"Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Павлодар қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 665/2 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы 2-тармағына, 37-бабы 8-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабы 8) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес, Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. Павлодар қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 07 желтоқсандағы "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" № 1318/27 қаулысының күші жойылсын.

      3. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Х. А. Хабылбековке жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Павлодар қаласының әкімі А. Байханов

  Павлодар қаласы әкімдігінің
2022 жылғы "29" сәуір_
№ 665/2 қаулысына
қосымша

"Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттiк мекемесі туралы Ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ) Павлодар қаласы аумағында жер қатынастарын реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Павлодар қаласы әкімдігінің мемлекеттік органы болып табылады.

      2. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ ведомстволары жоқ.

      3. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік -құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі"" ММ мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрi және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ азаматтық құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ егер Қазқстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 140000, Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25.

      10. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ жұмыс тәртібі:

      дүйсенбі – жұма күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі – жексенбі.

      11. Мемлекеттік органның мемлекеттік тілдегі толық атауы: "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      орыс тілінде: Государственное учреждение "Отдел земельных отношений города Павлодара".

      12. Осы Ереже "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ құрылтай құжаты болып табылады.

      13. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      14. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ кәсіпкерлік субъектілерімен "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      15. Мақсаттары:

      - жер қатынастарын реттеу саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      16. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды өтеусіз негізде сұрату және алу;

      - мемлекеттік органдарда, соттарда "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ мүддесін білдіру;

      - өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасасу.

      2) міндеттері:

      - азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;

      - өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асыру;

      - жер қатынастарын реттеу саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      - электрондық құжат айналымын тиімді пайдалану;

      - қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      17. Функциялары:

      1) жер қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік саясатты іске асыру:

      1-1) иесіз жер телімдерін анықтау және оларды есепке қою бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      2) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының жер телімдерін беру және олардың мақсатты нысанын өзгерту бойынша ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      2-1) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеп білуге және барлауға байланысты жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін қауымдық сервитуттарды белгілеу жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      3) мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша ұсыныстар дайындау;

      4) жер телімдерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін анықтау;

      5) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер телімдерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      6) жерлерді аймаққа бөлу жобаларын, Павлодар қаласының жерлерін ұтымды пайдалану бойынша жобалар мен схемаларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      7) елді мекен аумақтарының жер-шаруашылық орналастыру жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      8) жер сауда-саттықтарын (аукциондарын) өткізуді ұйымдастыру;

      9) жерлерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты қалалық жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;

      10) Павлодар қаласы жерлерінің балансын жасау;

      11) жер телімдерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерінің есебін жүргізу;

      12) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің паспорттарын беру;

      13) жер телімін сатып алу-сату келісім шарттары мен жалға беру және уақытша өтеусіз жер пайдалану келісім шарттарын жасасу және жасалған келісім шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      14) Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 71-бабына сәйкес іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер телімдерін пайдалануға Павлодар қаласы жергілікті атқарушы органының рұқсат беруі жөнінде ұсыныстарды дайындау;

      15) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру бойынша ұсыныстарды дайындау;

      16) пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзумен пайдаланылатын жерлерді анықтау;

      17) жерлерді резервке қою бойынша ұсыныстарды дайындау;

      18) жер-кадастр жоспарын бекіту;

      19) өз құзыреті шегінде, мемлекеттік қызмет көрсету қызметін үйлестіруді және бақылауды қамтамасыз ету;

      20) қолданыстағы заңнамаға сәйкес, меншікке және жер пайдалануға жер телімдерін сату жөнінде сауда-саттықтарды ұйымдастыру , жер телімдерін жалдау келісім шартын жасау құқығын және сауда-саттықтардың қатысушылары мен жеңімпаздарымен есеп айырысуды жүзеге асыру;

      21) өз құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      18. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ басшылықты "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      19. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ бірінші басшысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      20. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ бірінші басшысының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      21. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ сектор меңгерушілерін, мамандарын, қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ қызметкерлерін көтермелеуді, оларға материалдық көмек көрсетуді, тәртіптік жазалар қолдануды жүзеге асырады;

      3) бұйрықтар шығарады және "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ барлық қызметкерлерінің міндетті орындауы үшін өзінің құзырына жататын мәселелер бойынша нұсқаулар береді;

      4) "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ секторлары туралы Ережені, қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ мүддесін білдіреді;

      6) "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ құрылымын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      7) "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ перспективтік және ағымдағы жұмыс жоспарларын бекітеді.

      "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ бірінші басшысы болмаған кезенде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.

      23. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ алқалы органдары жоқ.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      24. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      25. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      26. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      27. "Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімі" ММ қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады