Іле ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 2021 жылғы 17 қарашадағы № 12-45 шешімі. Күші жойылды - Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 2024 жылғы 14 ақпандағы № 19-60 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының 14.02.2024 № 19-60 шешімімен (ресми басылымда жарияланғаннан кейін күшіне енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабының 6-тармағына және "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1106 Қаулысына сәйкес, Іле аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Іле ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Іле аудандық мәслихатының "Іле ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібін бекіту туралы" 2014 жылғы 28 ақпандағы № 29-137 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2643 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.

      Іле аудандық мәслихатының хатшысы Р. Абилова

  Іле аудандық мәслихатының 2021 жылғы "17" қарашадағы № 12-45 шешіміне қосымша

Іле ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Іле ауданында ауыл, кент, ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі

      3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.

      4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.

      5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын кенттің, ауылдық округтің әкімі шақырады және ұйымдастырады.

      6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы кент, ауылдық округ әкімі бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар, үнпарақтар, азаматтар көп жиналатын жерлердегі хабарландырулар арқылы олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.

      7. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуді кент және ауылдық округ әкімі ұйымдастырады.

      Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.

      8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, шағынауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.

      Кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.

      10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын кенттің және ауылдық округтің аумағындағы ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй сайлаушыларының жалпы санының 1 пайызы мөлшерінде, алайда үш адамнан аспайтын бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының қатысушылары ұсынады.

      11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп даусын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.

      12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті кент және ауылдық округ әкімінің аппаратына беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады