Қазақстан Республикасы Женевада 1998 жылғы 9 шілдеде қол қойылған Жұмыспен қамту саласындағы саясат туралы 1964 жылғы Конвенцияға қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
122 Конвенция
Жұмыспен қамту саласындағы саясат туралы Конвенция
Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесiнiң шақыруымен 1964 жылдың 17 маусымында өзiнiң қырық сегiзiншi сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы
Филодельфия декларациясы Халықаралық Еңбек Ұйымының әлем елдерiнде жұмыспен толық қамтылуына және тұрмыс деңгейiнiң арттырылуына қол жеткiзу мақсаты бар бағдарламаларды дүние жүзi елдерiнiң қабылдауына ықпал ететiн салтанатты түрдегi мiндеттемесiн танитынын және Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының кiрiспесiнде жұмыссыздықпен күрес жүргiзу және тұрмыс жағдайын қанағаттанарлық жалақымен қамтамасыз ету кепiлдiгi көзделетiнiн назарға ала отырып,
бұдан әрi Филодельфия декларациясы өз күшiнде экономикалық және қаржы аспектiлерiнiң осы декларацияда жарияланған "барлық адамдар нәсiлiне, сенiмi немесе жынысына қарамастан бостандық пен қадыр-қасиетi, экономикалық тұрақтылық пен тең мүмкiндiктер жағдайында өзiнiң материалдық әл-ауқатын және рухани дамуын жетiлдiруге толық құқылы" деген басты мақсаттарға сәйкес жұмыспен қамту саласының саясатына ықпалын зерттеп, талдау Халықаралық Еңбек Ұйымының мiндетiне кiретiнiн назарға ала отырып,
адамдар құқының жалпыға бiрдей декларациясында "әрбiр адамның еңбек етуге, жұмысты еркiн таңдауына, әдiлеттi және қолайлы еңбек жағдайына және жұмыссыздықтан қорғалуға құқы бар" екенi көзделетiнiн назарға ала отырып,
жұмыспен қамту саласындағы саясатқа, әсiресе 1948 жылғы жұмыспен қамту қызметтерi туралы Конвенция мен Кепiлдемеге: 1949 жылғы кәсiптiк бағдар туралы Конвенцияға, 1962 жылғы кәсiптiк оқу туралы Кепiлдеме мен 1958 жылғы еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кемсiтушiліктер туралы Конвенция мен Кепiлдемеге тiкелей қатысы бар қолданылып жүрген халықаралық еңбек қатынастары мен кепiлдемелерiн ескере отырып,
осы актілердің бәрі толық, өнімді және еркін түрде таңдап алған жұмыспен қамту негізінде экономикалық дамудың әлдеқайда кең халықаралық бағдарламасы шеңберінде енгізілуге тиіс екенін назарға ала отырып,
жұмыспен қамту саласындағы саясатқа қатысты, сессияның күн тәртібінің сегізінші тармағының бір бөлігі болып табылатын бірқатар ұсыныстарды қабылдау туралы қаулы ете отырып,
осы ұсыныстарға конвенция нысанын беруді ұйғара отырып,
1964 жылдың жұмыспен қамту саласындағы саясат туралы Конвенциясы деп аталатын төмендегі Конвенцияны бір мың тоғыз жүз алпыс төртінші жылдың шілде айының тоғызында қабылдады.
1-бап
1. Ұйымның әрбір мүшесі экономикалық өсуді ынталандыру және дамыту, жұмыс күшіне деген қажеттілікті қанағаттандыру және жұмыссыздық пен жарым-жартылай жұмыссыздықты жою мақсатында толық, өнімді және еркін еңбекті таңдап алған жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді саясатты басты мақсаты ретінде жариялап, жүзеге асырады.
2. Бұл саясаттың мынадай мақсаттары бар:
а) жұмыс іздеуші және оны орындауға әзір адамдардың бәрі үшін жұмыс болуын;
б) бұл жұмыстың барынша өнімді болуын;
с) әрбір еңбекші жұмысты еркін таңдап алуын және даярлықтан өтуін және қолынан келетін жұмысын нәсіліне, түсіне, жынысына, дініне, саяси көзқарасына, шетелдік тегіне немесе шығу тегіне қарамастан орындауын, олардың дағдылары мен қабілетін пайдалануына кең мүмкіндіктер ашылуын қамтамасыз етеді.
3. Бұл саясат экономикалық дамудың кезеңі мен деңгейін және жұмыспен қамту саласындағы мақсаттар мен басқа да әлеуметтік-экономикалық мақсаттар арасындағы өзара байланысты тиісті деңгейде ескереді, демек ол ұлттық жағдайлар мен практикаға сәйкес әдістердің көмегімен жүзеге асырылады.
2-бап
Ұйымның әрбір мүшесі ұлттық жағдайларға сәйкес келетін, осы жағдайлар мүмкіндік беретін шамадағы әдістердің көмегімен:
а) 1-бапта көрсетілген мақсаттарға жету үшін қажетті шараларды үйлестірілген экономикалық және әлеуметтік саясат шеңберінде анықтап, мерзім өткен сайын қайта қарап отырады;
б) осы шараларды қабылдау үшін қажет болатын қадамдарды қабылдайды, оған бағдарламаны әзірлеу үшін мақсатты болатын жағдайлар да енеді.
3-бап
Көзделіп отырған шараларға мүдделі ортаның өкілдері, атап айтқанда кәсіпкерлер мен еңбекшілер өкілдері осы Конвенцияны қолданған кезде жұмыспен қамту саласындағы саясатқа қатысты консультацияларға қатыстырылады, өйткені ол олардың тәжірибелері мен пікірлерін толығынан ескеру және осы саясатты тұжырымдау мен қолдауда толығынан ынтымақтаста болуына олардың келісімін алу үшін керек.
4-бап
осы Конвенцияны күшіне енгізу туралы ресми құжаттар тіркеу үшін Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберіледі.
5-бап
1. Осы Конвенция Бас Директор бекіту туралы құжаттарын тіркеген Халықаралық еңбек Ұйымының Мүшелерін ғана байланыстырады.
2. Ол Ұйымның екі Мүшесінің бекіту туралы құжаттарын Бас Директор тіркегеннен кейін 12 ай өткесін күшіне енеді.
3. Ақырында осы Конвенция Ұйымның әрбір Мүшесіне қатысты оны күшіне енгізу туралы құжат тіркелгеннен кейін 12 ай өткесін күшіне енеді.
6-бап
1. Ұйымның осы Конвенцияны бекіткізген кез-келген Мүшесі ол алғаш күшіне енгізілген күннен бастап он жыл өткесін оны бұзу туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Директорына акт жіберіп, оны тіркету арқылы бұза алады. Конвенцияны бұзу туралы акт тіркелгесін бір жылдан кейін күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны бекіткен, бірақ жоғарыдағы тармақта көрсетілген он жыл мерзімде осы бапта көзделген оны бұзу туралы өзінің құқын пайдаланбаса ол тағы да келесі он жылға созылады, демек осы Конвенцияны әрбір он жыл өткен сайын осы бапта белгіленген тәртіпте бұза алады.
7-бап
1. Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Директоры өзіне Ұйым Мүшелерін келіп түскен құжаттардың барлығының тіркелгені туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерінің бәріне хабарлайды.
2. Бас Директор бекіту туралы алынған екінші құжаттың тіркелгені туралы Ұйым Мүшелерін хабарлай отырып, олардың назарын осы Конвенция күшіне енгізілетін күнге аударады.
8-бап
Халықаралық еңбек Бюросының Бас Директоры жоғарыдағы баптың ережелеріне сәйкес тіркелген бекіту туралы құжаттарға және оны бұзу туралы актілерге қатысты деректердің бәрін Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жібереді.
9-бап
Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік Кеңесі қажет деп табатын әрбір кезде ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және оны толығынан немесе жарым-жартылай қайта қарау туралы мәселенің Конференцияның күн тәртібіне қойылуын шешеді.
10-бап
1. Егер Конференция осы Конвенцияны толығынан немесе жарым-жартылай қайта қарайтын жаңа конвенция қабылдайтын болса және жаңа конвенцияда керісінше басқадай көзделмесе, онда:
а) жаңа, қайта қарайтын конвенцияны Ұйымның қайсыбір Мүшесінің бекітуі жаңа қайта қараушы конвенция күшіне енгізілген ретте, 6-баптың ережесіне қарамастан, осы Конвенцияның өзінен өзі бұзылуына соқтырады.
б) жаңа, қайта қараушы конвенция күшіне енгізілген күннен бастап осы Конвенция оның Ұйым Мүшелері үшін жабық болады.
2. Осы Конвенция өзін бекіткен, бірақ жаңа, қайта қараушы конвенцияны бекітпеген Ұйым Мүшелеріне қатысты нысаны және мазмұны жағынан өз күшінде қалады.
11-бап
Осы Конвенцияның ағылшынша және французша мәтіндерінің күші бірдей.