Осакаров аудандық мәслихатының 2018 жылғы 20 маусымдағы 37 сессиясының № 479 шешіміне "Осакаров ауданының кенттер және ауылдық округтарындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының 2022 жылғы 11 қарашадағы № 314 шешімі

      Осакаров аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осакаров аудандық мәслихатының "Осакаров ауданының кенттер және ауылдық округтарындағы жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" 2018 жылғы 20 маусымдағы № 479 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4837 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      шешімінің кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" № 295 бұйрығына сәйкес, (Нормативтік құқықытық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) аудандық мәслихат ШЕШТІ:";

      көрсетілген шешіммен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті:

      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны аудандық маңызы бар ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.

      3-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      3-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;

      аудандық маңызы бар ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;

      аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      аудандық маңызы бар ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін,

      аудандық маңызы бар ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан әкімінің аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.

      5. Жиналысты аудандық маңызы бар кент, ауылдық округ әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.";

      6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жиналысты аудан әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға аудан мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.";

      12-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім шешеді.

      Ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде жоғары тұрған әкімнің және тиісті ауданның мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Ауылдық округ әкімі мен жергілікті қоғамдастық жиналысының арасында келіспеушілік тудырған мәселелер, Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен тиісті аудандық мәслихаттың таяудағы отырысында алдын-ала талқыланып, шешкеннен кейін, жоғары тұрған әкім бес жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.".

      2. Осы шешім oның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың хатшысы К. Саккулаков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады