Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 96 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Заңымен

      Ескерту. Заңның күші жойылды - ҚР 2009.09.18. N 193-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 186-баптан қараңыз) Заңымен.
 
 
МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтіндегі "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - VІ" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 6" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы заң халыққа психиатриялық жәрдем көрсету саласындағы құқықтық, әлеуметтiк, экономикалық және ұйымдық негiздердi, соның iшiнде азаматтардың сондай жәрдем көрсетiлген кездегi құқықтарына берiлетiн кепiлдiктердi белгiлейдi.

  1 тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 

      психикалық науқастың дәрменсiздiгi - адам психикасының қатты бұзылуына, кемiстiгiне байланысты, сайып келгенде негiзгi өмiрлiк қажеттердi өз бетiмен қанағаттандыруға дәрменсiздiк пайда болатын хал-жағдай; 

      заңды өкiлдер - пациенттердiң мүдделерiн бiлдiретiн адамдар: ата-аналар, асырап алушылар және қорғаншылар, қамқоршылар; 
 

      медициналық-әлеуметтiк оңалту - науқасты жұмысқа тартуға, отбасылық және қоғамдық өмiрге қосуға арналған медициналық, әлеуметтiк шаралар мен еңбек шараларын кешендi түрде пайдалана отырып, науқастардың денсаулығын қалпына келтiру; 
 

      қабiлетсiздiк - психикасының ауыруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан азаматтардың өз iс-әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмауы немесе оған басшылық ете алмауы; 
 

      психикалық науқасқа қорғаншылық - психикасының ауыруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған адамды қорғау нысаны; 
 

      психикалық науқасқа қамқоршылық - спирттi iшiмдiктердi немесе есiрткi заттарды көп пайдалануы салдарынан сот iс-әрекетке қабiлеттiгiн шектеген адамды қорғау нысаны; 
 

      психиатрия - клиникалық медициналық психикалық аурулардың пайда болу себептерiн, белгiлерiн және өтуiн зерттейтiн, сондай-ақ олардың алдын алу, ауырған адамды емдеу және оның психикалық қабiлеттерiн қалпына келтiру әдiстерiн әзiрлейтiн саласы; 
 

      психиатриялық ұйым - психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға арнаулы медициналық жәрдем көрсететiн көпқырлы ауруханалар құрамындағы психиатриялық және психоневрологиялық ауруханалар, психоневрологиялық диспансерлер, психиатриялық бөлiмшелер; 
 

      психиатриялық көмек - психика бұзылуының алдын алу, азаматтардың психикалық денсаулығын тексеру, психика бұзылуының диагностикасы, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарды емдеу, күту, медициналық және әлеуметтiк жағынан оңалту; 
 

      психиатриялық жағынан жақпаушылық - кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға кедергi жасайтын нақты психика бұзылуының тiзбесi; 
      психиканың бұзылуы (ауру) - адамның ми жұмысының бұзылуына байланысты психикалық қызметiнiң бұзылуы. 

       2-бап. Осы Заңмен реттелетiн мәселе

      1. Осы Заң психиатриялық жәрдем жүргiзудi ұйымдастыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi және оны көрсету кезiнде азаматтар құқықтарының кепiлдiгiн белгiлейдi. 
 

      2. Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға психиатриялық жәрдем көрсетiлген кезде қолданылады. 

       3-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету саласындағы
               мемлекеттiк саясат

      Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға психикалық жәрдем көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясаты:
 

      заңдылық, iзгiлiк және адам мен азаматтың құқықтарын сақтау; 
 

      психикасының бұзылуынан зардап шегушiлерге тегiн және қол жететiндей медициналық жәрдем көрсетудi қамтамасыз ету; 
 

      психиатриялық жәрдем берiлген кезде азаматтарды әлеуметтiк қорғау принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.

       3-1-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның
                 құзыретi

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
 

      1) халыққа психиатриялық жәрдем көрсету саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзудi және психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде азаматтардың құқықтарына кепiлдiктердi қамтамасыз етедi;
 

      2) халыққа психиатриялық жәрдем көрсету және оны көрсету кезiнде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты және салааралық өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
 

      3) халыққа психиатриялық жәрдем көрсету және оны көрсету кезiнде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтедi;
 

      4) Қазақстан Республикасының аумағында психиатр-дәрiгерлердiң, психиатриялық және психоневрологиялық ұйымдардың кәсiби қызметiне бақылау жасауды жүзеге асырады.
       Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       3-2-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                 астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының
                 құзыретi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
 

      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте халыққа психиатриялық жәрдем көрсету және оны көрсету кезiнде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
 

      2) психиатриялық жәрдем көрсетудi ұйымдастырудағы қатынастарды реттейтiн, оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктердi айқындайтын Қазақстан Республикасы заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi;
 

      3) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте психиатриялық жәрдем көрсететiн мемлекеттiк медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi;
 

      4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте психиатр-дәрiгерлердiң, психиатриялық және психоневрологиялық ұйымдардың кәсiби қызметiне бақылау жасауды үйлестiредi және қамтамасыз етедi;
 

      5) халыққа психиатриялық жәрдем көрсету және оны көрсету кезiнде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер саласындағы өңiраралық өзара iс-қимылды жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

         4-бап. Психиатриялық жәрдем алудың ерiктiлiгi

      1. Психиатриялық жәрдем адам ерiктi түрде өтiнiш жасаған немесе оның жазбаша келiсiмi болған жағдайда көрсетiледi, бұған осы Заңда көзделген реттер қосылмайды. 
 

      2. Кәмелетке толмаған адамға, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға психиатриялық жәрдем осы Заңда көзделген тәртiппен олардың заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен көрсетiледi. 

       5-бап. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдардың
               құқықтары

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдар азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады. Психикасының бұзылуына байланысты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруын шектеуге Қазақстан Республикасының заңымен көзделген жағдайларда ғана жол берiледi. 
 

      2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдардың бәрi психиатриялық жәрдем көрсетiлгенде: 
 

      1) бiлiктi медициналық жәрдем алуға; 
 

      2) өздерiнiң құқықтары туралы және психикасы бұзылуының сипаты мен қолданылатын емдеу әдiстерi туралы ақпарат алуға; 
 

      3) тұрғылықты жерi бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда жүрген жерiнде психиатриялық жәрдем алуға; 
 

      4) психиатриялық стационарда тексерiлуге және емделуге; 
 

      5) санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетiн жағдайларда жәрдем алуға; 
 

      6) медициналық айғақтар бойынша емдеудiң барлық түрiн (оның iшiнде санаторий-курорттық түрiн) алуға; 
 

      7) емдеудiң кез келген сатысында медициналық құралдар мен әдiстерiн, ғылыми зерттеулерден немесе оқу процесiнен, суретке түсiруден, бейне жазудан немесе киноға түсуден бас тартуға; 
 

      8) өздерiнiң талап етуiмен психиатриялық жәрдем көрсетуге қатысушы кез келген маманды (оның келiсiмiмен) осы Заңмен реттелетiн мәселелер жөнiндегi дәрiгерлiк комиссияда жұмыс iстеуге шақыруға; 
 

      9) Заңда белгiленген тәртiп бойынша адвокаттан және басқа заңды өкiлден немесе өзге адамнан жәрдем алуға; 
 

      10) психикалық зардап шегуiнiң (ауыруының), белгiленген қорытындысына сот тәртiбiмен, соның iшiнде тәуелсiз сарапшыларды қатыстыра отырып шағым жасауға құқылы. 
 

      3. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдардың құқықтары мен бостандықтарын психикалық ауруы болуының, денсаулық сақтау органдарының психиатрия ұйымында немесе халықты әлеуметтiк қорғау не арнаулы оқыту жүйесi органдарының психоневрологиялық ұйымында диспансерлiк бақылауда болуы фактiлерiнiң негiзiнде ғана шектеуге жол берiлмейдi. Мұндай тәртiп бұзушылыққа кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап бередi. 
 

      4. Қазақстан Республикасының азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды психикасының ауыруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан iс-әрекетке қабiлетсiз деп тануды оған қорғаншы белгiлей отырып, сот жүзеге асырады. Қорғаншы белгiлеу сырқаттану кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарын Қазақстан Республикасының заңына сәйкес шектеуге әкеп соғады. 

       6-бап. Кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн атқаруды
               шектеу

      1. Мемлекеттiң уәкiлеттi органдар құқық берген дәрiгерлiк комиссияның шешiмiне сәйкес, медициналық психиатриялық қарсылық тiзбесiне сәйкес азаматтың психикалық денсаулық жағдайын бағалау негiзiнде азамат психикасының бұзылуы салдарынан уақытша, соңынан қайта куәландыру құқығымен кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн, сондай-ақ жоғары қауiп көзiне байланысты жұмысты атқаруға жарамсыз деп танылуы мүмкiн. Азамат мұндай шешiммен келiспеген жағдайда ол жөнiнде сотқа шағымдануына болады. 
 

      2. Кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн, сондай-ақ жоғары қауiп көзiне байланысты жұмысты жүзеге асыруға арналған медициналық психиатриялық жақпайтын заттар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және жинақталған тәжiрибе мен ғылыми жетiстiктердi ескере отырып, ол мезгiл-мезгiл (кемiнде бес жылда бiр рет) қайта қаралады. 

       7-бап. Психиатриялық жәрдем көрсетiлетiн азаматтардың
               құқықтары мен мүдделерiн қорғау

      1. Азамат өзiне психиатриялық жәрдем көрсетiлген кезде өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн өз қалауымен өкiл шақыруға құқылы. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен ресiмделедi. 
 

      2. Кәмелетке толмаған және белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның психиатриялық жәрдем көрсетiлген кездегi құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады. 
 

      3. Азаматқа психиатриялық жәрдем көрсетiлген кезде оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды адвокат немесе заңды өкiл жүзеге асырады. Адвокатты шақыру және оның қызметiне ақы төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделедi. Психиатриялық жәрдем көрсететiн ұйымның әкiмшiлiгi осы Заңның 23-бабының 5-тармағындағы 1) тармақшада және 29-бабының 1)-тармақшасында көзделгеннен басқа жағдайларда адвокат шақыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. 

       8-бап. Дәрiгерлiк құпияны сақтау

      Азамат психикасының бұзылғаны, оның психиатриялық жәрдем сұрағаны және осындай жәрдем көрсететiн мекемеде емделгенi туралы мәлiметтер, сондай-ақ психикалық денсаулық жағдайы туралы өзге де мәлiметтер заңмен қорғалатын дәрiгерлiк құпия болып табылады. 

       9-бап. Психикалық денсаулық жағдайы туралы мәлiметтер
               беру тәртiбi

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру үшiн оның психикалық жай-күйiн ескере отырып, өзiнiң өтiнiшi не оның заңды өкiлiнiң, адвокаттың өтiнiшi бойынша оларға осы адамның психикалық денсаулық жағдайы туралы және оған психиатриялық жәрдем көрсетiлгенi туралы мәлiметтер берiледi. 
 

      2. Азаматтардың психикалық денсаулық жағдайы не оларды психиатр-дәрiгердiң тексергенi туралы үшiншi бiр адамдарға мәлiметтер беруге Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген реттерде ғана жол берiледi. 

       10-бап. Диагностика және емдеу

      1. Психиканың бұзылуы диагнозын клиникалық көрiнiстерге, лабораториялық деректерге, объективтi мәлiметтерге сәйкес психиатр-дәрiгер қояды. Диагнозды азаматтың қоғамда қабылданған моральдық, мәдени, саяси және дiни құндылықтармен келiспеуiне не оның психикалық денсаулық жағдайына тiкелей байланысы жоқ өзге де себептерге негiздеуге болмайды. 
 

      2. Психиканың бұзылуынан зардап шегушi адамға диагноз қою және оны емдеу үшiн Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарымен рұқсат етiлген медициналық құралдар мен әдiстер қолданылады. 
 

      3. Медициналық құралдар мен әдiстер аурулы ауытқулар сипатына қарай диагностикалық және емдеу мақсаттарында ғана қолданылады, оларды психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды жазалау түрiнде немесе басқа адамдардың мүдделерi үшiн пайдалануға тыйым салынады. 

       11-бап. Емделуге келiсу

      1. Дәрiгер психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамға немесе оның заңды өкiлiне психика бұзылуының сипаты туралы, емдеудiң мақсаттары мен әдiстерi туралы ақпарат, сондай-ақ ұсынылатын емнiң ұзақтығы туралы, болуы мүмкiн ауырсыну түйсiктерi, жанама әсерлерi мен күтiлетiн нәтижелерi туралы деректер беруге мiндеттi. Берiлген ақпарат туралы медициналық құжаттамаға жазба жасалады. 
 

      2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды емдеу оның өзiнiң немесе заңды өкiлдерiнiң жазбаша келiсiмiн алғаннан кейiн жүргiзiледi, бұған осы баптың 3-тармағында көзделген реттер қосылмайды. 
 

      3. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданған кезде, сондай-ақ осы Заңның 29-бабымен көзделген негiздер бойынша ауруханаға ерiксiз салған кезде психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды емдеу оның өзiнiң немесе заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз жүргiзiлуi мүмкiн. Ауруханаға шұғыл салынған реттердi қоспағанда, мұндай жағдайларда ем психиатр-дәрiгерлер комиссиясының шешiмi бойынша қолданылады. 
 

      4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдар жөнiнде психикасының бұзылуын емдеуге хирургиялық әдiстер қолдануға, сондай-ақ оларға медициналық құралдар мен әдiстердi сынап көруге жол берiлмейдi. 

       12-бап. Емделуден бас тарту

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам немесе оның заңды өкiлi ұсынылып отырған емнен бас тартуға немесе оны тоқтатуға құқылы, бұған осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көзделген реттер қосылмайды. 
 

      2. Емделуден бас тартушы адамға не оның заңды өкiлiне емдеудi тоқтатудың болуы ықтимал зардаптары түсiндiрiлуге тиiс. Емделуден бас тарту оның болуы ықтимал зардаптары туралы мәлiметтер көрсетiле отырып, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның немесе оның заңды өкiлiнiң және психиатр-дәрiгердiң қолы қойылып, медициналық құжаттамаға жазу арқылы ресiмделедi. 

       13-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегетiн, қоғамға қауiпті әрекеттер жасаған адамдар жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша сот шешiмiмен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады. 
 

      2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары денсаулық сақтау органдарының психиатриялық ұйымдарында жүзеге асырылады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiмен психиатриялық стационарға орналастырылған адамдар осы Заңның 34-бабында көзделген құқықтарды пайдаланады. Олар психиатриялық стационарда болған бүкiл кезеңiнде еңбекке жарамсыз деп танылады және олардың мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру бойынша жәрдемақы немесе жалпы негiздер бойынша зейнетақы алуға құқығы бар.

       14-бап. Сот-психиатриялық сараптама

      Қылмыстық және азаматтық iстер жөнiндегi сот-психиатриялық сараптама заң негiзiнде және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

       15-бап. Азаматтың әскери қызметшi ретiнде қызметке
                жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн
                психиатриялық тексеру

      Азаматтың оның психикалық денсаулық жағдайы бойынша Қарулы Күштердiң, Iшкi iстер министрлiгi iшкi әскерлерiнiң, Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және өзге де әскери құрамалардың, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiк, Iшкi iстер органдарының құрамында қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешкен кезде амбулаторияда және стационарда тексерудiң негiздерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.16. N  244 Заңымен.

  2 тарау. МЕМЛЕКЕТ КЕПIЛДIК БЕРГЕН ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМДI
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ

       16-бап. Мемлекет кепiлдiк беретiн психиатриялық жәрдем
                және әлеуметтiк қорғау

      1. Мемлекет:
 

      1) шұғыл психиатриялық жәрдем көрсету;
 

      2) табиғи зiлзалалар мен апаттар кезiнде психиатриялық жәрдем көрсетуге; 
 

      3) ауруханадан тыс және стационарлық жағдайларда консультациялық-диагностикалық, емдеу, психиатриялық алдын-алу, оңалту жәрдемiн көрсетуге; 
 

      4) психиатриялық сараптаманың барлық түрлерiне, еңбекке уақытша жарамсыздықты анықтауға; 
 

      5) психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға әлеуметтiк-тұрмыстық көмек көрсетуге және оларды еңбекке орналастыруға жәрдемдесуге; 
 

      6) қорғаншылық және қамқоршылық мәселелерiн шешуге; 
 

      7) психиатрия ұйымдарында құқықтық мәселелер жөнiнде консультациялар беру және заң көмегiнiң басқа да түрлерiн көрсетуге; 
 

      8) мүгедектердi әлеуметтiк-еңбекке орналастыруға және психикасының бұзылуынан зардап шегушi қарттарды әлеуметтiк-тұрмыстық орналастыруға, сондай-ақ оларға күтiм көрсетуге; 
 

      9) психикасының бұзылуынан зардап шегушi мүгедектер мен кәмелетке толмағандарды оқытуға кепiлдiк бередi. 
 

      2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға психиатриялық жәрдем көрсетудi қамтамасыз ету үшiн және оларды әлеуметтiк қорғау мақсатында мемлекет: 
 

      1) мүмкiндiгiнше емдеушiлердiң тұрғылықты жерi бойынша ауруханалардан тыс және стационарлық психиатриялық жәрдем көрсететiн ұйымдардың барлық түрлерiн құрады; 
 

      2) психикасының бұзылуынан зардап шегушi кәмелетке толмағандарға жалпы және кәсiптiк бiлiм берудi ұйымдастырады; 
 

      3) өндiрiстiк-емдеу кәсiпорындардың, сондай-ақ еңбек терапиясына, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарды соның iшiнде мүгедектердi еңбекке орналастыру үшiн жаңа мамандықтарға оқытуға арналған еңбек жағдайлары жеңiлдетiлген арнайы өндiрiстер, цехтар немесе учаскелер құрады; 
      4) <*> 
      5) <*>
 

      3. Психиатриялық жәрдем көрсететiн ұйымдардың бәрi талап етiлетiн санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы нормативтерге сәйкес болуға тиiс. 
      4. <*>
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       17-бап. Психиатриялық жәрдемдi қаржыландыру

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға осы Заңда кепiлдiк берiлген психиатриялық және өзге де жәрдем көрсететiн мемлекеттiк ұйымдарды қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
 

      2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға жәрдем көрсететiн жеке адамдардың (психиатрлардың, адвокаттардың және т.б.) қызметiне ақы азаматтардың өз қаражаты немесе қайырымдылық түсiмдер есебiнен төленедi.

  3 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТЕТIН ҰЙЫМДАР МЕН
АДАМДАР, МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРIНIҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МАМАНДАРДЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       18-бап. Психиатриялық жәрдем көрсететiн ұйымдар мен
                адамдар

      1. Психиатриялық жәрдемдi тиiстi лицензия алған медицина ұйымдары мен психиатр-дәрiгерлер көрсетедi.
 

      2. Психиатриялық жәрдем көрсету жөнiндегi қызметке лицензиялар беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
 

      3. Психиатрия және психоневрология ұйымдары немесе психиатр-дәрiгерлер жасайтын психиатриялық жәрдемнiң түрлерi жарғылық құжаттар мен лицензияларда көрсетiледi. Олар туралы ақпарат тiлек бiлдiрушiлердiң бәрiне берiледi. 
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       19-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету жөнiндегi
                қызметпен айналысу құқығы

      1. Жоғары медициналық бiлiм алған және өз бiлiктiлiгiн белгiленген тәртiппен дәлелдеген психиатр-дәрiгердiң психиатриялық жәрдем көрсету жөнiндегi дәрiгерлiк қызметпен айналысуға құқығы бар. 
 

      2. Пациенттерге тiкелей қызмет көрсететiн өзге де мамандар (психологтар, әлеуметтiк және басқа қызметкерлер мен медицина қызметкерлерi) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен арнайы даярлықтан өтiп, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдармен жұмыс iстеуге жiберiлу үшiн өздерiнiң бiлiктiлiгiн дәлелдеуге тиiс. 
 

      3. Психиатриялық жәрдем көрсететiн психиатр-дәрiгер мен өзге де мамандардың қызметi осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады және дәрiгерлiк борыш пен кәсiби әдепке негiзделедi. 

       20-бап. Медицина қызметкерлерi мен өзге де мамандардың
                психиатриялық жәрдем көрсету кезiндегi
                құқықтары мен мiндеттерi

      1. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiндегi психиатр-дәрiгердiң, өзге де мамандар мен медицина қызметкерлерiнiң кәсiби құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 
 

      2. Психикалық аурудың диагнозын қою, ерiксiз түрде психиатриялық жәрдем көрсету туралы шешiм қабылдау не осы мәселелердi қарау үшiн қорытынды беру психиатр-дәрiгердiң немесе психиатр-дәрiгердiң комиссиясының ерекше құқығы болып табылады. 
 

      3. Басқа мамандықтағы дәрiгердiң адамның психикалық денсаулық жағдайы туралы қорытындысы болжамдық сипатта болады және оның құқықтары мен заңды мүдделерiн шектеу туралы мәселенi шешуге, сондай-ақ оған психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңiлдiктердi беруге негiз бола алмайды.

       21-бап. Психиатр-дәрiгердiң тәуелсiздiгi

      1. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде психиатр-дәрiгер өз шешiмдерiн тәуелсiз қабылдайды және медициналық айғақтарды, дәрiгерлiк борыш пен заң актiлерiн ғана басшылыққа алады.
 

      2. Комиссияның шешiмiмен келiспеген психиатр-дәрiгер өз қорытындысын беруге құқылы, мұндай қорытынды медициналық құжаттамаға тiркеледi.

       22-бап. Психиатриялық жәрдем көрсететiн медицина
                қызметкерлерiне және басқа қызметкерлерге
                берiлетiн жеңiлдiктер мен кепiлдiктер

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарды емдеуге арналған, ведомстволық бағыныштылығына қарамастан, психиатрия ұйымдарының, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң, палаталары мен кабинеттерiнiң мамандықтарына қарамастан дәрiгерлерi, орта және кiшi медицина қызметкерлерi, мамандары, қызметшiлерi мен басқа да қызметкерлерi еңбек жағдайларының денсаулыққа қауiптi әрi ерекше ауыр болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лауазымдық айлықақыларының (және тарифтiк ставкаларының) арттырылуына құқылы.
 

      2. Психиатриялық жәрдем көрсетуге қатысушы адамның денсаулығына келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.

  4 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМНIҢ ТҮРЛЕРI ЖӘНЕ ОНЫ КӨРСЕТУДIҢ
ТӘРТIБI

       23-бап. Психиатриялық куәландыру

      1. Психиатриялық куәландыру тексерiлушi адамның психикасы бұзылғанын, оның психиатриялық жәрдемге мұқтаждығын және мұндай жәрдемнiң түрлерiн анықтау мақсатында, сондай-ақ қорғаншылық, еңбекке уақытша жарамсыздығы және мүгедектігi туралы мәселенi шешу үшiн жүргiзiледi.
 

      2. Психиатриялық куәландыру, сондай-ақ алдын алу мақсатындағы тексеру тексерiлушiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келiсiмi, немесе оның заңды өкiлдерiнiң куәландыру себептерi көрсетiлген жазбаша арызы бойынша; кәмелетке толмаған және заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға - олардың заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келiсiмi бойынша жүргiзiледi. 
      Тексерiлушiнiң психикалық денсаулық жағдайын психиатриялық куәландыру мен ол туралы қорытындының деректерi медициналық құжаттамада тiркеледi, онда психиатр-дәрiгерге көрiну себептерi мен медициналық ұсыныстар да көрсетiледi. 
 

      3. Заңды өкiлi қарсылық бiлдiрген немесе болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамды куәландыру қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша жүргiзiледi, оған сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
 

      4. Психиатриялық куәландыру жүргiзетiн дәрiгер тексерiлушi мен оның заңды өкiлiне өзiн психиатр ретiнде таныстыруға мiндеттi, бұған осы баптың 5-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген жағдай қосылмайды.
 

      5. Тексерiлушi психикасының бұзылуы асқынған деп жорамалдауға негiз болатын iс-әрекеттер жасағанда оған өзiнiң келiсiмiнсiз немесе заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз психиатриялық куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн, мұның өзi: 
 

      1) оның өзiне және айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiруiне;
 

      2) оның дәрменсiздiгiне, яғни тиiстi күтiм болмаған жағдайда негiзгi тiршiлiк қажеттерiн өз бетiнше қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiне;
 

      3) егер адамға психиатриялық жәрдем көрсетiлмей қалдырылатын болса, психикалық жай-күйiнiң нашарлауы салдарынан оның денсаулығына елеулi зиян келуiне байланысты болады.
 

      6. Егер тексерiлушi осы Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен диспансерлiк бақылауда тұрса, оған өзiнiң келiсiмiнсiз немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз психиатриялық куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
 

      7. Әртүрлi (сот, әскери, еңбек және басқа) психиатриялық сараптамалар мен адамдарды психиатриялық куәландыру Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiпке сәйкес жүргiзiледi.

       24-бап. Адамды өзiнiң келiсiмiнсiз немесе оның заңды
                өкiлiнiң келiсiмiнсiз психиатриялық куәландыру
                туралы шешiм

      Осы Заңның 23-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда психиатр-дәрiгер адамның заңды өкiлiне хабарлай отырып, психиатриялық куәландыру туралы өз бетiнше шешiм қабылдайды.

       25-бап. Адамды өзiнiң келiсiмiнсiз немесе оның заңды
                өкiлiнiң келiсiмiнсiз психиатриялық куәландыру
                туралы арыз беру мен шешiм қабылдау тәртiбi

      1. Осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көзделген реттердi қоспағанда, адамды өзiнiң келiсiмiнсiз немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз психиатриялық куәландыру туралы шешiмдi мұндай куәландыру үшiн осы Заңның 23-бабының 5-тармағында тiзiп келтiрiлген негiздер бар деген мәлiметтер көрсетiлген арыз бойынша психиатр-дәрiгер қабылдайды. 
 

      2. Арызды психиатриялық куәландырылуға тиiстi адамның заңды өкiлi, кез келген медициналық мамандықтағы дәрiгер мен өзге де азаматтар бере алады. Көрiнеу жалған арыз беру қылмыстық жауапқа тартылуға әкеп соғады. 
 

      3. Алынған мәлiметтер бойынша адам өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiретiн жағдайларда нақты адам ауызша немесе жазбаша арыз беруi мүмкiн. Психиатр-дәрiгер психиатриялық куәландыру туралы дереу шешiм қабылдап, ол медициналық құжаттамаға жазумен ресiмделедi де, кейiннен адамның заңды өкiлiне хабарланады. 
 

      4. Адам өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiрмейтiн жағдайда психиатриялық куәландыру туралы арыз жазбаша түрде берiлуге, онда мұндай куәландырудың қажет екенiн негiздейтiн толық мәлiметтер және ол адамның немесе оның заңды өкiлiнiң психиатр-дәрiгерге көрiнуден бас тартатыны туралы деректер болуға тиiс. Психиатр-дәрiгер шешiм қабылдау үшiн қажеттi қосымша мәлiметтер сұратып алуға құқылы. Психиатр-дәрiгер арызды осы Заңның 23-бабының 5-тармағындағы 2) және 3)-тармақшаларда көзделген жағдайлардың болуын дәлелдейтiн деректер жоқ екенiн анықтап, психиатриялық куәландырудан дәлелдi себеппен жазбаша түрде бас тартады. 

       26-бап. Амбулаториялық психиатриялық жәрдем түрлерi

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамға амбулаториялық психиатриялық жәрдем медициналық айғақтарға қарай консультация беру, емдеу немесе диспансерлiк бақылау түрiнде көрсетiледi. 
 

      2. Консультациялық-дәрiгерлiк жәрдемдi психиатр-дәрiгер адам өз бетiмен өтiнiш жасағанда оның өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша, кәмелетке толмаған адамға оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша көрсетедi. 
 

      3. Осы Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген реттерде психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiне қарамастан диспансерлiк бақылау белгiлену мүмкiн және ол психиатр-дәрiгердiң тұрақты тексерiп тұруы арқылы оның психикалық денсаулық жағдайын бақылауды, оған қажеттi медициналық және әлеуметтiк жәрдем көрсетудi көздейдi. 

       27-бап. Диспансерлiк бақылау

      1. Психикасының бұзылуы тұрақты және созылмалы болып, ауыр, өзгермейтiн сипат алған, көбiне асқынған ауру көрiнiстерiне ұштасатын адамға диспансерлiк бақылау белгiленуi мүмкiн. 
 

      2. Диспансерлiк бақылауды белгiлеу қажет екенi туралы және оны тоқтату туралы мәселенi шешудi амбулаториялық психиатриялық жәрдем көрсететiн психиатриялық ұйымның әкiмшiлiгi тағайындайтын психиатр-дәрiгерлер комиссиясы немесе денсаулық сақтау органы тағайындайтын психиатр-дәрiгерлер комиссиясы қабылдайды, комиссияда кемiнде үш дәрiгер болуы керек. 
 

      3. Психиатр-дәрiгерлер комиссиясының дәлелдi шешiмi медициналық құжаттамаға жазылып ресiмделедi. Диспансерлiк бақылауды белгiлеу немесе тоқтату туралы шешiмге осы Заңмен белгiленген тәртiп бойынша шағым жасалуы мүмкiн. 
 

      4. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам сауыққан немесе оның психикалық жай-күйi айтарлықтай әрi тұрақты жақсарған жағдайда бұрын белгiленген диспансерлiк бақылау тоқтатылады. Диспансерлiк бақылау тоқтатылғаннан кейiн сол адамның өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша, не оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша психиатриялық жәрдем консультация және емдеу түрiнде көрсетiледi. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам психикалық жай-күйi өзгерген кезде осы Заңның 23-25 баптарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiнiң келiсiмiнсiз немесе заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз куәландырылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда психиатр-дәрiгерлер комиссиясының шешiмi бойынша диспансерлiк бақылау қайта жалғастырылуы мүмкiн. 

       28-бап. Психиатриялық стационарға орналастыру негiздерi

      1. Адам психикасының бұзылуы мен психиатр-дәрiгердiң оған тексеру жүргiзу немесе стационар жағдайында емдеу туралы шешiмi немесе сот ұйғарымы оны психиатриялық стационарға орналастыру үшiн негiз болып табылады.
 

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу қажет екендiгi де психиатриялық стационарға орналастыру үшiн негiз бола алады. 
 

      3. Осы Заңның 29-бабымен көзделген реттердi қоспағанда, адамды психиатриялық стационарға орналастыру оның өтiнiшi бойынша немесе оның жазбаша келiсiмiмен ерiктi түрде жүзеге асырылады. 
 

      4. Кәмелетке толмаған адам психиатриялық стационарға ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келiсiмi бойынша орналастырылады. 
 

      5. Заңмен белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адам психиатриялық стационарға оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келiсiмi бойынша орналастырылады. 
 

      6. Заңды өкiлi қарсы болған немесе өзге заңды өкiлi болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамды психиатриялық стационарға орналастыру қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады, ол жөнiнде сотқа шағым жасалуы мүмкiн. 
 

      7. Адамды ауруханаға салуға алынған келiсiм медициналық құжаттамаға жазылып ресiмделедi, оған сол адам немесе оның заңды өкiлi және психиатр-дәрiгер қол қояды. 

       29-бап. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде
                орналастыру үшiн негiздер

      Психикасының бұзылуы асқынған адамды ауруханаға тексеру және емдеу үшiн оның келiсiмiнсiз және оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз ерiксiз түрде салып, кейiннен прокуратура органдарына хабарлау: 
 

      1) оның өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiруiне; 
 

      2) оның дәрменсiздiгiне, яғни тиiстi күтiм болмаған кезде негiзгi тiршiлiк қажеттерiн өз бетiнше қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiне; 
 

      3) егер адам психиатриялық жәрдемсiз қалдырылатын болса психикалық жай-күйiнiң нашарлауы салдарынан оның денсаулығына елеулi зиян келуiне байланысты жасалады. 

       30-бап. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде
                орналастырылған адамдарды куәландыру

      Осы Заңның 29-бабымен көзделген негiздер бойынша психиатриялық стационарға орналастырылған адамды психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы 48 сағат iшiнде мiндеттi түрде куәландыруға тиiс, ол ауруханаға салудың негiздiлiгi туралы шешiм қабылдайды. Ауруханаға салу негiзсiз деп танылып, орналастырылушы адам психиатриялық стационарда қалуға тiлек бiлдiрмесе, ол дереу шығарылуға тиiс. 

       31-бап. Ауруханаға ерiксiз түрде салуды ұзарту

      1. Адамның психиатриялық стационарда ерiксiз түрде ұсталуы оны ауруханаға салу жөнiндегi негiздер сақталатын уақыт iшiнде ғана жалғастырылады. 
 

      2. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде орналастырылған адамды алғашқы алты ай iшiнде оның ауруханада болу мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу үшiн психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы кемiнде айына бiр рет куәландырып отыруға тиiс. Ауруханада болу мерзiмiн алты айдан астам уақытқа ұзарту Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен психиатр-дәрiгерлер комиссиясының өтiнiшi негiзiнде сот шешiмi бойынша жүргiзiледi. 
 

      3. Ауруханаға ерiксiз түрде салынған адамды кезектен тыс куәландыру пациенттiң өзiнiң немесе оның заңды өкiлiнiң, адвокаттың тiлегi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.

       32-бап. Ауруханаға ерiксiз түрде салу туралы мәселе
                бойынша сотқа жүгiну

      Ауруханаға ерiксiз салумен келiспеген жағдайда психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам немесе оның заңды өкiлi сотқа жүгiне алады.

       33-бап. Заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе келiсiмi
                бойынша психиатриялық стационарға
                орналастырылған кәмелетке толмағандарды және
                iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдарды
                куәландыру

      1. Заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келiсiмi бойынша психиатриялық стационарға орналастырылған кәмелетке толмаған адамды және заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамды осы Заңның 30-бабымен көзделген тәртiп бойынша психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы мiндеттi түрде куәландыруға тиiс. 
 

      2. Бұл адамдарды ауруханада болу мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу үшiн алғашқы алты ай iшiнде кемiнде айына бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясы куәландырып отыруға тиiс. Ауруханада болу мерзiмiн алты айдан астам уақытқа ұзарту Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен психиатр-дәрiгерлер комиссиясының өтiнiшi негiзiнде сот шешiмi бойынша жүргiзiледi. 
 

      3. Психиатр-дәрiгерлер комиссиясы немесе психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi кәмелетке толмаған адамның немесе заңмен белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның заңды өкiлдерi оларды ауруханаға салғанда қиянат жасауға жол берiлгенiн анықтаған жағдайда психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi бұл туралы қамқорлыққа алынған адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды. 

       34-бап. Психиатриялық стационардағы пациенттердiң
                құқықтары

      1. Психиатриялық стационарға орналастырылған пациентке оның құқықтары мен стационарда белгiленген ережелер оның өзi бiлетiн тiлде түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы медициналық құжаттамаға жазба жасалып, кейiннен заңды өкiлiне хабарланады. 
 

      2. Психиатриялық стационарда емделiп немесе тексерiлiп жатқан пациенттердiң бәрi: 
      1) емделу, тексерiлу, психиатриялық стационардан шығу және осы Заңмен берiлген құқықтарының сақталуы мәселелерi бойынша тiкелей бас дәрiгерге немесе бөлiмше меңгерушiсiне өтiнiш жасауға, мемлекеттiк органдар мен адвокатқа шағымдар және арыздар беруге, адвокатпен және дiни қызметшiмен оңаша кездесуге, дiни салттарды орындауға, дiни қағидаларды сақтауға; 
 

      2) газеттер мен журналдарды жаздырып алуға; 
 

      3) егер пациент 18 жасқа толмаған болса, жалпы бiлiм беретiн мектептiң немесе интеллектiлiк дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептiң бағдарламасы бойынша бiлiм алуға; 
 

      4) егер пациент өндiрiстiк еңбекке қатысатын болса, еңбегiнiң мөлшерi мен сапасына сәйкес басқа азаматтармен бiрдей сыйақы алуға; 
 

      5) хат-хабар алысуға; 
 

      6) сәлемдеме, бандероль, ақша аударымдарын алуға және жiберуге; 
 

      7) телефонды пайдалануға; 
 

      8) келушiлердi қабылдауға; 
 

      9) ең қажеттi заттарды ұстауға және сатып алуға, өз киiмiн пайдалануға құқылы. 
 

      3. Газеттер мен журналды жеке жаздырып алу, байланыс қызметiн және тағысын-тағыларды пайдалану олар берiлетiн пациенттiң есебiнен немесе қайырымдылық түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады. 

       35-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде
                қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шаралары

      1. Стационарлық психиатриялық жәрдемдi, ауруханаға салынған адам мен басқа адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мейлiнше аз шектеулi жағдайларда, медицина қызметкерi оның құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтай отырып жүзеге асырады. 
 

      2. Ауруханаға ерiксiз салынып, психиатриялық стационарда болған кезiнде ауруханаға салынған адамға күш қолданып қысым жасау мен оқшаулау шаралары оның өзiне немесе басқа адамдарға тiкелей қауiп төндiретiн iс-әрекетiн, психиатр-дәрiгердiң пiкiрiнше, өзге әдiстермен тыю мүмкiн болмаған кезде қолданылады және медицина қызметкерiнiң тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып қысым жасау немесе оқшаулау шараларының түрлерi мен қолданылу уақыты туралы медициналық құжаттамаға жазба жасалып, оның заңды өкiлiне хабарланады. 
 

      3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi ауруханаға ерiксiз салынатын адамды ерiксiз куәландыруды жүзеге асырған кезде медицина қызметкерлерiне көмектесуге, ауруханаға салынатын адамды тексеру мақсатымен оның қасына бару үшiн қауiпсiз жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi. Ауруханаға салынған, ауруханаға салынуға тиiс адам (адамдар) тарапынан айналадағыларының өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрiлетiн жағдайларда құқық қорғау органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен iс-қимыл жасайды. 

       36-бап. Психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi мен
                медицина қызметкерлерiнiң мiндеттерi

      Психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi мен медицина қызметкерлерi пациенттер мен олардың заңды өкiлдерiнiң осы Заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыру үшiн мынадай жағдайлар жасауға: 
 

      1) психиатриялық стационарда жатқан пациенттердi қажеттi медициналық жәрдеммен, сондай-ақ ұйымның санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз етуге; 
 

      2) психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамға немесе оның заңды өкiлiне осы Заңның мәтiнiн, психиатриялық стационардың iшкi тәртiп ережелерiн, пациенттердiң құқықтары бұзылған жағдайда жүгiнуге болатын мемлекеттiк және қоғамдық органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың мекен-жайы мен телефондарын беруге; 
 

      3) пациенттердiң хат-хабар алысуы, мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ адвокатқа шағымдар мен арыздар жiберуi үшiн жағдайларды қамтамасыз етуге; 
 

      4) пациент психиатриялық стационарға ерiксiз түрде түскен кезден бастап 24 сағат iшiнде оның заңды өкiлiне немесе өзiнiң айтуымен өзге де адамға хабарлауға; 
 

      5) пациенттiң туыстарын немесе заңды өкiлiн, сондай-ақ оның көрсетуiмен өзге де адамды оның денсаулық жағдайындағы өзгерiстер мен басынан өткен төтенше жағдайлар туралы хабардар етуге; 
 

      6) стационарда жатқан пациенттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сәлемдемелер мен берiп жiберiлген заттарды бақылап отыруға; 
 

      7) дiндар пациенттерге психиатриялық стационарда жатқан басқа пациенттердiң мүдделерi үшiн дiни салт-жораларды орындау кезiнде сақталуға тиiстi ережелердi және дiни қызметшiлердi шақыру тәртiбiн түсiндiруге, дiндарлар мен атеистердiң ождан бостандығына құқығын жүзеге асыруына жәрдемдесуге; 
 

      8) осы Заңмен белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi. 

       37-бап. Психиатриялық стационардан шығару

      1. Пациент психиатриялық стационардан сауыққан немесе оның психикалық жай-күйi стационарда одан әрi емдеудi қажет етпейтiндей жақсарған, сондай-ақ стационарға орналастыру үшiн негiз болған тексеру немесе сараптама аяқталған жағдайда шығарылады. 
 

      2. Психиатриялық стационарда өз еркiмен жатқан пациент одан өзiнiң жеке арызы, оның заңды өкiлiнiң арызы бойынша немесе оны емдеушi дәрiгердiң шешiмi бойынша шығарылады. 
 

      3. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде орналастырылған пациент одан психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы бойынша шығарылады. 
 

      4. Соттың ұйғарымы бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған пациенттiң шығарылуы сот ұйғарымы бойынша ғана жүзеге асырылады. 
 

      5. Психиатриялық стационарға өз еркiмен орналастырылған пациенттiң, егер психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы оны осы Заңның 29-бабымен көзделгендей ауруханаға ерiксiз түрде салу негiздерiн анықтайтын болса, одан шығарылуынан бас тартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда оның психиатриялық стационарда болуы, ауруханада ұсталуын ұзарту және стационардан шығарылуы туралы мәселелер осы Заңның 30-32-баптарымен және осы Заңның осы бабындағы 3-тармақпен белгiленген тәртiппен шешiледi. 

       38-бап. Психоневрологиялық ұйымдарға адамдарды
                орналастырудың негiздерi мен тәртiбi

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды психоневрологиялық ұйымға орналастыру үшiн туыстарының не оның заңды өкiлiнiң арызы және психиатр-дәрiгер қатысатын дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы; кәмелетке толмаған адамға - психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы; заңда белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға - психиатр-дәрiгердiң қатысуымен дәрiгерлер комиссиясы берген қорытынды негiзiнде қабылданған қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi негiз болады. Қорытындыда адам психикасының оны әлеуметтiк қамсыздандырудың мамандандырылған ұйымында болу мүмкiндiгiнен айыратындай болып бұзылғаны туралы, ал iс-әрекетке қабiлеттi адамдар жөнiнде - сот алдында оны iс-әрекетке қабiлетсiз деп тану туралы мәселе қоюға негiз болмауы жөнiндегi мәлiметтер де болуға тиiс. 
 

      2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы және қамқоршы органдар психоневрологиялық ұйымға орналастырылатын адамдардың мүлiктiк мүдделерiн қорғау үшiн шаралар қолдануға мiндеттi. 

       39-бап. Кәмелетке толмағандарды арнайы оқыту үшiн
                психоневрологиялық ұйымға орналастырудың
                негiздерi мен тәртiбi

      Кәмелетке толмаған адамды арнайы оқыту мақсатымен психоневрологиялық ұйымға жiберу үшiн адам психикасының бұзылуы негiз болады. Ол ата-анасының не оның заңды өкiлiнiң арызы және республикалық, облыстық немесе қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қорытындысының негiзiнде жiберiледi. Қорытындыда кәмелетке толмаған адамды интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептер жағдайында оқыту қажеттiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. 

       40-бап. Психоневрологиялық ұйымдарда, арнайы оқытатын
                мектептерде тұратын адамдардың құқықтары және
                осы ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi

      1. Психоневрологиялық ұйымдарда немесе арнайы оқытатын мектептерде тұратын адамдар осы Заңның 34-бабымен көзделген құқықтарды пайдаланады. 
 

      2. Психоневрологиялық ұйымның немесе арнайы оқытатын мектептердiң әкiмшiлiгi мен қызметкерлерiнiң онда тұратын адамдардың құқықтарын iске асыру үшiн жағдай жасау жөнiндегi мiндеттерi осы Заңның 36-бабымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтiк қамсыздандыру туралы және бiлiм беру туралы заңдарымен белгiленедi. 
 

      3. Психоневрологиялық ұйымның немесе арнайы оқытатын мектептердiң әкiмшiлiгi онда тұратын адамдарды бұл ұйымда одан әрi ұстау туралы, олардың iс-әрекетке қабiлетсiздiгi, медициналық және әлеуметтiк оңалуы жөнiндегi шешiмдердi қайта қарау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу мақсатымен психиатр-дәрiгердiң, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қатысуымен дәрiгерлер комиссиясын тарта отырып, оларға жылына кемiнде бiр рет куәландыру өткiзедi. 

       41-бап. Психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы
                оқытатын мектептерден ауыстыру және шығару

      1. Психиатр-дәрiгердiң, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қатысуымен дәрiгерлер комиссиясы мамандандырылған психоневрологиялық ұйымда тұруға не оқуға медициналық айғақтар болмауы туралы берген қорытынды психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен жалпы үлгiдегi осындай ұйымға ауыстыру үшiн негiз болады.
 

      2. Психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен шығару:
      1) психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның өз арызы бойынша, психиатр-дәрiгердiң қатысуымен дәрiгерлер комиссиясының денсаулық жағдайы бойынша бұл адамның жеке тұра алатыны туралы қорытындысы болған кезде; 
 

      2) шығарылатын кәмелетке толмағандарды не заңда белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамды күтiп-бағуды жүзеге асыруға мiндеттенетiн ата-анасының, өзге де туыстарының немесе заңды өкiлiнiң арызы бойынша жүзеге асырылады. 

  5 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ КЕЗIНДЕ АДАМНЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ

       42-бап. Азаматтар мен үкiметтiк емес ұйымдардың
                психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам
                құқықтарының сақталуын бақылау жөнiндегi
                қызметке құқығы

      1. Азаматтар, ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, қорлар, қауымдастықтар, дiни бiрлестiктер, сондай-ақ шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге мүдделi адамдардың, олардың заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi бойынша және өз бастамасымен жәрдемдесуге бағытталған қызметiн кедергiсiз жүзеге асыруға құқылы. 
 

      2. Қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi психиатриялық немесе психоневрологиялық ұйымдардың әкiмшiлiгiмен ондағы адамдарға барып-тұру шарттарын келiсуге, оларда қолданылатын ережелермен танысуға, оларды орындауға және дәрiгерлiк құпияны жария етпеу туралы мiндеттемеге қол қоюға мiндеттi. 

       43-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адамның
                құқықтары мен бостандықтарының сақталуын
                бақылау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру

      1. Осы Заңның 42-бабында аталған мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн азаматтар мен үкiметтiк емес ұйымдар: 
 

      1) жергiлiктi, ұлттық және халықаралық үкiметтiк және үкiметтiк емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам құқықтары мен бостандықтарының проблемалары мен бұзылу фактiлерi жөнiнде арыз, өтiнiш, петиция беруге; 
 

      2) сайлау науқаны кезiнде психиатриялық және психоневрологиялық емдеу ұйымдарының жанынан құрылған сайлау учаскелерiне тәуелсiз байқаушылар ретiнде еркiн кiруге; 
 

      3) психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталу мәселелерi жөнiнде тәуелсiз, оның iшiнде халықаралық байқаушы, инспекциялық миссияларды құруға және оның қызметiне қатысуға; 
 

      4) тәуелсiз психиатр-дәрiгерлер комиссияларын құруға және оның қызметiне қатысуға; 
 

      5) психиатриялық жәрдем көрсетiлетiн адамдардың бiлiктi заң қызметiн алуына жәрдемдесуге, белгiленген рәсiмдердi сақтай отырып, олардың заңды өкiлдерi болуға; 
 

      6) аталған адамдарға олардың мәдени және дiни қажеттерiн қанағаттандыру, дiни салт-жораларды атқару iсiне жәрдемдесiп, көмек беруге; 
 

      7) арнаулы, жалпы медициналық және санаторий-курорттық емнiң, медицина, заң және өзге де мамандары мен консультанттары қызметiнiң, байланыс қызметiнiң, мерзiмдi және өзге де басылып шығатын басылымдардың, сондай-ақ медициналық айғақтар бойынша тыйым салынбаған тамақ өнiмдерiнiң, гигиена және жеке пайдаланылатын заттардың ақысын қоса алғанда, аталған адамдарға қайырымдылық көмек көрсетуге құқылы. 
 

      2. Азаматтар мен үкiметтiк емес ұйымдар (бiрлестiктер, қауымдастықтар) осы Заңның 42-бабында аталған өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа нысандарда да жүзеге асыруға құқылы. 
       Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  6 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУДI ЖӘНЕ ОНЫ КӨРСЕТКЕН
КЕЗДЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДIҢ
МЕМЛЕКЕТТIК КЕПIЛДIКТЕРI. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ
ЖӨНIНДЕГI ҚЫЗМЕТТI БАҚЫЛАУ

       44-бап. Психиатриялық жәрдемнің толық және сапалы
                көрсетiлуiнiң мемлекеттiк кепiлдiктерi

      1. Мемлекет меншiк нысандарына қарамастан психиатриялық және психоневрологиялық ұйымдар, оның iшiнде жеке жұмыс iстейтiн психиатр-дәрiгерлер көрсететiн психиатриялық жәрдемнің толық және сапалы болуына: 
 

      психиатр-дәрiгерлердi кәсiби даярлау және қайта даярлау жүйесi мен психиатриялық практикамен айналысу құқығына лицензиялар беру; 
 

      емдеудiң және психиатриялық жәрдем көрсетудiң әдiстерi мен құралдарының бiрыңғай жүйесiн қолдану; 
 

      психиатр-дәрiгерлер мен психоневрологиялық ұйымдардың кәсiби қызметiн мемлекеттiк бақылау жүйесi; 
 

      психиатриялық және психоневрологиялық емдеу ұйымдары жанындағы құқықтық көмек пен заң көмегiнiң жүйесi арқылы кепiлдiк бередi.
 

      2. Психиатр-дәрiгерлердiң, психиатриялық және психоневрологиялық ұйымдардың кәсiби қызметiне мемлекеттiк бақылауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi шегiнде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
       Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       45-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде заңдылықтың
                және адам құқықтарының сақталу кепiлдiктерi

       Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде заңдылықтың және адам құқықтарының сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратура органдары жүзеге асырады.

       46-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

       47-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады