Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 1 маусымдағы № 276 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 1 маусымдағы № 276 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 64 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - ҚР Қаржы министрінің 24.01.2020 № 64 бұйрығымен.

      "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңына және "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті (К.Н. Абдуллаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпараттандыру орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2016 жылғы 1 маусымдағы
№ 276 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті (бұдан әрі - Комитет) орталық атқарушы органның құзыреті шегінде уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгiленген үлгідегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің органдарында шоттары болады.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарда әрекет етеді.

      5. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен ресімделетін жеке қолданылатын құқықтық актілер шығарады.

      6. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы бекітеді.

      7. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 24.04.2019 № 386 бұйрығымен.

      8. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi.

      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      11. Комитетке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Комитеттің миссиясы, негізгі мiндеттерi, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      12. Комитеттің миссиясы уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу болады.

      13. Уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету Комитеттің міндеті болып табылады.

      14. Комитеттің функциялары:

      1) уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесі бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу;

      2) мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге арналған тапсырманы қарау;

      3) тапсырыс беруші ұсынған Мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырма негізінде конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) жобасын әзірлеу және бекіту;

      4) конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) құрамын айқындау және бекіту;

      5) конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      6) мемлекеттік сатып алу веб-порталына мемлекеттік сатып алу жүргізу туралы хабарландыруды орналастыру;

      7) тапсырыс берушіге, мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) техникалық ерекшелігін алған тұлғалар тарапынан сұрау салулар мен ескертулер жіберу;

      8) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу жеңімпазын айқындау;

      9) Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы шешім қабылдау;

      10) заңнамаларда көзделген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың өнім берушілерін жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сотқа қуыну талаптарын жіберу;

      11) мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыру;

      12) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өтініштерін қарау;

      13) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және халықаралық шарттарының жобаларын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзыреті шегінде әзірлеуге қатысу;

      14) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің актілерінде оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді бекіту.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 19.01.2018 № 40 бұйрығымен

      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар әзірлеуге және қабылдауға;

      2) шетел жұмыстарының тәжірибесін іс-тәжірибеде пайдалану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге;

      3) уәкілетті орган айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесі бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшеліктері, жобалық-сметалық құжаттамасы, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасы, сарапшыларды немесе сараптамалық комиссияны тарту туралы ақпаратты сұратуға құқылы.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетті Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.

      Комитет төрағасының заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Ресупбликасы Қаржы министрлгінің жауапты хатшысымен Комитет төрағасының ұсынуы бойынша қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.

      17. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді және Комитетке жүктелген функциялардың жүзеге асырылуына жеке жауап береді.

      18. Комитеттің төрағасы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттерін және өкілеттіктерін анықтайды;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілік шараларын қабылдайды;

      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      5) Комитеттің заң бөлімшесіне жетекшілік етеді;

      6) Комитеттің штат саны лимитінің шегінде штаттық кестені бекітеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемеақы және сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

      8) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;

      9) Комитетті барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда білдіреді;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапты болады;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 19.01.2018 № 40 бұйрығымен

      19. Комитеттің Төрағасы болмаған уақытта оның міндеттерін Қазақстан Республикасының Қаржы министрі айқындайтын орынбасарларының бірі атқарады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 19.01.2018 № 40 бұйрығымен

4. Комитеттің мүлкі

      20. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Комитетке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатқызылады, оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттің балансында көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.

      21. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады