Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 3 шiлде N 148-I

      1996 жылғы 1 қаңтарда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға
қосарланған салық салуды жою және салық төлеуден жалтаруға жол
бермеу туралы
Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 2, 19-құжат)
(1999 жылғы 3 сәуірде күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 82 бет)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі табыс пен капиталға қосарланған салық салуды жою және салық төлеуден жалтаруға жол бермеуге ниет білдіре отырып,
      мынаған келісті:

1-бап
Келісім қолданылатын тұлғалар

      Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденті болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Келiсiм қолданылатын салықтар

      1. Осы Келiсiм алу әдiстерiне қарамастан әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның жергiлiктi өкiмет органдарының атынан алынатын табыс пен капиталға салынатын салықтарға қолданылады.
      2. Табыстың жалпы сомасынан немесе капиталдың жалпы сомасынан яки табыстың немесе капиталдың жеке элементтерiнен алынатын барлық салық түрлерi, соның iшiнде жылжитын және жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға салынатын салықтар, кәсiпорындар төлейтiн жалақы мен еңбек ақының жалпы сомасынан алынатын салықтар, сондай-ақ капитал құнының ұлғаюынан алынатын табыстарға салынатын салықтар табыс пен капиталға салынатын салықтар болып есептеледi.
      3. Келiсiм қолданылатын қазiр алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
      а) Қазақстан Республикасы жағдайында:
      (i) заңды және жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;
      (іi) заңды және жеке тұлғалардың мүлкiне салынатын салық;
      (бұдан әрi "Қазақстан салықтары" деп аталады);
      б) Иран Ислам Республикасы жағдайында:
      (i) заңды және жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;
      (іi) заңды және жеке тұлғалардың мүлкiне салынатын салық;
      (бұдан әрi "Иран Ислам Республикасының төте салықтары" деп аталады).
      4. Келiсiм, сондай-ақ осы Келiсiмге қол қойған күннен кейiн қолданылып жүрген салықтарға немесе солардың орнына қосымша алынатын бiрдей немесе iс жүзiнде ұқсас кез-келген салықтарға қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары өздерiнiң тиiстi салық заңдарына енгiзiлетiн кез-келген елеулi өзгерiстер жайында бiр-бiрiн хабардар етiп отыратын болады.

3-бап
Жалпы айқындамалар

      1. Егер контекстен басқадай мағына тумайтын болса, осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      а) мына терминдер:
      (i) "Қазақстан Республикасы" терминi Қазақстан Республикасын бiлдiредi және жағырапиялық мағынасында қолданылғанда "Қазақстан" терминi халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан белгiлi бiр мақсаттар үшiн егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын және Қазақстан салықтарын реттейтiн заңдар қолданылатын аумақты қамтиды;
      (ii) "Иран Ислам Республикасы" терминi Иран Ислам Республикасының егемендiгiндегi аумақты бiлдiредi;
      б) "Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi контекске байланысты Қазақстанды немесе Иран Ислам Республикасын;
      в) "тұлға" терминi жеке тұлғаны, компанияны немесе тұлғалардың кез-келген басқа да бiрлестiгiн бiлдiредi;
      г) "компания" терминi салық салу мақсаттары үшiн корпоративтiк құрылым ретiнде қарастырылатын кез-келген корпоративтiк құрылымды немесе кез-келген экономикалық бiрлiктi бiлдiредi;
      д) "тiркелген офис" терминi екi Уағдаласушы Мемлекеттiң тиiстi заңдары бойынша тiркелген және құрылған бас офистi бiлдiредi;
      е) "Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" және "басқа Уағдаласушы мемлекеттiң кәсiпорны" терминi тиiсiнше Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды бiлдiредi;
      ж) "халықаралық тасымал" терминi теңiз, өзен, әуе, жер немесе темiр жол көлiгi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң пункттерi арасында ғана пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны пайдаланатын теңiз, өзен, әуе, жер немесе темiр жол көлiгiмен жүзеге асырылатын кез-келген тасымалды бiлдiредi;
      з) құзырлы орган" терминi:
      (i) Қазақстан жағдайында: Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн бiлдiредi.
      (ii) Иран Ислам Республикасы жағдайында: Экономикалық iстер мен қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн;
      и) "ұлттық тұлға" терминi:
      (i) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығы бар кез-келген жеке тұлғаны;
      (іi) өзiнiң мәртебесiн Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдары негiзiнде алған кез-келген заңды тұлғаны бiлдiредi;
      к) "капитал" терминi жылжитын және жылжымайтын мүлiктi бiлдiредi және акцияларды немесе мүлiктiк құқықтарды қуаттайтын басқа да құжаттарды, вексельдердi, облигацияларды яки басқа да борыштық мiндеттемелердi, сондай-ақ патенттердi, тауар белгiлерiн, авторлық құқықтарды немесе өзге де осындай құқықты яки мүлiктi бiлдiредi (бiрақ мұнымен шектелiп қалмайды).
      2. Уағдаласушы Мемлекет кез-келген уақытта Келiсiмдi қолданғанда онда айқындалмаған қандай да болмасын термин, егер контекстен басқадай мағына тумаса, осы Келiсiм қолданылатын салықтар жөнiнде осы Мемлекеттiң заңдары бойынша ол сол кезде қандай мағынада пайдаланылса, сондай мағынаға ие болады.

4-бап
Резидент

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн "Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi осы Мемлекеттiң заңдары бойынша өзiнiң тұрғылықты жерi, резиденттiгi, тiркелу орны, құрылу орны немесе осындай сипаттағы кез-келген басқа өлшем негiзiнде онда салық салынуға тиiс кез-келген тұлғаны бiлдiредi.
      Алайда бұл термин тек осы Мемлекеттегi көздерден алынатын табысқа немесе онда орналасқан капиталға байланысты ғана осы Мемлекетте салық салынуға тиiс кез-келген тұлғаны қамтымайды.
      2. 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылатын жағдайда оның мәртебесi былай айқындалады:
      а) ол өзiнiң меншiгiне жататын тұрақты баспанасы орналасқан Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi; егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты баспанасы болса, ол барынша тығыз жеке және экономикалық байланыстары (өмiрлiк мүдделер орталығы) бар Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      б) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы бар Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiреуiнде де өзiнiң иелiгiндегi тұрақты баспанасы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      в) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын немесе олардың бiреуiнде де тұрмайтын болса, ол өзi азаматы болып отырған Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;
      г) егер ол Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де азаматы болса немесе бiреуiнiң де азаматы болмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары мәселенi өзара келiсе отырып шешедi.
      3. Егер 1-тармақтың ережелерiне байланысты себеппен жеке адамнан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болса, онда ол өзiнiң тiркелген офисi орналасқан Мемлекеттiң резидентi болып есептеледі.

5-бап
Тұрақты мекеме

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн "тұрақты мекеме" терминi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметi толық немесе iшiнара жүзеге асыратын тұрақты қызмет орнын бiлдіреді.
      2. Атап айтқанда, "тұрақты мекеме" терминi мыналарды қамтиды:
      а) басқару орны;
      б) бөлiмше;
      в) кеңсе;
      г) тауарлар немесе бұйымдар сатуды жүзеге асырушы қойма мен көрме;
      д) фабрика;
      е) шеберхана; және
      ж) шахта, мұнай немесе газ скважинасы, кенiш немесе табиғи ресурстар өндiретiн басқа да кез-келген орын.
      3. "Тұрақты мекеме" терминi сондай-ақ мыналарды қамтиды:
      а) егер мұндай алаң немесе объектi 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс iстеп тұрған немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлген болса ғана құрылыс алаңы яки құрылыс, монтаждау немесе құрастыру объектісі не болмаса осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер, және
      б) осылай пайдалану 12 айдан астам уақыт бойы созылса немесе осындай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе ғана табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын (ехрlоrаtiоn) қондырғы яки құрылыс немесе осы жұмыстардың орындалуын қадағалауға байланысты қызметтер не болмаса табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы немесе кеме;
      в) егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе соған байланысты жоба үшiн) ел шеңберiнде 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе ғана резидент осындай мақсаттар үшiн жалдаған қызметшiлер немесе басқа да қызметкерлер арқылы резиденттер көрсететiн қызметтер, соның iшiнде консультациялық қызметтер.
      4. Осы баптың алдыңғы ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi қызметiнiң мына түрлерi тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылмайтын қызмет ретiнде қарастырылады:
      а) құрылыстарды кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды тек сақтау немесе көрсету мақсаттары үшiн ғана пайдалану;
      б) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын тек сақтау немесе көрсету мақсаттары үшiн ғана ұстау;
      в) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорын тек өзге кәсiпорынның ұқсату мақсаттары үшiн ғана ұстау;
      г) тұрақты қызмет орнын тек тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн немесе кәсiпорынға арналған ақпарат жинау үшiн ғана ұстау;
      д) тұрақты қызмет орнын тек жарнама қызметiмен айналысу, ақпарат беру мақсаттары үшiн, ғылыми зерттеулер, дайындық немесе көмекшi сипаттағы кез-келген басқа қызмет үшiн ұстау;
      е) тұрақты қызмет орнының осындай амал нәтижесiнде туындаған жиынтық қызметi дайындық немесе көмекшi сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын а) тармақшасынан е) тармақшасына дейiн көрсетiлген қызмет түрлерiнiң кез-келген амалын жүзеге асыру үшiн ұстау.
      5. 1 және 2-тармақтардың ережелерiне қарамастан, егер 6-тармақ қолданылатын тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпорын атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекетте әдетте кәсiпорын атынан келiсiм шарттар жасауға өкiлеттiгi болса, онда бұл кәсiпорын осы тұлға кәсiпорын үшiн жүзеге асыратын кез-келген қызмет жөнiнде осы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылады, бiрақ осындай тұлғаның 4-тармақта көрсетiлген, тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырылған күннiң өзiнде осы тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелерiне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмайтын қызметпен шектелетiн жағдай бұған қосылмайды.
      6. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны кәсiпкерлiк қызметiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез-келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшiн ғана, егер осындай тұлғалар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет жасаған жағдайда, сол басқа Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды.
      7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе яки осы басқа Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы (не болмаса тұрақты мекеме арқылы не болмаса басқадай жолмен) осы компаниялардың бiрiн екiншiсiнiң тұрақты мекемесiне айналдырмайды.

6-бап
Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алған табысқа (соның iшiнде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алған табысқа) осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi қаралып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез-келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықтарды, жер меншiктiлiгiне қатысты жалпы құқық ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiк узуфруктын және минералдық ресурстарды, мұнай немесе газ скважиналарын, кенiштердi және басқа да табиғи қазбаларды өндiрудiң басқа да орындарын игеру немесе игеру құқығы, ағаш материалдары яки басқа да ағаш өнiмi үшiн өтемақы ретiндегi өзгермелi немесе кесiмдi төлемдерге арналған құқықтарды қамтиды. Теңiз, өзен, әуе кемелерi немесе автомобиль және темiр жол көлiгi жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез-келген басқа жолмен пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
      4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелерi, сондай-ақ кәсiпорынның жылжымайтын мүлкiнен алынатын табысқа және тәуелсiз жеке қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табысқа қолданылады.

7-бап
Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналыспаса, осындай кәсiпорнының пайдасына тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      Егер кәсiпорын, жоғарыда айтылғанындай, кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын болса, онда кәсiпорынның пайдасына басқа Мемлекетте салық салынуы, бiрақ мыналарға:
      а) осындай тұрақты мекемеге;
      б) тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарлармен немесе бұйымдармен бiрдей немесе ұқсас тауарларды немесе бұйымдарды осы басқа Мемлекетте сатуға; немесе
      в) өзiнiң сипаты жөнiнен осындай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметпен сәйкес келетiн немесе ұқсас осы басқа мемлекетте жүзеге асырылатын басқа кәсiпкерлiк қызметке қатысты бөлiгiнде ғана салынуы мүмкiн.
      2. 3-тармақтың ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсіпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын болса, онда осы тұрақты мекеме нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе оған ұқсас қызметпен айналысып, өзi тұрақты мекемесi болып табылатын кәсiпорыннан мүлдем дербес әрекет жасағанда алуы мүмкiн пайда әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте осы тұрақты мекемеге жатқызылады.
      3. Тұрақты мекеменiң пайдасын айқындау кезiнде шығындарды, соның iшінде басқару және жалпыәкiмшiлiк шығындарды шегерiп тастауға болады, егер бұл шығындар тұрақты мекеме өзi орналасқан Мемлекетте немесе одан тысқары жерде жұмсалған-жұмсалмағанына қарамастан тұрақты мекеменiң мақсаттары үшiн олар қаншалықты дәрежеде жұмсалғанына қарай тәуелсiз кәсiпорын болып табылса ғана шегерiп тастауға болады.
      4. Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемеге қатысты пайданы кәсiпорынның жалпы пайдасын оның әр түрлi бөлiктерiне тепе-тең етiп бөлу негiзiнде айқындау қаншалықты үйреншiктi болса, 2-тармақта ештеңе де осы Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы әдеттегiдей осылай тепе-тең етiп бөлу арқылы айқындауға бөгет жасамайды. Алайда бөлудiң қабылдап алынған әдiсi нәтижесi осы бапта айтылған қағидаттарға сәйкес келетiндей болуға тиiс.
      5. Тұрақты мекеменiң кәсiпорын үшiн тауарлар немесе бұйымдар сатып алуы негiзiнде ғана осы тұрақты мекемеге әлдеқандай пайда есептелмейдi.
      6. Егер осындай тәртiптi өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себептер болмаса, тұрақты мекемеге қатысты пайда жылма-жыл бiркелкi тәсiлмен айқындалады.
      7. Егер пайда осы Келiсiмнiң басқа баптарында жеке айтылатын табыс түрлерiн қамтитын болса, онда осы баптардың ережелерi бұл баптың ережелерiне қатысты болмайды.

8-бап
Халықаралық көлiк

      Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны теңiз, өзен, әуе кемелерiн немесе автомобиль және темiр жол көлiгiн халықаралық тасымалда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

9-бап
Ассоциацияланған кәсiпорындар

      1. Егер:
      а) Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
      б) белгiлi бiр тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса;
      және әрбiр жағдайда екi кәсiпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржы қатынастарында тәуелсiз екi кәсiпорынның арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда солардың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез-келген пайда осы кәсiпорынның пайдасына қосылып, оған тиiсiнше салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны осы басқа Мемлекетте салық салынатын пайданы осы Мемлекет кәсiпорнының пайдасына қосып, тиiсiнше салық салса және осылай қосылған пайда алғашқы аталған Мемлекеттiң кәсiпорнына есептелуi мүмкiн пайда болса, егер екi кәсiпорынның арасында жасалған жағдайлар тәуелсiз, кәсiпорындардың арасындағы жағдайлардай болса, онда осы басқа Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзетулер жасайды.
      Осындай түзетулердi айқындау кезiнде осы Келiсiмнiң басқа ережелерi қаралуға тиiс және Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары қажет болған жағдайда бiр-бiрiне консультация бередi.

10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда осындай дивидендтерге, сондай-ақ дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер алушы дивидендтердiң нақты иесi болса, онда осылай алынатын салық:
      а) дивидендтердiң жалпы сомасының 5 процентiнен аспайды. Егер алушы дивидендтер төлейтiн компания капиталының кемiнде 20 процентiне тiкелей ие компания (әрiптестiк бұған қосылмайды) болып табылса;
      б) қалған барлық жағдайларда дивидендтердiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспайды.
      3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлетiн компанияның резидентi болып табылатын Мемлекеттiң заңдарына сәйкес акциялардан алынатын табыс секiлдi дәл сондай салық реттеуiне жататын басқа да корпоративтiк құқықтардан алынатын табысты білдiредi.
      4. Егер уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын дивидендтердiң нақты иесi дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып отырған басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және төленiп жүрген дивидендтерге қатысы бар холдинг шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, онда 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы басқа Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг шын мәнiнде осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болатын жағдайды қоспағанда, компания төлейтiн дивидендтерге қандай да болсын салық сала алмайды, егер төленетiн дивидендтер немесе бөлiнбеген пайда осындай басқа Мемлекетте туындайтын пайдадан яки табыстан толық не болмаса iшiнара тұрған күннiң өзiнде де компанияның бөлiнбеген пайдасына салық сала алмайды.
      6. Осы Келiсiмде ештеңе де, осындай қосымша салықтың жалпы сомасы пайдаға салынатын салықты шегерiп тастағанда пайдаға салынатын салық салынуға тиiс тұрақты мекеменiң таза пайдасының 5 процентiнен аспайтын жағдайда, Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетiн салыққа қосымша ретiнде осы Мемлекеттегi тұрақты мекемеге қатысты компанияның пайдасына айрықша салық салуға бөгет болатын тосқауыл ретiнде пайымдалуға тиiс емес.

11-бап
Проценттер

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда мұндай проценттерге, сондай-ақ олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер алушы проценттердiң нақты иесi болса, онда осылай алынған салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспайтын болады.
      3. 2-тармақтың ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болған және Yкiмет, министрлiктер, басқа да Мемлекеттiк институттар, жергiлiктi өкiмет органдары, Орталық Банк пен басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң Yкiметiне толық тиесiлi басқа да банктер алған процентте алғашқы аталған Мемлекетте салықтан босатылады.
      4. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылған кезде кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген, борышкерлердiң пайдасына қатысу құқығын беретiн немесе бермейтiн қандай да болсын борыш талаптарынан алынатын табысты және, атап айтқанда, үкiметтiң бағалы қағаздарынан алынатын табысты және облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты, соның iшiнде осы бағалы қағаздар, облигациялар яки борыштық мiндеттемелер бойынша төленетiн сыйақылар мен ұтыстарды бiлдiредi, төлемдердiң уақытында жасалмағаны үшiн салынатын айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшiн проценттер ретiнде қарастырылмайды.
      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын проценттердiң нақты иесi проценттер пайда болатын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және проценттер төлеуге негiз болып отырған борыш талабы шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      6. Егер төлеушi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң өзi, оның жергiлiктi өкiмет органдары немесе осы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, проценттер осы Мемлекетте пайда болады деп есептеледi. Алайда, егер проценттер төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте проценттер төленетiн қарыз пайда база төлейтiн болса, онда мұндай проценттер осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп есептеледi.
      7. Егер проценттер төлеушi мен олардың нақты иесi арасындағы немесе сол екеуi мен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасындағы арнайы қатынастарға байланысты төлеуге негiз болып отырған борыштық талапқа қатысты проценттердiң сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда проценттер төлеушi мен олардың нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiне осы Келiсiмнiң басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.

12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және басқа Уағдаласушы мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда мұндай роялтиге, сондай-ақ ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттің заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бірақ егер алушы оның нақты иесi болып табылса, онда осылай алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауға тиiс.
      3. "Роялти" терминi осы бапта пайдаланылған кезде әдебиет, өнер және ғылым шығармаларына, соның iшiнде бағдарламалық қамтамасыз етуге, кинематографиялық фильмдерге және радио мен теледидарға арналған жазбаларға, кез-келген патентке, сауда белгiсiне, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға яки процеске кез-келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми тәжiрибеге қатысты ақпарат үшiн сыйақы ретiнде алынатын төлемдердiң кез-келген түрiн және өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе қатысты ақпарат үшiн сыйақы ретiнде алынатын төлемдердiң кез-келген түрiн және өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн төлемдердi бiлдiредi.
      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын роялтидiң нақты иесi роялти пайда болған басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты базадан онда тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және роялти өздерiне қатысты төленетiн құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда ретiне қарай 7-баптың (Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда) немесе 14-баптың (Тәуелсiз жеке қызметтер) ережелерi қолданылады.
      5. Егер төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң өзi, оның жергiлiктi өкiмет органы немесе осы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, роялти осы Мемлекетте пайда болды деп есептеледi. Алайда, егер роялти төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi ме, жоқ па - осыған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты базасы немесе тұрақты базасы болып, роялтидiң пайда болуына апарып соғатын құқық немесе мүлiк олармен шын мәнiнде байланысты болса және осындай роялтидi осы тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлеп отырса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледi.
      6. Егер роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында немесе сол екеуімен қандай да болсын басқа бiр тұлғаның арасында ерекше қатынастар болуы себептi роялти төлеуге негiз болып отырған пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты оның сомасы осындай қатынастар болмай тұрғанда роялти төлеушi мен оның нақты иесi арасында келiсiле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелерi тек соңғы аталған сомаға ғана қолданылады. Бұл жағдайда төлемнiң басы артық бөлiгiн осы Келiсiмнiң басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.

13-бап
Мүлiк құнының өсiмiнен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi 6-бапта (Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстар) айтылған және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктi шеттетуден алатын табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте иеленiп отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi шеттетуден немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң қарауындағы тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлiктен алынған табыстарға, соның iшiнде осындай тұрақты мекеменi (жеке немесе бүкiл кәсiпорынмен қоса) немесе осындай тұрақты базаны шеттетуден алынған табыстарға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз, өзен, әуе кемелерiн немесе автомобиль және темiр жол көлiгiн яки осындай теңiз, өзен, әуе кемелерiн, автомобиль және темiр жол көлiгiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi шеттетуден алған табыстарға кәсiпорынның тiркелген офисi орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi акцияларды немесе активтері негiзiнен тiкелей яки жанама түрде басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен тұратын компаниядағы басқа да корпоративтiк құқықтарды шеттетуден алған табыстарға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      5. Осының алдындағы тармақтарда көрсетiлгеннен басқа кез-келген мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға мүлiктi шеттетушi тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

14-бап
Тәуелсiз жеке қызметтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi кәсiби немесе тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметтер көрсетуден алған табысқа, егер осындай қызметтер басқа Уағдаласушы Мемлекетте көрсетiлмейтiн немесе көрсетiлмеген болса; және
      а) табыс жеке тұлға басқа Мемлекетте жүйелi түрде ие болып отырған нақты базаға қатысты алынған болса; немесе
      б) осындай жеке тұлға осы басқа Мемлекетте жалпы алғанда кез-келген дәйектi 12 айлық мерзiмнiң жалпы алғанда 183 күнiнен асып түсетiн кезеңi яки кезеңдерi бойы болып жүрсе, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
      Мұндай жағдайда қызметтерге байланысты табысқа кәсiпкерлiк пайданың сомасын анықтап, кәсiпкерлiк пайданы тұрақты мекемеге жатқызу үшiн 7-бапта айтылған қағидаттармен бiрдей қағидаттарға сәйкес осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. "Кәсiби қызметтер" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, артистiк, бiлiм беру немесе оқытушылық қызметтi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, заңгерлердiң, инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз жеке қызметiн қамтиды.

15-бап
Тәуелдi жеке қызметтер

      1. 16, 18 және 19-баптардың ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi жалданып iстеген жұмысына байланысты алған ырзықақыға, жалақыға және басқа да осындай сыйақыларға, егер жалданып жұмыс істеу басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылмаса ғана, тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер жалданып iстейтiн жұмыс осылайша жүзеге асырылса, сол жақтан алынған осындай сыйақыға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. 1-тармақтың ережелерiне қарамастан, егер:
      а) алушы осы басқа Мемлекетте тиiстi салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез-келген дәйектi 12 айлық мерзiмнiң iшiнде жалпы алғанда 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы жүрген болса; және
      б) сыйақыны басқа Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төленсе; және
      в) сыйақыны жалдаушының басқа Мемлекеттегi тұрақты мекемесi немесе тұрақты базасы төлемесе, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте жалданып iстеген жұмысына байланысты алған сыйақыға алғашқы аталған Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. Осы баптың бұның алдындағы ережелерiне қарамастан халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз, өзен, әуе кемелерiнiң бортында яки автомобиль және темiр жол көлiгiнде жалданып iстелген жұмысқа байланысты алынған сыйақыға кәсiпорынның тiркелген офисi орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

16-бап
Директорлардың сыйақылары

      Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекеттің резидентi болып табылатын компанияның директорлар кеңесiнiң немесе соған ұқсас органының мүшесi ретiнде алған директорлар сыйақыларына және басқа да осындай төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

17-бап
Артистер мен спортшылар

      1. 14 және 15-баптардың ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi театр, кино, радио немесе теледидар артисi яки сазгер секiлдi өнер қызметкерi ретiнде немесе спортшы ретiнде басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзiнiң жеке қызметiнен алған табысына осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiнiң осы сипатында жүзеге асырған жеке қызметiне қатысты табысы өнер қызметкерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа 7, 14 және 15-баптардың ережелерiне қарамастан, өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелерiне қарамастан өнер қызметкері немесе спортшы Уағдаласушы Мемлекеттердiң Yкiметтерi арасында жасалған мәдени келiсiм бойынша басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын қызметтен алған табыс осы басқа Мемлекетте салықтан босатылады.

18-бап
Зейнетақылар және басқа төлемдер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне бұдан бұрын атқарған жұмысы үшiн төленетiн зейнетақыларға және басқа да осындай сыйақыларға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Бұл ереже сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентке төленетiн өмiрлiк аннуитеттерге де қолданылады.
      2. Төленетiн зейнетақылар мен өмiрлiк аннуитеттерге және Уағдаласушы Мемлекет жүйелi түрде немесе кейде төлеп тұратын басқа да төлемдерге осы басқа Мемлекетте ғана салық салынуы мүмкiн.

19-бап
Мемлекеттiк қызметтер

      1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе ол яки оның жергiлiктi өкiмет органы құрған қорлар жеке тұлғаға осы Мемлекетке немесе жергiлiктi өкiмет органына көрсетiлетiн қызметтер жөнiнде төлейтiн зейнетақыдан басқа ырзықақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға тек осы Мемлекетте салық салынады.
      б) алайда, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi болса, ол:
      (i) осы Мемлекеттiң азаматы болып табылса; немесе
      (іi) қызметтi жүзеге асыру мақсаты үшiн ғана осы Мемлекеттiң резидентi болмаса, осындай ырзықақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. 15, 16 және 18-баптардың ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе жергiлiкті өкiмет органының кәсiпкерлiк қызметпен айналысуына байланысты жүзеге асырылатын қызметке қатысты төленетiн ырзықақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.

20-бап
Оқытушылар, студенттер және стажерлер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтары болып табылатын және басқа Уағдаласушы Мемлекетте кәсiби оқудан өтiп жатқан студент немесе тұлға, тек қана оқу яки дайындық мақсатымен жүрген стажерлер немесе зерттеушiлер өздерiнiң тұруы, оқуы немесе дайындығы мақсаттары үшiн алатын төлемдер осы Мемлекеттен тысқары жерлердегi көздерден туындайтын жағдайда бұл төлемдерге осы басқа Мемлекетте салық салынбайды.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтары болып табылатын және басқа Уағдаласушы Мемлекетте екi жылдан аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы оқыту яки ғылыми зерттеу жөнiндегi негiзгi мақсатпен жүрген оқытушылар немесе нұсқаушы дәл осылай алған сыйақы, осындай төлемдер осы мемлекеттен тысқары жерлердегi көздерден пайда болған жағдайда, осы басқа Мемлекетте оқыту немесе зерттеу жөнiндегi жеке қызметi үшiн берiлетiн оның сыйақысына салынатын салықтан босатылады.
      Бұл тармақ, егер осындай зерттеу негiзiнен жекелеген тұлғаның немесе тұлғалардың бас пайдасы үшiн жасалған болса, зерттеуден алынатын табысқа қолданылмайды.

21-бап
Басқа да табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң осы Келiсiмнiң мұның алдындағы баптарында әдейi қаралмаған табысының түрлерiне, осындай табыс түрлерi басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi көздерден алынған жағдайды Қоспағанда, тек осы Мемлекетте салық салынады. Егер осындай табыс түрлерi басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi көздерден алынса, оларға да осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер осындай табыстарды алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және табыс төленiп отырған құқық яки мүлiк осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен шын мәнiнде байланысты болса, 1-тармақтың ережелерi 6-баптың 2-тармағында белгiленген жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстардан өзге табыстарға қолданылмайды. Бұл жағдайда ретiне қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.

22-бап
Капитал

      1. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң меншiгi болып табылатын және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан 6-бапта (Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыс) аталған жылжымайтын мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгін құрайтын жылжымалы мүлiк немесе тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң қарамағындағы тұрақты базаға қатысты жылжымалы мүлік түрiнде ұсынылған капиталға осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң меншiгi болып табылатын және халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз, өзен, әуе кемелері, автомобиль және темiр жол көлiгi және осындай теңiз, өзен, әуе кемелері автомобиль және темiр жол көлiгiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiк түрiнде ұсынылған капиталға кәсiпорынның тiркелген офисi орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Акциялар немесе активтерi негiзiнен басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен тұратын компаниядағы басқа да корпоративтiк құқықтар түрiнде ұсынылған капиталға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      5. Уағдаласушы Мемлекет резидентi капиталының барлық басқа элементтерiне тек осы Мемлекетте салық салынады.

23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн табыс тапса немесе капиталға ие болса, алғашқы аталған Уағдаласушы Мемлекет:
      а) осы резиденттiң табысына салынатын салықтан осы басқа Мемлекетте төленген табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға;
      б) осы резиденттiң капиталына салынған салықтан осы басқа Мемлекетте төленген капиталға салынған салыққа тең соманы шегерiп тастауға рұқсат етеді.
      Алайда осылай шегеру екi жағдайда да осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн табысқа немесе капиталға тиiсiнше шегеру берiлгенге дейiн есептелуi мүмкiн табыс салығының немесе капиталға салынатын салықтың бөлігiнен аспайды.
      2. Егер Келiсiмнiң кез-келген ережесiне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне тиесiлi алынған табыс немесе капитал осы Мемлекетте салықтан сатылған болса, онда осы Мемлекет дегенмен де осындай резиденттiң табысының немесе капиталының қалған бөлiгiне салынатын салық сомасын есептеген кезде салықтан босатылған табысты немесе капиталды есепке алуы мүмкiн.

24-бап
Кемсiтпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы басқа Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемелерге қарағанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе соған байланысты мiндеттемеге басқа Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамайды. Бұл ереже 1-баптың ережелерiне қарамастан бiр немесе екi Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылмайтын тұлғаларға да қолданылады.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерi болып табылатын азаматтығы жоқ адамдар Уағдаласушы Мемлекеттердiң ешқайсысында да қандай да болсын салық салуға немесе Мемлекеттердiң ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салумен және соған байланысты мiндеттемелермен салыстырғанда өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты онымен байланысты қандай да болсын міндеттемелерге ұшырамауға тиiс.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте ие болып отырған тұрақты мекемеге салық салу осы басқа Мемлекетте осындай қызметпен айналысатын осы басқа Мемлекеттiң кәсiпорнына салық салудан қолайсыздау болмауға тиiс.
      4. Капиталы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резидентiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олардың тiкелей не жанама түрде бақылауында болатын Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары алғашқы аталған Мемлекеттiң басқа осындай кәсiпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салудан яки онымен байланысты кез-келген мiндеттемелерден өзгеше яки анағұрлым ауыртпалықты салық салуға немесе онымен байланысты кез-келген мiндеттемелерге алғашқы аталған мемлекетте ұшырамауы тиiс.
      5. Осы бапта ешнәрсе де әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерiне салық салу мақсаттары үшiн ол өзiнiң резиденттерiне олардың азаматтық мәртебесi немесе отбасының жағдайлары негiзiнде беретiн қандай да бiр жеке жеңiлдiктердi, босатулар мен шегерулердi беруге мiндеттейтiндей мағынада пайымдалуға тиiс емес.

25-бап
Өзара келiсiп алу рәсiмi

      1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi өзiн осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар етiп отыр немесе душар ететiн болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердiң ұлттық заңдарында көзделген қорғану құралдарына қарамастан өзiнiң iсiн өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның бастан кешiрген жағдайы 24-баптың 1-тармағына сәйкес келсе, өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органдарының қарауына бере алады. Арыз Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар еткен iс-әрекеттер жайлы алғашқы хабар берiлген сәттен бастап екi жыл iшiнде берiлуi тиiс.
      2. Құзырлы орган, егер ол шағымды орынды деп есептесе және өзі қанағаттандырарлық шешiмге келе алмаса, Келiсiмге сәйкес келмейтін қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында мәселенi басқа Уағдаласушы Мемлекеттің құзырлы органымен өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары Келiсiмдi пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез-келген қиындықтарды немесе күмән-күдiктердi өзара келiсе отырып шешуге ұмтылады. Олар сондай-ақ Келiсiмде көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою үшiн бiр-бiрiмен консультация өткiзе алады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары мұның алдындағы тармақтарды келiсiп және түсiнiп алуға қол жеткiзу мақсатында бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады.

26-бап
Ақпарат алысу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары осы Келiсiмнiң ережелерiн немесе салық салу әзiрше Келiсiмге қайшы келмейтiндей дәрежеде Келiсiм қолданылатын салықтарға қатысты Уағдаласушы Мемлекеттердiң iшкi заңдарын орындау үшiн қажеттi ақпарат алысып тұрады, ақпарат алысу 1-баппен шектелмейдi. Уағдаласушы Мемлекет алатын кез-келген ақпарат осы Мемлекеттiң iшкi заңдарының шеңберiнде алынған ақпарат секiлдi құпия ақпарат болып есептеледi және Келiсiм қолданылатын салықтарға қатысты шағымдарды бағалаумен немесе жинаумен, күшпен жинап алумен немесе сот қудалауымен немесе оларды қараумен айналысып жатқан тұлғаларға немесе органдарға ғана (соның iшiнде соттар мен әкiмшiлiк органдарына) хабарланады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттарда ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжiлiсi барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдаған кезде паш ете алады.
      2. Ешқандай жағдайда 1-тармақтың ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттерге:
      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары мен әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын қолдану;
      б) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары немесе әдеттегi мүлiк практикасы бойынша алуға болмайтын ақпарат беру;
      в) қандай да бiр сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны не сауда процесiн ашуы мүмкiн ақпарат немесе ашылуы мемлекеттiк саясатқа (қоғамдық практикаға) қайшы келуi мүмкiн ақпарат беру міндеттемесiн жүктейтiндей мағынада пайымдалмауға тиiс.

27-бап
Салық жинауға көмектесу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары осы бапта "табыс талабы" ретiнде аталатын осындай салықтарға қатысты проценттерiмен, шығындарымен және азаматтық айыппұлдарымен бiрге салықтар жинауда бір-бiрiне көмектесiп отыруға мiндеттенедi.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттер құзырлы органдарының табыс талабын жинауда көмек көрсету туралы өтiнiштерi осындай органның осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес табыс талабы түпкiлiктi түрде анықталғаны туралы дәлелдеменi қамтиды. Осы баптың мақсаттары үшiн, егер Уағдаласушы Мемлекет өзiнiң заңдарына сәйкес табыс талабын жинауға құқығы болса және салық төлеушi осындай жиналымды бөгеуге бұдан әрi құқығы болмаса, табыс талабы түпкiлiктi түрде анықталған болып табылады.
      3. Басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органы жинауға қабылдап алған Уағдаласушы Мемлекеттiң табыс талабын басқа Мемлекет осындай талап оның салықтарын жинауға қатысты оның заңдарының ережелерiне сәйкес түпкiлiктi түрде анықталған осы Мемлекеттiң өзiнiң табыс талабы болғаны сияқты жинап алады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органы жинаған салықтар сомасы осы бапқа сәйкес басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзырлы органына жiберiледi. Алайда, егер Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзырлы органдары басқа бiр мәселелердi ескерiп алмаған болса, салықтар жинауға көмектесуге байланысты әдеттегi шығындарды алғашқы аталған Мемлекет өтейдi және (а) осылайша жұмсалған кез-келген әдеттегi шығындарды басқа Мемлекет өтейдi.
      5. Уағдаласушы Мемлекеттiң салық төлеушi жөнiндегi табыс талабы бойынша салықтар жинауда көмек табыс талабы салық төлеушi бiр немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болмаған кезеңге қатысты болған бөлiгiнде осы бапқа сәйкес көрсетiлмейдi.
      6. 2-баптың ережелерiне қарамастан осы баптың ережелерi Уағдаласушы Мемлекет жинайтын немесе оның атынан жиналатын барлық салықтарға қолданылады.
      7. Осы бапта ештеңе де өзiнiң меншiк салықтарын жинау кезiнде қолданылатыннан өзгеше немесе оның мемлекеттiк саясатына (қоғамдық практикасына) қайшы келетiндей сипаттағы әкiмшiлiк шараларын қолдану туралы мiндеттемелердi Уағдаласушы Мемлекеттердiң қайсысына болсын күшпен таңу ретiнде пайымдалмайды.

28-бап
Дипломатиялық миссиялар мен консулдық пункттердiң мүшелерi

      Осы Келiсiмде ештеңе де дипломатиялық миссиялар мен консулды пункттер мүшелерiнiң халықаралық құқықтың жалпы нормалары берген немесе оларға арнаулы келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес берiлген салық артықшылықтарын қозғамайды.

29-бап
Күшiне енуi

      1. Осы Келiсiм Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де бекiтiлуге тиiс және бекiту туралы құжаттарды алмасу мүмкiндiгiнше қысқа мерзiм ішiнде жүзеге асырылады.
      2. Келiсiм бекiту туралы құжаттар алмасу кезiнде жүзеге асырылады және оның ережелерi:
      а) Келiсiм күшiне енетiн жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейiн алынған табыстар жөнiнде табыс көзiнен ұстап қалынатын салықтарға қатысты;
      б) басқа да салықтар, Келiсiм күшiне енетiн жылдан кейiнгi күнтiзбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейiн басталатын кез-келген салық салынатын жылы алынатын салықтарға қатысты қолданылатын болады.

30-бап
Қолданылу күшiн тоқтату

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның күшiн тоқтатпайынша күшiнде қала бередi. Әрбiр Уағдаласушы Мемлекет Келiсiм күшiн енген күннен кейiн бес жылдық кезеңнен кейiн келетiн кез-келген күнтiзбелік жылдың аяқталуынан кемiнде алты ай бұрын Келiсiмнiң қолданылу күшi тоқтату туралы дипломатиялық арналар бойынша хабарлама беру арқылы Келiсiмнiң күшiн тоқтата алады.
      Мұндай жағдайда Келiсiм:
      а) күшiн тоқтату туралы хабарлама берiлген жылдан кейiн келетiн күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе содан кейiн алынған табыс сомаларына табыс көзiнен ұстап қалынатын салықтарға қатысты; және
      б) басқа да салықтар, хабарлама берiлген жылдан кейiн келетін күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейiн басталатын кез-келген салық салу кезеңiнде алынатын салықтарға қатысты күшiн тоқтатады.
      Осыны куәландыру ретiнде өздерiнiң Yкiметтерi тиiстi дәрежеде өкiлеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.
      Алматы қаласында 1996 жылғы 1 қаңтарда қазақ, парсы, ағылшын және орыс тілдерінде екі дана етіп жасалды, және де барлық мәтіннің де күші бірдей. Пайымдауда алшақтық пайда болған жағдайда ағылшын мәтіні айқындаушы болады.

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.
      Икебаева А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады