Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Рудный қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 6 маусымдағы № 731 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Рудный қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыға қол қойған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулының Рудный қаласы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастырылуын;

      3) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіппен әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Рудный қаласың әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

      Рудный қаласының әкімі Қ. Испергенов

  Рудный қаласы әкімдігінің
  2022 жылғы "6" маусымдағы
  № 731 қаулысымен
  бекітілген

Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) бюджетті атқару, жергілікті бюджетті атқару бойынша бюджеттік есепке алуды және есептілікті жүргізу саласында басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ қалалық коммуналдық меншікті басқару саласындағы функцияларды және Рудный қаласы әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының функцияларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Қаржы бөлімінің ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. Қаржы бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Қаржы бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Қаржы бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Қаржы бөлімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Қаржы бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қаржы бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Қаржы бөлімінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111500, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Рудный қаласы, Ленин көшесі, 95 құрылыс.

      10. Осы Ереже Қаржы бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Қаржы бөлімінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Қаржы бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Қаржы бөліміне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      жергілікті бюджеттің атқарылуы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      түсімдер мен шығыстар бойынша бюджеттің толық және уақтылы орындалуы;

      бюджеттік есепке алуды жүргізу, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бюджеттік есептілікті жасау;

      қалалық коммуналдық меншікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      Рудный қаласының әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде құқықтық актілер шығару;

      жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша секвестр белгіленетін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдерді жүзеге асыруды тоқтата тұру;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;

      өз қызметін бюджеттік бағдарламаларға, сондай-ақ қаржы бөлімінің жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады;

      өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) жергілікті бюджеттің атқарылуын ұйымдастырады және қалалық бюджетті атқару бойынша жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіреді;

      2) қалалық бюджетті орындау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) қалалық бюджетке түсетін түсімдерді болжауға қатысады;

      4) түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды, бекітеді;

      5) түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді;

      6) қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп жасайды;

      7) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есеп жасайды;

      8) филантропиялық қызметтен және (немесе) демеушілік қызметтен және (немесе) меценаттық қызметтен ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы есеп жасайды;

      9) жергілікті бюджеттің кредиторлық және дебиторлық берешектерінің жай-күйі туралы қаржылық есеп жасайды;

      10) бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдерді жүзеге асырудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізеді;

      11) бюджет шығыстарының атқарылуына бюджеттік мониторингті жүзеге асырады, қала бюджетінің шығыс бөлігінің атқарылуы туралы талдамалық есеп жасайды;

      12) бюджеттік есепке алуды және есептілікті жүргізуді жүзеге асырады;

      13) тиісті қаржы жылына арналған қалалық бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген сомалар шегінде бюджеттік бағдарламаларды толық және уақтылы орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      14) жартыжылдықтың және қаржы жылының қорытындылары бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды;

      15) өз құзыреті шегінде бірыңғай бюджеттік сыныптаманың бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке алу үшін қорытындылар дайындайды;

      16) Мемлекеттік мекемелердің өздерінің иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын және оған өзгерістер енгізу туралы анықтаманы келіседі;

      17) қалалық бюджетті нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар енгізеді;

      18) бюджеттік кредиттерді тіркеуді, есепке алуды, мониторингілеуді қамтамасыз етеді, бюджеттік кредиттерді өтеуді және оларға қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      19) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 125-бабының 4) тармақшасында көзделген басқа да есептерді әкімдікке, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті уәкілетті органына, бюджетті атқару жөніндегі облыстың жергілікті уәкілетті органына және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органына ұсынады;

      20) қалалық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      21) қалалық коммуналдық мүлікті есепке алуды ұйымдастырады, оның мақсатты, тиімді пайдаланылуы мен сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;

      22) қалалық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, жекешелендіру объектілерін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасауды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      23) қалалық коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға береді, сенімгерлік басқару шарттарын дайындауды және жасауды жүзеге асырады, сенімгерлік басқарушының сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;

      24) қалалық коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) береді, тендер жеңімпаздарымен шарт жасайды және мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      25) қалалық коммуналдық мүлікті мемлекеттік заңды тұлғаларға уақытша өтеусіз пайдалануға беру жөнінде шарттар жасайды;

      26) қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша діни бірлестіктерге ғибадат үйлерін (ғимараттарын) және мемлекет меншігіндегі өзге де ғибадат мақсатындағы мүлікті өтеусіз пайдалануға беру туралы мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартын жасайды;

      27) қалалық коммуналдық меншігіндегі мемлекет бақылайтын акциялардың мемлекеттік пакеттері акционерлік қоғамдардың акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыру өкілеттіктеріне сәйкес даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;

      28) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша берілген мемлекеттік мүлікті жақсарту мәселелерін келіседі;

      29) мемлекеттік кәсіпорындардың таза табыстың белгіленген бөлігін қалалық бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;

      30) мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік коммуналдық мүліктің беру актісін (қабылдау-беру актісін) бекітеді немесе келіседі;

      31) қалалық коммуналдық мүлікті есептен шығаруды келіседі;

      32) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекелеген негіздер бойынша коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мемлекеттік коммуналдық мүлікті есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;

      33) өз құзыреті шегінде гендерлік саясатты іске асырады;

      34) Рудный қаласының әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;

      35) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Қаржы бөлімін басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Қаржы бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      17. Қаржы бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Қаржы бөлімінің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      19. Қаржы бөлімінің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Қаржы бөлімінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      2) Қаржы бөлімінің құрылымын, құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Қаржы бөлімінің мүддесін білдіреді;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      7) Қаржы бөлімі қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) Қаржы бөлімі қызметкерлеріне көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Қаржы бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттігін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

4 тарау. Мемлекеттiк органның мүлкi

      21. Қаржы бөлімінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      22. Қаржы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Қаржы бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қаржы бөлімінің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Қаржы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады