Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабын, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 13 ақпандағы № 28 "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысы жойылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т.Ж.Меңдіғалиевқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Ғ. Есқалиев |
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "12" тамыздағы № 162 қаулысымен бекітілген |
"Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 16.02.2024 № 38 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) облыстың жол шаруашылығы мен көлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 090000, Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Х. Чурин көшесі, 116.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіліктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) Батыс Қазақстан облысының көлік жүйесінің жағдайын жақсарту;
2) жолаушылар тасымалының сапасын арттыру болып табылады.
14. Өкілеттіктері:
1) Құқықтары:
заңнамаларда және басқа да нормативтік актілерде белгіленген тәртіпте мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардан өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттар мен материалдарды сұрату және алу;
облыста жүргізілетін қаржы-несие, инвестициялық, жекешелендіру, салық саясаты мәселелері бойынша және облыстағы көлік және коммуникация жағдайына әсер ететін басқа да жағдайларда шешімдер әзірлеуге қатысу;
көлікті пайдалану, жол-көлік оқиғалары ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған ұсыныстарды тиісті органдарға жолдау;
автобустар, шағын автобустар қозғалысының белгіленген кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру.
2) Міндеттері:
автомобиль көлігі, жолдар және жол қызметі саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
жалпы пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамыту, жалпы пайдаланылатын жолаушылар көлігі қызметін үйлестіру.
15. Функциялары:
1) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішілік қалааралық) тасымалдауды ұйымдастыру, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткізу;
1-1) автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысішілік қалааралық) тасымалдау бойынша маршруттарды және қозғалыс кестелерін бекіту;
3) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық, қалааралық автомобильмен тасымалдау маршруттары мен қозғалыс кестелерін келісу;
4) автовокзалдар, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;
5) жолаушылар мен багажды автомобильмен ауданаралық (қалааралық облысішілік) тұрақты тасымалдау маршруттарының тізілімін жүргізу;
6) жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын әзірлеу және жол жүрісін ұйымдастыру жобаларын әзірлеу;
7) ауданаралық (облысішілік қалааралық) қатынастарда жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асыру;
8) қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензиялауды жүзеге асыру;
9) халықаралық және республикаішілік қатынастарда қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;
10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;
11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
12) жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдары желісін басқару;
13) кірме жолдарды және облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды салуды келісу;
14) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
15) шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беру, кеме жүргізушілерді даярлау бағдарламасын келісу және шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;
16) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жобалау, салу, пайдалану сатысындағы қауіпсіздігі бойынша мониторинг жүргізу.
3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16.Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17.Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
2) Басқарма басшысы орынбасарларының және бөлімдері басшылары мен қызметкерлерінің міндеттерін, өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
4) Басқарманың қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыру, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
6) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, мемлекеттік мекеменің қызметтік құжаттарына қол қояды;
7) Басқарманың бөлімдері туралы ережелерді және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
8) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма атынан өкілдік етеді;
9) гендерлік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;
10) белгіленген тәртіппен қаржы-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайды.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады;
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Басқарманың мүлкі
21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.