Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 10 қарашадағы N 300-I Заңы

      Бакуде 1996 жылғы 16 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметінің арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен
Әзербайжан Республикасы Үкіметі
арасындағы әуе қатынасы туралы
Келісім

(Келісім 1998 жылғы 26 қарашадан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 12, 89-құжат)

      Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Әзербайжан Республикасы Үкiметi бұдан былай "Келiсушi Жақтар" деп аталады. 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қабылданған қол қоюға ашық халықаралық Азаматтық авиация туралы Конвенцияның қатысушылары ретiнде,
      ескертiлген Конвенцияға қосымша құжат ретiнде, өздерiне тиiстi аумақтар арасында және олардан сыртқары жерлерге әуе қатынасын орнықтыру мақсатымен Келiсiм жасауды қалай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Айқындамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн, контекстен басқадай мағына туындамаса:
      а) "Конвенция" атауы - 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қоюға ашылған Чикагода қабылданған халықаралық Азаматтық авиация туралы Конвенцияны бiлдiредi, және осы Конвенцияның 90 бабына сәйкес енгiзiлген кез келген Қосымша мен Конвенцияның 90 және 94-бабына сәйкес Конвенция мен Қосымшаларға енгiзiлген кез келген түзетулердi де бiлдiредi, егер сол Қосымшалар мен түзетулер екi Келiсушi Жақтармен қабылданған және бекiтiлген болса;
      б) "авиациялық билiк орындары" атауы Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақтан Республикасының Көлiк министрлiгiн, ал Әзербайжан Республикасына қатысты - "Хаваеллары" мемлекеттiк концернiн немесе осы кезде көрсетiлген органдардың мiндетiн атқаруға өкiлеттiк алған кез келген ұйымды бiлдiредi;
      в) "тағайындалған авиакәсiпорын" атауы осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес тағайындалған және өкiлеттенген авиакәсiпорынды бiлдiредi;
      г) "тариф" атауы, пошта тасымалдарының төлемақылары мен шарттарын қоспағанда, жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдаулардың құны мен орнатылған бағалардың, агенттiк қызметтер үшiн алынатын делдалдық алымдарды және басқа қосымша төлемдердi, немесе тасымал құжаттарын сатқанда төленетiн ақшаларды қоса есептегенде, нақты қолдану шарттарын бiлдiредi.
      д) "Келiсiм" атауы Осы Келiсiмдi, оның Қосымшасы мен Келiсiмге немесе Қосымшаға кез келген тузетулердi бiлдiредi;
      е) "аумақ" атауы мемлекетке қатысты, осы мемлекеттiң егемендiгiне жататын жер бетiн, су аумақтарын бiлдiредi;
      ж) "халықаралық әуе қатынасы" атауы бiр мемлекеттен артық аумақтың әуе кеңiстiгi арқылы өтетiн, әуе қатынасын бiлдiредi;
      з) "коммерциялық емес мақсаттармен аялдама жасау" атауы жолаушыларды, жүк немесе поштаны тиеу және түсiруден басқа, кез келген мақсаттар үшiн отырғызуды бiлдiредi;
      и) "тасымал көлемi" атауы мыналарды білдiредi:
      i) әуе кемесiне қатысты - бар маршрутта немесе оның бөлiгiнде ұшуларды жүзеге асыратын, осы кеменiң жүк көтерiмдiлiгi;
      ii) белгiленген әуе қатынасына қатысты - осындай әуе қатынасында пайдаланылатын әуе кемесiнiң тасымал көлемiнiң, осы әуе кемесiнiң осы кезеңде бар маршрутта немесе оның бөлiгiнде орындалатын ұшу жиiлiгіне көбейтiндiсi.

2-бап
Тасымалдау құқықтарының берілуі

      1. Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың жүйеленген халықаралық әуе жолдарына қатысты мынадай құқықтар бередi:
      а) оның мемлекетiнiң аумағы арқылы қонбастан ұшып өту құқығын;
      б) оның мемлекетiнiң аумағында коммерциялық емес мақсаттармен қоныс жасау құқығын;
      в) жоғарыда айтылған аумақтағы осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген пункттерде екiншi Келiсушi Жақтың мемлекетiнiң аумағындағы пункттерге баратын немесе пункттерден келетiн жолаушыларды, багажды, жүктi және поштаны тиеу немесе түсiру жасау құқығын;
      Қосымшада көрсетiлген маршруттар бұдан былай "келiсiлген маршруттар" деп, ал халықаралық әуе жолдары осы маршруттар бойынша "келiсiлген әуе жолдары" деп аталады.
      2. Бұл баптағы қағидалардың ешқайсысы да Келiсушi Жақтар тағайындаған авиакәсiпорнына үстеме ақы алу үшiн немесе жалдану шарттары бойынша екiншi Келiсушi Жақ аумағындағы басқа пунктке тасымалдау мақсатымен жолаушыларды, пошта мен жүктi әуе кемесiн отырғызып, тиеуге құқық бередi деп қаралмайды.

3-бап
Өкілеттіктер

      1. Әрбiр Келiсушi Жақ белгiленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалану мақсатымен екiншi Келiсушi Жақты жазбаша түрде хабардар ете отырып, бiр авиациялық кәсiпорнын тағайындауға құқылы болады.
      2. Осындай хабарландыру алған екiншi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындары, осы баптың 4 және 5 тармағындағы қағидаларға сәйкес, әрбiр тағайындалған авиация кәсiпорнының ұшуына жедел түрде рұқсатын бередi.
      3. Әрбiр Келiсушi Жақтың, екiншi Келiсушi Жақты жазбаша түрде хабардар ете отырып, осылай тағайындалған авиакәсiпорнының орнына басқасын тағайындауды талап ету құқығы болады.
      4. Әрбiр Келісушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорнынан халықаралық әуе жолдарын пайдалануда Конвенция ережелерiне сәйкес осы Келiсушi Жақта күнделiктi және орынды түрде қолданылатын заңдар мен ережелерде алдын-ала белгiленген шарттарды орындай алатын қабiлетiнiң барлығына дәлелдемелер талап ете алады.
      5. Әрбiр Келiсушi Жақ авиакәсiпорнын тағайындаған екiншi Келiсушi Жақтың, әйтпесе оның азаматтарының тағайындалған авиакәсiпорны үстiнен айырықша иелiк билiгiн жүргiзе алатындығына және пәрмендi бақылау жасай алатындығына дәлелi жоқ барлық жағдайда, ол авиакәсiпорнына осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ұшу рұқсатын беруден бас тарта алады, болмаса сол екiншi Келiсушi Жақтан тағайындалған авиация авиакәсiпорнынан осы Келiсiмнiң 2-бабында көрсетiлген құқықтарды пайдалану үстiнде қажет болады деген әрқилы шарттардың орындалуын талап ете алады.
      6. Тағайындалған және осылайша рұқсат алған авиакәсiпорны, осы Келiсiмнiң 11-бабындағы қағидаға сәйкес орнатылған тарифтер күшiне енгiзiлген жағдайда келiсiлген әуе жолдарын пайдалану iсiн бастай алады.

4-бап
Рұқсатты жою және уақытша тоқтату

      1. Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың тағайындалған авиация кәсiпорнының әуе жолдарын пайдалануға берiлген рұқсатты жоюға болмаса осы Келiсiмнiң 2-бабында көрсетiлген құқықтардың пайдалануын уақытша тоқтата тұруға, әйтпесе сол құқықтарды пайдалану үстiнде қажет болады деген әрқилы шарттардың орындалуын мынадай жағдайларда талап ете алады:
      а) авиакәсiпорнын тағайындаған Келiсушi Жақтың немесе оның азаматтарының қолында сол авиация кәсiпорнының үстiнен айырықша иелiк билiгi барлығына болмаса пәрмендi бақылау жүргiзе алатындығына сенбеген барлық жағдайларда;
      б) егер осы авиакәсiпорны өзiне сол құқықтарды берген Келiсушi Жақтың заңдары мен ережелерiн сақтамаған жағдайда;
      в) егер авиакәсiпорын қайсы-бiр себептермен болса да осы Келiсiмде жазылған талаптарды орындамаған жағдайда.
      2. Егер осы баптың 1 тармағында көрсетiлген рұқсатты жедел түрде жою, уақытша тоқтата тұру немесе тиiстi шарттардың орындалуын талап ету заңдар мен ережелердiң одан әрi де бұзылуына тыйым салу үшiн қажеттi шара болмаса, ондай құқық екiншi Келiсушi Жақпен өткiзiлетiн кеңестен кейiн барып жүзеге асады.

5-бап
Заңдар мен ережелерді қолдану

      1. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң халықаралық әуе қатынастарын пайдаланатын әуе кемелерiнiң өз аумағына кiруiн және одан шығуын, немесе ондай әуе кемесiнiң сол мемлекеттiң аумақ үстiнде ұшып-қонуын реттейтiн - заңдары мен ережелерi екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорнына да қолданылатын болады.
      2. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң өз аумағында жолаушылардың, экипаждың, багаждың, жүктiң немесе поштаның келуiн, уақытша жүрiп-тұруын және кетуiн, сонымен бiрге шетелдiктердiң кiруiн, шығуын, көшiп келуi және кету формалдылықтарын реттейтiн заңдары мен ережелерi, сондай-ақ кедендiк және санитарлық шараларын сол аумақ шегiнде жүрген кезде екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиакәсiпорны әуе кемесiмен тасымалданатын жолаушыларға, экипажға, жүкке немесе поштаға қатысты да қолданылатын болады.
      3. Келiсушi Жақтардың ешқайсысы да осы бапта қарастырылған заңдар мен ережелердi қолдануда өз авиакәсiпорнына екiншi Келiсушi Жақтың авиакәсiпорнынан артық үстемдiк құқық бере алмайды.

6-бап
Тасымалдар көлемін реттеу

      Келiсiлген жүйелi әуе қатынасында орындалатын тасымалдар көлемi мынадай талаптарға сәйкес болуы қажет:
      1. Екi Келiсушi Жақ тағайындалған авиакәсiпорнына белгiленген маршруттарда келiсiлген әуе жолдарын пайдалануда әдiл де теңдес жағдайлар жасалатын болады.
      2. Келiсiлген әуе жолдарын пайдалану кезiнде бiр Келiсушi жақтың авиакәсiпорны екiншi Келiсушi Жақтың авиакәсiпорнының мүддесiн еске ала отырып, соңғы авиакәсiпорын сол маршрутпен әуе жолын немесе оның бiр бөлiгiн пайдаланған кезiнде оған зиян келтiрмеуге тиiстi.
      3. Тасымал көлемi мен ұшу жиілiгi Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарымен реттеледi.

7-бап
Куәліктер мен растау құжаттарды тану

      1. Келiсушi Жақтардың бiрiнде берiлген немесе бар деп танылған ұшу жарамдылығы туралы куәлiктер, мамандық куәлiктерi мен растау құжаттары, олардың пәрмендiлiк мерзiмi өтпеген болса, келiсiлген әуе жолдарын пайдалану мақсатымен олар екiншi Келiсушi Жақта да қызметтiк күшi сақталады деп танылады.
      2. Дегенмен, өз аумағының үстiмен өтетiн ұшыстарға қатысты әрбiр Келiсушi Жақ өз азаматтарының қайқайсысына болсада басқа мемлекетте берiлген немесе жарамды деп танылған мамандық куәлiктерi мен растау құжаттарын танымауға өз құқықтығын сақтай алады.

8-бап
Кедендік баж салығы мен басқа да алымдардан босату

      1. Халықаралық тасымалдарда қолданылатын әрбiр Келiсушi Жақтар тағайындаған авиакәсiпорнының (-дарының) әуе кемесi, сондай-ақ олардың табельдiк құралдары, сол әуе кемесiне тиелген жанармай және жағармай материалдарының қоры, борттық қорлар (азық-түлiк тағамдары, сусындық және темекi заттарын қоса есептегенде) екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағына әкелiнгеннен кейiн барлық кедендiк баж салығынан, инспекциялық және басқадай алымдардан босатылады, әйтседе керi әкетiлген мерзiмге дейiн құралдар мен қорлар әуе кемесiнiң бортында қалуға тиiстi.
      2. Сонымен бiрге, көрсетiлген қызметтердiң төлемақыларын қоспағанда, ондай салықтардан, баждар мен алымдардан мыналар да босатылады:
      а) бiр Келiсушi Жақтың аумағында осы Келiсушi Жақпен орнатылған шектеу мөлшерiнде алынып және де екiншi Келiсушi Жақ белгiлеген маршрутпен ұшатын әуе кемесiнiң бортында қолдануға арналған борттық қорлар;
      б) бiр Келiсушi Жақтың аумағына екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорынының белгiленген маршрутпен пайдаланатын әуе кемесiн тиiстi техникалық қызметтен өткiзу және жөндеу үшiн әкелiнген қосалқы бөлшектер;
      в) бiр Келiсушi Жақтың аумағында екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнының халықаралық ұшуға пайдаланатын әуе кемесiнiң тұтынуы үшiн берiлген жанар және жағармай материалдары, тiптi бұл қорлар бiрiншi Келiсушi Жақтың аумағы шегiнде жатқан маршрут бөлiгiнде қолданылатын болса да;
      г) бiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорны пайдаланатын қажеттi құжаттары, тасымалдық құжаттары, авиациялық жүктiң қағаздары мен жарнама материалдары, сондай-ақ тағайындалған авиакәсiпорнының әуежай аумағында коммерциялық және өндiрiстiк пайдаланыс мақсатында қолданатын көлiктiк құралдары мен материалдары және құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, тек бұл материалдар мен құрал-жабдықтар жолаушыларды және жүктi әуежай аумағында тасымалдауды қамтамасыз ететiн болуы тиiстi.
      Жоғарыдағы тармақшаларда көрсетiлген а), б), в) және г) материалдар қажет болған жағдайда кедендiк әкiмшiлiктердiң бақылауына немесе қадағалауына алынуы мүмкiн.
      3. Бiр Келiсушi Жақтың әуе кемесiнiң бортындағы табельдiк құралдар, сондай-ақ материалдар мен қорлар екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында тек осы Келiсушi Жақтағы кедендiк билiк орындарының келiсiмiмен ғана түсiрiлетiн болады. Ондай жағдайда олар, керi әкетiлгенге дейiн немесе кедендiк ережелерге сәйкес басқадай қолданыс тапқанға дейiн, ескертiлген билiк орындарының қадағалауында болып жайластырылуы мүмкiн.

9-бап
Тікелей транзиттік тасымалдаулар

      1. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағы арқылы тiкелей транзиттiк түрде ұшып бара жатқан және сол мақсат үшiн бөлiнген әуежайдан ұзамайтын жолаушылар, күш көрсету актiсiне, әуе қарақшыларына және есiрткi заттарын алып өтуге қарсы қауiпсiздiк шараларын қолдану қажет болмаған кезде, бақылаудың тек жеңiл түрлерiнен өтетiн болады.
      2. Тiкелей транзиттiк багаж бен жүктер кедендiк баж салықтары мен басқадай сол сияқты салықтардың салынуынан босатылатын болады.

10-бап
Авиациялық қауіпсіздік

      1. Халықаралық заңдарда айқындалған өздерiнiң құқылары мен мiндеттерiне сәйкес, Келiсушi Жақтар бiр-бiрiне қатысты алған азаматтық авиацияның қауiпсiздiгiне заңсыз араласу актiлерiнен қорғау мiндеттерiн мақұлдайды. Халықаралық заңдарда көрсетiлген құқылары мен мiндеттерiнiң жалпылама қолданысымен шектелiп қоймай Келiсушi Жақтар, сонымен бiрге 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған әуе кемелерiнiң заңсыз басып алуға тойтарыс беру жөнiндегi Конвенцияға, 1963 жылғы 14 қыркүйегiнде Токиода қол қойылған әуе кемелерiнiң бортында жасалатын қылмыстар мен кейбiр басқа актiлер туралы Конвенцияның, және 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы жасалатын заңсыз актiлермен күресу туралы Конвенцияға, осы Конвенцияның 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация әуежайларындағы заңсыз зорлау актiлерiмен күресу туралы Қосымша Хаттама қағидаларына сәйкес қимыл-әрекет жасайтын болады.
      2. Келiсушi Жақтар өтiнiш бойынша әуе кемелерiн заңсыз басып алу актiлерiне және әуе кемелерiнiң, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен әуе-навигациялық құралдардың қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн әрқилы әрекеттерге жол бермеуде бiр-бiрiне қажеттi барлық көмегiн көрсетiп отырады.
      3. Келiсушi Жақтар өзара қарым-қатынасын Халықаралық азаматтық авиацияның Ұйымы орнатқан және Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға тiркелген Қосымшалардағы авиация қауiпсiздiгi жөнiндегi ережелерге сәйкес құрулары тиiстi, әйтседе мұндай қауiпсiздiктер жөнiндегi ережелер Келiсушi Жақтарға қолданымды болулары тиiстi. Келiсушi Жақтар әуе кемелерiне қызмет атқаратын, қызмет орны мен тұрақты тұрғындары өз аумағында болатын персоналдар мен өз аумағындағы халықаралық әуежайларда қызмет ететiн персоналдардан осындай авиация қауiпсiздiгi жөнiндегi ережелерге сай әрекет жасауларын талап ететiн болады.
      4. Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың аумағының шеңберiне ұшып бару, онда болу және одан ұшып кету үшiн қажеттi осы баптың 3-тармағында айтылған авиация қауiпсiздiгi туралы ережелермен талаптардың толық орындалуын сол әуе кемелерiне қызмет көрсететiн персоналдан екiншi Келiсушi Жақ талап ете алады дегенге келiседi. Әрбiр Келiсушi Жақ өз аумағы шеңберiнде әуе кемелерiн қорғау үшiн және жолаушыларды, экипажды, қол жүктерiн, багажды, жүктi және бортты қорларды отырғызудан немесе тиеуден бұрын, әйтпесе сол отырғызу-тиеу кездерiнде тексеру үшiн қажеттi шаралардың ұтымды қолданылуын қамтамасыз ететiн болады. Сонымен қатар, әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың нақтылы қатерге байланысты арнайы шара қолдануы туралы кез келген өтiнiшiн зор тiлектестiкпен қарап отырады.
      5. Әуе кемесiн заңсыз басып алуға байланысты немесе әуе кемесiнiң, ондағы жолаушылар мен экипаждың, аэропорттар мен басқадай аэронавигациялық құрал-аспаптардың қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге байланысты қақтығыстар немесе қақтығыс қатерi туған жағдайда, Келiсушi Жақтар өзара байланысты жеңiлдету арқылы және ондай қақтығыстарды немесе қақтығыс қатерiн тез және қауiпсiз түрде жою мақсатында басқадай тиiстi шаралар қолдану арқылы бiр-бiрiне көмектесiп отырады.
      6. Егер осы бапта көрсетiлген авиация қауiпсiздiгi туралы қағидаларды орындауда Келiсушi Жақтардың бiрi орындамайтындай болса, онда екiншi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындары сыбайлас Келiсушi Жақтың билiк орындарынан жедел Кеңес өткiзiлуiн талап ете алады.

11-бап
Тарифтер

      1. Келiсушi Жақтардың кез келген бiрiнiң мемлекетiнiң аумағына немесе аумағынан тасымалдау жасау үшiн алынатын тарифтер барлық тиiстi факторларды еске ала отырып, пайдалану шығыстарын, орынды пайданы әуе жолының сипаттамаларын және тұтынушылар мүдделерiн қоса санағанда, лайықты деңгейде орнықтырылуы тиiстi.
      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған тарифтер екi Келiсушi Жақтардың тағайындаған авиакәсiпорындарымен келiсiлетiн болады.
      3. Осы баптың 2-тармағында айтылған келiсiмдер мүмкiндiгiнше халықаралық тәжiрибеде қолданылатын iс тәртiбiн пайдалану арқылы жүзеге асатын болады.
      4. Осылайша келiсiлген тарифтер екі Келісуші Жақтың авиациялық билiк орындарының бекітуіне болжамдаған іске енгізу уақытынан 30 (отыз) күн бұрын ұсынылады; кейбір жағдайларда бұл мерзiм ескертiлген авиациялық билік орындарының өзара келiсуiмен қысқартылуы мүмкiн.
      5. Егер тағайындалған авиакәсiпорындар осы тарифтердiң қайсыбiрiн бекiту мәселесi бойынша келiсе алмаса, немесе қайсы-бiр басқадай себептермен осы баптың 2 тармағына сәйкес тарифтердi орнатуға келiсе алмаса, әйтпесе осы баптың 4 тармағына сәйкес, 30 (отыз) күндiк мерзiмнiң алғашқы 15 (он бес) күнiнiң iшiнде Келiсушi Жақтардың бiрiнiң авиациялық билiк орындары екiншi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындарына осы баптың 2-тармағына сәйкес келiсiлген тарифтердiң бiрiмен келiспейтiндiгi туралы хабар етсе, онда Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындары ол тарифтер бойынша өзара келiсiмге келуге тырысатын болады.
      6. Егер авиациялық билiк орындары осы баптың 4-тармағына сәйкес өздерiне ұсынылған қайсы-бiр тарифтi бекiту мәселесi бойынша уағдаластыққа қол жеткiзе алмаса, немесе қайсы-бiр тарифтi 5 тармаққа сәйкес анықтай алмаса, онда Келiсушi Жақтардың өздерi ондай тарифтер бойынша өзара келiсуге әрекет жасайды.
      7. Келiсушi Жақтардың әрқайсысының авиациялық билiк орындары бекiтпей тұрып тарифтер өз күшiне ене алмайды.
      8. Осы баптың қағидаларына сәйкес орнатылған тарифтер баптағы қағидалармен үйлестiрiлген жаңа тарифтер орнатылғанға дейiн өз күштерiнде қалады, дегенмен ол тарифтермен Келiсушi Жақтардың бiрi келіспейтiндiгiн мәлiмдеген күннен бастап 12 (он екi) айдан артық бұрынғы тарифтер күшiн сақтай алмайды.
      9. Әрбiр Келiсушi жақтың авиациялық билiк орындары сол авиациялық билiк орындарымен бекiтiлген тарифтердi тағайындалған авиакәсiпорындарының қолдануын қамтамасыз ету үшiн және де ешбiр авиакәсiпорны, не тiкелей, не жанама түрдегi жолдармен, сол тарифтердi ешқандай дәрежеде төмендетiп қолдануына жол бермеу үшiн қажеттi деген күштерiн салатын болады.

12-бап
Табыстарды аудару

      1. Әрбiр Келiсушi Жақ өз аумағында екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорнына жолаушыларды, багажды, пошта мен жүктердi тасымалдау кезiнде сол екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорнына түсетiн табыс пен шығыстың айырмалық сомасын ресми ақша алмастыру курсы бойынша еркiн конверсияланатын валютамен өз мемлекетiнiң аумағына аударып отыруына еркiндiк құқын бередi. Сұраныс түскен күннен кейiн тез арада, әрi кеткенде 60 (алпыс) күннен аспай, ақша аударымы жасалатын болады.
      2. Егер Келiсушi Жақтар арасында арнайы төлемдiк келiсiм болса, онда төлемi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес жүзеге асатын болады.

13-бап
Коммерциялық қызмет

      1. Әрбiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорны, екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң заңдары мен ережелерiне сәйкес, сол Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында қажеттi әкiмшiлiк, техникалық және коммерциялық персоналдары және мүлкi (сол жерге әкелiнетiн немесе сатып алынатын) бар өзiнiң өкiлдiгiн ашуға тең дәрежеде мүмкiндiк алатын болады.
      2. Әрбiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорны бұдан былай екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында тасымалдау үшiн қажеттi құжаттардың барлық түрiн шығаруда, сондай-ақ жарнамалық материалдарды шығаруда және авиабилеттердi сатуға жәрдемдесуде тең дәрежеде мүмкiндiк алатын болады.

14-бап
Алымдар ставкалары

      Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиакәсiпорнынан көрсетiлген қызметтер үшiн алынатын немесе бiрiншi Келiсушi Жақтағы құзырлы органдардың жинап алуына рұқсат етiлген алымдардың мөлшерi (ставкасы) әдiл және ақылға сиятындай болуын қамтамасыз етуге күш салатын болады. Ол алымдар экономикалық дұрыс принципте негiзделетiн болады.

15-бап
Ұшу кестесін ұсыну

      Келiсiлген әуе жолдарындағы ұшу кестелерi екi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындарының бекiтуiне сол келiсiлген әуе жолдарын пайдалануды бастаудың болжамды күнiнен кем дегенде 30 (отыз) күн бұрын тапсырылатын болады. Айырықша жағдайларда бұл мерзiм ескертiлген билiк орындарының келiсiмi мен қысқартылуы мүмкiн.
      Әрбiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң ережелерiне сәйкес қосымша, жалдану және арнайы рейстер тағайындалған авиакәсiпорнының алдын-ала тапсырыс сұранымдары бойынша жүзеге асатын болады.
     Көрсетiлген тапсырыстар басқа Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындарына әуе кемесiнiң ұшуынан бұрынғы 48 сағаттан кешiктiрмей берiлуi тиiстi.

16-бап
Статистикалық ақпарат

      Бiр Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындары екiншi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындарының сұрауы бойынша мерзiмдi немесе басқадай статистикалық ақпарат берiп отырады.

17-бап
Кеңесулер мен өзгерістер

      1. Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындары арасында осы Келiсiмдi орындауға қатысты барлық мәселелер бойынша оқтын-оқтын тығыз ынтымақтастық рухта кеңесулер өткiзiлiп отыратын болады. Ондай кеңесулер, егер Келiсушi Жақтардың екеуi де мерзiмдi ұзартуға келiспесе, сұраныс түскен кейiнгi 60 (алпыс) күннiң iшiнде өткiзiлуi тиiстi.
      2. Егер Келiсушi Жақтың бiреуi осы Келiсiмнiң қағидаларын өзгертудi дұрыс дейтiн болса, онда ол екiншi Келiсушi Жақтан кеңес өткiзiлуiн сұрай алады. Осылайша келiсiлген өзгерiстер әрбiр Келiсушi Жақтың заңдары мен ережелерiне сәйкес бекiтiлетiн болады.
      3. Қосымшаға енетiн өзгертулер екi Келiсушi Жақтың авиациялық билiк орындарының келiсiмiмен енгiзiледi және жедел түрде күшiне кiредi.

18-бап
Дау-дамаларды реттеу

      1. Келiсушi Жақтардың арасында осы келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға байланысты туындаған кез келген дау-дама әуелi тiкелей келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.
      2. Егер Келiсушi Жақтар келiссөздер үстiнде өзара келiсiмге жете алмаса, бұл дауды шешу құзырын олар басқадай бiр адамға немесе ұйымға берулерi мүмкiн; егер бұған келiспесе, Келiсушi Жақтардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша, дау онда Төрелiк соттың қарауына тапсырылады, ол үшiн әр Келiсушi Жақ өздерiнен бiр-бiрден төрешi сайлайды. Төрелiк соттың төрағалық мiндетi жүктелетiн үшiншi төрешiнi бұрын тағайындалған екi төрешi анықтайды. Өз Төрешiлерiн Жақтар дау-дама Төрелiк сотта қаралатыны жайлы ұсынысты дипломатиялық арналар бойынша алғаннан кейiнгi 60 (алпыс) күн iшiнде тағайындайды. Төрелiк соттың төрағасы келесi 60 (алпыс) күн iшiнде тағайындалуы тиiс. Егер белгiленген мерзiм iшiнде Келiсушi Жақтардың бiреуi төрешiсiн тағайындай алмаса, немесе осы мерзiмде Төрелiк соттың үшiншi төрешiсi тағайындалмаса, онда Келiсушi Жақтар төрешiнi және (немесе) Төрелiк соттың төрағасын тағайындау туралы өтiнiшiн Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесiнiң Төрағасына жолдайды. Барлық жағдайда үшiншi арбитр басқадай бiр үшiншi мемлекеттiң азаматы болуы тиiстi.
      3. Келiсушi Жақтар осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiмдердi орындауға мiндеттенедi.
      4. Егер де Келiсушi Жақтардың қайсы бiрi Төрелiк соттың қабылданған шешiмдерiн орындамайтын болса, онда екiншi Келiсушi Жақ осы Келiсiмге орай қарсы жаққа берген құқықтары мен жеңiлдiктерiн шектеуге, уақытша тоқтатуға немесе түгелдей жоюға мүмкiндiк алады.
      5. Әрбiр Келiсушi Жақ өзi тағайындаған төрешiсiнiң жұмысына байланысты шығынды өзi төлеуге тиiстi. Төрелiк соттың Төрағасының гонорары мен шығындарын, сондай-ақ Төрелiк соттың жұмысына қатысты шығындарды екi Келiсушi Жақ теңдес түрде бөлiп төлейдi.

19-бап
Келісімнің күшінің бітуі

      1. Келiсушi Жақтардың әрқайсысы да кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы екiншi Келiсушi Жаққа осы Келiсiмнiң күшiн жою туралы тiлегiн мәлiмдеуге мүмкiндiк алады; мұндай жазбаша мәлiмдеме-хат жедел түрде Халықаралық азаматтық авиация Ұйымының Кеңесiне жiберiлетiн болады.
      2. Бұл жағдайда, егер осы мәлiмдеме-хат төмендегi мерзiмнiң шiнде екi-жақты келiсілген түрде керi қайтарылып алынбаса, онда бұл Келiсiм осындай мәлiмдеме-хатты екiншi Келiсушi Жақ алған күннен бастап 12 (он екi) ай өткеннен кейiн өз күшiн тоқтатады. Мәлiмдеме-хатты екiншi Келiсушi Жақтың алғандығы туралы растау-құжат болмаса, онда сол мәлiмдеме-хат Халықаралық азаматтық авиация Ұйымына түскеннен кейiнгi 14 (он төрт) күннiң iшiнде оны екiншi Келiсушi Жақта алды деп саналатын болады.

20-бап
Тіркеу

      Осы Келiсiм мен оған кейiн енгiзiлген әртүрлi өзгертулер Халықаралық азаматтық авиация Ұйымының Кеңесiнде тiркелетiн болады.

21-бап
Күшіне кіруі

      Бұл Келiсiм барлық конституциялық процедуралар орындалған күннен бастап күшiне кiредi.

      Келiсiм Баку қаласында, 1996 жылғы 16 қыркүйек күнi екi түпнұсқа дана болып, әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тiлдерiнде жасалады, сонымен бiрге барлық текстiлердiң де күшi теңдес саналады.
      Осы Келiсiмдi түсiндiруде өзгешелiктер туындаған жағдайда, Келiсушi Жақтар орыс тiлiндегi мәтiннiң күшi басым болады.

      Қазақстан Республикасы      Әзербайжан Республикасы
          Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Қосымша

маршруттар кестесі

      маршруттар кестесі

      Қазақстан Республикасының тағайындаған авиакәсіпорны жүйеленген әуе қатынасын мына маршруттар бойынша пайдалана алады:

      Ұшып шығу пункттері        Ұшып бару пункттері

      Қазақстандағы              Әзербайжандағы
      пункттер                   пункттер

      маршруттар кестесі

      Әзербайжан Республикасы тағайындаған авиакәсіпорны жүйеленген әуе қатынасын мына маршруттар бойынша пайдалана алады:

      Ұшып шығу пункттері      Ұшып бару пункттері

      Әзербайжандағы           Қазақстандағы
      пункттер                 пункттер

      Ескертулер
      Кез келген аралық пункттер мен сыртқары жатқан пункттерде әрбір Келісуші Жақтың тағайындаған авиакәсіпорындарымен олардың ұшу жұмысын атқаруларына Бесінші еркіндік берілмейтін болып қызмет көрсетіледі.
      Ұшу жұмысын атқаруға Бесінші еркіндік берудің мүмкіндігі екі Келісуші жақтың авиациялық билік орындары арасында келісілуі ықтимал.

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады