Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 жылғы 20 мамырдағы қаулысы.

      (Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 22.06.2012 № 4-V, 19.12.2022 № 19-VІІ қаулыларымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қоса)

      МАЗМҰНЫ

Қазақстан Республикасы Парламентінің
Регламенті

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті Палаталардың бірлескен отырыстарын өткізу жағдайы мен тәртібін, Сенат пен Мәжіліс Регламенттерінде реттелмеген мәселелерді қарау, Парламенттің бірлескен органдарын құру және олардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ Парламенттің депутаттары мен лауазымды адамдарының өкілеттігін жүзеге асыру кезінде Палаталардың өзара қатынастары механизмін белгілейді.

І Бөлім. Жалпы ережелер

1-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті өз жұмысын сессия тәртібімен жүзеге асырады.

      Парламент сессиясы оның Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстары түрінде өткізіледі.

      Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

      Ескерту. 1-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

2-тармақ. Парламенттің сессиясы Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттің сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады, ал ол болмаған кезде Мәжіліс Төрағасы ашады.

      Парламенттің сессиясы ашылған және жабылған кезде Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.

      Ескерту. 2-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

3-тармақ. Парламенттің кезекті сессияларын Мәжіліс Төрағасы шақырады және олар жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен бастап маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.

      Парламент сессиясының ашылатын күні, уақыты және орны туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады.

      Ескерту. 3-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

4-тармақ. Заңда белгіленген мереке, демалыс күндері мен парламенттік каникул күндері Парламенттің жұмыс істемейтін күндері болып табылады.

      Егер парламенттік каникул Парламенттің кезектен тыс сессиясы шақырылуына байланысты үзілсе, ол кезектен тыс сессияның жұмысы аяқталғаннан кейін қайта басталып, парламенттік каникул мерзімі біткенге дейін жалғастырылады.

      Парламенттік каникул Республика Парламентінің қаулысымен жарияланады.

      Ескерту. 4-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

ІІ Бөлім. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарын өткізу жағдайлары мен тәртібі

1-тарау. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбына ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

5-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысын, Палаталардың депутаттарына алдын ала хабарлай отырып, Мәжіліс Төрағасы шақырады. Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Парламенттің бірлескен отырысын шақыру туралы өкім шығарып, оны Парламент депутаттарына хабарлайды.

      Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары сағат 12-ден 12 сағат 30 минутке дейін және сағат 14-тен 16-ға дейін үзіліс жасай отырып, сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі.

      Парламент Палатаның бірлескен отырысын өткізудің өзгеше уақыты туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      Төрағалық етуші отырыстарда өз бастамасы бойынша немесе Парламенттің қатысып отырған депутаттары саны көпшілігінің ұсынысы бойынша үзілістер жариялайды.

      Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары кезінде Парламент пен оның Палаталары жұмыс органдарының отырыстары өткізілмейді.

      Ескерту. 5-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

6-тармақ. Парламенттің отырысы оған әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда құқықты болады.

      Парламент отырысының заңдылығын анықтау үшін әрбір Палата депутаттарының дербес тіркелуі өткізіледі. Әрбір дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілуі мүмкін. Рәсімдік мәселелер бойынша дауыс беру алдында депутаттарды қосымша дербес тіркеу өткізілмейді.

      Ескерту. 6-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

7-тармақ. Парламент отырысында Мәжіліс Төрағасы:

      - Парламенттің сессиялары мен отырыстарын ашады, жабады;

      - Палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарында төрағалық етеді;

      - жарыссөзде сөз сөйлеуге жазылғандар туралы мәліметтерді жария етеді;

      - Палаталардың депутаттарына талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшін кезекпен, бірақ әрі кеткенде екі рет сөз береді;

      - сөйлеуші Регламентті бұзған жағдайда – оған ескерту жасауға, ал қайталап бұзған ретте сөзден айыруға құқылы;

      - депутатқа рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс, бірақ әрі кеткенде екі рет сөз береді;

      - заңдардың, қаулылардың, үндеулердің, декларациялардың, мәлімдемелердің және Парламенттің басқа да актілерінің жобалары, депутаттардың отырыста қаралып отырған мәселелер бойынша түзетулері жөнінде дауыс беруді ұйымдастырады және дауыс беру нәтижелерін жариялайды;

      - Палаталардың бірлескен отырысын өткізудің осы Регламентпен белгіленген тәртібін қамтамасыз етеді.

      Парламент отырысында мәселелерді талқылау кезінде төрағалық етушінің депутаттардың сөйлеген сөздеріне баға беруге және түсініктеме жасауға құқығы жоқ.

      Парламент Мәжілісінің Төрағасы отырысты жүргізуді Мәжіліс Төрағасы орынбасарларының біріне беруге құқылы.

      Ескерту. 7-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

8-тармақ. Парламент отырысының күн тәртібі мен жұмыс ретін Парламент Мәжілісінің Төрағасы енгізеді және олар Палаталардың бірлескен отырысында әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі.

      Күн тәртібі мен жұмыс реті жөніндегі ұсыныстар мен ескертпелер әр ұсыныс бойынша әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Республика Президенті қараудың басымдығын айқындаған заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс.

      Парламент Мәжілісінде көрсетілген заң жобаларын қарау мерзімі күнтізбелік қырық күннен аспауға тиіс.

      Ескерту. 8-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен өзгерістер енгізілді.

9-тармақ. Парламент отырыстарында баяндамалар үшін – отыз минут шегінде, қосымша баяндамалар үшін – жиырма минутке дейін, жарыссөзде сөйлеушілер үшін – он минутке дейін, жарыссөзде қайтадан сөйлеу кезінде – бес минутке дейін, депутаттық сауалдарын жария ету үшін – бес минутке дейін, кандидатураларды талқылау кезінде – үш минутке дейін, рәсімдік мәселелер бойынша сөз сөйлеу үшін, анықтамалар беру мен сұрақтар қою үшін – екі минутке дейін уақыт беріледі. Сұрақтарға жауап қайтару үшін – бір сағаттан аспайтын, ал жарыссөзге бір жарым сағатқа дейін уақыт бөлінеді. Жарыссөз тоқтатылғаннан кейін баяндамашы мен қосымша баяндамашының он минут шегінде қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.

      Саяси партиялар фракцияларының басшыларына, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруі бойынша саяси партиялар фракцияларының өкілдеріне талқыланатын мәселе бойынша фракцияның ұстанымын баяндау үшін сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі және қажет болған кезде бес минут шегінде қосымша уақыт беріледі.

      Парламент депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен өзге де уақыт белгілей алады.

      Сөз мінберден немесе отырған орыннан сөйленеді.

      Сөз беру туралы өтініш отырған орыннан беріледі.

      Республика Президентіне сөз сөйлеу үшін оның өтініші бойынша кез келген уақытта сөз беріледі.

      Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, олардың орынбасарларының, Президент пен Үкімет өкілдерінің өтініші бойынша оларға талқыланып отырған мәселе бойынша сөйлеу үшін кезектен тыс сөз берілуі мүмкін.

      Парламенттің отырысында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкімнің де сөз сөйлеуге құқығы жоқ.

      Ескерту. 9-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен өзгерістер енгізілді.

10-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Депутат қазақ және орыс тілдерін білмеген жағдайда оның өзге тілде сөйлеуге құқығы бар. Бұлайша сөйленген сөздің қазақ және орыс тілдеріне аудармасы қамтамасыз етіледі. Депутат өзінің кез келген басқа тілде сөйлегісі келетіні туралы Мәжіліс Төрағасына кем дегенде бір тәулік бұрын хабарлайды.

      Баяндамалар мен қосымша баяндамалардың мәтіндері Мәжіліс Аппаратына ілеспе аударма үшін алдын ала, бірақ Палатаның бірлескен отырысы басталардан кем дегенде екі сағат бұрын қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

      Ескерту. 10-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

11-тармақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары ашық жүргізіледі.

      Палаталардың бірлескен отырысына қатысуы қажеттігі туралы Парламент шешім қабылдаған мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдары Парламенттің отырысына келуге және оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті түсіндірмелер беруге міндетті. Парламенттің Республика Президенті жөнінде мұндай шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

      Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысуы келу сипатында болатын лауазымды адамдарын Палаталардың Төрағалары шақырады.

      Сенат Аппаратының Басшысы алдын ала Мәжіліс Аппаратының Басшысына Парламент Палаталарының бірлескен отырысына шақырылған адамдар туралы тегін, есімін, әкесінің атын, атқаратын қызметін және оның кім ретінде шақырылып отырғанын көрсетіп хабарлайды.

      Парламент Палаталарының бірлескен отырысына шақырылған адамдардың келу тәртібін Палаталар Аппараттарының Басшылары белгілейді.

      Парламент Палаталарының бірлескен отырысын ұйымдық, құқықтық, құжаттық және ақпараттық-талдама жағынан қамтамасыз етуді Мәжіліс Регламентіне және Мәжіліс Аппараты туралы Ережеге сәйкес Мәжіліс Аппараты жүзеге асырады.

      Шақырылған адамдардың Парламент қызметіне араласуға құқығы жоқ, олар оның жұмысын мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын білдіруден ұстануға, белгіленген тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің өкімдеріне бағынуға міндетті.

      Ескерту. 11-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

12-тармақ. Президенттің не депутаттың ұсынысы бойынша, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, Парламент жабық отырыстар өткізуі мүмкін.

      Республиканың Президенті, Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелері, Ұлттық Банкі Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші мен Республика Президенті Әкімшілігінің Басшысы Парламенттің кез келген отырысына қатысуға құқылы және өз сөзін тыңдатуға құқығы бар.

      Ескерту. 12-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

13-тармақ. Парламенттің отырыстары стенограммаға түсіріледі. Стенограммаға отырыста төрағалық етуші қол қояды. Стенограмманы депутаттарға, Президент пен Үкімет өкілдеріне олардың өтініші бойынша Палаталардың Аппараттары береді.
14-тармақ. Парламент отырысында конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, Республиканың тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне іріткі салуды, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бой ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге, сондай-ақ басқа адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер айтуға жол берілмейді. Бұл талап бұзылған жағдайда төрағалық етуші сөйлеушіні сөзден айырады.

      Сөйлеушіні өзіне берілген уақыт ішінде төрағалық етуші сөзден айыра алмайды, бұған:

      - сөз сөйлеу уақыты біткен;

      - талқыланып отырған мәселе тақырыбынан ауытқыған реттер кірмейді.

15-тармақ. Жарыссөз барысында төрағалық етуші талқыланып отырған мәселе бойынша пікірлердің әралуан болуын анықтауды қамтамасыз етеді.

      Талқыланып жатқан мәселе бойынша жарыссөздер уақыттың бітуіне орай не Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысып отырған әрбір Палата депутаттары санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданған Парламент шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде төрағалық етуші Парламент депутаттарына сөз сөйлеуге жазылған және сөз сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, сөз беруді кімнің талап ететінін анықтайды және қатысып отырған депутаттардың көпшілігі келіскен жағдайда оған сөз береді.

      Жарыссөздің тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмай қалған депутаттар өз сөздерінің қол қойылған мәтіндерін Мәжіліс Аппараты арқылы Парламент Палаталарының бірлескен отырысының стенограммасына қосуға құқылы.

      Ескерту. 15-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

2-тарау. Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырыстары

16-тармақ. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасы бойынша, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады.

      Егер мәселелер Палаталардың бірлескен отырысында қаралуға жататын болса, Республика Президенті өз жарлығымен Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын шақырады, соның негізінде отырыс Президент айқындаған мерзім мен тәртіп бойынша өткізіледі.

      Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырысын шақыру туралы өзара бастама көтерген кезде Палаталардың Төрағалары Президентке тиісінше жазбаша ұсыныс енгізеді.

      Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Президентке тиісінше жазбаша ұсыныс енгізіледі, онда Парламент Палаталарының кезектен тыс бірлескен отырысын өткізу үшін себеп болған мәселе ашып көрсетіледі.

      Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырыстарында оларды шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

      Палаталардың кезектен тыс бірлескен отырысын, әдетте, Республика Президенті ашады, ал ол болмаған жағдайда Мәжіліс Төрағасы ашады.

      Ескерту. 16-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында

3-тарау. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында дауыс беру және шешімдер қабылдау тәртібі

17-тармақ. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары мен заңдары, Парламент қаулылары нысанында заңнамалық актілер, сондай-ақ жеке қаулылар қабылдайды.

      Парламент пен оның Палаталары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер, заңнамалық сипаты жоқ өзге де актілер қабылдауға құқылы. Оларды қабылдау осы Регламентте және Палаталар Регламенттерінде белгіленген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында

17-1-тармақ. Парламент үндеуінің, декларациясының, мәлімдемесінің, заңнамалық сипаты жоқ өзге де актісінің жобасын оған бастамашы болған депутат (депутаттар) Парламенттің тиісті Палатасының Бюросына енгізеді.

      Тиісті Палатаның Бюросы бұл мәселені Парламент Палаталары бірлескен отырысының күн тәртібіне енгізу туралы Мәжілістің Төрағасына өтініш жасайды.

      Оны Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қараған кезде үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің, өзге де актінің жобасын оның бастамашысы жария етеді. Үндеудің, декларацияның, мәлімдеменің, өзге де актінің жобасы бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда Парламент оны пысықтау жөнінде бірлескен комиссия құрады.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 17-1 тармақпен толықтырылды.

      18-тармақ. Парламенттің актілері, егер Республика Конституциясында өзгеше көзделмесе, әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

      Парламент Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында заңнамалық және өзге де актілерді қабылдаған кезде дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткізіледі. Дауыс беру нәтижелері электрондық таблоға бір мезгілде шығарылуға тиіс.

      Ескерту. 18-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      19-тармақ. Егер Республика Конституциясында өзгеше көзделмесе, Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үш көпшілік даусымен енгізіледі.

      Ескерту. 19-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      20-тармақ. Республика Конституциясында көзделген мәселелер бойынша конституциялық заңдар әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен қабылданады.

      21-тармақ. Парламент Палаталардың бірлескен отырыстарында шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды.

      Парламент Палаталарының бірлескен отырысында дауыс беру:

      - дауыстарды санаудың электрондық жүйесін пайдалану арқылы;

      - қол көтеру арқылы;

      - бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған жағдайда төрағалық етуші кворумды қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етуші дауыс беруді Парламент Палаталарының келесі бірлескен отырысына қалдырады.

      Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қате жіберілгені анықталған жағдайда Парламенттің шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.

      Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін дауыс беруге қатысқандардың, жақтап, қарсы дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып төрағалық етуші жария етеді. Деректер Парламент Палаталарының бірлескен отырысы стенограммасына енгізіледі және Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми сайтында жарияланады.

      Парламенттің бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу солар қабылданған кездегідей дауыс беру арқылы жүргізіледі.

      Ескерту. 21-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен өзгерістер енгізілді.

      22-тармақ. Парламенттің рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері Палаталардың бірлескен отырысына қатысып отырған Парламенттің әрбір Палатасы депутаттарының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, қаулы қабылданбай хаттамамен рәсімделеді және жалпы отырыстардың стенограммасында көрсетіледі.

      Рәсімдік мәселелерге:

      - үзіліс, жалпы отырысты кейінге қалдыру туралы;

      - жалпы отырысты жүргізу реті туралы;

      - мәселелерді талқылау кезектілігі туралы;

      - жарыссөзді тоқтату туралы;

      - сөйленетін сөздердің уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;

      - кворумды куәландыру мен дауысты қайта санау туралы;

      - бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс беруді өткізуге қайтып оралу туралы;

      - дауыс беру әдістері туралы мәселелер жатады.

      Ескерту. 22-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      23-тармақ. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етуші дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың тұжырымдалуын, түсу ретін нақтылайды, депутаттардың қайсысы өз түзетуін алып тастайтынын анықтайды, шешімді қандай көпшілік дауыспен қабылдауға болатынын еске салады.

      Төрағалық етуші дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс беру нәтижелерін жариялайды.

      24-тармақ. Парламент қарайтын мәселе бойынша бірнеше ұсыныс енгізілген жағдайда төрағалық етуші енгізілген барлық ұсыныстар бойынша олардың түсу ретіне қарай дауыс беру өткізеді.

      Ұсыныстардың біреуі қабылданған жағдайда қалған балама ұсыныстар бойынша дауыс беру жүргізілмейді.

      Ескерту. 24-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтырулар енгізілді.

      25-тармақ. Әрбір мәселе бойынша дауыс берген кезде депутаттың бір даусы болады, оны шешімнің қабылдануын жақтап немесе оған қарсы, не шешімнің қабылдануынан қалыс қалып береді.

      Дауыс беру кезінде болмаған депутаттың өз даусын кейіннен беруге құқығы жоқ.

      26-тармақ. Бюллетеньдерді пайдаланып жасырын дауыс беру өткізілген жағдайда Парламент Палаталары депутаттар арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Әрбір Палатадан депутаттар саны тепе-тең болатын Санақ комиссиясы мүшелерінің саны жұп болады. Сайланатын органның құрамына немесе лауазымды адамның қызметіне кандидатуралары ұсынылған депутаттар және ұсыныстары жасырын дауыс беруге салынатын депутаттар Санақ комиссиясына кіре алмайды. Санақ комиссиясын сайлау туралы Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қаулы қабылдайды.

      Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешімдері комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып есептеледі.

      Дауыс беру үшін қажетті ақпарат бар бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгілеген нысанда және белгілі бір мөлшерде қазақ және орыс тілдерінде дайындалады.

      Дауыс беретін уақыт пен орынды, оны өткізу тәртібін Санақ комиссиясы белгілейді және оны Санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.

      Әр депутатқа бір бюллетень беріледі.

      Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер депутаттарға өздерінің депутат куәлігін көрсеткеннен кейін беріледі.

      Бюллетеньдерді депутат жасырын дауыс беруге арналған кабинада бюллетеньнен өзі қарсы дауыс беретін кандидаттың тегін сызып тастау, ал шешімнің жобасы жөніндегі бюллетеньдерде өзі қарсы дауыс беретін шешімдер жобаларының мәтіндерін сызып тастау арқылы толтырады.

      Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде – бір қызметке екі және одан көп кандидатура қалдырылған бюллетеньдер де жарамсыз деп саналады. Бюллетеньде қосымша жазылған тектер дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды. Шешімнің біреуден артық жобасы сызылмай қалдырылған бюллетеньдер жарамсыз деп саналады.

      Толтырылмаған бюллетеньдер мен барлық кандидаттардың тектері сызылып тасталған, сондай-ақ шешімдер жобаларының жаңа мәтіндері енгізілген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.

      Жәшікті ашу Санақ комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

      Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Парламент ашық дауыс беру арқылы Парламент депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Санақ комиссиясының жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттамасын бекітеді.

      Өткізілген дауыс беру рәсімінде қателіктер анықталған жағдайда Парламент депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы Парламенттің қабылданған шешімі бойынша қайта дауыс беру жүргізіледі.

      Ескерту. 26-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      27-тармақ. Төрағалық етушінің, сондай-ақ депутаттардың ұсынысымен Парламент депутаттар арасынан қатысып отырған депутаттар көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қаралып отырған мәселе бойынша әрбір Палата депутаттарының тең санымен келісім комиссиясын сайлай алады.

      Комиссия құру туралы Парламент қаулы қабылдайды.

      28-тармақ. Парламенттің қаулыларына Мәжіліс Төрағасы қол қояды.

      Ескерту. 28-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

ІІІ Бөлім. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қаралатын мәселелер

4-тарау. Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар қабылдау

      29-тармақ. Президенттің Конституцияға өзгерістер немесе толықтырулар жобасын енгізу жөнінде ұсыныстары түскен кезде Мәжіліс Төрағасы оларды бірінші оқылымында қарау үшін Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады.

      Президент ұсыныстарының Парламентте қаралу тәртібін Республика Президенті белгілейді.

      30-тармақ. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізілуі міндетті.

      Ескерту. 30-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгеріс енгізілді.

      31-тармақ. Бірінші оқылымды өткізген кезде төрағалық етуші Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасын енгізу бастамашысына немесе оның өкіліне, содан соң белгіленген кезек ретімен депутаттарға сөз береді.

      Бірінші оқылымында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасы тұжырымдамалық жағынан талқыланады.

      Талқылау нәтижелері бойынша Парламент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын бірінші оқылымында мақұлдау және оларды екінші оқылымына дайындау немесе оларды қабылдамай тастау туралы қаулы қабылдайды. Бұл орайда дауыс беру әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен өткізіледі.

      Ескерту. 31-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтырулар енгізілді.

      32-тармақ. Түпкілікті оқылымда дауыс беру қорытындылары бойынша Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының төрттен үш көпшілік даусымен Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайды. Дауыс бергенде белгіленген дауыстар саны алынбаған жағдайда Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстары қабылданбады деп есептеледі.

      32-1-тармақ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 1-тармағында белгіленген жағдайда және тәртіппен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасының Парламенті әрбір Палата депутаттарының жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен қабылдауы мүмкін.

      Ескерту. 4-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 32-1 тармақпен толықтырылды.

4-1-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау

      Ескерту. 3-бөлім ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 4-1-тараумен толықтырылды.

      32-2-тармақ. Парламент конституциялық заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында қабылдайды.

      32-3-тармақ. Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.

      32-4-тармақ. Мәжіліс конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдайды және екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі.

      Бұл ретте, Мәжіліс Аппараты конституциялық заңның жобасын Мәжіліс Регламентіне сәйкес оларға берілетін қосымшаларымен бірге бастамашының редакциясында Сенат Аппаратына жібереді.

      32-5-тармақ. Палаталардың әрқайсысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өткізілгенге дейін өз отырысында бірлескен комиссияның құрамына кандидатураларды және Палатадан қосымша баяндама жасаушыны айқындайды.

      32-6-тармақ. Мәжіліс Төрағасы конституциялық заңның жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады, онда баяндама жасау үшін конституциялық заң жобасының бастамашысына немесе оның өкіліне, Палаталардан қосымша баяндама жасаушыларға, содан кейін депутаттарға белгіленген кезектілік тәртібімен сөз береді.

      Бірінші оқылымда конституциялық заңның жобасы тұжырымдамалық жағынан талқыланады.

      Парламент талқылау нәтижесі бойынша енгізілген конституциялық заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдау және оны екінші оқылымға дайындау немесе оны қабылдамау туралы қаулы қабылдайды.

      Шешім дауыс беру арқылы әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады.

      32-7-тармақ. Қажет болған кезде конституциялық заңның жобасын екінші оқылымға дайындау үшін осы Регламентте көзделген тәртіппен бірлескен комиссия құрылады, оның төрағасы сайланады, сондай-ақ оның жұмыс істеу мерзімдері айқындалады.

      Бірлескен комиссия мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ мамандар мен ғалымдарды тарта отырып (қажет болған кезде), конституциялық заңның жобасы бойынша Парламент Палаталарының тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын қарайды және қорытады.

      32-8-тармақ. Конституциялық заңның жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссия құрылған жағдайда, оның төрағасы бірлескен комиссияның ұсыныстарымен сөз сөйлейді. Парламент Палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады.

      Бірлескен комиссия ұсынысын қабылдамаған Парламент Палатасының депутаты не комитеті өз ұсынысын дауысқа қоюды өтініп, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеуге құқылы.

      32-9-тармақ. Парламент соңғы оқылымда дауыс беру қорытындысы бойынша әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды не оны қабылдамайды.

      32-10-тармақ. Қабылданған конституциялық заңды Сенат күнтізбелік он күн ішінде Республика Президентінің қол қоюына ұсынады.

4-2-тарау. Үкіметтің заң жобаларын дереу қарау

      Ескерту. 3-бөлім ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 4-2-тараумен толықтырылды.

      32-11-тармақ. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобасын Мәжіліс қарауға қабылдайды. Мәжіліс Төрағасы заң жобасы қабылданған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады.

      32-12-тармақ. Мәжіліс Төрағасы бірлескен отырыста заң жобасының бастамашысына немесе оның өкіліне, содан кейін депутаттарға сұрақтар, сондай-ақ жарыссөзде сөйлеу үшін белгіленген кезектілік тәртібімен сөз береді.

      32-13-тармақ. Қажет болған жағдайда, осы Регламентте көзделген тәртіппен бірлескен комиссия құрылуы мүмкін.

      32-14-тармақ. Заң жобасы әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Конституциялық заңның жобасы әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады. Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.

      Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны жиналмаса, заң жобасы немесе конституциялық заңның жобасы қабылданбады деп есептеледі.

4-3-тарау. Республика Президентінің конституциялық заңдар бойынша қарсылықтарын Республика Парламентінің қарауы

      Ескерту. 3-бөлім ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 4-3-тараумен толықтырылды.

      32-15-тармақ. Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қайта талқылау мен дауысқа салуды Парламент қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде Палаталардың бірлескен отырысында жүргізеді.

      Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.

      32-16-тармақ. Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады, онда Президенттің өкіліне, содан кейін әрбір Палатаның депутаттарына кезектілік тәртібімен сөз беріледі.

      32-17-тармақ. Қарсылықтарды қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, конституциялық заңның тұтастай не оның тиісті жекелеген баптарының өзі қарсылықтарда ұсынған редакциясын өзгертуге құқылы.

      32-18-тармақ. Егер Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.

5-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 5-тарау алып тасталды.

6-тарау. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекіту тәртібі

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      39-тармақ. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекіту оларды ретімен әуелі – Мәжілісте, содан кейін Сенатта талқылағаннан кейін Палаталардың бірлескен отырысында жүргізіледі.

      Ескерту. 39-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      40-тармақ. Талқылау қаралып отырған мәселе бойынша қорытындылары бар Үкімет, Жоғары аудиторлық палата өкілдерінің баяндамалары мен Палаталардың қосымша баяндамаларынан басталады. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді бекіткен кезде Палаталар депутаттарының сөз сөйлеу кезегі сақталады.

      Ескерту. 40-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен өзгерістер енгізілді.

41-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

42-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      43-тармақ. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіргенін танытады.

      Ескерту. 43-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

6-1-тарау. Премьер-Министрдің баяндамасын Парламенттің тыңдауы

      Ескерту. 3-бөлім ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 6-1-тараумен толықтырылды.

      43-1-тармақ. Премьер-Министр Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның аса маңызды барлық шешімдері туралы Парламентке баяндап отырады. Депутаттар сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөйлеуге құқылы.

      Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау қорытындысы бойынша Парламент баяндаманы назарға алу туралы қаулы қабылдайды.

7-тарау. Республика Президентінің қарсылықтарын талқылау

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 7-тарау алып тасталды.

8-тарау. Республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беру

      Ескерту. 8-тарау ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

9-тарау. Республиканың Премьер-Министрі мен Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауға келісім беру

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 9-тарау алып тасталды.

10-тарау. Қазақстан Республикасының Үкіметіне сенімсіздік вотумын білдіру

      Ескерту. 10-тараудың тақырыбы ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

58-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

59-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      60-тармақ. Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру Палаталардың бірлескен отырысында:

      1) Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені қойған жағдайда;

      2) осы Регламенттің 43-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 60-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

      61-тармақ. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Палаталардың бірлескен отырысында Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім білдіру туралы мәселе қойылған кезден бастап кемінде қырық сегіз сағат өткен соң өткізіледі.

      Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда, Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.

      Ескерту. 61-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

11-тарау. Соғыс және бейбітшілік мәселелерін шешу

      62-тармақ. Парламент соғыс және бейбітшілік мәселелерін Палаталардың бірлескен отырысында шешеді.

12-тарау. Республиканың Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы мәселелерді шешу

      63-тармақ. Республиканың демократиялық институттарына, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төніп, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған жағдайда Республика Президенті Республиканың Премьер-Министрімен және Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми түрде консультациялар алысқаннан кейін, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республика Қарулы Күштерін пайдалануды қоса, аталған мән-жайлар талап ететін шараларды қолданып, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды.

      64-тармақ. Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Республика Президенті Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде соғыс жағдайын енгізеді, ішінара немесе жаппай мобилизация жариялайды және бұл туралы Парламентке дереу хабарлайды.

      65-тармақ. Республика Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы Республика Президентінің ұсынысын ол Парламент Палаталарының бірлескен отырысына енгізеді. Бұл мәселені қарау шұғылдығын Президент белгілейді.

      Шешім Парламенттің әрбір Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

13-тарау. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 13-тарау алып тасталды.

14-тарау. Конституциялық Соттың жыл сайынғы жолдауларын тыңдау

      Ескерту. 14-тараудың тақырыбы ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

68-тармақ.

      Ескерту. 68-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

      69-тармақ. Конституциялық Соттың Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдаулары Палаталардың бірлескен отырысында тыңдалады және назарға алынады.

      Ескерту. 69-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

ІV Бөлім. Әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы палаталардың бөлек отырыстарында Парламент қарайтын мәселелер

14-1-тарау. Конституциялық заңдарды қабылдау

      Ескерту. 4-бөлім ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 14-1-тараумен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

15-тарау. Заңдарды қабылдау

70-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      71-тармақ. Мәжіліс қарауға қабылдаған заң жобасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес қаралады.

      Мәжіліс қарауға қабылдаған заң жобасының мәтіні танысу үшін Сенат депутаттарына күнтізбелік екі күн ішінде жіберіледі.

      Ескерту. 71-тармақ 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

72-тармақ.

      Ескерту. 72-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

73-тармақ.

      Ескерту. 73-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

      74-тармақ. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң қабылданған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Сенатқа беріледі.

      Бұл ретте, Мәжіліс Сенатқа ілеспе хатпен мынадай материалдарды:

      1) Мәжілістің заңды қабылдау туралы қаулысын;

      2) Мәжіліс қабылдаған заңды;

      3) Мәжіліс отырысының стенограммасын;

      4) құқықтық нормалардың бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесін;

      5) заң жобасына Мәжіліс депутаттары енгізген және мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер бойынша Үкіметтен алынған қорытындыларды жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде санамаланған материалдар қазақ және орыс тiлдерiнде қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынылады.

      Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы Мәжіліс қабылдаған заңды жіберген кезде онымен бірге халықаралық шарттың және оған қосымшаның тиісті уәкілетті орган куәландырған көшірмесі ұсынылады.

      Қазақ және (немесе) орыс тілдеріндегі мәтініне қол қойылмаған халықаралық шартты ратификациялаған немесе денонсациялаған жағдайда, заңға тиісті уәкілетті орган куәландырған оның аталған тілдерге теңтүпнұсқалы аудармасы қоса беріледі.

      Қажеттi қосымшалар болмаған кезде Сенат Аппараты белгiленген талаптарды орындау үшiн құжаттарды тiркемей Мәжiлiске қайтарады.

      Мәжіліс қабылдаған заң, Парламент сессиялары аралығындағы уақытты есептемегенде, Сенат Аппаратында тіркелген күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен асырмай Сенатта қаралады.

      Сенат Мәжіліс қабылдаған, келіп түскен заңды Сенаттың Регламентіне сәйкес қарайды.

      Ескерту. 74-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      74-1-тармақ. Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға құқылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 74-1-тармақпен толықтырылды.

      75-тармақ. 75-тармақ. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заңды Сенат күнтізбелік он күн ішінде Республика Президентінің қол қоюына ұсынады.

      Ескерту. 75-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      75-1-тармақ. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде Мәжіліске қайтарылады.

      Бұл ретте, Сенат Мәжіліске ілеспе хатпен мынадай материалдарды:

      1) Сенаттың заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамау туралы қаулысын;

      2) заң тұтастай мақұлданбаған кезде уәжді қорытындыны;

      3) заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясы ұсынылған жағдайда салыстырма кестені;

      4) Сенаттың жалпы отырысының стенограммасын жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде санамаланған материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

      Қайтарылған заң Мәжіліс Регламентіне сәйкес Мәжілісте қаралады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 75-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      75-2-тармақ. Егер Сенат Аппараты заңды тіркеген күннен бастап алпыс күн ішінде Сенат тиісті шешім қабылдамаса, Сенат заңды он күн ішінде Президенттің қол қоюына ұсынады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 75-2-тармақпен толықтырылды.

76-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      76-1-тармақ. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және Сенат он күн ішінде Президенттің қол қоюына ұсынады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      76-2-тармақ. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

      Туындаған келіспеушіліктерді еңсеру үшін Мәжіліс пен Сенат әрбір Палатадан саны тең депутаттардың қатысуымен келiсім комиссиясын құрады. Келiсім комиссиясының жұмысына заң шығару бастамасы құқығының субъектісі (ол уәкілеттік берген адам) кеңесшi дауыс құқығымен қатыса алады.

      Палаталар келісім комиссиясының мүшелерін сайлауды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен дербес жүзеге асырады.

      Келiсім комиссиясының мүшелерi өз құрамынан комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен төраға сайлайды.

      Келісім комиссиясының төрағасын сайлауды Палата өкілінің алдыңғы отырыста төрағалық ету кезектілігін ескере отырып, комиссия мүшелері бірінші отырыста жүзеге асырады.

      Келісім комиссиясының мүшелері болып табылмайтын Парламент депутаттары кеңесшi дауыс құқығымен келiсім комиссиясының жұмысына қатыса алады.

      Комиссия шешiмдi ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Келiсім комиссиясының шешiмдерi оның мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. "Жақтап" не "қарсы" берiлген дауыстар саны тең болған жағдайда, комиссия төрағасының даусы шешушi болып есептеледi.

      Келісім комиссиясы тиісті заңның бірыңғай мәтінін әзірлеуге ұмтыла отырып, Сенат пен Мәжіліс арасында келіспеушіліктер туындаған заң ережелерін ғана қарайды.

      Жұмыс нәтижелерi бойынша келiсім комиссиясы келiспеушiлiктердi еңсеру жөнiндегi ұсыныстар қамтылған қаулы қабылдайды, ол Мәжіліс Бюросы арқылы Мәжiлiстiң жалпы отырысының қарауына енгiзiледi.

      Өзгерістер енгізілген заң баптарының салыстырма кестесі келісім комиссиясының қаулысына қоса беріледі.

      Заңның келісім комиссиясы тұжырымдаған редакциясы тиісінше Мәжіліс пен Сенаттың регламенттерінде белгіленген тәртіппен Мәжіліс пен Сенаттың қарауына жатады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-2-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      76-3-тармақ. Мәжіліс келісім комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.

      Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растаса, заң он күн ішінде Президенттің қол қоюына ұсынылады.

      Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-3-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      76-4-тармақ. Парламент қабылдаған, Парламенттің әрбір Палатасы Төрағасының қолымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкімет енгізген болса, Премьер-Министрдің қолымен алдын ала бекемделген заңдарды Сенат қабылданған күнінен бастап он күн ішінде Республика Президентінің қол қоюына ұсынады.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-4-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

76-5-тармақ.

      Ескерту. 15-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 76-5-тармақпен толықтырылды; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

77-тармақ.

      Ескерту. 77-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

16-тарау. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы
есептерді талқылау

      Ескерту. 16-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

      78-тармақ. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді ретімен әуелі – Мәжілісте, содан кейін Сенатта қарау арқылы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылайды.

      Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін Жоғары аудиторлық палатаның есебімен бірге талқылайды.

      Бұл мәселелерді талқылау мынадай баяндамаларды:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген адамдардың республикалық бюджеттің атқарылуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамасын;

      Жоғары аудиторлық палата төрағасының баяндамасын;

      бас комитет өкілінің қосымша баяндамасын қамтиды.

      Әрбір сөз сөйлеушінің баяндамасы Мәжіліс Регламентіне сәйкес талқылануға тиіс.

      Талқылау қорытындылары бойынша Мәжіліс есептер бойынша қосымша баяндама дайындау тапсырылған комитетті және Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мәжілістің атынан сөз сөйлеу тапсырылған депутатты көрсете отырып, қаулы қабылдайды және оны Сенатқа жібереді.

      Сенатта Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін осыған ұқсас талқылау рәсімінен кейін Сенат есептер бойынша қосымша баяндама дайындау тапсырылған Палата комитеті мен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Сенаттың атынан сөз сөйлеу тапсырылған депутат көрсетілетін қаулыны қабылдайды және оны Мәжіліске жібереді.

      Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде және Сенатында талқыланғаннан кейін осы Регламенттің 6-тарауында белгіленген тәртіппен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі.

      Ескерту. 78-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен редакцияда.

16-1-тарау. Республика Парламентінің Республика
Президентінің қарсылықтарын қарауы

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 16-1 тараумен толықтырылды.

      78-1-тармақ. Республика Президентінің қарсылықтарын туындатқан заңдар немесе заң баптары бойынша Парламент қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайтадан талқылау мен дауыс беруді жүргізеді. Осы мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.

      78-2-тармақ. Мәжіліс Төрағасы Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заңды немесе оның баптарын Республика Президенті өкілінің қатысуымен, оларды қарау үшін Мәжілістің тиісті тұрақты комитетіне жібереді. Мәжілістің тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Палатаның шешім шығаруы үшін Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады.

      Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарында ұсынған заң редакциясын тұтастай не оның жекелеген тиісті баптарын өзгертуге құқылы.

      78-3-тармақ. Егер Мәжiлiс дауыс беру қорытындылары бойынша Президенттің қарсылықтарын еңсермесе, онда Президенттің қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрi қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.

      Егер Мәжiлiс Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсінің көпшiлiк даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, онда заң Президенттің қарсылықтарымен бірге қабылданды деп есептеледі және одан әрi қарау үшiн Сенатқа берiледi.

      Ескерту. 78-3-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен редакцияда.

      78-4-тармақ. Сенаттың тиiстi тұрақты комитетi қорытынды әзiрлегеннен кейiн заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарымен бірге Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары бойынша Президенттің қарсылықтарын еңсермесе, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi.

      Егер Сенат Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсінің көпшiлiк даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, онда заң немесе тиiсiнше оның баптары Парламент бiрiншi рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледi және Президент осы заңға қол қоюға ұсынылған кезінен бастап бiр ай iшiнде қол қояды.

      Ескерту. 78-4-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен редакцияда.

      78-5-тармақ. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланып, дауыс берілген жағдайда, егер Президенттің қарсылықтары тұтастай заңға туындаған болса, тұтастай заң бойынша не Республика Президентінің қарсылықтарын туындатқан баптар бойынша дауыс беру өткізіледі.

78-7-тармақ.

      Ескерту. 78-7-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен алып тасталды.

      78-8-тармақ. Парламент Палаталарының әрқайсысының Президенттің қарсылықтарын қарау мерзімі күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 16-1 тараумен толықтырылды.

16-2-тарау. Республикалық референдум тағайындау туралы
бастама көтеру

      78-9-тармақ. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеруді Парламент мәселелерді ретімен әуелі – Мәжілісте, содан кейін Сенатта қарау арқылы Палаталардың бөлек отырысында жүзеге асырады.

      78-10-тармақ. Мәжіліс республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру туралы мәселені Палатаның отырысында қарайды және ол Парламент Сенатына жіберілетін тиісті қаулымен ресімделеді.

      78-11-тармақ. Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеруді Сенат осы мәселені Мәжіліс қарағаннан кейін Палатаның отырысында жүзеге асырады және ол қаулымен ресімделеді.

      Парламент Палаталары қабылдаған республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру жөніндегі қаулы күнтізбелік үш күннің ішінде Республика Президентінің қарауына беріледі.

      78-12-тармақ. Парламент республикалық референдум тағайындау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша көтеруі мүмкін.

      Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы, егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда, Парламенттің шешімі осы Регламенттің 4-тарауында белгіленген тәртіппен қабылданады.

      Егер Республика Президенті Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда, Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілді деп есептеледі.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 16-2 тараумен толықтырылды.

17-тарау. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы
мәселелерін шешу

      79-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешу тәртібін заң қабылдау арқылы белгілейді.

      Ескерту. 17-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

18-тарау. Мемлекеттік наградаларды тағайындау, құрметті,
әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді,
Республиканың дипломатиялық дәрежелерін белгілеу,
Республиканың мемлекеттік нышандарын белгілеу

      80-тармақ. Парламент Палаталардың бөлек отырыстарында мәселелерді әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта ретімен қарау арқылы мемлекеттік наградаларды тағайындайды, құрметті, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, Республиканың дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік нышандарын белгілейді.

      81-тармақ. Мемлекеттік награда тағайындаған, құрметті, әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шенді, дипломатиялық дәрежені белгілеген жағдайда Парламент заң қабылдайды.

      82-тармақ. Парламенттің Қазақстан Республикасы азаматтарын ("Алтын Қыран" орденінен басқа) мемлекеттік наградалармен марапаттауға, ұсынуға құқығы бар.

      Бұл орайда:

      - Парламент Сенаты мен Мәжілісінің Төрағалары;

      - Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тұрақты комитеттері;

      - Парламент депутаттарының 10 адамнан кем емес тобы, депутаттық топтар мен фракциялар бастамашылар бола алады.

      Республика Президентіне тиісті ұсыныс енгізіледі.

      Ескерту. 82-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

19-тарау. Мемлекеттік қарыздар және Республиканың
экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы
мәселелерді шешу

      83-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті мемлекеттік қарыздар және Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешуді заң қабылдау арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

20-тарау. Рақымшылық жасау мәселелерін шешу

      84-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті рақымшылық жасау мәселелерін шешуді заң қабылдау арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

21-тарау. Республиканың халықаралық шарттарын
ратификациялау және денонсациялау

      86-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың халықаралық шарттарын заңдарды қабылдау арқылы ратификациялайды және денонсациялайды.

      Ескерту. 21-тарау ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

V Бөлім. Парламент Палаталарының бірлескен комиссияларын
құру және олардың қызметін ұйымдастыру

      87-тармақ. Палаталардың бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға құқылы. Бірлескен комиссиялардың сан құрамы Палаталар арасындағы келісім бойынша белгіленеді.

      Бірлескен комиссия құру туралы бастаманы, егер Палаталар бірінің депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе және басқа Палатаның сондай көпшілігі қолдаса, Парламент депутаттары көтереді.

      Бірлескен комиссия мүшелерін өздерінің жалпы отырыстарында Палаталардың депутаттары ұсынады және депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданатын Палаталардың қаулыларымен бекітіледі.

      Палаталарда бірлескен комиссияның мүшелерін бекіткеннен кейін Палаталардың бірлескен отырысында Парламент әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен осындай бірлескен комиссия құру туралы қаулы қабылдайды.

      Бірлескен комиссиялар Парламенттің жұмыс органдары болып табылады және тікелей соның алдында есеп береді.

      88-тармақ. Бірлескен комиссияның төрағасын сайлау Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жүзеге асырылады. Комиссия Парламентке бірлескен комиссия төрағасының кандидатурасы туралы ұсыныс енгізуге құқылы.

      Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының ең көп дауыс санын алған кандидат бірлескен комиссияның төрағасы болып сайланды деп есептеледі.

      89-тармақ. Бірлескен комиссиялардың шешімдері комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тепе-тең бөлінген жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып есептеледі.

      Комиссияда Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бөлек-бөлек дауыс беруі өткізілмейді.

      Комиссияның отырысы, егер оған бірлескен комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады.

      90-тармақ. Бірлескен комиссияның төрағасы, егер Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілігі жақтап дауыс берсе, қызметінен кері шақырылып алынуы мүмкін.

      91-тармақ. Бірлескен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

      91-1-тармақ. Бірлескен комиссия отырыстарын қамтамасыз етуді Парламент Палаталарының аппараттары жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бөлім ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен 91-1-тармақпен толықтырылды.

      92-тармақ. Республика Конституциясының 47-бабының 1-тармағында (Республика Президентін науқастануына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босату) көзделген Парламент пен оның Палаталары өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Парламент арнаулы уақытша комиссия құрады.

      Комиссия мүшелері мен оның төрағасын сайлау осы Регламенттің 87, 88-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Медицинаның тиісті салаларындағы мамандар арасынан комиссия мүшелерін сайлау Палаталардың тиісті комитеттерінің ұсынысы бойынша Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің әр Палатасы депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырылады.

      Комиссия шешімі осы Регламенттің 89-тармағына сәйкес қабылданады және комиссияның қорытындысы түрінде ресімделеді.

      Республика Президентін мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысы мен Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғандығы туралы қорытындысы негізінде олардың әр Палатасы депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үш көпшілігімен қабылданады.

      Ескерту. 92-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

VІ Бөлім. Парламент депутаттарының өкілеттігін жүзеге асыру
тәртібі, депутаттық әдеп ережелері және депутаттардың
жауапкершілігі
22-тарау. Парламент депутаттарының өкілеттігін жүзеге
асыру тәртібі

      93-тармақ. Депутат Парламенттің және оның өзі құрамына сайланған органдарының жұмысына қатысуға міндетті.

      94-тармақ. Депутат Парламенттің сессияларында және оның өзі құрамына енетін органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      95-тармақ. Парламент депутаты:

      1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестіруші және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

      2) Сессияның күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі мен олардың мәні жөнінде ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;

      3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не олардың тағайындалуына Парламент Палаталары келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнінде өз пікірін айтуға;

      4) Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарында қарау үшін ұсынылатын мәселелер бойынша Палата Бюросына ұсыныстар енгізуге, ал өз ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың жалпы отырыстарының қарауына енгізуге;

      5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшін мәселелер ұсынуға;

      6) Парламент Палаталарына есеп беретін лауазымды адамдардың есебін немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;

      7) заңда белгіленген тәртіппен депутаттық сауалдар салуға;

      8) жарыссөзге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырыста төрағалық етушіге сұрақтар қоюға;

      9) дауыс беру себептері бойынша өз ұсыныстарын негіздеп сөз сөйлеуге, анықтамалар беруге;

      10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актілердің жобаларына түзетулер енгізуге;

      11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерімен таныстыруға;

      12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерінің мәтіндерімен танысуға;

      13) "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға, осы Регламентке және Парламент Палатасының регламентіне сәйкес басқа да өкілеттікті жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 95-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      96-тармақ. Депутаттық міндеттерін орындауға кедергі жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болса да ықпал жасау Республика заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз міндеттерін орындамаған, оған көрінеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтің кепілдіктерін бұзған лауазымды адамдары Республика заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс.

      97-тармақ. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін өзге қызмет атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.

      98-тармақ. Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына сол органның немесе лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде Парламент сессиясында негізделген түсіндірме беруін немесе өз айқындамасын баяндауын ресми түрде қойған талабы болып табылады.

      Парламент депутатының Республиканың Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасына, мүшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне сауал жолдауға құқығы бар. Бұл орайда Бас Прокурорға не құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданған сауал қылмыстық қудалау міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды.

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына жолданған депутаттық сауалды қарау Парламенттің немесе оның Палаталарының жабық отырыстарында жүргізіледі.

      Ескерту. 98-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      99-тармақ. Депутаттық сауал жазбаша түрде енгізілуі мүмкін және Парламент Палаталарының бірлескен немесе бөлек жалпы отырысында жария етілуге тиіс.

      100-тармақ. Депутат сауал салғанда өзі жолданып отырған нақты лауазымды адамды және күтетін жауабының нысанын (ауызша немесе жазбаша) көрсетуге міндетті.

      Сауал салған депутат құрамына кіретін Палатаның Аппараты салынған сауалды жалпы отырыста оқылған кезден бастап үш күн мерзімде оны мемлекеттік органның тиісті лауазымды адамына жібереді.

      101-тармақ. Егер депутаттық сауалға лауазымды адам Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында ауызша жауап қайтаруға тиіс болса, сауалға жауап ол жарияланған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында қайтарылуға тиіс.

      Депутаттық сауал Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында мынадай тәртіппен қаралады:

      1) депутаттың сауал салып сөз сөйлеуі (5 минутке дейін);

      2) депутаттық сауал салынған лауазымды адамның жауабы (20 минутке дейін).

      Жауап тыңдалып болғаннан кейін депутаттық сауалдың авторы, сондай-ақ басқа да депутаттар сауалда қойылған проблемалар бойынша сұрақтар қоя алады. Депутаттық сауал салынған лауазымды адамға депутаттардың сұрақтарына жауап қайтару үшін 30 минутке дейін уақыт бөлінеді. Салынған сауалға жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін.

      Ескерту. 101-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V; ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен өзгерістер енгізілді.

      102-тармақ. Лауазымды адам сауалға Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысында жауап қайтаруға міндетті. Депутаттық сауал авторының келісуімен сауалға жауап қайтарылатын күні сауал салынған адамның міндетін атқаруға ресми тағайындалған лауазымды адамның да сауалға жауап қайтаруы мүмкін. Егер сауал салынған адам қызмет міндеттерін атқаруға байланысты Парламент Палаталарының бірлескен немесе Палатаның бөлек отырысына қатыса алмайтын болса, сауалға жауап қайтарылуын кейінге қалдыруға болады, бірақ ол бір айдан аспауы керек.

      Ескерту. 102-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      103-тармақ. Қажет болған кезде депутаттық сауалға берілген жауап пен оны талқылау нәтижелері бойынша Парламенттің немесе оның тиісті Палатасының қаулысы қабылданады. Сауал мен оған берілген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.

      Ескерту. 103-тармақ ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысының редакциясында.

      104-тармақ. Депутаттар Палаталардың бірлескен және бөлек жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақтар қоюға құқылы. Сұраққа жауап осы отырыста, ал жауап қайтаруға қосымша дайындық қажет болған жағдайда – үш күн мерзімде қайтарылады.

      Ескерту. 104-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      105-тармақ. Депутат Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының Регламенттеріне сәйкес Республиканың кез келген өңіріне немесе одан тыс жерлерге іссапарға бара алады. Бұл ретте, депутаттарды іссапарға жіберу Парламент Палаталары мен оның органдарының бірлескен және бөлек отырыстарының кворумына әсер етпеуге тиіс.

      Ескерту. 105-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

23-тарау. Депутаттық әдеп ережелері

      106-тармақ. Республика Парламенті депутаттарының депутаттық әдеп ережелері олар депутаттық өкілеттігін жүзеге асырған кезде де, оны атқармаған кезде де басшылыққа алуға тиіс болатын тәртіп нормаларын белгілейді:

      - Республика Парламентінің депутаттары бір-біріне және Парламент Палаталарының, комитеттердің, комиссиялар мен Парламент құрған басқа да депутаттық құрылымдардың жұмысына қатысушы өзге адамдардың бәріне сыйластықпен қарауға тиіс;

      - өз сөздерінде Парламент депутаттарының және басқа адамдардың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін орынсыз айыптауларды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс;

      - заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауға тиіс;

      - Парламент Палаталарының, оның үйлестіруші және жұмыс органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге;

      - сөйлеушінің сөзін бөлмеуге;

      - парламенттік пікірталастар барысында басқа депутаттардың сөзіне түсініктеме бермеуге және өз ұстанымын баяндауға;

      - бөгде карточканы пайдаланып дауыс бермеуге;

      - іс-әрекетімен намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеуге тиіс.

      Ескерту. 106-тармаққа ҚР Парламентінің 19.12.2022 № 19-VІІ (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      107-тармақ. Парламент депутаты мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпиялары бар ақпаратты ондай құпияларды сақтаудың белгіленген тәртібін сақтай отырып пайдалануға міндетті.

      Парламент депутатының депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру кезінде өзіне белгілі болған мәліметтерді, егер ол мәліметтердің Парламент Палаталары мен оның үйлестіруші және жұмыс органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысы болса, жария етуіне болмайды.

      Парламент депутаты депутаттық бланкілерді тек ресми сауал салу, хаттар, құжаттар үшін ғана пайдаланып, оларға тікелей өзі қол қоюға міндетті.

      108-тармақ. Республика Парламентінен өкіл болуға арнаулы өкілеттігі жоқ Парламент депутаты басқа мемлекеттердің лауазымды адамдарымен және мемлекеттік органдарымен тек өз атынан ғана қатынас жасай алады.

      Бұл орайда депутат Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға, өз әрекеттерімен республика мүдделеріне нұқсан келтірмеуге, сондай-ақ басқа мемлекеттердің заңдарын бұзбауға, оларда мекендейтін халықтардың ұлттық дәстүрлері мен салттарын құрметтеуге міндетті.

      109-тармақ. Парламент депутаты бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференцияларында, митингілерде, өзге де көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде немесе мәлімдемелерінде анық және тексерілген фактілерді ғана пайдалануға, қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауларға жол бермеуге, кез келген азаматтың ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға міндетті.

      Сынап сөйлеген сөздерінде шындыққа үйлеспейтін не тексерілмеген фактілерді қасақана немесе абайсызда қолданып қалған жағдайда бұл орайда мүдделері мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрау – Парламент депутатының парызы.

24-тарау. Парламент депутаттарының жауапкершілігі

      110-тармақ. Депутат Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында бір сессия ішінде дәлелді себептерсіз үш реттен артық болмаған жағдайда оған болмаған күндері үшін жалақы төлеуден бас тартылады.

      Депутат Парламент Палаталарының бірлескен және оның органдарының отырыстарында дәлелді себептерсіз бір айдан астам уақыт болмаған жағдайда депутатқа болмаған мерзімі үшін:

      - жалақы төлеуден;

      - көлікте жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алудан;

      - іссапарға шығудан;

      - іссапар шығындарын төлеуден;

      - автомобиль көлігімен қызмет көрсетуден;

      - емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсетуден бас тартылады.

      Депутат Палатаның отырысында немесе Палаталардың бірлескен отырысында болмаған жағдайда бұл туралы шешімді – тиісті Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарында болмаған жағдайда тиісті Палатаның Бюросы қабылдайды.

      Ескерту. 110-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      111-тармақ. Депутат өзінің дауыс беру құқығын тікелей жүзеге асырады. Қатыспаған депутат үшін дауыс беруге тыйым салынады.

      112-тармақ. Осы Регламентпен және Палаталардың Регламенттерімен белгіленген депутаттық әдеп ережелерін бұзған жағдайда тиісті Палата Төрағасының шешімімен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:

      1) парламенттік мінеу;

      2) көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр ету;

      3) Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір жалпы отырысы бойы сөзден айыру;

      4) Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы бойы сөзден айыру;

      5) Палаталардың бірлескен немесе бөлек бір жалпы отырысы уақытында отырыс залынан шығарып жіберу;

      6) Палаталардың бірлескен немесе бөлек үш жалпы отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жіберу;

      7) бір күндік жалақысынан айыру.

      Депутатқа қолданылатын аталған жазалау шараларының бәрі Палаталар Төрағаларының өкімдерімен ресімделіп, Парламент Палаталары Аппаратының орындауына беріледі.

      113-тармақ. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы Регламенттің 110, 111-тармақтарының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттар өкілеттігінің тоқтатылуына және оларды өкілеттігі мен депутатқа ешкімнің тиіспеуінен айыруға байланысты мәселелерді дайындау Республиканың Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.

      114-тармақ. Депутаттың Парламент пен оның органдары отырыстарына тек Палаталар Төрағаларының немесе Парламенттің тиісті органдары басшыларының рұқсатымен ғана қатыспауына болады.

      114-1-тармақ. Мәжіліс депутаттарына осы тарауда көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге саяси партиялардың Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін фракциялары бастама жасауы мүмкін.

      Ескерту. 6-бөлім ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен 114-1 тармақпен толықтырылды.

VІІ Бөлім. Республика Парламентіндегі депутаттық
бірлестіктер

      115-тармақ. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары және депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.

      Ескерту. 115-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

      116-тармақ. Саяси партияның фракциясы – заңда белгіленген тәртіппен тіркелген, саяси партияның атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол Парламент Мәжілісінде тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Саяси партия фракциясының ең аз саны Парламент Мәжілісінің регламентінде айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кіре алады. Депутаттың бір саяси партияның фракциясында ғана болуға құқығы бар.

      Ескерту. 116-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

      117-тармақ. Депутаттық топ – депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруы үшін құрылатын бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кем дегенде он бес депутаты болуға тиіс.

      Ескерту. 117-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      118-тармақ. Саяси партиялардың фракцияларын тіркеу Парламент Мәжілісінің Бюросында жүзеге асырылады, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюросында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракцияларын және депутаттық топтарды тіркеу келіп тіркелу ретімен жүргізіледі және тек қана хабарламалық сипатта болады.

      Депутаттық топты тіркеуді Парламенттің қай Палатасының Бюросы жүзеге асыратынын депутаттық топтың өзі дербес айқындайды.

      Фракциялар мен депутаттық топтарды тіркеу үшін Парламенттің тиісті Палатасының Бюросына жазбаша хабарлама жіберіліп, онда оның атауы, мақсаттары, құрамы мен фракцияның немесе депутаттық топтың атынан сөйлеуге уәкілдік берілген және Парламенттің, Палаталардың отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттік органдарда, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерде оның өкілі болатын адамдар белгіленеді.

      Бюро Парламент депутаттарына, бұқаралық ақпарат құралдарына фракциялар мен депутаттық топтардың құрамы туралы мәліметтер береді.

      Ескерту. 118-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      119-тармақ. Депутаттық бірлестіктер тіркелген кезде олардың бірде-біреуіне кірмеген Парламент депутаттары кейіннен олардың кез келгеніне кіре алады.

      Фракция немесе депутаттық топ жаңа мүшелерді қосып алған немесе олардың құрамынан депутаттар шыққан кезде ол жөнінде өзін тіркеген Бюроға хабарлайды.

      120-тармақ. Депутаттар депутаттық бірлестіктен шыққан жағдайда оның сан құрамы оны тіркелген кезде болуға тиісті мүшелер санынан азайып қалса, ол өз қызметін тоқтатады.

      121-тармақ. Парламент депутаттары бірнеше депутаттық топтың мүшесі бола алады.

      Ескерту. 121-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

      122-тармақ. Депутаттық бірлестіктер өз шешімдері туралы Парламенттің екі Палатасының Төрағаларына хабарлап отырады.

      123-тармақ. Депутаттық бірлестіктердің өкілдері фракцияның, топтың атынан:

      - Парламент пен Палаталар отырыстарының күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау реті мен олардың мәні жөнінде ескертпелер мен ұсыныстар енгізуге;

      - Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша өз пікірін айтуға;

      - Парламент пен оның Палаталары қабылдайтын заңдардың, қаулылардың және басқа да актілердің жобаларына түзетулер ұсынуға;

      - Парламент депутаттарын азаматтардың өтініштерімен, фракциялар, депутаттық топтар қабылдаған шешімдермен таныстыруға;

      - мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратып алдыруға міндетті.

      Ескерту. 123-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      124-тармақ. Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін олар дербес ұйымдастырады.

      Депутаттық бірлестіктердің қызметін ұйымдық, құжаттық, ақпараттық-талдама және өзге жағынан қамтамасыз етуді Парламент Палаталарының Аппараттары жүзеге асырады.

VІІІ Бөлім. Халықаралық, Парламентаралық ынтымақтастық

      125-тармақ. Қазақстан Республикасының Парламенті басқа мемлекеттердің Парламенттерімен және халықаралық парламенттік ұйымдармен парламентаралық ынтымақтастық туралы келісім жасай алады, оларға Палаталардың Төрағалары не Палаталар Төрағаларының бірі қол қояды.

      Ескерту. 125-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен толықтырулар енгізілді.

126-тармақ.

      Ескерту. ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      127-тармақ. Парламенттің ресми делегацияларының, олардың басшыларының құрамы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиялардың (парламенттік, жұмыс топтарының) қазақстандық бөліктерінің құрамы Парламент Палаталарының регламенттеріне және парламентаралық ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 127-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысының редакциясында.

128-тармақ.

      Ескерту. 128-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

129-тармақ.

      Ескерту. 129-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

130-тармақ.

      Ескерту. 130-тармақ ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен алып тасталды.

      131-тармақ. Мемлекеттер Парламенттерінің басшыларына, мемлекеттер мен Үкіметтердің басшыларына, Парламенттік делегациялардың басшыларына Сенат Төрағасымен келісілген Мәжіліс Төрағасының шешімі бойынша, олар Қазақстан Республикасының Парламентінде болған кезде Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының алдында сөз сөйлеуге мүмкіндік берілуі мүмкін.

ІX Бөлім. Қорытынды ережелер

      132-тармақ. Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әрбір Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламент қаулысымен қабылданады.

      Парламент Регламенті қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

      Ескерту. 132-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      133-тармақ. Парламенттің Регламентін өзгерту мен толықтыру туралы ұсыныстарды Парламенттің Палаталары, фракциялар, депутаттық топтар мен депутаттар Мәжіліске енгізе алады, олар қаралғаннан кейін Мәжілістің Төрағасы оларды Парламенттің мәселелерді қарау жоспарына енгізуге және Палаталардың жалпы отырысында Парламенттің бекітуіне шығарады. Парламенттің Регламентін өзгерту мен толықтыру туралы мәселелер Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

      Ескерту. 133-тармаққа ҚР Парламентінің 2012.06.22 № 4-V қаулысымен өзгерістер енгізілді.

      134-тармақ. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкілеттігін жүзеге асыруды мақсат етіп, Регламенттерде белгіленген ережелер мен рәсімдер сақталмай өткізілетін кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актілер жарамсыз болады.

      135-тармақ. Парламент жұмыс органын – Парламент Регламенті жөніндегі бірлескен комиссия құрады, ол түсініктеме береді, депутаттардың Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарын қарайды және оларды Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады