Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 қарашадағы N 474 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 19 мамырдағы № 314-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 19.05.2015 № 314-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы ең төмен күнкөрiс деңгейiн анықтау және пайдалану үшiн құқықтық негiз белгiлейдi.

      1-бап. Ең төмен күнкөрiс деңгейi

      1. Ең төмен күнкөрiс деңгейi - мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс.
      2. Ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерiн мемлекеттік статистика саласындағы уәкiлеттi орган мен халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ең қажеттi азық-түлiк емес тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерге жұмсалатын шығындардың белгiленген үлесi қосылған ең төмен азық-түлiк себетiнiң құнын негiзге ала отырып есептеп шығарады.
       3. Ең төмен күнкөрiс деңгейi республика бойынша және аймақ бойынша орта есеппен:
      1) жан басына;
      2) халықтың жыныстық-жас топтары бойынша тоқсан сайын есептеп шығарылады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

      2-бап. Ең төмен тұтыну себетi

      1. Ең төмен тұтыну себеті адамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жиынтығы болып табылады.
      2. Ең төмен тұтыну себетi:
      1) азық-түлiк себетiнен;
      2) азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығындардың тіркелген үлесінен тұрады.
      3. Азық-түлiк себетiн мемлекеттік статистика саласындағы уәкiлеттi орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы уәкiлеттi орган бекітетін тамақ өнiмдерiн тұтынудың ғылыми негiзделген физиологиялық нормалары бойынша есептеп шығарады.
      4. Азық-түлiк емес тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерге жұмсалатын шығындардың белгiленген үлесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi ең төмен азық-түлiк себетiнiң құнына арақатынасы арқылы белгiлеп отырады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2010.03.19 № 258-IV; 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      3-бап. Ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң белгiленуi

      Ең төмен күнкөрiс деңгейi жыл сайын:
      1) тұрмыс деңгейiн бағалау мен кедейлiк шегiн анықтауға;
      2) әлеуметтiк саясаттың бағыттарын анықтау мен халықты әлеуметтiк қолдау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға;
      3) айлық жалақының ең төмен мөлшерін, зейнетақының ең төмен мөлшерін және базалық әлеуметтiк төлемдердiң белгiленетiн ең төмен мөлшерiн негiздеуге арналады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      4-бап. Кедейлiк шегi

      1. Кедейлiк шегi - республикада экономикалық мүмкiндiктерге қарай белгiленетiн, адамның ең төмен қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн қажеттi кiрiс шегi.
      2. Кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің негізінде айқындалады. Ол республика бойынша, сондай-ақ өңірлер деңгейінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен тоқсан сайын есептеледі.
      3. Кедейлiк шегi табысы аз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшiн өлшем болып табылады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      5-бап. Айлық жалақының ең төмен мөлшерін, зейнетақының
              ең төмен мөлшерін және базалық әлеуметтік
              төлемдерді белгілеген кезде ең төмен күнкөріс
              деңгейінің шамасын қолдану

      Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы бойынша айқындалатын және жыл сайын инфляцияны ескере отырып тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы айлық жалақының ең төмен мөлшерін, зейнетақының ең төмен мөлшерін және базалық әлеуметтік төлемдерді белгілеу үшін негіз болып табылады.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      6-бап. Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы
              мәліметтерді жариялау

      Тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы бойынша орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы және халықтың негізгі жыныстық-жас топтары, кедейлік шегі, азық-түлік себетінің құны және халықтың осы өлшемдерден төмен тұратын жігі жөніндегі күнкөріс деңгейі туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ресми жариялап отыруға тиіс.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.12.15 N 101 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

      7-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі

      Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.    

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады