Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Х.Нарымбетовке жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Ғ. Есқалиев |
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы "___" _____________ № ____ қаулысымен бекітілген |
"Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы"
мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Батыс Қазақстан облысы бойынша дін саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 090000, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 201 үй.
9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
11. Басқармаға кәсіпкерлік субьектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Басқарманың мақсаты мен өкілеттіктері
12. Басқарманың мақсаты: Батыс Қазақстан облысы бойынша діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру.
13. Басқарманың өкілеттіктері:
13.1. Құқықтары:
1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
2) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізу;
3) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
4) Басқарманың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де отырыстар өткізу;
5) қызметтің бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру бойынша ұсыныстар енгізу;
6) терроризмнің және экстремизмнің алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатып алу;
7) Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
13.2. Міндеттері:
1) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) діни қызмет саласындағы конфессияаралық келісімді, азаматтардың діни қызметке құқықтарын қамтамасыз етуді және күш қолдану идеологиясы мен терроризмді насихаттауға жол бермеу мақсатында діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқармаға жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
13.3. Функциялары:
1) өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізеді;
2) өңірде жұмыс істеп тұрған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеуді және талдауды жүргiзедi;
3) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзедi;
4) діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
5) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiне тыйым салу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
6) Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
7) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті деңгейде түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;
8) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы діни бірлестіктер берген хабарламаларды қарайды;
9) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім қабылдайды;
10) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізуді қамтамасыз етедi;
11) миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді жүргізеді;
12) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
14. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
15. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
16. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады;
2) өз құзіреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
3) құрылымдық бөлімшелер басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
4) мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
5) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
6) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
7) Басқарманың Стратегиялық жоспарының іске асырылу барысын үйлестіреді;
8) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтердің мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;
9) Басқарма қызметіндегі заңдылықтың, келісім-шарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шараларды алады және осы бағыттағы жұмыстарға дербес жауапты болады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
Басқарма бірінші басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Басқарманың мүлкі
17. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
18. Басқармада бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
19. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
20. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекеме: "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.