Атырау облысы әкімиятының 2008 жылғы 10 сәуірдегі № 85 "Атырау облысы Білім беру басқармасының мәселелері" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 4 ақпандағы № 12 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27, 37-баптарына және Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 65-бабына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Атырау облысы әкімиятының 2008 жылғы 10 сәуірдегі № 85 "Атырау облысы Білім беру басқармасының мәселелері" қаулысына (Атырау облысы әкімдігінің 2009 жылғы 22 желтоқсандағы № 322, 2010 жылғы 26 қазандағы № 269, 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 374, 2013 жылғы 4 қаңтардағы № 2, 2013 жылғы 31 мамырдағы № 198, 2014 жылғы 12 наурыздағы № 57, 2016 жылғы 27 желтоқсандағы № 303, 2018 жылғы 31 шілдедегі № 178, 2019 жылғы 21 мамырдағы № 103, 2020 жылғы 22 маусымдағы № 125, 2021 жылғы 23 ақпандағы № 53 қаулыларымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Атырау облысы Білім беру басқармасы туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Атырау облысы Білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.К. Айдарбековке жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі М. Досмұхамбетов

  Атырау облысы әкімдігінің
2022 жылғы "4" ақпан № 12
қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімиятының
2008 жылғы "10" сәуірдегі № 85
қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Атырау облысы Білім беру басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) Атырау облысы бойынша білім беру саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Басқарманың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiптiк шыңдауға бағытталған сапалы бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау;

      жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, даралықты дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ой-өрiсiн байыту;

      азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздер мен мемлекеттiк тiлдi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;

      белсендi азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;

      отандық және әлемдiк мәдениеттiң жетiстiктерiне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу; мемлекеттiк тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгерту;

      педагог қызметкерлердiң әлеуметтiк мәртебесiн арттыруды қамтамасыз ету;

      оқытудың жаңа технологияларын, оның iшiнде кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгерiп отыратын қажеттерiне тез бейiмделуiне ықпал ететiн кредиттiк, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгiзу және тиiмдi пайдалану;

      жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттерi арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететiн және әркiмге өзiнiң бiлiм мен бiлiктiлiкке негiзделген жеке әлеуетiн қоғамда барынша пайдалануға көмектесетiн оқыту жүйесiн өмiр бойы дамыту;

      бiлiмнiң, ғылымның және өндiрiстiң интеграциясы;

      бiлiм алушылардың кәсiптiк ұмтылысын қамтамасыз ету;

      жұмыс берушiлермен және басқа да әлеуметтiк әрiптестермен белсендi өзара iс-қимыл арқылы техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi озық қарқынмен дамытуды қамтамасыз ету;

      мүмкiндiгi шектеулi балалардың сапалы бiлiм алуына арнайы жағдайлар жасау.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық актілер қабылдауға;

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Басқармаға жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға келіп түскен шағымдар мен өтініштерді қарау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) кешкі (ауысымды) оқу нысанын қоса алғанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беруді және интернат үлгісіндегі ұйымдар арқылы ұсынылатын жалпы орта білім беруді қамтамасыз етеді;

      3) тірек мектептердің (ресурс орталықтарының) жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді қамтамасыз етеді;

      5) ерекше білім беруді қажет ететін адамдарды (балаларды) оқытуды, олардың білім беру ұйымдарында білім алуы үшін арнаулы жағдайлар жасауды, әмбебап дизайн және (немесе) ақылға қонымды ыңғайлылық қағидаттарын ескере отырып, мемлекеттік құрылыс нормалары мен стандарттарына сәйкес білім беру ұйымдарының ғимараттарына, құрылысжайлары мен үй-жайларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      6) мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балаларды оқытуды қамтамасыз етеді;

      7) мектепке дейінгі жастағы және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, орта білім алғанға дейін оларды оқытуды ұйымдастырады;

      8) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыруды қамтамасыз етеді;

      9) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді және негізгі орта, жалпы білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын солармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныс енгізеді;

      11) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекiтуді ұйымдастырады;

      12) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекiтуді ұйымдастырады;

      13) өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және мүдделі ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады;

      14) мемлекеттік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын бекiтуді ұйымдастырады;

      15) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекiтуді ұйымдастырады;

      16) тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерде бекітілген бюджет қаражатының көлемдері шегінде балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын бекiтуді ұйымдастырады;

      17) білім алушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуын ұйымдастырады;

      18) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      19) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қолдау көрсетеді және жәрдемдеседі;

      20) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) ауқымдардағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде екі пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;

      21) мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін жыл сайын 1 тамызға дейін қағаз және электрондық жеткізгіштерде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз етеді;

      22) жыл сайын 1 тамызға дейін аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан, мектепалды даярлықтың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, орта білім беру ұйымдарына оқу жылына білім беру органдары болжайтын көлемде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады;

      23) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) ауқымдарда жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп олимпиадаларын және ғылыми жобалар конкурстарын, облыстық ауқымда орындаушылар конкурстары мен кәсіби шеберлік конкурстарын, аудандық (қалалық) ауқымдағы конкурстар ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;

      24) мектепке дейінгі ұйымдарды және интернаттық ұйымдарға жатпайтын орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының, оның ішінде аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады;

      25) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтамасыз етеді, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, қалалардағы аудандарда, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады;

      26) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейлерде жүзеге асырылатын балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз етеді;

      27) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрларын қайта даярлауды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      28) балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын зерттеп-қарауды және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      29) дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етеді;

      30) жетім балаларды, ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      31) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына, оның ішінде аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына және отбасыларға қажетті әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

      32) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады;

      33) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі;

      34) берілген өтінімдерге сәйкес кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, ауылдық жердің кадрлар қажетсінуі туралы өтінімді білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға жыл сайын 15-ші сәуірге дейін ұсынады;

      35) мәслихатқа білім алушылардың қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі туралы ұсыныстар енгізеді;

      36) білім беру мониторингін жүзеге асырады;

      37) жыл сайын белгіленген мерзімдерде білім саласындағы уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде статистикалық байқаулар деректерін жинауды қамтамасыз етеді;

      38) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының және өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      39) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарында ұсталатын адамдарға жағдай жасайды;

      40) қамқоршылық кеңестерге жәрдем көрсетеді;

      41) мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      42) конкурс жеңімпаздарына – мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына "Орта білім беретін үздік ұйым" грантын төлейді;

      43) негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында, мамандырылған және арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді;

      44) әдістемелік кабинеттердің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етеді;

      45) орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;

      46) білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      47) дуальды оқыту бойынша білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      48) конкурс жеңімпаздарына – мемлекеттік техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына "Техникалық және кәсіптік, орта бiлiмнен кейінгі білім беретін үздiк ұйым" грантын төлейді;

      49) білім беру ұйымдарында, оның ішінде аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан білім беру ұйымдарында психологиялық қызметке әдістемелік басшылықты қамтамасыз етеді;

      50) тиісті кентте, ауылда, ауылдық округте мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды жақын жердегі мектепке дейін тегін алып баруды және одан алып қайтуды ұйымдастырады;

      51) мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізеді;

      52) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      9) Заңнамаға сәйкес Басқарма мемлекеттік басқару органы болып табылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Басшы өз орынбасарларының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Басқарманың мүлкі

      20. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады