"Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы әкімдігінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 528 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов

  Қостанай облысы әкімдігінің
  2021 жылғы 22 қарашадағы
  № 528 қаулысымен
  бекітілген

"Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) бюджетті атқару, жергілікті бюджетті атқару жөніндегі бюджеттік есепті және есептілікті жүргізу саласында басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ облыстық коммуналдық меншікті басқару саласында функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ретінде ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, Басқарма мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 66.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілермен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау үшін шарттық қарым-қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      жергілікті бюджетті атқару саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      түсімдер мен шығыстар бойынша бюджетті толық және уақытылы атқару;

      жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі бюджеттік есепті жүргізу, бюджеттік есептілікті жасау;

      облыстық коммуналдық меншікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде құқықтық актілерді шығару;

      жергілікті атқарушы оранның шешімі бойынша олар бойынша секвестр белгіленетін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдерді жүзеге асыруды тоқтата тұру;

      аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласында оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жұмысты үйлестіру;

      қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушылық органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдіктің актілерін және тапсырмаларын сапалы және уақытында орындау;

      өз қызметін бюджеттік бағдарламаларға, сондай-ақ Басқарманың жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асыру;

      өз қызметін жүзеге асыру кезіңде Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамасының талаптарын орындауды қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялар:

      1) облыстың бюджетін атқаруды ұйымдастырады және облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, облыстың аудандары мен қалаларының бюджеттің атқарылуы жөніндегі қызметін үйлестіреді;

      2) облыстың аудандары мен қалаларының бюджеттеріне субвенцияларды, заңнаманың өзгеруіне байланысты жоғары тұрған бюджеттің шығындарын өтеуге төмен тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді, заңнаманың өзгеруіне байланысты төмен тұрған бюджеттің шығындарын өтеуге жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді уақтылы аударуды жүзеге асырады;

      3) облыстық бюджетке түсетін түсімдердің болжамына қатысады;

      4) төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді;

      5) төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді;

      6) облыстық бюджеттің және облыс бюджетінің атқарылуы туралы есепті жасайды;

      7) республикалық бюджеттен бөлінген, Қазақстан Республикасының Үкіметі ағымдағы қаржы жылы одан әрі пайдалану (толық пайдалану) туралы шешім қабылдамаған нысаналы трансферттердің өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын қайтаруды жүзеге асырады;

      8) өткен қаржы жылында бөлінген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша пайдалануға (толық пайдалануға) рұқсат етілген нысаналы трансферттердің қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын қайтаруды жүзеге асырады;

      9) бюджетті атқару сатысында азаматтық бюджетті жасайды;

      10) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есепті жасайды;

      11) филантропиялық қызметтен және (немесе) қайырымдылық көмектен және (немесе) меценаттық қызметтен түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалуы туралы есепті жасайды;

      12) жергілікті бюджеттің кредиторлық және дебиторлық берешектері туралы есепті жасайды;

      13) бюджет ақшасын басқаруды жүзеге асырады, уақытша бос ақша көлемін айқындайды және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің депозиттік шотына орналастыру үшін аударуды жүзеге асырады;

      14) бюджет шығыстары атқарылуының бюджеттік мониторингін жүзеге асырады, облыс бюджетінің шығыс бөлігін орындау туралы талдамалы есепті жасайды;

      15) бюджеттік есепке алуды және есептілікті жүргізуді жүзеге асырады;

      16) тиісті қаржы жылына облыстық бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген сомалар шегінде бюджеттік бағдарламаларды толық және уақтылы орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      17) жартыжылдық және қаржылық жылдың қорытындысы бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды және ұсынады;

      18) қарыз алу арқылы ақша тарту процесін ұйымдастырады;

      19) корпоративтік төлем карточкасын қолдануымен есептерді жүргізу үшін ұлттық валютада қолма-қол ақшаның бақылау шоттарын ашуға рұқсат береді;

      20) облыстық бюджетке салық және салық емес түсімдер бойынша операциялардың есебін жүргізеді және оларды шоғарыландырылған қаржылық есепілікте көрсетеді;

      21) сыныптаманың кодтары бойынша түсiмдердiң артық (қате) төленген сомасын бюджетке қайтару және (немесе) есептеу үшін қорытындыны дайындайды;

      22) мемлекеттік мекеменің өз билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаның түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын және оған өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды келіседі;

      23) облыстық бюджетті нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар енгізеді;

      24) бюджеттік кредиттердің тіркелуін, есепке алынуын, мониторингін қамтамасыз етеді, бюджеттік кредиттердің өтелуін және оған қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      25) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, жекешелендіру объектілерін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды жүзеге асырады;

      26) облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға береді, сенімгерлік басқару шарттарын дайындау мен жасасуды жүзеге асырады;

      27) облыстық коммуналдық мүлікті жалдауға, өтеусіз пайдалануға беру туралы шешім қабылдайды;

      28) мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың бір-біріне беруі туралы шешім қабылдайды;

      29) мүлікті облыстық және аудандық коммуналдық меншік деңгейлері арасында қабылдау мен табыстау туралы шешім қабылдайды;

      30) мемлекеттік заңды тұлғаларға облыстық коммуналдық мүлікті уақытша өтеусіз пайдалануға беру жөніндегі шарттарды жасасады;

      31) облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешімі бойынша мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану, соның ішінде мемлекеттің меншiгіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті дiни бiрлестiктерге өтеусіз пайдалануға беру туралы шартын жасасады;

      32) облыстық коммуналдық мүлікті есептен шығаруды келіседі;

      33) сыйға тарту шарты бойынша мүлікті облыстық коммуналдық меншікке қабылдау жөнінде жұмысты үйлестіреді;

      34) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы әкімдігінің 13.12.2024 № 482 қаулысымен (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Мемлекеттік органы бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      2) Басқарманың құрылымын, құрылымдық бөлімдері туралы ережені және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың атынан мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда әрекет етеді;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікті атқарады;

      7) Басқарма қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) Басқарма қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      22. Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады