Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 21/192-VII шешiмi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2) тармақшасына сәйкес Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары осы шешімге қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласы
      мәслихатының хатшысы Б. Нарымбетов

  Шымкент қаласы мәслихатының
2022 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 21/192-VII шешімімен бекітілді

Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28125 болып тіркелген) бекітілген Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Шымкент қаласында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың (иттер мен мысықтарды) тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, Шымкент қаласының әкімдігі құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      2) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      4) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;

      5) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстау үшін әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      6) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;

      7) қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар;

      8) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;

      9) стерилизациялау – жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру;

      10) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);

      11) үй жануарларын есепке алу жөніндегі деректер базасы (бұдан әрі - деректер базасы) – Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған үй жануарының жеке нөмірі туралы, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы, үй жануарлары ұсталатын немесе тасымалданатын жылжымайтын мүлік объектілері мен көлік құралдары, жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі туралы ақпарат, үй жануарларын иелену тарихы туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін электрондық деректер базасы;

      12) үй жануарларын есепке алу - үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу.

2-тарау. Жануарларды аулау

      3. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.

      4. Жануарларды аулау жұмыстары аулау қызметінің басшысымен бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

      5. Кесте жануарлардың шоғырлану орындарын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша жасалады.

      6. Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді.

      7. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен, оқшаулау сүрлемдерін, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді, ұстап алу кезінде бекітуге арналған Ү-тәрізді бекіткіштерді (рогатина), Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады.

      8. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануарлар иесінің қарауынсыз жүрген жануарлар аулауға жатады.

      9. Адамға немесе жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қараусыз қалған және қаңғыбас иттерді, жануарларды, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны аулау қызметі ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.

      10. Қараусыз қалған және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде аулау қызметі мамандарының өзімен бірге Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі аулау қызметі қызметкерінің куәлігі (бұдан әрі - куәлік) болады және ол азаматтардың талап етуі бойынша көрсетіледі.

      11. Аулау қызметі өз қызметкерлерін Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлікпен қамтамасыз етеді.

      12. Ауланған жануарларды тасымалдау Заңның 12-бабына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 164 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28139 болып тіркелген) бекітілген Жануарларды тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Жануарларды уақытша ұстау пунктінде ұстау

      13. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған панажайға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады.

      14. Жануарларды ұстау, азықтандыру, қарау, жансыздандыру, қажетті құрал-саймандармен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар уақытша ұстау пунктімен қамтамасыз етіледі.

      15. Уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі.

      16. Жануарларды ұстау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.

      17. Уақытша ұстау пункті металл торлармен және иттерге арналған үйшіктермен жарақталады, онда 1 (бір) дарақтан орналастырылады.

      18. Тордың мөлшері жануарларға еркін тұруға, жатуға және өздеріне тән тәсілмен еркін айналуға мүмкіндік береді.

      19. Ауланған жануарларға күтім жасалады, күнделікті механикалық тазарту және жасушаларды дезинфекциялау жүргізіледі.

      20. Үй-жайлардың қабырғалары мен едендік жабындарының беті тегіс, жинауға және дезинфекциялауға ыңғайлы.

      21. Жануарларды ұстау шарттары олардың биологиялық, түр және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады.

      22. Азықтық рационды және жануарларды азықтандыру режимін уақытша ұстау пунктінің басшысы жасайды. Азықтарды сақтау және пайдалану оларды өндірушілер белгілеген сақтау шарттарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      23. Жануарларды азықтандыру күніне кемінде бір рет, оның ішінде мысықтарды күніне кемінде екі рет жүзеге асырылады.

      24. Ішетін ыдыстар мен басқа да су көздері әрбір жануарға таза ауыз суға тұрақты және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылады. Ауыз суды ауыстыру тәулігіне кемінде бір рет жүзеге асырылады.

4-тарау. Жануарларды өлтіру

      25. Адамға немесе жануарларға шабуыл жасаған, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады.

      26. Жануарлардың өлекселерін кәдеге жаратуды арнайы кремациялау пештері орнатылған орындарда, мал қорымында (биотермиялық шұңқырларда) аулау қызметі жүргізеді.

      27. Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру жолымен реттеуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады