"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 7) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тіліндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне қосу үшiн жолдауды;
3) осы қаулыны ресми жариялағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі | Қ. Ақсақалов |
Солтүстiк Қазақстан облысы | |
әкiмдiгiнiң | |
2022 жылғы "23" қарашадағы | |
№ 265 қаулысына қосымша |
"Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы" (бұдан әрі – Басқарма) коммуналдық мемлекеттiк мекемесi Солтүстiк Қазақстан облысының аумағындағы объектiлер құрылысының сапасын мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқармаға "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.
9. Басқарманың орналасқан жерi: 150000, Қазақстан Республикасы Солтүстiк Қазақстан облысы Петропавл қаласы Парк көшесi, 57 В.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстық (жергілікті) бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлермен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2 -тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері
13. Міндеттері:
Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру;
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында лицензиялауды, аттестаттауды және аккредиттеуді жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;
техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардан сол құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын танысу үшін сұрату және алу;
салынып жатқан объектілер конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жобаның талаптарына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкестігіне зертханалық сынақ жүргізу үшін тәуелсіз зертханаларды тарту;
орталық мемлекеттік органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерінен мемлекеттік қызметтер көрсетуге қажетті ақпаратты алу;
мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратумен, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұратумен жүгіну;
өз құзыреті шегінде басқа тұлғалардың немесе қандай да бір тұлғалардың бұзылған немесе даулы заңды мүдделерін қорғау туралы талаппен сотқа жүгіну;
әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұрату және алу;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тарту;
Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу анықталған жағдайда, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты, сондай-ақ өз бетінше салынған құрылыстарды мәжбүрлеп бұзу туралы талаппен сотқа жүгіну;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектісі тексеріс жүргізу барысында анықталған және ұйғарымда жоюға шығарылған бұзушылықтарды жоюдан жалтарған жағдайда, сот органдарына ұйғарымды орындауға мәжбүрлеу туралы талаппен жүгіну;
2) міндеттері:
салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан және пайдалануға берілген объектілердің мониторингі;
жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған жеке, заңды тұлғаларға және лауазымды адамдарға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қабылдау;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;
"Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру;
қызметтің ашықтығы, оның ішінде "Ашық деректер", "Ашық бюджет", "Ашық нормативтік құқықтық актілер", "Ашық диалог" порталдарын толықтыру және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру, профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының бұзылғаны анықталған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау және қарау.
15. Функциялары:
салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізу;
объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзғандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;
бұзушыларға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген заңнама нормалары, мемлекеттік нормативтік талаптар, шарттар мен шектеулер бойынша жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты көзделген заңнамалық шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
сарапшыларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына аттестаттау;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;
салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан және пайдалануға берілген объектілердің мониторингі;
жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды тұлғаларға және лауазымды адамдарға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қабылдау;
техникалық және авторлық қадағалау қызметін бақылауды жүзеге асыру;
объектiлерді салу кезiнде тапсырыс берушiнiң (меншiк иесiнiң) техникалық және авторлық қадағалауды ұйымдастыруын және жүзеге асыруын бақылау;
мыналарды бақылау және қадағалауды жүзеге асыру:
1) жер учаскесіне тиісті құқықтың, бекiтiлген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының, жобалар сараптамасының оң қорытындысының бар-жоғын, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының жүргізіле бастағаны туралы хабарлауды;
2) хабарламада көрсетілген деректердің анықтығын;
3) лицензияланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыру құқығына лицензияның бар-жоғын;
4) орындалған (орындалып жатқан) құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдарының, конструкцияларының және жабдықтардың бекiтiлген жобалық шешiмдерге және мемлекеттiк (мемлекетаралық) нормативтерге, оның iшiнде тiреу және қоршау конструкцияларының берiктiгін, орнықтылығын, сенiмдiлiгiн және ғимараттардың (құрылыстардың) пайдаланылу сапасын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтерге сәйкестiгiн;
5) мердiгердiң (бас мердiгердiң) құрылыс сапасын өзiндiк өндiрiстiк бақылаудың және қадағалаудың барлық түрлерi мен нысандарын (кiру, операциялық, қабылдау, зертханалық, геодезиялық және басқа да) ұйымдастыруы мен жүзеге асыруын;
6) атқарушылық құжаттаманың уақытылы және дұрыс ресiмделуiн;
7) объектiлерді салу кезiнде тапсырыс берушiнiң (меншiк иесiнiң) техникалық және авторлық қадағалауды ұйымдастыруы мен жүзеге асыруын;
8) техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын;
мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда, шешім қабылдау (ұйғарым беру):
1) ұлттық стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкциялары мен жабдықтарын қолдануға тыйым салу туралы;
2) жол берілген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердігерлік құрылыс-монтаж ұйымының (кәсіпорнының) белгіленген мерзімде жоюы туралы;
3) құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы;
тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтау және қайта жоспарлау анықталған кезде шешім қабылдау (ұйғарым беру):
1) тапсырыс берушінің жол берілген бұзушылықтарды белгіленген мерзімдерде жоюы туралы;
2) құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы;
құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;
объектінің техникалық сипаттамаларын қоса, объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін, сәйкестік туралы декларацияны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарды сақтауы тұрғысынан салыстыру;
өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін белгілеу;
рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру;
рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
рұқсат беру рәсімдерін және лицензиялауды рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде жүзеге асыру;
мемлекеттік органдарға өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бөлігінде рұқсат беруді келісу туралы сұрату жіберу;
хабарлама жасау тәртібін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде жүзеге асыру;
өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды сақтауын тексеру;
әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыру;
өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерін, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісі субъектілерін тексеруді жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік орган, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы қолданыстағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
қолданыстағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені және қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
Басқарманың атынан сенiмхатсыз әрекет етедi және барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда оның мүддесiн бiлдiредi;
бiрiншi қол қою құқығына ие;
мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекiтедi;
Басқарманың қызметкерлеріне сенімхаттар береді;
өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Басқарманың қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
белгiленген тәртiппен енгiзiлген өзгерiстердi ескере отырып, бекiтiлген қаржыландыру жоспарына сәйкес бюджет қаражатын нысаналы пайдалану жөнiндегi ашық лимиттерге сәйкес олардың дұрыс және тиiмдi жұмсалуын бақылауды жүзеге асырады;
заңнамада белгiненген тәртiппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртiптiк жаза қолдану мәселелерiн шешедi;
көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапалы ұсынылуын бақылауды жүзеге асырады;
Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерiнiң мемлекеттiк кепiлдiктерi туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етедi;
Басқарма қызметкерлерiнiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауына дербес жауап береді;
әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолданады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Басқарманың өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.