Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" 2022 жылғы 19 қыркүйектегі № 1855 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберсін;
2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырсын.
3. Осы қаулының орындалуы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы басшысы М. Кемеловке жүктелсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Е. Сейтеновке жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент қаласының әкімі | Ғ. Сыздықбеков |
Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы "27" наурыздағы № 1437 қаулысына қосымша |
|
Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 19 қыркүйектегі № 1855 қаулысымен бекітілген |
"Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Шымкент қаласының аумағында жергілікті атқарушы органының қызметінде пайдаланылатын цифрландыру, ақпараттандыру, байланыс және ақпараттық-коммуникациялар саласында басшылық ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомствосы бар.
3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқармаға уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқада актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы 10, индекс 160023.
10. Жұмыс режимі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.
11. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері:
13. Мақсаттары: цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
Басқарма қызметкерлері және Басқарма қарамағындағы ұйымдарға орындауға мiндеттi бұйрықтар шығаруға және тапсырмалар беруге;
Басқарманың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыруға;
қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі қажетті ақпаратты және материалдарды белгiленген тәртiппен сұратуға және алуға;
өздерiне берiлген мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға;
Басқарма қарамағындағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;
Қазақстан Республикасының "Ақпараттандыру туралы" Заңына сәйкес, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетуге құқылы.
2) міндеттері:
1) экономиканың негізгі салаларына цифрлық технологияларды енгізу, цифрландыру жобаларын әзірлеу, енгізу жөніндегі жұмысты үйлестіру, бақылау және мониторинглеу;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
15. Функциялары:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторингті жүзеге асырады;
3) инвестициялар тарту жүйесін және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруды ынталандыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асырады;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту үшін жағдай жасайды;
5) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құрады және дамытады;
6) платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлейді және орналастырады;
7) жергілікті атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының толықтырылуын жүзеге асырады, олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
8) "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасын есепке алуды және жаңартып отыруды жүзеге асырады;
9) өз интернет-ресурстарында мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жоспарлары мен нәтижелері туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты орналастырады;
10) техникалық құжаттаманың қағаз жеткізгіштердегі түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз етеді және оларды "электрондық үкiметтiң" сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша ұсынады;
11) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалануды жүзеге асырады;
12) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарына және ақпараттық жүйелеріне жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қол жеткізу пункттерін, оның ішінде осы қол жеткізуді ұйымдастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды бөлу жолымен ұйымдастырады;
13) цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жағдай жасайды;
14) ашық деректердің интернет-порталында қазақ және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастырады;
15) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында интернет-ресурстарды орналастырады, сондай-ақ олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
16) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;
17) операторға "электрондық үкімет" веб-порталын ақпараттық толықтырып отыру үшін қажетті электрондық ақпараттық ресурстарды береді;
18) өз құзыреті шегінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жататын объектілерді айқындайды;
19) операторға деректерді басқару талаптарына сәйкес деректерді талдауды жүзеге асыру үшін электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік береді;
20) деректерді басқару талаптарына сәйкес деректерді "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасына береді;
21) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
22) уәкілетті органмен және қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асыратын, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасы әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер уәкілетті мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерімен бірге, үкіметтік және президенттік байланыс бөлімшелерінің желілерін қоспағанда, байланыс құрылысжайларының, байланыс жолдары мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
23) байланыс операторларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шығыстарды өтей отырып, абоненттерге тегін қосуды ұсыну үшін байланыс операторларымен бірлесіп, әлеуметтік мәні бар объектілердің тізбесін айқындайды;
24) пошта операторларының өндірістік объектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайлар бөледі, сондай-ақ пошта операторларының олардың аумағына өндірістік объектілерді орналастыруына жәрдемдеседі;
25) ұялы немесе спутниктік байланыс операторының өтініші бойынша, уәкілетті органмен келісу арқылы ұялы немесе спутниктік байланыс операторларының ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстарды және (немесе) тіреуіштерді салуы үшін электрмен жабдықтау жүргізілген орын ұсынады;
26) байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
27) облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігіне облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) даму жоспарына енгізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте байланыс қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізеді;
28) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің және орталық мемлекеттік архивтердің жинақтау көздерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
29) субъектінің немесе оның заңды өкілінің дербес деректер мазмұнының және оларды өңдеу тәсілдерінің оларды өңдеу мақсаттарына сәйкестігі туралы жолданымдарын қарайды және тиісті шешімдер қабылдайды;
30) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
31) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қабылдайды;
32) меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан анық емес немесе заңсыз жолмен алынған дербес деректерді нақтылауды, бұғаттауды немесе жоюды талап етеді;
33) субъектілердің құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған шараларды жүзеге асырады;
34) "ақылды" қала тұжырымдамасы шеңберінде бастамалар мен жобаларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
35) "ақылды" қала тұжырымдамасының бастамалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша қазақстандық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
36) цифрландыру, байланыс және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша қалалық, республикалық және халықаралық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
37) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;
2) Басқарманың атынан әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза береді;
5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды;
6) Басқарманың ішкі еңбек тәртібін бекітеді;
7) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
8) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
9) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдайды және жемқорлыққа қарсы тұру жұмыстарының жай-күйіне жауапты болады.
10) Басқармаға қарамағындағы мекемелердің басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес айқындайды.
4-тарау. Басқарманың мүлкі
21. Басқарманың Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына және соттар актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының "Шымкент қаласының ситуациялық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.