Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы Консулдық конвенцияны бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 23 маусым N 396-I

      Бухаресте 1998 жылғы 21 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы Консулдық конвенция бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы
Консулдық Конвенция *

(Келісім 1999 жылғы 11 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2004 ж., N 4, 19-құжат)

      Қазақстан Республикасы мен Румыния, 
     екi мемлекеттiң арасындағы достық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу ниетiн басшылыққа ала отырып,
     экономика, сауда, ғылыми-техника, мәдениет және басқа
салаларда ынтымақтастықты нығайту мүддесiн көздей отырып,     өздерiнiң арасындағы консулдық қатынастарды реттеуге тiлек бiлдiре отырып, осы консулдық Конвенцияны жасауды ұйғарды және төмендегiлер туралы уағдаласты:     

  I Бөлiм

Анықтамалар

  1-бап
Конвенцияда келтiрiлетiн терминдердiң мәнi

      Осы Конвенцияда төменде келтiрiлген терминдердiң мағынасы мынадай:
      1) "Консулдық мекеме" - бас консулдықты, консулдықты, вице-консулдықты және консулдық агенттiктi бiлдiредi. 
      2) "Консулдық округ" - консулдық функцияларды орындау үшiн консулдық мекемеге бөлiнiп берiлген консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағын бiлдiредi. 
      3) "Консулдық мекеменiң басшысы" - консулдық мекеменi басқару тапсырылған адамды бiлдiредi. 
      4) "Консулдық қызмет адамы" - консулдық мекеменiң басшысын қоса алғанда, консулдық функцияны атқару тапсырылған кез келген адамды бiлдiредi. 
      5) "Консулдық мекеме қызметкерi" - консулдық мекемеде әкiмшiлiк және техникалық функцияларды орындайтын адамды бiлдiредi. 
      6) "Қызмет көрсетушi персоналдың қызметшiсi" - консулдық мекемеге қызмет көрсету жөнiндегi мiндеттердi орындайтын адамды бiлдiредi. 
      7) "Консулдық мекеме персоналының мүшесi" - консулдық қызмет адамдарын, консулдық мекеме қызметкерлерiн және қызмет көрсетушi персоналдың қызметшiлерiн бiлдiредi. 
      8) "Жеке үй қызметшiсi" - консулдық мекеме персоналы мүшесiнiң жеке үй қызметiнде жүрген адамды ғана бiлдiредi. 
      9) "Консулдық үй-жайлар" - олар кiмнің меншiгi болып табылатындығына қарамастан, консулдық мақсаттар үшiн ғана пайдаланылатын, консулдық мекеме басшысының резиденциясын қоса алғанда, үйдi немесе үйдiң бiр бөлiгiн, сондай-ақ осы үйге немесе үйдiң бiр бөлiгiне қызмет көрсететiн жер учаскесiн бiлдiредi. 
      10) "Консулдық архивтер" - қызмет бабындағы барлық хат-хабарларды, шифрларды, құжаттарды, кiтаптарды, iс жүргiзудiң техникалық құралдарын, сондай-ақ оларды сақтауға арналған жабдықтарды бiлдiредi.
     11) "Кеме" - әскери кеменi қоспағанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң жалауымен жүзетiн кез келген кеменi бiлдiредi. 
     12) "Әуе кемесi" - әскери ұшу аппараттарын қоспағанда, мемлекетте тiркелген және сол мемлекеттiң айырым белгiлерi бар кез келген азаматтық ұшу аппаратын бiлдiредi.     

  II БӨЛIМ

Консулдық қатынастар

  2-бап
Консулдық мекеменiң ашылуы

      1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет орналасқан мемлекеттегi консулдық мекемесiн осы мемлекеттiң келiсiмiмен ғана аша алады. 
      2. Консулдық мекеменiң орналасатын жерi, оның класы және консулдық округ - өкiлдiгiн жiберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекеттiң арасындағы келiсiм бойынша айқындалады. 
      3. Консулдық мекеменiң орналасқан жерiне, оның класына немесе консулдық округына қатысты кез келген кейiнгi өзгертулер де өкiлдiгiн жiберген мемлекет пен орналасқан мемлекеттiң арасындағы келiсiм бойынша айқындалуға тиiс. 

  3-бап 
Консулдық патент пен экзекватура

      1. Консулдық мекеме басшысын тағайындағанға дейiн өкiлдiгiн жiберген мемлекет аталған адамды орналасқан мемлекеттiң консулдық мекеменiң басшысы ретiнде танитындығына келiсiм алатынына дипломатиялық жолмен көзiн жеткiзуге тиiс. 
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған келiсiмдi алған соң өкiлдiгiн жiберген мемлекет өз дипломатиялық өкiлдiгi арқылы орналасқан мемлекеттiң Сыртқы iстер министрлiгiне консулдық патент жiбередi. Консулдық патентте консулдық мекеме басшысының аты-жөнi, оның қызметi, ол өз мiндеттерiн атқаратын консулдық округ және консулдық мекеменiң орналасқан жерi көрсетiледi. 
      3. Консулдық мекеме басшысы орналасқан мемлекеттiң өзiне беретiн экзекватурасын алысымен өз мiндеттерiн атқаруға кiрiседi. Оған экзекватура мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде берiледi. 
      4. Орналасқан мемлекет экзекватура бергенге дейiн консулдық мекеме басшысына оның өз мiндеттерiн атқаруына уақытша келiсiм бере алады. Бұл орайда оған осы Конвенцияның барлық ережелерi қолданылады. 
      5. Консулдық мекеме басшысын түпкiлiктi, оның iшiнде уақытша таныған сәттен бастап орналасқан мемлекет бұл туралы консулдық округ шегiнде өкiметтiң тиiстi органдарын хабардар етедi және консулдық мекеме басшысы өз мiндеттерiн орындауы үшiн қажеттi шаралар қабылдайды. 

  4-бап 
Консулдық мекеме басшысының 
функцияларын уақытша орындау

      1. Егер консулдық мекеменiң басшысы қандай да бiр себептерге байланысты өз функцияларын орындай алмаса немесе егер консулдық мекеме басшысының қызмет орны уақытша бос болса, өкiлдiгiн жiберген мемлекет орналасқан мемлекеттегi аталған немесе басқа консулдық мекеменiң консулдық қызмет адамына немесе осы мемлекеттегi өзiнiң дипломатиялық өкiлдiгiнiң дипломатиялық персоналы мүшелерiнiң бiрiне консулдық мекеменi уақытша басқару үшiн уәкiлеттiк бере алады. 
      2. Консулдық мекеменi уақытша басқаратын адамның аты-жөнi орналасқан мемлекеттiң Сыртқы iстер министрлiгiне алдын ала хабарланады. 
      3. Консулдық мекеменi уақытша басқаратын адам осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес консулдық мекеме басшысына берiлетiн дәл сондай құқықтарды, жеңілдiктердi және иммунитеттердi пайдаланады. 

  5-бап 
"Реrsоnа non grata" деп танылатын адамдар

      1. Орналасқан мемлекет консулдық қызмет адамы "персона нон грата" болып табылатындығы немесе консулдық мекеме қызметкерi не болмаса қызмет көрсететiн персонал қызметшiсi қолайсыз тұлға болып табылатындығы туралы дипломатиялық жолмен өкiлдiгiн жiберген мемлекетке кез келген уақытта хабарлай алады. Мұндай жағдайда өкiлдiгiн жiберген мемлекет осы адамды керi шақырып алуға не оның қызметiн тоқтатуға тиiс. 
      2. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекет ақылға қонымды мерзiм iшiнде осы мiндеттi орындамайтын болса, онда орналасқан мемлекет егер әңгiме консулдық мекеме басшысы туралы болса экзекватураны немесе өзгедей рұқсатты керi шақырып алады немесе егер әңгiме консулдық қызмет адамы, консулдық мекеме қызметкерi немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсi туралы болса белгiлi бiр адамды консулдық мекеме персоналының мүшесi деп танудан бас тартатындығын дипломатиялық жолмен өкiлдiгiн жiберген мемлекетке ескертедi. 
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылатын кез келген жағдайда орналасқан мемлекет өз шешiмiн дәлелдеуге мiндеттi емес. 

  6-бап
Тағайындау, келу және кету туралы 
консулдық орналасқан мемлекетке мәлiмдеу 

      Орналасқан мемлекеттiң Сыртқы iстер министрлiгiне немесе Министрлiк атаған органға мыналар: 
      1. Консулдық персонал мүшелерiн тағайындау, олардың келуi немесе консулдық мекемеде олардың қызметiн тоқтату туралы және олардың консулдық мекемедегi жұмысы кезiнде болуы мүмкiн, олардың мәртебесiне ықпал ететiн басқа да барлық өзгерiстер туралы. 
      2. Консулдық мекеме персоналы мүшесiнiң отбасы мүшесi болып табылатын немесе онымен бiрге тұрақты тұратын адамның келуi немесе түпкiлiктi кетуi туралы, сондай-ақ тиiстi жағдайларда белгiлi бiр адамның осындай отбасы мүшесi болғандығы немесе отбасы мүшесi болуын тоқтатқандығы туралы. 
      3. Жеке үй қызметшiлерiнiң келуi немесе түпкiлiктi кетуi туралы және тиiстi жағдайларда олардың осындай сипаттағы қызметiн тоқтатқандығы туралы. 
      4. Консулдық мекеме персоналының мүшелерi немесе жеңiлдiктер мен иммунитеттерге құқығы бар жеке үй қызметшiлерi сипатында, орналасқан мемлекетте тұрып жатқан адамдарды жалға алу және жұмыстан шығару туралы мәлiм етiледi. 

  7-бап 
Тұлғаны куәландыратын құжаттарды беру 

      1. Орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары әрбiр консулдық қызмет адамына оның жеке басы мен қызметiн куәландыратын құжатты тегiн бередi. 
      2. Осы баптың 1-тармағының ережесi консулдық мекеме қызметкерлерiне, қызмет көрсететiн персонал қызметшілерiне және жеке үй қызметшiлерiне де қатысты, бұл орайда осы адамдардың консулдық орналасқан мемлекеттiң азаматтары болмауы және осы мемлекетте тұрақты тұрғылықты орны болмауы сияқты шарттар сақталады.

  8-бап
Консулдық қызмет адамдарының азаматтығы

       Консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты тұрғылықты орны жоқ және осы мемлекетте өзiнiң қызмет бабындағы мiндетiнен басқа табыс көздерi болып табылатын ешқандай өзге қызметтi атқармайтын, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтары ғана консулдық қызмет адамдары бола алады.     

  III Бөлім
Консулдық функциялар 

  9-бап
Консулдық мекеменiң функциялары

       Консулдық мекеменiң функциялары мыналардан тұрады:
      1. Консулдық орналасқан мемлекетте халықаралық құқық нормаларына сәйкес өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң, оның азаматтарының және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау. 
      2. Экономика, сауда, мәдениет және ғылым салаларында сондай-ақ туризм саласында мемлекеттер арасындағы игi қатынастарды дамытуға, осы аталған және басқа салаларда олардың арасындағы достық байланыстарды нығайтуға одан әрi жәрдемдесу. 

  10-бап 
Консулдық қорғау мен көмек 

       1. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарына қажеттi консулдық қорғау мен көмек көрсетуге, олармен қарым-қатынас жасауға, кеңестер беруге және егер қажеттiлiк туындаса консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес немесе екi мемлекет арасындағы қолданылып жүрген келiсiмдерге сәйкес өзiнiң құзыретiмен олардың құқықтарын қорғауға көмек көрсетуге құқығы бар. 
      2. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы да қандай да бiр шектеусiз консулдық қызмет адамымен байланыс жасауға және оның қабылдауында болуына құқығы бар. 

  11-бап 
Консулдық функцияларды орындау 

      1. Консулдық функцияларды орындау өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық қызмет адамына жүктеледi. 
      2. Консулдық мекеме функцияларын орындау қажеттiгi жағдайында бұл функциялар орналасқан мемлекеттегi өкiлдiгiн жіберген мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiгiнiң дипломатиялық персоналы мүшелерiне жүктелуi мүмкiн, бұл орайда дипломатиялық персонал мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi сақталады. 
     Консулдық функцияларды орындау жүктелген дипломатиялық персонал мүшесiнiң аты-жөнi орналасқан мемлекеттiң Сыртқы iстер министрлiгiне алдын ала хабарлануға тиiс.
     3. Консулдық функция консулдық округ шегiнде орындалады. Одан тысқары жерлерде консулдық қызмет адамы өз функцияларын консулдық орналасқан мемлекеттiң келiсiмiмен ғана орындай алады.     

  12-бап
Консулдық орналасқан мемлекеттің
өкiмет орындарымен өзара iс-қимыл

      1. Консулдық қызмет адамы осы Конвенцияда жазылған өз функцияларын орындау мәселелерi бойынша: 
     - консулдық округтың құзыреттi жергiлiктi өкiмет орындарына,
     - консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары қаншалықты
мүмкiндiк берсе, соншалықты деңгейде консулдық орналасқан елдiң орталық өкiмет орындарына шығуына құқығы бар.      

  13-бап
Үшiншi мемлекеттердiң мүдделерiнде
консулдық функцияларды орындау

       Консулдық орналасқан мемлекеттiң келiсiмiмен консулдық қызмет адамы үшiншi мемлекеттердiң мүдделерiнде консулдық функцияларды орындауға құқығы бар.     

  14-бап
Өкілдігін жiберген мемлекеттiң азаматтарын есепке алу

     1. Консулдық қызмет адамы консулдық округтегi өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарын есепке алуды жүргiзуге құқығы бар.
     2. Консулдық қызмет адамы жүргiзетiн есепке алу - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматын шетелдiктердi тiркеу мәселелерi бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары талап ететiн формальдылықтарды сақтау қажеттiлiгiнен босатпайды.     

   15-бап
Консулдық орналасқан мемлекеттің
өкiмет орындары алдындағы өкiлдiк

       1. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң соттары мен басқа да өкiмет орындары алдында өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының тиiстi өкiлдiгiн қамтамасыз ету үшiн консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес шаралар қолдануға құқығы бар. Ол өз мемлекетi азаматтарының құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған, егер мұндай құқықтары болмауына немесе басқа да дәлелдi себептер бойынша олар өздерiнiң мүдделерi мен құқықтарын уақтылы қорғай алмаған жағдайда, консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес уақытша шаралар қабылдануы үшiн iс-әрекет жасай алады. 
      2. Консулдық қызмет адамы сондай-ақ өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына қатысты мәселенi қарауды осы туралы азамат хабар алғанға дейiн және жеке өзi немесе өкiлi арқылы қатысуға нақты мүмкiндiк алғанға дейiн iстi кейiнге қалдыру туралы соттарға немесе өкiмет орындарына өтiнiш айтып шығуына құқығы бар. 
      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген өкiлдiк - мүдделерi қорғалатын адамдар өзiнiң уәкiлдерiн тағайындаған немесе өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғауды өзiне алған уақытта тоқтатылады. 

  16-бап 
Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттің азаматтарын қорғау 

       1. Консулдық орналасқан мемлекеттiң органдары өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматын қамауға алғандығы немесе өзгеше нысанда ұстағандығы туралы консулдық қызмет адамына мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде, бiрақ қамауға алынған немесе ұсталған уақыттан бастап үш күннен кешiктiрместен хабарлайды. 
      2. Консулдық қызмет адамы сотты күтiп қамауда отырған немесе өзгеше нысанда ұсталған азаматтың хат-хабарларын не болмаса басқа да жөнелту түрлерiн консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес алуға және оған құқықтық көмек көрсету мен өкiлдiк ету үшiн қажеттi шаралар қолдануға құқығы бар. 
      Консулдық қызмет адамы қамауда отырған немесе өзгеше нысанда ұсталған не болмаса консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарында ескерiлген шарттармен түрмеде жазасын өтеп жатқан өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына қамауға алынған немесе ұсталған уақыттан бастап бес күн өтiсiмен барып-шығуға және қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
     3. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына осы бапта ескерiлген консулдық қызмет адамымен қатынас жасау құқығы туралы кiдiрiссiз хабарлауға тиiс.     

  17-бап
Паспорттар мен визаларға қатысты функциялар

      Консулдық қызмет адамының: 
     1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарына паспорттар мен басқа да осыған ұқсас құжаттар беруге, сондай-ақ оларды қалпына келтiруге, ұзартуға, жоюға және оларға түзетулер енгiзуге;  
     2. Өкiлдiгiн жiберген мемлекетке баруға немесе оның аумағы арқылы өтуге тiлек бiлдiрген адамдарға келу және транзиттiк өту визаларын беруге құқығы бар.      

  18-бап
Азаматтық және азаматтық хал актілерін
тіркеу мәселелері жөніндегі функциялар

       Консулдық қызмет адамы:
      1. Азаматтық мәселелер жөнiндегi өтiнiштердi қабылдауға, 
      2. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының тууы немесе өлiмi
туралы тиiстi құжаттарды тiркеуге және беруге,
      3. Егер өкiлдiгiн жіберген мемлекеттiң заңдары мүмкiндiк берсе, ал консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары оған қайшы келмесе некенi тiркеуге құқығы бар. 
      4. Консулдық қызмет адамы, егер мұны консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары талап етсе, консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдарына тууды, некенi және өлiмдi консулдықта тiркеу жүргiзiлгендiгi туралы хабарлайды. 
      5. Осы баптың 1, 2, 3-тармақтарының ережелерi мүдделi адамдарды консулдық орналасқан елдiң заңдары талап ететiн формальдылықтарды сақтау мiндетiнен босатпайды. 
      6. Егер консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында өкiлдiгiн жiберген мемлекеттің азаматы қайтыс болғандығы туралы хабар алған жағдайда олар бұл туралы консулдық мекемеге кідіріссіз хабарлауға тиіс. 

  19-бап 
Қамқоршылық пен қорғаншылыққа қатысты функциялар 

      1. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына консулдық орналасқан мемлекетте қамқоршы (curatori) немесе қорғаншы (curatela) тағайындау үшiн және қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа тағайындалатын адамдардың аты-жөндерін ұсыну үшiн консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарына шығуға құқығы бар. 
      2. Егер консулдық орналасқан мемлекеттегi өкiмет орындарына өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына қамқоршылық немесе қорғаншылық тағайындау жөнiндегi шаралар қабылдануы тиiс екендiгi белгiлi болса, олар бұл туралы мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде консулдық қызмет адамына хабарлайды. 

  20-бап 
Нотариалдық функциялар 

      1. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес: 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының өтiнiштерiн қабылдауға, жасауға және куәландыруға, өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының мүлiктерiне қатысты өсиеттер мен басқа да құжаттарды қабылдауға, жасауға және куәландыруға, 
      - консулдық орналасқан мемлекеттегi жылжымайтын мүлiкке арналған құқықтарды белгiлеуге, иелiгiнен алуға немесе шектеуге қатысты құжаттарды қоспағанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының басқа да заң актiлерiне байланысты құжаттарын қабылдауға, жасауға және куәландыруға, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындары дайындайтын құқықтық сипаттағы актiлер мен құжаттардағы қойылған қолдар мен мөрлердi куәландыруға, құқықтық сипаттағы актiлер мен құжаттардың көшiрмелерiн, аудармаларын және қысқаша жазбаларын куәландыруға, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарына тиесiлi немесе олардың атына бағытталған құқықтық сипаттағы актiлер мен құжаттарды сақтау үшiн қабылдауға құқығы бар. 
      2. Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген функциялар консулдық мекемеде немесе егер мүдделi адам дәлелдi себеп бойынша консулдық мекемеге келе алмаса, басқа орында жүзеге асырылуы мүмкiн. 

  21-бап 
Мүлiктiк мәселелер жөніндегі функциялар 

       1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында қайтыс болған жағдайда соңғы мемлекеттiң өкiмет орындары қайтыс болған адамның мүлкiне қатысты, мұрагерлер, мұрагерлiк құқықтан айырылғандар туралы, сондай-ақ өсиеттің бар екендiгi туралы өздерiнде бар барлық ақпаратты мейлiнше қысқа мерзiмде өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесiне табыс етедi. 
      2. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы мұрагер немесе мұрагерлiк құқықтан айырылған адам болып табылған жағдайда консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындары консулдық мекемеге консулдық орналасқан мемлекетте мұра ашылғандығы туралы мейлiнше қысқа мерзiмде хабарлайды. 
      3. Егер консулдық мекеме 1 және 2-тармақтарда көрсетiлген мүлiк туралы ақпаратты консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыретті өкiмет орындарынан бұрын алған жағдайда ол бұл туралы мейлiнше қысқа мерзiмде аталған өкiмет орындарына хабар бередi. 
      4. Консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындары осы баптың 1 және 2-тармақтарында ескерiлген мүлiкке қатысты оны сақтау немесе анықтау мақсатында өздерiнiң қандай шаралар қабылдағаны немесе қабылдағалы жатқаны туралы мейлiнше қысқа мерзiмде консулдық мекемеге хабарлайды. 
      5. Консулдық қызмет адамы сондай-ақ консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес: 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының мүлiктiк құқықтарын қорғау мәселелерiмен айналыса алады, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарына оларға тиесiлi ақшаны және басқа да меншiктi табыс етудi бақылай алады. 
      6. Егер консулдық орналасқан мемлекетте жеке өзi болмаған немесе таныстырылмаған, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматына тиесiлi ақша немесе басқа да меншiк (не болмаса меншiктi сатуға қатысты құжаттар) осы азаматқа табыс ету үшiн консулдық мекемеге берiлсе консулдық мекеме осы ақшаны немесе басқа да меншiктi қабылдап алады, бұл орайда осы барлық мүлiк белгiленген мерзiмде көрсетiлуге тиiс және консулдық орналасқан елдiң заңдарында ескерiлген барлық салықтар (баждар) төленедi не олардың төленетiндiгi, сондай-ақ консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдарының келiсiмiмен осы мемлекеттен өкiлдiгiн жiберген мемлекетке ақшаның немесе басқа да меншiктiң берiлетiндiгi кепiлдендiрiлуге тиiс. 
      7. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы осы мемлекетте уақытша болуы немесе оның аумағы арқылы транзитпен өтуi кезеңiнде қайтыс болса оның ақшасы мен жеке заттары уақытша негiзде және қандай да бiр формальдылықтарсыз консулдық мекемеге берiледi. 
      Өкiлдiгiн жiберген мемлекетке жеке заттарын алып кету және ақшасын аудару (консулдық орналасқан мемлекетте сатып алынған және елден алып шығуға тыйым салынған заттарды қоспағанда) консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 
      8. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесi осы баптың 6 және 7-тармақтарына сәйкес өзiне берiлген ақшаны немесе меншiктi алғанын айғақтайтын құжатты өкiмет орындарына немесе мүдделi адамдарға бередi. 
      9. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы консулдық орналасқан мемлекетте мүлiктi сатып алу мен мұрагерлiк мәселелерде консулдық орналасқан мемлекеттiң азаматтары сияқты дәл сондай құқықтарды пайдаланады. 
      10. 20-баптың ережелерi, олар осы баптың ережелерiне қайшы келмеген жағдайда қайтыс болған адамның мүлiктерi жөнiнде консулдық мекеменiң құқықтары мен функцияларына да қатысты қолданылады. 

  22-бап 
Теңiзде жүзу жөнiндегi функциялар 

      1. Консулдық қызмет адамы айлақта немесе басқа да зәкiрлiк тұрақта өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесiне мейлiнше қолдау мен көмек көрсетуге құқығы бар. 
      2. Консулдық қызмет адамы кемеге жағалаумен еркiн қатынас жасауға рұқсат етiлген бойда кеме бортына көтерiле алады, ал кеменiң капитаны мен экипаж мүшелерi консулдық қызмет адамымен қатынаса алады. 
      3. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесiне, осы кеменiң капитаны мен экипаж мүшелерiне қатысты өзiнiң функцияларын орындауды талап ететiн кез келген мәселелер бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдарынан көмек сұрай алады. 
      4. Консулдық қызмет адамы: 
      - консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарының құқықтарына нұқсан келтiрместен өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесiнiң жолда және аймақтардағы тұрақ уақытысында орын алған кез келген оқиғаны тергеуге кеменiң капитаны мен экипаждың кез келген мүшесiнен жауап алуға, кеменiң құжаттарын тексеруге кеменiң жүзуi мен баратын орнына қатысты өтiнiштердi қабылдауға, сондай-ақ кеменiң айлаққа кiруiне, шығуына және онда болуына жәрдемдесуге, 
      - консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарының құқықтарына нұқсан келтiрместен кемедегi еңбек шарттарына қатысты дауларды қоса алғанда, капитан мен экипаждың кез келген мүшесi арасындағы әр алуан дауларды шешуге, өйткенi бұл өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдарында көзделедi, 
      - кеменiң капитанын немесе экипаждың кез келген мүшесiн ауруханада емдеу жөнiнде және керi қайтару жөнiнде шаралар қабылдауға, 
      - кемелерге қатысты өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдарында көзделген кез келген декларацияны немесе басқа да құжатты алуға, жасауға немесе куәландыруға, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң жалауы астында жүзу құқығы үшiн, сатып алынған немесе жасалған кемеге өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдарына сәйкес уақытша куәлiк беруге құқығы бар. 
      5. Консулдық орналасқан мемлекеттiң кемелерi немесе басқа да өкiмет органдары өкiлдiгiн жiберген мемлекет кемесiнiң бортында қандай да бiр мәжбүрлеу iс-әрекетiн қолға алуға немесе қандай да бiр ресми тергеудi бастауға ниеттенген жағдайда, консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары бұл туралы консулдық қызмет адамына хабарлайды. Мұндай хабарландыру консулдық қызмет адамы осындай iс-әрекеттердi жүзеге асыру барысына қатыса алуы үшiн осындай iс-әрекеттер басталғанға дейiн жасалады. Егер консулдық қызмет адамы қатыса алмаса, онда оның өтiнiшi бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары орын алған мәселеге қатысты толық ақпаратты оған табыс етедi. 
      Консулдық қызмет адамы кеме капитанынан немесе экипаждың кез келген мүшесiнен жағалауда консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары жауап алған жағдайда да хабарланатын болады. 
      Осы тармақтың ережелерi әдеттегi паспорттық, кедендiк және санитарлық бақылауға, сондай-ақ капитанның өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша қолға алынған кез келген iс-әрекетке қолданылмайды. 
      6. Егер өкiлдiгiн берген мемлекеттiң кемесi консулдық орналасқан мемлекетте апатқа ұшыраса, қайраңға отырып қалса немесе жағалауға шығып қалса не болмаса қандай да бiр басқа да аварияға ұшыраса немесе өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының меншiгi болып табылатын, аварияға ұшыраған кеме жүгiнiң бiр бөлiгiн құрайтын кез келген зат консулдық орналасқан мемлекеттiң жағалауынан немесе жағалауына жақын жерден табылған не болмаса осы мемлекеттiң айлағына жеткiзiлген жағдайда, консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары мейлiнше қысқа мерзiмде бұл туралы консулдық қызмет адамын хабардар етедi. Олар сондай-ақ кеме экипажы мүшелерiн, жолаушыларды, жүктердi, кеме бортындағы өзге де мүлiктердi және кемеге тиесiлi немесе кемеден бөлiнген оның жүгiнiң бiр бөлiгiн құрайтын заттарды құтқару жөнiндегi қолға алынған шаралар туралы консулдық қызмет адамын хабардар етедi. 
      7. Консулдық қызмет адамы мұндай кемеге оның экипаж мүшелерi мен жолаушыларына мейлiнше көмек көрсете алады; осы мақсатпен ол консулдық мекеме орналасқан өкiмет органдарына шыға алады, олар өз кезегiнде консулдық қызмет адамына қажеттi көмек көрсететiн болады. 
      Консулдық қызмет адамы кеменi жөндеу жөнiнде шаралар қолдана алады немесе осындай шараларды жүзеге асыруда өзiне көмек көрсету үшiн не болмаса өкiмет органдары осындай шараларды қабылдауы немесе қабылдауды жалғастыруы үшiн консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдарына шыға алады. 
      8. Егер апатқа ұшыраған кеме немесе осындай кемеге тиесiлi кез келген зат консулдық орналасқан мемлекеттiң жағалауынан немесе жағалауға жақын жерден табылатын болса не болмаса осы мемлекеттiң айлағына жеткiзiлсе және кеме капитаны да, меншiк иесi де оның агентi де, тиiстi сақтандырушылар да осындай кеменi немесе затты сақтау немесе оған билiк ету жөнiнде шаралар қабылдауға шамасы келмесе, онда консулдық қызмет адамы меншiк иесiнiң атынан осындай мақсаттар үшiн меншiк иесiнiң өзi қабылдайтындай шаралар қабылдауға уәкiлеттi деп саналады. Бұл ереже тиiсiнше кеме жүгiнiң бiр бөлiгiн және өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының меншiгi болып табылатын кез келген затқа қолданылады. 
      9. Егер апатқа ұшыраған үшiншi мемлекет кемесi жүктерiнiң бiр бөлiгiн құрайтын кез келген зат өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының меншiк иесi болып табылса және консулдық орналасқан мемлекеттiң жағалауынан немесе жағалауға жақын жерден табылса не болмаса осы мемлекеттiң айлағына жеткiзiлсе және кеме капитаны да, заттың меншiк иесi де, оның агентi де тиiстi сақтандырушылар да осындай затты сақтау немесе оған билiк ету жөнiнде шаралар қабылдауға шамасы келмесе, онда консулдық қызмет адамы меншiк иесiнiң атынан меншiк иесiнiң өзi қабылдайтындай шаралар қолдануға уәкiлеттi.     

  23-бап
Әуе кемелерiне қатысты функциялар

      Осы Конвенцияның 22-бабының ережелерi екi мемлекет арасындағы басқа да қолданылып жүрген келiсiмдер үшiн нұқсан келтiрместен тиiсiнше әуе кемелерiне де қолданылады.      

  24-бап
Басқа да консулдық функциялар

      Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекет өзiне жүктеген осы Конвенцияда көрсетiлмеген басқа да консулдық функцияларды, егер осы функциялар туралы хабарлануға тиiс консулдық орналасқан мемлекет оларды орындауға рұқсат берген немесе қарсылығы болмаған жағдайда орындай алады.     

  IV БӨЛІМ

Артықшылықтар мен иммунитеттер      

  25-бап
Консулдық мекеме жұмысын қамтамасыз ету

      Консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменiң қалыпты қызметiне арналған жағдайларды қамтамасыз ету жөнiндегi барлық қажеттi шараларды, сондай-ақ консулдық мекеме персоналының мүшелерi өз функцияларын орындауы және осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануы үшiн шаралар қабылдайды. 

  26-бап 
Мемлекеттiк ту мен елтаңбаны пайдалану 

       1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң елтаңбасы және өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң тiлi мен консулдық орналасқан мемлекеттiң тiлiнде жазылған консулдық мекеменiң атауы бар консулдық тақта консулдық мекеменiң ғимаратына бекiтiледi. 
      2. Консулдық мекеменiң ғимаратына, консулдық мекеме басшысының резиденциясына, сондай-ақ ресми функцияларды орындау кезiнде пайдаланылатын көлiк құралдарында өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң туы ілiнедi. 
      3. Осы баппен берiлген құқықтарды пайдалану кезiнде консулдық орналасқан елдiң заңдары, ережелерi, нормалары мен әдет-ғұрпы сақталуға тиiс. 

  27-бап 
Үй-жайларды сатып алу 

       1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекет белгiлейтiн шарттарға және нысанға сәйкес жер учаскелерiн, ғимаратты немесе ғимараттың бiр бөлiгiн меншiгiне сатып алуға немесе жалға алуға, ғимараттар тұрғызуға және консулдық үй-жайларды, сондай-ақ консулдық мекеме персоналы мүшелерiнiң тұрғын үй-жайларын жайғастыру үшін жер учаскелерiн көрiктендiруге мүмкiндiгi бар. 
      2. Консулдық орналасқан мемлекет 1-тармақта көрсетiлген мақсаттар үшiн өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң жер учаскелерiн, ғимаратты немесе ғимараттың бiр бөлiгiн сатып алуына көмек көрсетедi не болмаса өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң басқаша нысанда үй-жайлар сатып алуына жәрдемдеседi. 
      3. Осы баптың ережелерi тиiстi жер учаскелерi, ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi орналасқан ауданда қолданылатын құрылыс және қалалық жоспарлау жөнiндегi консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн сақтау қажеттiгiнен өкiлдiгiн жiберген мемлекеттi босатпайды. 

  28-бап 
Жеке басына тиiспеушілiк 

       1. Консулдық қызмет адамдары, консулдық қызметкерлерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi жеке басына тиiспеушiлiк құқығын пайдаланады. Олар қандай да бiр нысанда болсын қамауға алынуға немесе ұсталуға жатпайды. Бұл ережелер осы Конвенцияның 45-бабына аталған адамдарға қолданылмайды. 
      2. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық қызмет адамдарына, қызметкерлерiне және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне тиiстi құрметпен қарауға және олардың жеке басына, бостандығына немесе абырой-беделiне қандай да бiр нұқсан келтiрудiң алдын алу үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдауға мiндеттi.     

  29-бап
Консулдық үй-жайлар мен консулдық мекеме
басшысының резиденциясына қол сұқпаушылық

       1. Консулдық үй-жайлар мен консулдық мекеме басшысының резиденциясына қол сұғылмайды.
      2. Консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындары өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекеме басшысының осы мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiгi басшысының немесе осылардың бiрi ретiнде тағайындалған адамның келiсiмiнсiз консулдық үй-жайға кiре алмайды. 
      Тап осы ереже консулдық мекеме басшысының резиденциясына да қатысты қолданылады. 
      3. Консулдық мекеме орналасқан мемлекет консулдық үй-жайлардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және консулдық үй-жайларға зорлықпен кiру мүмкiндiгiнiң немесе оларға зақым келтiрудiң, сондай-ақ консулдық мекеменiң абырой-беделiне нұқсан келтiруге қабiлеттi кез келген iс-әрекеттің алдын алу үшiн қажеттi шараларды қабылдайды. 
      4. Қандай да бiр адамға тиесілі екендігіне қарамастан көлік құралдарын қоса алғанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық функцияларын орындау үшiн пайдаланылатын меншiк реквизициялауға, басып алуға немесе консулдық мекеменiң тиiмдi жұмыс iстеуiне кедергi келтiретiн басқа да нысандағы ықпал етуге жатпайды, көлiк құралдары бұған консулдық басшысы немесе дипломатиялық өкiлдiк басшысы келiсiм берген жағдайлардан басқа реттерде консулдық мекемеден тыс жерлерде консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындары тарапынан тiнтуге жатпайды. 

  30-бап 
Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң 
консулдық мекемесін салықтар мен алымдардан босату 

      1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесi консулдық орналасқан мемлекетте: 
      - қызмет көрсетудiң нақты түрлерi үшiн төлемдердi қоспағанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесiнiң меншiгi болып табылатын немесе өзi не болмаса оның атынан жалға алынатын және консулдық мақсаттар үшiн немесе консулдық мекеменiң консулдық қызмет адамдары, консулдық мекеме қызметкерлерi және қызмет көрсету персоналының қызметшiлерi үшiн пайдаланылатын жер учаскелерiне, ғимаратқа немесе ғимараттың бiр бөлiгiне, 
      - егер өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесi тек консулдық мақсаттар үшiн ғана сатып алатын болса, жоғарыда аталған жылжымайтын мүлiктi сатып алуға қатысты мәмiлелерге және құжаттарға, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесiнің меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында бар және консулдық мақсаттар үшiн ғана пайдаланылатын көлiк құралдарын қоса алғанда, кез келген жылжымалы мүлiкке арналған мемлекеттiк немесе жергiлiктi кез келген салықтар мен алымдардан босатылады.     

  31-бап
Консулдық архивтерге қол сұғылмаушылық

       Консулдық архивтер кез келген уақытта және олардың орналасу орнына қарамастан қол сұғылмайды деп танылады.

  32-бап
Қарым-қатынас еркiндiгi

       1. Консулдық мекеменiң консулдық орналасқан мемлекетте немесе басқа да мемлекеттерде өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң үкiметiмен, дипломатиялық өкiлдiктерiмен және консулдық мекемелерiмен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ол үшiн консулдық орналасқан мемлекет қажеттi жағдайларды қамтамасыз етедi. Консулдық мекеме байланыстың барлық әдеттегi түрлерiн, шифрларды, дипломатиялық және консулдық курьерлердi, дипломатиялық және консулдық вализдердi пайдалана алады. 
      2. Байланыстың әдеттегi құралдарын пайдаланған жағдайда консулдық мекемеге де дипломатиялық өкiлдiкке қолданылатын тарифтер қолданылады. 
      Консулдық мекеме консулдық орналасқан мемлекеттiң келiсiмiмен ғана радиотаратқыш құралын орнатады және пайдалана алады. 
      3. Байланыстың қандай құралдарын пайдаланатындығына қарамастан олардың ресми сипатын көрсететiн, көзге түсетiн сыртқы белгiлерi бар консулдық мекеменiң консулдық вализдерi мен қызмет бабындағы хат-хабарларына қол сұғылмайды, олар консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарының бақылауына жатпайды және ұсталмайды. 
      4. Консулдық курьер консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты түрде тұрмайтын, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы болуға тиiс. Консулдық курьер консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында өзiнiң мiндеттерiн орындау кезiнде консулдық орналасқан мемлекеттiң қорғауында болады және дипломатиялық курьерлер сияқты тап сондай құқықтарды, артықшылықтарды және иммунитеттердi пайдаланады. 
      5. Консулдық вализ кеменiң немесе ұшақтың командирiне сенiп тапсырыла алады. Бұл командир вализдi құрайтын орындардың саны көрсетiлген ресми құжатпен жабдықталады, бiрақ ол консулдық курьер болып саналмайды. Консулдық қызмет адамы консулдық вализдi кеменiң немесе ұшақтың командирiнен тiкелей және кедергiсiз қабылдап алады, сондай-ақ оған осындай вализдi бередi. 

  33-бап 
Жүрiп-тұру еркiндiгi 

       Консулдық қызмет адамының, консулдық қызметкердiң немесе қызмет көрсетушi персоналы қызметшiсiнiң келуге тыйым салынған немесе шектелген аудандардан басқа консулдық орналасқан мемлекеттің аумағы бойынша еркiн жүрiп-тұру құқығы болады. 

  34-бап 
Консулдық алымдар мен баждар 

       1. Консулдық мекеме консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында өкiлдiгін жiберген мемлекеттiң заңдары мен ережелерiне сәйкес консулдық алымдарды өндiрiп алады. 
      2. Бұл алымдарға консулдық орналасқан мемлекеттiң тарапынан салықтар салынбайды. 

  35-бап 
Консулдық қызмет адамының юрисдикциядан иммунитетi 

      1. Консулдық қызмет адамының консулдық орналасқан мемлекеттiң қылмыстық юрисдикциясынан иммунитетi болады. Оның сондай-ақ азаматтық және әкiмшілiк iстер жөнiндегi юрисдикциядан да иммунитетi болады, бұған: 
      - егер консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң атынан консулдық мақсаттар үшiн иеленбейтiн болса ғана, консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында орналасқан жеке жылжымайтын мүлiкке қатысты, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң атынан емес, жеке адам ретiнде өсиеттi орындаушы, мұрагерлiк мүлiктiң қорғаншысы, мұрагер немесе мұрагерлiк құқығынан айырылушы сипатында iс-қимыл жасайтын консулдық қызмет адамының мұрагерлiк әрекеттерiне қатысты, 
      - өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң өкiлi ретiнде өзiне тiкелей немесе жанама түрде мiндеттемелер алмаған консулдық қызмет адамы жасасқан шарттан туындайтын, 
      - жол көлiгi құралдары себеп болған консулдық орналасқан мемлекеттегi жазатайым оқиғаның салдарынан шеккен зиян үшiн үшiншi тарапқа қатысты азаматтық талаптар жатпайды. 
      2. Осы баптың 1-тармағының жоғарыда аталған тармақшаларына жататын жағдайларды қоспағанда, консулдық қызмет адамына қатысты қандай да бiр орындау шаралары қабылданбайды, бұл орайда тиiстi шаралар олардың жеке басына Немесе олардың тұрғын үй-жайларына қол сұқпаушылықты бұзбайтындай жолмен ғана қабылданады. 

  36-бап 
Консулдық мекеме қызметкерiнiң 
юрисдикциядан иммунитетi 

       Консулдық мекеме қызметкерiнiң консулдық орналасқан мемлекетте қылмыстық юрисдикциядан иммунитетi болады. Оның сондай-ақ осы Конвенцияның 35-бабында көрсетiлген азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауға байланысты iс-әрекеттерi үшiн ғана консулдық орналасқан мемлекеттiң юрисдикциясынан иммунитетi болады. Бұл ережелер осы Конвенцияның 45-бабында аталған адамдарға қолданылмайды. 

  37-бап 
Қызмет көрсететiн персонал қызметшiсiнiң иммунитетi

       Қызмет көрсететiн персонал қызметшiсiнiң өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауға байланысты iс-әрекеттерi үшiн ғана консулдық орналасқан мемлекеттiң қылмыстық, әкiмшiлiк және азаматтық юрисдикциясынан иммунитетi болады. Бұл ережелер осы Конвенцияның 45-бабында аталған адамдарға қолданылмайды.      

  38-бап
Отбасы мүшелерiнiң юрисдикциядан иммунитетi

       Консулдық қызмет адамдарына, консулдық мекеме қызметкерлерiне және қызмет көрсетушi персонал қызметшiлерiне қатысты осы Конвенцияның 35, 36 және 37-баптарында көзделген иммунитеттер тиiсiнше олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне де қолданылады.    

  39-бап
Куәгерлiк жауап беру

       1. Консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет органдары қылмыстық және әкiмшiлiк процестерде куәгерлiк жауап берудi сұрап, консулдық қызмет адамына, консулдық мекеме қызметкерiне немесе қызмет көрсету персоналының қызметшiсiне өтiнiш айта алады. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң соттары мен басқа да өкiмет органдары алдында жауап беруден бас тарта алады және бұл орайда оған қандай да бiр мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды. 
      2. Консулдық мекеме қызметкерi мен қызмет көрсету персоналы қызметшiсiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауға байланысты мәселелердi қоспағанда, куәгерлiк жауап беруден бас тартуға құқығы жоқ. 
      3. Консулдық мекеме персоналының мүшелерiнен куәгерлiк жауап алатын өкiмет орындары олардың қызмет бабындағы жұмысына қатысты iстерiне араласудан тартынуға тиiс. Бұл мүмкiн болған және оған келiсiм берiлген мұндай жауап берулер консулдық мекемеде немесе консулдық мекеме персоналы мүшелерiнiң тұрғын үй-жайларында ауызша немесе жазбаша нысанда жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ бұл процесс осы адамның өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауына кедергi келтiрмеуi тиiс.
     4. Куәгердiң жауабын беруге келiсiм берген консулдық қызмет адамы анттың орнына салтанатты уәде беруге құқығы бар.     

  40-бап
Мәжбүрлi түрдегi мiндеткерлiктен және
басқа да мiндеттерден босату

       Консулдық мекеме персоналының мүшелерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi консулдық орналасқан мемлекетте мәжбүрлi түрдегi мiндеткерлiктiң барлық түрлерiнен босатылады.
     Бұл баптың ережелерi осы Конвенцияның 45-бабында аталған адамдарға қолданылмайды.     

  41-бап
Консулдық мекеме персоналының мүшелерiн
салықтар мен алымдардан босату

       1. Консулдық мекеменiң консулдық қызмет адамдары мен қызметкерлерi, сондай-ақ олармен бiрге тұрып жатқан өздерiнiң отбасы мүшелерi консулдық мекеме орналасқан мемлекетте мемлекеттiк және жергiлiктi барлық салықтар мен алымдардан босатылады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген босатулар: 
      - әдетте тауарлар немесе қызмет көрсетулердiң бағасына кiргiзiлетiн жанама салықтарға, 
      - консулдық орналасқан мемлекеттегi жеке жылжымайтын мүлiкке арналған салықтарға және алымдарға, 
      - осы Конвенцияның 43-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, консулдық орналасқан мемлекеттегi мұрагерлiкке және мүлiктер сатып алуға арналған салықтарға және алымдарға, 
      - жалақымен қатар консулдық орналасқан мемлекеттегi қаржы көздерiнен алынған жеке табыстарға арналған салықтарға және алымдарға, 
      мәмiлелер мен құжаттарға, осындай мәмiлелерге байланысты салынатын немесе өндiрiлiп алынатын баждардың барлық түрлерiн қоса алғанда, осы мәмiлелерге қатысты салықтарға және алымдарға, 
      - қызмет көрсетудiң нақты түрлерi үшiн төлемдерге қатысты қолданылмайды. 
      3. Қызмет көрсету персоналының қызметшiлерi өздерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындағаны үшiн алатын жалақысына қатысты консулдық орналасқан ел өндiрiп алатын барлық салықтарды төлеуден босатылады. 
      4. Кiрiстерi консулдық орналасқан елдегi табыс салығынан босатылмайтын жеке қызмет көрсету персоналын пайдаланатын консулдық мекеме персоналының мүшелерi осы адамдардың табыс салығын төлеу тәртiбiне қатысты консулдық орналасқан мемлекеттегi заң ережелерiн құрметтеуге тиiс. 
      5. Бұл баптың 1 және 3-тармақтарының ережелерi осы Конвенцияның 5-бабында аталған адамдарға қолданылмайды. 

  42-бап 
Кедендiк бақылау мен баждан босату 

       1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекетке кедендiк бақылаусыз және консулдық орналасқан мемлекет мүлiктi әкелуге және шығаруға салатын баждар мен басқа да төлемдердi төлеместен консулдық орналасқан мемлекетте сақтағаны, тасымалдағаны және осындай қызмет түрлерi үшiн алымдарды есептемегенде консулдық мекеменiң қызмет бабында пайдалануына арналған автомобильдердi қоса алғанда, барлық заттарды әкелуге, ал кейiнiрек алып шығуға рұқсат етiледi. 
      2. Консулдық қызмет адамына кедендiк бақылаусыз, консулдық орналасқан мемлекетте мүлiктi әкелуге және шығаруға салынатын баждар мен алымдарды төлеместен өзiнiң жеке пайдалануына немесе онымен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң пайдалануына арналған автомобильдердi қоса алғанда консулдық орналасқан мемлекетке багажын, жеке заттарын және басқа да бұйымдарды әкелуге, ал кейiнiрек алып шығуға рұқсат етiледi. 
      3. Консулдық мекеменiң қызметкерi немесе қызмет көрсету персоналының қызметшiсi олардың жұмысқа бастапқы тағайындалуына байланысты әкелiнетiн заттарға қатысты осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құқықтарды пайдаланады. 
      4. Осы бап консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарымен әкелуге және алып шығуға тыйым салынған заттарды консулдық орналасқан мемлекетке әкелуге немесе одан алып шығуға рұқсат беру ретiнде қарастырылмайды. 
      5. Консулдық қызмет адамының жеке багажы кедендiк тексеруге жатпайды. Жеке багажы осы баптың 2-тармағында айтылған заттарды қоспағында, онда қандай да бiр заттар бар деп күдiктенуге елеулi себептер болған немесе консулдық орналасқан елдiң заңдары мен ережелерi бойынша әкелуге немесе алып шығуға тыйым салынған не болмаса карантинге жататын заттар болған жағдайда ғана тексерiлуi мүмкiн. Мұндай жағдайда тексеру осы консулдық қызмет адамының немесе оның отбасы мүшесiнiң қатысуымен жүргiзiледi. Егер консулдық қызмет адамы жеке багажын тексеруге келiсiм беруден бас тартса, багаж кейiн қайтарылады. 

  43-бап 
Қайтыс болған консулдық персонал мүшесінің мүлкi 

      Консулдық персоналдың мүшесi немесе онымен бiрге тұратын отбасы мүшесi қайтыс болған жағдайда консулдық орналасқан мемлекет: 
      - консулдық орналасқан елде сатып алынған, қайтыс болған кезiнде сыртқа шығаруға тыйым салынған заттарды қоспағанда, қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкiн сыртқа алып кетуге рұқсат бередi, 
      - егер мүлiк қайтыс болған адамның консулдық орналасқан елде консулдық персоналдың мүшесi немесе отбасы мүшесi сипатында болуына байланысты консулдық орналасқан мемлекетте тұрған болса қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкi кез келген салықтар мен алымдардан босатылады. 

  44-бап 
Иммунитеттерден бас тарту 

      1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет консулдық мекеме персоналы мүшесінің және онымен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң юрисдикцияға байланысты иммунитетiнен бас тартуы мүмкiн. Бас тарту барлық жағдайларда да белгiлi бiр жазбаша нысанда мазмұндалуы тиiс. Азаматтық iстер бойынша юрисдикцияға байланысты иммунитеттен бас тарту шешiмдi орындауға қатысты иммунитеттен бас тартуды бiлдiрмейдi, ол үшiн ерекше бас тарту талап етiледi. 
      2. Осы Конвенцияның 35, 36, 37 және 38-баптарына сәйкес консулдық орналасқан мемлекетте юрисдикцияға байланысты иммунитеттi  пайдаланатын консулдық қызмет адамы немесе басқа адам иммунитеттi пайдалана алатын iс бойынша талап қойған жағдайда оның негiзгi талапқа тiкелей байланысты кез келген қарсы талапқа қатысты юрисдикцияға байланысты иммунитетке сiлтеме жасауға құқығы жоқ.     

  45-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттерге
қатысты ерекшелiктер

       39-баптың 2-тармағын және 43-бапты қоспағанда осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер консулдық персоналдың мүшелерiне сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне, егер бұл адамдар консулдық орналасқан мемлекеттiң азаматтары болып табылса немесе онда тұрақты түрде тұратын болса, қолданылмайды.     

  46-бап
Иммунитеттер мен артықшылықтардың
қолданылу мерзiмiнiң басталуы мен аяқталуы

       1. Консулдық қызмет адамы, консулдық мекеме қызметкерi немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсi өзiнiң мiндеттерiне кiрiсу мақсатымен консулдық орналасқан елдiң шекарасын кесiп өткен сәттен бастап немесе ол консулдық орналасқан мемлекетте өзінің қызметiне кiрiскен сәттен бастап осы Конвенцияда көздеген иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады. 
      2. Осы баптың 1-тармағы қолданылатын отбасы мүшелерiнiң адамдары осы Конвенцияда олар үшiн көзделген иммунитеттер мен артықшылықтарды: 
      - консулдық қызмет адамы, консулдық мекеме қызметкерi немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсi осы баптың 1-тармағына сәйкес иммунитеттер мен артықшылықтарға арналған құқық алған сәттен бастап, 
      - егер олар консулдық орналасқан мемлекетке кейiнiрек келетiн болса, онда консулдық орналасқан мемлекеттiң шекарасын кесiп өткен сәттен бастап, 
      - олардың отбасы мүшелерi болған сәтiнен бастап пайдаланады. 
      3. Консулдық қызмет адамының, консулдық мекеме қызметкерiнiң немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсiнiң қызмет бабындағы өкiлеттік мерзiмi аяқталғаннан кейiн оның иммунитеттерi мен артықшылықтары, сондай-ақ оның отбасы мүшелерiнiң иммунитеттерi мен артықшылықтары консулдық орналасқан елден тысқары шыққан сәттен бастап немесе ол қызметтен босатқаннан кейiн ақылға қонымды уақыт өткеннен кейiн тоқтатылады. 
      4. Сондай-ақ отбасы мүшелерiнiң иммунитеттерi мен артықшылықтары консулдық қызмет адамының, консулдық мекеме қызметкерiнiң немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсiнiң отбасы мүшелерi болып саналмайтын сәттен бастап тоқтатылады. Алайда егер осы адам консулдық орналасқан мемлекетте ақылға қонымды мерзiм iшiнде тастап шығуға мiндеттеме алса, ол консулдық орналасқан елден сыртқа кеткенге дейiн иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады. 
      5. Консулдық қызмет адамы, консулдық мекеме қызметкерi немесе қызмет көрсететiн персонал қызметшiсi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерi осы Конвенцияда берiлген иммунитеттер мен артықшылықтарды консулдық орналасқан мемлекеттi тастап шыққан сәтке дейiн немесе осы мақсат үшiн бөлiнген ақылға қонымды мерзiм аяқталғанға дейiн пайдалануды жалғастырады. 

  47-бап 
Үшiншi адамдарға келтiрiлген зияннан сақтандыру 

       Осы Конвенцияға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттер берiлетiн барлық адамдар кез келген жол көлiгi құралын кеменi немесе ұшақты пайдалануға байланысты үшiншi адамдарға келтiрiлуi мүмкiн заңды сақтандыруға қатысты консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерiнде көзделген кез келген талапты сақтауға мiндетті. 

  48-бап 
Дипломатиялық персонал мүшелерінiң 
консулдық функцияларды орындауы 

       Консулдық орналасқан мемлекетте дипломатиялық өкілдiктің дипломатиялық персоналы мүшесінiң консулдық функцияларды орындауы оның дипломатиялық иммунитеттерi мен артықшылықтарына нұқсан келтiрместен жүзеге асырылады. Тап осындай шарт консулдық мекеменi уақытша басқаратын дипломатиялық өкiлдiктiң мүшесіне де қолданылады. 

  49-бап
Консулдық орналасқан елдiң заңдарын сақтау 

       1. Осы Конвенцияға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттер берілген барлық адамдар өздерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне нұқсан келтірместен консулдық орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерін құрметтеуге және оның iшкі iстеріне араласудан бас тартуға мiндеттi. 
      2. Консулдық қызмет адамдарына, консулдық қызметкерлерге және қызмет көрсететiн персонал қызметшілеріне берiлген жеңiлдiктерді, артықшылықтар мен иммунитеттерді олар өздерiнiң ресми функцияларын орындау мақсатында ғана пайдаланады.
     3. Консулдық үй-жай консулдық мақсаттарға ғана пайдаланылады.
     4. Консулдық архивтерде ресми сипаттағы құжаттар мен заттар ғана сақталады.     

  50-бап
Құрметтi консулдарды тағайындау 

       Құрметтi консулдарды тағайындау кезінде әрбiр мемлекет 1963 жылғы консулдық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясының тиісті баптарын басшылыққа алатын болады.

  Y Бөлім
Қорытынды қаулылар

  51-бап
Бекітiлуi, күшіне енуi және қолданыс мерзiмінiң аяқталуы

       1. Осы Конвенция бекiтілуге жатады және бекіту грамоталарымен алмасқан соң отызыншы күнi күшіне енедi және белгiсiз мерзiмге күшінде қала береді. 
      2. Әрбiр мемлекет екінші мемлекетке алты ай бұрын жазбаша нысанда хабарландыру тапсырып, кез келген уақытта Конвенцияның күшін жоя алады. Мұндай жағдайда күшiн жою сәтінен бастап алты ай өткен соң Келісім өзінің қолданысын тоқтатады. 
     Бухарест қаласында 1998 жылғы 21 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, 
румын және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
     Қазақ және румын тілдеріндегі мәтіндерді түсіндіру барысында пікір алшақтығы туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қолданылады.     

     Қазақстан Республикасы үшін             Румыния үшін   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады