Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек туралы Шартты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 22 маусымдағы Қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 16-VII Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қаулы етеді:

      Улаанбаатор қаласында 1993 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы Шарт бекiтiлсiн (қоса берілген).

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары

  қосымша

Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек туралы
Шарт (Келісім 1994 жылғы 18 тамызда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2004 ж., N 2, 7-құжат)

      Ескерту. Шарттың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 16-VII Заңымен.

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Монғолия егемендікті құрметтеу және өзара сыйластық негізінде құқылық қатынастар саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында азаматтық және қылмыстық істер жөнінде бір-біріне құқылық көмек көрсететін болып шешті және осы мақсатпен мыналарға уағдаласты:

I тарау
Жалпы ережелер

1-бап Құқылық қорғау

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында өзінің жеке және мүліктік құқықтарының екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары сияқты құқылық қорғалуын пайдаланады. Олар соттарға, әділет, прокуратура органдары мен азаматтық және қылмыстық істер құзыретіне жататын өзге де мекемелерге өтініш жасауға құқылы және екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары пайдаланатын ережелер негізінде өтініш бойынша іс қозғап, басқа да іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыра алады.

      2. 1-тармақтағы ережелер өзінің ұлттық заңдарына сәйкес әрбір Уағдаласушы Тараптың аумағында құрылған заңды ұйымдарға да қолданылады.

      3. Осы Шартта қолданылатын "азаматтық істер" термині неке-отбасы, еңбек, мұрагерлік, шаруашылық істерін қамтиды.

2-бап Құқылық көмек

      Уағдаласушы Тараптардың осы Шарттағы 1-баптың 1-тармағында аталған органдары мен мекемелері азаматтық және қылмыстық істер жөнінде өз елінің заңдарымен белгіленетін құзыретіне сәйкес өзара құқылық көмек көрсетеді.

3-бап Құқылық көмек көлемі

      Уағдаласушы Тараптар өз заңдарының талаптарын сақтай отырып, бір-біріне:

      - іс жүргізу әрекеттерін орындау;

      - құжаттарды жіберу мен тапсыру;

      - заттай дәлелдемелер беру;

      - іс материалдарын жіберу;

      - сот шешімдерін тану және орындау;

      - талаптарды қамтамасыз ету;

      - сұраушы тарапқа соттылық туралы мәліметтер беру;

      - адамдарды іздестіру жолмен құқылық көмек көрсетеді.

4-бап Құқықтық көмек көрсеткен кезде қатынастар жасау тәртібі

      Егер осы Шартта қатынастардың өзгеше тәртібі белгіленбесе ғана, құқықтық көмек көрсеткен кезде Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен орталық органдары арқылы қатынас жасайды.

      Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - соттардан шығатын өтініштер (тапсырмалар), сондай-ақ азаматтық істер бойынша сот шешімдерін тану және орындау туралы өтінішхаттар бөлігінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты; сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде қылмыстық істер бойынша өтініштер (тапсырмалар), сондай-ақ қылмыстық істер бойынша залалды өтеу бөлігінде үкімдерді тану және орындау туралы өтінішхаттар бөлігінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы; өзге мекемелерден, сондай-ақ нотариустар мен адвокаттардан шығатын басқа да өтініштер (тапсырмалар) бөлігінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;

      Моңғолия үшін - Моңғолияның Әділет және ішкі істер министрлігі, Моңголияның Бас Прокуратурасы және Моңғолияның Жоғарғы Соты орталық органдар болып табылады.

      Уағдаласушы Тараптардың орталық органдарының өкілеттіктері немесе функциялары өзгерген жағдайда дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 12.03.2021 № 16-VII Заңымен.

5-бап Тіл

      Уағдаласушы Тараптардың мекемелері осы Шартта қозғалып отырған барлық мәселелер бойынша өзара қарым-қатынас жасаған кезде Тараптардың мемлекеттік тілдерін қолданады.

6-бап Құжаттарды ресімдеу

      1. Уағдаласушы Тараптардың компетентті органдары құқылық көмек көрсету ретінде жіберетін, мемлекеттік тілде жазылған құжаттары орыс тілінде аударылуға, компетентті адамның қолы қойылып, мөрмен куәландырылуға тиіс.

      2. Тараптар өзара келісім бойынша құқылық көмек көрсету үшін өтініш жасаған кезде пайдаланылатын формулярлардың үлгілерін белгілеуі мүмкін.

7-бап Құқылық көмек көрсету туралы өтініштің (тапсырманың) формасы

      Құқылық көмек көрсету туралы өтініш (тапсырма) жазбаша түрде жасалып, тапсырманың мазмұны ескерілген мынадай реквизиттер болуға тиіс:

      а) сұраушы мекеменің атауы;

      б) сұрау салынып отырған мекеменің атауы;

      в) құқылық көмек сұралып отырған істің атауы және өтініштің (тапсырманың) мазмұны;

      г) іске қатысы бар адамдардың аты-жөні, олардың азаматтығы, жынысы, кәсібі, тұрғылықты жері немесе жүрген жері, туған жылы мен жері; заңды ұйымның атауы және орналасқан жері;

      д) осы баптың "г" тармағында аталған адамдар өкілдерінің аты-жөні және мекен-жайы;

      е) тапсырылатын құжаттың атауы;

      ж) анықталуға тиісті мән-жайдың мазмұны, сондай-ақ талап етілетін құжаттар мен басқа да дәлелдемелердің тізбесі; қылмыстық істер бойынша сондай-ақ жасалған қылмыстың нақты мән-жайының сипаттамасы, оның заң жүзінде топталуы, қажет болған жағдайда адамның сыртқы сипаттамасы, оның фотосуреті, саусақтарының іздері.

8-бап Тапсырманың орындалуы

      1. Егер сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес тапсырманы орындау осы Тараптың соттары мен басқа да компетентті мекемелерінің компетенциясына енбейтін болса, тапсырма бас тартудың дәлелі көрсетіліп қайтарылуы мүмкін.

      2. Егер Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесі тапсырманы орындауға құқылы болмаған ретте ол аталған тапсырманы сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың компетентті мекемелеріне жолдауға, сондай-ақ бұл туралы екінші Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесіне хабарлауға міндетті.

      3. Егер Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесі тапсырмада көрсетілген мекен-жайдың дәл болмауына байланысты тапсырманы орындауға мүмкіндігі болмаса, ол мекен-жайды анықтау үшін тиісті шаралар қолдануға немесе Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесінен қосымша мәліметтер беруді талап етуге міндетті.

      4. Егер мекен-жайды анықтау немесе басқа себептермен тапсырманы орындау мүмкін болмаса, Уағдаласушы Тараптың сұрау салынып отырған мекемесі бұл туралы Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесіне хабарлап, тапсырманың орындалуына кедергі жасайтын себептерді баяндауға, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптың сұраушы мекемесі жолдаған барлық құжаттарды қайтаруға міндетті.

9-бап Орындау нәтижелері туралы хабарлау

      1. Сұрау салынып отырған мекеме осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртіп бойынша сұраушы мекемеге мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде тапсырманың орындалу нәтижелері туралы жазбаша түрде хабарлауға, сондай-ақ тапсырманың орындалған уақыты мен жерін көрсетіп, орындалуын растайтын құжаттарды жіберуге міндетті.

      2. Құжаттардың тапсырылғаны туралы тапсырманың орындалғанын растайтын құжатта алынған күні көрсетілуге, алушының қолы мен тапсырманы орындаған адамның қолы қойылуға тиіс. Егер алушы алудан бас тартса, алудан бас тартудың себептері де көрсетілуге тиіс.

10-бап Құжаттарды дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер арқылы табыс ету

      Уағдаласушы Тараптардың бірінің екінші Уағдаласушы Тарап жанында тіркелген дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері компетентті органдардың тапсыруы бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды өз азаматтарына табыс ете алады. Алайда бұл әрекеттер күштеу сипатындағы шаралар болмауға және сол ұлттық заңдарына қайшы келмеуге тиіс.

11-бап Куәні, зардап шегушіні және сарапшыны шетелге шақыру

      Егер бір Уағдаласушы Тараптың аумағындағы алдын ала тергеу немесе сотта іс қарау барысында екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы куәнің, зардап шегушінің, сарапшының өзі келуі қажет болса, осы Уағдаласушы Тараптың тиісті мекемесіне хабарласып, шақыру қағазын табыс етуді тапсыру керек.

12-бап Куәлар, зардап шегушілер мен сарапшылар жөніндегі кепілдіктер

      1. Сұрап отырған Уағдаласушы Тарап сотының немесе басқа да компетентті мекемелерінің сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап арқылы берілген шақыруы бойынша келген куәні, зардап шегушіні немесе сарапшыны, оның азаматтығына қарамастан, сұраушы мемлекетте әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартуға, не оның мемлекеттік шекарадан өткенге дейін жасаған құқық бұзушылығы үшін кез келген формада бас бостандығынан айыруға болмайды.

      2. Егер куә, зардап шегуші немесе сарапшы өзінің ендігі жерде қатысуының қажет еместігі туралы сұраушы Уағдаласушы Тараптан хабар алғаннан кейін оның аумағынан 15 күн өткенше кетпесе, ол осы баптың 1-тармағында берілетін кепілдіктен айырылады, бұған сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша мерзімінде кете алмайтын реттер қосылмайды.

      3. Осы баптың 1-тармағында аталған шақыру осы Шарттың 4-бабында көзделген тәртіппен беріледі. Шақыруда күштеу шараларын қолдануға қоқан-лоққы жасалмауға тиіс.

13-бап Құқылық көмек көрсетуге байланысты шығындар

      1. Уағдаласушы Тараптар құқылық көмекті тегін көрсетеді, бұған сарапшылардың қызметіне ақы төлеу қосылмайды.

      2. Сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағына шақыру бойынша барған куәнің, зардап шегушінің немесе сарапшының жолына, тамағы мен тұруына жұмсалған шығындарды сұраушы Уағдаласушы Тарап көтереді. Шақыруда аталған адамдардың қандай төлемдер алуға құқылы екені көрсетілуге тиіс. Аталған адамдардың өтініші бойынша сұраушы Уағдаласушы Тарап оларға тиісті шығындарды алдын ала төлеуге міндетті.

14-бап Құқылық көмектен бас тарту

      Егер сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап құқылық көмек көрсету өзінің ұлттық заңдарына қайшы келеді деп санаса, оның құқылық көмек көрсетуден бас тартып, сұраушы Уағдаласушы Тарапқа бас тартудың себептерін хабарлауы мүмкін.

15-бап Құқылық көмек көрсету кезінде қолданылатын заңдар

      1. Сұрау салынып отырған мекеме құқылық көмек көрсету кезінде өз мемлекетінің ұлттық заңдарын қолданады.

      2. Құқылық көмек көрсету кезінде сұрау салынып отырған мекеме сұраушы Тараптың өтініші бойынша, егер олар сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына қайшы келмесе, екінші Уағдаласушы Тараптың іс жүргізу нормаларын да қолдана алады.

16-бап Заң ақпаратын алмасу

      Уағдаласушы Тараптар өтініш бойынша бір-біріне қолданылып жүрген немесе қолданылған заңдар туралы және оларды қолдану практикасы туралы ақпарат береді.

II тарау
Азаматтық істер бойынша құқылық көмек

17-бап Құқылық көмек көлемі

      Уағдаласушы Тараптар өзара алыс-беріс негізінде өтініш бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды беріп, талаптарды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады, процеске қатысушылардан, куәлар мен сарапшылардан жауап алып, жергілікті жерде сараптама, тексеріс жүргізеді, сот шешімдерін танып, орындайды, соның ішінде алимент өндіріп алу үшін борышқорларды іздестіру жөнінде шаралар қолданады, басқа жүргізу әрекеттерін орындайды.

18-бап Азаматтық істер қаралатын жер

      Мұрагерлік дауларды қоспағанда, азаматтық істер жөніндегі дауларды жауапкердің тұрғылықты жері немесе жүрген жері бойынша Уағдаласушы Тараптардың соттары қарайды.

19-бап Сот шығындарын төлеу

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында сот шығындарын сол Уағдаласушы Тараптың азаматтарымен тең жағдайда және бірдей көлемде төлейді.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағында құрылған заңды ұйымдарға да оның ұлттық заңдарына сәйкес қолданылады.

20-бап Сот шығындарын төлеуден толық немесе ішінара босату

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың азаматтары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында сот шығындарын төлеуден сол Уағдаласушы Тараптың азаматтарымен тең жағдайда және бірдей көлемде толық немесе ішінара босатылады.

      2. Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматтары сот шығындарын төлеуден толық немесе ішінара босатуға өтініш жасағанда тұрғылықты жері бойынша немесе жүрген жері бойынша құзыретті мекемелер берген, өзінің жеке басын, отбасылық және мүліктік жағдайын куәландыратын құжаттар тапсыруға тиіс. Егер арыз берушінің Уағдаласушы Тараптар аумағында тұрғылықты жері немесе жүрген жері болмаса, ол өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген немесе куәландырған аталған құжаттарды табыс ете алады.

      3. Сот шығындарын төлеуден толық немесе ішінара босату туралы өтініш бойынша шешім шығаратын сот құжат берген органға қосымша түсіндірме туралы сауал сала алады.

21-бап Танылуға және орындалуға тиісті шешімдер

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында шығарылып, заңды күшіне енген сот шешімдерін танып, өз аумағында орындауға міндетті.

      2. Осы Шарттың тексті бойынша қолданылатын "сот шешімдері" деген термин мыналарды білдіреді:

      Қазақстан Республикасында - соттың (судьяның), соның ішінде төрелік соттың (судьяның) шешімі, ұйғарымы, қаулысы, азаматтық және төрелік істер бойынша бітістіру келісімі, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша келтірілген нұқсанды өтеу бөлігіндегі үкім;

      Монғолияда - соттың (судьяның) шешімі, ұйғарымы, қаулысы, азаматтық іс бойынша бітістіру келісімі, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша келтірілген нұқсанды өтеу бөлігіндегі үкім.

22-бап Сот шешімін тану және орындау туралы өтініш жасау

      1. Сот шешімін тану мен орындау туралы өтінішті арыз беруші осы шешімді шығарған сотқа береді және сот оны Шарттың 4-бабында көзделген тәртіппен екінші Уағдаласушы Тараптың сотына жібереді. Арыз беруші екінші Уағдаласушы Тараптың сотына да тікелей өтініш жасай алады.

      2. Сот шешімін тану мен орындау туралы өтінішке қоса мынадай құжаттар жіберілуге тиіс:

      а) сот шешімінің сот куәландырған көшірмесі, егер көшірмеде шешімнің күшіне енгені және орындауға болатыны айқын көрсетілмеген болса, сот шешімінің заңды күшіне енгені туралы сот құжатының бір данасы да қоса тіркелуге тиіс;

      б) сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында шешімнің бір бөлігінің орындалуы туралы сот құжаты;

      в) процеске қатыспаған тарапқа заңмен белгіленген тәртіп бойынша сотқа шақыру туралы хабарламаның табыс етілгенін, ал ол қабілетсіз болған жағдайда онда тиісті өкілінің болғанын куәландыратын құжат;

      г) осы бапта аталған өтініш пен оған қоса тіркелген құжаттардың куәландырылған аудармасы.

23-бап Сот шешімін тану мен орындау тәртібі

      1. Сот шешімін тану мен орындауды өтініш жасалған Уағдаласушы Тараптың соты осы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарымен белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.

      2. Өтініш жасалған сот шешімді мәні бойынша талқыламай, қайта оны осы Шарттың талаптарына сәйкес нәрсе ретінде ғана қарастырады.

      3. Тану мен орындау туралы өтініш түскен шешім жөнінде өтінішті алған сот қажет болған жағдайда шешім шығарған соттан қосымша материалдар беруді талап ете алады.

24-бап Тану мен орындаудың заңдық күші

      Бір Уағдаласушы Тарап сотының екінші Уағдаласушы Тарап сотының шешімін тануы мен орындауы осы Уағдаласушы Тарап сотының шешімін тану мен орындау сияқты күшінде болады.

25-бап Шешімді тану мен орындаудан бас тарту

      Сот шешімін тану мен орындаудан мына жағдайлардың бірінде:

      а) егер шығарылған шешім Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес заңды күшіне енбесе және орындалуға жатпаса;

      б) егер шешімді тану мен орындау туралы өтініш жасалған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес іс сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап сотының құзыретіне ғана жататын болса;

      в) егер процеске қатыспаған тарапқа мекемесі шешім қабылдаған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес сотқа шақыру туралы хабар тапсырылмаған болса немесе ол қабілетсіз болған жағдайда тиісті өкілі қатыспаса;

      г) егер нақ сол тараптар арасындағы белгілі бір құқылық дау бойынша сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың соты шешім шығарып, ол заңды күшіне енгізіліп те қойған немесе ол сол жерде қаралып жатса, немесе осы іс жөнінде үшінші бір мемлекеттің шешімі заңды күшіне енгізіліп те қойды деп танылса, бас тартылуы мүмкін.

III тарау
Қылмыстық істер бойынша құқылық көмек

26-бап Құқылық көмек көлемі

      Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптар бір-біріне көрсететін құқылық көмек мыналарды қамтиды:

      - алдын ала тергеу мен сот тергеуіндегі адамдарды іздестіру және ұқсастыру;

      - қылмыстық қудалау ісін қозғау;

      - күдіктілерден, айыпкерлерден, сотталушылардан, куәлардан, зардап шегушілерден, сарапшылардан жауап алу;

      - дәлелдемелер жинауға байланысты қарау, тінтуі және басқа да іс жүргізу әрекеттері;

      - заттай айғақтарды, құжаттарды, қылмысты жолмен алынған қазыналарды беру;

      - қылмыстық іс жүргізуге байланысты іс жүргізу құжаттарын табыс ету, сондай-ақ сот процесінің нәтижелері туралы ақпарат беру.

27-бап Қылмыстық істер бойынша құқылық көмек көрсету кезіндегі қарым-қатынастардың тәртібі

      Ескерту. 27-бап алып тасталды – ҚР 12.03.2021 № 16-VII Заңымен.

28-бап Қылмыстық қудалау ісін қозғау міндеті

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша өзінің заңдарына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында қылмыс істеді деп күдік келтірілген өз азаматтарына қарсы қылмыстық қудалау ісін қозғайды.

      2. Бір Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес оның құзыретті мекемелеріне зардап шегуші тиісті мерзімде берген қылмыстық қудалау ісі туралы арыз екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында да күшінде болады.

29-бап Сұрау салынып отырған тараптың аумағында қамауда отырған адамды куә не зардап шегуші ретінде іске қатысу үшін беру

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың бас бостандығынан айыру орындарында отырған сотталған адам екінші Уағдаласушы Тараптың сотына немесе басқа да құзыретті мекемесіне басқа іс бойынша куә немесе зардап шегуші ретінде мына шарттар сақталған жағдайда:

      а) шақыру жіберілген адам бұлайша беруге келіскен жағдайда берілуі мүмкін;

      б) сұраушы Уағдаласушы Тарап бұл адамды ол берілген іс жүргізу әрекеттері өткізілгеннен кейін дереу және берілген күнінен бастап үш айдан кешіктірмей кері қайтаруға тиіс;

      в) берілген адам сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында оның қашып кетуіне болмайтын жағдайда ұсталуға тиіс.

      2. Адамның сұраушы Уағдаласушы Тараптың аумағында қамауда болған мерзімі жалпы жазасын өтеу мерзіміне қосылады.

30-бап Құжаттарды табыс ету және жекелеген іс жүргізу әрекеттерін орындау

      1. Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер жинауға байланысты құжаттарды табыс ету мен жекелеген іс жүргізу әрекеттерін орындау тәртібі осы Шарттың 6-10-баптарымен анықталады.

      2. Жоғарыда аталған тапсырмаларды жіберген кезде қылмыстың жасалу мән-жайлары, оның сипатталуы және тиісті заң актілерінің ережелері көрсетілуге тиіс.

31-бап Қылмысты жолмен алынған ақша мен материалдық қазыналарды беру

      1. Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Уағдаласушы Тарапқа екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында қылмысты жолмен алынған ақша мен өзге де материалдық қазыналарды беруге тиіс.

      2. Егер жоғарыда аталған ақша мен өзге де материалдық қазыналар сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың аумағында басқа да шешілмеген қылмыстық істер бойынша сотта іс қарау үшін қажет болса, бұл Уағдаласушы Тарап олардың берілуін уақытша тоқтата тұра алады.

32-бап Қылмыстық істер бойынша құқылық көмек көрсетуден бас тарту

      Сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тарап, осы Шарттың 14-бабында көзделген негіздерді қоспағанда, егер тапсырмада аталған әрекет сұрау салынып отырған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдары бойынша қылмыс деп табылмайтын болса, қылмыстық істер бойынша құқылық көмек көрсетуден бас тарта алады.

33-бап Қылмыстық істер бойынша істі қозғау мен сотта қараудың нәтижелері туралы хабарлау

      Уағдаласушы Тараптар бір-біріне екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары жөнінде қылмыстық іс қозғау туралы және қажет болған жағдайда өз сотының екінші Уағдаласушы Тараптың азаматтары жөнінде шығарған үкім туралы мәліметтер беруге міндетті.

34-бап Бұрын жасалған қылмыстар туралы ақпарат

      Уағдаласушы Тараптар бір-біріне өтініш бойынша өздерінің бұрын екінші Уағдаласушы Тараптың соты соттаған адам жөнінде қылмыстық істі қарау үшін қажетті соттылық туралы мәліметті тегін береді.

35-бап Қылмыстық істер бойынша құқылық көмек көрсету кезінде Уағдаласушы Тараптар өкілдерінің қатысуы

      Бір Уағдаласушы Тараптың өкілдері екінші Уағдаласушы Тараптың келісуімен екінші Уағдаласушы Тараптың қылмыстық істер бойынша құқылық көмек көрсету туралы өтінішін орындауға қатыса алады.

IV тарау
Басқа ережелер

36-бап Құжаттардың жарамдылығы

      Бір Уағдаласушы Тараптың соты немесе басқа да құзыретті мекемесі жасаған немесе куәландырған құжаттар осы Уағдаласушы Тараптың тиісті құзыретті мекемесінің ресми мөрі болған жағдайда жарамды болады. Осындай түрінде оларды екінші Уағдаласушы Тарап сотының немесе басқа да құзыретті мекемесінің қабылдауы мүмкін.

37-бап Азаматтық хал туралы құжаттар мен басқа да құжаттарды жіберу

      Осы Шартты орындау үшін бір Уағдаласушы Тараптың құзыретті мекемелері дипломатиялық арналар арқылы алынған өтініштер бойынша екінші Уағдаласушы Тарапқа азаматтық хал актілерін тіркеу туралы, білімі туралы куәліктерді, еңбек стажы туралы мәліметтерді және екінші Уағдаласушы Тарап азаматтарының жеке құқықтары мен мүліктік мүдделеріне қатысты басқа да құжаттарды тегін әрі орыс тіліне аударып жібереді.

38-бап Дауларды шешу

      Уағдаласушы Тараптар осы Шартты түсіндіру немесе орындау мәселелері бойынша туындайтын дауларды осы Шарттың 4-бабында аталған тиісті орталық органдармен арадағы консультациялар арқылы не дипломатиялық арналармен шешеді.

39-бап Ведомстволық байланыстар орнату

      Уағдаласушы Тараптардың осы Шартта аталған орталық заң мекемелері осы Шарттың негізінде және оны дамыта отырып, өз құзыреті шегінде ведомстволық келісімдер жасасу жолымен өзара тікелей байланыстар орната алады.

V тарау
Қорытынды ережелер

40-бап Шартқа өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы өзара келісім бойынша енгізіледі және әрбір Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес заңдық ресімдер орындалғаннан кейін күшіне енеді.

41-бап Шарттың күшіне енуі

      Осы Шарт Тараптар өздерінің ұлттық заңдарында көзделген барлық заңдық ресімдерді орындап, дипломатиялық арналар арқылы өзара жазбаша хабарлар алысқаннан кейін соңғы хабар алынған соң 30-күні күшіне енеді.

42-бап Қолданылуын тоқтату

      Бұл Шарттың мерзімі жоқ және ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгені оның қолданылуын тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабар жібергеннен кейін алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.

      1993 жылғы 22 қазанда Улаанбаатор қаласында қазақ, монғол және орыс тілдерінде, әрқайсысы екі данадан жасалды, бұл орайда барлық текстің күші бірдей.

      Осы Шартты түсіндіруде пікір алалығы туған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі тексті ұстанады.

      (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады