Қазақстан Республикасы Президентінің "2000-жылды Мәдениетті қолдау жылы деп жариялау туралы" Жарлығын іске асыру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының 2000 жылғы 24 ақпандағы N 1 Өкімі

      Қазақстан Республикасы Президентінің "2000-жылды Мәдениетті қолдау жылы деп жариялау туралы" 1999 жылғы 28 желтоқсандағы N 316  Жарлығына және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылғы 17 ақпанда Алматы қаласында мәдениет қайраткерлерімен кездесуде сөйлеген сөзіне сәйкес Қазақстан Республикасы облыстарының, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдары:

      1. Мәдениетті қолдау жылын өткізу жөніндегі шараларды "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде 2000 жылғы 18 ақпанда жарияланған Мемлекет басшысының мәдениет қайраткерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінен туындайтын тұжырымдамалық тұғырларды ескере отырып, жүргізетін болсын.

      2. Мәдениетті қолдау жылын өткізу жөніндегі облыстық комиссиялардың құрамы мен тиісті іс-шаралары туралы ақпаратты биылғы 15 наурызға дейін ұсынсын.

      3. Тоқсан сайын Мәдениетті қолдау жылын өткізу жөніндегі Республика Үкіметі бекіткен Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы есеп пен аймақтық қосымша іс-шаралар туралы ақпар беріп тұрсын.

      4. Жергілікті жерлерде мәдениет мекемелерін нарық жағдайына бейімдеудің жаңа тұғырлары мен тетіктерін енгізуге көмек көрсетсін.

      5. "Ауыл мәдениетіне - демеушілік" арнайы бағдарламасының орындалуына ерекше назар аударсын.

      6. Қазақстанда үшінші мыңжылдықты салтанатты қарсы алуға дайындалу мен өткізу жөніндегі 2000 жылға арналған жоспарын орындау бұрын белгіленген тұжырымдамалық қағидалар мен Мәдениетті қолдау жылын өткізу жөніндегі Іс-шаралардың негізінде жүргізетін болсын.

      7. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдаланып, Жылдың өткізілуіне ақпараттық-насихатшылық қолдау көрсетілуін қамтамасыз етсін.

      8. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Жылдың мәдени бағдарламаларын демеушілер үшін Президент Дипломы туралы ереже әзірлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсынсын.

      9. Осы Өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау, Қоғамдық-саяси бөлімдеріне және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының Хатшылығына жүктелсін.

       Қазақстан Республикасының
      Мемлекеттік хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады