"Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша мемлекеттік кірістер департаменттерінің және олардың аумақтық органдарының ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 522 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 739 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша мемлекеттік кірістер департаменттерінің және олардың аумақтық органдарының ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 522 бұйрығына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      "1-тармақ мынадай мазмұндағы 243-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "243-1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы туралы ережесі осы бұйрықтың 243-1-қосымшасына сәйкес;";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті туралы ережеде:

      Мемлекеттік мекемелерінің тізбесінде – Департаменттің аумақтық органдары:

      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы.";

      осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес 243-1-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Заң басқармасы (О.А. Әбдірахманов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың көшірмелерін мемлекеттік және орыс тілінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – Департамент) басшысы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдасын;

      2) осы бұйрықтың аумақтық органдардың интернет-ресурстарында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Кадр және ішкі әкімшілендіру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасы (М.С. Қыстаубаева) осы бұйрықты Департаменттің назарына жеткізсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы
Д. Жанәлінов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті
Төрағасының
2022 жылғы "__" _______
№ ___ бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті
Төрағасының
2016 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 522 бұйрығына
243-1-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы туралы ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – Департамент) мемлекеттік басқару және бақылау функцияларын:

      1) салықтық әкімшілендіру;

      2) этил спиртінің, алкоголь өнімінің және темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу;

      3) мұнай өнімдерінің және биоотынның айналымы;

      4) оңалту және банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеу (қазыналық кәсіпорындарды, мекемелерді, банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда);

      5) қолданыстағы заңнамамен Басқарма құзыретіне жатқызылған басқа да салаларда жүзеге асыруға уәкілетті аумақты органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентiнің, Үкiметiнiң актілерiне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма республикалық мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тiлінде өз атауымен мөрi және мөртаңбасы, белгiленген үлгiдегі бланкілерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

      5. Басқарма, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың штат санының құрылымы мен лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: пошта индексі 160012, Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Б. Момышұлы көшесі, 27.

      9. Басқарманың толық атауы: "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы" республикалық мемлекеттік мекемесi.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлермен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер Басқармаға заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осы қызметтен алынған табыс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Басқарманың міндеттері, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының салық және мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген өзге де заңнамалардың сақталуын бақылау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) кеден заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету;

      2) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақыттылығын қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;

      5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      6) этил спирті мен алкоголь өнімінің, темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымын, сондай-ақ, мұнай өнімдері мен биоотынның айналымын мемлекеттік реттеу;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.

      14. Басқарманың құқықтары мен міндеттемелері:

      1) құқықтары:

      екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік құпияны құрайтын мәліметтер қамтылған бағдарламалық қамтамасыз ету және (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығын қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) осындай бағдарламалық қамтамасыз етуді және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда, салықтық тексеру барысында салық төлеушіден (салық агентінен) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылған бухгалтерлік және салықтық есептерді автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын беруді талап ету;

      салық төлеушіден (салық агентінен):

      салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын, әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығын растайтын құжаттарды ұсынуды;

      салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсініктерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның ішінде резидент-салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңдарында міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген болса, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті талап етуге;

      салықтық әкімшілендіруді жаңғырту және жетілдіру мақсатында салықтық әкімшілендірудің өзге де тәртібін көздейтін пилоттық жобалардың іске асырылуын (енгізілуін) және салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындауын жүзеге асыруды;

      екінші деңгейдегі банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан, бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие, инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандардан, бірыңғай тіркеушіден, брокерлерден және (немесе) дилерлерден, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарынан Қазақстан Республикасының салық заңнамасында ұсынылуы көзделген мәліметтерді алуға;

      екінші деңгейдегі банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында аталған тұлғаларға қатысты банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алуға;

      салықтық тексеру барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен салық төлеушіден (салық агентінен) әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғаны туралы айғақтайтын құжаттарды алып қоюды жүргізу;

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттің органдарынан, декларанттардан, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын адамдардан, және тексерілетін адамдардан қажетті ақпаратты, сондай-ақ құжаттар мен кеден ісі саласына жататын мәліметтерді сұрату және алу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін және деректерді беру жүйелерін, кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарын пайдалану;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ғылыми-зерттеу, оқу, баспа қызметін жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өзара ақпарат алмасуды, оның ішінде электрондық тәсілмен қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;

      Қазақстан Республикасы салық заңнамасының мәселелері бойынша қоғамның салық мәдениетін және хабардар болуын арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

      Қазақстан Республикасында және шет мемлекеттерде салық заңнамасын қолдану практикасын талдау және қорыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы пайдалану бойынша түсіндірмелер мен түсіндірулер беру;

      әкімшінің қызметіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы, сондай-ақ осы бұзушылықтар үшін босатылған бұның алдындағы әкімшінің қызметіне тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберу;

      этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын реттеу мәселелері бойынша басқа мемлекеттердің және Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларынан консультанттар мен сарапшыларды, басқа да мемлекеттік органдардың мамандарын тарту;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қою немесе арасынан алуды жүргізу;

      әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау және істерді қарау, әкімшілік ұстауды жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген басқа шараларды қолдану;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес фактілер мен оқиғаларды құжаттау, бейне- және аудиожазба, кино- және фотоға түсіру жүргізу;

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен қызметкерлерді көтермелеу, оларға тәртіптік жаза қолдану, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тарту;

      Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрес бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      Басқарма қызметкерлеріне даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салықтар және бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беру, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын қолдану жөніндегі мәселелерді түсіндіру;

      өз құзыреті шегінде салықтық міндеттеменің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндірмелерді жүзеге асыру және түсіндірулер беру;

      талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу фактісін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органға салық органдарының ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсат беру;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалған тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында:

      салықтық берешегі бар;

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес әрекет етпейтін деп танылған;

      тіркелуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған салық төлеушілер (салық агенттері) туралы мәліметтерді орналастыру;

      салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық нысанда салықтық есептілік пен өтінішті ұсыну үшін қажетті бағдарламалық қамтылымды тегін беру;

      салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алу;

      мемлекеттің меншігіне айналған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берудің толықтығы мен уақтылығын, сондай-ақ ол өткізілген жағдайда бюджетке ақшаның түсуінің толықтығы мен уақтылығын бақылауды жүзеге асыру;

      уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығы, алудың толықтығы және аударудың уақтылығы мәселелері жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асыру;

      салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық өтініші бойынша Салық кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасындағы көздерден бейрезидент алған кірістердің және ұстап қалынған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама ұсыну;

      акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша субъектілерге тексеру жүргізу;

      салықтық құпияны және Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын өзге де құпияны сақтау;

      салық төлеушілерді, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды, есептелген, есепке жазылған және төленген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, есептелген, ұсталған және аударылған міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, есептелген және төленген әлеуметтік аударымдарды есепке алуды жүргізу;

      бұқаралық ақпарат құралдарында өсімпұлдары бойынша берешегі бар салық төлеушілердің (салық агенттерінің), сондай-ақ әрекетсіз заңды тұлғалардың және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және жағдайда салық төлеушілердің тізімдерін жариялау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының бірлескен актілері негізінде аталған органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасасу;

      мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарына берілгенге дейін осындай тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының қызметіне, мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету;

      салық төлеушілердің (салық агенттерінің) құқықтарын сақтау;

      мемлекет мүдделерін қорғау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде мемлекеттік кірістер органының және (немесе) мемлекеттік кірістер органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымын қарау;

      мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің регламенттеріне және стандарттарына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тарту;

      Қазақстан Республикасының заннамасымен көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) салықтық бақылауды жүзеге асыру;

      2) есеп жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда жанама әдістер негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді (активтерді, міндеттемелерді, айналымды, шығындарды, шығыстарды) айқындау;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте жоспардан тыс салықтық тексерулерді жүзеге асыру;

      4) салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасын қалыптастыру;

      5) салық берешегін, кеден төлемдері, салықтар, арнайы, демпингке қарсы және өтем баждар, өсімпұлдар, пайыздар және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

      6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен және тиісті халықаралық шарттарда белгіленген тәртіпте халықаралық шарттардың ережелерін қолдану;

      7) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талап арызды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретке және міндеттерге сәйкес өзге де талап арыздарды беру;

      8) нормативтік құқықтық актілермен белгіленген құзыреті шегінде салықтық және салықтық емес түсімдердің есепке жатқызуын және/немесе қайтаруын жүзеге асыру;

      9) салық заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      10) салықтық және кедендік әкімшілендіруді жаңғыртуға және бизнес-процесін ре-инжинирингтеуге қатысу;

      11) салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен осы органның іс жүргізуіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және қарау;

      13) өз құзыреті шегінде салық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндіруді жүзеге асыру және түсіндірмелер беру;

      14) тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану;

      15) бюджетке салықтардың өндірудің толықтығын және аудару уақтылығын қамтамасыз ету;

      16) құзыреті шегінде тауарларды таңбалауды және қадағалуды жүзеге асыру;

      17) өз құзыреті шегінде трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша ақпарат және түсіндірмелер беру;

      18) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқынайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету;

      19) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      20) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда хабардар болуын қамтамасыз ету;

      21) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін қарау;

      22) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қолдану;

      23) мемлекеттік қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету;

      24) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетімділік беру;

      25) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына беру;

      26) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылауды жүргізу;

      27) көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді сақтауын қамтамасыз етеді;

      28) этил спиртінің, алкоголь өнімінің және темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің және биоотынның өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыру;

      29) этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы, темекі өнімдерін өндіру саласындағы Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын сақтау бойынша бақылау жүзеге асыру;

      30) алкоголь өнімдері мен темекі өнімдерін сату кезінде ең төменгі бағалардың сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      31) мұнай өнімдерінің айналымына камералдық бақылауды жүзеге асыру;

      32) өз құзыреті шегінде мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      33) биоотын айналымына камералдық бақылауды жүзеге асыру;

      34) құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау;

      35) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдармен электрондық тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      36) халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасының құқықтардың жүзеге асырылуын және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық шарттардың басқа қатысушыларының өз міндеттемелерін орындауын қадағалау;

      37) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану бойынша шаралар қабылдау;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты интернет-ресурсқа орналастыру;

      39) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Басқарма басшысының оның қызметін ұйымдастыру кезіндегі мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Басқарманың басшылығын Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) өз орынбасарларының, Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының, қызметкерлерінің мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;

      2) Басқарманың штат санының лимиті шегінде Басқарманың штат кестесін бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте тәртіптік жауаптылық шараларын қолданады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Басқарма басшыларының орынбасарларын, Басқарманың қызметкерлерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша дербес жауаптылықта болады;

      8) Департаментке берілетін ақпараттардың дұрыстығына дербес жауаптылықта болады;

      9) өз құзыреті шегінде Басқарманың актілеріне қол қояды;

      10) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы білдіреді;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам орындайды.

      20. Басқарма басшысы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өзінің орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

4-тарау. Басқарманың мүлкi

      21. Басқарманың заңнамамен көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады