Жосықсыз бәсеке туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 маусымдағы N 232 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы N 112-IV Заңымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2008.12.25 N 112-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. Тақырыбы және мәтініндегі сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 Заңымен.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң жосықсыз бәсеке деп танылатын iс-әрекеттердi айқындайды, жосықсыз бәсекенi болғызбаудың және оның зардаптарын жоюдың тетiгiн, сондай-ақ жосықсыз бәсеке iс-әрекеттерi үшiн жауапкершiлiктi белгiлейдi.

      1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 

      беделiн түсiру - бәсекелесiне деген сенiмдi жоюға, оның беделiне, оның тауарларының, жұмыстары мен көрсететiн қызметтерiнiң беделiне нұқсан келтiруге, абыройын түсiруге бағытталып қасақана жасалған iс-әрекет;

      бәсекелес (рынокта) қызмет көлемiнiң өзгеруi нарықтық қатынастардың басқа субъектiсiнiң рыноктық үлесiнiң кемуiне немесе өсуiне әкеп соғатын нарықтық қатынастар субъектiсi:

      контрафактық өнiм - нарықтық қатынастардың жекелеген субъектiлерiнiң жосықсыз бәсеке және тұтынушыларды адасушылыққа салу мақсатында шығарған өнiмi;

      жосықсыз бәсеке - заңды тұлғаның және (немесе) жеке адамның, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының бәсекенi жою немесе шектеу арқылы кәсiпкерлiк қызметте негiзсiз артықшылықтар алуға бағытталған кез келген iс-әрекетi (әрекетсiздiгi);

      келiсiм - тараптардың бәсекенi шектеуге немесе жоюға, кәсiпкерлiк қызметте негiзсiз артықшылықтар алуға бағытталған (тiк, көлбеу немесе аралас) кез келген шарттық қатынасы;

      нарықтық қатынастардың субъектiсi - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын және тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет айналымына қатысушы болатын заңды немесе жеке тұлға;

       монополияға қарсы орган - бәсекеге жәрдемдесу мен оны дамыту және жосықсыз бәсекенiң алдын алу, шектеу және жолын кесу жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 , 2004.12.20  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Жосықсыз бәсеке туралы заңдар

      1. Жосықсыз бәсеке туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң , осы Заңның нормаларынан және Қазақстан Республикасының соларға сәйкес шығарылатын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта жосықсыз бәсеке туралы заңдарда барынан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына, мемлекеттiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының тауар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) рыноктарында еркiн бәсекенi шектейтiн және жоятын шетелдiк жеке және заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 Заңымен.

      4-бап. Бәсекенi шектеуге немесе жоюға жол берiлмеуi

      1. Басқа кәсiпкерлердiң еркiн бәсекеге құқықтарын бұзу арқылы бәсекенi шектеуге немесе жоюға бағытталған, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын кез келген қызметке жол берiлмейдi.

      2. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, нарықтық қатынастардың жекелеген субъектiлерiнiң немесе олардың топтарының қызметi үшiн қолайлы немесе кемсiтетiн жағдайлар жасауға, бәсекенi жоюға немесе шектеуге, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерiн бұзуға бағытталған нормативтiк құқықтық және өзге де актiлер қабылдауына және (немесе) iс-әрекеттер жасауына тыйым салынады.

      3. Нарықтық қатынастар субъектiлерiне бәсекенi жоюға немесе шектеуге, сондай-ақ ұқсас қызмет түрлерiмен айналысатын нарықтық қатынастар субъектiлерiнiң қызметiне кемсiтушiлiк жағдайлар туғызуға бағытталған iс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 Заңымен.

      5-бап. Жосықсыз бәсеке түрлерi

      Жосықсыз бәсеке түрлерi мыналар:
      1) кәсiпкердiң фирмалық атауын, тауар таңбасын, қызмет көрсету белгiсiн және (немесе) өзге де коммерциялық белгiлеуiн тауар өндiрушi (жұмыс орындаушы, қызмет көрсетушi) немесе оларды сатушы жөнiнде тұтынушыларды жаңылыстыратын немесе жаңылыстыруы мүмкiн заңсыз пайдалану;

      2) бәсекелесi тауарының сыртқы безендiрiлуiн, оның фирмалық атауын, тауарының таңбалануын, тауар таңбаларын, басқа да коммерциялық белгiленуiн, сондай-ақ жарнамалық материалдарын, фирмалық буып-түйiлуiн, нысанын және тауардың өзге де сыртқы безендiрiлуiн тауар өндiрушi (жұмыс орындаушы, қызмет көрсетушi) жөнiнде тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкiн етiп тiкелей қайта жасау арқылы көшiрiп алу;

      3) тауарлар (жұмыс, көрсетiлген қызмет) жөнiнде, соның iшiнде тауарлардың (жұмыстың, көрсетiлетiн қызметтiң) шығу тегi, дайындаушысы, сатушысы, сондай-ақ сапасы, тұтыну қасиеттерi, мақсаты, дайындалған әдiсi мен жерi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер мен пiкiрлердi және бәсекелесiнiң тауарларына (жұмысына, көрсеткен қызметiне) кiр келтiретiн, оның абыройы мен беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтердi тарату;

      4) бәсекелесi жоқ сатушының сатып алушыға өзiнiң сипаты немесе коммерциялық мақсаты бойынша шарт нысанасына жатпайтын қосымша сату жағдайларын тануы;

      5) басқа бәсекелестiң тауарларымен (жұмысымен, көрсететiн қызметiмен) немесе қызметiмен әдепке жатпайтын салыстырмасы бар жарнама және өзге де ақпарат тарату;

      6) жарнамалық ақпаратта тауарлардың (жұмыстың, көрсетiлетiн қызметтiң) шын қасиеттерi, сапасы және бағалары туралы мәлiметтердi қасақана бұрмалау немесе жасыру;
      7) алып тасталды
      8) алып тасталды

      9) ғылыми-техникалық, өндiрiстiк ақпарат пен коммерциялық және қызметтiк құпия болып табылатын өзге де ақпаратты оның иесiнiң келiсiмiнсiз алу, пайдалану немесе жария ету;

      9-1) демпингтiк бағаларды пайдалану арқылы бәсекеде артықшылыққа қол жеткiзу;

      10) бәсекенi жою және шектеу арқылы кәсiпкерлiк қызметте негiзсiз артықшылықтар алуға әкеп соғатын өзге де iс-әрекеттер (әрекетсiздiктер).
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 , 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      5-1-бап. Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке
                туралы заңнамасының сақталуына тексеру жүргiзу

      1. Нарық субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - тексерiлетiн субъектiлер) Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын сақтауы монополияға қарсы орган жүргiзетiн тексерудiң нысанасы болып табылады.

      2. Монополияға қарсы орган жүзеге асыратын тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлiнуi мүмкiн.
      Жоспарлы тексерулер тексерiлетiн субъектiлердiң Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын сақтауына байланысты мәселелердiң барлық кешенiн қамтиды және жылына бiр реттен жиi жүргiзiлмейдi.
      Жоспарлы тексерулер тексерiлетiн субъектiнiң орналасқан жерi бойынша немесе оның құрылымдық бөлiмшесiнiң орналасқан жерi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
      Монополияға қарсы органның басшысы жыл сайын бекiтетiн органның жұмыс жоспары жоспарлы тексеру жүргiзуге негiз болып табылады. Жоспарда тексеру жүргiзiлуi мүмкiн субъектiлердiң тiзбесi және тексеру жүргізiлетiн кезең қамтылуға тиiс.
      Жоспардан тыс тексеру - монополияға қарсы органның жоспарында көзделмеген тексеру және Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы туралы монополияға қарсы органға келiп түскен не жеке анықталған ақпаратты растау үшiн жүргiзiледi.

      3. Жоспардан тыс тексеру жүргiзуге мыналар негiз болып табылады:
      жеке және заңды тұлғалардың жосықсыз бәсекенiң нәтижесiнде өздерiнiң құқықтары бұзылғандығы туралы арызы;
      Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы туралы басқа да мемлекеттiк органдардан келiп түскен материалдар;
      монополияға қарсы органның тауар нарығын талдау, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары және өзге де мәлiметтер негiзiндегi жеке бастамасы;
      монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылуы мәселелерi бойынша зерттеу жүргiзуiнiң нәтижесi.

      4. Тексеру жүргiзу үшiн монополияға қарсы орган монополияға қарсы органның басшысы қол қойған, мөрмен куәландырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептiлiктi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi органда тiркелген қатаң есептiлiк бланкiсiндегi нұсқаманы қабылдап, тексерудi тағайындау туралы бұйрық шығарады және тексеру жүргiзу жоспарын бекiтедi.
      Тексеру жүргiзу туралы нұсқама екi данада жасалып, олар тiркеу үшiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептiліктi өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкiлетті органға табыс етiледi. Тiркеу туралы белгiсi бар бiр данасы iстiң материалдарына тiркеледi.
      Нұсқаманың құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептiлiктi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi органда тiркелгенi туралы белгiсi бар көшiрмесi, сондай-ақ тексеру жоспары тексеру жүргiзiлетiн күнi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсырылады.
      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептiлiктi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi органда тiркелгенi туралы белгiсi жоқ тексерiлетiн субъектiге тапсырылатын тексеру жүргiзiлгенi туралы нұсқаманың көшiрмесi жарамсыз болып табылады.
      Тексеру тағайындау туралы нұсқамада көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады.
      Тексеру жүргiзу үшiн монополияға қарсы орган басшысының бұйрығымен жұмыс тобының құрылуы, оның құрамы бекiтiлуi, жұмыс тобының басшысы мен басшысының орынбасары белгiленуi мүмкiн.
      Тексерiлетiн субъeкт тексеру жүргiзу туралы нұсқаманы қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу үшiн қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамы және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
      Тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себептерiнiң жазбаша негiздемесiн бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тарта алады.
      Тексеру жүргiзу туралы нұсқаманы алудан бас тарту тексерудi болдырмауға негiз болып табылмайды.

      5. Тексеру жүргiзу жоспары:
      тексеру жүргiзудiң мерзiмдерiн;
      тексеру жүргiзудiң негiзгi мiндеттерi мен мақсаттарын, оларды iске асырудың рәсiмiн;
      тексеру барысында анықталуға тиiстi мәселелердiң тiзбесi мен мән-жайлардың ауқымын;
      тексеру жүргiзу кестесiн;
      тексерiлетiн субъектiнiң ерекшелiгiне сәйкес өзге де ақпаратты қамтуға тиiс.

      6. Тексеру жүргiзудiң мерзiмi алда тұрған жұмыстардың ауқымы мен қойылған мiндеттер ескерiле отырып белгiленедi және ол тексеру жүргiзу туралы нұсқаманы құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық есептiлiктi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын уәкiлеттi органда тiркеген кезден бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
      Тексерiлетін субъект қызметiнiң ерекшелiктеріне және тексеру жұмысының ауқымдылығына байланысты тексеру заңда белгiленген мерзiмде аяқталмайтын жағдайларда, монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы монополияға қарсы органның басшысына жасалған жұмыстың нәтижелерi жазылған қызметтiк жазбаны және тексерудi ұзарту қажеттiгi туралы негiздеменi ұсынады.
      Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргiзудiң мерзiмiн ұзарту туралы бұйрық шығаруға құқылы. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргiзу туралы нұсқамаға және тексеру жоспарына тексерудi ұзарту туралы белгi қояды.
      Тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзарту күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
      Тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзарту туралы бұйрықтың көшiрмесi тiркелген күнi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсырылады.
      Тексеру нәтижелерi туралы анықтаманы тексерiлетiн субъектiге тапсырған күн тексеру жүргiзудiң мерзiмi аяқталған күн деп есептеледi, бiрақ ол тексеру жүргiзу туралы нұсқамада көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмеуге тиiс.
 

      7. Монополияға қарсы органның лауазымды адамының тексеру жүргiзген кезде:

      1) тексерiлетiн субъектiнiң аумағына және үй-жайына кедергiсiз кiруге;

      2) тексеру нысанына сәйкес тексерiлетiн субъектiнiң автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйесiне) қол жеткiзуге;

      3) тексерiлетiн субъектiнiң басшыларынан, лауазымды адамдарынан және басқа да қызметкерлерiнен тексеруге қатысты қажеттi ақпаратты, құжаттар мен олардың көшiрмелерiн, тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсiнiктемелердi сұратуға және алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарға куә адамдар болған жағдайда олардан ауызша және жазбаша түрде түсiнiктемелер алуға құқығы бар.
      Тексерiлетiн субъектiнiң басшысы және лауазымды адамдары тексеру жүргiзуге жауапты монополияға қарсы органның лауазымды адамының ауызша сауалы бойынша ақпаратты, құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн беруден бас тартқан жағдайда, оған тиiсiнше жазбаша сауал табыс етiледi. Жазбаша сауалды тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсыру мүмкiн болмаған жағдайда, ол тексерiлетiн субъектi басшысының атына жеткiзiлгенi туралы хабардар ететiн тапсырыс хатпен почта байланысы арқылы жiберiледi.
      Монополияға қарсы органға жүктелген функцияларды iске асыру үшiн қажет коммерциялық құпия ақпарат беруден бас тарту үшiн негiздеме бола алмайды.

      8. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттiк органға беру жағдайларын қоспағанда, тексеру барысында монополияға қарсы орган алған тексерiлетiн субъект туралы кез келген ақпарат таратылуға жатпайды.
      Монополияға қарсы орган тексеру жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттiк органдарының мамандарын, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар тартуға құқылы.
      Тексерудi жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарына тексеру нысанасына қатысы жоқ талаптар қоюға және өтiнiштер жасауға тыйым салынады.

      9. Тексеру жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасының бұзылғандығы анықталған жағдайда монополияға қарсы органның лауазымды адамы осы Заңға және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тексерiлетiн субъектiге қатысты тиiстi тексеру аяқталғанға дейiн шаралар қолдануға құқылы.

      10. Тексеру нәтижелерi анықтамамен рәсiмделедi, онда барлық тексерiлетiн мәселелер бойынша талдау, тұжырымдар мен ұсыныстар жазылуға тиiс және ол екi данада жасалып, оның бiреуi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсырылады.
      Тексеру нәтижелерi тексерiлген деректер мен фактiлердiң негiзiнде анықтамаға жазылады, олар тиiстi құжаттармен расталады. Құжаттармен расталмаған тұжырымдарды, ұсыныстар мен деректердi анықтамаға енгiзуге жол берiлмейдi.
      Тексеру нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасы бұзылмаған жағдайда анықтамаға тиiсiнше жазба жасалады.
      Тексеру нәтижелерi бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерiлетiн субъектiнiң басшысы оларды жазбаша түрде жазып көрсетедi.
      Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы анықтамаға қоса берiледi, ол туралы тиiсiнше белгi соғылады.
      Тексерiлетiн субъектiнiң басшысы тексерудiң нәтижелерi туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы анықтамаға тиiстi жазба жасайды.
      Тексеру жүргiзу аяқталғаннан кейiн монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы анықтаманың екiншi данасын тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсырады.
      Анықтаманы тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсыру мүмкiн болмаған жағдайда, анықтама тексерiлетiн субъектiнiң басшының атына почта арқылы тапсырылғандығы хабарланатын тапсырыс хатпен жiберiледi.

      11. Тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда, тексерiлетiн субъектi монополияға қарсы органның әрекетiне (әрекетсiздiгіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.

      12. Монополияға қарсы органның лауазымды адамының тексеру жүргiзу кезiндегi заңсыз әрекетi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Осы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк мынадай негiздер бойынша:

      1) уәкiлеттi органның осы Заңның талаптарына сәйкес берiлген нұсқамаларын орындаудан жалтарғаны үшiн;

      2) уәкiлеттi органға құжаттарды, анықтама материалдарды және басқа ақпаратты, сондай-ақ жазбаша түсiнiктемелердi бермегенi немесе көрiнеу қате немесе жалған мәлiметтердi бергенi үшiн. Анықтама материалдарды және басқа ақпаратты беру мерзiмiн уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол 15 күннен аспауға тиiс;

      3) осы Заңның 5-бабында көзделген iс-әрекеттердi (әрекетсiздiктi) жасағаны үшiн;

      4) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары лауазымды адамдарының бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға жағдай жасайтын iс-әрекеттердi жасағаны үшiн айыппұл түрiнде туындайды.

      2. Осы Заңды бұзған жағдайда нарықтық қатынастардың субъектiлерi, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзiн басқару органдары және олардың лауазымды адамдары:

      1) уәкiлеттi органның нұсқамаларына сәйкес жосықсыз бәсеке фактiсi бойынша тәртiп бұзушылықты тоқтатуға, бәсекенi жоюға немесе шектеуге бағытталған келiсiмдi (келiсiлген iс-әрекеттердi) бұзуға немесе өзгертуге және нұсқамада көзделген өзге де iс-әрекеттердi орындауға;

      2) жосықсыз бәсеке салдарынан келтiрiлген залалды (зиянды) заңдарда белгiленген тәртiппен өтеуге;

      3) жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған табысты және заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен айыппұлды мемлекеттiк бюджетке аударуға мiндеттi. Жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған табысты аудару мүмкiн болмаған жағдайда, құқыққа қарсы iс-әрекет кезеңiнде алынған, бiрақ осындай iс-әрекеттер анықталған жыл алдындағы соңғы есептiк жылдағыдан аспайтындай табыс мемлекеттiк бюджетке алып қойылады.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2000.12.15 N 125 Заңымен.

      7-бап. Монополияға қарсы органның құзыретi

      1. алып тасталды

      2. Монополияға қарсы орган :

      1) белгілi бiр тауар рыноктарындағы жосықсыз бәсеке туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдану туралы шешiмдер қабылдауға, кiнәлi тұлғаларға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын iс әрекеттердi тоқтату туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар жiберуге;

      2) жосықсыз бәсекенi тоқтату және оның салдарларын жою туралы, сондай-ақ жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған кiрiстi бюджетке аудару туралы рынок субъектiлерiнiң орындауы мiндеттi шешiмдер қабылдауға;

      3) заңды және жеке тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, олардың лауазымды адамдарынан жосықсыз бәсеке фактiлерiн қарау үшiн қажеттi ақпарат, оның iшiнде жазбаша және ауызша түсiнiктемелер сұратуға және алуға;

      4) мемлекеттiк органдарға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын заңсыз актiлердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар енгiзуге;

      5) жосықсыз бәсекенiң жолын кесу және оның салдарларын жою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде алынған кiрiстi республикалық бюджетке алып қою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде жеке кәсiпкерге немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ тұтынушыларға келтiрiлген залалды өндiрiп алу туралы, өнiмдi контрафактiлiк деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгiнуге;

      6) жосықсыз бәсеке фактiлерi жөнiндегi қылмыстардың белгiлерi бойынша қылмыстық iс қозғау туралы материалдарды құқық қорғау органдарына жiберуге;

      7) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органынан қажеттi ақпаратты сұратуға және оның ұсынылатын мерзiмiн белгiлеуге құқылы.

      3. Осы Заңды бұзушылықты жою туралы нарықтық қатынастар субъектiлерiне, мемлекеттiк органдарға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына енгiзiлген нұсқамалар, егер мұндай нұсқамаларға заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағым берiлмеген болса, орындау үшiн мiндеттi болып табылады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.12.15 N 125 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-1-бап. Ескерту. 7-1-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8-бап. Заңсыз алынған табысты алып қою және жосықсыз
             бәсеке келтiрген зиянды өтеу

      1. Жосықсыз бәсеке салдарынан заңды немесе жеке тұлғаға, сондай-ақ тұтынушыларға келтiрiлген зиян заңдарда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс. Терiс пиғылды бәсеке салдарынан нарықтық қатынастар субъектiсi алған кiрiс сот шешiмi бойынша мемлекеттiк бюджетке алынып қойылуға тиiс.

      2. Заңды бәсекенi шектеуге немесе жоюға бағытталған iс-әрекеттердi жүзеге асырғандық үшiн заң актiлерiнде белгiленген тәртiп пен мөлшерде айыппұл салынады.

      9-бап. Уәкiлеттi органның шешiмдерiне, нұсқамалары
             мен қаулыларына шағым беру тәртiбi

      Заңды тұлға немесе жеке кәсiпкерлер, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ өзге де мүдделi тұлғалар уәкiлеттi органның шешiмдерiн, нұсқамалары мен қаулыларын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тану туралы немесе әкiмшiлiк жаза қолдану жөнiндегi шешiмдердi өзгерту туралы сотқа жүгiнуге құқылы.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады