Мәдениет туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы N 56 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.15. N 207 Заңымен.

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi, қазақтың ұлттық мәдениетiн, Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетiн жасау, жаңғырту, сақтау, дамыту, пайдалану және тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.

  1-тарау
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 
      мәдениет - адамзат жасайтын және адамдардың рухани қажеттiктерi мен мүдделерiн қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтардың жиынтығы; 
      мәдениет саласындағы қызмет - мәдени құндылықтарды жасау, жаңғырту, сақтау, тарату, сондай-ақ оларға азаматтарды баурау жөнiндегi қызмет; 
      мәдени құндылықтар - адамгершiлiк және эстетикалық мұраттар, мiнез-құлық нормалары мен үлгiлерi, тiл, диалектiлер мен сөйлеу ерекшелiктерi, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, тарихи топонимдер, фольклор, көркем кәсiпшiлiк пен қолөнер, мәдениет және өнер туындылары, тарихи-мәдени маңызы бар мәдени қызметтi ғылыми зерттеудiң нәтижелерi мен әдiстерi, үй-жайлар, ғимараттар, заттар мен технологиялар, тарихи-мәдени тұрғыда бiрегей аумақтар; 
      шығармашылық қызмет - бұл мәдениеттi, соның iшiнде әдебиеттi, өнердi, дизайнерлiк, сәулет, зерттеу және өзге де шығармашылық қызметтi жаңғырту мен дамытуға үлес қосатын қызметтiң барлық түрлерi болып табылады; 
      шығармашылық қызметкер - мәдени құндылықтарды жасайтын және (немесе) талғап-талдап туындататын жеке адам; 
      Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени мұрасы - мемлекеттiк маңызы бар, сол себептi Қазақстан Республикасына өзге мемлекеттерге беру құқығынсыз басыбайлы қарайтын мәдени құндылықтар жиынтығы; 
      мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясат - бұл, мәдениеттi жаңғырту, сақтау, дамыту және тарату жөнiнде мемлекеттiк органдар қолданатын шаралардың кешенi; 
      продюсер - спектакльге иелiк етушi, режиссер-қоюшы және директор-реттеушi; 
      порнография - жынысқа, жыныстық қатынастарға қатысты әлденелердi бейнелеудегi әдепсiздiк, шектен шыққан арсыздық. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 

       3-бап. Мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясат
               принциптерi

      Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясаты: 
      азаматтардың шығармашылық қызметiнiң еркiндiгi; 
      мәдени құндылықтарды жасау, пайдалану және таратудағы барлық азаматтардың құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгi; 
      тарихи және мәдени мұраларды қорғау; 
      ұлттық және дүниежүзiлiк мәдениет құндылықтарынан сусындауға, меншiк нысандарына қарамастан, барлық оқу, тәрбие ұйымдарында балаларға, оқушы жастарға эстетикалық тәрбие беруге мүмкiндiк туғызатын бiлiм мен тәрбие беру жүйесiн дамыту; 
      мәдениет саласында монополистiк ағымдарды болдырмау; 
      мәдениеттi қаржыландыруда бюджеттiк, коммерциялық және қайырымдылық негiздердi ұштастыру; 
      мәдени қызметтi ұйымдастырудың мемлекеттiк және қоғамдық негiздерiн ұштастыру; 
      кәсiби және кәсiби емес (әуесқойлық) шығармашылық қызметтi ұштастыру; 
      қазақтың ұлттық мәдениетiнiң тұтастығын сақтау мен өзара байытылу факторларының бiрi ретiнде шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени байланыстарды дамыту принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.
      Мемлекет мәдениеттi дамытудың негiзгi бағыттарын жасау кезiнде жариялылық, ашықтық болуына кепiлдiк бередi. 

       4-бап. Мәдениет саласындағы мемлекеттiк-құқықтық реттеу

      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк уәкiлеттi органдар арқылы: 
      мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi шараларды белгiлейдi; 
      қазақтың ұлттық мәдениетiнiң қайта жаңғыруын, сақталуын, дамытылуын және таралуын қамтамасыз етедi; 
      басқа да ұлттық мәдениеттердiң сақталуына, дамытылуына, таратылуына қамқорлық жасайды; 
      эстетикалық тәрбие беру үшiн жағдайлар жасайды, мәдениет саласында көркемдiк бiлiм берудi және ғылыми-педагогикалық қызметтi қамтамасыз етедi; 
      мәдениеттiң инфрақұрылымын дамытуды және материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтамасыз етедi; 
      мәдени құндылықтарға еркiн жол ашылуын қамтамасыз етедi; 
      азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейтiн шығармашылық қызметiне кез келген түрде араласуға жол бермейдi; 
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес монополистiк қызметтi реттеп және шектеп отырады; 
      шығармашы қызметкерлердiң заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғайды; 
      мәдениет саласындағы қызметтi конституциялық құрылыстың күштеп өзгертiлуiн, Қазақстан Республикасының тұтастығының бұзылуын, мемлекет қауiпсiздiгiнiң әлсiретiлуiн, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiктi, зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттау мен үгiттеуге тыйым салу арқылы шектейдi; 
      мәдени қазыналардың заңсыз әкетiлуiне және оларға меншiк құқығының берiлуiне кедергi жасайды, олардың кез келген заңсыз иелiктен қайтарылуы үшiн шаралар қолданады; 
      мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшiн жағдай жасайды. 

  2-тарау
АЗАМАТТАРДЫҢ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       5-бап. Азаматтардың шығармашылық қызметпен айналысу
               құқығы

      Азаматтардың өз қабiлетiн жұмсау саласын, оны iске асыру және кәсiптiк бiлiм алу түрлерiн дербес таңдау жолымен еркiн шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар. 
      Адамның шығармашылық қызметпен айналысу құқығы кәсiби негiзде де, кәсiби емес (әуесқойлық) негiзде де жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      Кәсiби және кәсiби емес шығармашы қызметкерлер авторлық құқық пен сабақтас құқықтар, санаткерлiк меншiк, шеберлiк құпиясын сақтау, өз еңбегiнiң нәтижелерiне еркiн билiк ету, мемлекеттен қолдау табу құқығы саласында тең қақылы. 
      Мемлекет шығармашылық үрдiсiне заңсыз араласудан азаматтарды қорғайды.
      Мәдениет саласында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырылады.

       6-бап. Кәсiби шығармашылық қызмет

      Азаматтардың кәсiби шығармашылық қызметi ұжымдық түрде де, үшiншi адамдарды тарта отырып та дербес немесе жеке-дара негiзде жүзеге асырылады.

       7-бап. Шығармашылық қызмет нәтижелерiн еркiн iске асыру

      Азаматтардың шығармашылық қызмет нәтижелерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еркiн iске асыруға құқығы бар.

       8-бап. Мәдени қазыналардан сусындау құқығы

      Азаматтардың мәдени қазыналардан сусындау құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл құқықты шектеу тек мәдени қазыналардың ерекшелiгiмен және олардың сақталуын қамтамасыз етудiң ерекше жағдайларымен ғана белгiленуi мүмкiн. 

       9-бап. Азаматтардың мәдениет саласындағы мiндеттерi

      Азаматтар: 
      Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы заңдарының талаптарын орындауға; 
      тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға; 
      қазақ халқының, Қазақстандағы басқа да халықтардың тiлiн, мәдениетiн, әдет-ғұрпын, дәстүрiн құрметтеуге мiндеттi. 

  3-тарау
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ КӘСIБИ ШЫҒАРМАШЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСI

       10-бап. Кәсiби шығармашы қызметкер

      Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдiк не азаматтығы жоқ адам мына факторлардың бiрi болған жағдайда: 
      өз туындыларын басып шығару, оқу, кино-, теле- немесе бейне туынды жасау, көрмелер ұйымдастыру және сол сияқты шығармашылық қызметiне сәйкес келетiн әдiстермен жұртшылық назарына ұсынғанда; 
      шығармашылық еңбегi үшiн шығармашылық нәтижелерiн сатудан түскен түсiм, қаламақы, жалақы, шығармашылық қызметтен түсетiн комиссиялық және басқа да табыстар түрiнде сыйақы алғанда; 
      салық салынған кезде осы қызмет есепке алынғанда; 
      оқу орнынан не оқытуға лицензиясы бар маманнан кәсiби шығармашылық бiлiм алғанда; 
      мемлекеттiк наградалармен марапатталғанда, мәдениет саласындағы қызметi үшiн атақтар, айырым белгiлерi, жүлделер мен сыйлықтар берiлгенде;
      қызметкердiң шығармашылық қызметiнiң сипатына сәйкес келетiн кәсiби шығармашылық ұйымға мүше болғанда;
      мәдениеттi кәсiби насихаттағанда, лицензиясы мен тиiстi бiлiктiлiгi бар оқу орындарында, мәдениет үйлерi мен сарайларында бiлiм мен тәрбие бергенде кәсiби шығармашы қызметкер деп танылады.

       11-бап. Кәсiби шығармашы қызметкердiң құқықтары

      Кәсiби шығармашы қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтарды, соның iшiнде:
      шығармашылық бостандығын қорғау құқығын;
      кәсiби құпияларды қорғау құқығын;
      өз қызметiне продюсерлер ретiнде үшiншi адамдарды тарту құқығын;
      мәдениет саласында саясатты қалыптастыруға қатысу құқығын;
      шығармашы қызметкерге оның құқықтары мен бостандықтарын бұзу арқылы келтiрiлген залалды өтеттiру құқығын;
      шығармашылық және кәсiби мүдделер бойынша қоғамдық бiрлестiктер, қауымдастықтар мен одақтар құру құқығын пайдаланады.

       12-бап. Кәсiби шығармашылық ұжым

      Мәдениет саласында бiрлескен күш-жiгердi керек ететiн шығармашылық қызметтi жүзеге асыру үшiн ерiктiлiк негiзiнде кәсiби шығармашы қызметкерлерден ұжым құрылып, ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды тұлға құқығына ие бола алады. 
      Шығармашылық қызметпен айналысу құқығын iске асыруға байланысты құқықтық қатынастарда шығармашылық ұжым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бiртұтас субъект ретiнде әрекет етуге құқылы. 

       13-бап. Кәсiби шығармашы қызметкерлердi әлеуметтiк
                қорғау

      Зиянды өндiрiспен, өте қатерлi iспен, кәсiптiк ауруға шалдығу қаупімен және өзге де факторлармен байланысты қызмет iстейтiн кәсiби шығармашы қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау мен сақтандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 

  4-тарау
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

       14-бап. Мәдениет саласындағы қызметтi ұйымдастыру

      Филармониялар, оркестрлер, театрлар, студиялар, мектептер, шеберханалар, орындаушы ұжымдар, мұражайлар, кинотеатрлар, бейнесалондар, кiтапханалар, көркемөнер салондары мен галереяларын, мәдени-ағарту ұйымдарын, зерттеу және қалпына келтiру орталықтарын, мәдени-тарихи орталықтарын, мәдени-тарихи қорықтар, аймақтар және басқа да мәдениет ұйымдарын құрып, олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жолымен мәдени қазыналарды жасау, насихаттау, тарату, пайдалануға беру және қорғау мәдениет саласындағы қызмет деп танылады. 
      Мәдениет саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

       15-бап. Мәдениет саласындағы субъектiлер

      Мәдениет саласындағы қызметтi Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, меншiк нысанына қарамастан қоғамдық бiрлестiктер, шығармашылық ұжымдар және басқа да ұйымдар жүзеге асыра алады.

       16-бап. Мәдениет ұйымдарын құру, тiркеу және олардың
                жұмыс iстеуi

      Мәдениет ұйымын құру, тiркеу, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      Мәдениет ұйымы өз қызметiн жүзеге асыруға мемлекеттiк тiркеуден кейiн кiрiседi. 
      Құрылтайшылар мен мәдениет ұйымдары арасындағы қатынастар жарғымен және өзге де құрылтай құжаттарымен белгiленедi. 
      Мәдениет ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтiң кез келген түрiмен айналысуға құқылы. 
      Мәдениет ұйымдарының қызметкерлерiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi. 
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана мәдениет ұйымын тiркеуден бас тартылуы мүмкiн. 

       17-бап. Кәсiби емес шығармашылық (әуесқойлық)
                бiрлестiктер

      Кәсiби емес шығармашылық (әуесқойлық) бiрлестiктер мен ұжымдар азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, мәдениет ұйымдарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылып, заңды тұлға ретiнде тiркеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс iстейдi. 

       18-бап. Театрлар

      Театрларда шығармашылық қызметтiң нақты еркiндiгiн қамтамасыз ететiн құқықтардың бәрi болады, олар көркемдiк бағыттар, репертуар таңдауда және спектакльдi көпшiлiк алдында орындау туралы шешiм қабылдауда, сахналық туындыларды жасау мен таратуда тәуелсiз болады, сондай-ақ тиiмдi шығармашылық және өндiрiстiк даму үшiн қажеттi, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн iс-қимылдарды жүзеге асырады. 

       19-бап. Концерттiк ұйымдар

      Концерттiк ұйымдар бiртұтас жүйе құрайды, оның үйлестiрушi орталығы Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы болып табылады. 
      Концерттiк ұйымдар өнер мен мәдениет туындыларын, сондай-ақ орындаушы ұжымдар мен жеке орындаушылардың шығармашылығын кең таратуға тиiс. Концерттiк ұйымдар шығармашылық бағдарламалар жүргiзу мен репертуар таңдауда дербес болады. 

       20-бап. Шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың
                гастрольдiк қызметi

      Шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың Қазақстан Республикасы аумағында шарттар негiзiнде тiкелей байланыстар арқылы гастрольдер өткiзуге құқығы бар. 
      Шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушылар шетелдiк гастрольдердi авторлар мен сабақтас құқық иелерi құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететiн шарттар негiзiнде өткiзедi. Шығармашылық ұжым немесе орындаушы шарттар ережелерiнiң орындалуы үшiн толық жауапты болады. 

       21-бап. Мәдени-ойын-сауық ұйымдары

      Мәдени-ойын-сауық ұйымдары - күнделiктi регламенттелмеген қарым-қатынас (клубтар, мәдениет және демалыс парктерi, мәдениет үйлерi мен сарайлары және басқалар), жеке адамды, өнерпаздық халық шығармашылығын дамыту орталықтары. 

       22-бап. Шығармашылық тапсырыстар

      Мәдениет және өнер органдары, ұйымдары, шығармашы қызметкерлер өнер туындыларын, концерттiк бағдарламалар жасауға, мәдениет саласында қызмет көрсетуге ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден, коммерциялық құрылымдардан, жекелеген азаматтардан әлеуметтi тапсырыстар алады. Әрбiр тараптың өзара қатынастары олардың арасында жасалатын шарттармен реттеледi. Шарттарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушылар жасаса алады. 

       23-бап. Кiтапхана iсi

      Кiтапхана iсi мәдениет саласы ретiнде ақпараттық, бiлiм беру және мәдени-ағарту қызметiнiң негiзi болып табылады. 
      Кiтапханаларды орталық, жергiлiктi атқарушы органдар, заңды және жеке тұлғалар құруы мүмкiн. 
      Кiтапханалардың баспа өнiмiн сатып алуға және таратылатын кiтапханалардың қорларын бiрiншi кезекте сатып алуға басым құқығы бар. Республикалық, облыстық кiтапханалар баспа өнiмiнiң мiндеттi даналарымен баспагерлер есебiнен қамтамасыз етiледi. 
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен кiтапханалардың басқа да құрылтайшылары кiтапханалар қорларының жинақталуын және сақталу жағдайларын қамтамасыз етедi. 
      Кiтапхана қорын жоғалтқан немесе қасақана бүлдiрген, және оны құны тең затпен алмастыра алмаған кезде пайдаланушы оның он еселенген мөлшердегi нарықтық құнын төлейдi. 

       24-бап. Мұражайлар

      Қазақстан Республикасында бағыт-бағдары мен меншiк нысандары әртүрлi мұражайлар жұмыс iстейдi. Мұражайлар материалдық және рухани мәдениет ескерткiштерiн зерделеудi, есепке алуды, сақтауды және жұртқа танытуды қамтамасыз етуге тиiс. 
      Мұражай мұрағаттарын мемлекеттiк мұражайлардан жеке меншiкке беруге тыйым салынады. Мемлекеттiк мұражайлар тарихи, ғылыми және мәдени құндылық болып табылатын заттар мен объектiлердi сатып алуда басым құқықты пайдаланады. Барлық мұражайлар жұртшылықтың келуi, ғылыми жұмыс үшiн, соның iшiнде мұражай басшылығы (құрылтайшысы) белгiлеген, тиiстi мәдениет органымен келiсiлген тәртiппен тегiн негiзде кiруi үшiн ашық болады. 

       25-бап. Мәдениет ұйымдарына "Ұлттық" мәртебесiн беру

      Қызметiнiң ерекше мемлекеттiк және қоғамдық мәнi бар мәдениет ұйымдарына, жекелеген ұжымдарға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi "Ұлттық" мәртебесiн бередi. 
      "Ұлттық" мәртебесiн беру мен оның күшiн жою тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн тиiстi ережемен белгiленедi. 

  5-тарау
МӘДЕНИЕТ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ ИГIЛIК

       26-бап. Мәдени құндылықтар

      Меншiк нысанына қарамастан, көркемдiк, тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар объектiлер мәдени құндылықтар болып табылады. 
      Мәдени құндылықтарға өзгелердiң iшiнде мыналар жатады: 
      археологиялық материалдар; 
      сирек кездесетiн коллекциялар мен көне заттар, оның iшiнде полотноларды, картиналарды, суреттердi, гравюраларды, литографияларды, эстамптарды, мүсiндiк туындыларды қоса өнер туындылары, сәндiк-қолданбалы өнер мен халық кәсiпшiлiгiнiң туындылары; 
      дизайнерлiк жасалымдар мен сәулеттiк жобалар; 
      сирек кездесетiн қолжазбалар, қолтаңбалар, құжаттар, хаттар жинақтары, кiтаптар, басылып шыққан басылымдар және олардың коллекциялары; 
      мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрiне не iрi тарихи оқиғалар мен аса көрнектi адамдарға байланысты сәулет ескерткiштерi, мемориалдық қорымдар, сондай-ақ парк және табиғи-ландшафттық объектiлер; 
      жеке немесе коллекциядағы почта маркалары, өзге де филателистiк материалдар; 
      теңгелер, медальдар, мөрлер және басқа да коллекциялық материалдар; 
      бiрегей музыкалық аспаптар; 
      архивтер, архив қорлары және дыбыстық, фото, бейне және киноархивтердi қоса коллекциялар, сондай-ақ ғылыми-техникалық құжаттамалар; 
      этнологиялық және антропологиялық материалдар; 
      өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң, минералогияның, анатомияның сирек кездесетiн коллекциялары мен үлгiлерi және палеонтология үшiн ынта-ықылас туғызатын заттар; 
      Қазақстан Республикасы халықтарының өмiрiндегi тарихи оқиғаларға, қоғам мен мемлекеттiң дамуына, ғылым мен техника тарихына, сондай-ақ аса көрнектi ғылым, мемлекет, мәдениет және өнер қайраткерлерiнiң өмiрiне байланысты объектiлер. 

       27-бап. Мәдени құндылықтарды әкелу және әкету

      Мәдени құндылықтарды әкелу мен әкетудi заңды және жеке тұлғалар мемлекеттiң бақылауымен, мәдени қазыналардың шыққан жерiн, кiмнiң бергенін, құны мен сипаттамасын көрсете отырып, жүзеге асырады. 
      Мәдени құндылықтарды әкелу мен әкетуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк уәкiлеттi органы бередi. 
      Мәдени құндылықтарды әкелу мен әкету режимi сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы аумағында жасаған немесе тапқан объектiлерiне де қолданылады. 
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге арнайы рұқсатсыз әкетiлген мәдени құндылықтар уақытына, мән-жайларына және әкетiлген орнына қарамастан мiндеттi түрде қайтарылуға тиiс. 

       28-бап. Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң Мемлекеттiк
                тiзiлiмi

      Мәдени мұраны сақтау мақсатымен осы Заңның 26-бабында көрсетiлген ерекше құнды объектiлер Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлiп, оларға ұлттық-мәдени игiлiк мәртебесi берiледi. 
      Мемлекеттiк тiзiлiмдi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк уәкiлеттi органы жүргiзедi, оған атқарушы және өкiлдi органдар Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлуге жататын объектiлер туралы мәлiметтер берiп отыруға мiндеттi. Жаңа объектiлердiң табылуына қарай жаңа ақпарат берiледi. 
      Мемлекеттiк уәкiлеттi орган ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң сақталуын, меншiк нысандарына қарамастан оларды азаматтардың еркiн пайдалану құқығының жүзеге асырылуын, меншiк иесi туралы деректердi (оның талап етуi бойынша) жария етпеуге кепiлдiк бере отырып (жергiлiктi атқарушы органдармен, меншiк иелерiмен немесе пайдаланушылармен бiрге) бақылайды және қамтамасыз етедi. 
      Азаматтар мен ұйымдардың объектiлердi Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзу туралы өтiнiштерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк уәкiлеттi органының қарауы үшiн мiндеттi болып табылады. Аталған өтiнiштердi беру ондай объектiлерге мәселе түбегейлi шешiлгенге дейiн, бiрақ екi айдан аспайтын уақытқа ерекше пайдалану режимiн уақытша беру үшiн негiз болып табылады. 

       29-бап. Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң ерекше
                режимi

      Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген объектiлер азаматтық айналымнан алынады және оларды арнайы рұқсатсыз жоюға, басқа жерге ауыстыруға, өзгертуге, көшiрмелеуге немесе жаңғыртуға болмайды, сондай-ақ кешендi күйiнде ерекше көркемдiк немесе тарихи ынта туғызатын заттардың коллекциясын немесе жинағын бөлшектеуге де болмайды. 
      Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiн олардың тарихи, көркемдiк және дiни мақсатымен сыйыспайтын қандай түрде болса да пайдалануға жол берiлмейдi. Дiни-табыну ұйымдарына тиесiлi және мәдени құндылықтар болып табылатын заттар олардың табыну мақсатын ескере отырып пайдаланылуы мүмкiн. 
      Ұлттық-мәдени игiлiктiң ерекше режимi туындыға оның авторының (авторлары) тiрi кезiнде және ол (олар) қайтыс болғаннан кейiн елу жыл бойы қолданылмайды. 
      Сәулет ескерткiштерiн пайдалануда мәдениет мекемелерiне басым құқық берiледi. 
      Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiн тиiсiнше күтiп ұстау мен сақтау мiндеттерi олардың иелерiне немесе пайдаланушыларына жүктеледi. Аталған мiндеттi орындамау берiлген құқықты сот тәртiбiмен өтемдi негiзде алып қоюға әкеп соқтырады. Меншiк иелерiнде немесе пайдаланушыларда ұлттық-мәдени игiлiк объектiсiн күтiп ұстауға материалдық немесе өзге де мүмкiндiктер болмаған жағдайда шығынды мемлекеттiң өзi көтередi. 
      Ұлттық-мәдени игiлiк иелерiнiң құқықтарын жүзеге асыру бақылаумен және заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасының ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерi сатылатын жағдайда оларды сатып алуға мемлекетке басым құқық берiледi. 

       30-бап. Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiн елден тыс
                жерлерде пайдалану

      Уақытша экспозициялар, гастрольдiк қызмет, жаңғырту жұмыстары, таныстыру, халықаралық мәдени шаралар өткiзу жағдайларын қоспағанда, ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiн республикадан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады. 
      Ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерiнiң елден тыс жерлерде болу мерзiмi жылына алты айдан аспауға тиiс. 

  6-тарау
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

       31-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы мәдениет саласында халықаралық ынтымақтастықты, оның iшiнде кәсiби және кәсiби емес шығармашылық ұжымдар, мамандар мен студенттер, мәдени қазыналар мен мәдениет саласындағы қызмет нәтижелерiн, сондай-ақ мәдениеттiң түрлi салаларындағы ұйымдастырушылық қызмет тәжiрибесiн алмасуды дамытуға жәрдемдеседi. 
      Алмасу тәртiбi халықаралық келiсiмдермен және қолданылып жүрген заңдармен реттеледi. 

       32-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ұйымдарға
                қатысу

      Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес үкiметтiк емес мәдени бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) құрылуы мүмкiн. 
      Мәдениет ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және өзiнiң құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен аталған бiрлестiктерге кiруге, сондай-ақ нысаналы қайырымдылық түсiмдерiне билiк етуге құқылы. 

  7-тарау
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТI ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

       33-бап. Қаржыландыру көздерi

      Қазақстан Республикасында мәдениеттi сақтау мен дамытуға мемлекеттiк кепiлдiктердiң негiзi мемлекеттiк қаржыландыру болып табылады. 
      Мәдениет саласын қаржыландыру бюджет және бюджеттiк емес қаражат, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының өз қызметi нәтижесiнде алынған қаражат, басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады. 

       34-бап. Мәдениеттi дамытуға қосымша тартылатын қаражат

      Мәдениеттi қаржыландыру үшiн заңды және жеке тұлғалардан алынған қайырымдылық қаражаты, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де қаражат қосымша тартылады.
      Мәдениеттi дамыту үшiн қаражат тарту мақсатында мәдениеттi дамыту қорларының құрылуы мүмкiн, олар өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      Мәдениеттi дамыту қорлары қаражатын (соның iшiнде валюта қаражатын) құрау мен жұмсау тәртiбiн Үкiмет белгiлейдi.

       35-бап. Мәдениет саласына қаражат жұмсау

      Мәдениет саласын қаржыландыруға бөлiнетiн қаражат тек нысаналы мақсатқа:
      мәдениет ұйымдарының негiзгi қызметiн қаржыландыруға;
      мәдениет саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды қаржыландыруға;
      мәдени құндылықтар сатып алуға;
      мәдениет саласында халықаралық және ұлттық шаралар өткiзуге пайдаланылады.

  8-тарау
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ҚҰҚЫҚТАРДЫҢ ҚОРҒАЛУЫ

       36-бап. Мәдени құндылықтарға жеңiлдiкпен қол жеткiзу

      Ұлттық-мәдени игiлiкпен байланысты қызмет атқаратын мәдениет ұйымдары апта сайын мектеп жасына дейiнгi балалар, оқушылар, зейнеткерлер мен мүгедектер үшiн тегiн кiретiн күндер белгiлеуге мiндеттi. 

       37-бап. Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени
                өзiндiк ерекшелiкке құқығын қорғау

      Қазақстан Республикасы халықтары өкiлдерiнiң ұлттық, дiни және мәдени өзiндiк ерекшелiгiн қорғауға, соның iшiнде ұлттық-мәдени қозғалыстарға қатысу бостандығына, мәдениет ұйымдарын құруға, балаларды, жасөспiрiмдердi өз халқының дәстүрлерiнде тәрбиелеуге, шетелдердегi отандастарымен мәдени байланыстарды кеңейту iсiне қатысуға құқығы Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады. 
      Ұлттық мәдениет ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылып, жұмыс iстейдi.

       38-бап. Мәдениет саласындағы жекешелендiру

      Мемлекеттiк Тiзiлiмге енгiзiлген ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерi жекешелендiруге жатпайды.
      Мәдениет саласындағы басқа объектiлердi жекешелендiруге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
      мәдени қызмет негiзгi басымдық ретiнде сақталған;
      бейiмдiк қызметтер қамтамасыз етiлген;
      халықтың жеңiлдiк берiлген санаттарына қызмет көрсету ұйымдастырылған;
      қалыптасқан жұмыс орнының саны мен қызметкерлерге әлеуметтiк кепiлдiктер сақталған жағдайда жол берiледi.

       39-бап. Мәдениет саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн
                жауапкершiлiк

      Мәдениет саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген тәртiппен жауап бередi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады