"Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 19 қыркүйектегі № 1855 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының 1-тармағына және 39-бабына, "Құқықтық актілер туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық қажетті шараларды атқарсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкiмiнің орынбасары М. Исаховқа жүктелсiн.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа еңгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2022 жылғы "19"қыркүйектегі
№ 1855 қаулысына қосымша

"Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Шымкент қаласының аумағында жергілікті атқарушы органының қызметінде пайдаланылатын цифрландыру, ақпараттандыру, байланыс және ақпараттық-коммуникациялар саласында басшылық ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқармаға уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқада актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы 10, индекс 160023.

      10. Жұмыс режимі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.

      11. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері:

      13. Мақсаттары: цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқарма қызметкерлері және Басқарма қарамағындағы ұйымдарға орындауға мiндеттi бұйрықтар шығаруға және тапсырмалар беруге;

      Басқарманың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыруға;

      қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі қажетті ақпаратты және материалдарды белгiленген тәртiппен сұратуға және алуға;

      өздерiне берiлген мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға;

      Басқарма қарамағындағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;

      Қазақстан Республикасының "Ақпараттандыру туралы" Заңына сәйкес, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетуге құқылы.

      2) міндеттері:

      1) экономиканың негізгі салаларына цифрлық технологияларды енгізу, цифрландыру жобаларын әзірлеу, енгізу жөніндегі жұмысты үйлестіру, бақылау және мониторинглеу;

      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      15. Функциялары:

      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) жергілікті атқарушы орган қызметінің бағыттарын және мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларын ескере отырып, "электрондық үкiметтiң" архитектурасын, "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамыту жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      3) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құрады және дамытады;

      4) жергілікті атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының толықтырылуын жүзеге асырады, олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;

      5) жергілікті атқарушы органның архитектурасын бекітеді және оны іске асыру мен дамытуды қамтамасыз етеді;

      6) "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін есепке алуды және жаңартып отыруды жүзеге асырады;

      7) өз интернет-ресурстарында мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жоспарлары мен нәтижелері туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты орналастырады;

      8) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде), лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторына беруді қамтамасыз етеді;

      9) техникалық құжаттаманың қағаз жеткізгіштердегі түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз етеді және оларды "электрондық үкiметтiң" сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша ұсынады;

      10) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалануды жүзеге асырады;

      11) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарына және ақпараттық жүйелеріне жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қол жеткізу пункттерін, оның ішінде осы қол жеткізуді ұйымдастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды бөлу жолымен ұйымдастырады;

      12) цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жағдай жасайды;

      13) ашық деректердің интернет-порталында қазақ және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастырады;

      14) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында интернет-ресурстарды орналастырады, сондай-ақ олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;

      15) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогына сәйкес оператордан ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;

      16) операторға "электрондық үкімет" веб-порталын ақпараттық толықтырып отыру үшін қажетті электрондық ақпараттық ресурстарды береді;

      17) өз құзыреті шегінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жататын объектілерді айқындайды;

      18) операторға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, функцияларды мемлекеттік органдардың іске асыруы мақсатында деректерді талдауды жүзеге асыру үшін электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік береді;

      19) қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асыратын, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасы әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер уәкілетті мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерімен бірге, үкіметтік және президенттік байланыс бөлімшелерінің желілерін қоспағанда, байланыс құрылысжайларының, байланыс жолдары мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын айқындайды және әзірлейді;

      20) ұялы немесе спутниктік байланыс операторының өтініші бойынша, уәкілетті органмен келісу арқылы ұялы немесе спутниктік байланыс операторларының ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстарды және (немесе) тіреуіштерді салуы үшін электрмен жабдықтау жүргізілген орын ұсынады;

      21) қала әкімдігіне қаланың даму жоспарына енгізу үшін Шымкент қаласының аумағында байланыс қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру жөнінде ұсыныс әзірлейді;

      22) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйін үйлестіруді жүзеге асырады;

      23) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарды жүзеге асырады;

      24) жергілікті атқарушы органның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың сақтауын қадағалауды жүзеге асырады;

      25) жергілікті атқарушы органның цифрландыру, автоматтандыру және оңтайландыру саласындағы қаржылық есептері мен шығыстарын келісу және үйлестіруді жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;

      2) Басқарманың атынан әрекет етеді;

      3) сенімхаттар береді;

      4) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза береді;

      5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды;

      6) Басқарманың ішкі еңбек тәртібін бекітеді;

      7) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      8) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      9) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдайды және жемқорлыққа қарсы тұру жұмыстарының жай-күйіне жауапты болады.

      10) Басқармаға қарамағындағы мекемелердің басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес айқындайды.

4-тарау. Басқарманың мүлкі

      21. Басқарманың Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына және соттар актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1) Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының "Шымкент қаласының ситуациялық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады