Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 15.09.2022 № 327/НҚ бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетін құру және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 қазандағы № 765 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Электрондық үкіметті" және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті:
1) осы бұйрықты бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
А. Жұмағалиев |
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 31 қазандағы № 288/НҚ бұйрығымен бекітілген |
"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілген қызметтер комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 15.09.2022 № 327/НҚ бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер салаcында басшылықты жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы қазақ тілінде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 55/5.
9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен, жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда бұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері
13. Мақсаттары:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік қызметтер көрсету және "электрондық үкімет" саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыру;
3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету және "электрондық үкімет" саласындағы халықаралық ынтымақтастық;
5) өз құзыретi шегiнде Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру.
14. Құқықтары мен міндеттері:
1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтайды;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды және қарайды;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпейді;
6) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізеді;
7) жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтарын, комиссиялар, кеңестер) құру жөнінде ұсыныс енгізеді;
8) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;
9) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындайды;
10) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдарына бұл туралы ресми сауал жолданған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсынады;
11) Комитеттің балансындағы мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етеді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асырады.
15. Функциялары:
1) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын әзірлеу;
2) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзінің жұмыс істеу қағидаларын және оған қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу;
3) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұялы байланыс операторы беретін абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және оны "электрондық үкіметтің" веб-порталының есептік жазбасына қосу қағидаларын әзірлеу;
4) көрсетілетін қызметті алушыны сәйкестендіру тәсілін айқындау үшін электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау қағидаларын әзірлеу;
5) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысандағы мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету нәтижелерінің міндетті деректемелерін, сондай-ақ олардың дәйектілігін тексеру тәртібін әзірлеу;
6) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметінің қағидаларын әзірлеу;
7) аймаққа бөлу коэффициентін есептеу әдістемесін әзірлеу;
8) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын әзірлеу;
9) өтiнiш беруші туралы ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді сәйкес келтіру тәртібін және мерзімдерді әзірлеу;
10) Бірыңғай байланыс орталығы қызметінің қағидаларын әзірлеу;
11) проактивті қызметтер көрсету тәртібін әзірлеу;
12) азаматтардың дербес деректеріне қолжетімділігі бар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысатын Мемлекеттік корпорация қызметкерлерін тексеру қағидаларын әзірлеу;
13) Бірыңғай байланыс орталығының орталық мемлекеттік органдармен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерімен, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді берушілермен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлеу;
14) автоматтандыруға жататын және жатпайтын рұқсаттар тізбесін бекіту туралы рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен бірлескен бұйрық әзірлеу;
15) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу және оларды бекіту;
16) мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің қызметін үйлестіру;
17) электрондық түрде және (немесе) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
18) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметін тексеруді жүзеге асыру;
19) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу;
20) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметін ұйымдастыруды және бақылауды жүзеге асыру;
21) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметін және олардың көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимылын үйлестіру;
22) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
23) Бірыңғай байланыс орталығының жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру;
24) электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу;
25) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу;
26) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін әзірлеуді және жүргізуді жүзеге асыру;
27) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісуді жүзеге асыру;
28) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша орталық мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу;
29) орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтер әкімдерінің мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі қызметі есебін қалыптастыру тәртібін, ұсыну мерзімдері мен үлгілік нысандарын әзірлеу;
30) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
31) мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;
32) мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінде қамтылған азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзету қағидаларын әзірлеу;
32-1) Ұлттық пошта операторының ауылдық елдімекендерде көрсететін мемлекеттік қызметтері бойынша шығындарды өтеу қағидаларын әзірлеу;
32-2) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және өңдеу бойынша ақпараттық жүйені сүйемелдеуді ұйымдастыру;
33) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң актiлерiнде және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрықтарында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 30.06.2023 № 222/НҚ бұйрығымен.3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның төрағасының мәртебесі және өкілеттіктері
16. Комитетті басқаруды Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты Комитет төрағасы жүзеге асырады.
17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
19. Комитет төрағасының өкілеттігі:
1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
2) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;
3) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
4) Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу оларға, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстеме ақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
5) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
6) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және бұл үшін дербес жауапты болады;
7) өз құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Комитет төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқылы емес.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.