Ұжымдық еңбек даулары мен ереуiлдер туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 8 шiлдедегі N 20 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 252 Заңымен.

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртiбi мен әдiстерiн, сондай-ақ ереуiл жасау құқығын жүзеге асыру тәртiбiн реттейтiн құқықтық негiздердi белгiлейдi. 

  I ТАРАУ. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар

      1. Ұжымдық еңбек даулары - ұйымдарда еңбек жағдайларын белгiлеу мен өзгертуге және еңбекке ақы төлеуге, ұжымдық шарттар мен келiсiмдер жасасуға, оларды орындауға байланысты, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдардың, ұжымдық шарттар мен келiсiмдердiң ережелерiн қолдану мәселелерi бойынша жұмыс берушi (жұмыс берушiлер бiрлестiгi) мен қызметкерлер ұжымдары (қызметкерлер өкiлдерi) арасындағы келiспеушiлiктер. 
      2. Жұмыс берушi - басшысы (әкiмшiлiгi) өкiлi болып табылатын ұйым (заңды тұлға) не қызметкер еңбек қатынастарында тұрған жеке тұлға. 
      3. Жұмыс берушiлер өкiлдерi - ұйымдар басшылары немесе нормативтiк құқықтық актiлерге, ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес басқа да өкiлеттi адамдар, жұмыс берушiлер бiрлестiктерiнiң өкiлеттi органдары, жұмыс берушiлер уәкiлдiк берген өзге де органдар. 
      4. Қызметкерлер өкiлдерi - кәсiптiк одақтар органдары және өздерiнiң құрылтай құжаттарына сәйкес өкiл болуға уәкiлдiк алған олардың бiрлестiктерi, ұйым, филиал, өкiлдiк қызметкерлерiнiң жиналысында (конференциясында) құрылған және олар уәкiлдiк берген қоғамдық ынталы органдар. 
      5. Бiтiстiру рәсiмдерi - ұжымдық еңбек дауын алғашында бiтiстiру комиссиясында, ал онда келiсiмге қол жетпеген жағдайда - еңбек төрелiгiнде ретiмен қарау. 
      6. Бiтiстiру комиссиясы - ұжымдық еңбек дауын тараптарды бiтiстiру жолымен реттеу үшiн жұмыс берушi мен еңбек ұжымы арасындағы келiсiм бойынша құрылатын орган. 
      7. Еңбек төрелiгi - бiтiстiру комиссиясында келiсiмге қол жетпеген жағдайда, дауды шешу үшiн уәкiлеттi тұлғаларды тарта отырып ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптар құратын, уақытша жұмыс iстейтiн орган. 
      8. Делдал - ұжымдық еңбек дауын шешу жөнiнде делдалдық қызмет көрсету үшiн оған қатысушы тараптар тартатын тұлға немесе ұйым. 
      9. Ереуiл - еңбек ұжымының әлеуметтiк-экономикалық және кәсiптiк өз талаптарының еңбек ұжымы мен жұмыс берушi арасындағы ұжымдық еңбек дауында қанағаттандырылуы үшiн еңбек ұжымы мүшелерiнiң жұмысты белгiлi бiр мерзiмге немесе еңбек ұжымының талаптарын жұмыс берушi қанағаттандырғанға дейiнгi мерзiмге толық немесе iшiнара тоқтатуы (жұмысқа шықпау, еңбек мiндеттерiн орындамау) түрiндегi күрес шарасы. 

       2-бап. Еңбек ұжымының талаптарын ресiмдеу мен мәлiмдеу
               тәртiбi

      1. Еңбек ұжымының ұйымдарда еңбек жағдайларын белгiлеу мен өзгерту және еңбекке ақы төлеу, бiр жағынан, қызметкерлер ұжымы мен, екiншi жағынан жұмыс берушi арасында ұжымдық шарттар мен басқада келiсiмдердi жасасу, өзгерту және орындау мәселелерi бойынша еңбек ұжымының талаптары жалпы жиналыста (конференцияда) осы ұжым мүшелерiнiң, не конференция делегаттарының көпшiлiк дауысымен жасалып, бекiтiледi. 
      2. Ұжым қойған талаптар жазбаша түрде баяндалып, жұмыс берушiге жiберiледi. 
      3. Еңбек ұжымының мүдделерiн ол уәкiлеттiк берген өкiлдер немесе орган бiлдiредi. 
      4. Осы баптың 1-тармағында аталған талаптарды бiрнеше еңбек ұжымдары қойған ретте, олардың мүдделерiн өздерi уәкiлдiк берген органдар да бiлдiредi. Кәсiптiк одақтардың салалық немесе аумақтық органдары уәкiлеттi орган бола алады. 
      5. Ұжымдық еңбек дауларына қатысушы тараптар дауды бiр-бiрiмен келiсiм бойынша реттеу үшiн қажеттi шаралар қолдануға тиiс. 

       3-бап. Еңбек ұжымының талаптарын қарау

      1. Жұмыс берушi еңбек ұжымы қойған талаптарды олар алынған күннен бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрмей қарап, даудың мәнi бойынша келiсiмге қол жеткiзуге әрекет жасауға, ал аталған мерзiм iшiнде келiсiмге қол жетпеген жағдайда дауды одан әрi қарау үшiн өз өкiлдерiнiң жеке құрамын көрсете отырып өзiнiң шешiмi мен ұсыныстарын жазбаша түрде еңбек ұжымының назарына жеткiзуге мiндеттi. 
      2. Екi және одан да көп еңбек ұжымдарының бiрiккен немесе бiрлескен талаптары жұмыс берушiлердiң (кәсiпкерлердiң) тиiстi органдарына жiберiледi, олар осы талаптарды қарауға және олар алынған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде өз шешiмi туралы еңбек ұжымдарының бiрiккен өкiлдi органына хабарлауға мiндеттi. 

  II ТАРАУ. Бiтiстiру рәсiмдерi

       4-бап. Еңбек ұжымының талаптарын бiтiстiру рәсiмдерi
               тәртiбiмен қарау

      1. Бiтiстiру рәсiмдерi тәртiбiмен еңбек ұжымының осы Заңның 2-бабының 1-тармағында аталған талаптары қаралады. 
      Жұмыс берушi қабылдамаған немесе ол iшiнара қанағаттандырған талаптар әуелi бiтiстiру комиссиясында, ал онда келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда - еңбек төрелiгiнде қаралады. 
      2. Еңбек туралы заң актiлерi мен басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану (олардың орындалмауы немесе бұзылуы) жөнiндегi ұжымдық еңбек даулары тараптардың бiр өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сотта қаралуға тиiс. 

       5-бап. Бiтiстiру комиссиясы

      1. Жұмыс берушi өз шешiмiн еңбек ұжымының назарына жеткiзген, не осы Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс берушi хабарламаған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн мерзiм iшiнде бiтiстiру комиссиясы құрылады. 
      2. Бiтiстiру комиссиясы еңбек ұжымының талаптарын өзi құрылған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күннен аспайтын мерзiмде қарайды. 
      3. Бiтiстiру рәсiмi процесiнде комиссия еңбек ұжымымен, жұмыс берушiмен, жергiлiктi атқарушы органмен, өзге де мүдделi ұйымдармен кеңеседi. 
      4. Комиссия шешiмi келiссөздер негiзiнде тараптар арасындағы келiсiм бойынша қабылданады, тараптардың өкiлдерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi және оның тараптар үшiн мiндеттi күшi болады. 
      5. Осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiмде бiтiстiру комиссиясында келiсiмге қол жетпеген жағдайда бiтiстiру комиссиясының жұмысы тоқтатылады, ал дауды шешу үшiн еңбек төрелiгi құрылады. 

       6-бап. Еңбек төрелiгi

      1. Еңбек төрелiгiн ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптар әлеуметтiк-еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi Республикалық немесе жергiлiктi жерлердегi үшжақты комиссия мүшелерiнiң қатысуымен күнтiзбелiк бес күн iшiнде құрады. 
      2. Еңбек төрелiгi мүшелерiнiң саны және оның жеке құрамы ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптардың келiсiмiмен анықталады, еңбек төрелiгiнiң құрамында, оның төрағасын қоса алғанда, кемiнде үш адам болуға тиiс. 
      3. Еңбек төрелiгiнiң құрамына кәсiподақ органдарының, еңбек жөнiндегi органдардың өкiлдерi, сарапшы-мамандар және басқа адамдар енгiзiледi. 
      4. Еңбек төрелiгiнiң төрағасы тараптардың келiсiмiмен төрелiк мүшелерiнiң қатарынан бекiтiледi. 
      5. Ұжымдық еңбек дауын еңбек төрелiгi ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптар өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен, ал қажет болған жағдайда, сондай-ақ басқа мүдделi тұлғалар өкiлдерiнiң қатысуымен де қарайды. 
      6. Дауды қарау рәсiмiн еңбек төрелiгi белгiлеп, екi тарапқа да хабарлайды. 
      7. Еңбек төрелiгiнiң шешiмi ол құрылған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрiлмей төрелiк мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Төрелiк мүшелерiнiң дауыстары тең бөлiнген жағдайда, төрелiк төрағасының дауысы шешушi дауыс болып табылады. Шешiм дәлелдi болуы, жазбаша түрде баяндалуы керек, оған төрелiктiң барлық мүшелерi қол қояды. 
      8. Егер тараптар келiсiмдi жазбаша нысанда жасаса, еңбек төрелiгiнiң шешiмi мiндеттi түрде орындалуға тиiс. 

       7-бап. Ұжымдық еңбек дауын шешу кезiндегi делдалдар

      1. Ұжымдық еңбек дауын қараудың кез-келген сатысында тараптар делдалға жүгiне алады. Делдалдық рәсiмi бiтiстiру комиссиясындағы, еңбек төрелiгiндегi бiтiстiру рәсiмдерiне қатысы жағынан дербес болып табылады және олармен қоса-қабат жүргiзiлуi мүмкiн. 
      2. Ұжымдық еңбек дауларын делдалдың қатысуымен қарау тәртiбiн дауласушы тараптармен келiсiм бойынша делдал белгiлейдi. 
      3. Делдал ретiнде тараптар өздерi үшiн беделдi ұйымдарды және тараптарға қатысы жағынан бейтарап адамдарды таңдайды. Әлеуметтiк еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi Республикалық немесе жергiлiктi жерлердегi үшжақты комиссия ұжымдық дауға қатысушы тараптардың келiсiмiмен ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөнiндегi жұмысқа орталық және жергiлiктi жерлердегi атқарушы органдардың, қауымдастықтар мен басқа да бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, кәсiподақ органдарының басшылары мен қызметкерлерiн, жұмыс берушiлердi, сондай-ақ тәуелсiз сарапшыларды тарта алады. Делдалдарды сайлаудың барлық жағдайларында олардан делдалдыққа келiсiм алынуға тиiс. 
      4. Өз бастамасымен делдалдықты құзыреттi мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар: министрлiктер мен олардың жергiлiктi жерлердегi органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары, ғылыми қызметкерлер және тараптар үшiн беделдi басқа да органдар, ұйымдар мен адамдар ұсына алады. 

       8-бап. Ұжымдық еңбек дауы бойынша тараптардың келiсiмге
               жетуiнiң нәтижелерi

      1. Ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптар арасында оны делдалдың қатысуымен немесе онсыз шешу туралы келiсiмге қол жеткен барлық жағдайларда аяқталмаған бiтiстiру рәсiмдерi тоқтатылады, ал тараптар арасындағы келiсiм шарттары дауды шешудiң шарттары деп саналады. 
      2. Дауды шешу туралы тараптар арасындағы келiсiмге келу ереуiлдiң, егер ол жарияланған болса, дереу тоқтатылуына себеп болады. 

       9-бап. Тараптар мен бiтiстiру органдарының ұжымдық
               еңбек дауларын реттеу жөнiндегi мiндеттерi

      1. Тараптар мен бiтiстiру органдары ұжымдық еңбек дауының пайда болуына әкелiп соққан себептер мен жағдайларды жою үшiн барлық мүмкiндiктердi пайдалануға мiндеттi. 
      2. Тараптардың бiрде-бiрiнiң бiтiстiру рәсiмдерiне қатысудан жалтаруға құқығы жоқ. Жұмыс берушi бiтiстiру комиссиясының жұмысына арнап үй-жай беруге мiндеттi. 
      3. Егер бiтiстiру комиссиясы мен еңбек төрелiгi ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптардың келiспеушiлiктерiн реттей алмаса, оның себептерi жазбаша түрде еңбек ұжымының назарына жеткiзiледi. Бұл жағдайда еңбек ұжымы өз мүдделерiн қорғаудың заңда көзделген, тiптi ереуiлге шығуға дейiнгi, барлық әдiстерiн қолдануға құқылы. 

       10-бап. Бiтiстiру рәсiмдерiне қатысуға байланысты
                қызметкерлердiң кепiлдiгi

      1. Бiтiстiру комиссиясының мүшелерi, делдалдар, еңбек төрешiлерi ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысу кезiнде жыл iшiнде үш айдан аспайтын мерзiмге орташа жалақысы сақтала отырып жұмыс берушiлердiң келiсiмi болған кезде негiзгi жұмысынан босатылады. 
      2. Ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысушы кәсiподақтардың, олардың бiрлестiктерiнiң, ынталы қоғамдық органдардың өкiлдерi ұжымдық еңбек дауын шешу кезеңiнде тәртiптiк жазаға тартылмайды, басқа жұмысқа ауыстырылмайды, өздерiнiң өкiл болуына уәкiлдiк берген органның алдын ала келiсiмiнсiз әкiмшiлiктiң бастамасымен жұмыстан ауыстырылмайды немесе шығарылмайды. 

  III ТАРАУ. Ереуiлдер

       11-бап. Ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдау

      1. Егер еңбек дауын бiтiстiру рәсiмдерi көмегiмен шешу мүмкiн болмаса, ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдануы мүмкiн. 
      2. Ереуiл өткiзу туралы шешiм еңбек ұжымының жиналысында (конференциясында) қабылданады және, егер сол еңбек ұжымы мүшелерiнiң (конференция делегаттарының) кемiнде үштен екi бөлiгi оны жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi. 
      3. Ереуiлдi еңбек ұжымы уәкiлдiк берген орган (ереуiл комитетi) басқарады. Бiрнеше еңбек ұжымы бiрдей талаптармен ереуiл жариялаған жағдайда оны сол ұжымдар өкiлдерiнiң бiрдей санынан құралатын бiрiккен орган басқара алады. 
      4. Ереуiлге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға ешкiмдi мәжбүр етуге болмайды. 

       12-бап. Ереуiлдiң басталатыны туралы ескерту

      1. Ереуiлдiң басталатыны және оның ықтимал ұзақтығы туралы уәкiлеттi орган жұмыс берушiнi оның жариялануына дейiн күнтiзбелiк он бес күннен кешiктiрмей жазбаша ескертуге тиiс. 
      2. Ереуiл жариялау туралы шешiмде мыналар көрсетiледi: 
      - тараптардың ереуiл жариялауға және өткiзуге негiз болған келiспеушiлiктерiнiң тiзбесi; 
      - ереуiлдiң басталатын күнi мен уақыты, орны, оның ұзақтығы және қатысушылардың болжамды саны; 
      - ереуiлдi басқарушы органның атауы, бiтiстiру рәсiмдерiне қатысуға уәкiлдiк берiлген қызметкерлер өкiлдерiнiң құрамы; 
      - ереуiл өткiзу кезеңiнде атқарылатын жұмыстар (қызметтер) минимумы бойынша ұсыныстар. 
      3. Жұмыс берушi өнiм жеткiзушiлердi, тұтынушыларды, көлiк ұйымдарын, жұмысқа тапсырыс берушiлердi, сондай-ақ басқа да мүдделi тұлғаларды ереуiл жариялануы ықтимал екенi жайында дереу ескертуге мiндеттi. 

       13-бап. Ереуiлдi басқарушы органның өкiлеттiгi

      1. Ереуiлдi басқарушы орган өзiне осы Заңмен берiлген құқықтар шегiнде және өзiне еңбек ұжымы беретiн өкiлеттiк негiзiнде iс-қимыл жасайды. 
      2. Ереуiлдi басқарушы органның: 
      - ереуiл жасаушы ұжым алға қойған талаптарды шешу мәселелерi бойынша жұмыс берушiмен, мемлекеттiк, кәсiподақ, өзге де заңды және лауазымды тұлғалармен арадағы өзара қарым-қатынастарда еңбек ұжымының мүдделерiн бiлдiруге; 
      - еңбек ұжымының мүдделерiн көздейтiн мәселелер бойынша жұмыс берушiден ақпарат алуға; 
      - еңбек ұжымы талаптарының қаралу барысын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуге; 
      - ұжымдық еңбек дауын шешу мәселелерi бойынша жұмыс берушiмен келiссөз жүргiзуiне; 
      - ереуiл жасаушы ұжымның даулы мәселелер бойынша қорытындылар беру үшiн мамандарды тартуға; 
      - еңбек ұжымының келiсiмiмен ереуiлдi тоқтата тұруға құқығы бар. Ереуiлдi қайта бастау үшiн дауды бiтiстiру комиссиясының, делдалдың немесе еңбек төрелiгiнiң қайта қарауы талап етiлмейдi. Жұмыс берушi мен еңбек дауларын реттеу жөнiндегi орган ереуiлдiң қайта басталғандығы жөнiнде кем дегенде үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей ескертуге тиiс. 
      3. Ереуiлдi басқарушы органның өкiлеттiгi ұжымдық еңбек дауына қатысушы тараптар оны реттеу туралы келiсiмге қол қойған жағдайларда, сондай-ақ ереуiл заңсыз деп танылған жағдайда тоқтатылады. 
      4. Ереуiлдi басқарушы органның өз өкiлеттiгiн жүзеге асырған кезде жұмыс берушiнiң, мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң құзыретiне жататын шешiмдердi қабылдауға құқығы жоқ. 

       14-бап. Заңсыз ереуiлдер

      1. Ереуiлдер: 
      1) саяси себептер бойынша, соның iшiнде конституциялық құрылысты өзгертудi, мемлекеттiк органдарды шақыруды, таратуды немесе олардың қызмет тәртiбiн өзгертудi, олардың басшыларының орнынан түсуiн талап ететiн, сондай-ақ ұлттық және нәсiлдiк теңдiктiң бұзылуына, елдiң аумақтық тұтастығының өзгеруiне әкеп соғатын талаптар қойылатын болса; 
      2) осы Заңның 2-6-баптарының ережелерi сақталмай жарияланса, осы Заңның 11, 12 және 16-баптарының талаптарын бұза отырып бастаса немесе жалғастырылса заңсыз деп танылады. 
      2. Ереуiлдi заңсыз деп тану туралы шешiмдi заң актiлерiне сәйкес сот қабылдайды. 
      3. Сот ереуiлдi заңсыз деп тану туралы iстi жүргiзуге жұмыс берушiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың немесе тиiстi прокурордың талабы бойынша қабылдайды. 
      4. Сот iстi талап арыз берiлген күннен бастап күнтiзбелiк он күннен аспайтын мерзiмде қарауға тиiс. 
      5. Соттың ереуiлдi заңсыз деп тану туралы шешiмi еңбек ұжымын оны өткiзбеуге немесе тоқтатуға, ереуiлдi басқарушы органға сот шешiмiнiң көшiрмесi тапсырылғаннан кейiн бiр тәулiктен кешiктiрмей жұмысқа қайта кiрiсуге мiндеттейдi. 
      6. Ереуiлдi басқарушы орган заңдарда белгiленген тәртiппен соттың шешiмiне шағым жасауға құқылы.

       15-бап. Ұйымның iс-қимыл қабiлетiн қамтамасыз ету
                жөнiндегi мiндеттер

      Жұмыс берушi, жергiлiктi атқарушы органдар, ереуiлге қатысушы еңбек ұжымы және ереуiлдi басқарушы орган ұйымның iс-қимыл қабiлетiн, оның мүлкiнiң сақталуын, заңдылық пен қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

       16-бап. Ереуiлдерге шек қою

      1. Ереуiлдерге:
      - олар адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қатер төндiретiн жағдайларда;
      - жұмысының тоқтап қалуы ауыр да қауiптi зардаптарға әкеп соғатын темiр жол көлiгi, азаматтық авиация, байланыс ұйымдарында, үздiксiз жұмыс iстейтiн өндiрiстерде; 
      - Республиканың қорғаныс қабiлетiн, құқық тәртiбi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындайтын ұйымдарда; 
      - заң актiлерiнде көзделген өзге жағдайларда жол берiлмейдi. 
      2. Халықтың өмiр сүруi қабiлетiн қамтамасыз ететiн ұйымдарда (қоғамдық көлiк, осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен басқасы, сумен, электр энергиясымен, жылумен жабдықтауды қамтамасыз ететiн ұйымдарда) ереуiлдi тиiстi қызметтердiң жергiлiктi атқарушы органмен алдын-ала келiсiм негiзiнде анықталатын, халықтың өмiр сүруiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi деңгейi сақталатын жағдайда ғана өткiзуге болады. 

       17-бап. Ереуiлге қатысудың салдарлары

      1. Ереуiлдерге қатысу (осы Заңның 14 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда) қызметкердiң еңбек тәртiбiн бұзуы ретiнде қаралмайды және бұған қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдануға болмайды. 
      2. Ереуiл өткiзiлген уақытта қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы), әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақы алу құқығы, еңбек стажы сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын басқа да құқықтарына кепiлдiк берiледi. 
      Ереуiл өткiзiлген уақытта оған қатысқан қызметкерлердiң жалақысы сақталмайды. 
      3. Еңбек ұжымы немесе кәсiподақ ерiктi жарналар мен қайырмалдықтар есебiнен ереуiл қорын немесе арнайы сақтық қорын жасауға құқылы. 
      4. Ереуiлге қатыспаған, бiрақ ереуiлге байланысты өз жұмысын орындауға мүмкiндiгi болмаған қызметкерлердiң орташа жалақысы қызметкердiң кiнәсiне қатысты емес бос қарап тұру ретiнде, заңдарда белгiленгеннен төмен емес мөлшерде сақталады. 

       18-бап. Жұмыс берушiнiң ұжымдық еңбек даулары туралы
                заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi

      1. Бiтiстiру комиссиясына, еңбек төрелiгiне қатысудан жалтаратын немесе бiтiстiру органдарының шешiмдерi орындалуының кешiктiрiлуiне кiнәлi жұмыс берушiге сот тәртiбiмен айыппұл салынады. 
      2. Бiтiстiру рәсiмiнiң нәтижесiнде қол жеткен келiсiм бойынша мiндеттемелердiң орындалмағаны үшiн немесе ұжымдық еңбек даулары жөнiндегi сот шешiмiнiң орындалмағаны үшiн кiнәлi жұмыс берушiге айыппұл салынады. 
      3. Кәсiподақтың, қызметкерлердiң басқа да өкiлдi органының талап етуi бойынша меншiк иесi ұжымдық еңбек дауының туындауына кiнәлi басшыларға қызметiнен босатуға дейiнгi ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. 
      4. Осы бапта көзделген айыппұл салу туралы шешiм Қазақ КСР-iнiң Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде белгiленген тәртiппен қабылданады. 

       19-бап. Заңсыз ереуiлдер үшiн жауапкершiлiк

      1. Сот заңсыз деп таныған ереуiлдi ұйымдастыру немесе оған қатысу еңбек тәртiбiн бұзушылық деп саналады және заңдарда көзделген тәртiптiк жазалау шараларының қолданылуына әкеп соғады. 
      2. Күштеу немесе күш қолданамыз деп қоқан-лоққы жасау арқылы ереуiлге қатысуға мәжбүр ететiн адамдарға заңдарға сәйкес қылмыстық жауапкершiлiк жүктеледi. 
      3. Жұмыс берушiге, басқа ұйымдарға немесе азаматтарға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ ұйымның өзi шеккен залалды өтеу сот тәртiбiмен жүргiзiледi. 
      4. Заңсыз ереуiл кәсiподақтың бастамасы бойынша өткiзiлген жағдайда зиян сот белгiлейтiн мөлшерде оның қаржысы есебiнен өтеледi. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады