"Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Меңдіқара ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі № 53 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Меңдіқара ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Меңдіқара ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Меңдіқара ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Меңдіқара ауданының әкімі Ғ. Бекбаев

  Әкімдіктің
  2022 жылғы 11 сәуірдегі
  № 53 қаулысымен
  бекітілген

1. Жалпы ережелер

      1. "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111300, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Боровское ауылы, Летунов көшесі, 7.

      10. Осы ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Бөлім кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлім өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Бөлім қарамағындағы секторлардың қызметін үйлестіру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру;

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Бөлімнің мүдделерін білдіру;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелерді дайындауға қатысу үшін мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлерін тарту, тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;

      мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) құзыреті шегінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бюджет қаражатының қажеттілігін болжау;

      3) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;

      4) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім шығару;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілетті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектерді әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету;

      7) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру;

      8) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін тағайындау және төлеу;

      10) коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдармен өзара іс-қимыл;

      11) жұмыскерлерді қысқарту және қысқарту қаупі бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асыру;

      12) қарттар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыру;

      13) халық арасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қажеттілікке талдау жүргізу;

      14) өз құзыреті шегінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      15) 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істеген адамдар үшін еңбек өтілін белгілеу жөніндегі арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      16) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды есепке алу және есепке алу жөніндегі арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқығын растайтын куәліктер беру;

      17) өмірлік қиын жағдайдың басталуына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамдардың (отбаларының) өтініштерін қарау және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындылар беру жөніндегі арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      18) аудандағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      19) жеке және заңды тұлғалардың, Бөлім басшысының өтініштерін қабылдау, тіркеу және есепке алу, олар бойынша қажетті шаралар қабылдау;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Бөлімнің жұмысын ұйымдастырады және басқарады және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапкершілікте болады;

      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Бөлімнің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазалар қолдану мәселелерін шешеді;

      4) Бөлімнің барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      5) азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамада белгіленген мерзімде қарайды және олар бойынша қажетті шараларды қабылдайды;

      6) қызметтік құжаттамаға қол қояды;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлімнің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады