"Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2022 жылғы 21 қарашадағы № 234 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27 бабы 2 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Ш. Жетпісбайға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Сатыбалды
      А.Ш.Жетпісбай
      Ә.Е.Тұрғымбеков
      С.А. Қалқаманов
      А.С.Сабитов
      Қ.Ә.Қайыпбек
      А.Б.Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2022 жылғы 21 қарашадағы
№ 234 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
(бұдан әрі - Ереже)

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) энергетика, энергия үнемдеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық – құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа Қала шағын ауданы, 32 көшесі ғимарат №20, пошталық индексі 161200.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) Түркістан облысы аумағында энергетика, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, санитарлық тазалық салаларын мемлекеттік реттеу мен басқару саласындағы мемлекеттік саясатты Түркістан облысының аумағында іске асыру;

      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      3) өз құзыреті шегінде стратегиялық дамудың ағымдағы және перспективалық міндеттерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде облыс әкіміне әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары, аймақтың басымдықтары мен даму стратегиясы бойынша ұсыныстар енгізу;

      Басқармаға функциялары мен негізігі міндеттерін орындау мақсатында өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, кәсіпорындармен қажетті мәліметтерді алу бойынша қарым-қатынаста болады;

      өз құзыретіндегі мәселелер бойынша келісімдерге, өзге де құқықтық актілерге қол қою;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сот органдарына жауапкер немесе талапкер болады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды атқарады.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген басқа да міндеттерді атқарады.

      16. Функциялары:

      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында келісім жасасады, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ақпараттық қызметті жүзеге асырады;

      2) елді мекендер үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

      3) аттракциондардың, балалардың ойын алаңдарына арналған жабдықтың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      4) жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне материалдарды әзірлеу және дайындау;

      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегі уәкiлеттi орган бекiтетiн қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары негізінде әзірленген қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне материалдарды әзірлеу және дайындау;

      6) жасыл екпелердi күтiп-баптау мен қорғау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне материалдарды әзірлеу және дайындау;

      7) есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      8) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасының (жобасының) орындалуы туралы ақпаратқа талдау жүргізеді;

      9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газы айналымына бақылауды жүзеге асырады;

      10) облыстың аумағына сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастырады және уәкілетті органға жібереді;

      11) сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру бойынша комиссия құру үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      12) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысады;

      13) уәкілетті органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;

      14) уәкілетті органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;

      15) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      16) тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай – күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;

      17) ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды жергілікті жүйелерінің тізбесін бекіту үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар әзірлейді және ұсынады;

      18) тиісінше уәкілетті орган немесе облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекіткен тізбелер бойынша ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінен халыққа берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар әзірлеу және енгізу;

      19) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінен ауыз су беру бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды іске асырады;

      20) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органға ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесін, оның ішінде оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде бекіту туралы ақпарат береді;

      21) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;

      22) профилактикалық дезинсекция мен дератизацияның (инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) тиімділігін бағалай отырып, оларды ұйымдастырады және жүргізеді;

      23) тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларын пайдалануын және олардың техникалық жай – күйіне бақылауды жүзеге асырады;

      24) қазандықтар, жылу желілері бойынша жөндеу – қалпына келтіру жұмыстарына дайындалу мен жүзеге асыруды және олардың күзгі – қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыру;

      25) қазандықтар мен жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) жоспарлы жөндеуді келіседі;

      26) коммуналдық – тұрмыстық мақсаттағы объектілерде (тұрғын үй қоры, ойын – сауық, сауда және қонақүй кешендері) құрастырылған қауіпті техникалық құрылғыларды (лифттер, эскалаторлар, фуникулерлер) пайдаланатын ұйымдармен кондоминиум объектілерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді;

      27) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау, техникалық – экономикалық негіздемені, жобалау –сметалық құжаттаманы әзірлеу және пайдалануға берілген объектілерді (кешендерді) қабылдау мен тіркеуді ұйымдастыру;

      28) халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысы болғанда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен суды пайдалануды тіркеуді;

      29) халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен жабдықтау кезінде жер үсті және жер асты су объектілерінен суды алу қағидасының жобасын әзірлеу және облыстық мәслихатқа бекіту үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      30) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен әкімдігінің, жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Басқарма қызметкерлерін, сондай ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқарма қарамағындағы ұйымдардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;

      5) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарма мүддесін ұсынады;

      7) келісім-шарттар жасасады;

      8) сенімхаттар береді;

      9) өз уәкілеттігі шегінде барлық Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді және тәртіптік жаза қолданыла алады;

      11) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты;

      12) Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігі мен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік республикалық/коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) "Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Оңтүстік Энергосервис" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады