"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының 2019 жылғы 2 тамыздағы № 186/НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 109/НҚ бұйрығы

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 992 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының 2019 жылғы 2 тамыздағы № 186/НҚ бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Геодезия және картография комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2022 жылғы 7 сәуірдегі
№ 109/НҚ бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі міндетін атқарушының
2019 жылғы 2 тамыздағы
№ 186/НҚ бұйрығымен
бекiтілген

"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) геодезиялық және картографиялық қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, оның өз атауы қазақ тілінде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілетін болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат саны лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, № 55/5-ғимарат.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Мақсаттары:

      1) геодезия және картография саласын дамыту жөніндегі шараларды іске асыру;

      2) геодезия және картография саласында бірыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясатты іске асыруға қатысу.

      14. Құқықтары мен міндеттемелері:

      1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан Комитет құзыретіне кіретін мәселелерді шешуге қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады және алады;

      4) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      5) мемлекеттік көрсетілетін қызмет тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы хабардарлығын қамтамасыз етеді;

      7) қоғамдық мониторинг жүргізетін коммерциялық емес ұйымдарға заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті ақпарат беруге қатысады;

      8) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асырады.

      15. Функциялары:

      1) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің қызметін үйлестіру;

      2) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мүдделерін ескере отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсірілім деректері мен материалдарын дайындау, есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртібін регламенттейтін нұсқаулықтарды, нормалар мен қағидалар жобаларын әзірлеу;

      3) мемлекеттік, арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуын ұйымдастыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес геодезиялық өлшеу құралдарының бірлігі мен дәлдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      5) техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде геодезиялық және картографиялық жабдықтарға, аспаптар мен саймандарға метрологиялық бақылау жүргізу;

      6) геодезиялық және картографиялық қызметтің басталуы туралы хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізу;

      7) аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру;

      8) геодезиялық пункттерді бұзуға немесе қайта салуға (көшіруге) рұқсаттар беру;

      9) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелеріндегі жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы мәліметтер беру;

      10) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен өзара келісілген жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асыру;

      11) мемлекеттік геодезиялық желіні құру және дамыту;

      12) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;

      13) бюджет қаражаты есебінен орындалатын аэротүсірілім, топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың сметалық нормаларын, құнын, бағаларын әзірлеу;

      14) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидаларды әзірлеу;

      15) бюджет қаражаты есебінен жасалатын картографиялық өнімді жаңартып отыру мерзімділігін әзірлеу;

      16) бюджет қаражаты есебінен картографиялық өнімді жасау жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу;

      17) ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру, жаңартып отыру, пайдалану тәртібін регламенттейтін нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу;

      18) салалық көтермелеу жүйесін әзірлеу;

      19) өз құзіреті шегінде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      20) біліктілік талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу;

      21) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      22) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірлеу;

      23) "Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізетін топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың бағаларын бекіту;

      24) геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      25) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау;

      26) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы анықталған заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнінде орындалуы міндетті нұсқамалар беру;

      27) құзыреті шегінде геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсірілімдерді жүргізу нәтижесінде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректерді іске асыру тәртібінде анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі талаптарды енгізу;

      28) құзыреті шегінде геодезия және картография саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды тоқтата тұру;

      29) геодезиялық пункттерді есепке алуды жүргізу және олардың сақталуын қамтамасыз етуді бақылау;

      30) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының және жергілікті жерлерде әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының дұрыс көрсетілуін және олардың картографиялық материалдарда көрсетілуін қадағалауды жүзеге асыру;

      31) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу;

      32) Қазақстан Республикасы атынан жасалатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау;

      33) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру кезіндегі Комитет төрағасының мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Комитетті басқаруды Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын төраға жүзеге асырады.

      17. Комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттігі:

      1) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      3) өз құзыретінің мәселелері бойынша бұйрықтар шығарады;

      4) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      5) геодезия және картография саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және бастамашылық жасау, сондай-ақ шараларды іске асыруды ұйымдастырады;

      6) орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауды бақылайды;

      7) мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша орныдалған жұмыстар актілеріне қол қояды;

      8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      9) Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      10) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді;

      11) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспары мен оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлейді және Министрлік басшылығына бекітуге ұсынады;

      12) Комитеттің бюджеттік өтінімдерін дайындауды, Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуі үшін Министрге ұсынылатын бюджеттік өтінімдерді Министрліктің аппарат басшысына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      13) Комитеттің қаржыландыру жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрліктің аппарат басшысының бекітуіне енгізеді;

      14) Комитеттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      15) оның құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      16) заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты ұйымның басшыларын тағайындайды;

      17) өз құзыреті шегінде Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапкершілікте болады;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Төраға өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуына құқылы.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

      "Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады