"Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 25 сәуірдегі № 95 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7) тармақшасына, 164-бабына, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 16 маусымдағы № 156 қаулысының күші жойылсын.

      3. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін электрондық түрдегі Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Е.А. Нұрбаевқа жүктелсін.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2022 жылғы 25 сәуірдегі
№ 95 қаулысымен
бекітілген

"Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже 1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарманың егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 070004, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Басқарманың міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) орман және аңшылық ресурстарын, су объектілерін мемлекеттік реттеу және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету;

      2) орман, су және аңшылық шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      3) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өсімдіктер, жануарлар дүниесінің, типтік, бірегей және сирек кездесетін ландшафттарының биологиялық саналуандығын сақтау болып табылады.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      басымдықтарды, тұжырымдамаларды, нормативтік материалдарды, нысаналы бағдарламаларды, талдамалық шолулар мен болжамдарды әзірлеуге қатысу үшін қажет болған жағдайларда ғылыми қызметкерлер мен мамандарды тарту;

      облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлік құрамындағы акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену мен пайдалану құқығын жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес функцияларды жүзеге асырады.

      14. Функциялар:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастырады және жүргізеді;

      3) өз құзыреті шегінде 2-санаттағы объектілер үшін әсер етуге экологиялық рұқсаттар береді;

      4) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияларды қабылдайды және қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді;

      5) экологиялық рұқсаттар мен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың тізілімін жүргізеді;

      6) қоғамдық тыңдауларды ұйымдастырады және өткізеді;

      7) Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын үш жылдық перспективаға әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі;

      8) тиісті жергілікті өкілді органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есеп жыл сайын, есепті кезең аяқталғаннан кейін 1 ақпаннан кешіктірмей ұсынады;

      9) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін қоршаған ортаның жай-күйі және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық және Интерактивті баяндамаларын әзірлеу қағидаларына сәйкес Ұлттық баяндаманы жасау үшін ақпарат береді;

      10) әрбір бес жылдық кезеңге арналған сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі;

      11) халқы он мың адамнан асатын елді мекендерде атмосфералық ауаға ластағыш заттар шығарындыларының стационарлық көздерін түгендеуді қамтамасыз етеді;

      12) халқы он мың адамнан асатын елді мекендерде атмосфералық ауа ластануының жиынтық есеп-қисаптарын жүргізуді және олардың негізінде елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томын жасауды қамтамасыз етеді;

      13) климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жүргізеді;

      14) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша экологиялық залалды жою жөніндегі қажетті іс-шараларды жүргізеді;

      15) қоршаған орта сапасының бекітілген нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, жергілікті деңгейде мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;

      16) жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысу құқығының сақталуын қамтамасыз етеді;

      17) жыл сайын 1 мамырға дейін ресми интернет-ресурста өткен жылғы:

      қоршаған орта сапасының бекітілген нысаналы көрсеткіштері және барлық тиісті индикатордың нақты нәтижелері туралы;

      мемлекеттік экологиялық саясаттың жергілікті деңгейде іске асырылу барысы туралы;

      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы және жергілікті бюджеттің осындай іс-шараларға арналған шығыстары туралы;

      қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін жергілікті бюджетке түскен төлемнің жалпы сомасы туралы ақпаратты орналастырады;

      18) өз аумағында иесіз қалдықтардың анықталуын қамтамасыз етеді және осындай қалдықтардың бар екендігі туралы хабар алынған кезден бастап алты ай ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге және осындай қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті;

      19) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен иесіз қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес сот шешімімен мемлекеттік меншікке түсті деп танылған иесіз қалдықтарды басқаруды жүзеге асырады;

      20) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру және оны іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады;

      21) ормандарды күзетуді, қорғауды, молықтыру мен орман өсіруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, облыстың жергілікті атқарушы органының функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейді;

      22) мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің профилактикасы және оларға қарсы күрес жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспарларын әзірлейді, бекітеді және олардың орындалуын іске асырады;

      23) орман өрттерін сөндіруге арналған ұйымдардың ерікті өртке қарсы құралымдарының және басқа да құралдарының жұмыс істеуіне, осы жұмысқа тартылатын жеке тұлғаларды жүріп-тұру, өрт сөндіру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсетеді;

      24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өртке қарсы ерікті құралымдардың жұмыс істеуіне жәрдем көрсетеді;

      25) орманда өрт қаупі бар маусымға мемлекеттік орман қоры аумағында өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай материалдарының резервін құрады;

      26) шаруа және фермер қожалықтарының және өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына іргелес аумақтарда ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдар мен шабындықтарда сабанды, аң және өзге де өсімдік қалдықтарын жағуды, шөптесін өсімдіктерді күйдіруді жүргізуіне бақылауды қамтамасыз етеді;

      27) өртке қарсы насихатты ұйымдастырады, ормандарды сақтау, ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының орындалуы туралы мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жариялап отырады;

      28) қажет болған жағдайларда осы мақсат үшін арнайы комиссиялар құру жөнінде ұсыныстар енгізе отырып, облыс аумағында орман өрттерімен күрес жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      29) орман қоры аумағында орманның зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес және оның санитариялық жай-күйін жақсарту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      30) жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салу жөнінде, орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық іс-шаралар жүргізу кезінде, сондай-ақ орманда өрт қаупі жоғары кезеңдерде орман пайдалану құқығын шектеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      31) облыстың жергілікті атқарушы органдарының функционалдық қарауындағы орман қорын мемлекеттік есепке алу, мемлекеттік орман кадастры, ормандардың мемлекеттік мониторингі бойынша материалдарды оларды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ұсыну үшін дайындайды;

      32) облыстың жергілікті атқарушы органының функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде аяқталған объектілерді және орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізу нәтижесінде өндірілген дайын өнімді қабылдайды;

      33) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерінің жобаларын (түбірімен босатылатын сүрек үшін мөлшерлемелерді қоспағанда) әзірлейді;

      34) облыстың жергілікті атқарушы органының функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның және облыстың жергілікті өкілді органының қатысуымен орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер ұйымдастырады және өткізеді;

      35) жергілікті атқарушы органға орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген облыстың жергілікті атқарушы органының қарамағындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілері үшін учаскелер беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      36) өздерінің ведомстволық бағынысындағы орман мекемесінің рәміздерін (эмблемасы мен туын) бекітеді;

      37) жергілікті атқарушы органға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен басқа санаттағы жерді орман қорының жеріне ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      38) жергілікті атқарушы органға орман қоры жерлерінің санатынан орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру жөнінде арнайы комиссия құру туралы ұсыныстар енгізеді;

      39) орман қорының жерін ауыстыруға қатысты жобалар бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады;

      40) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      41) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ведомстволық ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асырады;

      42) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тiзбесiн бекiту бойынша ұсыныстар енгізеді;

      43) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) олардың учаскелерін кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына және (немесе) учаскелерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындары және (немесе) учаскелер бойынша жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекіту бойынша ұсыныстар енгізеді;

      44) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру мен аңшылық шаруашылығын қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде ұсыныстар енгізеді;

      45) кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      46) жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      47) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізеді;

      48) жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру, сондай-ақ жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;

      49) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      50) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      51) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізеді;

      52) рекреациялық балық аулау аймағын белгілеу бойынша ұсыныстар енгізеді;

      53) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілеу, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашу және жабу бойынша ұсыныстар енгізеді;

      54) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат береді;

      55) облыс аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз етеді;

      56) резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың қырылу қаупі туындаған жағдайларда уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің шешімі негізінде мелиорациялық балық аулауды ұйымдастырады;

      57) инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтейді;

      58) акваөсіру (балық өсіру) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялар береді;

      59) коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      60) мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын есепке алуды жүргізеді, иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізеді;

      61) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      62) су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша ауыз сумен жабдықтау көздерінің су қорғау аймақтарын, белдеулері мен санитариялық қорғау аймақтарын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      63) су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен келісім бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылықта пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      64) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен конкурстық негізде, су объектілерін оқшау немесе бірлесіп пайдалануға беру жөнінде ұсыныстар енгізеді және конкурстық комиссия құрады;

      65) бассейндік кеңестердің жұмысына және бассейндік келісімге қатысады, бассейндік кеңестердің қарауына су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөнінде ұсыныстар енгізеді, бассейндік кеңестердің ұсынымдарын зерделейді, бассейндік кеңестерді іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды;

      66) облыс аумағында су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешеді;

      67) облыс аумағындағы су объектілерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады;

      68) жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын әзірлейді;

      69) елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

      70) уәкілетті органға республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілер жүйесін дамыту, республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      71) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мемлекеттік саясатты іске асырады;

      72) жергілікті маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту бойынша жаратылыстану ғылыми және техникалық-экономикалық негіздердің мемлекеттік экологиялық сараптамасын әзірлеуді және оны жүргізуді ұйымдастырады;

      73) жергілікті маңыздағы мемлекеттік табиғи-қорықтық қорлар объектілерінің тізбесін бекіту бойынша ұсыныстар енгізеді, жергілікті маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту бойынша жаратылыстану ғылыми және техникалық-экономикалық негіздерді бекітеді;

      74) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      75) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді түзету жобаларын бекітеді;

      76) облыстың жергілікті атқарушы органының қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзірлейді және бекітеді, оларды күзетуді, қорғауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етеді;

      77) заңды тұлға мәртебесі бар жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтердің мөлшерлерін бекіту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      78) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуге қатысады;

      79) уәкілетті органмен келісім бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзірлейді және бекітеді және паспорттарды уәкілетті органға тіркеуге (қайта тіркеуге) ұсынады;

      80) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрлерін құру үшін жерді резервте қалдыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      81) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шегінде осы аумақтардың экологиялық жүйелерінің, экологиялық дәліздердің жай-күйіне теріс әсер ететін қызметті, сондай-ақ осы аймақтардың оларды күзету мен пайдалану режимін шектей отырып, барлық түрлерінің күзет аймақтарын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      82) облыстың жергілікті атқарушы органының қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне, күзетілуіне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      83) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің шекараларын және аумақтарын қорғау режимінің түрін бекіту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      84) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлерін облыстардың жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсыну бойынша ұсыныстар енгізеді;

      85) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату және олардың аумақтарын азайту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      86) республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағында орналасқан жер учаскелерін пайдалануды белгіленген режимді сақтай отырып жүзеге асырады;

      87) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 2-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген жағдайда, уәкілетті орган ведомствосының ұсынысы бойынша босалқы жерді жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне кері аудару жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      88) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      15. Басқармаға басшылықты оған жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      16. Басқарма басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарма басшысының өкілеттігі:

      1) заңнамаға сәйкес басқарма қызметкерлерін, Басқарма қарамағындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың директорларын, олардың орынбасарларын, бас бухгалтерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) Басқарма қызметкерлерін, Басқарма қарамағындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың директорларын, олардың орынбасарларын, бас бухгалтерлерді заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      3) Басқарманың бұйрықтарына қол қояды;

      4) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарда Басқарманың мүдделерін білдіруге сенімхаттар береді;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      7) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      19 Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.

      22. Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізімі:

      1. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Шығыс су қоймалары" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.

      2. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Асу-Бұлақ орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Үлкен Нарын орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      4. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Верх-Уба орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      5. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Зайсан орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      6. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Зырян орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      7. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Күршім орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      8. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Риддер орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      9. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Марқакөл орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      10. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Мало-Уба орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      11. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Пихта орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      12. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Самар орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      13. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Черемшанка орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      14. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Өскемен орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      15. Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының "Орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады