"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы № 236 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 231 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы № 236 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін оның Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енеді.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушы
А. Сапаров

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің міндетін
атқарушының
2022 жылғы 20 шiлдедегi
№ 231 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2016 жылғы 26 мамырдағы
№ 236 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) жер ресурстарын басқару саласында басшылықты жүзеге асырады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы қазақ тілінде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Комитет егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитет құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел көшесі, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 14 кіреберіс.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитет функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын орындау, сондай-ақ жер ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық функцияларды орындауға қатысу;

      жер ресурстарының ұтымды және тиімді басқарылуын қамтамасыз ету.

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпаратты және материалдарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

      Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану жөнінде түсіндірмелер мен түсініктемелер беру;

      Еңбек кодексінде және мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен жұмыскерлерді көтермелеу, оларға тәртіптік жаза қолдану, жұмыскерлерді материалдық жауаптылыққа тарту;

      құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу;

      Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар беру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің құқықтары мен мүддесін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жағдайларда өз құзыреті шегінде әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға жәрдем көрсету;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тарту;

      Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарау;

      жолданымдарды қабылдау және тіркеу, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесу, формалды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік беру;

      әкімшілік рәсімге қатысушыға оның әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;

      әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдау орны мен уақыты туралы күні бұрын хабардар ету;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдау;

      әкімшілік актіні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының не оның өкілдерінің назарына жеткізу;

      Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асыру;

      Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) жер заңнамасын қолдану іс-тәжірибесін қорытады және оны жетілдіреді;

      3) жер қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады;

      4) жер қатынастарын реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      5) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын әзірлейді;

      6) жерлерді резервте қалдыру қағидаларын әзірлейді;

      7) жер комиссиясы туралы үлгілік ережені әзірлейді;

      8) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгі шартын әзірлейді;

      9) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлейді;

      10) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлейді;

      11) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін – Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасы мен оның үлестес тұлғаларында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін айқындау әдістемесін әзірлейді;

      12) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының нысанын әзірлейді;

      13) жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға берудің) үлгілік шартын әзірлейді;

      14) жер учаскесін сатып алудың-сатудың үлгілік шартын әзірлейді;

      15) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаудың нысанын әзірлейді;

      16) жерге орналастыру, мемлекеттiк жер кадастры және жер мониторингі жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтік құжаттарды, әдістемелерді әзірлейді;

      17) әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын белгілеу және өзгерту жөніндегі жобаларды жасау қағидаларын әзірлейді;

      18) жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын жасау қағидаларын әзірлейді;

      19) шаруашылықішілік және шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасау қағидаларын әзірлейді;

      20) Қазақстан Республикасының табиғи жем-шөп алқаптарының ірі масштабты (1:1000 – 1:100 000) геоботаникалық іздестірулерін жүргізу жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      21) жердің ірі масштабты топырақ іздестірулерін жүргізу жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      22) жерге мониторинг жүргізу жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      23) электрондық жер-кадастрлық карталарды жасау жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;

      24) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізуді ұйымдастырады және бекітеді;

      25) цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      26) жерге орналастыру, жерді мемлекеттік есепке алу және жер кадастры мақсаттары үшін 1:10 000, 1:25 000 және 1:50 000 масштабтарында цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау үшін аэрофотосуреттер шифрын ашу жөніндегі әдістеме мен шартты белгілерді әзірлейді және бекітеді;

      27) электрондық топырақ карталарын жасау жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      28) топырақты бонитирлеуді жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      29) электрондық геоботаникалық карталар жасау жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;

      30) жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын қайта ресімдеу қағидаларын әзірлейді;

      31) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, республикалық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізеді;

      32) орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;

      33) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері паспортының нысанын әзірлейді;

      34) елді мекен шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру кезінде өтініштің, келісуші органдар қорытындысының, жер учаскесін таңдау актісінің, жер-кадастрлық жоспардың нысандарын әзірлейді;

      35) жер-кадастрлық құжаттаманың құрылымын, құрамын, мазмұнын және нысандарын әзірлейді;

      36) жер мониторингін жүргiзудi ұйымдастырады;

      37) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi ұйымдастырады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер балансының деректерi негiзiнде Қазақстан Республикасының жер балансын ұйымдастырады;

      38) өз құзыретіне кіретін жер учаскелерін беру және алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою, жерді бір санаттан басқасына ауыстыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актілерінің жобаларын дайындайды;

      39) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

      40) жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;

      41) облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждықтары үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі ұсыныстарын келіседі;

      42) жер заңнамасы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;

      43) жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімін қалыптастырады және жүргізеді;

      44) көтермелеудің салалық жүйесін әзірлейді;

      45) жер учаскесіне меншік құқығына және жерді пайдалану құқығына сәйкестендіру құжаттарының нысандарын әзірлейді;

      46) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізу тәртібін әзірлейді;

      47) жасанды құрылысжайлар салу үшін аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін беру қағидаларын әзірлейді;

      48) жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын әзірлейді;

      49) жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлейді;

      50) жер комиссиясының отырысы барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-бейнежазбаны сақтау қағидаларын, сондай-ақ аудио, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін әзірлейді;

      51) суармалы егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды келiседі;

      52) ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсiнің шығасыларын өтеу нормативтерiн белгiлейдi;

      53) жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді;

      54) Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргізуді ұйымдастырады;

      55) жерлерге мониторинг жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін айқындайды;

      56) жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу әдістемесін әзірлейді;

      57) тиісті салада мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде тиісті саланың мемлекеттік мүлкін басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;

      58) республикалық заңды тұлғалар мүлкінің сақталуына және республикалық мемлекеттік кәсіпорынның даму жоспарларының орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

      59) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      60) республикалық мемлекеттік кәсіпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда келіседі және бекітеді;

      61) республикалық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;

      62) республикалық мемлекеттік мекемелердің жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

      63) Комитеттің және Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің бюджеттік өтінімін дайындауды қамтамасыз етеді, оны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынады, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындайды;

      64) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Комитетке басшылық етуді Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты басшы жүзеге асырады.

      17. Комитет басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Комитет басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет басшысының өкілеттіктері:

      1) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімше басшыларының, аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымының басшыларының және басшылары орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Комитет қызметкерлерінің, Комитеттің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымының басшыларының және басшылары орынбасарларының лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда Комитет төрағасының орынбасарларын лауазымға тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысына ұсыным енгізеді;

      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      5) Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің құрылымы мен ережелерін бекітеді, сондай-ақ Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің штат кестесін бекітеді;

      6) Комитеттің ведомстволық бағынысты ұйымының құрылымын бекітеді;

      7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Комитеттің жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      8) Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен басшыларының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      9) ведомстволық бағынысты ұйымның басшысын және оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйым үшін басшының және оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтердің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесін белгілейді;

      10) өз құзыреті шегінде Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;

      11) Комитеттің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, персоналды басқару қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды қадағалайды;

      12) Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда, Комитет жұмыскерлерінің, Комитеттің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының және басшылары орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      13) Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда, Комитет жұмыскерлерін, Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен басшылары орынбасарларын іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      14) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Комитет жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады, сондай-ақ нұсқаулар береді;

      15) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      16) Комитеттің қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;

      17) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижесі туралы жыл сайынғы есепті әзірлейді және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығына бекітуге ұсынады;

      18) Комитеттің қаржыландыру жоспарының әзірленуін қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысына бекітуге енгізеді;

      19) Комитеттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      20) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетін қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің "Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағындағы аумақтық бөлiмшелердің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      2. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      3. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      4. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      5. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      6. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      7. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      8. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қарағанды облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесіне.

      9. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қостанай облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      11. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      12. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Павлодар облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      13. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Солтүстік Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      14. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      15. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Абай облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      16. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      17. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Ұлытау облысының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      18. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      19. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Нұр-Сұлтан қаласының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      20. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады