1996 жылғы 9 шiлдеде Киевте қол қойылған ҚазақстанРеспубликасының Үкiметi мен Украина Үкiметi арасындағы табысқақосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жолбермеу туралы конвенция бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Үкiметi
арасындағы табысқа қосарланған салық салуды болдырмау
және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы
Конвенция
(1997 жылғы 7 сәуірде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Үкiметi табысқа қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция жасасуға ниет бiлдiре отырып және өзара экономикалық қарым-қатынастарды дамытып, нығайтуға өздерiнiң ұмтылысын қуаттап,
мынаған келiстi:
1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар
Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резидентi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар
1. Осы Конвенция салықтарды алу әдiстерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органдары алатын табыс салықтарына қолданылады.
2. Жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға салынатын салықтарды және кәсiпорындар төлейтiн жалақы мен еңбек ақының жалпы мөлшерiнен алынатын салықтарды қоса табыстың жалпы сомасынан яки табыстың жеке элементтерiнен алынатын барлық салықтар табыс салықтары болып есептеледi.
3. Осы Конвенция қолданылатын, қазiр алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
а) Қазақстан Республикасында:
(i) заңды және жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы;
(бұдан әрi "Қазақстан салығы" деп аталады);
б) Украинада:
(i) кәсiпорындардың пайдасына салынатын салық;
(ii) азаматтардан алынатын табыс салығы;
(бұдан әрi "Украина салығы" деп аталады).
4. Осы Конвенция сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi осы Конвенцияға қол қойылған күннен бастап осы Уағдаласушы Мемлекетте қолданылып жүрген салықтарға немесе солардың орнына қосымша алатын бiрдей немесе iс жүзiнде ұқсас кез келген салықтарға да қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары өздерiнiң салық заңдарына енгiзiлетiн кез-келген елеулi өзгерiстер жайында бiр-бiрiн хабардар етiп отырады.
3-бап
Жалпы айқындамалар
1. Егер контекстен басқадай мағына тумайтын болса, осы Конвенция пайымдауда:
а) "Қазақстан" терминi Қазақстан Республикасын бiлдiредi. Географиялық мағынасында қолданғанда "Қазақстан" терминi халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан белгiлi бiр мақсаттар үшiн егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын және Қазақстан салықтарын реттейтiн заңдар қолданылатын аумақтық суларды, сондай-ақ айрықша экономикалық аймақ пен континенталдық шельфтi бiлдiредi;
б) "Украина" терминi географиялық мағынасында қолданғанда халықаралық құқыққа сәйкес теңiз түбiне, жер қойнаулары мен олардың табиғи ресурстарына қатысты Украинаның құқықтары қолданыла алатын шектi аумақ ретiнде айқындалған немесе бұдан әрi айқындалуы мүмкiн Украинаның аумағын, оның континенталдық шельфi мен айрықша (теңiз) экономикалық аймағын, сондай-ақ Украинаның аумақтық суларынан тыс жерлердегi қандай да болсын басқа аумақты бiлдiредi;
в) "ұлттық тұлға" терминi:
(i) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығын алған кез-келген жеке тұлғаны;
(ii) өзiнiң осындай мәртебесiн Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдары бойынша алған кез-келген заңды тұлғаны серiктестiк пен кез-келген ассоциацияны бiлдiредi;
г) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi контекске байланысты Қазақстанды немесе Украинаны бiлдiредi;
д) "тұлға" терминi жеке тұлғаны, компанияны және адамдардың кез-келген басқа да бiрлестiгiн бiлдiредi;
е) "компания" терминi салық салу мақсатында корпоративтiк бiрлестiк ретiнде қарастырылатын кез-келген корпоративтiк бiрлестiктi, атап айтқанда, акционерлiк қоғамды, жауапкершiлiгi шектеулi қоғамды немесе кез-келген басқа да шаруашылық серiктестiгiн яки кез-келген ұйымды бiлдiредi;
ж) "Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" және "басқа Уағдаласушы Мемлекеттiк кәсiпорны" терминдерi тиiсiнше бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорында және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiк резидентi басқаратын кәсiпорынды бiлдiредi;
з) "халықаралық тасымал" терминi теңiз, өзен, әуе кемесi немесе жолмен жүретiн көлiк құралы тек қана басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң пункттерi арасында пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны пайдаланатын теңiз, өзен, әуе кемесiмен немесе жолмен жүретiн көлiк құралымен жасалатын кез-келген тасымалды бiлдiредi;
и) "құзыреттi орган" терминi:
(i) Қазақстанға қатысты қолданғанда - Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн;
(II) Украинаға қатысты қолданғанда - Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн бiлдiредi.
2. Уағдаласушы Мемлекет осы Конвенция кез-келген уақытта қолданғанда Конвенцияда айқындалмаған қандай да болсын термин, егер контекстен басқадай мағына тумаса, Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты осы Мемлекеттiң заңдары бойынша оған қандай мағына берiлсе, сондай мағынаға ие болады.
4-бап
Резидент
1. Осы Конвенцияны қолданғанда "бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi осы Мемлекеттiң заңдары бойынша тұрғылықты жерi, тұрақты болатын орны, басқару органының орналасқан жерi, құрылу орны немесе осындай басқа да белгiсi негiзiнде салық салынуға тиiс тұлғаны бiлдiредi.
Термин сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттiң үкiметiн, оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесiн немесе жергiлiктi өкiмет органын және осы үкiмет, саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi немесе өкiмет орган құрған яки басқаратын кез-келген мекеменi қамтиды. Ол сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған және әдетте осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылған кез-келген ұйымды қамтиды.
Солай бола тұрса да бұл термин тек осы Мемлекеттегi көздерден алынатын табысқа байланысты ғана осы Мемлекетте салық салынуға тиiс тұлғаны қамтымайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болған жағдайда оның мәртебесi мынадай ережелерге сәйкес айқындалады:
а) ол тұрақты баспанасы орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi. Егер оны Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты баспанасы болса, ол барынша тығыз жеке және экономикалық байланыстары (өмiрлiк мүдделер орталығы) бар Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
б) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы бар Уағдаласушы Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнде де тұрақты баспанасы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
в) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiреуiнде де тұрмаса, ол өзi азаматы болып отырған Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
г) егер ол Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де азаматы болса немесе бiреуiнiң де азаматы болмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары мұндай тұлғаға салық салу туралы мәселенi өзара келiсе отырып шешедi.
3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлға болып табылмайтын адам Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болса, ол өзiнiң нақты басшы органы орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi. Егер нақты басшы орган орналасқан орынды анықтау мүмкiн болмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары мәселенi өзара келiсе отырып шешуге барлық күш-жiгерлерiн жұмсайтын болады. Келiсiмге қол жеткiзу мүмкiн болмаған жағдайда мұндай тұлға осы Конвенцияның артықшылықтарын алу мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнiң де резидентi болып саналмайды.
5-бап
Тұрақты өкiлдiк (мекеме)
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн "тұрақты өкiлдiк (мекеме)" терминi кәсiпорынның кәсiпкерлiк қызметпен толық немесе iшiнара айналысатын тұрақты қызмет орнын бiлдiредi.
2. "Тұрақты өкiлдiк" терминi, атап айтқанда, мыналарды қамтиды:
а) басқару орны;
б) бөлiмше;
в) кеңсе;
г) фабрика;
д) шеберхана;
е) шахта, мұнай немесе газ скважинасы, кенiш немесе табиғи ресурстар өндiрiлетiн басқа да кез-келген орын;
ж) қойма немесе тауарларды одан әрi өткiзу мақсатында жеткеру үшiн пайдаланылатын басқа да ғимарат.
3. "Тұрақты өкiлдiк" терминi, сондай-ақ мыналарды қамтиды:
а) құрылыс алаңы немесе құрылыс, монтаждау яки құрастыру объектiсi немесе осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер, егер мұндай алаң немесе объект 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс iстеп тұрған болса ғана немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлген болса ғана;
б) табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғы яки құрылыс немесе осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер немесе табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы немесе кеме, егер осылай пайдалану 6 айдан астам уақытқа созылса ғана немесе мұндай қызметтер 6 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе ғана;
в) қызмет көрсету, соның iшiнде резидент осындай мақсаттар үшiн жалдаған қызметшiлер немесе басқа да қызметкерлер арқылы резиденттер көрсететiн консультациялық қызметтер, егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе соған байланысты жоба үшiн) ел шеңберiнде 6 айдан астам уақыт бойы созылса ғана.
4. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан "тұрақты өкiлдiк" терминi мыналарды қамтымайды:
а) ғимараттарды кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана пайдалану;
б) осы кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана ұстау;
в) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын өзге кәсiпорынның ұқсату мақсаттар үшiн ғана ұстау;
г) тұрақты қызмет орнын тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн ғана немесе кәсiпорынға арналған ақпарат жинау үшiн ғана ұстау;
д) тұрақты қызмет орнын кәсiпорын үшiн дайындық немесе көмекшi сипаттағы кез келген басқа қызметпен айналысу мақсаттары үшiн ғана ұстау;
е) тұрақты қызмет орнының а) тармақшасынан е) тармақшасына дейiн санамалап көрсетiлген амал нәтижесiнде туындаған жиынтық қызметi дайындық немесе көмекшi сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын қызмет түрлерiнiң кез келген осындай амалын жүзеге асыру үшiн ғана ұстау.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер осы баптың 6-тармағында айтылған тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға кәсiпорын атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпорын атынан келiсiм шарттар жасауға өкiлеттiгi болса және оны әдетте пайдаланып жүрсе немесе кәсiпорынға тиесiлi тауарлар мен бұйымдар қорын сақтап отырса, олардан кәсiпорын атынан одан әрi өткiзу мақсатында осы тауарлар мен бұйымдар ұдайы жiберiлiп тұрса, онда бұл кәсiпорын осы тұлға кәсiпорын үшiн қолға алған кез-келген қызметке қатысты осы мемлекетте тұрақты өкiлдiгi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылады, осындай тұлғаның қызметi 4-тармақта көрсетiлген, тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырылған күннiң өзiнде осы тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелерiне сәйкес тұрақты өкiлдiкке айналдырмайтын қызметпен шектелетiн жағдай бұған қосылмайды.
6. Кәсiпорын кәсiпкерлiк қызметiн Уағдаласушы Мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез-келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшiн ғана, осындай тұлғалар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет еткен жағдайда, сол Мемлекетте тұрақты өкiлдiгi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды.
7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы яки осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен айналысуы (не тұрақты өкiлдiк арқылы немесе басқалай жолмен) фактiсiнiң өзi-ақ осы компаниялардың бiрiн екiншiсiнiң тұрақты өкiлдiгiне айналдырмайды.
6-бап
Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс
1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алған табысқа (соның iшiнде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табысқа) осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi осы мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Бұл термин кез-келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықтарды, жер меншiгiне қатысты жалпы құқық ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiк узуфруктын және минералдық қорларды, кен көздерiн мен басқа да табиғи ресурстарды игеру үшiн немесе игеру құқығы үшiн берiлетiн өтемақы ретiндегi өзгермелi немесе келiсiлген төлемдерге арналған құқықтарды қамтуы тиiс. Теңiз, өзен, әуе кемелерi немесе жолмен жүретiн көлiк құралдары жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi сондай-ақ жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез-келген басқа жолмен пайдаланудан алынған табыстарға да қолданылады.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелерi сондай-ақ кәсiпорындардың жылжымайтын мүлкiнен алынатын табыстарға және тәуелсiз жеке қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстарға да қолданылады.
7-бап
Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда
1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналыспаса немесе айналыспаған болса, осындай кәсiпорынның пайдасына тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсiпорын жоғарыда көрсетiлгендей кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе айналысқан болса, кәсiпорынның пайдасына басқа Мемлекетте, бiрақ мыналарға:
а) осындай тұрақты өкiлдiкке;
б) осы кәсiпорынның тұрақты өкiлдiк арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға сәйкес келетiн немесе ұқсас тауарларды не бұйымдарды осы басқа Мемлекетте сатуына; немесе
в) нақ осы кәсiпорын осы басқа Мемлекетте айналысатын, өзiнiң сипаты жағынан осындай тұрақты өкiлдiк арқылы жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметке сәйкес келетiн немесе ұқсас кәсiпкерлiк қызметке қатысты бөлiгiне ғана салық салынады.
2. Осы баптың 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе айналысқан болса, онда осы тұрақты өкiлдiк нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе осыған ұқсас қызметпен айналысатын дербес және бөлек кәсiпорын болып, өзi тұрақты өкiлдiгi болып табылатын кәсiпорыннан мүлдем дербес әрекет жасағанда алуы мүмкiн пайда әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте осындай тұрақты өкiлдiкке жатқызылады.
3. Тұрақты өкiлдiктiң пайдасын айқындау кезiнде тұтас алғанда тұрақты өкiлдiк орналасқан Мемлекетте де, кез-келген басқа жерде де жұмсалған басқару және жалпы әкiмшiлiк шығындарын ұтымды бөлудi қоса тұрақты өкiлдiктiң мақсаттары үшiн жұмсалған шығындарды шегерiп тастауға болады. Кез-келген жағдайда мұндай шығындар патенттердi немесе басқа да құқықтарды пайдаланғаны үшiн роялти, сыйақы немесе басқа да осындай төлемдер ретiнде немесе көрсеткен айрықша қызметтерi яки басқарғаны үшiн комиссиялық ақы ретiнде немесе, банктердi қоспағанда, кәсiпорынның тұрақты өкiлдiкке берген займы үшiн проценттер түрiнде кәсiпорынға тұрақты өкiлдiк төлейтiн (шын мәнiнде жұмсалған шығындарды өтеуден басқа) кез-келген соманы қамтымауға тиiс.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты өкiлдiкке қатысты пайданы кәсiпорынның жалпы жиынтық пайдасын оның әртүрлi бөлiмшелерi бойынша тепе-тең бөлу негiзiнде айқындау әдеттегi iс болса, осы баптың 2-тармағында еш нәрсе де Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы осындай әдетте қолданылып жүрген бөлу арқылы айқындауға тыйым салмайды, таңдап алынған бөлу әдiсi осы баптағы қағидаттарға сай келетiн нәтиже беруi тиiс.
5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң құзыреттi органының қолындағы ақпарат немесе ол осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес жеңiл ала алатын ақпарат тұрақты өкiлдiктiң пайдасын немесе шығындарын айқындау үшiн жеткiлiксiз болса, пайда осы Уағдаласушы Мемлекеттiң салық заңдарына сәйкес есептелуi мүмкiн.
6. Тұрақты мекеменiң кәсiпорын үшiн тауарларды немесе бұйымдарды жай ғана сатып алуы негiзiнде осы тұрақты мекемеге ешқандай пайда есептелмейдi.
7. Егер тек өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себеп болмаса ғана осының алдындағы тармақтардың мақсаттары үшiн тұрақты өкiлдiкке қатысты пайда жылма-жыл бiркелкi тәсiлмен айқындалады.
8. Егер пайда осы Конвенцияның басқа баптарында жеке қарастырылатын табыс түрлерiн қамтитын болса, ол баптардың ережелерi осы баптың ережелерiн қозғамайды.
8-бап
Халықаралық көлiк
1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi теңiз, өзен, әуе кемелерiн немесе жолмен жүретiн көлiк құралдарын халықаралық тасымалда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. Осы баптың мақсаттары үшiн теңiз, өзен, әуе кемелерiн немесе жолмен жүретiн көлiк құралдарын халықаралық тасымалда пайдаланудан алынған пайда мыналарды:
а) босаған, теңiз, өзен әуе кемелерiн немесе жолмен жүретiн көлiк құралдарын жалға беруден алынған табысты;
б) тауарлар мен бұйымдарды тасымалдау үшiн пайдаланылатын контейнерлердi (соның iшiнде трейлерлердi және контейнерлер тасымалдауға арналған iлеспе жабдықтарды) пайдаланудан, ұстаудан немесе жалға беруден алынған пайданы;
мұндай жалдау немесе мұндай пайдалану, ұстау яки жалдау, жағдайға қарай, теңiз, өзен, әуе кемесiн немесе жолмен жүретiн көлiк құралын халықаралық тасымалда пайдалануға қатысты жанама болғанда қамтиды.
3. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi осы баптың 1-тармағына сәйкес пулға, бiрлескен кәсiпорынға немесе халықаралық тасымал агенттiгiне қатысудан пайда алса, осы резидентке қатысты пайдаға ол резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынатын болады.
9-бап
Ассоциацияланған кәсiпорындар
1. Егер:
а) Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
б) белгiлi бiр тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса және әрбiр жағдайда екi кәсiпорынның арасында олардың коммерциялық және қаржы қатынастарында тәуелсiз екi кәсiпорынның арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда солардың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез-келген пайданы Уағдаласушы Мемлекет осы кәсiпорынның табысына қосып, оған тиiсiнше салық салынуы мүмкiн.
2. Егер бiр Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны осы басқа Мемлекетте салық салынатын пайдасын осы Мемлекет кәсiпорнының табысына қосып, тиiсiнше салық салса және осылай қосылған пайда бiрiншi аталған Мемлекеттiң кәсiпорнына есептелуi мүмкiн пайда болса, егер екi кәсiпорынның арасындағы қатынастар тәуелсiз кәсiпорындардың арасындағы қатынастардай болса, онда осы басқа Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзетулер жасауы мүмкiн. Осындай түзетулердi айқындау кезiнде осы Конвенцияның басқа ережелерi қаралуға тиiс, ал Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары қажет болған жағдайда бiр-бiрiмен ақылдасып отырады.
10-бап
Дивидендтер
1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның осы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. Алайда осындай дивидендтерге дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер дивидендтер алушы оның нақты иесi болса, осылай алынатын салық:
а) егер компанияның дивидендтерге нақты құқығы болса және осы компания дивидендтер төлейтiн компания капиталының ең кемi 25 процентiн иеленiп отырса, дивидендтердiң жалпы сомасының 5 процентiнен;
б) басқа жағдайларда дивидендтердiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспауы тиiс.
Бұл тармақ дивидендтер төленетiн пайдаға қатысты компанияға салық салуды қозғамайды.
3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе пайданы бөлетiн компания резидентi болып табылатын Мемлекеттiң салық заңдарына сәйкес акциялардан алынатын нақ сондай салық салуға жататын басқа да корпоративтiк құқықтардан алынатын табыс секiлдi, пайдаға қатысу құқығын беретiн борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты бiлдiредi.
4. Егер дивидендтерге нақты құқығы бар тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып отырған басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және төленiп жүрген дивидендтерге қатысы бар холдинг шын мәнiнде осындай тұрақты өкiлдiкке немесе тұрақты базаға қатысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.
5. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған жағдайда осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы басқа Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты өкiлдiкке немесе тұрақты базаға қатысты болатын жағдайда қоспағанда, компания төлейтiн дивидендтерге қандай да болсын салық сала алмайды.
6. Осы Конвенцияда ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекетке басқа Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының бiрiншi аталған Мемлекеттегi тұрақты өкiлдiкке қатысты таза пайдасына осы Мемлекеттiң кәсiпорнының пайдасына есептелетiн салыққа қосымша, бұл қосымша салық осындай таза пайда сомасының 5 процентiнен аспайтын жағдайда, салық салуға кедергi келтiретiндей болып пайымдала алмайды. Осы тармақтың мақсаттары үшiн таза пайда одан мыналарды:
а) тұрақты өкiлдiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте алынатын барлық салықтарды (қосымша салықтан өзгелерiн); және
б) а) тармақшасында айтылған салықтарды шегерiп тастағаннан кейiн қалған таза пайданың 50 процентiне тең соманы шегерiп тастағаннан кейiн осы Конвенцияның 7-бабында айтылған қағидаттар бойынша айқындалады.
Украина осындай салықты енгiзген соң осы тармақтың б) тармақшасының ережесi қолданылмайтын болады.
11-бап
Проценттер
1. Бiр Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге, егер мұндай резиденттiң осы проценттерге нақты құқығы болса, осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. Алайда мұндай проценттерге сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер проценттер алушының оған нақты құқығы болса, алынатын салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауы тиiс. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары бұл шектеудi қолдану тәсiлiн өзара келiсiм бойынша белгiлейдi.
3. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылған кезде ипотекалық қамтамасыз етуге және борышкерлердiң пайдасына қатысу құқығын иеленуге қарамастан кез-келген түрдегi борыш талаптарынан алынатын табысты және, атап айтқанда, үкiметтiң бағалы қағаздарынан алынатын табыс пен облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты, соның iшiнде осы бағалы қағаздар, облигациялар яки борыштық мiндеттемелер бойынша төленетiн сыйақылар мен наградаларды бiлдiредi.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын проценттердiң нақты иесi проценттер пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және проценттер төлеуге негiз болып отырған борыш талабы шын мәнiнде осындай тұрақты өкiлдiкке немесе тұрақты базаға қатысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.
5. Егер проценттер төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң өзi, оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi, жергiлiктi өкiмет органдары немесе осы Мемлекеттiк резидентi болса, проценттер Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледi. Алайда, егер проценттер төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты өкiлдiгi немесе тұрақты базасы болса, проценттер төленетiн қарыз соларға байланысты пайда болса және осы проценттердi тұрақты өкiлдiк немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда мұндай проценттер тұрақты өкiлдiк немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болады деп есептеледi.
6. Егер проценттер төлеушi мен оған нақты құқығы бар адам арасындағы немесе сол екеуi мен қандай да болсын үшiншi тұлғаның арасындағы арнайы қатынастар болуына байланысты борыштық талапқа қатысты және соның негiзiнде төленетiн проценттердiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанды проценттер төлеушi мен оған нақты құқығы бар адам арасында келiсiле алатындай сомадан қандай да болсын себепке байланысты асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Конвенцияның басқа ережелерiн мұқият ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес бұрынғысынша салық салынады.
7. Егер проценттер төленетiн борыш талабының туындауына немесе тапсырылуына байланысты бар қандай да болсын тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi осы туындау немесе тапсыру арқылы осы баптың артықшылықтарын алу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.
8. Осы баптың 2-тармағының ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын проценттер, егер оларды басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң Үкiметi, оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы немесе осы Үкiмет, оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi немесе жергiлiктi өкiмет органы құрған не басқарып отырған кез-келген агенттiк алса және шын мәнiнде соларға тиесiлi болса, осы Мемлекетте салық салудан босатылуы тиiс.
12-бап
Роялти
1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге, егер бұл резидент осы роялтидiң нақты иесi болса, осы басқа Мемлекетке салық салынуы мүмкiн.
2. Алайда мұндай роялтиге сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ осылайша айқындалатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 процентiнен аса алмайды.
3. "Роялти" терминi осы бапта пайдаланылғанда әдеби шығармаларға, өнер және ғылым шығармаларына (соның iшiнде радио хабарларын тарату немесе теледидар үшiн пайдаланылатын кинофильмдерге, кез-келген фильмдерге немесе таспаларға), кез-келген патентке, сауда маркасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға яки процеске берiлген кез-келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық яки ғылыми тәжiрибенi пайдаланғаны үшiн немесе соларға қатысты ақпарат (ноу-хау) үшiн сыйақы ретiнде алынған төлемдердiң кез-келген түрiн және өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны яки пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн төлемдердi бiлдiредi.
4. Егер роялтидiң нақты иесi бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, роялти пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және өздерiне қатысты роялти төленетiн құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты өкiлдiкпен немесе тұрақты базамен байланысты болса, осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.
5. Егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасындағы немесе сол екеуi мен қандайда болсын үшiншi тұлғаның арасындағы айрықша қатынастарға байланысты өзi негiзге алынып төленетiн пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан қандай да болсын себептерге байланысты асып кетсе, осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiнде осы Конвенцияның басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес бұрынғысынша салық салынады.
6. Егер өзiне қатысты роялти төленетiн құқықты жасауға немесе беруге байланысы бар кез-келген тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi осындай құқықтарды жасау немесе беру арқылы осы баптан артықшылықтар алу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.
7. Егер роялти төлеушi Мемлекеттiң өзi, оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi, жергiлiктi өкiмет органдары немесе осы Мемлекеттiң резидентi болса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледi. Алайда, егер роялти төлейтiн тұлға ол Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табыла ма, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты өкiлдiгi немесе тұрақты базасы болса, соларға байланысты роялти төлеу мiндеттемесi туындаса және мұндай роялтидi тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлесе, онда мұндай роялти тұрақты өкілдік немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болған деп есептеледi.
13-бап
Мүлiктi шеттетуден алынатын табыстар
1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi, осы Конвенцияның 6-бабында айқындалғандай, басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алатын табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi:
а) құнын немесе құнының едәуiр бөлiгiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымалы мүлiктен тiкелей немесе жанама түрде алып отырған акцияларды, немесе
б) мүлкi негiзiнен басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымалы мүлiктен немесе, жоғарыда а) тармақшасында айқындалғандай, акциялардан тұратын серiктестiктегi яки трастағы үлестi шеттетуден алынатын табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
3. Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi тұрақты өкiлдiгiнiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекетте ұдайы қолы жетерлiк тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға, соның iшiнде осындай тұрақты өкiлдiктi (жеке немесе бүкiл кәсiпорынмен қоса) немесе осындай тұрақты базаны шеттетуден алынған осындай табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
4. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңiз, өзен, әуе кемелерiн яки жолмен жүретiн көлiк құралдарын немесе осындай теңiз, өзен, әуе кемелерiн яки жолмен жүретiн көлiк құралдарын пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
5. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында сөз етiлген өзге де кез-келген мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға мүлiктi шеттетушi тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
14-бап
Тәуелсiз жеке қызметтер
1. Бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi кәсiби қызметтер немесе тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметтер көрсетуден алған табысқа, оның осы қызметтi жүргiзу мақсаттары үшiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте өзiнiң тұрақты қолы жетерлiк тұрақты базасы болатын жағдайды қоспағанда, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер оның мұндай базасы бар болса немесе болған болса, табысқа басқа Мемлекетте, бiрақ осы тұрақты базаға қатысты табысқа ғана салық салынуы мүмкiн.
2. "Кәсiби қызметтер" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, артистiк, көркемөнер, бiлiм беру немесе оқытушылық қызметтi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, адвокаттардың, инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз жеке қызметiн қамтиды.
15-бап
Тәуелдi жеке қызметтер
1. Осы Конвенцияның 16, 18 және 19-баптарының ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi жолданып iстеген жұмысына байланысты алатын жалақыға және басқа осындай сыйақыларға, егер тек жалданып iстейтiн жұмыс басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылмаса, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалданып iстейтiн жұмыс осылайша жүзеге асырылса, осыған байланысты алынған сыйақыларға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне қарамастан, егер:
а) сыйақы алушы кез-келген үзiлiссiз 12 айлық кезең iшiнде жалпы ұзақтығы 183 күннен аспайтын кезеңде немесе кезеңдер бойы осы басқа Мемлекетте жүрсе; және
б) сыйақының басқа Мемлекеттiк резидентi болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе ол жалдаушының атынан төленсе; және
в) сыйақыларды төлеу жөнiндегi шығындарды жалдаушының басқа Мемлекеттегi тұрақты өкiлдiгi немесе тұрақты базасы көтерiп алмаса, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте жалданып iстеген жұмысына байланысты алатын сыйақыға тек бiрiншi аталған Мемлекетте ғана салық салынады.
3. Осы баптың бұның алдындағы ережелерiне қарамастан халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз, өзен, әуе кемесiнiң немесе жолмен жүретiн көлiк құралының үстiнде жалданып iстейтiн жұмысқа байланысты алынған сыйақыға теңiз, өзен, әуе кемесiн немесе жолмен жүретiн көлiк құралын пайдаланатын кәсiпорын резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
16-бап
Директорлық сыйақы
Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi директорлар кеңесiнiң немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның осындай органының мүшесi ретiнде алатын директорлар сыйақылары мен басқа да осындай төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
17-бап
Артистер мен спортшылар
1. Осы Конвенцияның 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi театр, кино, радио немесе теледидар артисi немесе сазгер секiлдi өнер қызметкерi ретiнде немесе спортшы ретiнде басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзiнiң жеке қызметiнен алатын табысына осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
2. Егер өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiнiң осы сипатында жүзеге асыратын жеке қызметiне қатысты табысы өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа осы Конвенцияның 7, 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асыратын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер артистiң немесе спортшының қызметi едәуiр дәрежеде қандай да бiр Мемлекеттiң қоғамдық қорлары есебiнен қаржыландырылса немесе бұл қызмет Уағдаласушы Мемлекеттер арасында жасалған мәдени ынтымақтастық туралы келiсiм негiзiнде жүзеге асырылса, осы бапта көрсетiлген табыс осы қызмет жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.
18-бап
Зейнетақылар
1. Осы Конвенцияның 19-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне бұрынғы жұмысына қатысты төленетiн зейнетақылар мен басқа да осындай сыйақыларға және осы резидентке төленетiн қандай да болсын ренталарға осы төлемдер аударылатын Мемлекетте ғана салық салынуы тиiс.
2. "Рента" терминi баламалы және толық өтемақы үшiн ақшалай қайтарым төлемдерiн төлеу мiндеттемесi бойынша бүкiл өмiр бойы немесе белгiлi бiр яки белгiленген уақыт кезеңiнде жеке тұлғаға белгiленген уақытта жүйелi түрде төленiп тұратын белгiленген соманы бiлдiредi.
19-бап
Мемлекеттiк қызмет
1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы қандай да болсын жеке тұлғаға осы Мемлекет, саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi немесе жергiлiктi өкiмет органы үшiн жүзеге асыратын қызметi үшiн төлейтiн зейнетақыдан өзге сыйақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
б) Осы тармақтың а) тармақшасының ережелерiне қарамастан, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын жеке тұлға:
(I) осы Мемлекеттiң азаматы болса; немесе
(II) қызметтi жүзеге асыру мақсатында ғана осы Мемлекеттiң резидентi болмаса, осындай сыйақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы жеке тұлғаға төлейтiн немесе олар құрған қорлардан осы Мемлекет немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесi яки жергiлiктi өкiмет органы үшiн жүзеге асыратын қызметi үшiн төленетiн кез-келген зейнетақыға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
б) Егер жеке тұлға басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi немесе азаматы болса, осы тармақтың а) тармақшасының ережелерiне қарамастан мұндай зейнетақыға тек осында ғана салық салынады.
3. Осы Конвенцияның 15, 16 және 18-баптарының ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның саяси-әкiмшiлiк бөлiмшесiнiң яки жергiлiктi өкiмет органының кәсiпкерлiк қызметтi жүргізуiне байланысты жүзеге асырылатын қызметке қатысты сыйақыларға қолданылады.
20-бап
Студенттер
Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiне келердiң нақ алдында басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болған немесе болып табылатын және бiрiншi аталған Мемлекетте тек оқу немесе бiлiм алу мақсатында ғана тұрып жатқан студент немесе стажер алатын және тұруға, оқуға және бiлiм алуға арналған төлемдерге, егер мұндай төлемдердiң көздерi осы Мемлекеттен тыс жерлерде болса, бiрiншi аталған Мемлекетте салық салынбайды.
21-бап
Басқа да табыстар
1. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң осы Конвенцияның бұның алдындағы баптарында айтылмаған табыс түрлерiне, олардың пайда болу көздерiне қарамастан, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. Егер осы Конвенцияның 6-бабының 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстан өзге табыстарды алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты өкiлдiк арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса және осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты база арқылы тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және табыс алуға негiз болған құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты өкiлдiкпен немесе тұрақты базамен байланысты болса, мұндай табыстарға осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай осы Конвенцияның 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.
22-бап
Қосарланған салық салуды жою
Уағдаласушы Мемлекеттер заңдарының ережелерiне сәйкес қосарланған салық салуды жою былай жүзеге асырылады:
а) Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн табыс тапса, бiрiншi аталған Уағдаласушы Мемлекет осы резиденттiң табысына салынатын салықтан басқа Уағдаласушы Мемлекетте төленген табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға рұқсат етедi. Жоғарыда келтiрiлген ережелерге сәйкес есептелетiн салықтың мөлшерi Уағдаласушы Мемлекетте қолданылып жүрген ставкалар бойынша осындай табысқа есептелуi мүмкiн салықтан аспауы тиiс.
б) Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi тапқан табыс осы Конвенцияның қандай да болсын ережесiне сәйкес осы Мемлекетте салық салудан босатылған болса, осы Мемлекет соған қарамастан осы резидент табысының қалған бөлiгiне салынатын салық сомасын есептеу кезiнде осындай табысқа салынатын салық ставкасын белгiлеу мақсаттары үшiн салықтан босатылған табысты назарда ұстауы мүмкiн.
23-бап
Кемсiтпеу
1. Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы басқа Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге басқа Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамайтын болады.
2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын азаматтығы жоқ тұлғалар нақ осындай жағдайларда осы Мемлекеттiң азаматтары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салуға және соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты кез-келген салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге Уағдаласушы Мемлекеттердiң ешқайсысында да ұшырамайтын болады.
3. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты өкiлдiкке салық салу осы басқа Мемлекетте нақ осындай қызметпен айналысатын осы басқа Мемлекеттiң кәсiпорнына салық салудан қолайсыздау болмауға тиiс.
4. Осы Конвенцияның 9-бабының 1-тармағының, 11-бабының 6-тармағының, 12-бабының 5-тармағының ережелерi қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн проценттер, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсiпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшiн бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентiне олар қалай төленсе, нақ сондай жағдайларда есептелетiн болады.
5. Мүлкi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резидентiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олар тiкелей не жанама түрде бақылап отырған Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары бiрiншi аталған Мемлекеттiң басқа осындай кәсiпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салудан яки онымен байланысты мiндеттемеден өзгеше яки анағұрлым ауыртпалықты қандай да болсын салық салуға немесе онымен байланысты мiндеттемеге бiрiншi аталған Мемлекетте ұшырамайтын болады.
6. Осы баптың бiрде-бiр ережесi қандай да болсын Уағдаласушы Мемлекеттiң осы Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын тұлғаға салық салу мақсаттары үшiн резидент болып табылатын тұлғаларға берiлетiн қандай да бiр жеке жеңiлдiктер беретiн мiндетi ретiнде пайымдалмайтын болады.
24-бап
Өзара келiсiп алу рәсiмi
1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi өзiн осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар етiп отыр немесе душар ететiн болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердiң ұлттық заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан өзiнiң iсiн өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе, егер оның жағдайы осы Конвенцияның 24-бабының 1-тармағының қолданылу аясына жататын болса, өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органдарының қарауы үшiн бере алады. Арыз осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар еткен iс-әрекеттер туралы алғашқы хабар жеткiзiлген сәттен бастап үш жыл iшiнде берiлуi тиiс.
2. Құзыреттi орган, егер ол шағымды орынды деп есептесе және өзi қанағаттанарлық шешiм қабылдауға қабiлетсiз болса, осы Конвенцияға сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында мәселенi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органымен өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады. Кез-келген қол жеткiзiлген уағдаластық Уағдаласушы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында көзделген қандай да бiр уақыт шектеулерiне қарамастан орындалуға тиiс.
3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары мұның алдындағы тармақтарды түсiнiп алуға қол жеткiзу мақсатында бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады.
4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияны пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез-келген қиындықтарды немесе күмәндердi өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылатын болады.
25-бап
Ақпарат алысу
1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияның немесе Уағдаласушы Мемлекеттердiң ұлттық заңдарының салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтiндей дәрежеде Конвенция қолданылатын салықтарға қатысты ережелерiн орындау үшiн қажеттi ақпарат алысып тұрады. Ақпарат алысу осы Конвенцияның 1-бабымен шектелмейдi. Уағдаласушы Мемлекет алған кез-келген ақпарат құпия ақпарат ретiнде қарастырылады және осы Конвенция қолданылатын салықтарды бағалаумен немесе оларды алумен, күшпен өндiрiп алумен немесе сот арқылы қудалаумен яки шағымдарды қараумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға ғана (соның iшiнде соттар мен әкiмшiлiк органдарына) хабарланатын болады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшiн ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжiлiсi барысында немесе заңды шешiмдер қабылдаған кезде аша алады.
2. Ешқандай жағдайда осы баптың 1-тармағының ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң құзыреттi органдарын:
а) Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң заңдары мен әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын қолдануға;
б) Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң заңдары бойынша немесе әдеттегi басқару барысында алуға болмайтын ақпарат беруге;
в) қандай да болсын сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiптiк құпияны не сауда процесiн ашуы мүмкiн ақпарат немесе ашылуы белгiленген практикаға қайшы келетiндей ақпарат беруге мiндеттейтiндей болып пайымдалмайтын болады.
26-бап
Дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен консулдық қызметкерлер
Осы Конвенцияда ешнәрсе дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерiне немесе консулдық қызметкерлерге халықаралық құқықтың жалпы нормалары бойынша немесе арнаулы келiсiмдер негiзiнде берiлген салық артықшылықтарын қозғамайтын болады.
27-бап
Күшiне енуi
Уағдаласушы Мемлекеттердiң әрқайсысы iшкi заңдарына сәйкес осы Конвенцияның күшiне енуiнiң қажеттi рәсiмi аяқталғаны жайында дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiн хабардар етедi. Осы Конвенция осындай соңғы хабарлама берiлген күнi күшiне енедi және оның ережелерi:
(I) Конвенция күшiне енген күннен кейiнгi алпысыншы күнге немесе алпыс күннен кейiн жүзеге асырылған кез-келген төлемдер үшiн табыс көзiнен алынатын салықтарға қатысты;
(II) Конвенция күшiне енген күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан немесе содан кейiн басталатын салық салынатын кезеңдер үшiн басқа да салықтарға қатысты қолданылатын болады.
28-бап
Қолданылу күшiн тоқтату
Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның күшiн тоқтатпайынша күшiнде қала бередi. Әрбiр Уағдаласушы Мемлекет Конвенция күшiне енген күннен бес жыл өткен соң басталатын кез-келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуынан кемiнде алты ай бұрын қолданылу күшiн тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы хабарлай отырып Конвенцияның күшiн тоқтата алады. Мұндай жағдайда Конвенцияның қолданылу күшi хабарлама берiлген жылдан кейiн келетiн күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында тоқтатылады.
Осыны куәландыру ретiнде өздерiнiң Үкiметтерi тиiстi дәрежеде өкiлеттiк берген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
Киев қаласында 1996 жылғы шiлде айының 9 күнi екi дана етiп қазақ, украин және орыс тiлдерiнде жасалды, барлық мәтiндер бiрдей.
Осы Конвенцияның ережелерiн пайымдауда келiспеушiлiк туа қалған жағдайда орысша мәтiн басым болады.
Қазақстан Республикасының Украинаның
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн