Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 6 сәуір N 369-I

      Алматыда 1997 жылғы 8 сәуірде жасалған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы шарт бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының
арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы
Шарт

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2001 ж., N 5, 40-құжат)
(2000 жылғы 2 маусымда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 93 бет)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актiсiнiң және ЕҚЫҰ-ның басқа да құжаттарының мақсаттары мен принциптерiне өздерiнiң адалдығын қуаттай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1993 жылғы 8 маусымдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартты негiзге ала отырып,
      өздерi қатысушы болып табылатын тиiстi халықаралық шарттарды ескере отырып,
      Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастық үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз ету ниетiн бiлдiре отырып,
      төмендегiлер жөнiнде келiстi:

1-бап

      Тараптар мемлекеттiк егемендiк пен аумақтық тұтастықты сыйлау, шекараның берiктiгi, дау-дамайларды бейбiт түрде реттеу, күш қолданбау және күш қолданып қауiп-қатер төндiрмеу, тең құқықтылық және iшкi iстерiне араласпау, алған мiндеттемелерiн шын ниетпен орындау принциптерiне өздерiнiң адалдығын қуаттайды.
      Тараптардың әскери саладағы қарым-қатынастары ұлттық заңдарға және осыларға сәйкес қабылданған өз Қарулы Күштерi туралы шешiмдерге негiзделедi.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тарапқа қарсы бағытталған әскери сипаттағы одақтарға немесе келiсiмдерге қатыспауға, сондай-ақ өз аумақтарын қарулы агрессия мақсатында пайдалануға немесе екiнші бiр Тарапқа қарсы бағытталған дұшпандық қызметке жол бермеуге мiндеттенедi.

3-бап

      Басқа мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл жасау қаупi пайда болған немесе өздерiнiң аумақтық тұтастығына қауiп-қатер төнген жағдайда Тараптар қажеттi көмек көрсетедi, сонымен қатар екi жақтық негiзде, сондай-ақ өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберiнде бiр-бiрiмен кеңесiп отырады.

4-бап

      Тараптардың Қорғаныс министрлiктерi ерекше кезеңде Тараптардың өзара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесi үшiн әскерлердi бiрiгiп жоспарлау мен қолдану, сондай-ақ басқару органдары мен әскерлердi даярлау жөнiндегi бiрлескен шараларды жоспарлау мен жүргiзу мәселелерi бойынша жекелеген келiсiмдер әзiрлеп, жасайды.

5-бап

      Тараптар бiр-бiрiн өздерiнiң әскери қызметi туралы хабардар етiп отырады және келiп түскен сұраныс негiзiнде қажеттi ақпарат берiп тұрады.

6-бап

      Тараптар қару-жарақтың, әскери техниканың өндiрiсi, жөндеу және олармен жабдықтау, пайдалану-техникалық құжаттамамен, жинақтаушы элементтермен, қосалқы бөлшектермен және басқа да әскери мүлiкпен қамтамасыз ету жөнiндегi қалыптасқан және жаңа байланыстарды шарттық негiзде дамытады.
      Қару-жарақ пен әскери техниканы әзiрлеу мен олардың өндiрiсi Тараптардың мемлекеттiк тапсырыстары бойынша жүзеге асырылатын болады.
      Тараптар өз Қорғаныс министрлiктерiнің тапсырыстарын өнеркәсiп кәсiпорындарында орналастыруды қамтамасыз етедi және олардың орындалуы жөнiнде шараларды қарастырады.
      Тапсырыстарды ресiмдеу және қару-жарақтың, әскери техника мен оқ-дәрілердiң жеткізілiмдерiн қамтамасыз ету үкіметаралық келiсiмдер негiзiнде, ал қосалқы бөлшектер, керек-жарақтар мен басқа да әскери мүлiктердiң жеткiзiлiмi тiкелей шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

7-бап

      Тараптардың қару-жарақты, әскери техниканы қайта экспорттау саласында және әскери-техникалық өзара iс-әрекеттiң басқа мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
      Тараптар қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерiн әзiрлеу саласында ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды дамыту мәселелерiн бiрлесiп шешетiн болады.
      Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара iс-қимыл механизмi жекелеген келiсiмдермен реттелетiн болады.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тараптың аумағына қару-жарақты, әскери техника мен әскери мүлiктiң жеткiзiлiмдерiн кедендiк төлемдердi, салықтар мен басқалай алымдарды алусыз өзара келiсiм бойынша жүзеге асырады.

9-бап

      Бiр Тараптың аумағынан екiншi бiр Тараптың аумағына әскери командалардың, қару-жарақтың, әскери техника мен әскери мүлiктiң орын ауыстыруы, сондай-ақ транзиттiк тасымалдар кедендiк төлемдердi, салықтар мен басқа да алымдарды алусыз өзара келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

10-бап

      Тараптар әскери кадрларды даярлау мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
      Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара iс-қимыл механизмi жекелеген келiсiмдермен реттелетiн болады.

11-бап

      Тараптар Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерi мен құралдарының өзара iс-әрекетiн жүзеге асырады және әуе жағдайы жөнiнде ақпарат алмасуға, апатқа ұшыраған немесе бағытынан айрылған әуе кемелерiне көмек көрсетуге, әуе кемелерiн алып кетудiң немесе басып алудың алдын алуға байланысты мәселелер бойынша ынтымақтасатын болады.

12-бап

      Тараптар бiрлескен қолбасшылық негiзiнде бiрiккен әскери құрамалар құра алады. Тараптар бiрлесiп пайдаланатын бiрiккен әскери құрамаларды басқару, жинақтау, материалдық-техникалық және тыл жағынан қамтамасыз ету тәртiбi жекелеген келiсiмдермен айқындалады.

13-бап

      Бiтiмгерлiк қызмет саласында Тараптар қабылданған халықаралық мiндеттемелердi, екi жақты келiсiмдер мен ұлттық заңдарын негiзге ала отырып ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

14-бап

      Тараптар жекелеген келiсiмдер негiзiнде әскери барлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

15-бап

      Тараптар әскери салаға қатысты ұлттық заңдарын жетiлдiру мен жақындастыру мәселелерi бойынша кеңесiп отыратын болады.
      Тараптар әскери мәселелер жөнiндегi көп жақты халықаралық шарттарды жүзеге асыруда өзара көмек көрсетедi. Әскери ынтымақтастық саласында шарттар мен келiсiмдердi жасасу кезiнде Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тараптың қауiпсiздiк мүддесiн ескеруге мiндеттенедi.

16-бап

      Тараптар Қарулы Күштердегi тәрбие жұмысы саласындағы ұйымдастыру, әдiстемелiк және практикалық тәжiрибемен алмасу жөнiндегi ынтымақтастықты нығайтады және дамытады.

17-бап

      Тараптар әскери қызметшiлерге берiлген әскери атақтардың, мемлекеттiк наградалармен наградталуының және әскери бiлiмi туралы құжаттардың күшi бар екендiгiн мойындайды.

18-бап

      Тараптар әскери қызметтен босатылған адамдардың, олар Тараптардың бiрiнiң аумағында тұрақты тұруды қалап алған жағдайда, әлеуметтiк құқықтарының сақталуын қамтамасыз етедi.

19-бап

      Тараптар Қарулы Күштер әскери қызметшiлерiн, олардың отбасы мүшелерiн, жұмысшылары мен қызметшiлерiн медициналық қамтамасыз ету, санаториялық-курорттық емдеу және демалысы саласында ынтымақтасатын болады.

20-бап

      Осы Шарт қандай да бiр болмасын мемлекетке қарсы бағытталмайды және Тараптардың әрқайсысына қатысты қолданылып жүрген, басқа мемлекеттермен жасалған көп жақты және екi жақты шарттардан туындайтын қандай да болмасын құқықтар мен мiндеттерге нұқсан келтiрмейдi.

21-бап

      Осы Шарт нормаларын түсiндiруге және қолдануға қатысты даулар пайда болған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келiссөздер жолымен шешедi.

22-бап

      Осы Шартқа Тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша өзара келiсiм негiзiнде өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге болады, ол екi Тарап бекiткеннен кейiн күшiне енетiн және осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын тиiстi хаттамалармен ресiмделедi.

23-бап

      Осы Шарт бекiтiлуге жатады және бекiту грамоталарымен алмасқанкүннен бастап күшiне енедi.
      Осы Шарт бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрде бiреуi тиiстi мерзiмнiң бiтуiне алты ай қалғанға дейiн оның қызметiн тоқтату туралы өз тiлегiн жазбаша түрде хабарламаса, оның қызметi кейiнгi бес жылдық кезеңге өзiнен-өзi ұзартылады.

      Алматы қаласында 1997 жылғы 8 көкекте екi түпнұсқа дана болып, әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасы            Қырғыз Республикасы
             үшін                            үшін

"Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының
арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы
шарттың" мемлекеттiк тiлдегi аудармасы бойынша
ҚОРЫТЫНДЫ

      Шарттың мәтiнi, стилдiк сипаттағы жекелеген ескертулердi есептемегенде, тұтас алғанда жеңiл оқылады. Ал аударманы жетiлдiре түсу мақсатында мынадай тұстарға назар аударған жөн деп есептеймiз.
      Айталық, 13-бапта "миротворческой" деген сөз "бiтiмгерлiк" деп аударылыпты, ал ол сөздiң көпшiлiк ресми құжаттарда "бiтiмгершiлiк" деп аударылып жүргенi белгiлi.
      10-баптағы екiншi сөйлем қазақша мәтiнде абзацтан басталып жазылыпты. Ол орысша мәтiнде бiрiншi сөйлеммен жалғасып келедi.
      "Қандай да бiр болсын" деген тiркестiң "қандай да бiр болмасын" деп қолданылуы ағымды аудармада жиi кездесетiн олқылық. Осы құжатта да осы олқылық қайталаныпты (20-бап). 22-бапта "изменения" деген сөз аударма тәжiрибесiнде қалыптасқандай "өзгерiстер" емес "өзгертулер" деп аударылыпты. Сондай-ақ, 23-бапта "апрель" айы "сәуiр" деудiң орнына "көкек" айы деп берiлiптi.
      Аталған ескертулер құжат мәтiнi аудармасының сапасына ешқандай нұқсан келтiрмейдi, сондықтан оны депутаттар назарына ұсынуға болады.

      Редакциялық-баспа
      бөлімінің меңгерушісі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады