"Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Аққулы ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 11 тамыздағы № 1-03/192 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабы 8) тармақшасына, 124-бабына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы "Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы үлгі ережені бекіту туралы" № 294 бұйрығына сәйкес, Аққулы ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. "Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:

      осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жолдансын;

      осы қаулыны Аққулы ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылсын;

      осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шаралар қолдансын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Аққулы ауданы әкімінің аппарат басшысы Т.Т. Кобайдаровқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аққулы ауданының әкімі А. Балгабаев

  Аққулы ауданы әкімдігінің
2022 жылғы "11" тамыздағы
№ 1-03/192 қаулысымен
бекітілген

"Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - әкімнің аппараты), Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округ әкімінің (бұдан әрі - әкім) қызметін қамтамасыз ететін және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.

      2. Әкімнің аппаратында ведомстволары жоқ.

      3. Әкімнің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Еңбек және Бюджет Кодекстеріне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, сондай-ақ осы әкімнің аппараты туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Әкімнің аппараты ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Әкімнің аппараты өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      6. Әкімнің аппараты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Әкімнің аппараты туралы ережені, оның құрылымын Аққулы ауданының әкімдігі бекітеді.

      8. Заңды тұлғаның толық атауы: мемлекеттік тілде - "Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі, орыс тілінде - государственное учреждение "Аппарат акима Ямышевского сельского округа района Аққулы".

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, 140710, Аққулы ауданы, Ямышев ауылы, Мира көшесі, 1 ғимарат.

      10. Әкім аппаратының жұмыс тәртібі: жұмыс күндері: дүйсенбі - жұма күндері сағат 9.00-ден сағат 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі - жексенбі.

      11. Мемлекет Аққулы ауданының әкімдігі тұлғасында әкім аппаратының құрылтайшысы болып табылады.

      12. Осы Ереже әкім аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      13. Әкімнің аппаратын Аққулы ауданының әкімдігі құрады, қысқартады және қайта ұйымдастырады.

      14. Әкімнің аппараты жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме болып табылады.

      15. Әкімнің аппаратына әкім аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсiпкерлiк субъектiлерімен шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

2-тарау. Әкім аппаратының мақсаты, қызметінің нысанасы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      16. Әкім аппаратының мақсаты ауылдық округ әкімінің ведомстволық қарамағындағы аумақта мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ету болып табылады.

      17. Әкім аппараты қызметінің нысанасы - ведомстволық қарамағындағы аумақта мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      18. Міндеттер:

      Әкімнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу.

      19. Функциялар:

      1) Әкімнің аппараты өз құзыреті шегінде:

      жергілікті қоғамдастық жиынын, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының, жергілікті қоғамдастық жиынының және жиналысының шақырылу уақытын, орнын және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді;

      жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған және Ямышев ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      Ямышев ауылдық округінің бюджетін жоспарлауды және атқаруды қамтамасыз етеді;

      жергілікті қоғамдастықтың жиналысына және Аққулы аудандық мәслихатына Ямышев ауылдық округі бюджетінің атқарылуы туралы есепті ұсынады;

      Ямышев ауылдық округінің бюджетін іске асыру туралы шешім қабылдайды;

      жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиналысының бекітуіне ұсынады;

      Ямышев ауылдық округінің коммуналдық мүлкіне жататын объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырыс беруші болады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіреді, Ямышев ауылдық округінің меншік (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) құқығын қорғауды жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді сенімгерлік басқарушының орындауын бақылауды жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін есепке алуды ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      2) Әкімнің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша:

      өз құзыреті шегінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      егер "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      шешім қабылдайды және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғасына берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде өзі сатып алған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай пайдаланылмайтын мүлкін алып қоюды жүзеге асырады;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз не кейіннен сатып алу құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;

      Аққулы ауданы әкімімен келісу бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларын құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешім қабылдайды;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік заңды тұлғаларының жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін пайдалану, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп береді;

      жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды.

      20. Әкімнің аппараты өз құзыреті шегінде:

      мемлекеттiк органдар мен басқа ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрауға және алуға;

      мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтарды алуға және жүзеге асыруға;

      мемлекеттік басқару органдарының, мұрағаттардың, ғылыми мекемелердің ақпараттық деректер базаларын пайдалануға;

      шарттар, келісімдер жасасуға.

      21. Әкімнің аппараты өз құзыреті шегіндегі міндеттері:

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету;

      Қазақстан Республикасы Президентiнің, Yкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс, аудан әкімінің және әкімдігінің, ауылдық округ әкімінің актілерi мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау.

3-тарау. Әкімі аппаратының қызметін ұйымдастыру

      22. Әкімнің аппаратын әкім басқарады.

      23. Әкімнің өкілеттіктері:

      1) әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;

      2) азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;

      3) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;

      4) азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актілерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;

      5) өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады;

      6) Ямышев ауылдық округінiң коммуналдық тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ ауылдық округтің, ауылдың автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;

      7) шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;

      8) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді;

      9) өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері жөніндегі, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      10) "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен нотариаттық іс-әрекеттер жасауды ұйымдастырады;

      11) тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      12) табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады, оларға қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

      13) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі, сондай-ақ "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оларға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетеді;

      14) мүгедектерге көмек көрсетуді ұйымдастырады;

      15) қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырады;

      16) дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзудi ұйымдастырады;

      17) мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп, мәдени-бұқаралық және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;

      18) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмек көрсетуді үйлестiредi;

      19) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

      20) ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етуіне жәрдем көрсетеді;

      21) "Алтын алқа" алқасымен наградталған аналарға үй бөлуге жәрдемдеседі;

      22) жазалаудың осы түріне сотталған адамдардың қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастырады;

      23) жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;

      24) қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;

      25) шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады;

      26) облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымға ветеринария саласындағы функцияларды ауылдық округ аумағында орындаған кезде жәрдем көрсетеді;

      27) қажет болған жағдайда жатқан науқасты денсаулық сақтау ұйымының стационарынан тұрғылықты жеріне дейін тасымалдауды ұйымдастырады;

      28) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;

      29) жергілікті бюджетті бекіту (нақтылау) кезінде Аққулы аудандық мәслихат сессия жұмысына қатысады;

      30) өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;

      31) елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;

      32) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;

      33) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізеді;

      34) қоғамдық медиаторлардың тізілімін жүргізеді;

      35) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалатын орындарда спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

      36) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың жұмыспен қамтылуына, оның ішінде:

      қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындары мен мекемелері өндіретін тауарларға, орындайтын жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге тапсырыстарды орналастыру;

      қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында сотталғандардың еңбегін пайдаланатын өндірістер ашу, оларды кеңейту және жаңғырту үшін кәсіпкерлік субъектілерін тарту арқылы жәрдемдеседі;

      37) аудан орталығымен көлік қатынасын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды аудандық атқарушы органға енгізеді;

      38) басқаруына берілген аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалға (жалдауға) береді;

      39) берілген коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

      40) берілген аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;

      41) бюджет қаражаттарын үнемдеудің және (немесе) Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдердің есебінен еңбек шарты бойынша қызметкерлер қабылдайды;

      42) мемлекеттік мекемелердің өздерінің иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді;

      43) ауылдық округтiң тұрғын үй қорын түгендеуді жүргізеді;

      44) Аққулы ауданы әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша ауылдық округтiң авариялық тұрғын үйлерін бұзуды ұйымдастырады;

      45) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары аясында ауыл халқына шағын несие беруге жәрдем көрсетеді;

      46) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізеді;

      47) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастырады;

      48) шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығын қамтамасыз етеді;

      49) жергілікті қоғамдастықтың жиынында немесе жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қабылданған шешімдерді қарайды, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;

      50) Қазақстан Республикасы Жер Кодексімен көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға береді;

      51) қауымдық сервитуттар белгілейді;

      52) жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою мәселелерi жөнiнде аудандық әкiмдiкке ұсыныстар енгізеді;

      53) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етеді және жергілікті өзін-өзі басқару органына (жергілікті қоғамдастық жиынына) оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;

      54) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы жыл сайынғы есептерді тиісті аумақтарда таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

      55) жайылым пайдаланушылар арасында жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      56) жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларының сақталуын жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп қамтамасыз етеді;

      57) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды өздерінің интернет-ресурстарына орналастырады;

      58) облыстың жергілікті атқарушы органына тапталған және тозған жайылымдар туралы ақпарат береді;

      59) ауылдық округ жерлерінде мал жаятын орындарды айқындайды;

      60) ауылдық округ аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдайды;

      61) ауылдық округ аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;

      62) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етеді;

      63) пошта операторларына өздерінің аумақтарына өндірістік объектілерді орналастыруында жәрдем көрсетеді;

      64) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында пошта байланысының тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдеседі;

      65) ауылдық округте жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;

      66) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсетеді, ауылдық округ аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысады;

      67) әскери міндеттілерді броньдау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;

      68) ауылдық округ шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етеді;

      69) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында ауылдық округ шегінде шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пунктеріне немесе әскери бөлімдерге және арнаулы мемлекеттік органдарға техника беруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      70) жұмылдыру жарияланған кезде іс-қимыл тәртібі туралы халық топтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      71) аудандық өкілді және атқарушы органдарға осы елдi мекендердi ауылдар санаттарына жатқызу туралы, оларды тарату және қайта құру туралы ұсыныстар енгiзедi;

      72) тиiстi елдi мекен халқының пiкiрiн ескере отырып, аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға ауылдық округқа, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;

      73) аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға ауылдардың, ауылдық округтiң, шекараларын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;

      74) тиiстi ауылдық округтің аумағындағы халқының пiкiрiн ескере отырып, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде осы елдi мекендердің құрамдас бөлiктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді;

      75) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      76) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді;

      77) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда хабардар болуын қамтамасыз етеді;

      78) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін қарайды;

      79) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;

      80) мемлекеттік қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

      81) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру және автоматтандыру жөнінде шаралар қолданады;

      82) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпараттың, сондай-ақ "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;

      83) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпаратты "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;

      84) көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді сақтауын қамтамасыз етеді;

      85) әкімнің аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қабылдау үшін дербес жауапкершілікте болады;

      86) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және ауылдық округтің аумағында жасалған бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар қолдануға құқылы;

      87) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес барлық мемлекеттік органдарда, сотта және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда әкім аппаратының атынан өкілдік етеді және әкім аппаратының қызметкерлеріне меншік нысанына қарамастан барлық мемлкеттік органдарда, сотта және өзге де ұйымдарда әкім аппаратының мүддесін білдіру құқығына сенімхат береді.

      24. Әкім Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әкімнің аппараты қызметкерлерін қызметке тағайындалады және қызметтен босатады.

      25. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен әкімнің аппараты қызметкерлерін көтермелеуді, материалдық көмек көрсетуді, оларға тәртіптік жазалар қолдануды жүзеге асырады.

      26. Әкімнің орынбасарлары жоқ.

      Әкiмнiң өкiлеттiгiн ол болмаған кезеңде орындауды Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасында және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      27. Әкім аппараты қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер этикасының нормаларын сақтауын әкім қамтамасыз етеді.

      28. Әкімнің аппараты мен коммуналдық мүлікті басқару уәкілетті органы (ауданның жергілікті атқарушы органы) арасындағы өзара қарым-қатынас "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

      29. Әкімнің аппараты мен тиісті саланың уәкілетті органы (ауданның жергілікті атқарушы органы) арасындағы өзара қарым-қатынас "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарымен реттеледі.

      30. Әкім аппаратының әкімшілігі мен еңбек ұжымы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен және ұжымдық келісім-шартына сәйкес белгіленеді.

4-тарау. Әкімі аппаратының мүлкі

      31. "Мемлекеттiк мүлiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда әкім аппаратының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.

      Әкім аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      32. Әкімнің аппаратына бекітіліп берілген мүлік "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ямышев ауылдық округінің (жергілікті өзін-өзі басқарудың) коммуналдық меншігіне жатады.

      33. Егер "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, әкімнің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруы немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуі мүмкін.

5-тарау. Әкімнің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату

      34. Әкімнің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

      35. Әкімнің аппараты таратылған (қысқартылған) кезде несиегерлердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлік аудандық коммуналдық меншігінде қалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады