Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл жасау қағидаларын, сондай-ақ салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 283 бұйрығы

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 22-бабы 15-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл жасау қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 31 наурыздағы
№ 283 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл жасау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (бұдан әрі – Ұлттық палата) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 22-бабы 15-тармағына сәйкес салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын белгілейді.

      Осы Ережелер қаржылық қадағалауға жауапты уәкілетті органның лицензиясы бар қаржы ұйымдарына қолданылмайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) "Бизнес-әріптестер тізілімі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Тізілім" АЖ) – уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған, кәсіпкерлік субъектілер туралы мәліметтерді қамтитын және салық төлеушінің контрагенттердің тәуекел пәнін дербес тексеруіне арналған ақпараттық жүйе;

      2) бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН) – қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      3) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) – қызметін жеке кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкердің жеке сәйкестендіру нөмірі;

      4) индекс – салық төлеушінің контрагентті таңдау кезінде тиісті сақтықты іске асыру мақсаттары үшін болжамды талдау әдістері негізінде есептелген, 0-ден 100-ге дейінгі сандық мәнде тәуекел ықтималдығының мәнін білдіретін санаттау индексі;

      5) контрагент – азаматтық-құқықтық қатынастарда шарт тараптарының бірі болып табылатын салық төлеуші;

      6) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – ҚСжАЕК) – құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;

      7) қаржы тәртібінің индексі (бұдан әрі – ҚТИ) – контрагенттің өзінің қаржылық міндеттемелерін уақтылы орындамауының ықтималдығын сипаттайтын санаттарға бөлу индексі;

      8) салық төлеушінің жосықтылық индексі (бұдан әрі – СТЖИ) – тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей салық төлеушінің шот-фактураларды жазып беруді жүзеге асыру ықтималдығын сипаттайтын санаттау индексі;

      9) сәйкестендіру нөмірі – ақпараттық қауіпсіздік және салық құпиясын жария етпеу мақсаттары үшін генерацияланған сәйкестендіргіш;

      10) уәкілетті мемлекеттік органдар – "Бизнес-әріптестер тізілімі" ақпараттық жүйесін ақпараттық толықтыруды қамтамасыз ететін деректері бар орталық мемлекеттік органдар;

      11) экономикалық тұрақтылық индексі (бұдан әрі – ЭТИ) – контрагенттің экономикалық жағдайға байланысты өзінің шарттық міндеттемелерін орындамау ықтималдығын сипаттайтын санаттарға бөлу индексі.

      3. ЭТИ 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеуге жатады.

      4. Министрліктің деректерін пайдалана отырып есептелген индекстер "Тізілім" АЖ-де тегін негізде қолжетімді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында "Бизнес-әріптестер тізілімі" ақпараттық жүйесін жүргізу мақсатында өзара іс-қимылды ұйымдастыру

      5. Министрлік деректерді сақтау серверінде Салық кодексінің 30-бабына сәйкес салық құпиясы болып табылмайтын салық төлеушілер бөлігінде мәліметтерді, оның ішінде санаттау индекстердің (СТЖИ, ЭТИ, ҚТИ) мәнін көрсете отырып салық төлеушілерді санаттау нәтижелерін орналастырады.

      6. Санаттау индекстерін есептеуді Министрлік Салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесінің негізінде 10 (он) жұмыс күнінде бір рет жүргізеді.

      7. Министрлік және Ұлттық палата Әдістемені мерзімді жаңарту және жетілдіру жолымен салық төлеушілерді санаттау мен санаттау индекстерінің сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.

      8. Ұлттық палата апта сайын деректерді сақтау серверінде "Тізілім" АЖ-да жүзеге асырылған сұрау салулар мен жауаптар туралы ақпаратты өсу қорытындысымен орналастырады.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес Ұлттық палата ұсынатын ақпарат мынадай мәліметтерді:

      1) есепті кезең ішінде контрагентті "Тізілім" АЖ-да дербес тексеруді жүзеге асырған пайдаланушының атауы және БСН (ЖСН);

      2) тексеру жүзеге асырылған контрагенттің атауы және БСН (ЖСН);

      3) Салық төлеушінің "Тізілім" АЖ-да ақпаратты сұрату фактісінің күні мен уақыты;

      4) санаттау индекстерінің мәндері және тәуекелдің берілген дәрежесін қамтиды.

      10. Ұлттық палата Министрлік қызметкерлеріне "Тізілім" АЖ-да ақпаратты (кемінде 30 (отыз) жұмыс орны) алуға толық тегін қол жетімділікті ұсынады.

3-тарау. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті арасындағы индекстерді есептеу әдістемесін өзектендіру үшін деректер базасын қалыптастыру бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыру

      11. Әдістемені өзектендіру салық төлеушілердің тесттік тобы бойынша иесіздендірілген деректерді іріктеуде талдау және модельдеу негізінде жүзеге асырылады.

      12. Модельдеу үшін деректерді жаңартуды Министрлік және ҚСжАЕК Әдістемені өзектендіруге қарай жүзеге асырады.

      13. Салық құпиясын сақтауды және дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін Министрлік мынадай іс-әрекеттерді жүзеге асырады:

      1) модельдеу үшін салық төлеушілердің іріктемесін қалыптастырады;

      2) әрбір салық төлеушіге сәйкестендіру нөмірін береді;

      3) Ұлттық палатаға сәйкестендіру нөмірлерін көрсете отырып, тіркеу деректері туралы ақпаратсыз салық төлеушілер бойынша мәліметтерді ұсынады;

      4) ҚСжАЕК-ке БСН (ЖСН) және оған сәйкес сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, модельдеу үшін деректер ретінде айқындалған салық төлеушілердің тізімін ұсынады.

      14. ҚСжАЕК модельдеу үшін деректер ретінде айқындалған салық төлеушілердің тізімін алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тізімді құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәліметтерімен толықтырады және қалыптастырылған деректерді Министрлік берген сәйкестендіру нөмірлерін көрсете отырып, БСН (ЖСН) көрсетпей Ұлттық палатаға жібереді.

      Ұсынылатын мәліметтер тізбесі 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 25-1 бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бизнес-әріптестер тізілімін құру, жүргізу және пайдалану қағидалары негізінде айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 31 наурыздағы
№ 283 бұйрығына
2-қосымша

Салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 22-бабы 15-тармағына сәйкес әзірленді және салық төлеушінің жосықтылық индексін, экономикалық тұрақтылық индексін, қаржы тәртібінің индексін, сондай-ақ олардың негізінде санаттау нәтижесі ретінде айқындалған тәуекел дәрежесін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) болжамды (тәуелсіз) айнымалылар – салық төлеушілердің (контрагенттердің) мінез-құлық ықтималдығын есептеу мақсатында пайдаланылатын болжамдық параметрлер;

      2) индекс – салық төлеушінің контрагентті таңдау кезінде тиісті сақтықты іске асыру мақсаттары үшін болжамды талдау әдістері негізінде есептелген 0-ден 100-ге дейінгі сандық мәнде тәуекел ықтималдығының мәнін білдіретін санаттау индексі;

      3) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – ҚСжАЕК) – құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;

      4) қаржы тәртібінің индексі (бұдан әрі – ҚТИ) – контрагенттің өзінің қаржылық міндеттемелерін уақтылы орындамауының ықтималдығын сипаттайтын санаттау индексі;

      5) мақсатты (тәуелді) айнымалылар – модельдеу мақсаты болып табылатын параметрлер;

      6) нысаналы оқиға – тәуекел ықтималдығын есептеудің мақсаты болып табылатын салық төлеушінің сенімсіз, жосықсыз мінез-құлық фактісі;

      7) салық төлеушінің жосықтылық индексі (бұдан әрі – СТЖИ) – салық төлеушінің шот-фактураларды жазып беруді тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей жүзеге асыру ықтималдығын сипаттайтын санаттау индексі;

      8) тарихи деректер – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі – ҚСжАЕК) ақпараттық жүйелерінде бар салық төлеушілер туралы деректер;

      9) уәкілетті мемлекеттік органдар – "Бизнес-әріптестер тізілімі" ақпараттық жүйесін ақпараттық толықтыруды қамтамасыз ететін деректері бар орталық мемлекеттік органдар;

      10) экономикалық тұрақтылық индексі (бұдан әрі – ЭТИ) – контрагенттің экономикалық жағдайға байланысты өзінің шарттық міндеттемелерін орындамауы ықтималдығын сипаттайтын санаттау индексі.

      3. Санаттау индекстері барлық жұмыс істейтін салық төлеушілер – Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен жеке кәсіпкерлері үшін есептеледі.

      4. Санаттау индекстері тәуекелдердің туындау мүмкіндігі туралы тікелей немесе жанама куәландыратын факторларды есепке алуға негізделген.

2-тарау. Салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін индекстерді есептеу әдістемесі

      5. Индекстерді (СТЖИ, ЭТИ, ҚТИ) есептеу салық төлеушілер бойынша тарихи деректерді талдауға және салық төлеушілердің мінез-құлық ықтималдығын модельдеуге негізделеді.

      6. Модельдеу болжамды (тәуелсіз) айнымалылар мен мақсатты (тәуелді) айнымалылардың иесіздендірілген деректерінде жүзеге асырылады.

      7. Болжамды (тәуелсіз) айнымалыларды анықтау мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) сәйкестендіру нөмірін беру жолымен иесіздендірілген салық төлеушілер іріктемесінің әрбір индексі үшін қалыптастыру;

      2) Министрліктің ақпараттық жүйелерінде бар салық төлеушілер бойынша деректерді қалыптастыру, оның ішінде:

      салық жүктемесінің коэффициенті және оның өзгеру динамикасы;

      активтердің болуы және олардың өзгеру динамикасы;

      негізгі қызметті жүргізу үшін қажетті негізгі құралдардың болмауы;

      жаппай тіркеу мекен-жайы;

      қызметкерлер санының өзгеруі;

      есептелген салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің құрылымы мен динамикасы;

      өткен кезеңдердің динамикасымен салыстырғанда соңғы есепті кезең үшін салық төлеушінің салық есептілігіндегі өзгерістер;

      электрондық шот-фактуралардың деректері бойынша, оның ішінде екінші және кейінгі деңгейлерде сатып алу және өткізу құрылымы;

      экспорт және импорт бойынша операциялардың құрылымы мен динамикасы;

      соңғы есепті кезең ішінде қызметі болған кезде салық есептілігінің болмауы;

      3) Ұлттық палата осы бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен салық төлеушінің контрагенттерді индекстер негізінде дербес тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл жасау қағидаларының 13 және 14-тармақтары шеңберінде Министрлік ұсынған индекстерді және ҚСжАЕК деректерін біріктіру жолымен индекстердің соңғы мәнін әзірлейді.

      Министрліктің деректерін пайдалана отырып есептелген индекстердің мәндері уәкілетті мемлекеттік органдардың деректерімен біріктіру есебінен азаю жағына қарай өзгермейді;

      4) болжамды (тәуелсіз) айнымалылардың жалпы тізбесін қалыптастыру мақсатында барлық деректерге статистикалық талдау жүргізу;

      5) айнымалылардың жалпы санынан ең маңызды болжамды (тәуелсіз) айнымалыларды анықтау.

      8. Нысаналы (тәуелді) айнымалыларды айқындау нысаналы оқиғаның басталуын ескере отырып, санаттаудың әрбір индексі үшін жеке жүргізіледі.

      9. Болжамды (тәуелсіз) айнымалылар мен нысаналы (тәуелді) айнымалылардың деректері негізінде олардың арасындағы байланысты анықтауға және сандық мәнде тәуекел ықтималдығының мәнін анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық алгоритмдерді қолдана отырып, статистикалық модель қалыптастырылады.

      10. Әзірленген модель дәлдік пен тұрақтылық үшін статистикалық әдістермен тексерілуге жатады.

      11. Әр индекстің мәндері санаттау нәтижелерінің жалпыланған санаттарын білдіреді:

      "тәуекелдің төмен дәрежесі" – 0-ден 49-ға дейін;

      "тәуекелдің орташа дәрежесі" – 50-ден 79-ға дейін;

      "тәуекелдің жоғары деңгейі" – 80-нен 100-ге дейін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады