Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 195-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Төраға | С. Жұманғарин |
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 117/ НҚ бұйрығымен бекітілген |
Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әдістемелік ұсынымдар монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және енгізу арқылы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша нарық субъектілерінің шаралар жүйесіне бірыңғай тәсілді қалыптастыру мақсатында әзірленді.
Нақты нарық субъектісінің монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу мен енгізу кезінде оның қызметінде туындайтын монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдері және өзге де параметрлердi ескере отырып, ішкі құрылымның ерекшеліктері, нарық субъектілерінің қажеттідіктері ескерілуі мүмкін.
2. Осы әдістемелік ұсынымдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) монополияға қарсы заңнама – Қазақстан Республикасының Конституциясына, Кәсіпкерлік кодекстің (бұдан әрі – Кодекс) нормаларына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне негізделген Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы;
2) монополияға қарсы орган – бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісі – монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарды жасау тәуекелдерін бағалау әдістерін, тәсілдерін, нарық субъектісінің (субъектілерінің) тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруы тәртібін көздейтін ішкі құжаттар (бұдан әрі – монополияға қарсы комплаенс).
Ішкі құжаттарға мыналар жатқызылуы мүмкін:
Нарық субъектісі қызметкерлерінің монополияға қарсы заңнаманы сақтау жөніндегі нұсқаулығы;
Өзінің өкілеттіктерін орындау кезінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимыл жөніндегі нұсқаулық;
Қызметкерлердің монополияға қарсы комплаенсті сақтауын ішкі мониторингті ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық;
Нарық субъектісі қызметінің комплеанс-тәуекелдерін бағалау қорытындысы жөніндегі есептің үлгілік нысаны.
Сауда-саттық практикасы (сауда-өткізу саясаты) қағидалары, нарық субъектісінің өзге тұлғалармен өзара іс-қимылын реттейтін өзге де ішкі актілер.
Аталған тізбе ұсынымдық сипатта болып табылады. Нарық субъектісі өзінің ұйымдық құрылымына және қызмет бағытына сәйкес қажетті құжаттардың тізбесін айқындайды.
4) монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдері – бәсекелестікті шектеу және (немесе) жою түріндегі қолайсыз оқиғалардың туындау ықтималдығы мен салдарының ұштасуы;
5) тәуекелдерді корпоративті басқару – бұл тәуекелді оқиғалардың туындауының оң салдарларын көбейту мен теріс салдарларын азайтуды қамтитын қауіптерді сәйкестендірумен, талдаумен және қабылдаумен байланысты процестер;
6) уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) – монополияға қарсы комплаенсті енгізуді және оны орындауды бақылауды жүзеге асыратын нарық субъектісі айқындайтын тұлға;
7) басқару органы – монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеу тиімділігін бағалауды жүзеге асыратын орган (атқарушы орган, директорлар кеңесі, байқаушы кеңесі және басқалар).
2-тарау. Монополияға қарсы комплаенсті әзірлеу және енгізу кезеңдері
3. Монополияға қарсы комплаенсті әзірлеу және енгізу мынадай кезеңдерді қамтуы мүмкін:
1) комплаенс-саясатты қалыптастыру;
2) жауапкершілікті бөлу;
3) комплаенс-тәуекелдерді бағалау;
4) тәуекелдерді басқару тетіктерін құру;
5) қабылданған шараларды орындауды қамтамасыз ету;
6) комплаенс-бақылауды енгізу;
7) монополияға қарсы комплаенстің тиімділігін бағалау.
3 тарау. Монополияға қарсы комплаенсті әзірлеу және енгізу жөніндегі іс-шаралардың мазмұны
Параграф 1. Комплаенс-саясатты қалыптастыру
4. Комплаенс-саясатты қалыптастыру кезінде монополияға қарсы комплаенстің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады.
5. Монополияға қарсы комплаенстің мақсаттары мен міндеттері мыналар:
монополияға қарсы заңнама мониторингі мен сақталуын бақылау жүйесін тәуекелдерді корпоративті басқару саясатына енгізу;
жарыспалылық, адалдық, заңдылық, нарық субъектiсі өзінiң қызметін жүзеге асырған кезде нарық субъектілері мен тұтынушылардың заңды құқықтарын сақтау;
монополияға қарсы заңнаманы ықтимал бұзушылықпен байланысты комплеанс-тәуекелдерді алдын ала анықтау;
монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтың ықтимал проблемаларына белсенді және жедел ден қою;
нормативтік құқықтық сәйкессіздіктен ықтимал апатты шығындардың алдын алу;
өзінің қызметінде бәсекелестік артықшылықтарды құру;
монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық тәуекелдерін басқару;
нарық субъектісі қызметкерлерінің монополияға қарсы заңнаманы сақтауына ішкі ден қою, мониторинг және бақылау жүйесін құру;
нарық субъектісі қызметкерлерінің монополияға қарсы заңнаманың талаптары, қолданыстағы монополияға қарсы комплаенс жүйесі туралы және бұзушылық үшін жауапкершілік туралы ақпараттандырылуын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын сақтауға бағытталған өзге де мақсаттар мен міндеттер болып табылады.
6. Монополияға қарсы комплаенсті әзірлеу мен енгізу кезінде нарық субъектісіне мынадай қағидаттарды басшылыққа алу ұсынылады:
нарық субъектісі басшылығының монополияға қарсы комплаенс жүйесінің жұмыс істеу тиімділігіне қызығушылығы, сондай-ақ нарық субъектісінің монополияға қарсы комплеанс ережелерін іске асыруға тартылуы;
монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін бағалаудың жүйелілігі;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуінің үздіксіздігі, сондай-ақ монополияға қарсы комплаенс жүйесінің тиімділігін тұрақты жетілдіру және арттыру;
тәуекелдерге нақты уақыт режимінде ден қою мүмкіндігін қамтамасыз ету;
комплаенс-саясатты жылжыту үшін мамандардың біліктілігін арттыру және жалдау;
тәуекелдерге шоғырландырылған көзқарасты тұжырымдау үшін ынтымақтастық және күш-жігерді үйлестіру;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеу тиімділігіне қызығушылық;
монополияға қарсы комплаенстің белгіленген мақсаттары мен міндетерін ұстану;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету.
Санамаланған қағидаттар толық болып табылмайды. Нарық субъектісі қағидаттарды өзінің ұйымдық құрылымына және қызмет бағытына сәйкес айқындайды.
Параграф 2. Жауапкершілікті бөлу
7. Монополияға қарсы комплаенсті ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуін жалпы бақылауды заңнамалық актілерге және құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін басшы не басшының шешімімен айқындалған уәкілетті тұлға жүзеге асырады, ол:
лауазымды адамдардың жауапкершілігін бөледі;
монополияға қарсы комплаенсті әзірлеу және енгізу жөніндегі уәкілетті бөлімшені (лауазымды адамды), оның міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды;
монополияға қарсы комплаенсті қолданысқа енгізеді, оған өзгерістер енгізеду, сондай-ақ монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуін регламенттейтін өзге де ішкі құжаттарды қабылдайды;
монополияға қарсы комплаенсті сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік шараларын қолданады;
монополияға қарсы комплаенстіің жұмыс істеу тиімділігін кезеңдік бағалау материалдары мен нәтижелерін қарайды және анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған шараларды қабылдайды;
монополияға қарсы комплаенстің анықталған кемшіліктерін жоюды бақылауды жүзеге асырады.
8. Уәкілетті бөлімшені (лауазымды адамды) айқындау кезінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алу қажет:
уәкілетті бөлімшенің (лауазымды адамның) тікелей басшыға есеп беруі;
уәкілетті бөлімшенің (лауазымды адамның) өз міндеттерін орындауы үшін қажет өкілеттіктері мен ресурстарының жеткіліктігі.
9. Уәкілетті бөлімшенің (лауазымды адамның) құзыретіне мынадай функциялар жатқызылуы мүмкін:
монополияға қарсы комплаенстің жобасын, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгзу (қажет болған жағдайда) туралы актінің жобасын, сондай-ақ монополияға қарсы комплаенс рәсімдерін регламенттейтін өзге де ішкі құжаттарды дайындау және басшылыққа ұсыну;
тәуекелдерді және монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерінің туындау ықтималдығын анықтау, монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерімен байланысты мән-жайларды есепке алу;
қызметкерлерге монополияға қарсы заңнаманы және монополияға қарсы комплаенсті сақтаумен байланысты мәселелер бойынша консультация беру;
монополияға қарсы комплаенспен байланысты мәселелер бойынша қызметкерлермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
монополияға қарсы заңнамадағы өзгерістерді қадағалау;
рәсімді әзірлеу және қызметкерлердің монополияға қарсы комплаенсті сақтауының ішкі мониторингін ұйымдастыру;
монополияға қарсы органмен өзара іс-қимыл және оларға өз функцияларын жүзеге асыруымен байланысты мәселелерге қатысты бөлікте (тауар нарығына талдау, тергеп-тексеру жүргізу және басқалар) жәрдемдесуді ұйымдастыру;
басшыны монополияға қарсы заңнаманы бұзушылыққа әкеп соғуы мүмкін ішкі құжаттар және (немесе) қызметкерлердің әрекеттері туралы хабардар ету;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуімен байланысты өзге де функциялар.
10. Нарық субъектісінің қызметкерлері монополияға қарсы комплаенстің талаптарын сақтауға, өзіне белгілі болған уәкілетті бөлімшеге (лауазымды адамға) монополияға қарсы заңнаманы бұзудың белгілері туралы хабарлауға, монополияға қарсы комплаенсті енгізу және оның жұмыс істеуі бойынша іс-шараларға қатысуға міндетті.
Параграф 3. Комплаенс-тәуекелдерді бағалау
11. Комплаенс-тәуекелдерді бағалау және бизнес-процестерді түзету тұрақты негізде, жылына бір реттен жиі емес жүзеге асырылады.
12. Комплаенс-тәуекелдерге бағалау жүргізу кезінде мынадай іс-шаралар өткізілуі мүмкін:
нарық субъектісінің жарғысын және өзге де ішкі құжаттарын талдау;
тұтынушылармен, жеткізушілермен және (немесе) өзге де нарық субъектілерімен жасалатын шарттарды талдау;
тұтынушыларға қызметтер көрсету практикасын талдау;
қызметкерлерге сауалнама жүргізу;
монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтың (болған кезде) болуы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру;
тиісті және аралас тауар нарықтарында монополияға қарсы бақылауды жүзеге асыру практикасын талдау;
қорытынды және монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерінің тізбесін дайындау;
нарық субъектісінің сайтында (ол болған кезде) комплеанс-тәуекелдерге жүргізілген бағалау нәтижелері туралы ақпаратты орналастыру;
монополияға қарсы заңнама нормаларына сәйкестігі тұрғысынан бағалық саясатты, жеңілдіктер жүйесін талдау;
нарық субъектісінің сайтын, жарнама буклеттерін талдау;
нарық субъектісінің қауымдастықтарға қатысуына байланысты құжаттарды талдау;
нарық субъектісінің комплеанс-тәуекелдерге жүргізген бағалау қорытындылары және оларды жою бойынша ұсынымдар бойынша негізгі тұжырымдармен есеп дайындау.
13. Тәуекелдер тізбесі мыналарды қамтиды:
ұйымдастыру тәуекелдері - нарық субъектісінің жұмысын ішкі ұйымдастырумен байланысты тәуекелдер (менеджменттің және (немесе) нарық субъектісі қызметкерлерінің қателері, ішкі бақылау жүйесінің жетілмеуі және басқалар);
өндірістік тәуекелдер – оның процесінде шикізатты тиімсіз пайдалану, өзіндік құнның негізсіз өсуі, жұмыс уақыты ысыраптарының ұлғаюы, өндірістің жаңа әдістерін пайдалану мәселелері туындайтын, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндірумен байланысты тәуекелдер;
нарықтық тәуекелдер - экономикалық конъюнктураның тұрақсыздығымен байланысты тәуекелдер (тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасын төмендетумен байланысты қаржылық ысыраптар тәуекелі, өнімге сұраныстың азаю тәуекелі, валюта тәуекелі, өтiмдiлiкті жоғалту тәуекелi және басқалар);
қаржылық тәуекелдер – қолайсыз қаржылық салдарлардың туындау ықтималдығы (кірісті жоғалту, контрагенттің міндеттемелерді орындамауы, кредитті қайтармау тәуекелі, дебиторлық берешек және басқалар).
14. Тәуекелдер кестесін қалыптастыру кезінде монополияға қарсы комплеансты сақтамаған жағдайда төленуі тиіс жиынтық шығындар мөлшері көрсетілуі мүмкін (айыппұлдар, клиенттер тарапынан сенімді және бәсекелестік артықшылықтарды жоғалту, цифрлық және өзге де стратегиялық бастамалардан тиімсіз әсер).
15. Монополияға қарсы заңнаманы бұзудың анықталатын тәуекелдерін уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) деңгейлер бойынша, мысалы, осы әдістемелік ұсынымдарға қосымшадағыдай сияқты бөледі.
16. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдеріне жүргізілген бағалаудың негізінде уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) тәуекелдерге сипаттама жүргізеді, олардың туындау себептері мен жағдайлары бағаланады және тәуекелдерді бағалау тетігі айқындалады.
Параграф 4. Тәуекелдерді басқару тетіктерін құру
17. Тәуекел-менеджмент деп аталатын тәуекелдерді басқару жүйесі мыналарды қамтуы мүмкін:
монополияға қарсы заңнаманы сақтауға кедергі келтіретін рәсімдерді регламенттеу (мысалы, құжат айналымы, сатып алу, шарттар жасасу, шағымдар мен талаптарды қарау, монополияға қарсы органмен өзара іс-қимыл);
қызметкерлерді монополияға қарсы комплаенсті регламенттейтін құжаттармен және монополияға қарсы заңнамадағы өзгерістермен таныстыру;
монополияға қарсы комплаенстің мақсаттары мен міндеттерін сақтау, сондай-ақ негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу;
қызметкерлерді заңды іс-әрекетке және монополияға қарсы комплаенстің талаптарын сақтауғы ынталандыру;
монополияға қарсы талаптарға және монополияға қарсы комплаенстің рәсімдеріне оқу тренингтерін өткізу;
монополияға қарсы заңнаманы сақтау бойынша ішкі құжаттарға жатқызылған нұсқамалар әзірлеу және оларды қызметкерлердің қолдануын қамтамасыз ету;
ішкі құжаттарды монополияға қарсы заңнамаға сәйкестігіне тексеру;
қызметкерлердің монополияға қарсы заңнаманың және монополияға қарсы комплаенстің талаптарын сақтау мониторингі;
бөгде тұлғалармен өзара қарым-қатынасты түзету:
бизнес бойынша серіктестіктері таңдау кезінде тиісінше сақтық көрсету;
келісімшарттарда комплаенс-түсіндірмелерді (кепілдіктер, сендіру, мүдделер қақтығысы құралдарын және басқалар) пайдалану.
Параграф 5. Қабылданған шараларды орындауды қамтамасыз ету
18. Тәуекелдерді бағалау тетігін енгізу қорытындылары бойынша оларды азайтуға бағытталған шаралар әзірленіп, қабылданады.
19. Тәуекелдерді азайту бойынша әзірленген шараларды орындауды және олар орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда шешімдер қабылдауды қамтамасыз етуге мыналар:
қызметкерлерді монополияға қарсы комплаенс бойынша ішкі құжаттармен (қол қойып) таныстыру;
монополияға қарсы комплаенс бойынша ішкі құжаттармен таныстыру туралы талаптарды еңбек шартына (келісімге) енгізу;
монополияға қарсы комплаенсті қабылдау (қолдану) туралы ақпаратты нарық субъектісінің сайтында (ол болған кезде) орналастыру арқылы қол жеткізіледі.
20. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шараларды орындау мониторингін уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) жылына бір рет жүзеге асырады.
21. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратты уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) монополияға қарсы комплаенс туралы есепке қосуы мүмкін.
Параграф 6. Комплаенс-бақылауды енгізу
22. Комплаенс-бақылауды енгізуді нарық субъектісі монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін анықтау мен талдаудың тиімді тетіктерін құру үшін жүзеге асырады.
23. Комплаенс-бақылауды енгізу жүйесі мыналарды қамтиды:
ұлттық заңнама (Кодекстер, заңдар және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер);
нарық субъектісінің ішкі құжаттары (ережелер, нұсқаулықтар, регламент және басқалар);
монополияға қарсы бұзушылықтар (болған кезде) белгілерін қарау;
монополияға қарсы комплаенстің аудитін өткізу;
монополияға қарсы бұзушылықтар белгілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу және оларды қудалаудан қорғау;
оларды азайту жөніндегі практикалық ұсынымдармен тәуекелдер матрицасын құру;
нарық субъектісінің қызметкерлері үшін тренингтер және оқыту семинарларын өткізу;
персоналға монополияға қарсы комплаенс бойынша ішкі құжаттарды және бизнес-процестерді білуіне тестілеу өткізу;
комплаенс-жүйені тұрақты негізде жетілдіру;
монополияға қарсы заңнама мәселелері бойынша консультациялық қызметтер.
24. Комплаенс-бақылауды жылына кемінде бір рет тәуелсіз сарапшы не нарық субъектісінің тәуелсіз бөлімшесі (комплаенс-бақылау қызметі), не өзге тәсілмен жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізу арқылы өзі диагностикалау тәртібімен өзге де тәсілмен жүзеге асырады.
25. Бақылау нәтижелері анықталған мән-жайлар, жиналған дәлелдемелер және бақылау қорытындылары бойынша қабылданған шешімдер көрсетіле отырып, тексеру актілерінде тіркеледі.
Параграф 7. Монополияға қарсы комплаенстің тиімділігін бағалау
26. Монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеу тиімділігін бағалауды бақылау органы жылына кемінде бір рет жүзеге асырады.
Басқару органының функциялары нарық субъектісінің консультативтік-кеңесші органына жүктелуі мүмкін.
25. Монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеу тиімділігі нарық субъектісі бекітетін түйінді көрсеткіштерге қол жеткізумен айқындалады.
26. Түйінді көрсеткіштер – бұл нарық субъектісі қызметінің нәтижелелігі мен өнімділігінің өлшемшарттары.
Нәтижелелік түрлі коэффициенттер серпінін есептеумен айқындалады, мысалы бұзушылықтар санының азаюы, комплаенс шараларын енгізу сәтіне деңгейімен салыстырғанда тәуекелдердің ағымдағы деңгейі, талаптар мен шағымдар саны және басқалар.
Комплаенстің өнімділігі нарық субъектісі қабылдайтын шаралардың жеткіліктігі мен ең аз қажетті шағымдардың арақатынасымен айқындалады. Күш-жігер мен ресурстарды (өндірістік, қаржылық, адами), нарық субъектісінің заңды мүдделері үшін зиян келтірместен оңтайлы жұмсаған кезде монополияға қарсы заңнаманың бұзушылықтың алдын алатын жүйе өнімді деп танылады.
27. Монополияға қарсы комплаенс актісінің жұмыс істеу тиімділігінің түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы ақпарат монополияға қарсы комплаенс туралы есепке қосылуы мүмкін.
28. Монополияға қарсы комплаенс туралы есепте мынадай ақпарат:
монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдеріне жүргізілген бағалау нәтижелері туралы;
монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеу тиімділігінің түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы;
іске асырылатын шараларды жетілдіру және өндірістік, қаржылық, адами ресурстарды оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы;
монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуі туралы өзге де ақпарат болуы мүмкін.
29. Монополияға қарсы комплаенс туралы есепті уәкілетті бөлімше (лауазымды адам) жылына кемінде бір рет басқару органына қарауға ұсынуы міндетті.
30. Монополияға қарсы комплаенстің жұмыс істеуі туралы есеп нарық субъектісінің ресми интернет-ресурсында (ол болған кезде) орналастырылуы мүмкін.
31. Монополияға қарсы комплаенс туралы бекітілген есепті монополияға қарсы орган жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті қалыптастыру кезінде пайдаланылуы мүмкін.
32. Мнополияға қарсы комплаенсті тиімді енгізудің нәтижесі будут являться:
нарық субъектіне тәуелді монополияға қарсы заңнамасын сақтаудың және монополияға қарсы комплеанстің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізудің барлық шараларын қабылдау;
нарық субъектісіне қатысты монополияға қарсы орган тарапынан санкциялардың алдын алу және азайту
монополияға қарсы заңнаманың талаптарын немесе нарық субъектісінің ішкі құжаттарын сақтамау тәуекелдерін анықтау және алдын алу;
нарық субъектісі қызметінің тиімділігін және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу мен енгізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға қосымша |
Монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерінің деңгейлері
Тәуекел деңгейі | Тәуекелдің сипаттамасы |
Төмен деңгей |
азаматтық қоғам институттарының нарық субъектісінің қызметіне теріс әсері, |
Елеусіз деңгей | монополияға қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескертуді, әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаны алу ықтималдығы |
Елеулі деңгей | монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына тергеп-тексеру жүргізудің ықтималдығы |
Жоғары деңгей | әкімішлік іс қозғау, айыппұл салумен және (немесе) нұсқама шығарумен әкімшілік жауапкершілікке тарту ықтималдығы |