;

      7) тараптар өкілдерінің арбитраждық сот мәжілісіне келуін міндетті немесе міндетті емес деп тану туралы мәселені шешеді;

      8) істің мәнісі бойынша түсініктеме беру үшін лауазымды және өзге де адамдарды шақыру туралы мәселені шешеді;

      9) ұйымның тұрған жерінде арбитраждық сот мәжілісін өткізу туралы мәселені шешеді;

      10) дауды дұрыс және дер кезінде шешуді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да әрекеттерді жүзеге асырады.

80-бап. Іс бойынша іс қозғау

      Судья талап арызын қабылдай отырып, іс бойынша іс қозғау туралы ұйғарым шығарады да, тараптарға, арбитраждық процеске қатысатын прокурорға жібереді, онда талап арызының қабылданғаны, істің арбитраждық сот мәжілісінде шешілуге тағайындалғаны туралы, оның өткізілетін уақыты мен орны, істі мәжілісте шешуге әзірлеу жөніндегі қажетті іс-әрекеттер туралы көрсетіледі.

      Ұйғарым сондай-ақ басқа да ұйымдарға олардан құжаттар, мәліметтер және қорытындылар талап етілгенде не олардың лауазымды адамдары арбитраждық сотқа шақырылғанда жіберіледі.

      Іс бойынша іс қозғау туралы ұйғарым осы Заңның 103-бабының талаптары сақтала отырып шығарылады. Ұйғарымда сондай-ақ іс бойынша іс қозғауға негіз болатын деректер мен хұқық бұзушылықтың мәні көрсетіледі.

IX тарау. ТАЛАПТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

81-бап. Талапты қамтамасыз ету мақсаты

      Арбитраждық сот немесе судья іске қатысушы адамдардың арызы немесе өз инициативасы бойынша талапты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға хұқылы. Егер ондай шаралардың қолданылмауы шешімнің орындалуын қиындатуы мүмкін болса немесе оны орындауды мүмкін етпейтін болса, арбитраждық сот процесстің кез келген сатысында талапты қамтамасыз етуге жол беріледі.

82-бап. Талапты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар

      Талапты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналар болуы мүмкін:

      1) жауапкердің иелігіндегі және оның өзінде немесе басқа адамдарда тұрған мүлікке немесе ақшасына тыйым салу;

      2) жауапкердің белгілі бір әрекеттер жасауына тыйым салу;

      3) басқа адамдарға даудың өзіне қатысты әрекет жасауға тыйым салу;

      4) талапкер дауласып отырған орындаушылық құжаты немесе даусыз (акцептісіз) тәртіппен өндірілетін өзге де құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру.

      Талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарым жасалады. Тараптар бұл ұйғарымнын заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге хұқылы.

      Ескерту. 82-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

83-бап. Талапты қамтамасыз ету туралы арызды қарау

      Талапты қамтамасыз ету туралы арызды істі қараушы сот немесе судья жауапкерге және іске қатысушы басқа да адамдарға хабарламай-ақ ұйғарым шығару жолымен шешеді.

84-бап. Талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау

      Талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарым арбитраждық соттың шешімін орындау үшін белгіленген тәртіппен дереу орындалады.

85-бап. Талапты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды бұзғандық үшін жауаптылық

      Осы Заңның 82-бабында аталған тыйым салуларды бұзған кезде кінәлі адамдарға соттың ұйғарымы бойынша бір мың сомға дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен бірге талапкер талапты қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымының орындалмауынан болған шығынын бұл адамдардан өндіріп алуға хұқылы.

86-бап. Талапты қамтамасыз етудің бір түрін басқа түрімен ауыстыру

      Талапты қамтамасыз етудің бір түрін басқа түрмен ауыстыруға болады.

      Талапты қамтамасыз етудің бір түрін басқа түрмен ауыстыру туралы мәселе сот мәжілісінде шешіледі. Іске қатысушы адамдарға мәжілістің уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы қамтамасыз етуді ауыстыру туралы мәселені қарауға кедергі бола алмайды.

      Ақшаны өндіріп алу туралы талапты қамтамасыз еткен кезде жауапкер қамтамасыз ету үшін қолданылған шаралардың орнына талапкер талап еткен соманы арбитраждық соттың депозиттік есебіне өткізуге хұқылы.

      Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

87-бап. Талапты қамтамасыз етудің күшін жою

      Талапты қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселені істі қараушы арбитраждық сот шешіп, бұл туралы шешімде немесе ұйғарымда көрсетеді.


Х тарау. ІСТІ СОТТА ҚАРАУ

88-бап. Істі сот мәжілісінде қарау

      Іс сот мәжілісінде іске қатысушы адамдарға хабарлана отырып қаралады. Іс ауызша және судьялардың құрамы өзгертілмей қаралады. Сот немесе судьялардың бірі істі қарау процесінде ауысқан жағдайда істі қарау ең басынан қайта жүргізілуге тиіс.

89-бап. Соттың құрамы және мәжілісті қарау тәртібі

      Сот мәжілісінде істі "Қазақстан Республикасының арбитраждық соты туралы" Заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған бірі немесе үш судья құрамындағы арбитраждық сот қарайды.

      Мәжілісті жүргізу тәртібін мәжілісте төрағалық етуші судья белгілейді. Төрағалық етуші судья соттың құрамын хабарлайды, арбитраждық процеске қатысушыларға олардың хұқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және олардың өздеріне тиесілі хұқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдеседі.

      Мәжілісте талапкер мен жауапкер өкілдерінің, сарапшының және мәжіліске қатысушы басқа да адамдардың сөздері тыңдалады.

      Арбитраждық процеске қатысушы адамдар сотқа түрегеп тұрып түсінік береді.

      Сот тараптардың әрқайсысына істі шешуге қажетті дәлелдемелер келтіру үшін бірдей және толық мүмкіндік беруге, тараптардың арасында келісімге қол жеткізілуіне жәрдемдесуге тиіс.

90-бап. Судьядан бас тарту

      Тараптар және талап қоюшылар дауды шешу басталғанға дейін, егер судьяның өз басы істің тынымына тікелей немесе жанамалай мүдделі болса, одан бас тарту жөнінде мәлімдеуге хұқылы. Бас тарту жөнінде өте кеш мәлімдеуге ол үшін негіз іске қатысушы адамға дауды қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда ғана жол беріледі.

      Бас тарту дәлелді болуға және жазбаша түрде мәлімделуге тиіс.

      Судьядан бас тарту туралы мәселені тиісті арбитраждық алканың төрағасы не арбитраждық соттың төрағасы шешеді.

      Облыстық арбитраждық соттың не Алматы қаласы сотының төрағасына мәлімделген бас тартуды Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты қарайды.

      Егер төменгі сотта бас тарту қанағаттандырылғаннан кейін істі қарау үшін жаңа судья немесе сот құрамын тағайындау мүмкін болмаса, істің қай сотқа жататындығын анықтау үшін іс Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық сотына берілуге тиіс.

      Бас тарту туралы арызды қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады.

      Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

91-бап. Прокурордан, сарапшыдан, аудармашыдан бас тарту

      Іске қатысушы тараптар және талап қоюшылар дауды шешу басталғанға дейін, егер прокурордың не сарапшының, аудармашының өз басы істің тынымына тікелей немесе жанамалай мүдделі болса, сондай-ақ сарапшының, аудармашының біліксіздігіне байланысты себеппен олардан бас тартуын мәлімдеуге хұқылы. Бас тарту жөнінде өте кеш мәлімдеуге ол үшін негіз іске қатысушы адамға дауды қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда ғана жол беріледі. Бас тарту дәлелді болуға және жазбаша түрде мәлімделуге тиіс.

      Бас тарту туралы мәселені істі қараушы сот шешеді.

92-бап. Талап арызына пікір немесе сот талап еткен материалдар табыс етілмеген, сондай-ақ тараптардың өкілдері қатыспаған жағдайда дауды шешу

      Талап арызына пікір немесе сот талап еткен дәлелдемелер табыс етілмеген жағдайда іс ол жөніндегі қолда бар материалдар бойынша шешілуі мүмкін.

      Арбитраждық соттың мәжілісіне тараптардың өкілдері келметен жағдайда, егер олардың келмеуі, соттың пікірінше дауды шешуге кедергі келтірмесе және тараптың өз өкілінің қатысуынсыз дауды шешуге қарсы жазбаша қарсылығы болмаса, дау олардың қатысуынсыз-ақ шешілуі мүмкін.

      Егер істің материалдары тараптар өкілдерінің қатысуынсыз-ақ дауды шешуге мүмкіндік беретін болса, сот тараптардың өтініші немесе өз инициативасы бойынша өкілдердің келуі міндетті емес деп таба алады, сондай-ақ ол тараптардың өкілдерін шақырмай-ақ дауды шешуге хұқылы.

93-бап. Дауды тікелей ұйымда шешу

      Арбитраждық сот дауды тікелей ұйымда шешуге хұқылы.

      Бұл ретте ұйымның басшылары арбитраждық соттың мәжілісін өткізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

94-бап. Істі тыңдауды кейінге қалдыру, мәжіліске үзіліс жасау

      Арбитраждық сот осы Заңда белгіленген мерзімдер шегінде іске тараптар ретінде басқа ұйымды тарту, іске үшінші жақтардың тартылуы, қосымша дәлелдемелерді сұратып алу, ұйымдардың, олардың жоғары тұрған органдарының лауазымды адамдарын шақыру қажет болған кезде, талап арызына пікір мен талап етілген материалдар алынбаған, тараптардың өкілдері келмеген кезде және іс сол мәжілісте қарала алмайтын өзге де реттерде істі қарауды кейінге қалдыруға хұқылы.

      Істі қарауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарылып, онда келесі мәжілістің өткізілетін уақыты мен орны көрсетіледі.

      Ерекше күрделі дауларды шешкен кезде судья мәжіліске үш күннен аспайтын мерзімге үзіліс жариялауға хұқылы, бұл туралы сонынан шешімде көрсетіледі.

95-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және оны қайта бастау

      Арбитраждық сот белгілі бір істі қарау онымен байланысты басқа бір істі дау шешуші орган шешкенге дейін не құзыретті органдар тиісті мәселені шешкенге дейін мүмкін болмаған реттерде іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрады.

      Арбитраждық сот өзі сараптама тағайындаған, материалдарды тергеу органдарына жіберген, заңды ұйым қайта құрылу нәтижесінде тараптардың бірі оның хұқық қабылдаушысымен ауысқан реттерде тараптардың өтініші немесе өз иницитивасы бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға хұқылы.

      Арбитраждық сот істі тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылғаннан кейін іс жүргізуді қайта бастайды.

      Іс жүргізуді тоқтата тұру және оны қайта бастау туралы ұйғарым шығарылады.

      Тараптар бұл ұйғарымның заңдылығын және негізділігін тексеру туралы арыздануға хұқылы.

96-бап. Іс жүргізуді қысқарту

      Арбитраждық сот:

      1) егер дау арбитраждық сотта шешілуге жатпаса;

      2) егер тараптар сол дауды аралық сотта шешуге келісім жасасқан болса;

      3) егер дауды шешуші органның сол тараптар арасындағы дау жөнінде сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша шешімі болса;

      4) егер арызданушы жауапкермен өзара қатынастарын ерікті түрде реттеуге шаралар қолданбаса және мұндай реттеу мүмкіндігі жоғалмаған болса;

      5) егер ұйым - іс жөніндегі тарап таратылса;

      6) егер талапкер шешім шығарылғанға дейін талабынан бас тартып, оны сот қабылдаған болса;

      7) егер мәжілісте тараптардың бітімдік келісімге келіп, ол туралы сот бекіткен тиісті акт жасалса, іс жүргізуді тоқтатады.

      Іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сол тараптар арасындағы дау жөнінде, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша арбитраждық сотқа қайтадан өтініш жасауға жол берілмейді.

      Іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылып, онда тараптар арасында арбитраждық шығындарды бөлу туралы, бюджеттен мемлекеттік баж салығын қайтару туралы, сондай-ақ осы заңда көзделген айыппұлдарды өндіріп алу туралы мәселелер шешілуі мүмкін. Егер іс жүргізу соттын қарауына жатпайтындығы салдарынан тоқтатылған болса, ұйғарымда арызданушының қандай органға өтініш жасауы керектігі көрсетіледі.

      Тараптар бұл ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздануға хұқылы.

97-бап. Талапты қарамай қалдыру

      Арбитраждық сот:

      1) егер дауды шешуші органның іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы дау жөнінде, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша іс болса;

      2) егер қарыз заңдарға сәйкес банк арқылы алынуға тиіс болған жағдайда арызданушы жауапкерден қарызды алу үшін банкі мекемесіне өтініш жасамаған болса;

      3) егер талапкер дәлелді себептерсіз арбитраждық сот талап еткен дауды шешуге қажет материалдарды тапсырмаған болса;

      4) егер арызданушы жауапкермен өзара қатынастарын ерікті түрде реттеуге шаралар қолданбаса және мұндай реттеу мүмкіндігі жоғалмаған болса;

      5) егер талап арызына қол қоюға хұқысы жоқ адам не лауазымдық жағдайы көрсетілмеген адам оған қол қойса, талапты қарамай қалдырады.

      Талапты қарамай қалдыру туралы ұйғарым шығарылып, онда тараптар арасында арбитраждық шығындарды бөлу туралы, бюджеттен мемлекеттік баж салығын қайтару туралы, сондай-ақ осы Заңда көзделген айыппұлдарды өндіріп алу туралы мәселелер шешілуі мүмкін.

      Тараптар бұл ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздануға хұқылы.

      Талапты қарамай қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін талапкер арбитраждық сотқа жалпы тәртіппен қайтадан өтініш жасауға хұқылы.

98-бап. Дауларды шешу мерзімдері

      Арбитраждық сот талап арызын алған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде дауларды қарауға тиіс. Арбитраждық сот айрықша реттерде шешімді өзгеше, неғұрлым ұзақ мерзімде қабылдауға хұқылы.

XI тарау. ШЕШІМ ЖӘНЕ ҰЙҒАРЫМ

99-бап. Шешім қабылдау

      Дауды негізінен шешкен кезде (талапты қанағаттандыру, талаптан толық немесе ішінара бас тарту) арбитраждық сот шешім қабылдайды.

      Шешім істің барлық мән-жайын талқылау нәтижелері жөніндегі мәжілісте тараптар өкілдерінің қатысуымен қабылданады.

      Шешім, егер ол заңдарға істің нақты мән-жайы мен материалдарына қайшы келмесе, тараптар арасындағы қол жеткен келісімді ескере отырып қабылданады.

      Дауды бірнеше судья шешкен кезде шешім судьялардың көпшілік даусымен қабылданады.

      Ерекше күрделі істер жөніндегі айрықша реттерде шешім қабылдау үш күннен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін.

      Шешім жазбаша түрде баяндалады және оған мәжілісте төрағалық еткен судья, ал егер дауды бірнеше судья шешетін болса - мәжіліске қатысушы барлық судья қол қояды. Шешіммен келіспеген судья өзінің айрықша пікірін жазбаша түрде баяндауы мүмкін, бұл пікір іске қоса тіркеледі.

100-бап. Шешім қабылдау кезіндегі арбитраждық соттың құқықтары

      Арбитраждық сот заңға қайшы келетін шартты толығымен немесе онын, бір бөлігінің күші жоқ деп таниды, сондай-ақ тараптардың талаптары мемлекеттік немесе өзге де органдардың заңдарға сәйкес келмейтін актілеріне негізделсе, бұл талаптарды қанағаттандырудан бас тартады.

      Дау бойынша шешім қабылдау кезінде арбитраждық сот:

      1)      егер ұйымдардың хұқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса, айыптау талаптарының шегінен шығуға;

      2)      егер талапкер санкциялар туралы талап қоймаса немесе жауапкердің жауапкершілігін төмендетпейтін заңдарды бұзуға жол берсе, өндіріп алынатын тұрақсыз төлемді (айыппұлды, өсімді) республикалық кіріс айналымына толық немесе ішінара түсіруге;

      3)      айрықша реттерде міндеттемелерді бұзған тараптан өндіріп алуға жататын тұрақсыз төлемнің (айыппұлдың, өсімнің) мөлшерін кемітуге;

      4)      шешімнің орындалуын кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп орындатуға хұқылы.

      Сонымен бірге арбитраждық сот талап етілген материалдарды белгіленген мсрзімде жібермегені үшін, сондай-ақ арбитраждық сот тарапқа жүктеген әрекеттерді атқарудан жалтарғаны үшін кінәлі тараптан республикалық бюджет кірісіне 1000 сомға дейін өндіріп алуға хұқылы.

101-бап. Шешім мазмұны

      Арбитраждық сот шешімі кіріспе, сипаттау, дәлелдеу және қорыту бөлімдерінен тұрады, бұл орайда:

      1)      кіріспе бөлімде арбитраждық соттың атауы, істің нөмірі, шешім қабылданған күн, тараптардың атауы, талаптың бағасы, судьяның (судьялардың), тараптар өкілдерінің және істі қарауға қатысатын басқа да адамдардың аты-жөндері мен лауазымдары көрсетіледі. Дауды ұйымда шешкен кезде шешімнің кіріспе бөлігінде бұл туралы да көрсетіледі;

      2)      сипаттау бөлімінде талапкер талабының, айыптау талабына пікірдің, тараптардың және олардың өкілдерінің, дауды шешуге қатысушы басқа да адамдар мәлімдемелерінің, түсініктемелері мен өтініштерінің қысқаша мазмұндамасы, арбитраждық сот жүргізген әрекеттердің сипаттамасы (дәлелдемелерді қарау мен зерттеу және материалдармен тікелей олардың тұрған жерінде танысу) жазылуға тиіс;

      3)      дәлелдеу бөлімінде мыналар көрсетіледі: арбитраждық сот анықтаған істің мән-жайлары; даудың туу себептері; егер тараптар жазбаша келісімге қол жеткізсе, оның мазмұны; тараптардың өтініштері мен дәлелдемелері; олардың шарт не келісім ережелері жөніндегі ұсыныстары бойынша арбитраждық сот қабылдаған дәйектері; шешім қабылдаған кезде арбитраждық сот басшылыкқа алған заңдар;

      4)      қорыту бөлімінде әрбір қойылған талап бойынша талапты қанағаттандыру туралы не талаптан толық немесе ішінара бас тарту туралы қорытынды болуға тиіс. Арбитраждық соттың қорытындысы қандай да болсын мән-жайлардың (шартты шешім) басталғанына немесе басталмағанына тәуелді болмауға тиіс.

      Талапты қанағаттандырған жағдайда шешімнің қорыту бөлімінде мыналар көрсетіледі:

      дау өз пайдасына шешілген тараптардың және ақшасы өндіріліп алынған немесе белгілі бір әрекеттерді орындауға міндетті тараптардың атаулары, осы әрекеттердің орындалу мерзімі, сондай-ақ шешімнің орындалуын кейінге қалдырған немесе бөліп-бөліп орындатқан кезде ақшасын төлеу мерзімі;

      өндіріп алуға жататын сомалардың (материалдық құндылық, атқарылған жұмыс пен көрсетілген қызмет үшін негізгі қарыздардың, шығындардың, тұрақсыз төлемдердің, айыппұлдың, өсімдердің, сондай-ақ осы Заңда көзделген айыппұлдардың) мөлшері;

      банктiк шот ашқан кезде банк берген, одан ақша алуға болатын жеке сәйкестендiру коды;

      беруге жататын мүліктің атауы және оның тұрған жері (мүлікті беру туралы дау бойынша);

      орындаушылық құжатының немесе өндіріп алуды даусыз (акцептісіз) тәртіппен жүргізетін өзге құжаттың (мұндай құжат орындауға жатпайды деп танылған кезде) атауы, нөмірі және күні, сондай-ақ есептен шығаруға жатпайтын сома.

      Шарт жасасқан немесе оны өзгерткен кезде туған дау бойынша қорыту бөлімінде шарт ережесінің әрбір дауы жөніндегі шешім, ал шарт жасасуға мәжбүр ету туралы дау бойынша тараптар шарт жасасуға міндетті ережелер көрсетіледі.

      Шешімнің қорыту бөлімінде заңдарға қайшы келген ретте шартты толығымен немесе оның белгілі бір бөлігінің күші жоқ деп тану туралы көрсетіледі.

      Актінің күші жоқ деп тану туралы арыз қанағаттандырылған кезде қорыту бөлімінде актінің және оны шығарған органның атауы, актінің нөмірі, акті шығарылған күн көрсетіледі, акті толығымен немесе ішінара (дәл қай бөлікте екені нақтыланып) күші жоқ деп танылады. Қанағаттандырылмаған кезде актінің күші жоқ деп тану туралы арызданушының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы көрсетіледі.

      Шешімнің қорыту бөлімінде арбитраждық шығындарды тараптар арасында бөлу туралы, бюджеттен мемлекеттік баж салығын қайтару туралы көрсетіледі.

      Іске бірнеше талапкер мен жауапкер қатысқан кезде шешімде олардың әрқайсысына қатысты даудың қалай шешілгені көрсетіледі.

      Алғашқы және қарсы талаптар қаралған кезде шешімде талаптардың әрқайсысын қарау нәтижелері көрсетіледі.

      Ескерту. 101-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

102-бап. Шешімді жариялау

      Мәжілісте істі қарау аяқталғаннан кейін судья қабылданған шешімді жариялайды. Судья шешімнің тек қана қорыту бөлімін жариялауға хұқылы. Тараптарға шешімнің заңдылығын тексеру туралы арыз беру тәртібі түсіндіріледі.

103-бап. Ұйғарым шығару және оның мазмұны

      Егер дау негізінен шешілмесе (іс қарауды кейінге қалдыру, іс жүргізуді тоқтата тұру, қысқарту, талапты қараусыз қалдыру және т. б.) арбитраждық сот ұйғарым шығарады.

      Арбитраждық соттың ұйғарымында мыналар болуға тиіс:

      1) арбитраждық соттың атауы, істің нөмірі және ұйғарым шығарылған күн, тараптардың атауы, талаптың бағасы, талапкердің талабы, судьянық (судьялардың), тараптар өкілдерінің және істі шешуге қатысуды басқа да адамдардың аты-жөндері мен лауазымдарының көрсетілуі;

      2) дау мәнісінің қысқаша мазмұндамасы немесе ұйғарым шығарылатын мәселенің мазмұны;

      3) заңдарға сілтеме жасай отырып ұйғарым шығару дәлелдері;

      4) қаралған іс бойынша қорытынды;

      5) тараптар, басқа да ұйымдар және олардың лауазымды адамдары арбитраждық сот тағайындалған мерзімде істеуге тиісті әрекеттердің көрсетілуі.

104-бап. Жеке ұйғарым

      Дауды шешкен кезде ұйымның, мемлекеттік және өзге де органның қызметінде заңды бұзушылық анықталған ретте арбитраждың сот жеке ұйғарым шығаруға хұқылы.

      Жеке ұйғарым шаралар қолдану үшін тиісті ұйымдарға, мемлекеттік және өзге органдарға, лауазымды адамдарға жіберіледі.

      Ұйымдардың, мемлекеттік және өзге де органдардың басшылары бір ай ішінде жеке ұйғарымды қарау нәтижелері туралы сотқа хабарлауға міндетті.

105-бап. Шешімдер мен ұйғарымдарды жіберу

      Шешімдер мен ұйғарымдар іс қаралған күннен бастап бес күн ішінде тараптар мен талап қоюшыларға жіберіледі немесе олардың өкілдеріне тапсырылады.

106-бап. Қосымша шешім

      Арбитраждық сот тараптардың арызы бойынша немесе өз инициативасы бойынша мынадай реттерде:

      1)      егер талап арызында жазылған қандай да болсын талап бойынша шешім қабылданбай қалса;

      2)      егер сот хұқық туралы мәселені шешіп, берілген соманың, берілуге тиісті мүліктің көлемін немесе жауапкер істеуге міндетті әрекеттерді көрсетпесе;

      3)      егер сот шығындары туралы мәселе шешілмесе қосымша шешім қабылдауға хұқылы;

      Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде қойылуы мүмкін.

      Қосымша шешімді сот мәжілісінде мәселе қаралғаннан кейін сот шығарады және оған шағым берілуі немесе қадағалау тәртібімен наразылық білдірілуі мүмкін. Қосымша шешімді шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына оны қайта қарау жөнінде арыз берілуі немесе наразылық білдірілуі мүмкін.

107-бап. Шешімге түсініктеме беру және оны түзету

      Судья тараптардың шешім қабылданғаннан кейін бір айдан кешіктірмей берілген арызы бойынша шешімге оның мазмұнын өзгертпей түсініктеме беруге, тараптардың арызы бойынша немесе өз инициативасы бойынша шешімде жіберілген қателерді немесе арифметикалық қателерді шешімнің мәнісіне тиіспей түзетуге құқылы.

      Шешімге түсініктеме беру туралы, сондай-ақ қателерді немесе арифметикалық қателерді түзету туралы ұйғарым шығарылады.

108-бап. Сот айыппұлдарын салу, айыппұл салу туралы ұйғарымдарға шағым беру

      Сот айыппұлдарын осы Заңмен белгіленген реттер мен мөлшерде арбитраждық сот салады.

      Лауазымды адамдарға айыппұлдар сот ұйғарымымен салынады, оның көшірмесі айыппұл салынған адамға жіберіледі.

      Айыппұл салынған адам ұйғарымның көшірмесін алғаннан кейін 10 күн ішінде оны азайту немесе кеміту туралы айыппұл салған сотқа өтініш жасай алады.

      Өтінішті қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады, оған жалпы тәртіппен шағым берілуі және наразылық білдірілуі мүмкін. Арбитраждық сот салған айыппұлдар сот шешімін орындау үшін белгіленген тәртіппен, ұйғарым негізінде лауазымды адамдардың өз қаржысынан республикалық бюджет кірісіне өндіріліп алынады.

XII тарау. АРБИТРАЖДЫҚ COTTAP ШЕШІМДЕРІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫ МЕН НЕГІЗДІЛІГІН ТЕКСЕРУ

109-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беру және наразылық білдіру хұқығы

      Тараптар Қазақстан Республикасының арбитраждық соттары шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге құқылы.

      Прокурор не оның орынбасары арбитраждық соттың заңсыз немесе негізделмеген шешіміне наразылық білдіруге хұқылы.

      Облыстар мен Алматы қаласы арбитраждық соттарының төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының төрағасы мен оның орынбасарлары өз инициативасы бойынша қарамағындағы соттар судьялары шешімдерінің заңдылығын "Қазақстан Республикасының Төрелік Соты туралы" Заңмен белгіленген өкілеттігіне сәйкес шешім қабылдап тексеруге хұқылы.

      Жоғары арбитраждық соттың президиумы Жоғары арбитраждық сот төрағасының немесе оның орынбасарының наразылығы бойынша не Қазақстан Республикасы Бас прокурорының не оның орынбасарының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасы арбитраждық соттары шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Пленумы заңдарға қайшы келуіне байланысты Пленум шешімдерін қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық соты төрағасының наразылығы бойынша не Бас прокурордың наразылығы бойынша істерді қадағалау тәртібімен қарайды.

      Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

110-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беру және прокурордың наразылық білдіру тәртібі

      Арбитраждық соттар судьяларының шешімдерін қайта қарау туралы арыздар шешім қабылдаған арбитраждық сот төрағасының атына жазбаша түрде беріледі.

      Судьялар шешімдерінің заңдылығын қадағалау тәртібімен қабылданған төрелік сот төрағалары шешімдерінің, ұйғарымдарының және қаулыларының, сондай-ақ төрелік соттар төрағалары орынбасарларының қаулылары мен ұйғарымдарының заңдылығы мен негізділігін тексеруді Қазақстан Республикасының Жоғары Төрелік Соты жүзеге асырады.

      Облыстың, Алматы қаласының прокуроры не оның орынбасары тиісті облыстық арбитраждық соттың, Алматы қаласы сотының шешіміне наразылық білдіруге хұқылы.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотына Казақстан Республикасының Бас прокуроры не оның орынбасары наразылык білдіреді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотына арыздар шешім шығарған сот арқылы жазбаша түрде беріледі, ол арызды іспен бірге 5 күн мерзімде бағыныстылығы бойынша қарау үшін жіберуге міндетті.

      Істі жоғары тұрған арбитраждық сот талап еткен ретте дауды шешкен сот сұрауды алған күннен бастап 5 күн мерзімде жібереді.

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздың берілуі шешімнің орындалуын тоқтатпайды.

      Төрелік сот тараптың өтініші бойынша не өз инициативасы бойынша шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру жөніндегі іс жүргізу аяқталғанға дейін, ал наразылық білдірген прокурор бір айға дейінгі мерзімге шешімнің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

      Ескерту. 110-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

111-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздың мазмұны

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арызда мыналар болуға тиіс:

      1) арыз жолданып отырған соттың атауы;

      2) арыз беруші орган мен шешім қабылдаған органның атауы;

      3) іс нөмірінің, дауласып отырған шешім қабылданған күннің талап бағасының, іс бойынша тарап атауының көрсетілуі;

      4) арызданушының талаптары және шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы мәселе қойылған негіздер;

      5) арызға қоса тіркелген жазбаша құжаттардың тізбесі;

      6) шағым жасаудың іс жүргізу мерзімдері сақталуының дәлелдемелері.

      Арызға ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары қол қояды.

      Өкілдер берген арызға өкілдік өкілеттігін куәландыратын сенімхат не өзге құжат қоса тіркелуге тиіс.

      Арызға іс бойынша тараптарға, ал прокурор талап қойған ретте талап қойған прокурорға да арыз көшірмесі жіберілгенін растайтын құжаттар қоса тіркеледі.

      Ескерту. 111-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

112-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыздың берілу мерзімі

      Арызданушы шешімді алған күннен бастап 10 күн ішінде шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз береді.

      Арыз беру мерзімі өтіп кеткен ретте оны қалпына келтіру туралы өтініш жасалуы мүмкін. Өтініш арызға қоса тіркеледі не онда баяндалады. Өтінішті қарау нәтижелері төрелік соттың шешімінде немесе ұйғарымында баяндалады.

      Белгіленген мерзімді бұза отырып оны қалпына келтіру туралы өтінішсіз берілген арыз қайтарылуға жатады.

      Ескерту. 112-бап жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

113-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арызды не наразылықты қайтару

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз не наразылық:

      1) егер арызға немесе наразылыққа оған қол қоюға хақысы жоқ талапкер не қызмет жағдайы көрсетілмеген адам қол қойса;

      2) егер арызға не наразылыққа көшірмесі тараптарға, ал қажет болған ретте прокурорға да жіберілгеніне дәлелдемелер қоса тіркелмесе;

      3) егер мемлекеттік баж салығы белгіленген тәртіп пен мөлшерде төленгеніне дәлелдемелер жоқ болса;

      4) егер арыз беру не наразылық білдіру мерзімі бұзылса және бұл мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш жоқ болса және шағым жасаудың іс жүргізу мерзімдері сақталуының дәлелдемелері болмаса;

      5) егер өтінішпен қоса арыз не наразылық дауласып отырған шешім қабылданған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін берілсе;

      6) арыз не наразылық қаулы қабылданғанға дейін қайтарылып алынған реттер қарауға қабылданбай қайтарылады.

      Ескерту. 113-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

114-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арызға және наразылыққа пікір білдіру не оларға қосылу

      Іске қатысушы тараптар арбитраждық процеске қатысушылардың бәріне көшірмесін жібере отырып, арызға не наразылыққа пікір табыс етуге хұқылы. Процесте арызданушының жағында болатын тараптар да осындай тәртіппен берілген шағымға қосыла алады.

115-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру кезіндегі арбитраждық соттың өкілеттігі

      Шешімнің заңдылығы мен негізілдігін тексеру нәтижелері бойынша арбитраждық сот қаулы шығарады, онда:

      1)      шешімді өзгеріссіз, ал арызды немесе наразылықты қанағаттандырмай қалдыруға;

      2)      жаңа шешім қабылдау арқылы не істі қайта қарауға жіберу арқылы шешімнің толық не ішінара күшін жоюға;

      3) іс жүргізуді тоқтату арқылы не талапты қарамай қалдыру арқылы шешімнің күшін жоюға;

      4) шешімді өзгертуге;

      5) арызды не наразылықты қарамай қалдыруға хұқылы.

      Арбитраждық сот арыздың не наразылықтың дәлелдерімен байланысты емес және істі толық көлемінде тексеруге міндетті.

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексергенде арбитраждық сот істі қараған кезде берілген хұқықтарды пайдаланады.

116-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеруді жүзеге асыратын соттың құрамы

      Облыстық, Алматы қалалық арбитраждық сотында судья шешімінің заңдылығы мен негізділігін тексеруді арбитраждық соттың төрағасы не оның орынбасары жүзеге асырады.

      Жоғары Төрелік Соты судьялары қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеруді осы сот Төрағасының, не оның орынбасарының төрағалық етуімен төрелік алқа жүзеге асырады.

      Жоғары Төрелік Сот Төрағасының орынбасары, не оның төрағалық етуімен алқалы түрде қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеруді Жоғары Төрелік Сот Төрағасының төрағалық етуімен төрелік алқа жүзеге асырады. Жоғары Төрелік Сот Төрағасының, не оның орынбасарының төрағалық етуімен шығарылған қаулыға Жоғары Төрелік Сот Төралқасына наразылық келтірілуі мүмкін.

      Облыстық және Алматы қалалық төрелік соттары шешімдерінің, ұйғарымдары мен қаулыларының заңдылығы мен негізділігін тексеруді үш судья құрамында Жоғары Төрелік Соттың төрелік алқасы жүзеге асырады.

      Іс бойынша қаулы көпшілік дауыспен қабылданады және оған барлық судьялар қол қояды. Шешіммен келіспеген судья өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады.

      Ескерту. 116-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

117-бап. Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арызды не прокурордың наразылығын қарау мерзімі

      Облыстық Алматы қалалық арбитраждық соты шешімнің заңдылығы мен негізділігін немесе наразылықты тексеру туралы белгіленген тәртіпте берілген арызды келіп түскен күннен бастап 15 күн ішінде қарауға тиіс.

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты арыз не наразылық бойынша келіп түскен істі оның келіп түскен күнінен бастап бір ай ішінде қарайды.

      Осы Заңның 97-бабында көзделген негіздер болған жағдайда арыз не наразылық бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылуы мумкін.

118-бап. Шешімнің күшін жоюға не оны өзгертуге негіздеме

      Шешімді өзгертуге не оның күшін жоюға:

      1) іс бойынша мән-жайды анықтаудың толық еместігі;

      2) сот анықталды деп есептеген іс үшін маңызы бар мән-жайдың дәлелденбеуі;

      3) істің мән-жайына шешімде баяндалған қорытындылардың сәйкессіздігі;

      4) материалдық немесе іс жүргізу хұқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіз болады.

      Іс жүргізу хұқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы қате шешім қабылдануының себептері болған жағдайда шешімнің күшін жоюдың немесе оны өзгертудің негізі болып табылады.

119-бап. Арызды не наразылықты қарамай қалдыру

      Шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз не наразылық осы Заңның 97-бабының 3,5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша қаралмай қалдырылуы мүмкін.

      Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

120-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты арбитраждық алқасының каулысына наразылық білдіру

      Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының төрағасы және оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры не оның орынбасары Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру жөніндегі арбитраждық алқасының қаулысына наразылық білдіруге хұқылы.

      Наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Президиумы қарайды, қаулы Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Президиумы мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар саны тең болған жағдайда наразылық қабылданбады деп есептеледі.

      Наразылық білдірілген шешімді қабылдауға қатысқан Төралқа мүшелері осы іс бойынша Төралқа қаулысын шығару кезінде дауыс бермейді.

      Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

121-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Пленумының наразылықты қарау тәртібі және ол бойынша қаулы қабылдау

      Қазақстан Республикасының Жоғары арбитраждық соты Төрағасының не Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының шешімдерін, егер олар заңдарға қайшы келсе, қадағалау ретінде Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық сотының Пленумы тексереді. Қазақстан Республикасы Жоғары арбитраждық соты Пленумының шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады. Наразылықты қанағаттандыруды жақтап және қанағаттандыруға қарсы берілген дауыстар саны тең болған жағдайда наразылық қабылданбады деп есептеледі. Дауды шешуге (шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеруге) қатысқан судьяның дауыс беруге қатысуға хақысы жоқ.

      Ескерту. 121-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

122-бап. Қаулыларды жіберу

      Қаулы шығарылған күннен бастап 5 күн мерзім ішінде іске қатысқан тараптарға, прокурорға жіберіледі.

      Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

XIII тарау. ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАР БОЙЫНША АРБИТРАЖДЫҚ СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ

123-бап. Қайта қарау негіздері

      Арбитраждық сот арызданушыға белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін елеулі маңызы бар жаңадан ашылған мән-жайлар жөнінде өздері қабылдаған шешімді қайта қарауы мүмкін.

124-бап. Арыз берудің тәртібі және мерзімі

      Шешімді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды шешімнің қайта қаралуына негіз болатын мән-жайлар белгіленген күннен бастап бір айдан кешіктірмей беруге болады.

      Арызданушы басқа тарапқа арыздың көшірмесін және оған тіркелген құжаттарды жіберуге міндетті.

      Арыз көшірмесінің басқа тарапқа жіберілгендігін дәлелдейтін құжаттар арызға қоса тіркеледі.

      Арыз белгіленген мерзімнен өтіп кеткеннен кейін берілген жағдайда не басқа тарапқа арыз көшірмесі жіберілгендігінің дәлелдемесі және оған тіркелген құжаттар табыс етілмеген жағдайда ол қарауға қабылданбайды және арыз берушіге қайтарылады.

125-бап. Шешімді қайта қарау

      Шешімді қайта қарауды қайта қаралып жатқан шешім қабылданған тиісті арбитраждық алқаның судьясы (судьялары) жүзеге асырады.

      Шешімді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау осы Заңның тарауында белгіленген тәртіппен тексерілуі мүмкін.

      Шешімді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз түскен ретте арбитраждық сот, егер алғашқы шешім орындалмаған болса, шешімді қайта қарау аякталғанға дейін шешімнің орындалуын тоқтата тұруға хұқылы.

      Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қабылданған шешім осы Заңның XII тарауында белгіленген тәртіппен тексерілуі мүмкін.

XIV тарау. ШЕШІМДЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ

126-бап. Арбитраждық соттың бұйрығы және оны орындауға жіберу

      Арбитраждық соттың шешімін орындау арбитраждық сот берген бұйрық негізінде республика заңдарына сәйкес жүргізіледі. Бұйрық орындау құжаты болып табылады және шешіммен бір мезгілде жіберіледі.

      Ақшаны алуға шығарылған бұйрық алушыға беріледі не оған арнайы немесе бағалы хатпен жіберіледі. Бюджет кірісіне сома алған кезде бұйрық салық салу органына жіберіледі және белгіленген тәртіппен банк мекемесі арқылы орындалады. Басқа бұйрықтар сот орындаушылары арқылы орындалады.

      Бастапқы және үстеме талаптар толық немесе ішінара қанағаттандырылған ретте өндіріп алу жөніндегі бұйрық әрбір талап бойынша жеке-жеке беріледі.

      Ескерту. 126-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

127-бап. Бұйрық мазмұны

      Арбитраждық сот бұйрығында:

      1)      бұйрық берілген істің нөмірі, шешім қабылданған күн, бұйрық берілген күн және оның қолданылу мерзімі;

      2)      шешімнің қорыту бөлігі көрсетілуге тиіс.

      Егер шешім қабылданған кезде орындауды кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп орындау белгіленген болса, бұйрықта оның қолданылу мерзімі қай кезден басталатыны көрсетіледі.

      Сот орындаушысы орындауға жататын немесе салық салу органына жіберілетін бұйрықта борышқордың мекен-жайы да көрсетіледі.

      Бұйрыққа судья қол қояды және ол арбитраждық соттың мөрімен расталады.

128-бап. Бұйрық орындауға табыс етілетін мерзім

      Алушыға берілген бұйрық шешім қабылданған немесе шешімнің орындалуын кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп орындау белгіленген мерзім біткен күннен бастап не бұйрықты орындауға табыс ету үшін өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы ұйғарым шығарған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей орындауға табыс етілуі мүмкін. Шешімнің орындалуы тоқтатылған уақыт бұл мерзімге есептелмейді.

      Шешімді орындауға арналған мерзім бұйрықтың орындауға табыс етілуімен үзіледі.

      Бұйрықты банк мекемесінің немесе сот орындаушысының орындауы мүмкін болмаған және осыған байланысты орындамай қайтарған ретте бұйрық орындауға табыс етілген жаңа үш ай мерзім ол қайтарылған күннен бастап есептеледі.

      Алушы бұйрық орындауға табыс етілген мерзімді өткізіп алып, оны арбитраждық сот дәлелді себеп деп таныса, өткізілген мерзім соттың ұйғарымымен қалпына келтірілуі мүмкін. Бұйрық орындауға табыс етілген мерзімді ұзарту туралы соттын ұйғарымына жалпы тәртіппен шағым берілуі немесе наразылық білдірілуі мүмкін.

129-бап. Шешімнің орындалмағаны үшін жауаптылық

      Ақша сомасын өндіріп алу туралы арбитраждық сот шешім шығарып, бұйрық орындауға табыс етілген органнын орындамағаны үшін оған арбитраждық сот тараптардың арызы бойынша немесе өз инициативасы бойынша өндіріп алынуға тиіс соманың 5 проценті мөлшерінде айыппұл салады. Айыппұл жергілікті бюджет кірісіне өндіріп алынады. Айыппұл салу туралы ұйғарым шығарылады. Айыппұл салынған орган ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге хұқылы.

      Арбитраждық соттың шешімін орындауға міндетті лауазымды адам бұл шешімді орындамағаны үшін, жалпы соттың шешімін орындамағаны үшін заңмен белгіленген тәртіппен жауапты болады.

130-бап. Бұйрық дубликатын беру

      Төрелік сол бұйрық дубликатын:

      - өндіріп алушының өзі бұйрықты жоғалтқан және бұйрықтың орындауға табыс ету үшін белгіленген мерзім өтіп кетпей тұрып дубликат беру туралы арызданып өтініш жасаған ретте;

      - бұйрықты банк мекемесі, сот орындаушысы, байланыс органы жоғалтқан ретте береді.

      Бұйрық дубликатын беру туралы арызға:

      банк мекемесінің, сот орындаушысының, байланыс органының бұйрықтың жоғалғандығы туралы анықтамасы; бұйрықтың жоғалғандығы және оның орындауға табыс етілмегендігі туралы өндіріп алушы ұйымның анықтамасы тіркелуге тиіс.

      Ұйым анықтамасына ұйымның басшысы немесе басшысының орынбасары және бас (аға) бухгалтері қол қояды

      Ескерту. 130-бап жаңа редакцияда – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

131-бап. Шешімді орындауды кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп орындау

      Арбитраждық сот тараптардың арызы бойынша немесе өз инициативасы бойынша бұйрықты орындауға табыс ету үшін белгіленген мерзім өтпей тұрып шешімнің орындалуын кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп орындаттыруға хұқылы.

      Шешімді орындауды кейінге қалдырған немесе ол бөліп-бөліп орындалатын жағдайда арбитраждық сот осы заңның IX тарауында көзделген тәртіппен шешімді орындауды қамтамасыз ету жөнінде шара қолдана алады.

      Шешімді орындауды кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп орындау туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылады. Тараптар осы ұйғарымның заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы арыз беруге хұқылы. Қажет болған ретте ұйғарым борышқордың тұрған жеріндегі банк мекемесіне жіберіледі.

132-бап. Шешімді орындау әдісі мен тәртібін өзгерту

      Талап қоюшы тараптың немесе талап қоюшының мүддесін көздеушінің арызы бойынша арбитраждық сот шешімді орындаудың әдісін және тәртібін өзгерте алады.

      Шешімді орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту туралы арыз арбитраждық процеске қатысушылардың бәріне міндетті түрде көшірмесін жіберу арқылы жазбаша түрде беріледі.

      Арызда оның берілу себебі көрсетіледі, бастапқы шешімді орындауға шаралар қолдану дәлелдемесі, төлеушінің есебінде ақшасының жоқ болуына байланысты оны орындау мүмкін еместігі не мүлікті заттай өндіріп алу туралы талап мәлімденген кезде төрелік соттың шешімі бойынша өндіріп алуға жататын мүліктің жоқ екендігі таныстырылады.

      Арызды қарау нәтижесінде ұйғарым шығарылады, оған жалпы тәртіппен шағым жасауға болады.

      Шешімді орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту туралы арызды орындалуға тиісті шешім қабылдаған арбитраждық сот қарайды.

      Арызды қарау мерзімі - іспен бірге арбитраждық сотқа келіп түскен күннен бастап 10 күн.

      Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 18.10.1993; 11.07.1997 N 154 Заңдарымен.

133-бап. Шешімді орындауды бұру, шешім бойынша өндіріп алуды тоқтату

      Егер орындалған шешім өзгертілген немесе оның күші жойылған және талап қою туралы толық немесе ішінара бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған болса не істі жүргізу қысқартылса, не талап қаралмай қалдырылса, тарапқа одан өзгертілген немесе күші жойылған шешімнің тиісті бөлігі бойынша басқа тараптың, пайдасына өндіріліп алынғанның бәрі қайтарылады.

      Өндіріліп алынған ақшаны, мүлікті немесе оның құнын қайтаруға ұйымның арызы бойынша арбитраждық сот бұйрық береді. Бұрын қабылданған шешімнің орындалғанын растайтын құжат арызға қоса тіркеледі.

      Егер орындалған шешім өзгертілген немесе оның күші жойылған және талап қою туралы толық немесе ішінара бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған болса не істі жүргізу қысқартылса, не талап қаралмай қалдырылса, арбитраждық сот өзгертілген немесе күшін жойылған бөлігі бойынша өндіріп алуды толық немесе ішінара тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 133-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.1997 N 154 Заңымен.

134-бап. Аралық сот шешімін орындау

      Іс бойынша тараптар аралық сот белгілеген мерзімде осы органның шешімін орындамаған ретте аралық соттың шешімін epiксіз орындатуға, қаралған даудың соттың қарауына жататындығы жөнінен өндіріп алушының арызы бойынша төрелік сот бұйрық береді.

      Арызды қарау нәтижелері бойынша бұйрық беру не оны беруден бас тарту туралы, не істі жаңадан қарауға қайтару туралы ұйғарым шығарылады.

      Төрелік сот аралық соттың шешімін орындауға бұйрық беруден:

      - егер дауды аралық сотта қарау туралы тараптардың келісіміне қол жеткізілмесе;

      - егер аралық соттың құрамы немесе дауды қарау процедурасы тараптар келісіміне сәйкес келмесе;

      - егер тараптар даудың аралық сотта қаралатын күні туралы хабардар етілмесе;

      - егер дау аралық сотта қаралуға тиіс болмаса бас тартуға құқылы.

      Ұйғарымға жалпы тәртіппен шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін.

      Ескерту. 134-баппен толықтырылды – ҚР 18.10.1993 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады